ДІН ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ БОЛМЫСЫ ХАҚЫНДА

  • 22.01.2020
  • 415 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит Бәкірұлы, 
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия кафедрасының аға оқытушысы

Қазақ қоғамы үздіксіз даму үстінде. Әрине, мемлекеттік даму мен қоғам дамуын үнемі теңдестіріп отыру − осыған дейін адамзат тарихында болмаған құбылыс. Бізде де болған жоқ: мемлекеттік даму кейбір жағдайда алға кетті, кейбір жағдайда кешеуілдеп жатыр. Мысалы, әлеммен ашық саясат жүргізудің арқасында елімізге жаңа сандық технология дендеп енуде болса, мемлекеттің адам капиталы сапалық тұрғыдан кеш қалып қойды. Керісінше, қоғам мемлекеттік басқарудың жаңғыруына әлдеқашан дайын болса да, мемлекеттік басқару жүйесі өзгерістерге баяу баруда… Сонымен қатар, нарықтық экономикаға ауысу барысында көптеген қателіктердің орын алуына байланысты қоғамның әлеуметтік жіктелуі шамадан тыс қарқын алуда. Қоғамдағы стратификациялық процестердің қарқындылығы, енді, қоғамның тұтастығы мен біртектілігін қамтамасыз ету мәселесін алға шығарды. Өз кезегінде, бұл мәселеде қоғамдық пікірдің өзі де стратификация заңдарына бағынышты болып шықты, яғни, қақ жарылды. Мысалы, «Қоғамды біріктіруші рухани-мәдени күш не?» деген сұраққа бүгінгі қоғам әртүрлі жауап беруде. Соның ішінде екі бағыт басымдыққа ие болды: ол – дін мен діл! Төмендегі мақалада осының бір қырын анықтай отырып, автор ретінде өз көзқарасымды білдіремін.

Қоғамды, әсіресе, өзін зайырлы мемлекет қатарына жатқызған Қа-зақстан Республикасының бүгінгі барлық азаматтарын дін біріктіре ала ма? Бүкіл қоғамды біртектілендіруге, тұтастандыруға оның күші жете ме?..
Оны білу үшін аздап шегініс жасап, тарихқа жүгінейік…
Ғұламалардың арасында ислам канон-дары мен қағидалары туралы пікір-таластар бірнеше жүздеген жылдар бойы ешбір толастаған емес. Бірақ, олар әлі ортақ мәмілеге келе алмауда, болашақта да келе қоюы екіталай.  Себебі, ислам тарихына қарасақ, араб халифатының ыдырауымен жалғасқан объективті және субъективті жағдайлар ислам дінінің тұтастығына емес, керісінше, исламды іштей бөлінуге бағыттап отырғанын көреміз. Сондықтан, бүгінде әртүрлі мемлекеттер мен халықтардан, салт-дәстүрлерден, түрлі мәдениеттерден құралған ислам әлемі дін қағидаттары бойынша қандай да бір ортақ мәмілеге келуі мүмкін емес деуге болады.
Жалпы, исламның өркендеу кезі – кеңінен қанат жайған Халифат дәуі-рімен тығыз байланыста қаралады. Себебі, Халифат кезінде монотеистік ислам Халифатқа бағынышты барлық халықтарға діни біріктіруші идеологиялық қызметін атқарды. Бұл – исламның идеологиялық сипатта болғанын білдіреді. Кейбір мұсылман елдерінде ислам әлі де мемлекеттің идеологиялық негізін құрап отыруы – соның айғағы. Ал, исламның ыдырауы – Халифаттың ыдырау кезеңдеріне және Халифаттан тәуелсіздік алған халықтардың исламды өздерінің салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен, дүниетанымымен сәйкестендіру кезеңдеріне сәйкес келеді. Нақтысында, ислам дінінің алғашқы ағымдарға бөлінуі 632 жылы Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін басталды. Себебі, осы уақытта «Халифатты кім басқарады?» деген сұрақ туды. Өйткені, Халифтер жамағаттың тек Құран мен Сүннет (Мұхаммед пайғамбардың айтқандары мен өнегесі) бойынша өмір сүруін қадағалауы тиіс еді. Бірақ, меккелік үмейя тайпасының өкілі Осман көтерілісшілер қолынан қаза тапты. Оның орнына Мұхаммед пайғамбардың жақын ағайын туысы, әрі, оның Фатима атты қызына үйленген күйеу баласы Әли отырады. Әлидің барлық туыстары мен жақындары мұны заңды мұрагерлік санап, Халифатты тек пайғамбар үмбеті басқарулары тиіс деп санады. Әлидің жақтастары, осылай, исламдағы «шейіттер» (шиизм) негізін қалады. Бірақ, олардың «шешімімен» үмейялықтар келіспеді. Билік үшін шайқас басталды. Осы соғыс барысында «умманың қалауы бойынша кез келген мұсылманның Халиф болуға қақы бар» деп санайтын «хариджа» ағымы пайда болады.
Келесі кезекте өздерін «әхл-әс сунна» деп атайтын «сунна» ағымы пайда болды. Олар Мұхаммед пайғамбардың хадистерін толық мойындаған алғашқы төрт халифті ғана заңды деп санайды. Ал, шииттер оны бұрмалаған дейді. Сунниттердің өздері төрт мазқабқа: шафит, ханафия, мәликат, ханбала деп бөлінеді. Суннизм бойынша Мұхаммед пайғамбардан кейін Алла мен адамдар арасында байланыс болуы мүмкін емес, Мұхаммед адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбар делінеді (шиизмде – Мұхаммедтің туыстары да имамдар (пайғамбар дәрежесі) санатында болуы мүмкін. Ал, VII-VIII ғғ. мистикалық «суфизм» ағымы тарай бастайды. Суфистер негізінен исламның шекаралық аймақтарында, өзге мәдениеттер мен діндер тоғысқан жерлерде кеңінен қанат жайды. Өйткені, суфизм шығыс халықтарының дәстүрлерін және христиан діндерінің көптеген элементтерін өздеріне сіңірді. Өмірдің мақсаты – Құдайға жақындау. Сол үшін «тариқат» атты концепцияны ұсынады. Бұл «суннизмге» қарсы келмейтіндіктен, дәруіштер оны жан-жаққа таратады. Суфизмның арқасында исламда «әулиелерге сыйыну», «мазарларға тәуеп ету» сияқты бастапқы исламда жоқ дәстүрлер пайда болады. ХІ-ғ. Ортодоксті суннизм «суфизмді» мойындап, әулие-әмбиелерге сыйынуды ресми қабылдайды. Соның әсерінен, исламның кей аймақтарында, мысалы, Солтүстік Африка берберлерінде «әулиелерге табыну» Алланың өзін ығыстырып тастайтындай жағдайға жетеді. Бұл дәстүр исламның қиыр шығысын құрайтын түркілерге де тарады және ол әлі де жалғасып келеді. Сондықтан, көнетүркілік дүниетанымнан бастау алатын аруаққа жүгіну дәстүрі қазақ және өзге түркілік жұрттарда исламмен біте қайнасып кеткен болатын. Сол себепті, іштей түбегейлі өзгерістерге ұшырай бастаған (ол болашақта діни ыдырауға ұласуы мүмкін) дінді қорғау қажеттігі туды. Сөйтіп, ХVIII-ші ғасырда «исламды бастапқы қалпына келтіруді» көздейтін «уақабтық» ағым өмірге келеді. Олар «Аллаға серік қосуды» болдырмаймыз деп жихад жариялап, мазарларды ғана емес, Меккедегі Қағбаның қара тасын да қиратып тастауға әрекеттенді. Уахабшылар өз ағымын қарудың күшімен таратудан қашпайды (Соның бір мысалын Ауғанстаннан көруге болады –2001 жылдары ауған талибандары тарихи- діни құнды Будда ескерткіштерін жарып жіберді). Міне, исламның дін ретінде бөлшектенуінің қысқаша тарихы осы. Мұны білу бізге не үшін керек? Бірінші, Қазақстан – ислам әлемінің шекаралық аймағына жақын орналасқан мемлекет. Сондықтан, қазақстандықтардың салт-дәстүрі мен дүниетанымының, мәдениетінің фундаментальді ислами құндылықтардан біршама өзгешелігі бар. Бұл – қазақ халқының ұлттық мәдениетін құрайтын, халықтың ұлттық болмысын айқындайтын рухани құндылықтар. Сол себепті, бұл құндылықтар халықтың бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз етуші рухани күш болып саналады. Егер, осы рухани тұтастыққа сына қағылса, онда халық та діни топтарға бөлініп алып, тұтастығынан ажырай бастайды. Мұндай жағдай халықтың мемлекеттік дамуын артқа итереді. Екінші, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, рухани салада дінге деген құлшыныс пайда болды. Бұл – заңды құбылыс болатын: себебі, кеңестік заман халықтың тарихи және діни санасын шектеу арқылы қазақ тарихын бұрмалап, халықты «бұратана халықтар» санатына қосқан еді. Осы империялық басқыншылық-озбырлық көзқарасқа тойтарыс беру үшін, тәуелсіздіктен кейін «тарихты түгендеумен» қатар, діни тұрғыда да тәуелсіз саясат жүргізуге тура келді. Еліміздің жастары «ислам отарлықтары» деп аталған елдерге оқуға аттанды. Бірақ, қазіргі заман мұндай қадамның қате екендігін көрсетті. Себебі, бірнеше ағымға, жетпіске жуық секталық бағыттарға бөлінген қазіргі ислам – қазақ халқының жүздеген жылдар бойы қалыптастырған діни көзқарастарынан, елдік санасынан мүлдем алшақ болып шықты. Сөйтіп, әртүрлі елдерден әртүрлі діни білім алып келген жастар, ұлттық сананы өздері білетін «діни біліммен» ұштастыру әрекеттеріне көшкеннен соң, көп ұзамай, олардың уағыздары қазақ дәстүрі мен салтына қайшы келе бастады. Оларға ерген жастардың қоғамның бөлінуі − «отбасылық және мемлекеттік тұтастыққа» кері әсер ету қаупі пайда болғанынан хабар береді. Бұған сыртқы күштердің де ықпалы болуы мүмкін екендігін жасырмаймыз. Сондықтан, бұл іске мемлекет араласып, көптеген радикалды діни ағымдардың әрекетіне сот арқылы тыйым салынды. Үшінші, Қазақстан – өзін «зайырлы мемлекетпіз» деп жариялады. Соған сай, мемлекетте ғылым мен білімге, мәдениетке басымдық беріледі. Дегенмен, діни білімнің төмен болуы себепті, халықтың діни радикализмге қарсы тұру иммунитеті де төмен болатынын білетін, «заманауи діни уағыз технологиясын» жетік меңгерген секта өкілдері – діни уағызды өз мақсаттарына шебер қолдануға қол жеткізді. Мысалы, оның бірі – «сенім мен діннің арақатынасы» мәселесі. Жалпылама түсінікте, адамдар бұл екі ұғымның арасын ажырата бермейді. Осыны пайдаланған радикалды дін «дін – құдайдан түскен» деген уағызын жүргізеді. Бұған шынайы сенген адам «дінге қарсы келу – Құдайға қарсы келу» деген ой шырмауына түсіп, дін өкілінің айтқанына толық көнеді. Бірақ, әлемде исламнан басқа да діндер бар екені, олардың әрқайсысының «өз шындығы» бар екенін ешкім назарға алмайды. Сөйтіп, олар «тек қана ислам діні ең дұрыс дін» деген қармаққа түседі. Шын мәнісінде, діннің астарында Құдай-Жаратушыға сенім бастапқы тұрады. Өйткені, Құдай барлық діндерде «абсолютты ақиқат» болып саналады. Ол – шексіздік. Яғни, адамзат білім арқылы шексіздік көкжиегін үнемі кеңейтеді. Әрбір жаңа ашылған ғылыми жаңалық – «Жаратушы жұмбағын» адамға бір табан жақындата түседі. Бірақ, ой әлемі шексіз болғанымен, сананың мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті, адамның алдында үнемі жаңа сұрақтар қойылып отырады. Бірақ, оның көбіне қазір жауап беру мүмкін емес. Міне, осы «шекара аймағынан» тысқары тұрған тылсымды «Құдайдың құзіретіндегі әлем» деп санап, адамдар Ұлы Жаратушыны мойындайды. Бірақ, бұл «Құдайдан түскен дін» емес, бұл – адамның рационалды ойлауы арқылы қол жеткізген «Құдайға деген сенімі» болып табылады. Төртінші, сондықтан, осы мысалда көрсетілгендей, «Сенім» және «Дін» ұғымдарының арасын ажырата алмау – өмір тәжірибесі аз, білімі толық емес жастарды «соқыр сенімге» жетелеп, оларды радикалды дінге итермелеуде.Сол себепті, қазіргі кезде мемлекеттің де, қоғамның да алдында ғылым мен білімді дамыту міндеті тұр. Тек қана білімді қоғам ғана соқыр сенім жетегінде кетпейді.
Қазақстан – тарихы тереңге кететін халықтың құрған мемлекеті. Біздің арғы аталарымыз Жаратушының бар екенін исламға дейін де мыңдаған жыл бұрын танып, соған сай өз тарихын жасаған, өз жазуы мен өз мәдениетін өмірге келтірген. Ең алғашқылардың бірі болып атқа міну мәдениеті мен металлургияны ойлап тапқан. Ендеше, біз өз тарихымызды «асқақ тарих» деп мақтанышпен айта аламыз. Біз – қазіргі тарихқа ойда жоқтан, кенеттен қосылған халықтар қатарынан емеспіз! Ендеше, біздің Жаратушыға деген сеніміміз де басқа бір халықтардың «ксерокөшірмесі» болмау тиіс! Ендеше, осыдан келіп «біздің халықтың «тұлғалық болмысы» одан әлдеқайда жоғары тұр» деген қорытынды шығады. Яғни, егер, қарапайым тілмен айтсақ, онда, «қазақ халқының ұлттық тәрбие жүйесінің, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпы мен мәдениетінің, оқу мен білімінің, тілінің ұлтты ұлт ретінде қалыптастыруға, ұлтты әлемдік қауымдастықта өзін-өзі айқындаған, ұлттық келбеті қалыптасқан халық ретінде танытуға қуаты, потенциалы толығымен жеткілікті» деп сеніммен айта алады екенбіз! Ол – көктейтін, өсіп-өнетін, жапырақ жайып, жеміс беретін ортамыз, өзіміздің төл табиғатымыз, бүтін болмысымыз!

ЕЖЕЛГІ ГРЕК ЖӘНЕ ПРОТОТҮРКІЛІК МӘДЕНИЕТТЕРДІҢ СИНКРЕТТІЛІГІ

Үстіміздегі жылы әл-Фарабидың 1150 жылдық тойы тойланады. Сондықтан, фарабитану шеңберінде бұрын көтерілмеген, тек тарихи деректерде аздап айтылатын мәселеге назар аударуды жөн көрдім. Мұны жаңалық дей де алмаймын. Тіптен, мұндағы айтылған мәселеге келіспеушілер де болуы мүмкін… Алайда, халықтар мен елдер арасындағы мәдени қатынастар барлық кезде болған және бола береді дей отырып, әл-Фарабидің ежелгі грек – антикалық мәдени мұраға ену процесінің бір қырына тоқтала кетуді жөн санадым.
Өзін әл-Фараби ілімінің заңды мұрагері санайтын қазақ халқы үшін бұл да маңызды мәселе болар деп ойлаймын.

Ежелгі гректер шығыстағы көршілері − көне түркілермен тығыз байланыста болған… Бұл тарихта дәлелденген факт. Олардың небір ойшылдары скифтер жайлаған далаға барып, өздерін сол жерде танытуды үлкен дәреже санаған. Геродот мұнда сапар шегіп, скиф-сақтарды аттың үстіне жабысып қалған адамдар деп те атаған. Сол кездің өзінде «скифтер мен сақтар гректермен сауда-саттық жасаған, оларға астық, ет, бал апарған» деп жазады. Сондықтан, осындай қарқынды қарым-қатынаста болған халықтардың мәдениетінде өзара ықпал болмауы мүмкін бе? Ондай ықпал болғанына көне грек әдебиетін, мифологиясын зерттей отырып, көптеген деректер табуға болады… Онда көне түркілерге тән дәстүрлер мен дүниетаным жанама – гректенген түрде айтылады. Соның бірі – Сизиф туралы аңыз. Сизиф өлген соң оның артынан ас берілмейді дейді аңыз. Содан бір күні Сизиф Құдайға: «Маған арнап ас берілмей жатыр, реттеп келейін» деп өтінеді. Сөйтіп, Құдайды алдап, қайта тіріліп кетеді. Бірақ, уәдеде тұрмайды. Сосын, оны Құдай жазалап, түнекке қайта тығып, тас домалатқан «сизиф тірлікке», яғни, өнбейтін тірлікке жегіп қояды…
Бұл аңыздың түркілік дүниетанымға қандай ұқсастығы бар? Ол үшін мыңдаған жылдардан келе жатқан «түркілік» дәстүрге шолу жасау қажет: түркілердің сенімі бойынша, адам жаны өлмейді. Тәнге қонақтаған жан, тән қаза болғанда − тәнге бір кіріп-бір шығып мазасыздана бастайды. Сол кезде оны тыныштандыру үшін оған арнап ас беріледі. Жеті күн бойы дастархан жаюлы тұрады. Себебі, ол түсінік бойынша, жеті күннен кейін тәннен «жауап болмағасын», жан оны жиі тастап шығады бастайды. Ал, қырық күннен кейін, «күдерін үзген» жан тәнді мәңгілікке тастап кетеді (қарапайым тілде бұны «ет пен сүйек ажырайды» деп айтады). Сөйтіп, жан өзінің мекені – тәнді тастап шыққан соң аруаққа айналады дейді. Сондықтан, осыған байланысты, соңғы рет оған арнап қырық күндік ас беріледі. Ал, бір жылдан кейін берілетін Ас – «Аруақтар риза болсын» («Аруақ дәметіп жүр» деп), яғни, «Аруақтар ұрпағынан алыс кетпесін, ұрпағын желеп-жебеп жүрсін» («аруақ атпасын») деген мақсатта беріледі. Себебі, сақтардың түсінігінде адамға «Аруақ қонады», басқаша айтсақ, «жанның қайта тірілуі» мүмкін (реинкарнация). Мұндай – «Аруақ қону» мүмкіндігі түркілік дүниетанымда Жеті Атаға дейін созылады. Бұл сенім ежелден қалыптасқан. Сөйтіп, бұл дәстүр бейнелі түрде «жан азасы» деген атқа ие болған. Бұл көне түркілерден келе жатқан дәстүр деп сеніммен айтуға болады! Себебі, өзге халықтарда, соның ішінде ислам діні пайда болған араб елінде де ондай түсінік жоқ. Ал, сақ-скифтер мекені болған Алтай жерінде адамдарды қару-жарағымен, мінген аттарымен бірге жерлеген бірнеше мыңдаған жылдар бұрынғы қорымдар табылуда. Мысалы, Берел қорығында адаммен бірге он екі ат жерленгені білгілі. Яғни, ол ертедегі прототүріктердің «аруақ атқа мініп жүрсін» деген сенімінен туындаған. Міне, жоғарыда аталған «Сизиф» аңызындағы «ас берілмей жатыр» деген сюжеттің осы дәстүрмен үндес екені айқын көрініп тұр.
Ал, енді, философияда бұл сюжет Платонның еңбектерінде (Космология души) кездеседі. Мысалы, онда «Шарықтап ұшқан жан Құдайға мейлінше жақын ұшып, одан қуаттанып, қайта айналып – Ұлы адамдарға қонады» (ғылыми тілде – реинкарнация). Егер, адам жаны жерде шаршап қалған болса, ол көкке көтеріле алмай, төмендеп ұшады. Ол жан қайта айналып, құл-құтанға қонады. Немесе итке, түлкіге, бақа-шаянға да қонуы мүмкін. Қараңыздар, бұл ұғым беріде өмір сүрген Кенесарының «әйгілі түсімен» қалай үндес! Оны да жыраулар, «ұрпағыңыз бақа-шаян сияқты майдаланып кетеді» деп жорыған ғой… Қарап отырсаңыз, сақтардың «аруақ қонуы» мен Платонның «Жанның қайта айналып қонуы» өте ұқсас екен! Ендеше, Платон ілімін де көнетүркілердің дүниетанымының бір көрінісі, екі халықтың мәдениетінің синкреттілігі десек қателеспейміз. Оның мысалдары жеткілікті. Төменде оған кеңірек тоқталамыз.
Жоғарыда айтылғандай, Аристотельдің Платон мектебінен шыққанын білесіздер. Бірақ, өсе келе ол Платонмен принципті мәселеде келіспеді. Ол – Платонның дүниені «заттар әлемі» және «идея әлемінен» деп бөлуі болатын. Платон кез келген зат идеяның көшірмесі ғана деді. Сондықтан, Аристотель Затты Идеядан бұлай бөлуге болмайды, идеяны барлық қоршаған ортадан бөліп алып, «таза идея» ретінде ғана алу – шындыққа сай емес. Өйткені, бізді қоршаған ортаның өз сипаттары бар, олар – ұзындығы, ені, уақыты, тыныштық жағдайы не қозғалысы және басқалары. Ендеше, материалды дүниемен байланыспаған таза Идеяның болуы мүмкін емес. Барлық заттар Идеяның көшірмесі болып табылады. Бірақ, кез келген зат өз орнында, өз формасында өмір сүреді. Мысалы, әр заттың өз аты бар. Соған сәйкес сипаты бар. Шынында да, кез келген зат идеяның материалданған түрі болуы мүмкін. Бірақ, ол заттың өз бетімен қозғалуына, дамуына кедергі емес. Осы тұрғыда, әл-Фарабидің өскен ортадағы қалыптасқан «әлемнің жаратылысы» туралы Тәңірлік идеяны еске түсірейік. Көне түркілер айтады: – «Бұл әлемде Тәңірден өзге түк болған жоқ. Кеңістік бос тұрды. Тәңір бос кеңістікті немен толтыруды білмей, ақыры өзін-өзі жарды. Сөйтіп, бос кеңістік Тәңірдің тозаңымен толып кетті. Ақыр соңында, Тәңірдің әрбір тозаңынан Жер, өсімдік, жануар, адам, яғни, мына әлем пайда болды» дейді. Сондықтан, Тәңір жаратқан тіршілік түрлерінің бәрі (табиғат) бір-біріне бауыр. Себебі, жаратылысы бір, негізі Тәңірден ұшқан тозаң!
Енді, осы идеяға қарасақ, онда Тәңір – таза идея! Ал, мына әлем – Тәңірдің көшірмесі. Бірақ, мұнда әрбір тозаң, өзі пайда болған соң, енді, Тәңірден (яғни, Идеядан) тыс, өз бетінше дамып, адам – адамға, жылқы – жылқыға, қой – қойға, ағаш – ағашқа айналуы тиіс. Олай болмаса − Тәңірдің өзі (таза Идея) ретінде еш мағынасыз болып қалады.
Мінеки, байқасақ, Аристотельдің айтып отырған формалары – осы «Тәңір тозаңдары» емес пе? Ал, осы дүниетанымды бала кезінде жадына сіңірген әл-Фараби Аристотельді алғаш оқығанда қандай күй кешу керек еді? Әрине, ол бірден Аристотельді мойындады, оны «Бірінші ұстаз» деп жариялады, әрі, одан үйрену барысында өзі де «Екінші ұстазға» айналды!
Ежелгі Гректер мен Ежелгі Сақтар мәдениетінің, дүниетанымының синкретті дамуы – оларды Құдай туралы түсініктерінде де жарқын көрінеді.
Енді Құдайларға тоқталайық:
Гректерді Бас Құдай – Коронос болып саналады.
Сақтарда – Көк Тәңірі (Күн мен Аспан – тіршілік көзі).
Гректерде – қалған құдайлардың әкесі Зевс. Қалған Құдайлар – Посейдон (теңіз құдайы), Аид – жер асты құдайы, Бахус – жүзім құдайы және т.б.
Сақтарда – Тәңірдің қосағы Ұмай ана, сонымен бірге әр тіршіліктің өз Киесі болады. Мысалы, Қамбар ата, Шопан ата, Зеңгі баба, Сексек ата, Ойсыл қара. Сақтарда да Құс, Аң, Жер-Су тәңірі деген ұғымдар бар. Қазақтар әлі күнге дейін малды құрбандық етерде оның Киесінен кешірім сұрайды. Бұл жерде ескере кететін бір нәрсе мынау: Гректер жермен айналысқандықтан, олардың «кіші Құдайлары» өсімдіктермен көбірек байланысты. Ал, Сақтар малмен айналысқандықтан олардың Киелері малдармен байланысты екендігі. Ал, мұқият қарасақ, олардың арасында принципті айырмашылық жоқ болып шығады. Міне, осыдан барып Фарабидің тәрбиемен қанына сіңген, санасында сақталған көнетүркілік дүниетанымы мен Аристотельдің философиялық ойларының сәйкес келуі туралы табиғи қорытынды шығады. Сөйтіп, әлемнің Екі Ұстазының арасындағы байланыстың мазмұны, заңдылығы анықталады. Себептері де белгілі болады. Сөйтіп, әл-Фараби мен Аристотельдің дүниетанымдық рухани байланысы Ежелгі Сақтар мен Ежелгі Гректер мәдениеттерінің синкретизмінен туындауы мүмкін деп қорытындылаймыз. Айтпақ ой осы еді.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!