ҚАЙРАТКЕРЛІК ПЕН ҚАЛАМГЕРЛІК

  • 22.01.2020
  • 304 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жастарды еңбексүйгіштік пен отаншылдық қасиеттерге тәрбиелеуде аталар мен ағаларымыздың өнегелі ісі мен өсиет сөзінің атқарар маңызы орасан. Өйткені, жастарымыздың өмірлік позициясы мен рухани болмысын қалыптастыруда тарихи құндылықтар мен ата-ағалардың өнегесі – қашан да сарқылмайтын қазына. Еліміздің тарихындағы түрлі кезеңдердегі аға ұрпақ өкілдері көрсеткен еңбектегі қажырлы істері мен ерлік жолы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін өнеге бола бермек. Қазіргі кезде де арамызда сондай еңбекқорлығымен, табандылығымен, елі мен жерінің тағдыры үшін алаңдап, жиған-терген рухани қазынасын келешек ұрпағына үлгі етіп келе жатқан қазыналы қарттарымыз баршылық. «Еліңде қартың болса – жазулы тұрған хатпен тең» деп халқымыз осындай жаны дархан жандардың қоғамдағы орнын тап басып айтқан ғой.
Бүгінде сексен жасқа келсе де, қарттыққа мойындатпай, елімізге өзінің еңбегін сіңіріп, қоғамға игілікті қызметімен де, қарымды қаламымен де елеулі үлес қосып келе жатқан осындай ағаларымыздың бірі – Бектұр Төлеуғалиұлы.

Бектұр Төлеуғалиұлы 1940 жылы 27 қаңтарда Маңғыстау облысы (бұрынғы Атырау облысы) Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Бесіктен белі шықпай жатып сұм соғыстың дәмін татқан ол – балалық шағын соғыс ұрлаған ұрпақтың өкілі. Әкесі соғысқа аттанып, майданда қан кешіп жүріп, 1944 жылдың қыркүйек айында Варшава маңында қаза тапты, сол жердегі бауырластар зиратына жерленген.
Алапат кезең әке алақанының жылуын сезіндірмей, шеше тәрбиесін ғана дарыт-қанмен, өмірдегі қиыншылыққа қасқая қарайтын төзімділік пен еңбекқорлық, жақынға жанашырлық пен жалпыға қам-қорлық секілді адамшылық қасиеттерге жастайынан үйретті. Тумысынан зерек те елгезек жас еңбекке ысыла жүріп, бірте-бірте қолы жеткен білім баспалдақтарынан өтіп жетіледі.
Маңғыстау ауданының орталығы Шахта орта мектебінде оқи жүріп, қысқа мерзімдік шоферлық курсты қоса тәмамдады. 1957 жылы мектеп бітіргеннен кейін еңбек жолын өзінің туған ауылы Тұщықұдықтағы «Амангелді» ұжымдық шаруашылығында жүргізушіліктен бас-тап, кейін механизаторлық жұмысқа ауысады. Атырау қаласындағы ауыл-шаруашылық техникумының меха-никаландыру бөлімін және Мәскеудегі Кәсіподақтардың жоғары мектебінің экономика факультетін бітіреді.
Ауыл шаруашылығы жұмыстарында жүріп шыңдалған ол 1962-1978 жылдары Маңғыстау ауданының «Октябрьдің 50 жылдығы», Куйбышев, Ералиев атындағы кеңшарларда бас инженер болып қызмет жасап, осы саланың қыр-сырына жетіле түседі.
1978-1980 жылдары Куйбышев атын-дағы кеңшарда партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып, партиялық жұмыстың да ұңғыл-шұңғылын меңге-реді. Осындай қызметтерде жүріп, өзінің білікті маман болумен қатар, ұйымдастырушылық жұмыстарында да шеберлік пен табандылық таныта алуы-ның арқасында сол кездегі партия, кеңес орындары басшыларының сеніміне ие болып, оған Маңғыстау секілді табиғаты қатаң өңірдегі ұжымдық шаруашылықты басқару жұмысы тапсырылады.
Сөйтіп, ол 1980-1991 жылдары Маңғыстау ауданындағы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшар ди-ректоры болып қызмет етті. Бұл бір басшы тұрақтамай, кежегесі кейін тартып, шаруасы шатқаяқтаған, облыс басшыларының бас ауруына айналған қиырдағы бір шаруашылық болатын. Бәкеңнің кеңшар директоры болып жұмыс жасаған кезеңі оның замандастары мен кейінгі ізін басқан інілерінің естеліктерінде аңызға бергісіз штрихтармен әдіптеліп айтылады. Бұл лауазымда да ол өзін іскер басшы, шаруаның білікті ұйымдастырушысы ретінде бірден таныта білді. Шаруашылықты аяғына тік қойып, тасын өрге домалатумен қатар, мәдениетін де көтеріп, бірнеше жылдың ішінде аудан ғана емес, облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың қатарына шықты.
Бекең кеңшарға директор болып тағайындалған төрт-бес жылдан соң Қазақстан бойынша озат тәжірибесімен танылған үш совхоз директорының бірі ретінде іс тәжірибесі «Озат тәжірибе көпке ортақ» айдарымен «Дербестік және жауапкершілік» деген тақырыпта 1988 жылы «Қайнар» баспасынан көп тиражбен кітап болып шығарылып, бүкіл республика көлеміне таратылды. Мұның өзі Бәкеңнің басшылық қызметінде қол жеткізген жетістіктерінің бүкіл республика бойынша мойындалып, бүкіл еліміздің кәдесіне жарар жаңалық есебінде қабылданғанын көрсеткені сөзсіз. Мұны әлі күнге дейін замандастары мақтанышпен еске алады.
Бекеңнің еңбекке деген ынтасын, өз ісінің нәтижесі үшін алған бетінен қайтпайтын табандылығын көрсететін сондай оқиғалардың бірін Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасында ұзақ жылдар басшылық қызметте болған еңбек ардагері Тельман Байниазов ақсақал былайша еске алады.
Маңғыстау өңірі шөл және шөлейтті аймақтардың тізімінде тұрғандықтан, жер көлемінің мал басына тарлық етуі мен жаңбыр аз жауып, мал жайылымының жетіспеуі себепті республиканың басқа облыстарынан мал азығын дайындап немесе сатып алуға тура келетін кездер жиі болып тұрған. 1986 жылдың жазында «Маңғыстау ауданының кеңшарларына Қостанай облысынан мал азығын дайындап алу» туралы Қазақстан Министрлер Кеңесінің жарлығы шығады. Сол жарлыққа сәйкес Бекең басқаратын «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшар Қостанайдың Федоровка ауданынан екі мың бес жүз тонна шөп дайындап алатын болады. Бөлінген мал азығын дайындап алу үшін қажетті техникалар мен адамдарды поезбен Қостанай облысына жөнелтіп, Бекеңдер кеңшардың экономисі мен кассирін ертіп машинамен төрт күн жүріп Қостанайға жетеді. Адамдар мен техникаларды Тобыл стансасына орналастырып, Федоровкадағы аудандық атқару комитетіне келсе, комитет төрағасы Ахметов бұларды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына ертіп барады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы: «Қазір астық науқаны басталып кетті, шөп бере алмаймыз, қыркүйектің аяғында келіп алуларыңа болады», – дейді. Ал, ол кезде ауа-райы бұзылып, қар жауып, шөп алуға болмайтыны белгілі. Бұлардың уәжін тыңдамағандықтан, Бекеңдер Қостанайға келіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына барады. Ол кісі: «Бұл біздің қолымыздан келетін шаруа емес, мұны тек облыстық партия комитеті ғана шеше алады», – дейді. Бекеңдер енді облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Демиденкоға кірмек болады. Сол үшін таңертең ертемен облыстық партия комитетінің есігінің алдында күтіп тұрып, «Волгадан» түсе берген хатшыға жолығады. Ақыры оның қабылдауына кіргеннен кейін шаруасын айтқан Бәкеңе бірінші хатшы: «Астық жинаудың басталып кеткені рас қой», – деп ыңғай бермейді. Сонда, Бәкең: «Техника, адам күшімді алып келіп алып, екі мың жарым тонна шөпті ала алмай Маңғыстауға баратын болсам, бұл менің дұрыс коммунист емес екенімді көрсетеді, сондықтан да, мені өзіңіз партиядан шығарып тастаңыз», – деп, партбилетін столдың үстіне апарып қояды.
Демиденко кеңшар директорына қарап: «Эй, ты, сукин сын, сені партиядан мен емес, Казаченко (Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы) шығарады, билетіңді ал», – дегенде Бекең: «Сіз ҚКП пленум мүшесісіз, саяси бюроның мүшесі, Қазақстан Республикасы басшысының бірісіз, сондықтан да, сіз мені партиядан шығара аласыз», – деп тұрып алады. Содан кейін Демиденко басын шайқап күліп, біреулерге телефон шалып, тапсырма беріп, ақыры Бекеңдер шаруаларын тындырып қайтады.
Бұл оқиғаның немен аяқталғанын Бекеңнің өзі: «Елге келгесін бес-алты күннен кейін мені облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ю.Г.Казаченко қабылдап: «Төлеуғалиев, сіз Қостанайда не бүлдіріп жүрсіз?» – деп сұрады. Мен болған оқиғаны бастан-аяқ баяндағаннан кейін: «Василий Петрович Демиденко сіздің жасаған іс-әрекетіңіздің бәрін айтып, директорларыңның бәрі осындай болса, сіз үлкен бақытты адам екенсіз деді. Молодец, Бектур, я благодарен вам!» – деп ризашылықпен қолымды қысты», – деп еске алады («Экономика» газеті, №37, 18-24 қыркүйек, 2014 ж.).
1991-2004 жылдары ауыл шаруа-шылығы қызметкерлерінің Маңғыстау облыстық кәсіподағы комитетінің төра-ғасы болып қызмет еткен Бектұр ағамыз өзінің еңбекшілер мүддесін қорғау мен өтпелі кезең қиындықтарынан шығу жолындағы қолдан келген көмегін аяп қалған жоқ. Еліміз егемендікке жетіп, халқымыздың қуанышында шек болма-ғанмен, күйреген кеңестік жүйеден мұра боп қалған қиыншылықтар шашетектен болғаны мәлім. Ел ішін таршылық пен жетімсіздік жайлаған кезеңде өмірден көргені мен түйгені мол, шаруашылық пен елдің жайын бір кісідей білетін Бәкең секілді жанның кәсіподақ басшылығына келуінің өзі іздегенге сұрағандай еді.
Өтпелі кезеңдегі ел басына түскен ауыртпалықты жеңілдету жолын іздестіру, жекешелендіру кезіндегі үлестен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің құр қалмау жайын күйттеу, шопан-бақта-шылар балаларының жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын ұйымдастыру, титықтаған ауылға өңірдегі ірі мұнай-газ мекемелері басшыларының назарын аудару секілді сан салалы шаруаларды үйлестіруде кәсіподақ жетекшісі ретінде Бәкең аянып қалмады. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Қағаз жазып, хат жолдаумен іс бітпейді, аяқтай барып, әрбір есікті қағып, араға адам салып деген секілді түрлі жолдарды қарастыруға тура келеді. Мұндай істерде Бәкеңнің ел ішіндегі беделі мен іскерлік қабілеті көп септігін тигізгені анық. Ол облыстық, республикалық түрлі жиындарда сөйлеп, елдің жағдайын айтып, тығырықтан шығу жолының өз нұсқасын ұсынып отырды. Осындай жағдайдың бірі ретінде замандастары мына бір оқиғаны әлі күнге дейін айтып, Бәкеңнің елжандылығын үлгі қылып отырады.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл-дарының басында жекешелендіру нау-қанының басталғаны мәлім. Бұрын орын алмаған жағдай болғасын елдің жекешелендіру туралы түсінігі де әртүрлі болды, әр жерде бұра тарту, жетпіс жыл бойы жинаған ел қазынасынан қарпып қалу, қақшып қалу ниетінің болмай қалмағаны да мәлім. Осы жекешелендіруге байланысты 1993 жылдың басында Қазақстан кәсіподақтарының Құрылтайы шақырылады. Құрылтайға облыстан қатынасатын делегаттардың ішінде Бекең де болады. Осы Құрылтайдың қарсаңында Елбасы делегаттармен кездесіп, қазіргі жағдайдың қиындықтарын, мұндай уақытша қиыншылықтарға төзімділікпен қараудың, ауызбіршіліктің қажет екенін, көп ұзамай жағдайдың жақсаратынын айтып, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап береді де, делегаттардың ойларын білгісі келетінін айтады. Сол кезде Бәкең орнынан тұрып, Маңғыстау облысы агроөнеркәсіптік кешені кәсіподақ комитетінің төрағасымын деп өзін таныстырады да, қазіргі жүргізіліп жатқан жекешелендіруге байланысты кейбір түсінбестік жағдайлар туралы сұрайды. Оның бірі – кеңшарда бұрын ұзақ жылдар бойы мал бағып, баласы өндіріске оператор, жөндеуші немесе жүргізуші болып жұмыс жасап жүрген-діктен, кеңшардың жерінен көшіп, өндіріске жақындап қонғанына бір жыл да болмаған шопан-бақташыларға пайлары олардың кеңшардан кетіп қалғандығы себепті есептелініп берілмейтіні, ал, кеңшарға малшы немесе зоотехник болып кіргендеріне бір жыл да толмаған адамдарға үлестерін есептеп беріп жатқандықтан, оған малшы-бақташылар наразылық білдіріп отырғаны болса, екіншісі – кеңшардың орталығындағы үйлер иелеріне жекешелендіріліп беріл-генде, малшылардың үйлері қораның басында болғандықтан, оларға үйлерін ведомстволық үйлер деп бермей отыр-ғанын, сондай-ақ, мектеп жанындағы интернаттар жабылып жатқандықтан, бұрын интернатта жатып оқитын малшы балаларының бұдан ары оқуы қиын болып тұрғандығы еді. Бұл жайларды естіген Елбасы мұндай жағдайлардың орын алуына ренішін білдіріп, тиісті адамдарға жағдайды шұғыл түзетуге тапсырма береді.
Ертесіне Елбасы Б.Төлеуғалиұлын жеке қабылдап, әңгімелеседі, елдің жағдайын сұрайды. Сол жолы Бәкең Президенттің өте қарапайымдылығы мен елжандылығына, елдегі жағдайларды түгелдей біліп отырған сұңғылалығына тәнті болып, оның көрегендігі мен ақылдылығының, үлкен парасаттылығының арқасында елі үшін әлі де көп пайда келтіретін Тұлға екендігіне нық сенім артып, оның еліме құрттай болса да пайдамның тигеніне қуанамын дегенін күні бүгінге дейін айтып келеді.
Бәкең 2004 жылдан бастап осы кезге дейін республикалық «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Маңғыстау облысындағы өкілі болып қызмет жасайды, сонымен қатар Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарып келеді.
Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болған кездерінде Б.Төлеуғалиұлы облыс орталығы мен облыстағы мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін өсіру бағытында көптеген жұмыстар атқару-да. Жыл сайын ақындар мүшәйрасы мен жыршы-термешілер, О.Бөкей атындағы көркемсөз оқушылар байқауын ұйымдастырумен қатар, 2005 жылдан бері Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбаев еңбектерінен шығарма жазу-шылардың байқауын өткізіп тұруды жолға қойды. Сол секілді, соңғы бес жылдан бері қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жөнінде ғылыми-танымдық жұмыстардың жарысын өткізіп тұру дәстүрге айналып отыр. Жастарға патриоттық тәрбие беру мен елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ел мақтаны, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы мен халық батыры Шотан Назарұлының ерлік істері мен үлгі-өнегесі туралы шығарма жазудан тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырылып келеді. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы облыс пен қала көлемінде көптеген игі шараларға мұрындық болып, нәтижесінде қаламыздағы мемлекеттік тілдің мәртебесі өсіп, қолданыс аясы кеңи түскенін айту лазым.
Бәкең республикалық «Қазақ тілі» қоғамының соңғы үш Құрылтайына делегат боп қатысып, туған тіліміздің тағдыры мен мәртебесі орайындағы өз ұсыныстарын ұдайы айтып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын жоғары орындарға жеткізіп отырады. Ол бүгін де елін сүйген азамат әрі туған тілдің кестесін келтірген қаламгер ретінде мемлекеттік тіліміздің болашағы жолында аянбай еңбектенуде. Тіл майданындағы ағамыздың жемісті еңбегінің бір бағасы – 2013 жылдың қорытындысымен Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының қызметін жоғары деңгейге көтергені үшін «Тіл жанашыры» белгісімен марапатталуы дер едік.

***

Асылы, ана тілі мен ұлт әдебиеті – Бәкеңнің етене бір жастайынан бойына сіңген ажырамас қасиеті болса керек. Әрине, ішкі жан-дүниесі таза, шығармашыл жан ретінде ол өзінің әдебиет әлеміндегі алғашқы адымдарын танымдық мән-маңызы зор тарихи маз-мұндағы мақалалар жазумен жасайды. Мәселен, Бектұр Төлеуғалиұлының Олжас Сүлейменовтің «Таңбалар тілі» атты үш томдық антропология мен лингвистика ғылымынан мол мағлұмат беретін, әлемдік деңгейдегі ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие болған еңбегіне пікір жазуы бұл сөздің керемет айғағы. Аталған еңбек Мәскеудің «Русская литература» журналында жарияланады. Замана заңғары, әдебиет абызы Әбіш Кекілбайұлының 60 жасқа толуына орай «Біздің балалық шағымыз» атты көлемді әдеби туындысы республикалық басылымдарда жарық көріп, қаламын серік еткен қауым тарапынан оң бағаға ие болады.
Бәкеңнің соңғы жиырма жылда кеңінен танылып, қазақ оқырмандарының құрметіне бөлеген жаңа бір қыры – оның қаламгерлігі. Ол – Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одақ-тарының мүшесі. Жас кезінен әдебиетке құмартып, көпшілік үшін болмаса да, өзінің жан құштарлығы үшін көңіл- күйінің әсерімен оқта-текте өлең жазып, облыстық, республикалық баспасөз беттеріне ел өміріндегі жаңалықтар мен қоғамның толғағы жеткен мәселелері туралы мақалалар жариялап жүргені болмаса, қаламгерлік іске біржола ден қоймаған. Оған уақыт та болмады, шаруашылықтың бастан асып жататын мігірсіз тірлігі мүмкіндік те бермеді. Алайда бойдағы сөз өнері мен халық тарихына деген құштарлығы бәрібір жанына тыныштық таптырмады. Тыным-сыз шаруашылық жұмыстарынан қолы сәл босап, кәсіподақ жұмысына келгеннен кейін ол біржола жазушылық жолға ден қойды.
Қаламгерлікке келуі аяқ астынан оянған арман немесе қарап жүргенше кітап жазып, атымды шығарайын деген пендешілік қадам емес еді. Жазушылық деген де – талантқа тағат бермей, қолына қалам алдырмай қоймайтын бір сиқыр сынды құбылыс қой. Қазіргі кезде кітап жазғыштар көбейіп кеткенмен, олардың ішінен жасығынан асылын аршып алу – оқырманның еншісінде. Сөз өнерін қадірлеп, қалам қасиетін түсінетін көзі қарақты әрбір жан кімнің кім екенін жақсы таниды.
Бәкең – кәсіби жазушы болмаса да, қаламгерлікке үлкен дайындықпен келген адам. Құнарлы топырақта дүниеге келіп, жас кезінен асыл сөздің байыбына бойлап, ел ішіндегі ескі шежіре мен есті сөздерді құлағына құйып өскен ол жылдар өткен сайын адамзаттың танымы мен парасатына сөз өнерінің тигізер әсерін терең пайымдап, халқының өткені мен бүгінін жалғастырып, келешегіне көпір салып жататын алтын тін оның тарихына деген құрметі екеніне айқын көз жеткізеді. Сондықтан, халықтың ауызша тарихы мен шежіресінің ізімен әлі көпшілікке таныла қоймаған жазбаша тарихи деректерді сабақтастыра отырып, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып, оны деректі-көркем, эссеистикалық тұрғыда елге танытуды мақсұт тұтты. Сөйтіп, оның қаламынан соңғы оншақты жыл ішінде «Балдағы алтын ақ болат», «Бас сардар» және «Адай тарихы сыр шертеді» атты кітаптар дүниеге келді.
Б.Төлеуғалиев шығармаларының өзегіндегі отаншылдық, елжандылықтың төркіні туралы ардагер-ұстаз, қаламгердің замандасы Бесінбай Бегенішов былай деп жазады: «Мен білетін жазушы әдебиетке үлкен дайындықпен келді. Ал, жүректілігі мен батылдығы, ізденімпаздығы мен еңбеккерлігі оған Алланың берген несібесі. Жазушы ел ішіндегі кәріқұлақ ақылды ақсақалдардың әңгімесін көп тыңдаған. Түбек тұрғындарының өткен ізімен жүрген. Олардың күнелтіс көзі – мал шаруашылығының сан қырын жетік меңгерген. Өткен тайпалардың арасындағы жанжал болған жердің нақ төсінде туып өскендігі де – шығарма жазуға қажеттіліктің өз бойында бар екендігі. Сондықтан да, жазушыда патриоттық сезім мықты. Ондай сезім жүрегінен нық орын алғанда ғана шығарма арқылы жастарға патриоттық тәрбие бере алатыны даусыз» («Маңғыстау» газеті. 21 сәуір, 2007.).
Жазушы шығармашылығының негізгі арқауы – тарих, халық тарихындағы ақтаңдақ тұстар, ел жадында мәңгі сақталғанмен, ресми тарихтан лайықты орнын ала қоймаған елеулі тұлғалардың ерлік істері. Әдебиетіміздегі І.Есенберлин, С.Сматаев, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Әлімжанов, Қ.Жұмаділов, т.б. суреткерлермен жалғасып келе жат-қан игі дәстүрге өзіндік үлес қосуға ниеттенген қалам иесі халық жадындағы шежірелі әңгімелерді қаперде ұстаумен қатар, тарих көшінде хатталып қалған тарихи еңбектерді де негізге алып, айқын таяныш етіп отырады. Жазушы нені жазса да, құрғақ қиялдың жетегінде кетпей, тарихи нақты деректерге сүйенеді, тарихтың ұрымтал тұстарын бейнелеуде тарихи шындық пен елдік мүддені сабақтастырып, айқын суреткерлік кон-цепция ұстанады.
Тарих – ұлттық сананың алтын қазығы, түп-тамырдан бастау алып, бүгініңе желі боп тартылған, өзіңді-өзің тануға жетелеп, тұтастық пен тұрақтылыққа үндейтін назар, өткеннің өнегесін үлгі етіп, қателіктерінен сабақ ұсынатын ұлы ұстаз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаңның шапағаты мол шабытты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан арылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға серпін беруі керек» (Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра, 1999. 56-бет).
Бәкеңнің әуелгі көлемді еңбегі – дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының өміріне арналған «Балдағы алтын ақ болат» хикаяты. Шығармада автор Махамбет туралы белгілі деректерді қайталаудан, таптаурын сүрлеуге түсіп кетуден бойын аулақ салып, күрескер ақынның өсу жолын бейнелеуде өзіндік машық таба білген. Шығарма желісіне ел аузындағы деректер мен естелік әңгімелерді сәтті кірістіріп, штрих-детальдарды өнімді пайдаланған. Мұның өзі күрескер ақынның өсу эволюциясын көрсетуде оқиғалар орамына орынды орайласып, шығармаға біршама шынайылық дарытады. Махамбетті ауыл ішіндегі түйенің құмалағын найзамен шаншып алу сынағынан өткізуден бастап, хан алдында тайсалмай сөйлейтін турашылдығына дейінгі кезең-кезеңдер оның ел үшін бүкіл ғұмырын сарп етіп, қысқа ғұмырының қисынды мәнін күрескерліктен тапқан қайран ақынның отты өлеңдерімен сабақтасып жатады. Шығарманың түйіні де осындай қисынды ойдың тарабына меңзейді: «…Махамбет жеке басының қамын ойлаған жоқ. Оның артында өшпес ерлік, ұмытылмас даңқ қалды. Оның ойлағаны тек қана елінің қамы болды. Өзінің от басын ойынан шығарды, ұмытты. Қысқа өмірін күреспен өткізді, рахат көрген жоқ. Тебінгісін терге шірітіп, терлігін майға ерітіп, алты малта ас болып, өзінен туған балдары сақалы шығып жат болып жүргендегі көксегені – қазағының болашағы немесе біздің бүгінгі қазақ халқының егемендігі» (Төлеуғалиев Б. «Балдағы алтын ақ болат». 77-78 бет.).
Қазақ тарихындағы он сегізінші ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан басталатын жоңғар басқыншылығына қарсы күрес пен оның қаһармандары туралы тарихшыларымыз бен жазушыларымыз біраз еңбектер жариялағанымен, оның ашылмай жатқан тұстары да жетерлік. Ел тәуелсіздігіне қатер төнген осы бір кезең, шын мәнінде, халық тағдыр-талайының қыл үстінде тұрған, елдігі мен ерлік дәстүрін сын тезіне салған Отан тарихындағы даңқты беттерді шежіреледі. 1723 жылдан бастап жоңғар-қазақ, қазақ-жоңғар соғыстарында бастан-аяқ қатынасқан даңқты батырларымыз Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Наурызбай, Бөкенбай, Жәнібек, Шақшақ Жәнібек, Есет, Ханкелді, Райымбек, Саңырық, Өтеген, Олжабай секілді көптеген батырларымыздың ерлік істері қазақ жазушыларының еңбектері арқылы әдебиетте бейнеленіп, ұлттық санамыздан берік орын алған ұлы тұлғалар ретінде ұлықталып келе жатқанына біршама жылдар болды. Солармен бір қатарда жоңғарға қарсы жан аямай күрескен, кіші жүз қолын басқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Шотан Назарұлының ерлік істері еш жерде жарық көрген жоқ еді. Тек ел есіндегі аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандарда ғана дәріптелетіні болмаса, тарихшылардың назарынан тыс қалып, тарихымыздан өз орнын ала алмай келген осы тұлғаның есімі тек Б.Төлеуғалиұлының 2005 жылғы «Бас сардар» атты тарихи-деректі хикаятында тұңғыш рет жарыққа шығып, оқырмандармен қауышты.
Шотан Назарұлы – жоңғарлармен соғыста Әбілқайыр ханның бас сардары болып қол бастаған, небір жанкешті ұрыстарға қатысқан, ақыл-айласының арқасында тығырықтан жол тауып, хан қосынын қыспақтан шығарып отырған, Бұланты, Аңырақай шайқастарында ерен ерлік көрсеткен атақты батыр. Күні кешеге дейін ресми тарихта мойындалып, бағасын алмай келген осы тұлға Бәкеңнің тынымсыз ізденісінің арқасында қазақ халқына мәлім болды. Автор оны Мәскеудегі сыртқы істер министрлігі жанындағы мұрағат секілді құтханаларда ұзақ уақыт көз майын тауысып, нақты деректер табу арқылы жарыққа шығарды.
Шығармада автор Шотанның бейнесін ашу үшін оны әрдайым іс-әрекет үстінде, замандас һәм майдандас жолдастарымен қоян-қолтық байланыста көрсетіп, сөз бен істің бірлігі тұрғысынан нанымды бейнелейді. Кітаптағы Бектеміс ахунның Әйтеке биді емдеуі, адайлардың Әбілхайыр ханның құнын Барақ сұлтаннан қалай қайтарғаны өте тартымды суреттелген.Шотанның далалық ұрыс техникасын меңгеру жолдары, ұрыс суреттері де шынайылығымен көрінеді. Кейбір соғыс суреттеріне назар аударалық: «…Осы кезде қазақ қолы бастап майданға кірді де кетті. Оң қанаттан Сауырық бастаған Ұлы жүз қолы бірден ұмсынып жауды ығыстыра бастады. Орта тұстан сұғына кірген Тайлан бастаған Орта жүз жасақтары ортаны ойсыратып ойып түсіп, ілгерілей жөнелді. Сол жақтағы кірісіп кеткен Кіші жүз қолының тегеурініне шыдай алмай жау әскері екі жарылып, бөлектеніп қалды. Сол қанаттағы бөлектенген қалмақ қолын Шотан бастаған Байұлы жауынгерлері қоршауға ала бастады. Жырылып шыққысы келгендерін шашау шығармастан темір құрсауды сала қойды»; «…Оңтайланып тұрған Лобжы шаншимын дегенше ауыр салмақпен ұшып келіп кіндіктен соққан Шотанның найзасының соққысынан белі екі бөлініп, ат үстінде бүк түсіп қалған еді. Шотан шабумен оралып келіп, басын шауып түсірді де қағып алып, жетекке атын алып жүре берді. Мұны көріп тұрған қалмақтар одан әрі шыдамады. Аласапыран майдан басталды да кетті. Жан-жақтан жартылай қоршаған қалмақ қолы көптігіне сеніп, ортаны бұзғысы келіп жанталасқанмен, ештеңе жасай алмады. Төрт күн бойы қамап, қанша сұғынып келгенмен тұмсықтарын қанатып, көп шығынмен кейін қайтып отырды. Амалы таусылған қалмақтар ақыр түбінде ақ жалауын көтеріп бітімшілік сұрауға мәжбүр болды».
Б.Төлеуғалиұлы шығармашылығының шыңы – оның 2007 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссесі. Шығарма қазақтың адай руының түп атасы Адай батырдың өмір жолы мен ерлік істерін нақты құжаттарға сүйене отырып тарихи шындық тұрғысынан баяндап, тарихи әділеттілік орнықтыруға бағдар жасауымен құнды. Романда қазақтың аңыз-шежірелері мен ғылыми еңбектердегі деректерді жинақтап, әсіресе, иран саяхатшысы әл-Ибн Бахуридың 1814 жылы жазған «Алғашқы қазақтардың бірігуі», сондай-ақ тарихшы Әкрам Мұхитбердінің «Қазақ құрамасы» атты 1797 жылы жазылған еңбегін негізге алып, Адай бабамыздың Қазақ елінің іргетасын қаласуда атқарған еңбегін бейнелейді. Қазақ хандығының құрылу процесіндегі іргелі оқиғалар аясында Алшын тайпасынан шыққан күллі қазаққа мәшһүр жаужүрек батыр Адай мен оның балалары Келімберді мен Құдайке, олардан тарайтын Қосай мен Тәзіке туралы әсерлі баяндалады.
Роман туралы белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетай: «Романның бас кейіпкері Адай батыр – нақты тарихи тұлға, қазақ ордасының шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек ханның ту ұстаған батыры. Оны заманның өзі туғызған. Жастайынан ел тағдыры сынға түскен небір күрмеуі қиын оқиғалардың қайнаған ортасында жүріп ширап, шыңдалып өсті. Дара бітім, даналығымен көзге түсті. Кейіпкер өмір жолы арқылы қазақ тарихына тікелей қатысы бар арғы-бергі оқиғалар кеңінен сараланып, қызықты баяндалады. Әсіресе кітаптың негізгі екі бөлімі тартымды оқылады. ХІІІ ғасырдан бастап Бұрындық, Хақназар хандарға дейінгі кезеңді қамтитын бұл тарауларда сан қырлы оқиғалар адай тарихымен сабақтаса өрбіп отырады», – деп әділ бағасын береді (Сәукетай Т. Қазыналы жүрек // Егемен Қазақстан. 30 желтоқсан, 2009 ж.).
Әр адамның өз тегін білуге талпынуы – табиғи нәрсе, ал, жеті жасар баласына дейін жеті атасын жатқа айтып, кез келген қазақтың тұқым-тұяғын індете келіп, төрт құбыласын түгендеп беретін біздің халық үшін әр рудың, тайпаның тарихтағы орнын түгендеп, нақтылай түсу – рухани қажеттілік. Ол – ата-баба аруағы алдындағы парыз, ұрпақ алдындағы міндет. Бұл ұлтымызды ұйыстырып, халқымыздың бірлігін, ынтымағын арттыра түсетін маңызды тұтастандырушы фактор екені сөзсіз. Ерлігі мен өрлігі, қайсарлығы мен өжеттігі аңыз болып келген адайдың шығу тегі туралы аңызға бергісіз әңгімелер қаншама көп болғанмен, нақтыланудың орнына әркім әр түрлі жорып, алыпқашпа әңгімеге айналып кете беретіні жасырын емес еді. Кешегі кеңестік кезеңдегі осы елге деген сенімсіздік пен селқостықтың әсері бұл тақырыптың аяғын тұсаулай берген болатын. Тәуелсіздіктің шарапаты берген мүмкіндікті пайдаланып, Бәкеңнің мұрағаттардағы тарихи деректерді негізге ала отырып, осы олқылықтың орнын толтыруға деген талпынысы ерлікке барабар еңбек десек, ақиқаттан алшақтап кетпеспіз деп ойлаймыз. Осы орайда, Елбасымыздың: «Түптеп келгенде, көпте-ген қарапайым қазақтың өз тегіне ден қоюы қазақ ұлтының төл болмысына тән танымға деген іңкәрлігіне байланысты. Мұндай іңкәрлік азат мемлекет аясында одан әрі дамып, әртүрлі қиындықтармен беттескенде кім-кімнің де парасат-пайымына бағдаршы болып отыруы керек» (Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра, 1999. 52-бет), – деген сөзінің терең мәнін ұғына түсеміз.
Бекеңнің шығармалары жұртшылық арасында жылы қабылданып, зор қызы-ғушылық туғызды, ол туралы баспасөз беттерінде әдебиетші, тарихшы ғалымдар мен журналист, қаламгерлердің көптеген мақалалары жарияланды. Олардың ішінде ғалымдар Ғ.Бексейітов, Ө.Мұқай, А.Айтқұлов, Д.Байғұнақов, қаламгерлер Т.Сәукетай, А.Мекебай, С.Хасан, Ә.Спан, А.Өтегенов, т.б. бар. Оқырмандар арасында бұл еңбектер жоғары бағаланып, мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы да ұсыныстар айтылды. Енді солардың кейбір ой-тұжырымдарына кезек берелік.
Ғылым докторы Алпамыс Айтқұлов «Тарихымызды тануға қосқан үлкен үлес» атты мақаласында былай деп жазады: «Менің әкемнің ағасы Айтқұл Шманұлы деген ақсақал кеңестік дәуірдің колхоздастыру кезеңінен бастап үгіт-насихат, мәдени-ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан, елге атағы танылған жыршы-термеші адам болған. Алғашқы қызыл отауларды ұйымдастырушылардың бірі. Сонымен қоса, адай шежіресін де жазған адам. Бірақ, ол кез адай шежіресін жарыққа шығаратын мезгіл емес екені белгілі. Менің балалау кезімде бір әңгімесінде: «Адайдың тарихын ирандық әл-Ибн Бахури деген адам жазыпты. Ташкенттің архивінде бар көрінеді. Әдейі барып іздеткенімде таптырмады. Ұзақ жатып қарауға жағдайым келмеді», – деп айтып отыратын еді.
Міне, бүгін, Бекеңнің «Адай тарихы сыр шертеді» деген роман-эссесін оқып отырып әкем Айтқұлдың айтқан әл-Ибн Бахуриінің атын кездестіргенімде таң қалдым. Бекеңнің ізденімпаздығына риза болдым. Бекеңнің алдында Маңғыстаудағы, бұдан тыс жерлердегі адай азаматтары, олардың бірі өзім, қарыздармыз деп есептеймін. Бұл еңбек қазақ халқының, оның ішінде адай тайпасының тарихын білгісі келетін көпшіліктің сұранысын өтеуге қоса жастарды отанына деген сүйіспеншілік, патриоттық рухта тәрбиелеу жолында мектептер мен жоғарғы оқу орындарында оқулық есебінде пайдаланатын тағылым-тәрбиесі өте зор еңбек деп түсінеміз» (Айтқұлов А. Тарихымызды тануға қосқан үлкен үлес // Маңғыстау» газеті, 1 желтоқсан, 2007 ж, №200).
Жазушы Серікқали Хасан: «Шын мәнінде, адайлардың жауынгер, қайсар қазақтар болғандығы да рас еді, олар кешегі келмеске кеткен империяның өктем саясатына да оңайлықпен бас ие қоймаған. Сол себепті, адайлар тақырыбы сол кезде қоғамдағы жабық тақырыптардың да бірі болды. Ал, осыншама сыры ашылмаған, осыншама жылдар бойына тарихтың бір қалтарысында ғана қалып келген адайлар өмірі «ақтаңдақтардың» сеңін бұзып, мұзын жібіткен іргелі бір әдеби туынды да Төлеуғалиевтың осы жолғы роман-эссесі еді. Шынын айтсақ, бұл туынды біздің ұлттық әдебиетіміздің Отпан тауының басына қадаған туы болды», – деп жазыпты (Хасан С. Шежірелі елдің шұғылалы тарихы // «Ана тілі» газеті, 29 қараша, 2007 ж. №48,).
Көрнекті жазушы Адам Мекебаев: «Турасын айтқанда, «Адай тарихы сыр шертеді» кітабы кейбір стильдік, композициялық, жанрлық кем-кетігіне қарамастан құнды шығарма. Оның құндылығы, көкпарға түсіп келген тарихымыздағы шындықты айтып, қазақ мемлекетінің негізін қалаушылардың бірегейі Адай бабамыздың ғасыр қойнауында көмескі тартқан тұлға екенін дәлелдеп шығуында. Бұл сөз жоқ, «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесінің авторы Бектұр Төлеуғалиұлының ғана табысы емес, болашақ тарихшылар есте тұтатын, тұтастай Қазақстан тарихын түгендеуді мақсат еткен білікті қауымның да үлкен олжасы», – дейді (Мекебаев А. Шындықты жазған шығарма // Қазақ әдебиеті, №41, 2008 ж.).
Тарихшы ғалым Досбол Байғұнақов: «Бұл роман-эссе бір қалыпқа құйып қойғандай жаттанды дүние емес. Ол оқырманға ой салатын, өткенді бағамдайтын еңбек болып табылады. Сондай-ақ, бір сарынды мақтау мен марапатқа толы шығармалардың қатарына жатпайды. Бұл тереңнен тарихты айтқан өлкетанушылық шығарма. Бекеңнің «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесінде Адайға қатысты мол мағлұматтар жинағанын көреміз. Адай және өзге де батырлар, билер, хан-сұлтандардың ел үшін жасаған ерліктерін қарапайым халыққа паш етіп, күрделі оқиғаны шешудегі қайраткерліктері көрсетіледі. …Жазушы, эссеші Бектұр Төлеуғалиұлының «Адай тарихы сыр шертеді» атты еңбегі бір тайпаның ғана емес, бүкіл халықтың қажетіне жарайтын, жастарды елі мен жерін сүюге шақыратын іргелі еңбек екеніне дау жоқ» (Байғұнақов Д. Ғылыми деректермен әспеттелген әфсана // «Ақиқат» журналы №3. -2008 ж.), – деп нақтылай түседі.
Тарих ғылымының докторы Өмірзақ Мұқай: «Жазушы Бектұр Төлеуғалиұлының 2007 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесі жазушы шығармашылығының шыңы дер едік. Онда жазушыға тән шығармашылық үрдіс бар. Роман-эссенің құнды жақтарының бірі, ондағы тарихи ақиқаттар бүгінгі өзіміз көріп отырған шындықтармен де жалғасын тауып жатады. Жазушы Адай батыр туралы роман-эссесімен қоса, халқына еңбегі сіңген Махамбет Өтемісұлы мен Шотан Назарұлының нақты бейнелерін ашып берген шеберлігімен әйгілі (Мұқай Ө. Тамырын тартқан тереңнен // «Жұлдыз» журналы, №5, 2008 ж.).
Тарих ғылымдарының докторы Ғалымжан Бексейітов: «Кітапты оқыған қауым адай тарихына қатысты ғана емес, қазақ тарихына, тіпті көрші елдер тарихына қатысты жайттардан хабардар бола алады. Ондағы көрші елдермен болған қарым-қатынастар, саяси байланыстар өздігінше бір төбе. Қазақ хандарының сыртқы саясаты жайында көп дүниелер айтылады. Мұның өзі Бектұр Төлеуғалиұлының орта ғасырлардағы төл тарихымызды жақсы білетіндігін көрсетеді.
Тек, тарихта ғана емес, Бектұр әдебиет, этнология, өлкетану, т.б. ғылымдар саласынан да мол хабардар екендігін байқатады. Мұны автор келтірген көптеген әңгімелер де айғақтайды. Қорыта айтқанда, Бектұр Төлеуғалиұлының «Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссесі қалың оқырманға жол табатын тартымды еңбек болып шыққан. Онда сан түрлі мақал-мәтелдер, ғибраты мол әңгімелер көптеп кездеседі. Мұның өзі кітаптың тартымдылығын арттырған», – дейді (Бексейітов Ғ. Қазақ руын зерделеген еңбек» // «Президент және халық» газеті, №21, 23 мамыр, 2008 ж.). Ал, алаштың ақберен ақыны Сабыр Адай Бектұр ағасына арнаған «Жел жемсеген ақберен» атты толғауында:
…Ер Адай тұрды тарих санатына,
Көз ашты, нұр себелеп дара тұма.
Махамбет, Құлбарақтан қалған кие
Жұғыпты қаламыңның қанатына.
Белді бу, Бектұр аға!
Адай ‒ Атам
Қалдырмас кей жаманның табасына!
Болды сол,
Абай – ортақ,
Адай – ортақ,
Қазақтың ханы менен қарасына!
Баласы Әр Жалғыздың – бір-бір Қазақ,
Айналып қашан түсер сабасына! –
деп тебірене жырлайды («Ана тілі» газеті, 28 қаңтар, 2010 ж.).

***

Бекең шағын проза саласында да аз жазғанымен, қаламының ұшқырлығын таныта алды. Оның «Зираттағы оттар» мен «Құткелдінің оралуы» деген екі әңгімесінің өзі-ақ осы айтқанымызды қуаттай түседі. Маңғыстау өңірінің өткен тарихынан сыр тартатын әлдебір оқиғалардың ізімен нақты сюжетке құрып, көркем мәтінге жинақтап, шынайы да шымыр дүние ұсына білген.
«Зираттағы оттар» әңгімесінің оқи-ғасы автордың бозбала шағында ауыл ақсақалынан естіген ғибратты әңгімесіне негізделген. Өткен заманның оқиғасы нақты кейіпкердің іс-әрекеті арқылы оның тылсыммен тілдесетін қасиетіне бас идіреді. Әңгімеде баяндалатын жер атаулары қазіргі Маңғыстау ауданына қарасты Тұщықұдық ауылының маңын-дағы елді-мекендерді, орындарды қам-тиды. Қазақта қасиетті саналатын әулиелі жерлердің тарихынан сыр шертетін шағын әңгімеде Санаубердіұлы Әби ақсақалдың әңгімелеуі арқылы қасиет иесі Сармолда әулие мен оның немересі Атанафестің бойындағы әулиелік қасиеттің сипаттарын бірнеше эпизодтармен танытады.
«Қапам» қауымына барып әйет оқыған Әби ақсақал осы зираттың екі жерінен от көрінетінін айтқан авторға былай деп жауап береді: «Мен ең бірінші әйетімді барлық өлілерге арнадым. Содан кейін барып арнап оқыған адамым Сармолда әулие, одан кейінгі барған зират Сармолданың немересі Атанафестікі… Жарық осы екі адамның қабірінен көрінеді. Бұл адамдар тірі кезінде үлкен әулие атанған, еліне пайдалы қызметтер жасаған, халқына қадірлі болған азаматтар».
Әби ақсақал әуелі ата-баба шежіресі, ру-тайпа түзілісімен таныстыра келіп, Тастемірдің бір баласы Сармолда мен оның немересі Атанафестің қасиеттері туралы әңгімеге ауысады: «Тастемірде бала көп болған. Сол балалардың ішінде зерделі ақылды, ойлы баласы деп аталған, артынан оқымысты болып келгесін жеңгелері ат қойып, содан Сармолда атанып кеткен. Сармолданың зеректігін бала кезінен байқаған әкесі Түркияға жіберіп, көптеген жыл оқытып алған көрінеді. Сармолда оқуын бітіріп келгеннен кейін үйленген, қызметін мешіт салдырып, балаларды оқытудан бастаған».
Әңгімеде Сармолданың Стамбулдағы оқуын аяқтағаннан кейін Меккеде де бір жыл сегіз ай оқып, ауылға оралғаннан кейін әкесінің жұмсауымен ел ішіндегі жұмыстарға араласып жүргенде басынан кешкен кейбір оқиғаларын баяндау арқылы оның оқымыстылық, әулиелік қасиеттерін суреттейді. Әуелгі оқиға былай өрбиді. Сармолда бір шаруамен бара жатып, жолдағы бір ауылға қонғанда, сол ауылдың өзімен құрдас баласы онымен таныса келе, мұның кім екенін білгесін: «Менің бір қызда ойым болып жүр, бірақ ол мені жанына жуытпайды, маған сол қызды қаратып бер» – деп құрдас ретінде өтінішін айтады. Мұны әділетсіздік деп, өтінішін қабылдамай, таңертең ерте тұрып кетіп қалмақшы болғанда, құрдасы да тұрып, түндегі өтінішін қайталап, жалынып тұрып алғасын амалсыздан: «Сен қоймадың ғой, онда қыздың бір тал шашын алып кел» – дейді. Жігіт шеткі үйге кіріп кетіп, бір тал қыл әкеліп береді. Сармолда қылды қолына алып тұрып, құрдасына: «Осы шаштың иесін сүйемін, мәңгі жолдас етемін, сөзімді қайтып алмаймын», – дегізіп, үш рет қайталап айтқызып, қылға дем салып, «енді түстен қалмай қыздың өзі келеді»– деп аттанып кетеді.
Сәске кезінде шеткі үйдің тулағы жатқан жерінен қозғалып, атын ерттеп жатқан жігіттің басына келіп сарт етеді. Жігіт қайда барса да, соңынан қалмайды. Ел әбігерге түсіп, адамдар шошып, ауыл ақсақалы мән-жайды сұрағанда жігіт болған жайды айтып береді. Сармолдаға ат шаптырып шақырғанмен, «мені мазақ қылмақ болды» деп келмегесін, үйдің иесі Тастемір ақсақалға өзі барып, кешірім сұрап, оқиғаны шұғыл тоқтатуды сұрайды. Тастемір баласына кісі жіберіп, ол ақыры тулақты орнына қойғызады. Осы оқиғадан кейін «Тулақты ұшырған Сармолда хазірет» деп аталып кетеді.
Үйленгеннен кейін Сармолда бала оқытумен айналысады. Түрікпен басқын-шыларымен арада жиі қақтығыс болып жүрген сол кезеңдегі шапқыншылықтарда Сармолдадан жиі көмек сұрайтын болған. Ол жолда келе жатқан түрікпен басқыншыларының жолын тұман қылып адастырып, аттарын болдыртып, кері қайтуға мәжбүр қылып отырған дейді. Тағы бір оқиғада Сармолданың баласымен аңға шығып келе жатып, түрікпеннің шабуылынан елді сақтап қалғаны ай-тылады. Жолда кісіней берген соң, екі атты бірінен соң бірін бауыздап, қатты шаңқылдап дыбыс шығарған құсының басын кестіріп, қайта-қайта ұли берген итін атып тастап, алдарынан шыққан төбелдірікті тамға жаңбырдан паналау үшін кіргенде, сырттан адамдардың сөйлеген дауыстары естіледі. Тамға кірген адамдардың сөздерінен өз ауылдарына шабуылдамақ болған түрікпендер екенін білгеннен кейін айла жасап, «аттарды біріне-бірін байластыру керек» дегенде «біз байластырайық» деп білдірмей зираттан шығып, аттардың тұсауын қиып, екеуінің екі атпен ауылға келіп, елді оятып, адамдарды қаруландырып, тамның ішінде жаяу қалған жауларды тұтқындаған көрінеді. Бұдан кейін екінші зиратта жатқан Сармолданың немересі Атанафестің жайы баяндалады. Он жасында Қазан қаласына барып, жеті жыл оқып келген Атанафестің демалысқа бір келгенінде бұлар отырған үлкен ақбоз үйге беттеп келе жатқан құйынды атасы сыйлаған алтын кездігін лақтырып қайтарғаны, оқуын бітіріп келгеннен кейін Қаратөбе деген жерде перілердің үйіне тап болып, оқуының арқасында Шолақ перімен арбасып, ақыры алтын кездігін қайтарып алған оқиғасы әсерлі суреттеледі.
Жастықтың желігімен жүріп, осылай басынан кешкенін, көрген-білгенін ата-сына айтқанда, ол: «Бүгіннен бастап ойын-сауықты қой, мектеп даяр тұр, алған біліміңді еліңнің қажетіне жарат, ұстаздық етіп, бала оқытуға кіріс» – дейді. Бұл тапсырманы орындауға асықпай, жігіттіктің жетегінде жүре бергенде, бір күні оқыс оқиға орын алады. Ақсүйек ойнап жүргенде ағарып жатқан затты сүйек екен деп ұстай бергенде ол ақ жылан болып шығып, өзіне ұмтылады. Тұра қашқан оған жеткен жылан шақпастан санының үстінен өтіп кетеді. Жыланның өткен орнында қара жолақ із қалып, мұны атасына айтқанда, ол тек қана: «Енді баланы дұрыстап оқыт!» – депті. Келесі күні түнде ұйықтап жатып, оқыс тарс еткен дыбыстан оянып кетсе, аяғының жыланның қалдырған ізінен сынып, бөлек жатқанын көреді. Осыдан кейін жастықпен қоштасып, ұстаздық жұмысқа біржола кіріскен екен.
«Атанафес – емсектік, сынықшылық, құмалақ ашу өнерлерінің биік шыңында болған адам. Ұстамалы, талып қалатын немесе есінен адасқан ауруларды емдеп жазып отырған. Үлкен-үлкен қауіпті сынықтарды орнына сала беретін болған. Құмалақ арқылы айтқан болжамдары барлық кезде шынға айналып, елінің құрметіне бөленіп, алғысын алып отырған. Алпыс жасқа жетер-жетпесінде дүниеден өтті. Мен ол кісіні көріп, жүздескен адаммын», – деп автор, бір жағынан оқиғаның шындыққа негізделгенін мең-зесе, екіншіден, Атанафестің ұрпақтары туралы да нақты деректер келтіре кетеді. Әңгіменің соңында «Маңғыстаудағы үш жүз алпыс әулиенің қатарынан орын алып жатқан» Сармолда, Атанафес хазіреттердің басына барып тәу етушілердің аз еместігін, алайда олардың басына қойылған белгілердің тоза бастағанын айтып, әруақты сыйлайтын азаматтардың есіне сала кетеді. Әңгіменің арқауында ата-баба аруағына сыйыну, олардан медет тілеу, солардың атын ұлықтап, құрметтеу идеясы жатыр.
Қаламгердің туған жердің бір кішкене төбешігінің тарихына негізделген тағы бір әңгімесі «Құткелдінің оралуы» деп аталады. Бұл – алты-ақ беттен тұратын шағын әңгіме. Автор шағын көлемге шымыр сюжетті сыйғызып, танымдығы мен тағылымы мол әңгіме түзген. Шығармадағы композициялық тұтастыққа жинақталған бірнеше эпизодтық бөліктер мәтінге оңтайлы жымдастырылған.
Әңгіменің басында автор құла түзде суыт жүріп келе жатып, алдарындағы сауда керуенін көретін қарақшы топты суреттей отырып, оның басшысы – түркменнің атақты қарақшысы Таған-Дұрдыны таныстырып өтеді: «Таған-Дұрды жасы отызды орталап қалған, осыдан он жыл бұрын әкесі Мәмедқұлдың жасағының ішінде болып, Адай ауылдарына тұтқиылдан шабуыл жасағанда тұңғыш рет кісі өлтіріп, адам қанын жүктегеннен бері талай елді тонап, талай керуенді олжалап, талай жазығы жоқ жандардың өмірін өз қолымен қиған қандықол қарақшының өзі болатын. Алғашқы өзі қатынасқан жорықта қолға түскен жесірлердің ішінде Сүйінқара батырдың екі қызы Айсалқам мен Жансалқам да болатын. Он алты жастағы Жансалқамды Мәмбетқұл әкесі кіші әйелдікке алған. Енді жылға жетпейтін уақыттан кейін сол өгей шешесі Жансалқамның қолынан өлетінін Таған-Дұрды сол кезде білмеген еді». Әңгіменің басындағы осы үзіндіде сюжеттің шешіміне меңзеу бар: көктем туа Таған-Дұрды он шақты күн ауырып, Жансалқамның шұбатқа қосып берген уынан көз жұмады.
Бұдан кейін қуаңшылыққа ұшыраған Бесқаладағы елдің жағдайын естіген Акбар саудагердің жолда отыз атан-нарға ақталған жүгері, тары, тұқымдық бидай, т.б. тиеп алып Бұхарадан шығып, жол тосып жүрген Таған-Дұрдының тобына тап болғаны, керуеннің алты адамының түгелдей қарақшылардың қолынан қаза тапқаны баяндалады: «Одан кейін болған жай көзді ашып-жұмғанша аяқталды. Акбар атының басын кейін бұрам дегенше қара арғымақтының өзінің қасына қалай келгенін де, көз ілеспес жылдамдықпен Акбардың басын қылышпен қағып жіберіп допша домалатқанын да, керуеннің қалған алты адамының қарақшылардың қылышынан әп-сәтте қан-қасап болғанын да айтатын қалашылардың түйелерінен басқа тірі куә қалмаған еді».
Әңгіменің негізгі кейіпкерлерінің бірі Есіркеп ақсақалдың мекендеген жері Жарқұдық пен қазіргі Маңғыстау ауданындағы жер-су атаулары аталып («Қияқты мен Тұщықұдықтың арасында Сорқұдық, Ақшақұдық, Көңдіқұдық деген суы тұщы құдықтар бар»), кейінгі оқиға орны ретінде көрсетіледі. Өлке тарихының өткен ғасырдағы бір кезеңі еске алынып, оқиғаға қатысты деталь ретінде аталады: «Есекең асқан бай адам емес, өзінің күнелтісіне жететін жүз елуге тарта уақ жандығы, онның үстінде түйесі, бір айғырдың үйір жылқысы бар орта шаруаның бірі болатын. Осыдан 3-4 жыл орыстың байлары (купецтері) Маңғыстау түбегінің Каспиймен шектесетін жаға-лауына қалашықтар салып, олардың атын «Сарыташ», «Долгий», «Бұрынжық» пристандары деп атап, балық аулатып Астраханға жіберіп отырған». Сөйтіп, жыл сайын малдың терісі мен жүнін Долгийге апарып сатып, керекті заттарын алып жүрген Есіркеп бір жолы қасына ертіп апарған баласы Дәлубай үйдің көлеңкесінде ойнап жүрген жерінен бір күшікті ешкімге білдірмей қапшығына салып алып, орта жолға келгенде әкесіне көрсетеді. Міне, содан бері үш қар басып, енді сарғылт-қоңыр түсті төбет болған сол Құткелдіні Есекең «Бұл ит ит сияқты емес, сөйлей алмайтыны болмаса, сөздің бәрін түсінеді, адамнан кем емес», – деп мақтап отыратын көрінеді. Ендігі әңгіме осы Құткелдінің нақты оқиғамен дәлелденетін ақылдылығы мен ит пен адамның арасындағы достық туралы болады. Бұлардың жамағайыны Бердібек Бесқаланың жәрмеңкесіне керуен алып жүретін болып, керек-жарағын алдырту үшін бірер ірі қара мал қосып, қасына Дәлубайды ертіп жібереді. «Жолда түнемелікке ұры-қары тап болса, иттің қажеттілігі болар» деп, Дәлубай Құткелдіні де ертіп ала кетеді.
Үргеніштің базарында шаруаларын бітіріп, енді, елге қайтамыз деп отырғанда, «қызыл қоңыр, теңбіл шұбары бар, басы үлкен, аяқтары жуан» арлан итті алыстан көріп, бұрылып келген Таған-Дұрды Құткелдіні саудалайды. «Иттің құнына төрт қанар ақталған тары мен жүгері және екі атан түйе беремін» деген Таған-Дұрдыға итті беретін болып, Дәлубай айтылғандардың үстіне оқ-дәрісімен екі мылтық беруді сұрайды. Сөйтіп, бұлар олжалы болып елге оралады, «Бір иттің құны екі түйе, екі мылтық, төрт қанар ақталған түйір астық болыпты» деген әңгіме елге аңыз болып тарайды.
Қыс аяқталар шақта соңғы қанар астық орталағанда Есіркептің бәйбішесі қанардың ішінен салмағы әжептәуір, іші алтын теңгеге толы кенеп қалта тауып алады. Сол теңгелердің таза алтын екендігін тексертпекке Долгийдегі орыс байына апарып, алтын екеніне көздері жетіп, тоғыз теңгеге «бір пұт шай, екі қап ұн, 20-30 метр мата» сұрағанда, орыс байы есептеп шығып, «осының үстіне балаңыз екеуіңізге екі етік және осы заттарыңызды тиеп апаратын бір арба, оны сүйреп апаратын бір ат алуыңызға жетеді», – деп қол қойдырып, бармақ бастырып, хаттап береді. Қуаныштары қойнына сыймаған әкелі-балалы екеуі алтынның азғантайын үйлеріне қалдырып, қалғанын белгілі жерге көметін болады. Кешкі тамақтарын ішіп бола бергенде үй сыртынан иттің гүр еткен дауысы естіледі. Бұл – Құткелді еді: «Үйдегілердің бәрі түгелдей сыртқа жүгіріп шықса, ит шөкесінен жатқан күйінде бауырымен жылжып келіп, Есіркептің екі аяғының арасына тұмсығын тығып, құйрығын бұлғаңдатады. Есекең үнсіз жатқан итті көтеріп алып, үйге әкеліп қараса, иттің азып кеткенін, бұрынғы жылтырап тұратын қызыл қоңыр шұбар терісінің ұйпа-тұйпа болып қалғанын, көзінің жасының төгіліп тұрғанын көріп, шыдай алмай:
– Құткелдім-ай, қалай келдің, қалай таптың? – дегенде босап, даусы бұзылып кетіпті. Кемпірі мен баласы да көздерінен қалай жас шығып кеткенін байқамай қалыпты.
Осыдан кейін, Есіркеп үлкен байлардың қатарына қосылады. Олар отырған үлкен төбенің аты «Құткелді» аталып кетеді. Шынында да, Құткелді десе – Құткелді еді. Есіркептің шаңырағына құт дарытқан Құткелді болмаса, саудагер Акбардың ішіне алтын тыққан ала қанары Есіркептің үйіне келер ме еді?!
Өмірде сирек кездесетін, ешқандай азулы аңнан қорықпайтын нағыз иттің сырттанын танып, аулына алып келген Таған-Дұрды сол қыста қырықтың үстінде түлкі, жиырмаға тарта қасқыр алыпты. Көктем шыға шұбатқа қосып берген уынан көз жұмғаннан кейін Жансалқамның Құткелдіге бір аяқ жас етті сорпасымен беріп, жеп болғасын жылап тұрып:
– Құткелді, еліңе қайт, мен енді елге бара алмаспын, себебі түрікпеннің әйелі болдым, топырағым осы жақтан бұйыратын болар, кегімді алдым, – деп көзінің жасын сүртіп тұрып, ел жаққа қолымен нұсқап қақпаны ашқанда, Құткелді түсіндім дегендей гүр еткізіп бір дыбыс шығарып, басымен Жансалқамға сүйеніп жіберіп, есіктен шыға жүре беріпті. Бұл жайды кейіннен, Адай жігіттері жоқ іздеп жүрген жолаушы болып, Сүйінғараның қыздарының хабарын білмек болып түрікпен жеріне барғанда, жасы қырықтарға келіп қалған Жансалқамның өз аузынан естиді.
Міне, қаламгердің туған жерінің бір төбесінің атауының шығуын негізге алып, тарих көшіндегі оқиғадан індете отырып, көркемдікпен жинақтап шыққан шағын хикаясы осылай түйінделеді. Мұнда Құткелді секілді ақылды иттің адамға адалдығы мен достығы, жаугершілік замандағы адамдар тағдыры мен еларалық қатынастар көрінісі, Жансалқам секілді қазақ әйелінің аянышты тағдыры мен кек алуы, жоқшылық кезінде Есіркеп ақсақалдың қолына түскен Құткелдінің құт болып, оның байлардың қатарына қосылуы секілді қат-қабат жайлар шағын көлемде жымдаса бейнеленіп, сол заманның шындығын шымыр да шынайы, қат-қабат әрі қызықты хикая түрінде оқырманының көз алдына әкеледі. Осының бәрі туған жер тарихындағы болып өткен сан мыңдаған оқиғалардың бірін көркемдікпен тірілтіп, санада жаңғыртуымен де құнды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады, – дей келе: – Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын. Осы айтылған ғибратты пайымның нақты жүзеге асуына Бекең де қаламгер ретінде өмірлік тәжірибе мен ел аузындағы әңгімелерге негіздей отырып үлес қосып келеді.
Б.Төлеуғалиевтің туған жер тарихына қатысты оқиғаларға негіздеп жазған бұл әңгімелері шетел басылымдарының да қызығушылығын тудырып, өзге тілдерде басылып шыққан. Атап айтқанда, «Зираттағы оттар» («Огни на магилах святых») әңгімесі Ресейдің «НГ-религии» басылымында орыс тілінде, сондай-ақ Испанияның «PAIS, EL» газетіне испан тілдерінде жарық көрсе, Испаниядағы «Миф и религия» ғылыми орталығы автордың еңбегін жоғары бағалап, арнайы сыйлықпен марапаттаған. Ал «Құткелдінің оралуы» («Возвращение Куткелды») әңгімесі «Русская литература» журналына жарияланып, редакция алқасының жоғары бағасын алды.

***

Бәкең соңғы кезде жас ұрпақ тәрбиесіне арнап қазақтың салт-дәстүрі туралы құнды деректік материалдар мен толғамды ойларын баспасөз бетінде де, жеке жинақ түрінде де ұсынып жүр. Бұл орайда осы жолдар авторымен бірлесіп жариялаған «Салт-дәстүр және қазақ тілін оқыту» оқу-әдістемелік құралынан да (Алматы. Арыс, 2013 ж.) оқырманның пайдалы деректер табары сөзсіз. Бұл құралда мектеп мұғалімдерінің, ата-аналар мен оқушылардың қажетіне әбден жарайтын тіліміздің лексикалық қорындағы салт-дәстүрге қатысты атаулар сыры мен қазақ тарихына қатысты деректер, сондай-ақ лексиканы оқытудың әдістемелік мәселелері қамтылған.
Бәкең – аузы дуалы, шешен сөйлейтін дегдар ойдың адамы. Ол Маңғыстау облысы бойынша алғашқылардың бірі болып «Отан» партиясына мүше болды. Елбасын сайлаулардың бәрінде, референдумда Елбасының сенімді өкілі болып қоғамдық қызмет атқарумен келеді. Сайлау кездеріндегі облыстың әр жерінде өткен сайлаушылармен кездесулерде Елбасы саясатын қолдап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуден ешқашан қалыс қалған емес.
Елбасы туралы әңгімесінде: «Нұрсұлтан Әбішұлы – шын мәнінде, Қазақстан халқының маңдайына біткен қайталанбас дара тұлға, Алланың қазақ деген елге берген сыйы, біртуар перзенті. Қазақстан халқы арты шың, алды түпсіз құлама шыңырауға тіреліп тұрғанда, етегін түрініп, білегін сыбанып, елін бастап ұшпадан ұшырмай алып шыққан кім еді, білесіңдер ме? Әрине, білесіздер, ол Нұрсұлтан Назарбаев еді ғой. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет етіп тізгінін ұстағаннан бері адам айтса нанғысыз қаншама жұмыстар атқарылды. Етігімен су кешіп жүріп, кемел ертеңге апарар баспалдақтарды қалап тастады. Мемлекеттік шекараны бекітті, қарулы күштерді жасақтады, ұлттық экономиканың іргесін бекітті, ұлттық валютаны енгізді, ұлттық саясатты айқындады, ұлттық бизнесті қалыптыстырды. Егемендікті жариялаған соң, 130 күннен кейін мемлекеттік рәзімдерді бекітті, төл теңгеміз өмірге келді. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ бейбітшілік сүйгіш ұстанымымен ерекшеленді. Гуманистік идеяларды жоғары бағалайтын Елбасы 1991 жылдың тамыз айында атышулы Семей полигонын жапты. Өлім жазасына 2003 жылы мораторий жариялап, 2004 жылы ол толықтай алынып тасталынды. «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында атамекенге бір миллионға жуық қандастарымыз оралып, қатарымызды көбейтті. Әр ұлтқа өзінің тілі мен мәдениетін, ділі мен дінін сақтау үшін барлық жағдай жасалды.
Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасы аясында елімізде жаңа жұмыс орындары құрылып, кәсіпорындар, тұрғын үйлер салынды, еңбекақылар, жәрдемақы мен зейнетақы, шәкіртақы көбейтілді. Астананы Сарыарқаға көшіріп, ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін ғажайып қала орнатты.
Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен 2004 жылы басталған «Мәдени мұра» стратегиялық жобасының арқасында ұлттық құндылықтарымызды түгендедік», – деп дәйекті де дәлелді ойларын айтып, ұдайы тыңдаушыларды жігерлендіріп отырады.
2015 жылы Бәкең «Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы энциклопедиясын» шығару жөнінде бастама көтеріп, сол кездегі облыс әкімі А.С.Айдарбаевтың қолдауымен осы іске белсене араласты. Облыстың ауыл шаруашылығы туралы кең көлемде мәлімет беретін осындай іргелі басылымның қажеттігі біраздан бері сезіле бастаған болатын. Бұл бастама облыс тұрғындарының тарапынан да кең қолдау тапты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап өңірімізде құрылған серіктестік, артельдер, колхоздастыру кезеңі, ауылдық кеңес, кәсіподақ, партия, комсомол ұйымының басшылары, еңбек озаттары мен ардагерлері туралы мәліметтер мен Маңғыстаудың мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, аңшылық, ұсталық, зергерлік, т.б. салалардан танымдық материалдарды қамтитын басылымның редакция алқасы мен жұмысшы тобын құрып, жұмыстанудың нәтижесінде Алматыдағы «Арыс» баспасынан «Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы» энциклопедиясы жарық көрді.
Қазіргі кезде елге еңбегі сіңген ғылым мен білім, мәдениет саласы қайраткерлерінің есімін оқушы жастар арасында насихаттау, еңбектерін оқып-үйренуді жолға қою бағытында игілікті жұмыстар жүргізіліп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отырған бір жақсы үрдіс – елге еңбегі сіңген ғылым мен білім, мәдениет саласы қайраткерлерінің есімін оқушы жастар арасында насихаттау, еңбектерін оқып-үйренуді жолға қою мақсатында білім мекемелерінде, оқу орындарында ақын-жазушыларға арналған кабинет ашу дәстүрі қалыптасуда. 2017 жылы Маңғыстау ауданы Шетпе кентіндегі №7 мектеп-лицейінде жергілікті қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Бектұр Төлеуғалиевке арналған оқу кабинеті ашылды. Салтанатты жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Н.И.Қилыбаев, білім саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты. Жүргізушілер осы шараның мақсатын түсіндіріп, қаламгер Б.Төлеуғалиевтің өмір жолы мен шығармашылығын таныстырып өтті. Бұдан кейін Бекеңнің өзі сөз сөйлеп, өзінің шығармашылығы туралы айтты. Оқушылардың әлемдік және отандық ақын-жазушылардың шығармаларын оқып-үйренулерінің маңыздылығын, мәдениетті адам болып қалыптасудағы әдебиет пен тарихи білімнің қажеттілігін қаперге берді. Өзінің шығармашылығына тоқталып, осындай игілікті істі қолға алып отырған мектеп ұжымына алғыс білдіріп, мектеппен тығыз байланыс жасап, шығармашылық жолы мен қазақ тарихы, салт-дәстүр тақырыптарына әңгіме-дәрістер жүргізіп отыруға дайын екендігін жеткізді.
Оқу кабинетінің лентасын облыс әкімінің орынбасары мен қаламгердің өзі қиды. Эстетикалық талаптарға сай безендірілген оқу кабинетінде қаламгер шығармашылығының тақырыптық-идеялық ерекшеліктері көрініс тапқан. Әсем жасақталған стенділер жазушының тарихи романдары мен эсселері туралы сыр шертеді. Кітап сөрелеріне қойылған шығармаларын көріп-танысуға, оқу процесінде оқып-зерделеуге мүмкіндік жасалған.
Әрбір адам үшін туған жері қанша-лықты қымбат болса, сол өлкенің тарихы, оны түлеткен перзенттерінің өмір жолы мен еңбектері де ерекше өнеге болмақ. Аталмыш мектептегі қаламгерге арналған оқу кабинеті оқушыларды рухани дамыту мен әдебиетке баулудың бір орталығы болып отыр. Жастарды туған өлкенің мәдени мұраларымен, ақын-жазушылардың шығармашылығымен таныстырып, зерделету – рухани жаңғы-рудың тиімді бір жолы болмақ.
Бәкеңнің еңбектегі жетістіктері лайықты бағаланып, 2017 жылы Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Бұйрығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Басқа да көптеген марапаттардың иесі, атап айтқанда, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен, «Нұр Отан» саяси кеңесінің Құрмет грамотасымен, Маңғыстау облысы әкімі мен мәслихатының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол – «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі», сондай-ақ Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының және Маңғыстау ауданының «Құрметті азаматы» атақтарының иегері. Осыған қоса, үстіміздегі жылы «Тілдер күні» мерекесіне орай президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың қолынан Алғыс хатын алды.
Бәкеңнің еңбек жолындағы көпшіліктің жадында қалған әсерлі оқиғалар жайлы естеліктер, іскерлік қырлары мен шығармашылық таланты туралы замандастарының жылы лебіздері –сексеннің сеңгіріне шығып отырған қайраткер һәм қаламгер ақсақалдың тұлғасын жан-жақты толықтыра түседі. Солардың ішінде қаламгердің замандас інісі, көрнекті жазушы, ардагер журналист, өлкетанушы Әбілқайыр Спанның мына пікірін келтіре кетуді жөн көрдік: «Біздің Маңғыстаудың Қаратауында бір тас бар. Және ол бір-ақ жерінде ғана бар. «Шар қайрақ» дейді оны ел. Аты айтып тұрғандай, ол – қайрақ. Шар қайраққа, әдетте, балта, суық қару қайралатын еді ғой. Бұл тастың үстіңгі беті сондай шар қайрақ. Ал, соның астыңғы беті өте қатты үгілмейтін болатын. Әуелі шарға салынып алған құрал соңынан осы соңғы қайраққа жанылып алынғанда тіпті қылпып шыға келеді. Шамалыға кетілмейді, майырылмайды. Тіпті кәдуілгі ұстарамен шашын алғанда ауырсынып, қыңқылдап жылайтын жас бала әлгі шар қайраққа қайралған ұстара басына тигенде ұйқысынан оянбай отыра беретінін қайтерсің. Мен Бекеңді көргенде осы қайрақты есіме алып, соны қолыма ұстағандай әсерде боламын», – деп жазады Әбекең өзінің «Шар қайрақ» атты мақаласында («Ана тілі» газеті, 31 желтоқсан, 2009 ж.).
Б.Төлеуғалиев ауыл шаруашылығын ұйымдастыру мен басшылық саласында елге ерен еңбегімен танылса, қаламгер ретінде әдебиет көшіне кештеу қосылғанмен, талмай іздену мен шы-ғармашылық қайрат-қарымының арқасында қазақ тарихына олжа салған кітаптарымен әдебиетіміздің қатарынан берік орын алды.
Бүгінде cексен жасқа толып отырған Бектұр ағамызға әулеті мен ел-жұртының амандығын, күйлі-қуатты ғұмыр пен жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!

Әділет ҚАБЫЛОВ,
филология ғылымының кандидаты
Ақтау қаласы

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат