• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Келбет
  • >
  • Некесіз жыныстық қатынастың және қаламаған жүктіліктің психоаналитикалық себептері мен алдын алу жолдары

Некесіз жыныстық қатынастың және қаламаған жүктіліктің психоаналитикалық себептері мен алдын алу жолдары

  • 22.01.2020
  • 538 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі таңда дүниежүзілік әлеуметтік саясат жүргізіп отырған бағыттардың бірі – ер мен әйелдің құқықтық және тұрмыстық теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған гендерлік ұстаным. Ол бастапқыда батыс елдеріндегі  әйелдердің құқығын қорғау үшін құрылған феминизм қозғалысынан тамыр тартады. Бірақ ол кейіннен тек нәзік жандылардың ғана емес, ерлердің де тең құқылығын қамтамасыз ететін гендерлік саясат және оны теориялық тұрғыдан зерттейтін әлеуметтану, саясаттану, әлеуметтік философия мен әлеуметтік психология ілімдері тоғысындағы гендерология ілімі болып қалыптасты. Болашақта гендерология әрі қарай дами келе, неогендерология іліміне қарай ауысуы ықтимал. Бұлай аталмаса да қазіргі уақытта гендерология ілімі өзінің обьектісі мен бағдарын жаңартып келе жатыр. Соның бір арнасы – этногендерология, яғни әр ұлттың  өз болмысына, діліне, таным-түсінігіне сай таза тәжірибелік ғылым мен саясатты үйлестіруі. 

Жалпы «Неогендерологияның» зерттеу аймағын былайша бағамдай аламыз: әйел адамның ғана емес, ер адамның да мүддесі мен құқығын қорғау, ажырасудың алдын-алу, отбасындағы ұл мен қыз тәрбиесі (әсіресе, қыз бала тәрбиесі), жастардың денсаулығы мен оптимистік көңіл-күйін тұрақтандыру, бала тууды көбейту, жастар арасындағы суицидті азайту; жастардың діни жат ағымдарға еріп кетуінің алдын алу, бір жынысты некелерді болдырмауға атсалысу, болмысы мен рухы бойынша әйел секілді еркектер (феминистік) немесе ер адам сияқты әйелдердің (маскулиндік) артып кету ықтималдығының алдын-алу, постгендеризмдік құбылыстарды (жыныс мүшесін ауыстыру, екі жынысты бір адам жасау, т.б.) тежеу үшін алғышарттар ұсыну, т.б. Бұл орайда ұлттық құндылықтарымызға сай келмейтін, батыстық үлгідегі жағым-сыз өмір салттарының бірі – жастар арасындағы жоспарланбаған жүктілік пен некеге дейінгі жыныстық қатынас мәселесі осы этнонеогендерологияның зерттеу аясына кіреді. Сондықтан, жоспарланбаған жүктілік пен некесіз қатынастың алдын алу мәселесін бүгінгі таңдағы ұлттық құндылықтарымызды сақтаудағы маңызды шарттың бірі деп пайымдаймыз.
Бұл кейбір батыстық рухани-адамгершілік құндылықтарға барынша бет бұрған таным үшін аса жағымсыз құбылыс емес, қалыпты жағдай ретінде қабылданса, ұлттық құндылықтарды жоғары бағалайтын сана үшін теріс үдеріс болып табылады. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған жасөспірім аборт жасатады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2011-2016 жылдары жасөспірімдер арасында жүктіліктің 33 мың 51 фактісі, оған қоса 15 және 18 жастағы қыздардың 9906 жасанды түсігі тіркелген. 2016 жылы 79 мың әйел жасанды түсік жасатқан. Олардың 1418-і 15-17 жастағы қыз балалар, соның ішінде 16 қыз 15 жасқа да толмаған. Бұның салдары әрбір қыз бала үшін қаншалықты ауыр екені белгілі. Ерте жүкті болу жасөспірім қыздардың денсаулығына орасан зиян келтіріп, оның соңы қайғылы жағдайларға ұласып жатады. Елімізде өршіп тұрған бедеуліктің бір себебі де осы жасанды түсіктен бастау алады. Жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынас, ерте жүкті болу және түсік тастау, жас қыздар арасындағы суицидтің көбеюі – осының барлығы еліміздің демографиялық ахуалына да кері әсерін тигізеді.
Бұндай қоғам үшін қауіпті беталыстың алдын алу тек педагогтардың міндеті емес, ол еліміздің әрбір саналы азаматының да борышы. Демек, біз ең алдымен оны теориялық түрде зерделеп, психоаналитикалық астарларын ашып, алдын алудың жолдарын ұсынатын боламыз және бұл құбылыстың қыз балаларға қатысты қырларына тоқталамыз. Бұл үшін, алдымен, жастар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысымен таныстырып өтейік. Анонимді сауалнама жоғары оқу орындарының 1-2 курс студенттері арасында жүргізілді. Жауаптарды өңдеуден кейінгі нәтижелер мынадай: «Ұлдар мен қыздар арасындағы қарым-қатынас мәселелері сені неше жастан бастап қызықтырды?» деген сұраққа 20%-і 11-13 жастан, 45%-і 14 жастан деп жауап берді. Жыныстық мазмұндағы фильмдерді көрген-көрмегені туралы сұраққа 90%-і «иә» деп жауап берді. Олардың 25%-і 11-13 жасынан, 57%-і 14-16 жасынан осындай фильмдерді қараған. «Жыныстық жетілу жөнінде ата-анаңмен әңгімелестің бе? Неше жасыңда?» деген сауалға 80%-і «жоқ» деп жауап берді. Олардың 12%-і ғана ата анасына 11-13 жасында осындай сұрақтар қойған.
«Жыныстық жетілудің ерекшелігі туралы алғашқы ақпаратты қайдан алдың?» деген сауалға қыздардың 9%-і ата-анасынан, 43%-і достарынан, 42%-і интернеттен деп жауап берді. Ал, ұлдардың 47%-і достарынан, 45%-і интернеттен білген.
Келесі сауал жыныстық қатынасқа ерте түсудің себептері туралы болды. «Өзімді жалғыз сезінбеу үшін»: қыздар – 12%, ұлдар – 7%. «Ата-анама тәуелді еместігімді көрсету үшін»: қыздар – 11%, ұлдар – 43%. Өз «менін» дәлелдеу үшін: қыздар – 7%, ұлдар – 20%. «Бәрі солай істейді»: қыздар – 24%, ұлдар – 15%. Ұнататын адамынан айрылмау үшін: қыздар – 42%, ұлдар – 6%.
«Жыныстық қатынас кезінде «қорғану» туралы білесің бе?» деген сауалдың жауаптары: 76%-і хабардар, 24%-і білмейді және контрацептивтерді пайдаланбайды (олардың арасында жыныстық қатынасқа түспегендер бар). «Егер жүкті болып қалсаң, не істейсің?» деген сауалға қыздардың 80%-і жүктілікті үзетінін, 11%-і білмейтінін айтты. Ұлдардың 75%-і баланы сақтау керек деп есептейді.
«Жүкті екеніңді ең алдымен кімге айтар едің?» деген сауалдың жауаптарына сәйкес, ата-анасына қыздардың 5%-і ғана айтады. Достарына – 17%, туыстарына – 7%, өзі шешетіні – 60%.
Айта кетерлігі, жасөспірімдердің көпшілігі жыныстық қатынасқа 18 жастан бастап түсуді қалыпты санайды. Бұл ретте неке мәселесі олар үшін маңызды емес.
Жасөспірімдердің барлығы дерлік жыныстық қатынаста қорғанудың қажеттілігін, жыныстық жолмен берілетін ауру түрлері бар екенін біледі. Бірақ, өз денсаулығына жауапкершілік ең алдымен өзіне жүктелетінін аңғара бермейді. Ұлдардың көпшілігі жыныстық қатынас кезінде қорғану қыздардың міндеті санайды. Тек 34%-і екеуі де жауапты деп есептейді.
Сауалнама барысында анықталғандай, жасөспірімдер жыныстық қатынас туралы ақпаратты ең алдымен достарынан, одан кейін БАҚ-тан, интернеттен алады. Бұндай жағдайда жыныстық қатынас жайлы ақпараттың бұрмаланып жетуі ықтимал екені күмән туғызбайды.
Осылайша, сауалнама қорытындысы оқушы жастардың жартысына жуығы жыныстық қатынас туралы білетінін, олардың өмірінде жыныстық қарым-қатынас бар екенін көрсетті. Сондай-ақ, жасөспірімдердің көпшілігі контрацепция мәселесіне жеткілікті мән бермейтіні ересектерді ойландыруы тиіс. Әсіресе, олардың жыныстық қатынасты ерте әрі некесіз жағдайда бастауды қалыпты деп есептеуі алаңдатпай қоймайтын жайт. Әлі оң-солын танымайтын жастағы оқушылар жыныстық қатынасты ерте бастаудың салдары туралы ойлана бермейді. Контрацепция, жүктілік, жыныстық аурулар жөніндегі жауапкершілікті де олар айқын сезінбейді. Бұл сауалнама жасөспірімдердің жыныстық жетілу, ерте жыныстық қатынастың теріс салдары, контрацепция құралдары, жыныстық қатынас мәдениеті туралы білімдері жеткіліксіз екенін дәлелдейді.
Олай болса, мынадай нақты сауал қоямыз: «Қыз балалар некеге дейінгі жыныстық қатынас пен жоспарланбаған жүктіліктің жағымсыз мәнді екендігін біле тұра оған қалай барады?». Бұл мәселеде біз психоанализ әдісін қолдана отырып, өзіміздің ой түйіндерімізді былайша ұсынамыз және алдын алу жолдарын көрсететін боламыз.
1. «Эксгбиционистік дайындық синдромы» деп атауға болатындай құбылыс. Қазіргі кезде заман ағымына орай, қыз балалар қимыл-қозғалысқа оңтайлы болу үшін әрі сән ретінде жеңіл киім үлгілерін киеді: қысқа юбка, белі ашық кофта, т.б. Бұл қыз балалардың бойында өздігінен-ақ ерікті-еріксіз түрде жыныстық қоздыруды шақырады. Бұл қозулар бірнеше жылға созылып, осындай киім үлгілерін кию олар үшін қалыпты, «дұрыс» деп есептеліп, үйреншікті дағдыға айналады және оны киюге деген құштарлық артып отырады. Осындай бірнеше жылға созылған үздіксіз қозу түптеп келгенде, некеге отырмаса да жыныстық қатынасқа қарай бейсаналы түрде еріксіз жетелейді. Қыз баланың санасы мен тәрбиесі оған амалсыз көндігеді. Нәтижесінде, бірнеше жылға созылған қозу мен жыныстық қатынасты бейсаналы түрде аңсау бойынша психикада табуларды (тыйымдарды) алып тастайтын төңкерістер орнайды. Ол, алдымен, мазасыздану, себепсіз ренжу сияқты депрессиялар түрінде көрініс табады да, некеге отыруды күтпей-ақ сәті келген ер адаммен жыныстық қатынас жасауға алып барады. Тәнін жалаңаштаған сайын бейсаналы түрде ләззат алу психоанализде «эксгбиционизм» деп аталады. «Ашық-шашық жүру» осы эксгбиционизмнің жеңіл түрі және ер адамдарды бейсаналы түрде өзімен жыныстық қатынасқа шақырудың жасырын формасы. Бұл құбылысты қазақ халқы: «Буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзбейді» деп мақалдайды.
Ғалымдардың зерттеулері бойынша, эксгбиционизмге ер адамдарға қарағанда әйел адамдар құштар болып келеді. Сонымен қатар, 10 жас шамасындағы қыздар осы құбылыстың «құрбандары» болады екен. Өйткені, қоғамдық талғамда әйелдердің стриптизі оңды қабылданса, ерлердің стриптизі жағымсыз мәнде қабылданады.
2. «Жыныстық қатынас обьектісін іздеу синдромы». Қыз бала есейген сайын өзінің сүйіктісін, өзін сүйетін жұбын саналы-бейсаналы түрде іздей бастайды. Бұл балалық аңғалдықпен, жыныстық қатынасты аңсаумен қатар жүреді. Өмірдің бір сәттерінде оны тапқандайда болады. Осы тұста қыз балалардың бойында мынадай кемшіліктер туындайды: табылған жыныстық қатынас обьектісін өзінің өмірлік жарымен шатастырады. Қыз бала өзінің ол адамға деген «махаббатының» (жалған, алдамшы махаббатының) тек жыныстық қатынасты аңсаушылықты қанағаттандыру сезімі (алабұртуы) екендігін сезбейді. Ол көп жағдайда мінезі өрескел, дене бітімі ширыққан ер адамдарға кезігеді, өйткені, жыныстық серіктес оның бейсанасы үшін «физиологиялық мықты» болуы тиіс. Сөйтіп, бұндай «мықтыны» таңдау мен бейсаналы аңсаулар бір кездерде жыныстық қатынасқа алып барады. Кейіннен, бұл аңсау қанағаттандырылғаннан кейін, қыз бала өзінің болашақ жары ол емес екендігін түйсінеді, демек, ол тек жыныстық қатынасқа түсуге ұмтылдырған обьект қана болып шығады. Ал, шынайы отбасын құратын ер адамға ол бастапқыда бет бұрмауы ықтимал, кейіннен өмір шындығына бас иеді. Немесе ол өзі ұнатқан, ғашық болған әдемі жігіт өзінің болашақ жары болмайтындығына жүз пайыз сенімді бола тұра, онымен жыныстық қатынасты саналы-бейсаналы түрде қалап, оған өзінің ым-ишарасын білдіріп, ақыры бұл үрдіс жүзеге асады. «Әрине, жас қыздардың ішінде ненің халал, ненің харам екенін, оның зардап-зиянын түсінбей, жақсы көрген жігітімен жыныстық қарым-қатынасқа түсіп, кәмелеттік жасқа толмай екіқабат болып қалатындар көп», – деген пікірлер осының айғағы (Ерте жүктіліктен сақтану// Инфо-Цес.-№50.-23.12.2016).
Қазақта «Қыз бала екі жағдайда соқыр болады: бірі – тұрмысқа шыққанда, екіншісі түзде дәретке отырғанда» деген мақал бар. Осы тұста бұл мақалды тақырыпқа байланысты былайша өзгертіп қолдануға болады: «Қыз бала өзінің жыныстық обьектісіне кезіккенде (ол болашақ жары немесе жары емес пе, оған байланысты емес) соқыр болады».
3. «Шау тарту синдромы». Қазіргі заманға сай тұрмыс құру жасының ұзаруы. Жастарымыз, оның ішінде қыз балалар да тұрмыс құруға асықпайды, әуелі төрт жыл білім алып, одан соң оны әрі қарай жалғастырып немесе жұмысқа орналасып, өзінің материалдық жағдайын оңтайландырып барып отбасын құруды мақсат етеді. Бұндай тежеулер табиғи ағзаның жыныстық қажеттіліктеріне қайшы келеді. Қазақтарда: «Қыз он беске келген соң шау тартады, Әкесі мен шешесіне жау тартады» деген мақал бар. Он бес жастан бастап (шамамен), физиологиялық жаратылысына байланысты қыз балалардың жыныстық қатынасқа түсуге деген ұмтылыстары байқалады. Сондықтан, халқымыз қыз баланың абыройының сақталуының бір кепілі, оның қателікке ұшырамауының бір шарты – қызды ертерек (16-17 жас) күйеуге ұзату деп білген. Кейіннен қыздың 18 жасы тұрақты, толыққанды, тұрмыс құруға ыңғайлы болып белгіленді. Ал, қазір бұл өлшем шекарасы 25 пен 30-дың аралығына дейін көтерілген сыңайлы. Осыншама жасқа дейінгі жыныстық қатынас табуы (тыйым салуы) түптеп келгенде некеге дейінгі жыныстық қатынасқа итермелейді, қыз бала оны өзі саналы түрде сезбесе де, бейсаналы түрде кез-келген обьектімен жыныстық қатынасқа түсуге дайындала бастайды.
4. Біздіңше, «Алданып қалу синдромы» деп атауға болатындай құбылыс та осы некеге дейінгі жыныстық қатынасты ақтап алатын әлеуметтік-бұқаралық миф болып табылады. Психология ғылымы дәлелдегендей, әйел адамның интуициясы ер адам интуициясынан әлдеқайда тез жетілген, кемелденген болып табылады. Егер сұхбаттасып отырған серіктесі өтірік айтса, ер адам оның айтқаны өтірік әлде шын екендігіне көп мән бере қоймайды және сол сәтте нәтиже шығара салмайды. Ал, әйел адам оның өтірік екендігін біліп, неліктен өтірік айтып отырғандығын ойлап, сол сәтте себебін де шешіп қояды (бірақ кейде интуиция да қателесуі ықтимал екендігін естен шығармаған жөн). Осындай қоғамдық өмірдегі тәжірибе бен зерттеулерге сәйкес мынадай тұжырым жасауға болады: «Кез-келген аңқау деп саналған әйел ең қу деп саналған ер адамды оп-оңай алдай алады, кез-келген қу, айлакер деп саналған еркек кез-келген аңқау әйелді алдай алмайды». Демек, некеге дейінгі жыныстық қатынас сәтіндегі алданып қалу қыз балалардың психологиялық қорғаныш тетіктерінен басқа түк те емес. Егер «Болашақ жарым боласың» деген жігіттің сөзі өтірік болса, қыз бала ол сөзді айтпаса да, жігіттің қимыл-қозғалысынан, көз жанарынан, істеген қылықтарынан жалған екендігін, алдаусырату екендігін көп жағдайда біліп отырады. Олай болса, «мені біреу алдап кетсе екен» деген бейсаналы құрылым некеге дейінгі жыныстық қатынасқа апармай қоймайды. Нақтырақ айтқанда, қыз балалардың сол обьектімен жыныстық қатынасқа түсуге деген құштарлығы оның болашақ жары болуына мүлде қатысты емес. Түптеп келгенде, бұл үдеріс: «Қыз бала өзі қалады, болды» деген айтылмайтын ақиқатпен келіп ұштасады. Демек, кейіннен, обьект болашақ жолдасы бола алмай қалған жағдайда: «Ол мені алдап кетті» деген әлеуметтік мифтермен көмкеріледі, сөйтіп ол өзін-өзі ақтаудың жалпыға ортақ, тиімді, дұрыс сияқты болып көрінетін әдісін таңдап алады.
5. «Зорлап кету синдромы» да көп жағдайда жоғарыдағы «Буыршын көзін сүзбесе, Бура бұйдасын үзбейді» деген даналық сөзбен ұштасып жатыр. Мәселен, қыз бала жарым түнде жалғыз өзі ішімдік ішкен, темекі шеккен күйінде сауық кешінен шығып келе жатады да, кездескен еркектермен әзілдеседі, сыра алып беруін өтінеді, жігіттердің иығынан сипап қояды. Сол сәтте зорлау жүзеге асты делік, бірақ бұндай жағдайда 100 пайыз еркек кінәлі деп айта алмаймыз. Бұл құбылыс психоанализдегі өзгелер өзін қорлаған сайын бейсаналы түрде ләззат алатын «мазохизм» ауытқуымен байланысты. Бұндай асқынған мазохизмді қыз бала саналы түрде біле бермеуі мүмкін, бірақ ол бейсанада күшейе түсіп, жыныстық қатынасқа өзін өзгелер зорлап барып түсіруді аңсаумен келіп ұштасады. Демек, қыз баланың бейсана құрылымында: «Мені біреу зорлап кетсе екен» деген императивтер пайда болады. Сәті келгенде зорламаған еркекті ол аса бағаламайды, оны іске асырған еркекті іштей ұнатып, ер адам ретінде бағалайды және өмір бойы жыныстық аймақ жадысында сақтап отырады. Бұл психоанализ бойынша «Мазохист Садисті іздейді және табады» деген тұжырымымен тиянақталады.
6. «Геннен берілу» деп атауға болатындай әлеуметтік ахуал да некеге дейінгі жыныстық қатынас пен жоспарланбаған жүктілікке алып келеді. Бұл бұрын өзінің анасы осындай жағдайларды бастан кешкендіктің салдарына тікелей қатысты. Яғни, тек психологиялық үдерістерге ғана емес, генетика ілімінің заңдылықтарына сүйенсек, анасының осы күйі кейіннен өзінің туған қызына берілуге дайын тұрады. Қазақ халқы бұны «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, артқы доңғалағы сонда жүреді» деп қысқаша қайырады. Дегенмен, бұл сабақтастық болмай қоймайтын міндетті қажеттілік емес екендігін де атап өтуіміз керек.
7. «Құрбысын қызғану синдромы». Құрбыларының бірі орайы келген бір жігітпен танысып, онымен достық-махаббаттық қатынас орнатады. Ал, аталған қыздың бұндай серіктесі болмайды да, оның санасында қызғаныш сезімі орнайды. Бұл сезім бірте-бірте күшейе түсіп, бейсаналы түрде құрбысын ол жігіттен айыру мақсатына қарай жетелейді. Сөйтіп, «көзін сүзу» басталып, құрбысынан өш алу мақсатында жыныстық қарым-қатынасқа дейін баруды қолға алады. Үдеріс өзінің нәтижесіне жеткен сәтте, қыз бала бармағын тістейді, ал, құрбысының дос жігіті бұрынғы өзінің қызымен тату-тәтті ғұмыр кеше беруі ықтимал. Бірақ қыздың бойында бейсаналы түрде мақсатына жеткен қуанышы мен өкініші қатар жүреді.
Келесі кезекте, қойылып отырған мәселеміздің көпшілікке белгілі болып саналатын әлеуметтік себептеріне тоқталып өтейік.
1.Қоршаған ортасының, құрбы-құрдасының әсері. Құрбыларының арасында кімде-кім (некесіз) осы уақытқа дейін жыныстық қатынасқа түспеген болса, сол «екінші сортты адам», «артта қалған», «қазақбайшылық» деген сияқты түсініктер пайда болады. Демек, пәк қыз өзінің пәктігінен қалай айырылу туралы толғана бастайды да, нәтижесінде өзінің объектісін тауып, жыныстық қатынасқа түсіп, құрбыларына келемеж болмайтындай жағдайға жеттім деп, өзін олармен тең санайтын болады. Олай болса, анасы өзінің қызының кімдермен құрбы болып жүргендігін қадағалап, некеге дейінгі жыныстық қатынасқа түсіп жүрген құрбыларынан жедел айыруы керек.
Ал, екінші жағдайда, «бұзылған» құрбылары пәк қызды қызықтырады. Жыныстық қатынас өмірдің мәні, абсолютті экстаз, ең қуанышты және бақытты сәт екендігі туралы уағыздай бастайды. Бұндай уағыздар кейде жеңгесінің де тарапынан болуы ықтимал. Осыдан, қыз балада «қызықтың бәрін бастан өткізіп көру» түсінігі қалыптасады. «Мен осыны бір көрейінші» деген түсінік белең алып, сәті келгенде үдеріс іске асады.
Құрбылары «қазір пәк қыз болмайды» деген түсініктерін бейкүнә қыздардың санасына енгізумен бейсаналы түрде шұғылданады. Бұл да аса қауіпті дерт. «Өзі сондай болған соң, басқалар да сондай» деген түсінік орнатып алған қорғаныш тетігі өзге қыздарды жыныстық қатынасқа үгіттеумен жалғаса түседі.
2. Әкесіз жартылай жетімдік немесе отбасында ағаларының болмауы. Отбасында «Асқар таудай әкенің» қаншама еркелетсе де қыз бала үшін де, ұл бала үшін де өзіндік бір айбары болады. Осы айбар қыз балалардың некеге дейінгі жыныстық қатынасқа түсуін тежеуге айтарлықтай ықпал етеді. Сондай-ақ, отбасындағы ұлдар, әсіресе, ағалары ержеткен соң бұл «айбар көрсету» қызметін өз қолдарына алады да, олардан қарындастары сескеніп жүретін болады. «Қызға қырық үйден тыю» сәйкесінше, «бір үйден қырық рет тыюға» алып келеді. Бірақ, қазіргі таңда әкесіз отбасылардың саны көп. Сол себепті әкесінен не болмаса ағаларынан айбар мен сес көріп өспеген қыз балалар теріс әдетке бой ұратыны жиі кездеседі.
3.Ішімдік салдары. Бұл ахуал өздігінен-ақ түсінікті жайт. Құрбылары немесе танысқан жігіті қызды ішімдік ішуге үгіттейді. Алғаш рет ішімдік дәмін татқан сәтте ол өзін-өзі бақылай алмай қалады да, ол жыныстық қатынасқа әкеп соғады. Сауыққан сәтте, әрине, бәрі де кеш болады.
4. Байлыққа қызығушылық. Бұл көп жағдайда кедей немесе кедейлеу өмір сүретін отбасындағы қыздарда жиі кездеседі. Күнкөріс қамының қиын-дығынан жалыққан қыз бала дәулетті ер адамға кезіккен сәтте, «пәктігімнен айрылып, осымен жыныстық қатынасқа түсіп отырсам, менің материалдық жағдайыма көмегі тиеді ғой» деген ой қалыптасады немесе сол көмекті ер адамның өзі ұсынады. Басында келіспеген қыз кейіннен ойланып-толғанып ақыры келісуі ықтимал. Бұл жағдайда, дәулетті ер адамның әйелі бар ма, жоқ па, ол маңызды емес болып шығады.
5. Қоздырушы дәрілер ішу. Бұл ер адам-дар тарапынан болатын жайт. Бүгінгі таңда қыз балалардың көпшілігі жыныстық қоздырушы дәрілердің бар екендігін, оны ер адамдар қалай пайдаланатындығын біле бермейді. Мәселен, дәмханаға шақырып, екеуара оңаша отырады. Қыз бала сыртқа шығып кеткен сәтте, ұнтақ қоздырғыштарды оның шырын немесе шай ішіп отырған ыдысына себеді. Бұл қоздырғыш қосылған сұйықтық сыртынан еш байқалмайды. Оны ішкеннен кейін 5-10 минут шамасында қыз балалар өзін бақылаудан айрылып, ер адаммен жақындасуға барады. Соңынан өзін кінәлі сезінеді.
6. Тым көңілшектік. Қазақ дәстүрінде қыз балаларды тым ұяң, жуас, ер адамдардың көңілін қалдырмауға тәрбиелеу үлгілері жиі кездеседі. Бұл жағымды құбылыстың қозғап отырған мәселеге қатысты жағымсыз қыры да бар. Олай болса, төсек қатынасына шақырған жігіттің көңілін қимау, ер адамның айтқанын екі етпеу, әсірекөңілшектік те некесіз жыныстық қатынасқа қарай жетелейтін әлеуметтік-психологиялық себептердің бірі деп айта аламыз.
7. БАҚ-тағы, кинолардағы, бейне-клиптердегі эротикалық көріністердің әсері және оның бірте-бірте өріс алуы, олардың ашық жарнамалануы да некесіз жыныстық қатынасқа қарай жетелейтін факторлардың бірі.
8. Зерігу. Бұл психологиялық, әрі философиялық мәселе. Қазіргі кезде бос уақытты өткізуге арналған әртүрлі шоулар көптеп ұйымдастырылады, олар кейде біртіндеп бейсаналы ұмтылыстарға қарай жетелейтінін жоққа шығаруға болмайды. Халықтың әлеуметтік жағдайының өзгеруі, өркениеттік және техногендік даму зеріккен «қолы бос» адамдардың тұтас бір легін қалыптастырып отыр. Осындай зерігулер жоспарланбаған, некесіз жыныстық қатынасқа түсіп көру қызығушылығын тудырады.
Бұл тұста айта кететін жайт, қыз балалардың некеге дейінгі жыныстық қатынасқа түсуін қалыпты және дұрыс үдеріс деп санайтын және гендерлік саясат арқылы ақтап алатын көзқарастардың да бар екендігі рас. Бұл қазіргі қоғамымыздағы «құндылықтардың қарама-қарсы мәнге өтуі» деп атауға болатын құбылысқа қатысты ахуал. Сондықтан, құндылықтардың ауысу заманында оны анық көре біліп, халқымыздың рухани-адамгершілік келбетін тоқыраудан сақтап қалу – қазіргі таңдағы маңызды іс-шаралардың бірі.

Берік АТАШ,
философия ғылымдарының докторы
Дина ИМАМБАЕВА,
әлеуметтанушы

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!