ДӘСТҮРІМІЗГЕ ОРАЛУ – ҰЛТЫМЫЗДЫ КӨБЕЙТУ

  • 28.12.2019
  • 273 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Төлеубек Қарамендітегi,
сәулетші-ғалым, профессор

Адамның, қоғамның және мемлекеттің қалыптасуының диалектикалық дамуында адам өмір салтына, діни көзқарасына, жоғары биліктің саясатына байланысты, өзінің биологиялық репродукциясының және рухани дамуының моральдық және этикалық нормаларын белгілейді. Егер, XIX ғасырдың ортасында Ресей империясының Қазақстанды отарлау кезеңінде қазақтар саны 92 пайызды құраса, 1962 жылы кеңестік империяның аумағында қазақ халқының саны жалпы халықтың 28,9 пайызына дейін азайды. Бұл КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С. Хрущевтың «бейбіт» жолмен қазақ халқын жоюына бағытталған демографиялық саясатының нәтижесі еді.

Қазіргі уақытта тұрғылықты халқы-мыздың үлесі 65 пайыздан асты. Жергілікті тұрғындардың өсуі – отаршыл режимді тастап, саяси тәуелсіздікке ие болған барлық халықтарға тән табиғи құбылыс. Міне, сондықтан, ұлт тағдырын ойлап, елім, жерім деп қам жеген, қамқорлық жасайтындардың алдында маңызды мәселе тұрды. Ол үшін демографиялық сілкініс қажет. Елімізде көпбалалы қазақ отбасыларының әл-ауқатын көтеру, әр шаңырақта бала санын көбейту бәрмізді де толғантатын мәселе болып тұр. Қазақ жесірін жылатпаған, жетімін мұңайтпаған. Ата-баба жолымен екі немесе одан көп әйел алуды жаңғырту – адам санын көбейтудің басты шарты осы. Жаңа қылмыстық кодексте полигамияны теріске шығару айтылмаған. ҚР Парламенті полигамия мәселесін көтерді, енді, депутат-азаматтар, ғалымдар мен түрлі қозғалыс өкілдері халықтың тағдыр тізгінін қолына ұстап отырған биліктегілерге осыны заң жүзінде бекіту жөнінде талап қою керек.
Дегенмен, қазір бұл тек сөз жүзінде қалып отыр. ХХ ғасырдың басында «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде неке, отбасы және болашаққа деген көзқарастар туралы күрделі пікірталас туындады. Ал, «Хабар-2» телеарнасында көпбалалы отбасылар, этносаралық және азаматтық некелер, полигамияға жол ашатын заңдар көпшілік талқысына түсті. Ғалымдар, журналистер, демографтар, студенттер, көпбалалы аналар екі рет жиналды. Заңды отбасын құру және болашақ сапалы ұрпақты тәрбиелеу мәселелері бойынша қазақ халқының ежелгі дәстүрін жаңғырту ел ішінде үлкен қызығушылық тудырды.
Адамзат қоғамында ұл бала қыздан гөрі көбірек туылады. Елде бейбітшілік, заманымыз тыныш болса, отыз жасқа жуықтағанда, ерлер мен әйелдердің саны теңестіріледі. Ал, соғыста ерлердің үлесі күрт төмендейді. Әрине, ұрыс-керіс, соғыссыз адамзат қоғамыбір қалыпты бола бермеген. Атадан қалған қанатты сөз «қатын жолда, бала белде» осыдан шықса керек. Енді, республиканың ең ірі қаласында, осы ғасырдың басында Алматыда 829 еркекке 1000 әйелден келген. Алматы қаласында тұратын әр 1 200000 адамға шаққанда, 840 000 әйелден келеді екен, ал, «басы артық» әйел саны – 360 000.
Әлемдік діни көзқарас атам заманнан екі немесе одан көп әйел алу үрдісін, оның ішінде ерекшелігі мен өміршеңдігін дәлелдеген ислам да теріске шығармайды. Жылдар бойы ислам дінімен бекітілген төрт әйелге дейін некелесу рәсімі ХХІ ғасырда да орын алуы әбден мүмкін. Батыс идеологтарының «исламда әйелдер құқығы шектеулі» деген жалған пікіріне қарамастан, Ұлыбританияда әйелдердің көпшілігі – мұсылмандар. АҚШ-та исламды қабылдаған әйелдердің саны ерлерге қарағанда, төрт есе көп (The Times, 9 қараша, 1998).
Қазақтар исламды қабылдамас бұрын, олардың өмір салтында әмеңгерлік дәстүрі болған. Қайтыс болған кісінің жесіріне оның ағасы, інісі не жақын туысы әмеңгерлік дәстүрімен өз әйелі үстінен тағы үйленеді, кімге тұрмыстанарын жесірдің өзі таңдайды, сонда, бір әулеттің ішінде жесір, жетім деген ұғым болмайды. Жесір де ерлі-зайыпты болып, балалары да қандас бауырларымен бір отбасында тәрбиелене береді. Демек, екінші немесе үшінші әйелі болатын жесір, жалпы алғанда, ел қатарлы ерлі-зайыпты өмірін жалғастыра береді. Бүгінгі күні Қазақстандағы неке институтының әлсіреуі, дәстүрлердің, дала заңы, баба заңының біртіндеп ұмытыла бастағаны қайта жаңғыртатын өзекті мәселе болып отыр. Әмеңгерлік және екі немесе одан да көп әйелге үйлену үрдісін заңды түрде бекіту қажет. Ғасырлар бойы қалыптасқан осы дәстүрлер әр азаматтың заңды құқығы болса, ол қоғамға қандай өзгерістер әкеледі?
1.Тегі асыл ата-бабамыз ұстанған ұлттық салт-дәстүрге қол жеткіземіз. «Басы артық» қыздар мен әйелдердің саны да күрт төмендейді. Қыздар не келіншектер, ер-азаматының келесі әйелі бола отырып, төрт құбыласы тең, қоғамның толыққанды мүшесі боп, жалғыз басты әйелге тағылар сын-міннен (жезөкше, жеңіл жүрісті, т.б.) біржола құтылады. Ерінің сүйіспеншілігі мен қамқорлығын сезінген әйелдің көңіл-күйі, мінез-құлқы, өмірге көзқарасы өзгеріп, денсаулығы жақсарады, еңбекке қабілеті артады. Сосын, заңды некеден заңды бала туылады. Күйеуіне жақсы көріну үшін бақталас әйелдерде көркем мінез қалыптасып, бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөле бастайды. Зерделей берсек, жақсы өзгерістер көп.
2. Қазақ отбасы трагедиясы жоғалады, әртүрлі себептермен 40-50 жастағы ер кісі екінші рет қызға немесе әйелге үйлену үшін алдыңғы әйелімен ажырасуға мәжбүр болады. Ажырасу – әйел үшін де, есейіп қалған балалары үшін де үлкен соққы. Көп жылдан бері күйеуімен тату-тәтті ғұмыр кешіп, шаңырақ берекесін, босаға киелігін ұстап отырған зайыбы бедеу болса ше, онымен жеңіл ғана ажыраса салу оған қиянат емес пе? Адам ұрпағымен бақытты, ері екінші әйелге үйленіп, туған балаларын бәйбішесі өз баласындай бауырына басады, иманды, өнегелі ұрпақ тәрбиелейді. Сөйтіп, бәйбіше көңіліне түскен қаяудан арылып, жаңаша арман, үмітпен өмір сүреді.
3. «Әмеңгерлік – кейбір Шығыс елдерінде кең өріс алған, жесірді күйеуінің туған інісіне, ағасына, не оның жақын ағайындарының біріне әйел болуды міндеттейтін әдет заңының ғұрпы» (Қазақ Совет Энциклопедиясы, 1 том, 38 бет). Осы ұмытыла бастаған әмеңгерлік пен көп әйелді болудың тағы бір жақсы жері – «әкесіз өскен» немесе «өгей бала» деген ұғым жойылады. Барлық әйелдердің балалары, соның ішінде, күйеуі өлген, не ажырасқан әйелдің балалары да тумаған болса да, әкенің мейірімі мен қамқорлығында тәрбиеленеді. Әке бар бала алдында әділ болуы тиіс және болашақта елге, жерге қорған болар, оң әдеттерді, патриоттық сезімді бойына сіңірген нағыз ұл тәрбиесінде әкенің ролі зор. Өздеріңізге белгілі, қоғамда небір келеңсіз жәйттер осы әкесіз өскен жасөспірімдерден шығып жатады.
4. Тағдыр тәлкегіне түсіп, арбаға таңылған, мүгедек немесе жазылмас ауруға шалдыққан нәзік жандылар көбіне күйеулері тастап, жалғыз қалады. Екі немесе одан да көп әйелге үйлену заңдастырылса, осындай жағдайда әйел жалғыз қалмай, күйеуімен ортақ мәмілеге келіп, екінші, не үшінші әйелге үйлену мүмкіндігі туады. Сөйтіп, шаңырақ шырқы шайқалмай, әйелдің де сағы сынбай, бейбіт өмірін жалғастыра береді.
5. Әмеңгерлікті және екі немесе одан да көп әйелге үйленуді жаңғырту – халқымыздың саны өсіп, өркендеуіміздің жалғыз жолы. Ажырасу, жесір қалып, тұрмыс тауқыметін тарту біздің ел-жұртымызға тән құбылыс емес. Яғни, үлкен әулет басы – ер азаматының мәртебесіне, тәрбиесіне бағыну, ауызбіршілікті болу әйелдер үшін де, балалар үшін де бақыт емес пе.
Әйел азаматтарда мынадай заңды сұрақ туындауы мүмкін: қазіргі Қазақстандағы жағдайды ескерсек отағасы бірнеше әйелді қалай асырамақ? Жауап: көптеген әйелдердің басында үйі, табысты жұмысы бар, тек бағы жоқ, ал, сайдың тасындай нағыз ер жігіттер басында үйі, тұрақты жұмысы жоқ құралақан қиналып жүр. Үкіметтен де оларға қайыр-көмек шамалы. Енді, өзіңіз пайымдай беріңіз: жақсы, тұрмысы сайлы отбасында екі жарты бір бүтін болып, ата-ана мұраты – сапалы ұрпақ тәрбиелеу ме, әлде өз батам өзімде деп жалғыз өту ме, қайсы абзал?
Жоғарыда айтылғаннан бастап, заң жүзінде қабылданған әмеңгерлік пен полигамия – бұл Қазақстан Республикасы халқының табиғи өсіміне жол. Бұл істің сандық жағы туралы. Сапасы тұрғысынан алғанда, қоғамда толыққанды моральдық және материалдық жағдай қалпына келтіріледі: отбасының тұрмыс-салты түзеліп, мына аласапыран заманда қылмыс, ер-азаматтардың теріс жүрісі, соның салдарынан болатын түрлі құрт аурулар, нашақорлық, жезөкшелік біржола азаяр еді. Көтерілген мәселеміз бүгінгі күні өзектілігі сонша, әлеуметтік желілерде кең таралды. Айтып кеткен мәселемізге мына үзінді нақты дәлел:«Қазақ жауынгер халық болған, қазақ көшпенді ел болған. Жаугершілік заманда соғыстан көптеген адам опат болып отырған. Мерт болғандардың жанұясы мен бала-шағасының өмірде жалғасын тауып, өсіп-өнуін қазақ ойламады дейсіңдер ме? Қазақта «Балалы үй – базар» деген ұстаным болған. Әр қазақтың шаңырағында 5-15 бала болған. Ауыл ақсақалдары шариғат бойынша үкім шығарып, опат болған шаһидтердің әйелдерін, яғни жесірлерді «тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей, үйлесімді етіп, бір-біріне некелеп берген. Осындай жаугершілік жағдайдан кейін, әр қазақ жігіті 2-3 әйел алуға мәжбүр.
Сөйтіп, қазақ аталарымыз не ұтты.
Құдай қағидасын орындап, жесір алып, жетімін бағып сауапқа батты;
Ел ішінде қорғансыз жесір мен жетімнің болмауына үлес қосты;
Ұрпақ өсіру арқылы қазақ өз қатарын сарбазбен толықтырды;
Жесір болмағандықтан, жезөкше болмаған;
Жезөкше болмағандықтан, зина болмаған;
Зина болмағандықтан, шата ұрпақ туылмаған;
Шата болмағандықтан, қызтеке-еркекшора болмаған;
Қысқасы, қазақ жазирасында жетімдер үйі мен қарттар үйі болмаған.
Алла үкімі орындалғандықтан, қазақ халқына Құдайтағала ашуланып, қаһар төкпеген, сол себепті елде торнадо, тайфун, цунами, вулкан, жер сілкіну, т.с.с. зұлматты апаттар болмаған. Шариғат бойынша некелеп беріп отырған сол кездегі ақсақалдар жесірлерді күшпен, алдап, не зорлап, қысқасы қорқытып некелемеген. «Ағама жеңгем сай» дегендей, психологияларына қарап теңдеген.
Осылайша, Қазақстанда қазақ санын көбейту мақсатында «Неке және отбасы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Парламентінде мәселе көтерілуі тиіс.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!