ЕТ ӨНІМДЕРІ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС

  • 28.12.2019
  • 123 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстанның құрметті журналисі

Күз түсісімен-ақ исі қазақ қыстық соғымын қамдай бастайды. Жағдайлары келгендер ту бие немесе ақта атты құнарлы азықпен жемдеп, қарашадан қалдырмай жығады. Ал, құмды өлкедегілер түйенің етін хош көреді. Сары майдай сақталған өркеш жел-құзға ем, құнарлы азық. Енді бұған шамасы келмегендер өгіз немесе бұқа, тайынша таңдамақ. Арасында екі-үш семіз қойды ұйытып алатындар да бар. Қойдың ұйытылған еті дәмді де құнарлы. Оның үстіне үскірік аязда құда-жекжат келе қалса, алдына жамбас тартуың керек. Төс жейтін күйеу, құйымшақ жейтін қыз тағы бар. Біреулер сүр ет дәметеді.
Ұлы Абай атамыз айтпақшы, «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей, Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей. «Бір тойған-шала байлық» деген қазақ, Ет көрінсе қайтеді күйсей бермей». Қас қылғанда енді еттің оңайлықпен табылмайтын түрі бар. Көжесіне қатық таппай отырған жарлы-жақыбайлар шетелдерден келетін сырты жылтыр, сапасы күмәнді тауық етін қанағат тұтады. Олар түгілі орта деңгейлі шаруалардың өздері етті үнемдеп тұтынудан басқа шара таппай отыр. Неге?
Ет табудың машақатын алыстан іздеп жатудың қажеті жоқ. Мұның жауабын мал өнімдерінің күннен күнге қымбаттап бара жатқанынан табасыз. Міне, дәлел. Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында қой етінің бағасы-12,7 пайызға, сиыр еті – 12,6 пайызға, жылқы етінің бағасы – 7,5 пайызға көтеріліпті. Консервіленген сүт – 9,2, сарымай – 7,6 пайызға қымбаттаған.
Қазақ әлімсақтан мал шаруашылығымен айналысады. Тамағы да, киімі де, сусыны да, көлігі де, тіпті баспанасы да (киіз үй жабдықтары) мал арқылы алынды. Күні кеше Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп жанықтық. Мал шаруашылығын ата кәсіп деп келген қазақ қазір тісіне кіретін етті түсінде ғана көріп жүр.
Былай қарасаңыз, еттің бағасы мұншалықты қымбаттап кетуіне себеп жоқ сияқты. Мәселен, Түркістан облысында мал өсімі республика бойынша алдыңғы лекте. Ет өндіруден де алға озып тұрмыз. Статистикалық дерек көзі облысымызда мал саны жылдан жылға өсіп келе жатқанын айтып қуантады. Қазір облыста уақ мал 6 миллионға жетеғабыл. Ірі қара 1 миллионға жуық, жылқы 300 мыңнан асады екен. 28 мың түйе жаңтақ жеп жүр. Сонда базардағы ет бағасының аспандап шыға келуінің себебі не? Мұны мамандар еттің шетелге шамадан тыс экспортталуынан іздейді. Шаруалар малды жергілікті тұрғындарға саудалағаннан гөрі шетел асырғанды ұтымды санайды. Өйткені, олар етті қымбат бағасына алады. Екіншіден, қаржыны алдын-ала төлеп қояды. Үшіншіден, көтерме бағасына түгелдей алып кететін көрінеді. Иран, Араб мемлекеттеріне ет өнімдерін өткізіп жүрген «Қайып ата» ЖШС басшылары шетелдіктер орта қоңдылықтағы тоқтыларды молынан алады дейді. Демек, серіктестікке де пайдалы. Олар малды семіртеміз деп әуреленбейді. Жем-шөп те үнемделеді. Алайда, барлық шетелдіктер орта қоңдылықтағы мал алмайды ғой. Мәселен, Өзбекстан ақпарат құралдарының жазуынша, бұл мемлекет биылғы қаңтар-маусым айларында 72,2 мың ірі қараны сырттан әкелген. Соның 85 пайызы Қазақстанның үлесінде көрінеді. Жарты жылда елге кірген 160 мың қойдың 97 пайызын Қазақстаннан тасымалдадық деп отыр. Былтыр Қазақстан бойынша 16 мың тонна сиыр еті экспортталған екен. Ресей, Белоруссия, АҚШ, Бразилия, Уругвай мемлекеттері бізден ет алуға аса ынталы деседі. Ал, биыл Қазақстанның шетелдерге импорттаған еті 20-30 мың тонна көлемінде. Міне, осыдан соң елімізде ет бағасы қымбаттамағанда қайтпек?
Тап қазір Шымкентте қой етінің килосы – 1800 теңге төңірегінде. Сиыр мен жылқы еті 2000-2500 теңгеге көтеріліп кетті. Жылқының семіз еті 3000 теңгеге жуық. Қазы-қарта бағасы да удай. Енді қараңыз, айына 40-50 мың жалақы алатын отбасылардың соғымға қолы жетеді ме? Әрине, жоқ.
Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамыту үшін үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын үнемі алға тартады. Бұл бағытта арнайы бағдарлама да түзілген. Саланың маңызды бағыттарын басымдықпен дамытудың жол картасы да әзір. Бұл жоба Үкіметте қолдауға ие болды. Жаңа жоба Парламент Мәжілісіне таныстырылды. Бұдан былай жеке шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру қолға алынбақ. Кооператив мүшелері бұдан былай өнім алушы іздеп әуреленбейді. Қабылдау пункттері үй шаруашылықтарын аралап, арнайы техникамен малды жинап әкетеді. Үкімет тарапынан жасалынып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жылдан жылға арта түсіп отыр. Десек те, нарықтағы азық-түлік бағаларының күннен күнге арта түсетіні қалай? Азық-түлік бағаларын төмендетпей-ақ қоялық, алайда бұрынғы қалпында ұстап тұруға болмас па еді? Осы сауал талайларды түн ұйқысынан оятып жүрген сыңайлы. Әлде министрлік келтірген деректерде шикілік бар ма? Жоқ болса, Парламент Мәжілісінде «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары мен отандық агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру перспективалары» атты тақырыппен өткен «Үкімет сағатында» Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко министрліктің жауапты қызметкеріне қаратып «ертегі айтпаңдаршы» дер ме еді? Бірақ, біздің елде ертегі айтатыңдар көп. Қағаз шіркінге қарасаңыз, елімізде коммунизм әлдеқашан орнаған. Жат та жей бер. Бірақ, жеуге жұрнақ та жоқ. Бәрі қымбат. Бәрі тапшы. Етті былай қойғанда, өзімізде өндірілетін көптеген тағам өнімдері қымбаттаған үстіне қымбаттай түсуде. Бұны әркім әрқалай түсіндіреді. Біреулер жанар майдың қымбаттауымен, екіншілері тағы бір желеумен қымбатшылықтың тігісін жатқызады. Осы жерде экономика ғылымдарының докторы, ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбековтың дәйегін келтіре кетейік. Ол: «Бүгінде барлық мәселе алыпсатарларға тіреліп тұр. Ал, олар қайдан шығып жатыр? Өйткені, бізде кооператив негізінде инфрақұрылым жоқ. Енді ірі қараны шекарадан тірідей шығарып сату туралы айтсақ, тағы да алдымыздан алаяқтар шығады. Бүкіл мал, оның еті де сыртқа көбірек кеткен сайын ел ішінде баға тоқтаусыз өсе береді» дейді. Расында да, ет бағасының үсті-үстіне өсуіне алыпсатарлар кінәлі. Айталық, базарға малын шығарған шаруа өзі ойлағандай межеге жете алмайды. Неге? Өйткені, оның алдынан ала жібін ширатып делдал шығады. Делдалдың айтқаны болады. Олар мұқтаж болып тұрған немесе асыққан адамдардың малын арзанға сатып алып, келесі базарда екі-үш есе бағасына саудалайтынын қазір екінің бірі біледі. Биліктегілердің ендігі бір тыйым салар тұсы осы делдалдар сияқты. Ғалым сондай-ақ «Ет базарындағы бүгінгі жағдай ауыл шаруашылығындағы қордаланған күйзелісті аңғартады. Оны реттеуде аса сақтық қажет. Шаруаны қолға алатын адамның сала маманы және нарық экономикасының заңдылықтарын жақсы білгені жөн. Ауыл шаруашылығына арифметикалық есеп сәйкес келе бермейді. Демек, ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері, табыс түсіретін сала болсын десек, біз осы бағытта сауатты қадамдар жасауымыз тиіс» дейді. Мұнымен келіспеске бола ма?
Ал, күні кеше Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Сенат отырысында сенатор Әли Бектаев депутаттық сауал тастап, малдың шетелдерге тірідей кетіп жатқанын айтып, Үкіметті сынға алды. Сенатордың айтуынша, Қазақстанда малды шетелге сату бойынша күрделі жағдай қалыптасқан. Көрші мемлекеттер, әсіресе, Өзбекстан Республикасы мемлекетаралық сауда-саттық жөніндегі қарым-қатынастың оңтайлығын пайдалана отырып, Қазақстаннан ірі қара және уақ малды жаппай сатып алу саясатын жүргізуде. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстаннан шетелдерге 88 мыңға жуық мал шығарыпты. Ал, биылғы 9 айда 333 мыңнан астам мал сатылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есеге көп. Мұның ішінде ірі қара 2 есе, уақ мал 7 есе көп сатылыпты. Мұнан соң сенатор Ауыл шаруашылығы министрлігінің шетелдерге шығарылатын малдың аналығын шектеу туралы қабылдаған шешімі жеткіліксіз деген ойда. Қазір малды шетелге заңсыз шығарып отырған жасырын бекеттер көп. Мұның өзі ішкі нарықтағы таза пайданы сыртқа шашқанмен бірдей. Сондықтан, Үкімет кеден, кіріс, тағы басқа да құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмыстарын үйлестіретін арнайы нормативтік құжат қабылдауы тиіс. Шаруалардың маңдай терімен өсірген малы жергілікті жерде сойылып, ет комбинаттарына тапсырылғаны жөн. Ал, мұнда ет өңделіп, дайын өнім сыртқа шығарылғаны пайдалы. Егер ет өңдейтін өндіріс өзімізде болса, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Биыл шетелдерге 4800 тонна ірі қара және уақ малдың еті саудаланыпты. 300 мың мал тірі күйінде жөнелтілген. Осы өнімдерді өзімізде өңдесек, қыруар қаржы қалтамызда қалар еді. Сенат отырысында сенатор сонымен бірге саудагерлер мен делдалдарды тию мәселесін де көтерді.
Шетелге мал шығаруға шектеу қою жөнінде шаралар қарастырып жатқан Үкімет ендігі жерде ет өнімдерін барынша қолжетімді ету жағын да қарастыруы керек-ақ. Бұл үшін мал шаруашылығы еңбеккерлеріне берілетін субсидияны барынша жеңілдіктермен ұсынғаны абзал. «Агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қайта қараған жөн сияқты. Ет өнімдерін арзандату үшін бәлкім муниципалды базарларды қайта жаңғырту керек шығар. Фермерлермен келісіп, арзан ет сататын жәрмеңкелер ұйымдастырған қолайлы сияқты. Әлеуметтік дүкендерде тек ұн мен шайды топырлатып қана қоймай, ет, шұжық шығару тиімді болар. Қалай да жартықұрсақ қазақтың қамы, бұл – мемлекеттік шаруа. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы-адам. Екінің бірі жылқының семіз етін келісін 3000 теңгеден сатып ала алмайды. Ендеше, атакәсібінен әлі де қол үзбеген қазақты қызылсыратқанымыз қиянат емес пе?
Әлем халықтарының барлығы дерлік сиыр етін тұтынады. Сондықтан, шетелдерден асыл тұқымды сиыр әкеліп, ірі қараның сапасын арттыру, осы арқылы ет экспортын таяудағы жылдары 60 мың тоннаға жеткізу жөнінде арнайы бағдарлама әзірленгенінен хабардармыз. Сірә, бұл Ауыл шаруашылығы министрі болып А.Мамытбеков отырған тұс. Ұмытпасақ, сол жылдары шетелдерден сиырды әлі көп адам мінбек түгілі жанынан көрмеген ұшақтармен тасыдық. Сол тұста 40,5 мың сиыр ұшақпен тасымалданыпты! Бірақ, «импорт» сиырлар жерсінбеді ме әлде шетелдіктер ауру-сырқау малын алдап сатты ма, бірқатар сиырға «қарасан» тиіп, мертікті. «Ау, өзіміздің ақбас сиырлар бар еді ғой» деп сол тұста ешкім айтпағаны ма деп мұнда отырып біз қиналдық. Қолда бар деректерге сүйенсек, ақбас сиырдың қазіргі ахуалы мәз емес. 1992 жылы олардың саны 1 миллион 16 мыңға жетсе, 2018 жылы 271 мыңға дейін, яғни, 3,7 есеге дейін азайып кеткен.
Қай кезеңде де селекциялық жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмей, мал тұқымы асылданбайды. Ақбас сиыр етті бағытта болғандықтан, оны бірінші кезекте базарларға шығардық. Ірі қара орнын толтыру ол кезде ойға келмегендіктен, бүгінде шетелдердің сиырына сұғына қарап отырмыз.
Бір таңырқатарлығы, ет бағасын өсіруден Еуразиялық экономикалық кеңістік елдерінен оқ бойы озып кетіппіз. Ет Арменияда – 3,7, Қырғызстанда – 3,2, Ресейде – 1 пайызға қымбаттаса, Қазақстанның сауда нүктелеріндегі ет бағасы 6,1 есеге артқан. Міне, рекорд! Міне, жетістік! Ал, Белоруссияда ет бағасы 2 пайызға арзандапты.
Жершары картасын алып қарасаңыз, Зеландия деген шағын мемлекет бар. Халқы 5 миллионға жетеғабыл. Осы елде 40 миллионнан астам қой өсіріледі екен. Сонда Қазақстан өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары межелеген жоспарына олар әлдеқашан жетіп отыр ғой. Осы елде тағы 9 миллион сиыр бар. Дүниежүзі бойынша ет тұтынудан төртінші орын алады. Мұнда мал шаруашылығы қаншалықты дамығанын осы айғақтардан-ақ аңғаруға болады. Ал, атакәсібіміз мал шаруашылығы деп бөрікті аспанға ататын біз мал санын неге көбейте алмай отырмыз? Бүгінде Қазақстандағы қой-ешкі 20 миллионға жетпейді. 8 миллион 200 мың сиыр, 3 миллионға жуық жылқы бар. 18 миллион тұрғынға осынша мал ұстау аздық етпейді ме?
Жұмыс сапарымен таяуда Солтүстік облыстарда болдық. Мұнда алты ай қыс бар. Алты айдың ішінде әр малға бір тіркеме шөп, бір тонна жем кетеді екен. Шөптің тоннасы 30 мың теңге шамасында. Жем де сол қатарлы. Сонда бір малды қыстан шығару үшін 60 мың теңге қажет болып тұр емес пе? Соған қарамастан мұнда ет бағасы тым қымбаттамаған. Ал, Оңтүстік облыстарда ше? Бізде қыс болмайтын жылдар да көп қой. Төрт түлік мал қара күзге дейін, тіпті, қыс бойы тебіндеп өз аяғымен жайылады. Демек, жемшөпке қаржы аз кетеді. Ал, бордақылап, нарыққа шығарар малдың жөні бөлек. Сонда Түркістан облысында ет бағасының ай сайын мың құбылып тұру себебі не? Біздіңше, барлық мәселе алыпсатарларда, делдалдарда сияқты. Содан соң мал тұқымының азып кетуі де себеп сыңайлы. Бірақ, мал азса да Адам азбасын дейік.

БІЗГЕ ТЕЛЕХИКАЯ ҚЫМБАТ ПА, ТӘРБИЕ ҚЫМБАТ ПА?

Бүгінде ұласпалы телехикая көретіндер көбейді. Әсіресе, түрік, үнді серияларына сұраныс көп. Қай телеарнаны қосыңыз, әйтеуір бір телехикая жүріп жатады. «Абысындар» атты телехикаяны көрушілер «алты жүзінші сериясын көріп отырмыз» деп шалқиды. Япырай, қалай миы ашып кетпейді екен деп қайран қаласыз. «Қалай миы ашып кетпейді» дегеннен шығады, ғалымдар, зерттеушілер, дәрігерлер ұласпалы фильмдердің ұнамсыз жағы көп екеніне бүгінде назар аудара бастады. Мәселен, америкалық психологтар сауалнама жүргізіп, соның қорытындысы бойынша сүйікті сериясы аяқталған соң көрермен еріксіз мұңаятынын анықтаған. Солай дегенмен, жыл өткен сайын телехикая көретіндердің саны көбейіп келеді.

Респонденттердің шамамен 73 пайызы телехикаяны үздіксіз көру қалыпты жағдай деп санапты. Ал, бірқатары «бұл жай әуестенушілік» деп есептесе, бір бөлігі «психологиялық проблема тудырады» деп жауап берген. Біздің осы соңғы жауапқа сенгіміз келеді. Өйткені, сағат санап күтіп отыратын телехикаялардың адамдарға қолбайлау болатын тұсы шаш-етектен. Әңгіме серияны сағаттап көретіндер жайында. Мұндай адамдар басқаларға қарағанда көбірек зардап шеккен және күйзеліске ұшырағандар қатарында көрінеді.
Біз кезінде «Санта-Барбара» телефильмін ең ұзақ серия деп санап келдік. Осы телехикая 1984-1993 жылдар аралығында үздіксіз көрсетілді. Бірақ, осы фильмнен де асып түсетін телехикая бар болып шықты. Ол «Шамшырақ» деп аталады. 1952 жылдан бастап түсіріле бастаған осы фильмнің 18262 сериясы жарыққа шығыпты. Сонда да 2009 жылдың 18 қыркүйегінде қаржының жоқтығынан тоқтапты. Түсірілген серияны көріп шығу үшін көрермен 600 күн, 4 сағат 30 минут телеарна алдында тапжылмай отыруы керек. Бір айта кетерлігі, осы телехикая ең ұзақ кино ретінде «Гиннестің рекордтар» кітабына енген. Осы фильмнен «Как вращается мир» хикаясы да қалыспайды. 1956 жылы басталған бұл фильм 2010 жылы аяқталған. Фильмді толық тамашалау үшін көрермен 573 күн, 11 сағат жоғалтуы керек. «Бір өмір» атты телехикаяны 1989 жылы бастап, 2009 жылы аяқтапты. Фильмнің ұзақтығы 221 күн, 8 сағат, 30 минут екен. «Бір өмірде» расизм мен нашақорлық мәселесі қозғалады. Төртінші орынға 10712 сериямен «Барлығы менің балаларым» атты телефильм жайғасыпты. Оны 1970 жылдан 2011 жылға дейін ерінбей-жалықпай түсіріп шыққан. «Жастар мен жабайылар» атты телесериал бесінші орында тұр. 10073 сериядан тұратын бұл туындыда Гени қаласында тұратын дәулетті екі адамның қарым-қатынасы, бизнестегі қитұрқылары суреттеледі. «Өзге өмір» атты хикая 8891 серияны құрайды. Мұның бір ерекшелігі адамзат баласына үлкен қауіп төндіріп тұрған аборт мәселесін әңгіме өзегіне айналдырады. «Как вращается мир» сериясы қозғаған тақырыппен үндес осы телехикая да кезінде үлкен сұранысқа ие болыпты. Енді, «Түн алдында» деген телехикаяға келейік. Мұның 7420 сериясы бар. «Дерзкие и красивые» 6487, «Көршілер» 6255 сериядан тұрады.
Тап қазір телеарналарда «Жат мекен», «Қайран күндер» атты созбалаңқы сериялар көрсетіліп жатыр. Сөз жоқ, оқиға желісі көрермендерді бірден тартып кетеді. Сосын, «ертең не болар екен?» деп келесісін күтумен жүресіз. Телесерияларға телміретіндер тіпті басқа дүниені ұмытқан. Барлық ой-қиялы, мақсат-мүддесі, тілек-талабы сүйікті фильмінің үстінде. Телехикаядағы кейіпкері ауырса ауырады, мұңайса мұңаяды, жыласа жылайды, күлсе күледі. Ал, осыдан соң телехикаяның табынушылары психологиялық ауруларға ұшырамағанда, күйзеліске түспегенде қайтеді? Осы аралықта келіншектер қаншама тірлігінен қалады десеңізші. Күйеуінің күтімі, бала-шағаның сабағы, ата-ененің жағдайы болмаған соң отбасыдан береке кетпейді ме? Мұның арасында жат елдің мінез-құлқын, әдеп-ғұрпын бойына біртіңдеп сіңірген жанның психологиясы бұзылатыны сөзсіз. Бір кездері «Мың бір түн» атты түрік сериясын жаппай тамашаладық. Сөйтсек, бұл фильмнің қазақи салт-дәстүрге қайшы тұстары көп екен ғой. Мәселен, күйеуімен шәй десіп қалса болды төркініне тартып кететін келіннен қандай жақсылық күтуге болады? Осы сияқты жат қылыққа баулитын сериялардан сырт айналу керектігін ғалымдар, киносыншылары жазудайын жазды. Бірақ, біздің арналар біреудің қаңсығын таңсық көріп эфирге шығарудан жалығар емес.
Қазаққа білім, мәдениет керек пе? Бәлкім, осы сауалымыздың өзі артық шығар. Сіз керек деп отырсыз. Және ол бұрыннан бар деп дәлелдейсіз. Таласпаймыз. Бірақ, нағыз білімді, мәдениетті болу үшін құнды кітаптарға қайта оралуымыз қажет-ақ. Соның ішінде Ұлы Абайдың шығармаларын, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын қайта оқып шықсақ, ұтылмас едік. Қазақы тәрбие де, ұлттық салт-сана да, ата-бабалар жолы да осы еңбектерде тұнып тұрған жоқ па? Ендеше, алтын уақытты текке өлтіріп, басқаның былдыр-батпағына несіне соншалықты телміреміз?
Ойлан, қазақ!

ҚАРАТАУ НЕГЕ ҚАҺАРЛЫ?

Қабырғалы қарт Қаратаудың қабағы ашылмағаны қашан? Қалай ашылсын, қойнауындағы сылдырап аққан бұлақтар тартылып, аң-құс біткен жоғалып бара жатса. Бір кездері Қаратаудың ұшар басында арқар, тауешкі, елік ойнақ салып жүретін. Дуадақ, қырғауыл, шіл, бөдене, бұлдырық сынды құстар сан түрлі әуенмен маңайды шаттыққа бөлеп тұрушы еді. Бүгінде тау қойнауынан ұшқан құс, жүгірген аң көру қиын…
Кім кінәлі? Тау-тасты тіміскелеп, кен іздегендер ме? Әлде қолдарына қару алып, аң-құс көрсе жаппай жайратып тастайтын аңшылар ма? Иә, бір кезде ерінбегендердің барлығы аңшы атанды. Біреулер аңды қызық үшін қырды, екіншісі күнкөріс үшін атты. Ақбөкеннің мүйізі құнды, көздері мұңлы болатыны осы кез. Сиреп қалған аң-құсты кен іздеушілер мен жер қазушылар да үркітті. Қалғаны қасқырдың азығына айналды. Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Үкімет қаулысынан соң жағдай біршама түзеліп келеді. Қаратау сілімдерінен соңғы кезде арқар, қабан, қарақұйрық ұшырасып қалып жүр. «ОхотЗооПромӨБ» МҚК мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері облыс аумағындағы ерекше қорғалатын жерлерде, сондай-ақ алыс жайылымдарда Қазақстанның «Қызыл Кітабына» кірген жабайы аңдар көбейіп келеді деп қуанып отыр. Иә, жабайы аң-құс – дала сәні, мемлекет байлығы. Оны «иесі жоқ екен» деп оңды-соңды қыра беруге болмайды. «Иттің иесі, бөрінің Тәңірісі бар» демекші, жабайы аң-құстардың да сұраушысы, іздеушісі бар. Дегенмен, соны біле тұра қызық қуған немесе «қызылсырағандар» бес қаруын асынып дала кезіп кеткендерін қоя алмай жүр. Сөзімізге тиек іздеп көрелік. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы «ОхотЗооПромӨБ» республикалық МҚК қызметкерлері бірлесіп табиғат заңдылықтарын сақтау және қадағалау мақсатымен былтыр рейд ұйымдастырған. Созақ ауданы Қыземшек-Тайқоңыр тас жолында олар «ВАЗ-21214» маркалы автокөлікті тоқтатады. Ал, көлік ішінде ақбөкен еті жатыр еді.
Созақ аудандық соты Ербол Әбішевті ҚР Қылмыстық Кодекстің 337-бабы 4-бөлімінің 2 тармағымен кінәлі деп тауып, оны бір жарым жыл мерзімге аң аулау құқығынан шектеді. Онымен бірге болған Нұрлан Тілеубаев пен Бағдат Шоқанов та тиісті жазаларын алды. Түркістан қалалық ішкі істер басқармасы, табиғат қорғау полиция инспекторы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Отырар орман шаруашылығы қызметкерлері Қаратау бөктерлеріндегі Ырбақты өзенінің басында Үшкекіл аталатын жерге келгенде өз көздеріне өздері сенбеді. Табиғат аясында шатыр құрып демалып жатқандардың мұнда «жан-жақты жоспарлармен» келгендері көрініп тұрды. Оларда мылтықтың неше атасы бар екен. Бұл аздай 5 рация, 3 дүрбі, 2 аңшы пышағы, көптеген оқ әкеліпті. Мылтықтарына қияндағыны табан жолына дейін жақындатып әкелетін оптикалық көздегіш орнатылыпты. Инспекторлар жаз қызығын тау бөктерінде тамашалап, сауық-сайран салып жатқандардан кәдімгідей күдіктенді. Бекер күдіктенбепті. Олардан 1 қабан, 4 Қаратау арқарының еті тәркіленді. Тексеріп көрсе «саяхатшылардың» бірі Алматы қаласынан келіпті. Республикалық спорт колледжінің мұғалімі көрінеді. Ал, сенімді серігі шымкенттік болып шықты. Алматыдан келген қонақ Қ.Әбішевке 1 миллион 982 мың теңге айыппұл салынды. Тәркіленген мылтықтар мен оқтар облыстық ішкі істер департаменті тылмен қамтамасыз ету басқармасының қару-жарақ қоймасына өткізілген. Жоғарыдағы қадағалаушы құрам тағы бір рейдтік іс-шара барысында Арыс қаласы аумағынан түнде аң аулап жүрген күдіктіні құрықтаған. Тексеру барысында оның бүгінде жойылып кету алдында тұрған қарақұйрықты атып алғаны белгілі болды. Арыс қалалық сотының үкімімен Рыскелді Өмірзақовтан мемлекет пайдасына 389 800 теңге өндірілді. «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері Ұлыжұрт шатқалында ҚР «Қызыл кітабына» енген «Мензбир» суырын заңсыз аулаған Құдияр Шоқановты ұстаған. Қазығұрт аудандық соты оған екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындаған.
Келтірілген деректер облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының құжаттарынан алынды. Бұл аңшылықпен заңсыз айналысушылардың қолға түскендері ғана. Ал, аң мен құсты заңсыз атып, жасырынып үлгергендері қаншама?! Сайын дала мен тау қуысында қаншама аңның қуырдаққа айналғанын кім санай алған?! Сондықтан, олардың жойылып немесе азайып кетуінен сақтануымыз керек. Бұған тек тиісті мекеме қызметкерлері жауапты деген жаңсақ ұғым. Табиғатты, оның қойнауындағы балықтарды, флора мен фауна тепе-теңдігін сақтау барша адамның борышы десек, жоғарыдағы жауапкершіліктен ешкім де қашып құтыла алмайды.
Десек те, сұғанақтық сор болып жабысатынын сезгісі келмейтіндер әлі де бар. Айталық, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері жүргізген рейд барысында Шардара су қоймасына үрмелі резина қайығымен түсіп, аккумулятор арқылы электр тогын қосып балық аулап жатқан жерінен Келес ауданының тұрғындары Бекзат Ережепов пен Сержан Сапаров ұсталған. Олардан айғақ ретінде 35 келі сазан алынған. Шардара аудандық соты екеуін де бір жыл алты ай бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарды. «Балықшылар» табиғатқа 114887 теңге залал келтірген. Залалды өндіру ісі Шардара аудандық соты арқылы қаралу үстінде. Аталған инспекция мен «Охот Зоо ПромӨБ» МҚК қызметкерлері бірлесіп жасаған рейд барысында сондай-ақ Шардара су қоймасында шалқып жүрген келестік Әлайдар Абдурахманов пен Нұрсұлтан Қадырбеков қолға түсті. Олардың шалқардан олжалағаны 20 сазан, 60 мөңке, 1 сом, 1 көксерке, 1 жыланбас балығы екен. Бұлар да жазасыз қалған жоқ. Мемлекет пайдасына 102 995 теңге өндірілмек. «Уылдырық» рейдтік іс-шарасы барысында келестік Мұқтар Рысбаев пен Анашбек Ахметов те ұсталып қалды. Олардың айдыннан аулағаны 16 сазан, 4 мөңке балығы. Бұл екеуі енді үш жыл бойы қармақ ұстамайтын болды. Мемлекет пайдасына 50500 теңге төлеп құтылды. Ж. Әлімбетов пен Н. Паташов та Шардара су қоймасынан пайда таппақ болғандар. Екеуінің қоржынынан 60 келі балық тәркіленді. Сот оларға да тиісті жаза тағайындады. Мемлекет пайдасына 180 587 теңге өндірілді. Арыс ауданы аумағындағы Көксарай су қоймасында қытай торымен балық аулап жүрген Еркебұлан Еріков бір өзі 243 келі балық аулаған. Сөйтіп, табиғатқа 327 240 теңге залал келтірген. Сот бұл қаржыны мемлекет пайдасына өндіріп берді. Ал, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының және Кентау қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Құрсай шатқалында бір арқарды қозысымен сұлатқан Бауыржан Өмірбековті рейд барысында тоқтатты. Кентау қалалық соты оны екі жарым жылға бас бостандығынан шектеді. Одан мемлекет пайдасына 17 миллион 43 мың теңге өндірілмек.
Біз мінген машина Қаратауды бөктерлеп жүйткіп келеді. Шу жазығына дейін созылған ұлан-ғайыр далада бірде-бір аң ұшыраспады. Тіпті, кезінде қадам басқан сайын алдыңнан орғып қаша жөнелетін қоян да көрінбейді. Аңы мен құсы жоқ дала сұлу көріне ме? Көңіліміз құлазып келе жатты.
Қайтар жолда Қаратаудың басына бұлт үйірілгенін көрдім. Тау қабағын түйіп тұрды. Ол неге, кімге қаһарланды екен?
Р.S. Осы материал жазылып жатқанда «Бетбақдалаға ақбөкендер орала бастапты» деген сүйінші хабар естідік. Сұлулыққа мылтық кезенетіндер дала еркелерін үркітпесе екен деп тіледім іштей. Жаралы жануар көрсек етімізден ет кесіп алсақ та емдеп жібергіміз келеді. Бәлкім, бұл талай қуғын-сүргінге ұрынып, тұқымы тұздай құрып бара жатып қайта көбейе бастаған ақбөкендер мен қарақұйрық, еліктерге деген аяушылық сезімнен де шығар-ау.
Күрсінбеші, киелі тау! Арқарың мен таутеке шыңдарыңда болат тұяқтарымен дүрсілдетіп жүреді әлі…

Түркістан облысы.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!