АҒЫЛШЫН КЕЛІСІМШАРТ ҚҰҚЫҒЫ ТЕРМИНДЕРІН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРУ

  • 22.01.2020
  • 423 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүгінгі таңда ағылшын тілінің халықаралық қатынас, соның ішінде халықаралық бизнес тіліне айналғанын ешкім дауламас. Әлемдегі бірқатар ірі банктер мен қаржы ұйымдарының орталық кеңселері Лондонда орналасқан. Осы мекемелердің ресми құжаттарды ағылшын құқығы ережелеріне сай рәсімдеуді талап ететіні бұрыннан белгілі, бұл заңды да. Қазір ағылшын құқығының беделі жоғары. Нарықтық, іскерлік байланыс орнататын тараптардың оған сенімі де мол.

Ағылшын құқығы, әсіресе, келісімшарт құқығы саласының дамуына үлкен ықпал еткенін атап өткен жөн. Халықаралық мәміле жасасатын тараптардың өз елінің құқықтық нормаларымен қатар ағылшын құқығына да иек артуы қалыпты жағдайға айналды. Мұндай үрдістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Елімізде жақында ашылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының ағылшын құқығы қағидаларын басшылыққа алатыны мәлім. Орталықтың ресми тілі – ағылшын тілі. Осыған орай ағылшын құқығына, атап айтқанда келісімшарт құқығына қызмет бабымен болсын, жалпы мәлімет алу мақсатында болсын қызығушылық танытатындар саны артпаса, азая қоймас. Аударма арқылы осы саланың қыр-сырын түсіндіріп, негізгі ұғымдары мен терминдерін қазақшалау қажет екені де даусыз.
Құқық, заң мәтіндері өзге әдеби мәтіндерден, ең алдымен, лексикалық құрамымен ерекшеленіп тұрады. Олардың ең басты айырмашылығы – терминология. Құқық саласының қалыптасқан, мамандарға түсінікті, белгілі бір ұғымды дәл сипаттап беретін өз терминдері бар. Заң мәтіндері осындай терминдерге бай. Осы саладағы ағылшын терминдерін қазақ тіліне аударудағы басты қиындық екі елдің құқықтық жүйелерінің әртүрлі болуымен байланысты. Бір-біріне ұқсамайтын құқықтық жүйелерді салыстыра зерттеп, заң мәтіндерін аударуға кірісетін адам сол екі жүйені еріксіз «келістіруге» ұмтылғандай болады.
Аударма барысында бірден көзге түсетін жайт – жалпы қолданыстағы ағылшын сөздерінің заң мәтіндерінде әдеттен тыс мағынада жұмсалуы (мысалы, instrument – аспап, құрал емес, ресми құжат; action – әрекет емес, талап-арыз). Ағылшынның authority деген сөзі әдетте «өкілеттік», «билік», «бедел» немесе «өкілетті орган», кейде «рұқсат» деген мағынаны білдіреді. Ал, ағылшын құқығында бұл сөз «сот шешімі», «прецедент» деген мағынада қолданылады. Authority термині тек сот шешімдерін ғана емес, сонымен қатар заңдарды, жарлықтар мен әкімшілік қаулыларды да қамтиды. Осыларды жинақтап, authority терминін контекстке қарай «құқықтың қайнар көзі» деп те аударуға болады.
Ағылшын келісімшарт құқығының contract (келісімшарт) offer (оферта) acceptance (акцепт) сияқты негізгі ұғымдарымен қатар consideration деген тірек термині бар. Екі не одан көп тараптың келісімшарт жасасу жайы сөз болатын мәтіндерде осы consideration термині жиі ұшырасады. Жалпылама мағынада бұл сөз бір нәрсені «мұқият қарау», «талқылау», «ой елегінен өткізу» дегенді білдіреді. Ал, келісімшарт құқығында бұл сөз келісуші тараптың қарсы тарап пайдасына қандай да бір әрекетке баруға (бармауға), ақы төлеуге, т.б. міндеттемесін білдіреді. Қазақ тіліндегі терминологиялық сөздіктерде, нормативтік-құқықтық актілерде бұл терминнің «ыңғайласпа қанағаттандыру», «қарсы ұсыным» (қарсы тарапқа деген мағынада), «бір-біріне бір нәрсе беру» деген баламалары кездеседі.
Ағылшын тіліндегі заң терминдерінің дені, соның ішінде жаңа ғана аталып өткен тірек терминдері – латын, француз тілінен енген кірме сөздер. Қазіргі құқық саласының сөздік қорына кірген француз сөздері ағылшын тіліне бейімделіп, таңбалануы мен дыбысталуы жағынан өзгеріске ұшыраған, мысалы: фр. offre – ағыл. offer; фр. accepter – ағыл. acceptance; фр. voider, vuide – ағыл. void (жарамсыз, заңдық күші жоқ). Осы ретте латын сөздерінің біразы мұндай өзгеріске түспей, сол қалпында жазылып, айтылып жүрген жайы бар. Ағылшын тілінде қандай да бір құқықтық ұғымды, доктринаны екіұдай мағынада қолдануға жол бермей, латын сөздері мен сөз тіркестері көмегімен қысқа да нұсқа жеткізудің дәстүрі берік сақталып келеді. Мысалы: pacta sunt servanda (лат. «шарттар орындалуы тиіс» – шарттың міндетті күші); prima facie (лат. «бір қарағанда» – басқаша дәлел, терістейтін айғақ келтірілмесе, дұрыс, шын деп қабылданатын дерек, тұжырым); quantum meruit (лат. «атқарылған жұмысқа әділ ақы төлеу» – көрсетілетін қызметтер үшін төленетін сома сол қызметтердің объективті құнын ескеріп есептелуі тиіс); dictum (көпше түрі dicta – істі қараған судьяның нормативтік шешімге жатпайтын пайымы. Dictum сотта қаралған істің мәні бойынша шығарылған шешімге жатпайды, дегенмен басқа судьялар оған міндетті түрде көңіл бөледі, іс бойынша шешім шығарғанда басшылыққа алады); ab initio (лат. «басынан, о бастан»; void ab initio– басынан жарамсыз, яғни келісімшарттың о бастан заңдық күші жоқ екенін білдіреді).
Ағылшын тіліндегі заң мәтіндерінде дублет сөздер де аз емес, мысалы: terms and conditions, null and void т.б. Осындай мағыналас сөздердің қатар тұрып, дублет ретінде қолданылуы – құқық тіліне тән стильдік ерекшелік. Кезінде кірме сөздің мағынасын нақтылай түсу үшін қасына дәл сондай мағына беретін баламасы жазылған. Ағылшын дублеттері осылай пайда болған деген тұжырым бар. Осы жайтты ескеріп, аталған тіркестерді қазақ тіліне бір сөзбен-ақ аударуға болады: terms and conditions –талаптар мен шарттар емес, талаптар (бұл тіркес келісімшарт талаптарын білдіреді); null and void – маңызсыз және заңдық күші жоқ емес, жарамсыз немесе заңдық күші жоқ (бұл да келісімшартқа қатысты айтылатын тіркес). Енді, осы терминдерді аудару тәсілдеріне тоқталып өтсек. Жалпы, заң мәтіндерін аудару көркем аудармаға тән тапқырлық пен техникалық аудармаға тән терминологиялық дәлдікті талап етеді десек, артық айтқан емес. Аударманың өзге салаларында қолданылатын әдіс-тәсілдер заң терминдерін аударуда да қолданылады. Құқық саласындағы аудармада жиі қолданылатын мынадай тәсілдерді бөліп көрсетуге болады: сөзбе-сөз аудару (калькалау), трансференция (транскрипция), балама табу, сипаттау және түсіндірме беру.
Сөзбе-сөз аудару (калькалау) – аударманың ең көне әрі ең қарапайым тәсілі. Ол жекелеген сөздерді, сөз тіркестері мен сөйлемдерді аударуда қолданылады. Бұл – терминологиядағы қиындықтарды еңсерудің кең тараған амалы. Ағылшын келісімшарт құқығы ортақ құқық жүйесіне кіреді. Мұндағы «ортақ құқық» – ағылшынның common law деген терминінің сөзбе-сөз аудармасы. Бұл терминнің қазақ тіліндегі ресми құжаттарда «жалпы құқық» деп аударылған нұсқасы да кездеседі. Осы common сөзі ағылшын құқығының бүкіл Англияға (заң жүзінде Англия мен Уэльске) ортақ екенін білдіріп тұрғандықтан, «ортақ құқық» деген нұсқаның әлдеқайда ұтымды, түсінікті екенін атап өту қажет. Сөзбе-сөз аудару не калькалаудың жарқын мысалы – ұйым (сот органдары) аттарын, ағылшын судьяларының атақ-дәрежелерін аудару. Мысалы: Supreme Court – Жоғарғы сот, Crown Court – Корона соты, Queen’s Counsel (QC) – Корольдік адвокат (Король адвокаты), Court of Queen’s Bench – Корольдік орындық соты, т.б. Бұл тәсілді аударма тілінің сөздік қорын байытуға септігін тигізетін амал деп қарастыруға болады. Уақыт өте келе, аударма тіліне калькалау арқылы енген терминдер сіңісіп, олардың аударма екені байқалмай қалуы да мүмкін. Дегенмен, бұл тәсілді қолданғанда, әсіресе, тұтас бір сөйлемді тәржімалағанда, сақтық танытқан абзал: аудармада түпнұсқа мәтін мағынасына нұқсан келсе, аударма тіліндегі мәтін мәнсіз, ұғынықсыз болса, сөзбе-сөз аудару тәсілін қолдануға болмайды.
Трансференция (кейде бұл әдісті транскрипция деп те атайды). Бұл – түпнұсқа тілдегі сөздің аударма тілінде (өзіміздің құқықтық жүйеде) баламасы табылмағанда қолданылатын тәсіл. Яғни, шетел термині аударма тіліне трансференцияланады – кірме сөзге айналады. Мысалы: estoppel – эстоппель (наразылық білдіру құқығынан айыру); magistrate – магистрат (Англия мен Уэльсте бірінші, төменгі инстанция соттарының судьясы, татуластырушы судья); precedent – прецедент (соттың бұрын қаралған іс бойынша шығарған шешімі, осы шешімге басқалардың сілтеме жасап, оны басшылыққа алуы); representor – репрезентор (мәлімдеме жасаған, қарсы тарапты сендірген тарап); champerty – чемперти (сотта дауласушы тараптың біреуі жеңген кезде түсетін пайданың бір бөлігін алуға келісіп, аталған тарапқа заңсыз қолдау көрсету).
Аударма тіліне шетел сөздерінің енуіне қарсылық білдіріп жүрген мамандардың бұл тәсілді құптай қоймайтыны ғажап емес. Бұл тәсілге жүгінуге мәжбүр болған аудармашылар өздерінің «жеңілгенін» мойындағандай болады-мыс. Құп. Дегенмен, аудармада трансференция (транскрипция) әдісін қолданбасқа болмайтын жағдайлардың да бар екенін естен шығармаған жөн. Бұл тәсіл сауда белгілерін, адам аттарын, топонимдерді, мерзімді басылым аттарын, компания аттарын, т.б. дұрыс жеткізудің бірден-бір құралы. Осы тәсілді құптайтын мамандар аудармашы трансференция әдісіне жүгіну арқылы түпнұсқа тілге, сол мәдениетке құрметін білдіреді деген де пікір айтып жүр. Заң мәтіндерін аударғанда бұл тәсіл жаңа құқықтық ұғымды белгілеу үшін немесе аударма тілінде ұқсас темин болғанымен, коммуникация сапасын жақсарту мақсатында шетел терминін «импорттау» үшін қажет.
Шетел терминдерін қызмет аясына, сипатына қарай аударудың тағы бір кең тараған әдісі – балама табу. Дұрыс балама табудың бір жолы – мәдени сипаты бар сөзді, шет елдің құқықтық жүйесіне тән терминді аударма тілінде түпнұсқадағы мәдени сипатынан айыру, жалпылама сипаттағы сөзге ауыстыру. Мәселен, ағылшындардың құқықтық лексиконында tribunal деген сөз бар. Бұл сөз қазақ тілінде де қолданылады. Алайда, бізде бұл сөз, көбінесе, әскери қылмыскерлерді жауапқа тарту мақсатында арнайы құрылған сот органын – төтенше сотты білдіреді (мысалы, Нюрнберг трибуналы, Гаага трибуналы). Сондықтан, ағылшын тіліндегі мәтінде көрсетілген сот органының аталған төтенше соттарға қатысы жоқ екені белгілі болса, tribunal терминін «трибунал» деп кірме сөзге айналдырмай, өзімізге түсінікті «сот», «арнайы юрисдикция соты» деп аударған дұрыс. Өйткені, ағылшын тілінде tribunal сөзі түрлі деңгейдегі соттарды білдіретін жиынтық термин ретінде қолданылады. Сондай-ақ, бұл термин контекстке қарай «судья» немесе «арбитраждық сот» сөздерінің синонимі ретінде жұмсалуы мүмкін, мысалы: Employment Appeal Tribunal – Еңбек даулары жөніндегі апелляциялық сот.
Заң терминдерін сипатына қарай баламасын тауып, анықтама беріп аударуға да болады. Ағылшын келісімшарт құқығында тараптар жасасқан мәміле міндетті түрде жазбаша рәсімделуі керек деген жалпы талап жоқ. Келісімшарттардың кейбір түрлері ғана (мысалы, жер сату, жерге меншік құқығын табыстау туралы мәмілелер) жазбаша жасалуы тиіс. Мұндай келісімшарттарды deed, кейде specialty деп атайды. Бұларды «дид», «спешалти» деп транскрипцияламай, қазақ оқырмандарына түсінікті болатын тіркестер арқылы аударып, түпнұсқа сөзді қасына жақшаға алып жазуға болады: ресми шарт, ресми келісімшарт (deed, specialty). Ресми шарттың covenant деген де атауы бар, оны қазақша «мөр басылған шарт» деп беруге болады.
Кейде терминді аударып, баламасын көрсетіп қана қоймай, оған қысқаша түсініктеме беріп кету артық болмайды. Жоғарыда аталған трансференция тәсілімен берілген кірме сөздердің қасына (мысалы, promisor, champerty терминдеріндегідей) қазақ тіліндегі анықтамасын жақшаға алып жазуға болады. Бұл түпнұсқа мәтіннің мағынасын дұрыс түсінуге, оны дәл жеткізуге мүмкіндік беретін әдіс.
Көріп отырғанымыздай, аударма дайын баламаны ойланбай қолдануды емес, ізденуді, бар баламаларды салыстырып талдауды, ішінен жұмыс мақсатына, аударылатын құжат мазмұнына сай келетін оңтайлы нұсқаны анықтауды қажет етеді. Осындай жүйелі жұмыс дұрыс жолға қойылып, қызығушылық танытқан барлық тараптардың қолдауын табады деген үміттеміз.

Ерлан Искаков,
аудармашы, мемлекеттік саясат магистрі

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!