БАПКЕР БАҒЫ – БИЛЬЯРД

  • 28.12.2019
  • 378 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ұлы даланың қасиетті нар бұлағы мен киелі биік көк сеңгірі – Қазақ елі десек, әлбетте жарасымды. Дегенмен, осы күнде сол асыл тұқымның тұяғы, әлемді аралап, Қазақ деген ұлттың, жалпы мемлекетіміздің байрағы мен абыройын асқақтатып жүрген абзал жандарымыз мақтанарлық. Енді, назарларыңызға соның бірі «ҚР Бильярд спорты федерациясы» АҚ президенті, Пирамидадан халықаралық комитетінің вице-президенті, Пирамидадан азиялық комитет президенті, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері, ҚР Бильярд спортының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Бильярд спортының бірнеше әлем чемпиондарының бапкері, отыз мәрте Қазақстан Республикасы әнұранының орындалуына, әлемдік сайыстарда жоғарғы деңгейде туымыздың көтерілуіне септігін тигізген, профессор Аңсары Қаранеевпен сұхбат.

– Аңсары Қаранейұлы, игі жақсы жұмыстың берекесі әрқашан да жанды жадыратып жүретіні ақиқат. Қазақ елінің мақтанышына айналған спортшыларымыз баршылық. Әлемдік деңгейде, елдің намысын қорғау әр адамның қолынан келмейтінін де білеміз. Сондай-ақ, орасан еңбек өз жолын табады дегендей, сіздің де шәкірттеріңіз қазақ елінің байрағын, көк туымызды желбіретіп, үлкен абыроймен көтергенін талай көрдік. Осыған орай, қояр сұрағым, осы күнге дейін әлемдік додада Қазақ елі мақтан етерлік қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?
– Әрине, мен осы спортқа келгелі жанымды аямай, бармаған жер, аспаған шың қалмаған шығар. Менің өмірім осы бильярдпен тығыз байланысты десем, ол шындық. Шәкірттер менде аз емес, дегенмен, оның ішінде ерекше айтатын азаматтар жеткілікті. Аллаға тәуба! «Ерінбеген еңбекке – жетеді биік шыңына» демекші, айта келсем: әлемнің төрт дүркін чемпионы, Азия мен Еуропа чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері – Қаныбек Сағындықов. Әлемнің үш дүркін чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, өзімнің үкен ұлым – Әлихан Қаранеев. Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Ернар Шымбаев. Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Алибек Омаров. Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Әуез Елубаев сыңды көпке танымал кәсіби спортшыларымыз жылдан-жылға өз араларын толтырып келеді. Оның бәрі спортшыларымыздың қажымас қайрат, ынталанған жігер-күштері мен еліміздің туын биікке асқақтатып көтереміз деп, еңбектеніп, тер төгіп, армандап, өздерінің жауапкершілігін сезініп, жаттығу барысындағы бағытталған нұсқауларын қадағалап, сабырлық пен психологиялық жағынан дайындау еңбегінің де құдіреті шығар. Өйткені, осындай әлемдік деңгейде бәсекелесетін спортшыларды жаттықтырып, мемлекеттер арасындағы сайыстарда дайындап, үлкен дәрежедегі жүлделерге жеткізудің өзі оңайшылықта келмейді. Сондай-ақ, кәсіби деңгейде ойнайтын пирамида спортшыларын дайындау үшін, психологиямен бапкерлік мақсатын дұрыс бағыттау, еңбек жолында жан дүниеңдегі бар жігер-күшіңді жұмсау керектігі де рас. Солай ғана нәтижелі жолдың сәттілігіне жетесің. Сәттілік жолы, ол үлкен еңбек жолы!
– Сіз өзіңіз осы спортқа қалай келдіңіз?
– Жақсы, 90-жылдардың аяғында түрлі-түсті металл балқыту өнеркәсібімен айналысып, Қытаймен сәтті жұмыс істегенім бар. Сол уақыттағы сөзбен айтқанда, коммерция саласында еңбек еттім десем де болады. Бильярдқа деген құштарлығым бала кезімнен басталды, бос уақытымды осы спортқа арнадым. Үлкен ұлым да өсіп келе жатты. Әлихан балама біртіндеп ки мен шарларды иемденуді үйреттім. Шу қаласында, менде алюминий балқыту зауыты болды. Бизнес саласындағы жолдасым Омар Жамалов. Ол керемет бильярд ойнайды, әрі ол да мен секілді бильярд десе жанын аямайтын жандардың бірі. Бір күні күтпеген жерден Астанаға Ресейдің жетекші ойыншыларының келгенін біліп, олардың арасында аты аңызға айналған Юрий Соснин деген бильярд спортының кәсіби шеберінің келгенін білдік. Мен осы «Бешеный» деген шебердің өзін көруден басқа, оның қалай бильярдтағы шеберлігін де көруді армандайтынмын. Омар екеуміз ешнәрсеге қарамастан, Астанаға қарай жолға аттандық. Омар турнирге қатысып, мен жай ғана көрермен болдым. Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы Евгений Сазыкин және бірнеше Кемероводан келген бильярд шеберлері де осы сайысқа қатысты. Астана бильярд клубының жүлде қоры ресейліктерді қызықтырса керек. Өйткені, турнир өте қызықты өтті. Әсіресе, Қазақстандық әйгілі ойыншы Эмиль Мударисов Соснинмен бірге финалға шығып, бас жүлдеге таласты. Жекпе-жектің қызықтығы соншама, әр ойынның соққысын деммен бақылап отырдық. Біраз уақыт өткеннен кейін, Эмиль алға шыққан сияқты болған еді. Бірақ, Қазақстандық спортшымыз есеп айырмасы бойынша шамалы болса да жеңіліп қалды. Осы сайыста орыстардың демеушісі болып келген, кейіннен кәсіби лиганың президенті Сергей Локтев мырзамен сайыстан кейін танысып, мен сүйікті қаламның патриоты ретінде, Сергейге Алматыда халықаралық турнирді өткізуді ұсындым. Локтев келісіп, ең мықты 16 ойыншыны алып келетінін айтты. Бірақ, ол үшін кем дегенде, 10 000 АҚШ доллары бас жүлдеге керектігін айтты. Біз келісіп, қол ұстасып кеттік. Уақыт өте өзімнің жұмысыма тереңдете кірісіп, шындықты айтсам, бұл уәдемді ұмытып та кетіппін. Сонымен, екі айдан кейін, Сергей Локтев маған қоңырау шалып, Сочидегі чемпионаттағы ең мықты деген 16 ойыншы Алматыдағы халықаралық турнирге келгісі келетіндігін айтты. Сол кезеңде, менің клубым да, ақшам да, Федерацияда орным да, бильярд үстелдерім де болмаған. Мен оған ойлануға жарты күн рұқсат сұрап алдым. Ойланып отыра, айтылған сөз атылған оқ дегендей, нар тәуекел дедім де, жүлде қорын өзімнің жеке кәсіптегі қорымнан шығаратын болдым. Жолдасым Омар Жамалов екеуміз жарты күн ішінде іздестіріп, турнирге қажет нәрсенің бәрін таптық. «Отырар» қонақ үйінің кең фойесін үш күнге жалға алып, төрт үстел орнаттық (сол уақыттағы туризм және спорт министрі Досмұханбетов мырзаға да алғысым шексіз). Федерация президенті Феликс Хан мырза маған FBS вице-президентінің қызмет лауазымының визит карточкасын табыс етті. Жиырмасыншы ғасырдың соңында менің өмірім осылай «Бильярд» әлемімен басталды десем де болады.
– Алматыдағы өткен сол кезеңдегі турнир туралы айтып өтсеңіз?
– Әлбетте, сол турнирден кейін, Қазақстандық бильярд спорт сүйер қауымы және де спортшылардың өзіндік санасында жаңа ғасырға үлкен шабыт ашқандай оң әрі жақсы өзгерістер әкелді. Отандық жанкүйерлердің көңілінен шыққан Эмиль Мударисов финалға шықты. Аслан Бузоевпен шиеленісті ойын (матч) өткізіп, сенімді жеңіске жетті. Ол Алматыдағы Бірінші халықаралық турнирдің финалисі болып жеңімпаз атанды. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Біз жеңісті «Адмирал Нельсон» клубында атап өттік. Онда бильярд үстелдері болған еді. Марапаттау рәсімінен кейін, барлық қатысушылар өзара сөз алып келісіп, бір-бірімен жарысты бейресми түрде жалғастырды. Мударисовтың жеңісінен кейін, Алматыда нағыз бильярдтық «бум» басталды. Әртүрлі жастардағы адамдар, балалар және тіпті, әйелдер қауымы ойын ойнауға құлшына кірісті. 1999 жылы Федерация үшін жаңадан бетбұрыс кезеңі келді. Болашаққа деген келешек жолы осылай ашылды. Қазақ қалалары арасында бәсекелестік басталды. Көрші Қырғызстанмен достық турнирлерінің көзі ашылып, жаңа серпінділік әкелді. Бірнеше жылдан кейін, Сергей Локтев ресейлік кәсіпқойлар клубының президенті болып тағайындалды. Сонымен қатардағы бірінші халықаралық турнирге Локтев мырза Ресейге Қазақстандықтарды шақырды. Мен үшін бұл сапарға тағы қаражат табу қажеттілік мәселесі басталды. Мен өзімнің жеке кәсібімдегі қорымнан қаражатымды тағы да бөліп, команданы қайтадан жаңа деңгейге шығаруды көздедім. Дегенмен, біз үшін бірінші турнир республикадан тыс жерде өткізілуі керек те болды. Бір жағынан, тәжірибе болса, екінші жағынан, басқа республикалардағы әріптестеріммен танысып, сыйласып және олармен достасып, осы күнге дейін жақсы қарым-қатынаста қалдық. Сондай-ақ, Қазақстан құрама командасы әлемдік әртүрлі жарыстарға шақырыла бастады. Біз үшін жолақы сапарларымыз да қымбаттау болды. Ол кезде қырғыздардың сайыстарға қаражаттары болмайтын, өзбек спортшылары болса, бір-екеуден өз қаражаттарына шығып, амал жасайтын. Біздің құраманы айтсақ (менімен қосқанда, 5 адам болдық) ең мобильді құрама болып шықтық. Біз талай жерлерге жүгіріп, үлгеріп, ойынға қорықпай нық араласып, әрқашан да жүлделі орындарға ие болып, жолымыз ашыла бастады. Өзгелер болса, біздің құраманы құрметтей бастап, сонымен қатар, мені құрама команданың көшбасшысы ретінде сезінді.
– Аңсары Қаранейұлы, осы спортқа қалай келгеніңізді білдік, осы спортқа деген құлшыныс қайдан пайда болды?
– Мен Жамбыл облысы Шу қаласының тумасымын. Қарапайым отбасынан шыққан азаматпын. Мектеп қабырғасының жоғарғы сыныптарында оқып жүргенде, Шу қаласының мәдениет саябағында бильярд ойнайтын төрт үстел болатын. Бос уақытта сол саябақтан шықпайтын едім. 60-шы жылдардың кезі еді. Қазіргі кездей молшылық болмаса да, сол уақыт нағыз патриоттық сезімге мол заман болған. Сол уақыттың жасөспірімдері спорт ережелерінен бастап, мектеп ережелеріне дейін білетін. Қалалық спортқа арналған ойын-сауыққа араласып, өздерінің спорт деңгейлеріндегі шеберлігін ересек жастар шеберлермен тең дәрежеде ойын көрсететін заман болатын. Шеберлер балалармен араласып, өз білген-көргендерімен бөлісіп, зауыттарда, жеңіл атлетика мерекелерін өткізетін. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, соның ішінде бильярд спорты да болатын. Бильярдқа деген құлшыныс осы балалық шақтан пайда болды. Көктемнен күзге дейінгі барлық кезеңді мен осы бильярд ойынымен өткізетінмін. Саябақтағы үстелдер көп қабатты фанерадан құрастырылған 10 пұттық үстел, фанера мен өрілген матадан жасалса да, шарлар өте нашар домаланатын. Бірақ, біз мұны байқамай өстік. Турнирлер бірінен соң бірі өтіп жатты. Оған көптеген жанкүйерлер жиналатын. Қолайсыз жабдықта өскен біздің буын өте мықты болды. Үлкен кеңістікте, сапалы қамтуға үйренген бүгінгі наркескен жас жігіттеріміз, біздің үстелімізде сәтті ойнамақ түгел, өмір бойы бильярд үстеліне қызықпай, жоламаған болар ма еді. Неғұрлым үстел кіші болса, соғұрлым ойын қиынға түседі. Біз қазіргі заманға сай қарасақ, заманауи бильярд жабдықтарына өте ыңғайланыпты.
Сонымен айтайын дегенім, уақыт өте үлкен ағам орыс бильярд үстелін сатып алды. Біз осы 9 пұттық орыс бильярд үстелін аулада орнаттық. Күнде таңертең үйден оқуға шығардың алдында, әрдайым бірнеше минут бильярд үстелінде жаттығатынмын. Дегенмен, осы қысқа уақыттық жаттығу тұрақты ойын қалпында жүруіне септігін тигізетін. Мектептен кейін, Семейдегі жүн-тері техникумында оқыдым, одан кейін, технологиялық институтты тәмәмдадым. Киіз, жүн және былғары деген дүниелер сол кезде халық шаруашылығының маңызды салалары болатын. Студенттік кезде біз қалалық саябақтағы жарыстарға барып, бильярд турнирлерін жиі ұйымдастыратынбыз. Бұл спорт сәнді әрі стильді ойын болып саналатын. Мен сәтті ойнап жүрдім. Осыдан бастап бильярд деген спорт менің құмарлығыма айналды. Кейін Алматыға көшіп келдім. Алғашқы менің жолым жергілікті бильярдшылармен танысу, болды. Күннен күнге осы бильярд спортын жақсы ойнап, ақша таба бастаған күндерім болды. Содан кейін, уақыт өте бильярд федерациясының жетекшісі Феликс Хан болды. «Қайрат» стадионында Қазақстанның ең мықты ойыншылары жиналғаны әлі есімде. Мен олардың ойнағандарын бақылап, олармен бірге ойнап, өз шеберлігімнің өсуіне қызығушылық таныттым. Сол кезде көп нәрсені үйрендім. Кейін кәсіби ойыншылар сайыстарға аттанып жүрді. Бір күні қуаныштан жадырап келсе, кей күні қайғырып, марапатсыз да оралатын. Сол уақытта мен олардан алыс болатынмын. Дегенмен, құлшынып жасаған қабілетім, өмірлік кәсіби мамандығым болып шықты.
– Аңсары Қаранейұлы, сұхбатыңызға рахмет! Бапкерлік жұмысыңызға сәттілік тілеймін! Қазақстан бильярд федерациясының спортшылары болашақта еліміздің даңқын асқақтата берсін демекпіз.

Сұхбаттасқан
Азамат ОМАРОВ

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!