ТОҚТАҒҰЛ САТЫЛҒАНОВТЫҢ ҚАЗАҚ ЖЕРІ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫСТАРЫ

  • 22.01.2020
  • 337 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қашаннан қонысы мен өрісі бір қазақ пен қырғыздың арасында кең танымал жыр жүйрігінің бірі – Тоқтағұл Сатылғанов. Екі елдің сөз өнерін қадірлейтін зиялы қауымы арқалы ақын, төкпе жыршы Тоқтағұлдың шығармаларын қай кезде де бірлігіміз бен татулығымыздың белгісі ретінде үлгі етіп ұстанады. Қазіргі уақытқа дейін қырғыз поэзиясының тұлғалы өкілінің мол мұрасы еншісі бөліне қоймаған қос халықтың игілігіне айналып келеді.

Жалпы, қырғыз әдебиетінің тарихында екі Тоқтағұл бар. Алғашқысы – ХІV ғасырда өмір сүрген Тоқтағұл Сайдалыұлы. Оның туған жылы да, өлген жылы да белгісіз.Көрші ел әдебиетінің тарихын түзушілер оны шамамен Алтын орданың ханы Жәнібектің тұсында ғұмыр кешкен деп санайды [1, 16]. Бұл Тоқтағұлдан қалған мұраның көлемі біршама. Қырғыз рухының бір баламасы саналатын төкпе ырчының өлеңдері былайша өріледі:
Жалпы түрктө сайраган,
Булбул элем Токтогул.
Чарчабаган аргымак,
Дулдул элем Токтогул.
Тартынбаган ар иштен,
Кургур элем Токтогул.
Качырганын кайсаган,
Тунжур элем Токтогул.
Толубайга жапжакын,
Тууган элем Токтогул.
Топту бузып туу жыккан,
Будан элем Токтогул [2, 22].
Қырғыздың өткен замандағы жақсылары мен жайсаңдары туралы сөз қозғалғанда тілге тиек болатын, бүгінде мәтелге айналып кеткен «Токтогулдай ырчыны айт, Толубайдай сынчыны айт» деген екі ауыз өлең жолы қырғыздың «көмейіне бозторғай ұя салған» қос Тоқтағұлының үлкеніне арналған.
Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған кіші Тоқтағұл – Тоқтағұл Сатылғановтың тек қырғыз әдебиетіндегі ғана емес, бүкіл түркі халықтарының рухани әлеміндегі орны бөлек. 2014 жылы ақынның туғанына 150 жыл толуы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының және Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен бірқатар түркі тілдес елдерде аталып өтті. Бұл әйгілі жыршының мұрасын ұлықтап, оны бауырлас жұртқа кеңінен таныта түсу жолындағы маңызды қадам болды.
Біз 1978 жылы Ленинградта 25 мың данамен басылған «Поэты Казахстана» атты ақындық антологиямызды Мұхтар Мағауиннің арқасында арғы дәуірдегі Қазтуғаннан бастадық [3]. Ал, Қамбаралы Бобуловтың алғы сөзімен шыққан қырғыз бауырларымыздың «Поэты Киргизии» антологиясы осы Тоқтағұлдан бастау алады [4]. Түрлі себептерге байланысты олардың ілкі замандарда ғұмыр кешкен ақын-ырчыларының өлең-жырлары бұл жинаққа енгізілмеді.
Тоқтағұл Сатылғанов 1864 жылдың күзінде Кетментөбе өңірінің Куччу-Суу деген ауылында, Сазжиде деген қыстауда туыпты. Мұның алдында шаңырақта бала тұрмаған соң атын Тоқтағұл деп қойыпты. Ақындық өнер оған шешесі Бұрмадан дарыған көрінеді [5, 340]. Ырчылық жолын айтыстан бастаған Тоқтағұл 1882 жылы Кетментөбенің манабы Диқанбай Рысқұлбековтың маңында жүретін сарай ақыны Арзыматпен айтысып, оны қиналмай жеңеді [6, 64].
1898 жылы әйгілі Әндіжан көтерілісінен кейін ақынға бүлікті ұйымдастырды деген жала жабылып, Сібірге айдалады. Содан 12 жылдан соң елге оралады. Ақынмен бірге сотталған Болат Жыртақовтың естеліктеріне сүйенсек, олар Әндіжан түрмесінен шығып, Красноводскіге, Мәскеуге, Иркутскіге барған [7, 345]. Сондықтан, оның өлеңдерінің көбі қапасқа қамалған тұтқынның көңіл-күйін танытады.
Кетмен-Төбө жериме,
Барып өлсөм арман жок.
Керимбайдан кегимди,
Алып өлсем арман жок.
Агайын тууган элимди,
Көрүп өлсөм арман жок,
Амандык сурап колумду,
Берип өлсөм арман жоқ [5, 347], – дейді Тоқтағұл. Қырғыздың әдебиетші ғалымдарына кейін мемлекеттік сыйлық алып берген, 2012 жылы жарық көрген көптомдық «Қырғыз адабияты тарыхының» бесінші томында мынадай дерек ұсынылған. Тоқтағұл туралы монографиялық тарау жазған Р.Кыдырбаева ақынның түрмеден қайтып келе жатып қазақтар арасында болғанын, оның бауырлас халыққа разылықпен аттанғанын баяндайды. «Сонда жазған «Қазақ жерінде» деген өлеңінде Сүлеймен, Ахмет, Әбітай деген қазақтардың атын атайды» [5, 348], – дейді қырғыз ғалымы.
Ал, енді, осы мәліметтің толықтау және дәлірек нұсқасын Ахмет Мусиновтің 1974 жылы шыққан «Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары» атты монографиясынан кездестіреміз. Қазақ ғалымының мұрағаттан алған дерегі бойынша, Тоқтағұл Сібірден қайтып келе жатып, Қарқаралыға аялдап, Ұзақбай деген кісінің үйіне түседі. Сүлеймен, Сабытай,Сәрсенбай, Жәкетбай (Жәкетай) деген қарқаралылық қазақтармен дастархандас болады. Одан әрі Сәрсенбай Тоқтағұлды үйіне алып кетіп, бір ай бойы қонақ қылады. Сөйтіп, ақын еліне әбден тынығып аттанады. Сол сапарда Тоқтағұл үнемі жырлаумен болыпты. «Қазақ жерінде» деген ұзақ өлеңі де осы мезгілде шығарылыпты. Бұл өлеңнің әдепкі нұсқасы 1200 жолдай болған көрінеді. Бүгінгі күнге азғантай бөлігі ғана жеткен [8, 68]. Қырғыз нұсқасында «Салам айтып турамын, Бир туган казак калкына» деп басталатын Токтағұл жырында ақынның өз болмысы толық көрініс тапқан:
Бир кезекте мен дагы,
Комузды тилге келтирген
Коргошундай жан элем,
Буралган кырчын тал элем.
Түптүү калктын тили элем,
Топ жыйындын гүлү элем [5, 347].
Осы шығарманың сақталған нұсқасы Тоқтағұл Сатылғановтың 2015 жылы қазақ тілінде шыққан кітабында (аударған Жанат Әскербекқызы) «Қазақ жеріндегі жыр» [9, 55-66] деген тақырыппен жарияланды. Онда ақынның тұтқын кезінде көрген қорлығы, басынан кешкен зар-мұңы, бұғаудан босап келгенде құшақ жайып қарсы алған қазақтарға деген ризалық сезімі жан-жақты көрініс тапқан. «Сәлемдесіп мен келдім, Бір туған қазақ жалпыңа! Мүсәпір болып тұрғаным, Сағынғанменен жете алмай, Туысқа, қырғыз халқыма», – деп термеленетін ұзақ жырда ақынның тағылымды ғұмырының бір белесі – он екі жыл айдау мен абақтыда болған сәті баяндалған. Жыр жампозы осы толғауда түрмеден қалай шыққанын айтады («Тозақты зұлым патшаның, Торынан қашып келемін»), өткен өмірін сағынышпен еске алады («Салтанатты халқымда, Сайраған бұлбұл мен едім»), мұнда жеткенге дейінгі мүшкіл халін өлең тілімен өрнектеп («Қапас жолда Тоқтағұл, Қайыршы болып келемін»), жанашыр жұртқа шерін ақтарады («Ағайын қазақ халқыма, Арыз-арманым қозғаған»).
«Қазақ жеріндегі жырдың» көркемдік кестесі ғана емес, деректік сипаты да жоғары. Бұл толғау Тоқтағұл өмірінің жалпы жұртқа белгісіз тұстарына қанықтырады. Оның өз өлеңі арқылы түрмеден қашуына Харитон, Семен, Құсайын деген серіктерінің көмектескенін, Харитон кісеннің кілтін таппаған соң, Семеннің бұғауды бұрап сындырғаны, қолына қомызын беріп, аттандырып салғанын білеміз. Сонымен қатар, ақынның қанша жылға сотталғаны («Жылап жүрген мүсәпір, Жиырма бес жылға кесілгем»), абақтыда өткізген уақыты («Он жыл жатып түрмеде, Қанымның бәрін сорғыздым, Қандала мен бүргеге»), айдауда қай жерде жүргені («Оралдағы орманды, Тауға бардым, Тоқтағұл»),(«Байкал көлдің жанында, Торда жаттым, Тоқтағұл», қай жолмен қашқаны («Омбыдан жаяу келемін, Орыс жерін аралап»), қай мекеннен өткені («Байкалда сексен тескен тау,Басып өтіп келемін»), қазақ топырағына қанша уақытта жеткені («Тоғайлы жерді аралап, Тоғыз ай болды қашқаным») жөнінде мол мәлімет аламыз. Тоқтағұлдың «Тұтқында жүргенде» деген өлеңінде де Ресей жерінде бірқатар халықтың өкілдерімен бірге қазақ пен қырғыздың да басқа түскен азапты бірге бөліскені сипатталады:
Қазақ, қырғыз, өзбектен,
Орыс пенен ноғайдан,
Қарасам, адам көп екен.
Мен сияқты қайғырған,
Ұсталып келген ел екен [9, 51] .
Ахмет Мусинов ұсынған тағы бір дерек мынау. Тоқтағұл Сатылғанов Омбы түрмесінде Оспан деген қазақ жігітімен екі жыл бірге отырады. Оспан орысша таза сөйлейтін білімдар адам болыпты. Ол Тоқтағұлдың біраз өлеңдерін орысшаға аударған. Жазалаушылар Оспанды түрмеде өлтірген. Осыған орай Тоқтағұлдың «Менің досым Оспанға» деген өлеңі бар. Бұл өлеңнің қырғызша нұсқасы да, кеңестік дәуірдегі үздік аудармашылардың бірі Рувим Моран аударған орысша нұсқасы да сақталған. Тоқтағұл өлеңде Оспанның Оралдың қазағы екені, оны түрме бастығы өлтіргені, ақынның досын өз қолымен көмгені жөнінде айтылады. Бұл деректің өлеңдік нұсқасы мынадай:
Аттай қылып адамды
Шанаға шегіп көндірді,
Оралдық қазақ Оспанды
Орысша сөзді білед деп,
Ақ төре атып өлтірді [9, 57].
Жанрлық жағын сараласақ, жоқтау өлең деуге келеді. Бұл – ежелден іргесі бөлінбеген қос халық – қазақ пен қырғыздың бауырластығының, қапасқа қамалған тағдырлас екі достың бір-біріне деген адалдығының жырға айналған көрінісі. Татулық пен тамырластықтың қиындықта шыңдалғанының, тар жол, тайғақ кешуде сыналғанының жарқын үлгісі. Махамбеттің жорықта мерт болған Исатайды жоқтаған өлеңін еске салатын осы өлең Тоқтағұлдың дәуірінде қазақтың бір беймәлім қайсар азаматының ғұмыр кешкенін айғақтайды. Қырғыз поэзиясы алыбының жырына арқау болған Оспанның нақты дерегі шықса, қазақ тарихнамасына да, тоқтағұлтануға да елеулі мәлімет қосылар еді. Бұл өлең Тоқтағұлдың қазақша жарық көрген шығармалар жинағында жоғарыда аталған «Қазақ жеріндегі жырының» ішінде жүр. Бірақ қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын зерттеген А.Мусинов айтқандай, кезінде жеке өлең ретінде де жарияланған болуы мүмкін. Біздің айтпағымыз, мұнда қырғыз ақынының қазақ досына деген шексіз құрметі мен ыстық ықыласы қалтқысыз баяндалған:
Арыстан еді Оспаным,
Қабірін қазып көмгенмін,
Қазақтан шыққан нар еді,
Қабылан сыны бар еді.
Оязбенен ұстасып,
Ақ жерден тапты пәлені,
Орысша оқып, тіл білген
Оқымысты жан еді [9, 57].
Негізінен татар поэзиясын тәржімалауға маманданған Рувим Моран Тоқтағұлдың «Қазақ жеріндегі жырын» да орысшаға өзі аударыпты. Ондағы Оспан туралы үзінді түпнұсқадан аулақтай қоймайды, ақынның сол сәттегі көңіл-күйін, сана-сезімін, мақсат-мүддесін дәл танытады. Тоқтағұлмен түрмеде екі жыл бірге болған, бірбеткей мінезі үшін абақты басшылығына ұнамаған, ақыры солардың қолынан қаза тапқан қазақ жігітінің кескін-кейпі бір кездегі одақ оқырмандарына былайша таныстырылған:
Друг у меня был, Оспан,
Родом с Урала, казах.
Был он по-русский учен,
У меня на глазах
Только за это его
Белый начальник убил.
Сам я – до света – его
В мерзлую землю зарыл [10, 55-56].
Ақын «Қазақ жеріндегі жырында» қарқаралылық Жамантай (Жәке), Ұзақбай, Сәрсенбай, Сүлеймен, Есентай, Әбітай, Ахмет, Әбділда деген кісілердің есімдерін атап, олардың әрқайсысының өзіне жасаған жақсылығын жеріне жеткізе жырлайды. «Тозақ көрген Тоқтағұл, Жорғадай жерді басқамын», – деп өзі айтқандай, азаптан қашып келгенде қанатының астына алған Қарқаралы қазақтарының әрбір ісін үлгі етеді («Әбітайдың әйелі Шапанымды жамады»), титтей жақсылықтың өзін қағыс қалдырмайды («Ағасы Ахмет бейшара Жағдайыма қарады»), аштықта жеген құйқаны да ұмытпайды («Марқа сойып, ет берді, Астыма шұбар ат берді»), жол көрсетіп, жөн сілтеген серіктерін де естен шығармайды («Ертіп келіп Әбітай, Көпірден мені өткерді»). Тоқтағұл сөйте тұра өзіне қырын қараған кейбір қазақтарды оңдырмайды, олардың оғаш істерін санамалап, өздерін жыр тілімен дүрелейді. Мәселен, үйіне қондырмай, тамақ бермей қойған Бурылша деген бай кемпірді былайша сынап-мінейді: «Қондырмай қуды ұры деп,Қазақтан шыққан Бурылша,Бай болғанмен Бурылша, Тарылғаны осынша». Сол кезде Тоқтағұлдың ризашылығына бөленген («Тегі жақсы Сүлеймен, Жақсылық көрсін құдайдан») Сүлеймен: «Бурылшаға өкпелесең де, жалпы қазақ еліне өкпелеме. Ол кемпір қай күнгі тойдағы Добан төренің әжесі, оның қолынан бейшараға жақсылық жасау келмейді», – деп басу айтыпты.
Тоқтағұл Сатылғановтың «Қазақ жеріндегі жырына» өзек болған деректік материалдарды алғаш рет ұсынған – Ахмет Мусинов. Оның зерттеуіне жүгінсек, бұл толғауды Тұрдымәмбет Әбдірахманов деген мұғалім 1941 жылы Новосібірде әскер қатарында бірге болған Келдібек деген қарқаралылық қазақ жігітінің атасы Ұзақбай қарттан жазып алыпты. Сол жазбада баяндалғандай, «Бір күні Келдібек қырғыз досын қонаққа шақырады. Тұрдымәмбет үйге кірсе, қазақтың бір ақсақалы келіп отыр екен. Бұл Келдібектің атасы Ұзақбай еді. Осы кезде оның жасы 79-да болатын. Ұзақбай шал Тұрдымәмбеттің қырғыз екенін білген соң қуанып кетіп, оған Тоқтағұл туралы әңгіме айтады» [11, 70]. Одан әрі ол бауыры Сүлеймен екеуі ақынды қонақ етіп, баптап күткені, ауылдағы Сәрсенбай ақсақалдың Тоқтағұлды тойға ертіп барып, жыр айтқызғаны жөнінде баяндайды. Бір айдан соң Сәрсенбай оған киім мен қаражат беріп, Семейге жеткізіп тастайды. Жыр жүйрігі: «Түн қатып енді кетейін, Түп еліме жетейін. Аякөз, Арқа, Семейден, Қас қарая Саркөлден, Аман-есен өтейін. Ырзамын қазақ еліне!», – деп өзі айтқандай, әрі қарай туған жұртына бет түзеген. Соның бәрін егжей-тегжейлі әңгімелеп, қос халықтың рухани қазынасына аса құнды дерек қосқан Ұзақбай Тоқтағұлдың дүние салғанын Тұрдымәмбеттен естіп, қатты қайғырыпты [11, 70].
Тұрдымәмбет Әбдірахманов бұл әңгіменің жазбасын өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында Қырғыз ССР Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырған. Сол естеліктегі Ұзақбай, Сүлеймен және Сәрсенбайдың есімдері «Қазақ жеріндегі жырда» ұшырасатынын жоғарыда атап көрсеттік. Тоқтағұлдың осы шығармасындағы «Қанатым – қазақ туысқан, Хабар ал менің мұңымнан» немесе «Ел екенбіз әу бастан, Қазақ, қырғыз бір туған,Туысқан елді дұшпандар, Бір-біріне жау қылған», – деген жолдардың әлі күнге дейін құндылығы кемімегенін айтуға тиіспіз. Бұлар – төсекте басы, төскейде малы қосылған екі елдің сан ғасырлық әдеби байланыстарының үлгісін де, үрдісін де айқын танытатын мысалдар.
Мырзатай Жолдасбеков «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты кітабында Жамбыл мен Тоқтағұлдың кездесуі туралы халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтің өз аузынан айтқан әңгімесін ұсынады. 1912 жылдар шамасында, қырғыз жерінде атақты Шәбден манапқа ас беріліп, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі бәрі сонда барады. Сол жерде Сібірден оралған Тоқтағұлды көрген Жамбыл: «Келдің бе ақиығым алыс жерден, Өтіпсің самғап ұшып асқар белден. Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген, Хан төре айналмай ма сендей ерден», – депті. Сондай-ақ, Тоқтағұлға ішін бере қоймаған қырғыз ағайындарға: «Тұлпарды тұлпар таниды, Ертеңнен шапса талмайтын. Сұңқарды сұңқар таниды, Қанаты талмай самғайтын. Ақынды ақын таниды, Сөз қадірін аңдайтын», – деп наз айтыпты. Сонда, Тоқтағұл: «Қазақта Жамбыл сен едің, Шалқып жатқан көл едің, Алатаудан арқырап, Тасып жатқан сел едің, Тоқтағұлың мен едім, Қай қырғыздан кем едім?», – деп жауап берген көрінеді. Үмбетәлі Кәрібаевтің айтуы бойынша, Жамбыл бәйгеде жеңіп алған зерлі шапанын Тоқтағұлға сыйға тартқан. Қырғыз ақыны өзіне сыйға берілген 500 сом ақшаны Жамбылға ұсыныпты. Жамбыл ақшаның азғантай бөлігін ғана алып, қалғанын қиындық көріп жүрген ақынның өзіне қайтарып беріпті [12, 35-38]. Шынында да, өлмейтін жырымен, өшпейтін үнімен қос халықтың абыройын асқақтатып, мәртебесін арттырған «қазақ Жамбыл мен қырғыз Тоқтағұл ұшы-қиыры жоқ қазақ даласы мен қырғыздың заңғар тауларының жанды бейнесіндей, нақты көрінісіндей» [13, 259] болған.
«Алатау, туып-өстім алабыңда, Жетісу желі жұпар самалында. Атанып әнші ақын еркеледім, Сауықшыл қырғызым мен қазағымда» деп жырлаған Кенен атамыз да «Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы, Еліктіріп әкетті жырыменен» деп, көрші ел әдебиетінің алыбын үнемі жоғары бағалаған.
Тоқтағұлдың әйгілі «Замана» толғауы өз еліндегі «заманчы ырчылар» мен біздің зар заман ақындарының шығармаларынан біршама үндестік табады. Қырғыз ақыны «Ажыдардай залимге арбатканың замана, Ач бүркүткө түлкүдөй алдыргансың замана» деп, өз дәуірінің сипатын анық аңғартты. Бұл туралы Медина Богданованың Мәскеуде жарық көрген «Тоқтағұл Сатылғанов» атты монографиясында жан-жақты айтылды. Ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы 1940 және 1958 жылдары Мәскеуде басылып шықты.
Бүгінде күллі қырғыздың рухани қазынасына айналған «Насылхан», «Бақты қыз», «Күлипа», «Эрке сары», «Дүнүйө», «Аккан суу», «Насыят», «Санат», «Үлгүлүү ырдар» «Ой бұлбұл», «Кедейхан», «Бес қабан», «Алымхан» және басқа шығармаларды өмірге әкелген қырғыз поэзиясының алыбы кеңестік дәуірде де аса танымал болды. Ақынның аты М.Калинин мен А.Фадеевтің баяндамалары мен мақалаларынан түскен жоқ. Оны есімімен аудан, ауыл, мектеп, мемлекеттік сыйлық басқа да толып жатқан нысандар аталды. Фильм түсірілді, қырғыздың ұлттық валютасына бейнесі басылды. Бүкіл дүние жүзінде ақынның атымен аталған жалғыз-ақ су электр станциясы бар. Ол – әйгілі Тоқтағұл ГЭС-і. Бұл Тоқтағұлдың ақындық биіктен адамзаттық биікке әлдеқашан шығып кеткенін көрсетеді. Ал, «Шешен сөзді қырғызда, Бас бәйгені бермеген, Сәйгүлік едім өрлеген» деп жырлаған оның өзіне туған халқы «Ақтаңдай» деген ат берген. Қырғыздар Кетментөбені ақындықтың Меккесіндей, Сазжидені Абайдың Жидебайындай құрметтейді.
Қырғыз бен қазаққа ортақ Алатаудың ақтаңдайы, залқар ақын, шоң ырчы Тоқтағұлдың мұрасы ғасырдан ғасырға ұласа бермек.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат