ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ: ГУМАНИСТ. ПАТРИОТ. САЯСАТКЕР

  • 22.01.2020
  • 370 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жапсарбай Қуанышев,
ҚР Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбаевтың 1996-2002
жылдардағы кеңесшісі, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы
институтының қызметкері, саяси ғылымдарының докторы

 Тумысынан терең ойшыл Әбіш Кекілбаев жан-жақты білімге сүйенген кемеңгер суреткер ретінде адам мен қоғам, табиғат пен өркениет, тарих пен болашақ тұжырымдамаларына мүлде жаңаша қарау керектігін ерте түсінді. Оны Әбекең ел жүрегінің дүрсілін сезетін, өзі өмір сүріп жатқан ортаның қыр-сыры мен жай-жапсарын, мүддесін, өз қоғамы мен елінің әлемдік өркениеттегі орны мен оның даму үрдістерін білетін әдебиетші-тұлғалардың ортасында жүрген кезінен-ақ білген. Сондықтан, еркін ойлы қаламгер және гуманист тұлға өзін саясатта да еркін сезінді, пікір дербестігін де жоғалтпады.

Ол қазақ халқының, Қазақ елінің жыртысын жыртты, Тәуелсіздіктің жырын жырлады, оның орнығуына аянбай тер төгіп, бар күшін салды. Сонда оның бойына мұндай зор күш-жігер қайдан пайда болды? Әлеуметтанушы, қаламгер Кекілбаев тарихи романдары арқылы тәуелсіздік пен бостандық рухына еліміздің егемендік алғанынан әлдеқайда бұрынырақта қол жеткізді. Сөйтіп өз болмысын, барлық мақсат-мүддесін ұлт тағдырымен кіріктіре білді. Соның нәтижесінде оның еңбектері қолданбалы сипат алып, ол сол арқылы болашақ қадамдарын нық басып, өткенін таразылай алды. Сондықтан, ол мемлекеттік қызметте де елдің көкейіне ұлттық сана-сезім сенімін ұялатуға баса назар аударды. Ал, егер бұған басқа қырынан қарар болсақ, онда Әбіш Кекілбаевты ерекшелейтін тағы бір мәселеге көңіл бөлгеніміз жөн. Ол оның өркениеттік ойлау қабілетінде, күллі адамзатты және саналы тіршілік иесі әрбір индивидиумды көздің қарашығындай сақтау арқылы ғана аман алып қалуға болатындығына деген сенімі. Биік парасат иесі, қоғамтанушы Әбекең адамның ғана мүддесін көздеп, қоғамның қамын өмірден тыс қалдыру әлеуметтік теңсіздікке апаратынын білді.
Әбіш Кекілбаевтың тұлғалық дәрежеге жетіп, бойына осыншама қасиеттерді дарытуға ең алдымен терең білімділік ықпал етті. Сондықтан да, ол білім беру мәселесіне, еліміздің білім жүйесін дамытуға үлкен мән берді. Сонау 1989 жылы Әбекең ұрпақ тәрбиесі жайлы, мектеп мәселесі туралы ой-толғамдарында «мектеп өзгермей тұрып, адам өзгермейді, адам өзгермей тұрып өмір өзгермейді» деген философиялық тұжырым жасап, ендігі жас ұрпақ атымен жаңа дәуірде өмір сүретіндігін айтып, көрегендік танытқан. Ол мектеп реформаларының ештеңені өзгертуге қауқарының келмей жатқандығының себебін – бүгін не қажет екенін, ертең не дұрыс болатынын біліп, істемеуден деп санады. Уақыт талабы мен уақытша талаптарды айыра білу шарт екендігін, уақыттың талабына сай болу үшін өзін-өзі жете тану қажет екендігін айтты. Қоғамның мардымсыз жағдайда тұрғандығы адамның әлі де болса, өзін-өзі жете танып үлгере алмай жатқандығында деп білді. Әбекеңнің осы ойлары арада отыз жыл өтсе де өзектілігін әлі жойған жоқ. Өйткені, абызды елінің, халқының, ұрпағының болашағы туралы ой үнемі толғандырған. Сондықтан да, ол өзін-өзі жете таныған адам, өзі де ешкімнен қиянат көрмес үшін ешкімге қиянат жасамауға тырысатындығына сенімді болды. Кемел ойлы ағаның пайымдауынша, бұл мына дүниедегі жарастық орнатудың кепілі, мектеп білімді утилитарлық сипаттан арылтып, гуманистік сипатпен байыта алған кезде ғана дегеніне жетеді, маман адамды емес, адам маманды тәрбиелегенде ғана мектептің мерейі өспек екен. Мұны данышпан гуманист-ойшылдың ұрпағына өсиеті деп те түсінуге болады.
Әбекеңнің өмірдегі басты қаруы сөз болды. Ол оның құдіретін жақсы білді. Сондықтан да, бұл кісінің аузынан шыққан әрбір сөз құдіретті еді. Ол таласса да, тірессе де өз айтары мен ұстанымын сөзбен дәлелдеп, сөзбен өткізіп, сөзбен жеткізіп отырды. Әбіш Кекілбаевқа бос сөз, қысыр әңгіме және жалаң уәде дегендер тән емес, оның болмысына тіптен келмейтін, мүлдем жат дүниелер болды. Оның ойлау қабілеті терең және ауқымды, адамды таңғалдыратын, қаламы да жүйрік, логикасы да мықты-тын. Уақытты текке жібермейтін, қағазды да үнемдегіш қасиеттерін жақын араласатын адамдар жақсы біледі. Бір парақ ақ қағазды төртке бөліп, кішкентай парақшаларды пайдалануы өткен кездердің тапшылығынан ғана емес сияқты. Ол кейде – өз ойын шашыратпай, жинақтау үшін істелген бір психологиялық амал секілді болып көрінеді. Тіптен, кез келген жиналыс, кеңестердің барысындағы немесе солардың арасындағы 5-10 минуттік үзілістерді бекер жібермей, бастағанын жалғастырып, жаңа ойларын түртіп алып отыратын. Қабылдау бөлмесіндегі қыздар Әбекеңнің жазған дүниелерін басып үлгере алмай әуре-сарсаңға түсіп жататын-ды. Ал, егер жазуға ыңғайы келмей жатса, мәселен, далада жүрсе, жыл мезгілінің қай кезі болмасын, күбірлеп, кейбір сөздерді дауыстап айтып жіберетін кездеріне де куә болдық. Сөйтсек, бұл абыз ағаның ой түйіп, образ сомдап немесе өзін толғантып, қоғамды елеңдетіп жүрген әлдебір мәселелерді іштей пысықтап, туындаған сұрақтарға жауап іздеген сәттері екен ғой.
Әбіш Кекілбаевқа: «Сіздің твор-честволық жұмысыңызға мемлекеттік қызмет кедергі болмай ма», – деген сұрақтар ол депутат болып жүрген кезінен бастап қойыла бастапты. Солардың біріне Әбекең: «Қазір арлы азаматтың қай-қайсысы да өзі үшін емес, елі үшін қиналып көруге тура келеді. Мұндай өтпелі кезеңдерде, заманалар тоғысында ғалымдар да, жазушылар да тарих соқталаңындағы халқы мен қауымына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, тікелей көмектесіп көрейін деп, сүйікті кәсіптерінен бір сәт аулақтай тұруға мәжбүр болған. Мен де сондай күйде сияқтымын. Жағдай дұрысталған соң қалам мен қағазға оралмағанда, кайда ораламын дейсің!», – деп жауап берген екен. Ендеше реформалар тұсында Президент шақыруын қабыл алып, командасына қосылғандығы да осыдан болар. Сол сияқты саясаттың өзіне әуелден таңсық еместігін, халық тағдыры өзекті тақырып екендігін әңгіме қылып, енді оған кең көлемде араласуға мүмкіндік туып отырғандығын да жасырмайды. Әбекеңнің ұстанған қағидасы – «қолыңа тиген пұшпағына ие болып, көптің қамы жолындағы ортақ теріні бірге илесу, оның қамын ойлау, ешкімді баса-көктемеу».
Жалпы, Әбіш Кекілбаев әдебиеттен ешқашан кетпеген. Оның осы саладан келгендігі де, оны тастамай, сонда қалғандығы да рас. Бұл жерде ешкімнің де дау айтарлықтай құқығы да, негізі де жоқ. Ол әдебиеттен саясатқа келгенде де, әдебиеттен кетпеді. Әдебиеттен қол үзбей жүріп, саясатта өзін «бөтен немесе жалғызбын» деп те сезінген жоқ. Әбекең анда да, мында да солардың біреуі емес, бірегейі бола білді. Өйткені, әдебиет те, саясат та ол үшін қалыпты және үйреншікті жағдай болатын. Неге десеңіз, Әбіш Кекілбаев саясатқа дейін әдебиетте болды, ендеше саясатқа ол әдебиеттен, ел жүрегінің дүрсілін сезетін ортадан келді. Халықты күйзелістен шығарып алу қажеттігін әдебиеттегі күйзеліспен байланыстыра білді. Ол, өзі айтқандай, суреткер болмаса күрескер де болмас еді. Әбекең әдебиетті топтар емес, өзі өмір сүріп жатқан ортаның қыр-сыры мен жай-жапсарын, мүддесін, өз қоғамы мен елінің әлемдік өркениеттегі орны мен оның даму үрдістерін білетін тұлғалар жасайды деп түсінді.
Сонымен қатар, сындарлы мемлекет болу мәселесін қозғай отырып, Әбіш Кекілбаев қоғамның бойында бар кемшіліктерді де жасырған емес. Оның азаматтық тұлғасын елге не айтса, билікке де соны айтқанынан да көруге болады. Ол тәуелсіздік алғанмен, бірден қарық бола алмай жүргенімізді де, олқы түсіп, орашолақ кетіп жатқанымызды да ашық айта білді. Бірақ, Әбекең азамат ретінде де, қаламгер ретінде де, саясаткер-қайраткер ретінде де тәуелсіздік пен егемендікке нұқсан келтіруге болмайтындығын, одан қасиетті, одан қастерлі ештеңенің жоқ екендігіне кәміл сенді, оны өмірлік ұстанымына айналдырды. Уақытша қиындықтарға шыдамағандарды анасының көкірегін қыршып тамағы тоймаған балаға теңеп, «тісі шыққан да сүйте ме екен…» деп, оған үлкен мән-мағына, қоғами сипат берді. Ол сондай-ақ, өзімізді табалап, саяси қазымырлық пен жылап-сықтауға әуестенген әлеуметтік кемсіту жасампаздыққа апара алмайтынын, ал, жасампаздыққа жаппай бет бұрмайынша, экономика да, демократия да оңға баспайтындығын дөп басып айтты.
Абыз аға билік жүйесінде осы қырымен ерекшеленді, оны өзінің осындай адами әлеуетімен байытып, құрметке бөленді. Абыз Әбіш арзан саяси ұпай жинамады, саясаттағы ырду-дырдудың бәріне араласа қойған жоқ. Әбекеңнің ешқашан сұранып, қызметке бармағандығы да сондықтан шығар. Демек, Әбіш Кекілбаевқа деген сұраныстың қоғамда да, саясатта да болғаны осыдан. Бәлкім, мұның құпиясы қаламгер-қайраткердің: «Мен әдебиетте болмасам, саясатқа келмес едім», деген сөздерінде жатқан болар?
Осы тұста жазушы, суреткер, саясаткер болғанда, бір қарағанда мәдени-ағартушылық, қоғамдық-саяси мәселелерге біртабан жақын тұратын саясаткердің, экономикаға қандай қатысы бар, ол өзі экономикалық проблемаларды біле ме екен деген сұрақтардың туындауы сөзсіз ғой. Бірақ, ондай мәселенің Әбіш Кекілбаевқа қатысты айтылуының жөні бола қоймас. Өйткені, ол аталарының тектілігінен, анасының ақ сүтінен, туған жерінің топырағынан дарыған бойындағы үлкен дарынның арқасында өмірді де, дүниені де, ондағы болып жатқан құбылыстарды да біртұтас, толыққанды қабылдауға қабілетті білімдар болып қалыптасты. Сондықтан да, Әбекең саясатта пікір алуандығына негізделген демократияны, экономикада көптің мүддесін көздейтін әлеуметшіл нарықты, идеологияда адамгершілік пен азаматтық белсендікті қастерлейтін гуманизм мен либерализмді жақтайтындар қатары көбейе түсетініне сенді. Ол мемлекет дамуы мен оны басқарудың бір жағын білмей, түсінбей тұрып, екінші жағына ие болудың қиынға түсетінін де жақсы сезді. Жалпы, Әбіш Кекілбаевқа біржақтылық тән емес. Бұлардың тұғырлық негіздерін тең меңгеріп, тең ұстады. Өйткені, халқымыздың, азаматтарымыздың ішкі жан-дүниесін түсініп, олардың өздерін әлеуметтік тұрғыда қалай сезінетіндіктерін дұрыс саралау үшін, әрі сана-сезіміне ықпал етіп, мемлекеттің саясатын ілгерілету үшін бәрін, соның ішінде экономиканы да білу керек болды.
Егемендіктің елең-алаңынан бастап-ақ Әбіш Кекілбаев нарыққа да парықтың керектігін айтып, тәуелсіздіктің саяси және экономикалық мүдделері біздің ортақ мүддеміз екендігін ескертті. Қазақстан азаматтарының жеке іскерлігі мен жеке бастамашылдығын тәуелсіз мемлекетіміздің экономикалық қуатын нығайту жолына жұмылдыру, соны қамтамасыз ететіндей моральдық, құқықтық негіз жасақтау қажеттігін қозғады. Құқықтық негіз жасау үшін жаңа экономикалық қарым-қатынастарды әрбір азаматтың іскерлік қабілетін түгел ашуына жағдай туғызатындай мүмкіндіктер орнату қажеттігін түсінді. Осыдан барып, Әбіш Кекілбаев экономикалық тәуелсіздік мәселесін көтеріп, оны қалыптастырудың негізі жауапкершілік пен намыста деп пайымдады. Аталмыш қасиеттерді дамытуға тиісті сана керек. Бұл жұмыстағы самарқаулық пен керенаулық бізді көштен қалдырып, әлемдік дамудың қарқынына ілесе алмай, шаң жұтқызары әбден мүмкін. Көздеген мақсатқа жетуге өршіл ұлттық намыс пен ұлттық сана керек. Ол үшін елдік, қоғамдық маңызы бар кез келген мәселені, ең алдымен, біздің тәуелсіздігімізге қандай ықпал ете алатындығымен таразылап, қоғамның тұтастығын сақтаудың түп негізіне үңіле білгенді Әбекең орынды деп санады.
Ол тумысынан мәдениеттанушы болған дерсің. Оған себепкер нәрсе оның қаршадайынан көп оқып, табиғатпен етене байланыста болғандығы, тау-тас пен даланы кезіп жүріп, туған өлкесінің табиғи жаратылысынан, терең тарихынан нәр алғандығы шығар. Қалай болғанда да, өзін қоршаған ортасынан қол үзбеген адам ғана мәдениетті бағзы мен бақиды жалғастырар сара жол, өмір сүру өнері, ал мәдениет тарихын адамзат тарихы деп түсініп, солай бағалай алады. Тіптен оны ұлттық тарихтан да, мемлекет, қоғам тарихынан да әрі кеңірек, әрі көнерек деп, оның түп басы галактика тарихында дегенді меңзеуі, қазір қолданысқа еніп жатқан «Әбіш әлемі, Әбіш кеңістігі» деген түсінік пен тұжырымның өз бастауын, шамасы, осыдан алатындығын айғақтағандай болып көрінеді. Сондықтан да, тек Әбекең сияқты дарынды тұлға ғана планетарлық, әлемдік ойлау қабілеті мен болмысы тән. Тарихшы және мәдениеттанушы ретінде ол осы екі саланың өзара байланысын, тарихи сананың мәдениетті мәңгіліктің ырзығы етудегі рөлін көрсете білген: «Өз өлкесінің тарихын білмеген күллі планета тағдырына қайдан қинала қояды? Өз мәдениетінің жай-күйіне жаны ашымайтын тоғышар адамзат цивилизациясының көсегесін қалай көгертеді? Ендеше, тарихи-мәдени мұраға жаны ашу жас ұрпақты, әрбір сана иесін отаншылдыққа да, шынайы патриотизм мен интернационализмге баулудың ең тиімді, ең ықпалды жолы. Мұрагер болуға үйренбей тұрып, күрескерлікке де, жасампаздыққа да қол жетпейді». Әбекеңнің бойындағы мұндай жан-жақтылық пен тереңдіктің қайдан шыққандығын өз басым кейін, жұмыс барысында ғана түсіне бастадым. Бір мысал: біз Әбекеңе кітапханадан астрономия, жоғары математикаға да қатысты кітаптарға сұраныс жасап, әкеліп беретінбіз.
1992 жылдың тамызында Президент жанындағы алғашқы ақылдастық кеңес құрылды да ол бір жылға тарта уақыт жұмыс істейді, мүшелерінің көпшілігі конституциялық үдеріске қатысады. Дегенмен, оның жұмысшы органы мен оған тұрақты түрде тек сол кеңес жұмысымен айналысатын адам болмаған екен. Бұған қоса олар сирек жиналған көрінеді. Ол кезде ахуалдың тез өзгеруі саясаттың да өзгеруіне ықпал етті. Ішкі және сыртқы ықпалдар тәуелсіздікті нығайту мәселесімен тереңірек айналысып, өзіндік мемлекеттік саясатты қалыптастыру талабын күн тәртібіне қойды. «Қазақстан жағдайында демократиялық, құқықтық мемлекет, әлеуметтік нарықтық экономика деген не? Халық осыларды түсініп, қабылдауға дайын ба? Ол мемлекет қандай құндылықтарға негізделеді, оның бағыт-бағдары ше?» деген сияқты көптеген сұрақтар туындады. Оларды түсіну және ел азаматтарына түсіндіру қажет болды. Сонымен қатар ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау тағы бар. Ұлттық мемлекет идеясы жиі талас туғызып жүрген мәселелердің біріне айналды. Міне, алдымен осындай жәйттердің басын ашып алмайынша, көп сөз болып жүрген ұлттық намыс, ұлттық сана ұғымдарының да мән-мағынасын түйсіктену оңай емес еді. Жалпы, мемлекеттік саясаттың негізі туралы ойларын Президент Н.Ә.Назарбаев 1993 жылдың 11 мамырында өткен қоғамның идеялық бірігуін Қазақстан прогресінің шарты ретінде қарастырған республикалық кеңестегі баяндамасында айтқан болатын.
Осыдан кейін тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Мемлекет басшысы жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңес құрған болатын. Ол Кеңестің алдында ең алдымен 1993 жылы қабылданған Конституцияға сәйкес құқықтық саясаттың концепциясы мен экономикалық реформаның бағдарламасын жасау және басқа да маңызды мәселелерді қолға алу міндеті тұрды. Осы тұрғыда жоғарыда айтылған Кеңеске үлкен үміт артылды. Оның төрағасы Н.Ә.Назарбаев өзінің орынбасары ретінде осының алдында ғана мемлекеттік кеңесші болып сайланған Әбіш Кекілбаевты ұсынды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, ол Кеңестің сұрақтарды жинақтап, проблемаларды қорытатын, кездесулерді ұйымдастыратын аппараты болу керек. Сонымен қатар сол кездесулерді өткізетін, пікірталастар жүргізетін және көтерілетін әртүрлі мәселелер бойынша басты бағыттарды ұстанып, қалыптастыратын, мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің практикалық жұмысын жүргізетін Әбіш Кекілбайұлы сияқты саясаткер тұлға қажет болса керек.
Әбіш Кекілбаев Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің 1993 жылғы 26 маусымында өткен алғашқы мәжілісінде сөйлеген сөзінде сол кездері адамдарды болашаққа деген сенімсіздіктің билеуі, моральдық-психологиялық дағдарыстың күшеюі ақпараттың дұрыс жеткізілмеуінен, халықтың болып жатқан оқиғалардың шын мән-жайынан бейтарап қалуынан екендігін атап өтті. Ол: «Егер іс осылай жалғаса берсе, онда баяулап, әлеуметтік келеңсіздіктің белең алуы мүмкін. Бұл жағдайда тәуелсіздік – елдің мемлекеттік саясатының негізгі өзегі этносаралық, жіктераралық және мемлекетаралық қатынастарды тұрақтандыруға бағытталуы тиіс. Қоғамда демократиялық сауаттылық қажет. Жүргізіліп жатқан реформаларды, болып жатқан оқиғалардың шын мәнін бұқарадан көлегейлеу жолымен емес, қайта адамдардың құқықтық және саяси бағдарлылығын арттыру, жалпыхалықтық ой-пікір мәдениетін көтеру, қоғамның сындарлы жаңғыртушы бағыттағы жаңа мінез-құлқын қалыптастыру арқылы тереңдету. Әзірге Қазақстанда тиісті институттар, демократиялық ағарту жүйесі, саяси партиялар мен қозғалыстардың идеологиялық орталықтары болмағандықтан, негізгі салмақ Президент жанындағы таяуда ғана құрылған Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің, оның проблемалық комиссиялары мен жұмыс топтарының бұғанасына түсіп отыр», – деген ойларын ортаға салды.
Архив құжаттарына сүйенсек, Ұлттық Кеңестің жұмысын ұйымдастыруда Әбекең жаңашыл, тың тәсілдерді қолданып, жұмыс істеудің тиімді алгоритмін ұсына білді. Ол ең алдымен белгілі бір мәселелерге арнап құрылған комиссиялардың барлығын мамандармен, мүдделі органдардың және қозғалыстар мен партиялардың өкілдерімен қосымша түрде толықтыруды ұсынды. Сөйтіп бұл Кеңес пен оның жұмыс топтарының құрамына Ә.Кекілбаев, Т.Жүкеев, С.Зиманов, Г.Бельгер, К.Сағадиев, Ж.Әбділдин, М.Қозыбаев, Е.Мәмбетқазиев, С.Оразалинов, Г.Ким, Е.Нұрпейісов және тағы басқа да көптеген белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар кірді. Алдымен әрбір комиссия мен тұжырымдама әзірлейтін жұмыс топтарының әрқайсысының отырыстарын жеке-жеке өткізіп барып қана жұмыс тактикасын анықтау келісілді. Алдын- ала пысықтауды ғылыми-тәжірибелік конференция, дөңгелек үстел немесе ашық пікірталас арқылы жүргізу көзделді. Содан кейін комиссиялар мен жұмыс топтарының өзінде апробация кезеңі өткен соң, комиссия немесе жұмыс тобы дайындалып жатқан құжаттың сапасы қанағаттандырарлықтай деңгейге жетті-ау деген кезде барып оны Кеңестің, мүмкіндігінше, оның төрағасы Президенттің қатысуымен өтетін, пленарлық отырысына шығару ұйғарылды. Онда тұжырымдаманы жан-жақты талқылаудан өткізіп, ұйымдастырушылық қорытындыға келу немесе Кеңестің ұсынысының негізінде оларды жүзеге асыру бойынша Заң, Жарлық немесе Үкіметтік бағдарлама түріндегі шешімге қол жеткізу қажет болды.
Нәтижесінде мемлекеттік саясат жө-ніндегі Ұлттық Кеңестің жұмысына пәрмен беріліп, ол жаңа мемлекеттік бірегейлікті, тәуелсіздік жағдайындағы Қазақстан азаматтарының әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқын қалыптастыру, Қазақстан Республикасындағы гуманитарлық білім және елдің әлеуметтік-мәдени дамуы, қоғамда демократиялық және толерантты кеңістік жасау, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының геосаяси қырлары сияқты күрмеуі қиын және өте өзекті мәселелерге жауап ізделді. Осындай жұмыстың арқасында көп нәрсе қайта қаралды, нарықтық экономика, саясат, билік, қоғам және демократия үдерістерінің қыр-сырлары ашыла бастады. Тәуелсіз еліміздің болашақ даму бағыттары мен оның мемлекеттік саясаты нобайының шеті көрінді. Ол өз кезегінде туындап отырған жағдайды дұрыс бағалай білуге, шешім қабылдауда батыл қадамдар жасап, болашақ дамуымыздың жоспарын құруға мүмкіндіктер туғызды.
Ең бастысы – билік өз саясатын өзі түсінуге және оны халыққа түсіндіре алатындай жағдайға қол жеткізуге күш салса, халықтың түгелдей болмаса да, бұрынғыдай емес, біраз бөлігінің беті біртіндеп бері қарай бастады. Ақылдастық талқысы өз жемісін берді. Бұл сол кезең үшін үлкен жетістік еді. Осы істердің басы-қасында Президенттің Ұлттық Кеңестегі орынбасары ретінде Әбіш Кекілбайұлы да болды. Ол үлкен шаруаға интеллектуалды элитаны жұмылдыру арқылы мемлекеттік идеологияның негізін қалайтын білім мен ұғымдарды қолданысқа енгізді. Біздің азаматтарымыз жалпы адамзаттық құндылықтарға зер сала бастады. Әлемдік қоғамдастық қол жеткізген жетістіктерді өзіміздің ұлттық менталитет пен ерекшеліктерімізді сақтай отырып бейімдеу үдерісі басталды. Әртүрлі концепциялар жасау үдерісінің астарында қазақстандық қоғамның құндылықтар жүйесін қалыптастыруды философиялық тұрғыда зерделеуге деген талпыныс жатқан болатын.
Өтпелі кезеңнің өзгешелігі білім берудің шынайы рөлі мен мазмұнын түбегейлі қайта қарауды талап етсе, гуманитарлық білім беру қоғамды елдегі орын алған дағдарыстан шығарудың қамы болатын. Өйткені, білімді, рухани мәдениет пен адамгершілікті ұмытқан қоғамның болашағы жоқ еді. Дағдарыстың халыққа тигізер кесірін азайтып, оны жұмсартуға Қазақстан Республикасы азаматтарының жаңа әлеуметтік экономикалық мінез-құлқын қалыптастыру тұжырымдамасы да жаңа қоғамның идеологиялық негізін жасауға бағытталды.
Аталмыш Кеңесте жаңа мемлекеттік сәйкестілігіміз туралы байыптама қабылданғаннан кейін тілдік саясатты орнықтыру мәселесі қоғамдық өмірдегі өзекті тақырыптың біріне айналды. Сондықтан, оның Президент жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің 1996 жылғы 7 қазанындағы отырысының қарауына шығарылуы да заңды еді. Бұл Әбіш Кекілбаевтың Мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындаларынан 23 күн бұрын болған оқиға болатын. Кеңестің отырысына төрағалық еткен Әбекең қазір біздің халқымыз бұл мәселенің бір түйінін табатын уақытының жеткендігін айтып отырғандығы туралы сөз қозғай келе, мәжілістің ең басты шешетін мәселесі, келетін тұжырымы елдегі тіл саясатының Тұжырымдамасын қабылдау, сол сияқты Парламентке ұсынылатын тілдер туралы жаңа заң жобасының тұсауын кесу екендігін атап өтті. Осының өзі Әбіш Кекілбайұлының қазақ тіліне дербес мемлекеттік тіл мәртебесін алып беріп, оны лайықты тұғырына қондыру тұрғысындағы қайраткерлік еңбегінің сонау қайта құрудан бастап, Тіл туралы заң қабылданғаннан кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да бұл майданның алдыңғы шебінде болғандығының тағы бір дәлелі. Тіптен, соның алдында, Парламент қабырғасында «Гражданское согласие» депутаттық тобы мәселе көтеріп, Қазақстанда тілдік кемсітушілікке жол беріліп, орыстілді азаматтардың құқықтары бұзылып отыр деген кездерде Әбекең нақты дәйектерге сүйене отырып, олардың елімізде ұлтаралық кикілжіңнің өртін тұтандырмақ арам ниетін әшкерелеп, ондайларға талай рет тойтарыс берген болатын. Олардың «бізді көпұлтты республикамыздың болашағы алаңдатады» деген өтініш-сауалдарына қайтарған жауап ретінде жасаған баяндамасында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Ұлттық саясат, мәдениет пен тілді дамыту комитетінің төрағасы Әбекең бұл әріптестерінің көңілдерін сейілтіп, маңызды тілектеріне қанағаттанарлық жауап алуларына мүмкіндік берген еді. Міне, осы Ұлттық Кеңестің отырысында да өзінің ұстанымын ашық айтты: «Тіл туралы жаңа заң өзінің күшіне енген жоқ, бұрынғы заң қалды, жаңа заң жоқ. Конституциядағы үш пункттен біз тілдік саясатты қазір жасап жүргізе алмаймыз. Тілдік саясатты жасау үшін бізге, жаңа бағдарламаға қол жетпей, ол тіл саясаты болмайды… Соған жету үшін бізге біраз кедергіден өту керек. Біріншісі, біз заң қабылдауымыз қажет. Конституцияға және біздің болашақ саясатымызға негізделген құжат керек. Ұлттық құжат. Екінші, біз бұл заңды не үшін қабылдап отырмыз дейтін өзіміздің бағыттарымызды анықтайтын байыптама қажет».
Отырыс барысында Әбіш Кекілбайұлы кеңестік заманда қабылданған заңның тозып, оның орындалу қарқынының төмендеп кеткендігі, тіптен тілдік саясатта құлдыраудың басталғандығына көңіл аударды. Тілдің, мәдениеттің, мемлекет пен халықтың шын мәніндегі патриоты ретінде Конституцияда берілген мүмкіндікті толығымен пайдаланып, қазақ тілінің толыққанды дамуына күш салу керектігі айтылды. Нәтижесінде Кеңес мүшелері оның бір жолы осы концепцияға негізделіп жұмыс істейтін бағдарлама болу қажет деген тоқтамға келді.
Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің жұмыс тобының 1993 жылғы 27 желтоқсандағы отырысында Қазақстан Республикасында жаңа мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру Тұжырымдамасы жобасының бірінші нұсқасы талқыланды. Отырыста төрағалық еткен Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Ж.М.Әбділдиннің кіріспе сөзінен соң қойылған сұрақтардың бірінде «жаңа мемлекет құру» деген термин қолданылды. Әбіш Кекілбаев бірден «құру» дегеннің өзі волюнтаристік үдеріс сияқты екендігіне көңіл аударып, мәселе бұл жерде тарихи қалыптасқан мемлекеттіліктің өздігінен дамуы және мемлекеттің даму жолын өзі таңдайтындығы туралы болып отырғандығын ескертті. Ендігі басты сұрақ жаңа мемлекеттіліктің осы жолын неге таңдадық, ол әлемдік тәжірибе тұрғысында қаншалықты орынды екендігін түсіндіріп, оны қалай жүзеге асыра алатындығымызда болып отырғандығына тоқталды. Әбіш Кекілбаевтың пікірінше, біз Конституцияны қабылдау арқылы өзіміздің мемлекеттік дамуымыздың жолын таңдадық, ал, онда мемлекетіміздің тұрпаты бейнелеп көрсетілген.
Ұлттық мемлекет идеясы жиі талас тудырды. Кейбіреулер ұлттық мемлекеттер көп ұзамай тарих сахнасынан біржолата кетеді деген сәуегейлік айтса, екіншілері, керісінше, кейінгі өзгерістер ұлттық мемлекет идеясының өшуі емес, өршуінің айқын көрінісі деп дәлелдеді. Міне, осы мәселеге жауап іздеу керек болды. Сондықтан, тәуелсіздік – біреудің емес, күллі дүниенің ахуалына тәуелді болу, ұлттық томаға-тұйықтықты тәуелсіздік деп ұғу өскісі келген халықтың емес, өшкісі келген халықтың ісі деп, Әбекең кесіп айтты. Біздің барлық жетістіктеріміздің негізі қоғамды қайта құруда. Ол – барлық қазақстандықтардың бірлігі, келісім мен бейбітшілік. Ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құрып отыр. Ендеше, қазіргі заманғы «Қазақстан халқы» ұғымы бір ұлтты емес, барлық ұлт өкілдерін біріктіретін қауымдастық дегенді білдіреді. Егер этностық және діни топтар әртүрлі құқыққа ие болып, біреулеріне мүмкіндіктер беріліп, екіншілеріне берілмейтін жағдай туындаса, ондай мемлекеттің болашағы болмайды.
Әбіш Кекілбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қазақстандық қоғамның дамуына үлкен көңіл бөлді. Тарихи үдерістерді ескере отырып, ол қоғамға, ұлтқа тән жаңа ойлау жүйесінің қажеттілігін жақсы түсінді. Оның сан түрлі сала: саясатта, әлеуметтік-экономикалық болжам жасауда, әлеуметтік-мәдени жүріс-тұрыста, құқықтық мәдениетте іске асырылатын күрделі, жаһандық мәселе екендігін білді. Дегенмен, бұл мәселелердің іргетасы, басты қыры мемлекеттік бірегейлік екендігін Әбекең дұрыс пайымдады. Ол сонымен қатар өтпелі кезеңдегі саяси институт ретіндегі мемлекеттің рөліне, демократия мен азшылықтың құқығы, азаматтық қоғам, қоғамның ашықтығы, егемендік, азаматтардың өзінің тұратын орны мен өз азаматтығын еркін таңдау мүмкіндігі, ел аумағы мен шекараның тұтастығы, біздің қоғамымыздың көпқұрамдылығы, ұлттық мемлекет, сепаратизм, геосаяси кеңістік, әмбебап құқықтық институттар сияқты өзекті мәселелерге назар аудару керектігі туралы өзінің ой-пайымдауларымен бөлісті.
Тәуелсіз Қазақстанда Мемлекеттік хатшы институты 1996 жылы енгізілді. Бұл қызметті бірінші болып атқарған адам – А.С.Есімов. Ол Президенттің 1996 жылғы 4 наурыздағы Жарлығымен тағайындалды. Сол айдың 12-сі күнгі «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы» Жарлығымен оның Мемлекет басшысы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын, өз қызметін тікелей Президенттің басшылығымен жүзеге асыратын әрі оған есеп беретін және бақылауында болатын Қазақстан Республикасының лауазымды адам ретіндегі құзырет аясы айқындалды. Осы Жарлыққа сәйкес алғашқы Мемлекеттік хатшының өкілеттіктері кең ауқымды болып белгіленді. Ол Президент үшін әлеуметтік-экономикалық, аймақтық және құқықтық саясаттың басты бағыттары, барлық билік тармақтарының үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз ету, сыртқы саяси стратегиясы, сыртқы экономикалық мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеп, Президенттің Парламентпен, Үкіметпен, Конституциялық Кеңеспен және Жоғарғы сотпен қарым-қатынастағы мүддесіне өкілдік етуді ұйымдастыру, Қазақстан Республикасы атынан халықаралық келіссөздер жүргізу, Ұлттық банк, Есеп комитеті, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік, Мемлекеттік тергеу комитеттері мен Баспа және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі Ұлттық агенттіктің жұмысын үйлестірді.
Қазір ойлап қарасақ, Мемлекеттік хатшыға осыншама өкілеттіктің берілуі, біріншіден, сол кездері туындаған саяси-экономикалық ахуалға байланысты болуы керек. Ал, екінші жағынан, бұл қадам осы институтты апробациядан өткізудің бір жолы ретінде де қаралуы ықтимал. Қалай болғанда да, кейінгі кезең көрсеткендей, бұл лауазым иесі қызметінің негізгі бағыт-бағдары Президент үшін елдің ішкі және сыртқы саясатының басты бағыттары бойынша ұсыныстар енгізумен қатар, әлеуметтік-гуманитарлық және мәдени-рухани даму, отбасылық-демографиялық саясат, мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелерін үйлестіру, Президенттің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ұйымдастыру сияқты қоғамдық өмірдегі маңызды міндеттерді атқаруды қамтитын болды. Яғни, қазақстандық бірлік пен бірегейлік, әлеуметтік және қоғамдық тұрақтылық, азаматтық татулық пен келісім, руханият пен тарихи сананы қалыптастыру, тіл саясаты мен білім беру және тағы басқалары болды. Сөз ретіне қарай атап айта кетейік, екі Мемлекеттік хатшы – Қ.Тоқаев пен Қ.Б.Саудабаевтың өкілеттіліктері олардың қызметінде сыртқы саясат мәселелерінің басымдыққа ие болғандығымен ерекшеленді.
Деректерге жүгінсек, жалпы осы кезге дейін 13 Мемлекеттік хатшы тағайындалыпты. Егер, оның ішінде аталмыш қызметте бір адамның екі рет қайта келгендігін есептесек (М.Тәжин), онда 12 болады. Арасында екі жағдайда Президент Әкімшілігінің басшылары (К.Мәсімов, Н.Нығматулин) жаңа Мемлекеттік хатшы қызметіне кіріскенге дейін оның міндетін атқарыпты. Мемлекеттік хатшылардың арасында жалғыз-ақ әйел адам болған екен. Ол – Г.Н.Әбдіқалықова. Осы лауазымға тағайындалғандар мерзімдік жағынан 24 күннен 5 жыл 3 айға дейін жұмыс істепті. Соның ішінде Ә.Кекілбаев – бес жыл үш ай, Қ.Б.Саудабаев – төрт жыл сегіз ай, Г.Н.Әбдіқалықова төрт жыл үш ай, О.Ә.Әбдікәрімов – үш жыл бес ай шамасында, М.М.Тәжин жалпы алғанда бір жарым жыл, Қ-Ж.Тоқаев – бір жыл төрт ай, бір жылға дейін істегендер – М.А. Құл-Мұхаммед (он бір ай жиырма төрт күн), И.Н.Тасмағамбетов (сегіз ай жиырма төрт күн), А.С.Есімов (жеті ай жиырма алты күн), Ә.Р. Жақсыбеков (алты ай жиырма күн), Б.Ә.Сағынтаев (жиырма төрт күн). Қазіргі іс басындағы 12-ші Мемлекеттік хатшы Қ.Е.Көшербаев 2019 жылдың 18 қыркүйегінде тағайындалды.
Осының барлығын тәптіштеп айтып отырған себебім, мен үшін «мемлекеттік хатшы» институты ұзын-сонар әңгіме емес, ол өзімнің өмірлік жолымда, тағдырымда ерекше із қалдырып, менің қоғамдық-саяси тұрғыда қалыптасып, тәжірибе жинақтауыма ықпал еткен мемлекеттік басқарудың тамаша мектебі болды. Өйткені, маған бірінші Мемлекеттік хатшы А.С.Есімовтен бастап О.Ә.Әбдікәрімовке дейінгі бес Мемлекеттік хатшының қарамағында қызмет істеп, кеңесшісі болуды жазыпты (Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезінде бұйрық бойынша басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрінің көмекшісі, артынан кеңесшісі ретінде). Ал, егер М.М.Тәжин мен М.А. Құл-Мұхаммед Мемлекеттік хатшы болған кезде мен олар жетекшілік еткен Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі ретінде бұл лауазым иелерінің жанында отырмасам да, хатшылықтарының құрамында болмасам да, қызмет бабы бойынша ол кісілермен күнделікті тікелей байланыста болып, жиналыстарына қатысып, тапсырмаларын орындап отырғандығымды ескерсек, онда маған өзімді жеті Мемлекеттік хатшымен жұмыс істедім деп есептеуіме әбден болатын сияқты. Бұл кісілердің бәрі және әрқайсысы жеке дара қайраткер тұлғалар болды.
Сонымен, Әбіш Кекілбаев Мемлекеттік хатшы болып Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы 30 қазандағы № 3177 Жарлығымен тағайындалды. Мемлекеттік хатшының қызметін оның Хатшылығы қамтамасыз етіп отырды. 1996 жылдың 30 қазаны мен 2002 жылдың 29 қаңтары аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаевтың Хатшылығында тұрақты түрде 5 адам жұмыс істеді. Оның меңгерушісі – Амангелді Қайырбаев, кеңесшілері Бақытжан Ордабаев, Жапсарбай Қуанышев, Мұхтар Тілеуберді, ал, көмекшілері Асқар Молдағаринов, Тілекқабыл Боранғалиев болды. Қабылдау бөлмесінде Ләззат, Гүлнәр, Айгүл сияқты қарындастарымыз да қызмет атқарды. Әрине, сол штат шеңберінде адамдар ауысып, біреулер кетіп, біреулер келген ауыс-түйістер болып отырды.
Бұл тағайындау кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Елбасының сол шешімі неге негізделген және алдына не мақсаттар қойды? Міне, осы және бұдан басқа да сұрақтарға жауап беру үшін, менің ойымша, ең алдымен Әбіш Кекілбаев кім еді, ол бұл қызметке нендей «дайындықпен» немесе біліми-тәжірибелік жиған-тергенімен келді және оның өмірлік ұстанымы мен философиясы қандай еді деген сұрақтардың астарына үңілген дұрыс болар.
Бұл жерде Әбекеңнің бүкіл өмірбаянын тізіп жатудың қажеті болмас. Оны көзі ашық, көкірегі оқырман онсыз да жақсы біледі. Оның кеңес дәуірінде мәдениет саласына тікелей қатысы бар басшылық жұмыстарда болып, ал, тәуелсіздікке ие болған тұста, Мемлекеттік хатшы болғанға дейін, мемлекеттік кеңесші, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы сияқты жоғары лауазымды қызметтерді атқарғандығын айтсақ та жеткілікті.
Қазақстан – билік тармақтарының қауіпті қақтығыстарын, ұлтаралық және әлеуметтік шиеленістерді болдырмаған, келісімсіз жасампаздықтың болмайтындығын іспен дәлелдеген мемлекет. Алайда, мұндай тұрақтылық тағдырдың сыйы емес, нысаналы көп еңбектің нәтижесі. Оған біржолата қол жеткізуге болмайды, оны тек сақтап қана қоймай, нығайтып отыру қажет. Сондықтан, 1997 жыл жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Жылы деп жарияланды. Бұл жыл бізге өткен шақтың келеңсіздіктерінен арылып, санамызды сауықтырып алу үшін де керек болды. Онсыз жаңа ғана үрдіс алған демократияның қанатын қатайту оңай емес еді.
Қазақ халқының тағдырындағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алатын орнын өзгерістер алдындағы қатаң сынақ ретінде түсінген Әбіш Кекілбаев оны тек кеңестік мемлекеттік машинаны ғана шайқалтып қоймай, бүкіл әлемдік социализм жүйесін күйретті деп, Желтоқсан оқиғасына әділ бағасын бергендігін де айта кеткен жөн.
Мемлекеттік хатшының 1997 жылғы қызметінде жалпұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын өткізуге, «Жаппай саяси қудалау құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалу барысын тексеруге ерекше мән берілді. Осының негізінде олар жөнінде Естелік кітаптарын шығару қолға алынып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Күнін белгілеу, 1997 жылдың 31 мамырын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Күнін өткізу сияқты іс-шараларды орындау бағыттарын қамтыды.
Сонымен бірге, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия, Президенттің 1993 жылғы 5 қарашадағы шет елдерде кадр даярлау жөніндегі халықаралық стипендиясын тағайындау туралы Қаулысын іске асырудағы елеулі кемшіліктерді жоюға көңіл бөлінді. Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды ақпараттық-насихаттық қамтамасыз ету туралы өкімін шығарды, Президент жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің практикалық мәселелерін шешу, Қазақстан халқы Ассамблеясы, адам құқықтары мен отбасы, әйелдер және демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың жұмыстарын үйлестіріп отырды.
Мемлекеттік хатшы 1997 жылғы 6 маусымда Ақмола қаласында тұңғыш рет өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының IV сессиясын дайындау жұмыстарын үйлестіріп, оған жетекшілік етті. 8 қарашада Алматы қаласында мемлекеттік рәміздерді Қазақстанның жаңа астанасы Ақмолаға жіберудің салтанатты рәсіміне қатысып, сол күні Әбіш Кекілбайұлы Президентпен бірге Ақмолаға келіп, салтанатты митингіде болды.
1997 жылы заманымыздың ұлы жазушы М.Әуезовтың 100 жылдығы аясында Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев бастаған үлкен делегация көрші Қырғыз еліне жол тартты. Шекарада бізді Қырғыз Республикасының Премьер-министрі бастаған бір топ ресми адамдар қарсы алып, «Ала-Арча» резиденциясына әкеліп орналастырды. Түскі тамақ мезгілі болған соң қырғыз жағы сол жерде оның рәсімін жасады. Мен Әбекеңді нөмірінен ертіп әкеліп, тамақ ішетін жерге кіргізіп, өз орнына отырғыздым да шығып кеттім. Артынша, бір кісі, қырғыз жағының ұйымдастырушыларының бірі болуы керек, жаныма келіп: «Сізді шақырып жатыр», деді. Мемлекеттік хатшы бір тапсырмалар береді екен деп, өзімше дайындалып ішке кірдім де, кіре берісте, ары баруға батпай іркіліп тұра қалдым. Әбекең маған қарап, үстелдегі бос орынның бірін қолымен көрсетіп: «Кел, отыр», деді. Неге отыр деп жатқанын онша түсіне қоймасам да: «Отырып жазып алуды талап ететін тапсырмалар беретін шығар», деп өзімше шамалап, ақырын барып шеткі бір орынға жайғастым. Сол кезде Әбекеңнің: «Бұл Жапсарбай Қуанышев деген менің данышпаным», дегені бар емес пе! Мен не дерімді, не істерімді білмей абдырап қалдым. Басқалар да сондай күйде болған болу керек, әсіресе қазақстандық делегация мүшелері. Соны сезген Әбіш Кекілбайұлы: «Қырғыздарда «данышпан» деген сөз «кеңесші» дегенді білдіреді, ендеше бұл жігіт менің кеңесшім болады», деп өз сөзін үстел басында отырған Қырғызстанның Үкімет басшысы, екі елдің вице-премьерлері мен делегация мүшелеріне түсіндіріп берді. Ал, шын мәніндегі данышпан, қырғыз тіліндегі емес, қазақ түсінігіндегі қазақтың нағыз данышпаны Әбекеңнің өзі еді ғой.
Осы жолсапар барысындағы ол кісінің тағы бір сөзі, сөзі емес, ағалық ақылы әлі есімнен кетпейді. Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі М.Шахановпен кездесуі аяқталғаннан кейін, оны шығарып салып, Әбекеңнің нөмірінде оңаша қалып, келесі күннің жоспарлары және тағы басқа мәселелер бойынша әңгімелесіп отырғанымызда, Әбіш Кекілбайұлының маған: «Сен екеуміз әкім де, министр де болмаймыз. Докторлығыңды қөп созбай қорғап ал», дегені бар. Былай қарағанда, жоғары деңгейлі лауазым иесі бола тұра, ол кісінің осындай «кішік» бола білетіндігі емес, болғандығы, Әбекеңнің адамгершілігін, адалдығын, кіршіктей тазалығын көрсетсе керек. Өйткені, оның орнында, өкінішке қарай, өмірде жиі кездесетін басқа бір басшы болса, жаңағы астың үстінде өзінің бастық екендігін қөрсету үшін ғана тапсырма беріп қалуға тырысар еді немесе диссертацияны қайтесің, жұмысыңды істесеңші деп, өресінің «кеңдігін» көрсетері анық қой. Бір абырой болғанда, дүниенің даму барысын олар емес, Әбіш Кекілбаев сияқты кемеңгерлер, теңдесі жоқ адамдар, ірі тұлғалар айқындайды.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысында Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаевпен бірге облыстарға іссапармен барудың да сәті түскен еді. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан болатын. Әбекеңнің өз өлкесінің тарихымен қатар Қазақстанның басқа аймақтарының да тарихын жақсы білетіндігін, оған асқан қызығушылық білдіретіндігіне сол жолы көзім әбден жетті. Ең алдымен Мемлекеттік хатшының іссапары бағдарламасы осы мақсат-мүддеге сай жасақталып отырды. Әдетте ол көне Отырар жеріндегі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған кесенесінен басталып, Түркістан қаласында орналасқан Әзірет Сұлтан мавзолейінде жалғасын табатын. Ал, келесі бір барғанымызда оның жағрафиялық ауқымы кеңейіп Бәйдібек, Созақ аудандарын да қамтыды. Әбекең Бәйдібек ауданы Бәйдібек ата ауылының аймағында орналасқан Бәйдібек кесенесі, Балабөген өзенінің аңғарындағы Домалақ Ана кесенесі, Созақ ауданы Құмкент ауылы маңындағы Баба түкті Шашты Әзіз, Баба ата ауылының солтүстік шетіндегі Ысқақ баб және Қарабура әулиенің кесенелеріне арнайы барып, олардың тарихына терең үңілді. Осы кесенелердің шырақшыларымен, сол өңірдің көне тарихын көп білетін адамдармен әңгімелесті. Артынан абыз ағамыздың сапарнамасы «Елдік пен ерлік киесі» атты тарихнамалық эссе болып жарияланды. Онда әсіресе Қарабура әулие тарихына тереңірек үңіліп, «Қарабура – әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей келе жатқан есім. Қиналғанда медет болар қуат, шамданғанда қайрат бітірер ұран», дейді.
Әбіш Кекілбаев 1997 жылғы 9 жел-тоқсанда Алматы қаласында мемлекет басшыларын жаңа астанаға салтанатты түрде шығарып салудың және жаңа астана Ақмолада болған ресми тұсаукесер рәсіміне қатысып, ал, 10 күні сондағы Парламент пен Үкіметтің бірлескен отырысында Ақмола ресми түрде Еліміздің астанасына айналғанының куәсі болды. Әбіш Кекілбаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы ретінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысына келісім берген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 6 шілдедегі Қаулысына қол қойғандығын біреу білсе, біреулер біле бермейді. 13 желтоқсанда Ақмолада Тәуелсіздік күніне және Ақмоланың Қазақстан Республикасының астанасы болып жариялануына байланысты өткен салтанатты жиналысына және салынуына өзі басынан бастап жетекшілік еткен адам ретінде жаңа астанада бой көтерген саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Мемориалдың салтанатты ашылу рәсімінің ортасында жүрді.
Осы жылы ол бірнеше шетелдік іссапарларда болды. Атап айтқанда, Стамбулда өткен түркі тілдес халықтар мен қауымдастықтардың V Құрылтайына, М.О.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған Ресей мен Қырғызстанда өткен мерекелік іс-шараларға қатысты. Оның сыртында 1997 жылы республикалық және халықаралық конференциялар, брифингтер, кітап топтамалары, методикалық құралдар мен әртүрлі әдебиеттер жарық көрді. Газеттер мен журналдарда жарияланымдар шықты, радио мен телевидениеде хабарлар, рухани келісім Күні және тағы басқа да көптеген іс-шаралар өткізілді. Мемлекеттік хатшы 1997 жылы жеке мәселелер бойынша 130-дан астам азаматты қабылдап, Қазақстан және шетел азаматтарының 230 хаты, арызы, шағымы мен жолдауларын қарады. Бұл жұмыстар қоғамда әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамдық-саяси үдерістерді реттеуге, болып жатқан өзгерістерді халыққа түсіндіру мен ғылымды, білімді, мәдениетті, денсаулық, баспасөз, жастар саясаты, туризм мен спорт және ұлттық әдет-ғұрыптар мен Қазақстан халықтарының дәстүрлері, этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастырып, оны іске асырудың негізін қалады.
Жылдың аяғында 1998 жылды халық бірлігі және ұлттық тарих Жылы деп жариялау туралы Президенттің Жарлығын дайындау қолға алынып, оны өткізудің негізгі іс-шаралары Жоспарын жасау, Мемлекеттік комиссияның құрамын бекіту жұмыстары жүргізілді. Халық бірлігі және ұлттық тарих Жылы бірлігімізді нығайтты. Бұл жылы біз интеллектуалдық және рухани дамуымызда жаңа, бұрынғыдан биігірек деңгейге көтерілдік.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жауапты кездердің бірі болған 1998-1999 жылдар оның мемлекеттік құрылысындағы өзіндік өтпелі кезең, кемелденген және тұрақты даму мақсатында бірегей және айқын қадам жасаудың уақыты еді. Ол «Қазақстан – 2030» Стратегиясын іске асырудың басталуы мен елдің ордасын Астанаға ауыстырудың күрделі кезеңі болатын. Міне, осы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев тұрды.
Кезінде, «Қазақстан – 2030» Стра-тегиясы қабылданып, мемлекетіміздің бас қаласы Астанаға көшірілгенде, Елбасы Н.Ә.Назарбаев барыстың образына көңіл аударғаны белгілі. Сол кезде оның сипаты мен саяси мәні туралы Әбіш Кекілбаев былай деген болатын: «Қызарып қақталған Орталық Азия барысы. Арыстан да емес, жолбарыс та емес, қасқыр да емес, барыс. Әрине бұл метафора. Бірақ саяси метафора. Оның архетипі дүниетанымға, бабаларымыздың – ежелгі түркілердің этикалық және эстетикалық идеалдарына тіреледі. Барыс – қызық, дербес, паң, топ боп жүруді ұнатпайтын аң; сақ, бірақ қорқақ емес; батыл, бірақ басқыншы емес; өзгенің ұясы мен олжасына қол сұқпайды; басқалармен жауласпайды, бірақ ешкімнің алдында қадірін түсірмейді; айналасындағыларды оның тіршілік етуімен санасуға үрейімен емес, күшімен және ептілігімен мәжбүрлейді. Аса сезгіш және аса сезімтал, ешқашан ешкімге қапыдан тап беруге мүмкіндік бермейді. Мұндай метаформа біздің мемлекеттік ұстанымыздың мәнін толық айшықтайды».
1998 жыл халық бірлігі және ұлттық тарих Жылы деп жарияланды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, жазушы және ағартушы А.Байтұрсынұлының 125 жылдығы, қазақтың ұлы композиторы Құрманғазының 175 жылдығы атап өтілді, Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билерге Астана қаласында ескерткіш ашылды. Елорданың халықаралық тұсаукесерін ұйымдастыру бойынша мерекелік іс-шаралар өтті. Қазақстан Республикасы әйелдерінің II форумы, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, шығармашылық жастардың I республикалық фестивалі ашылды. Осы жылы қоғамдық дамуымыздың тағы бір ерекшеліктерінің қатарына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі үдерістердегі интеллигенцияның рөлін жатқызуға болады. Зиялы қауымның адамгершілік және саяси таңдауы мәселесін Елбасы Н.Ә.Назарбаев көтерді. Қазақ зиялыларының тарихи және әлеуметтік жауапкершілігі, олардың жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуына сіңірген үлесін ескере отырып, Қазақстанның саяси тәуелсіздігі, оның демократиялық негізде дамуы және тек этносаралық емес, ұлтішілік алауыздықты болдырмау міндеттерін шешуде интеллигенцияға арқа сүйеу керектігін Әбіш Кекілбаев жақсы түсінді. Және осы бағытта қыруар жұмыс атқарды. Ол қазаққа керек «зиялылық» тобырлық санадан жоғары тұратын әлеуметтік тіршіліктің тынысының тамырын дөп басатын, қоғамдағы даудың алдын алып, ағайынның аусарын абайға, ашулысын сабырға шақырып, ұйтқыны бұздырмай, ұятты төккізбей, ең алдымен, ел мүддесін, сол үшін де бірлікті ойлайтын рухани кемелділік деп пайымдады. Әбекең сонымен бірге нағыз зиялы қауым тек азат елде қалыптасатынын да түсінді. Оның тақырыпты терең түсінгендігі, мәселені сараптауының ғылыми жан-жақтылығы соншалық, ол әлеуметтанушылық дәлдікпен оқыған қауымның зиялы қауым дегенді аңғартпайтындығын ескертеді. Абыздың пікірінше, енді қалыптасатын зиялы қауым келешектің қамын бәрінен жоғары қоятын, «өзім жетпегенге елім жетсе екен», – деп ойласа игі болар еді. Зиялылар не үшін керек? Олар болып жатқан және болмай қоймайтын өзгерістердің мәніне әуелі өздері жете түсініп, сосын халыққа түсіндіре білсе, бұрыс шешімді дұрыс іспен жоққа шығарғандары дұрыс. Зиялы адамның ұлтына, қоғамына қалтқысыз қызмет ететін ұятты, арлы, рухани өресі биік азамат болуы шарт. Бұған ұмтылмайтын азаматты әлі де болса зиялы деуге келмейді. Оған алған білім мен көрген тәрбие жеткіліксіз болады. Ол азамат бәрібір зиялы бола алмай, құркеуде қауым қалпынан аспай, сол рухани қанатсыздықтан әлеуметтік алауыздыққа ұрынады. Сондықтан, зиялылардың міндетіне қоғамды алалайтын арзымсыз әңгімелердің алдын алу, сұғанақ саусақтықтан арылу да жатады.
Әбіш Кекілбаевтың пікірінше, Ахмет Байтұрсынов ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға, «… қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсыновтың бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мәңгілік үлестер», деп бағалайды. Әбекең Ахаңның бес «керегіне» де, оның қазақ халқының рухани жаңғыруының сыры туралы ойлары мен осы бағыттағы қалтқысыз еңбегіне де тоқталды. Рухани піріміз Ахмет Байтұрсыновтың тағы да қапыда қалмас үшін, араға жік салар айтыс-тартысты ұмытып, халық бірлігін нығайтуға, қарап жатпай ұмтылып, дүниенің төрінен орын алуға шақырғандығы сөз болды.
Саяси құштарлықтар жетегінде кете беру шын зиялылыққа жат. Әсіресе рухани экологиямыздың негізі деп жүрген орнықтылық ахуалды теңселтіп алмауға мұқият болғанымыз жөн. Әбекең ол үшін барлық мәселеге де елдік тұрғысынан қараудың дұрыстығына көңіл аударады. Қайраткер ағаның елдік мәселесі туралы түсінігі міне, осылай тым терең, біздің қоғамымыз үшін, оның болашағы үшін өте маңызды. Ол – жарастықтың үлгісі, баршамызға ортақ, бәрімізге бірдей қымбат жетістігіміз. Халқымыз елдік деп ел ішіндегі жарастықты ұққан. Олай болса, біздің асыл мұратымыз сол елдікті сақтай білу болмақ. Елдіксіз ешкімнің көсегесі көгермейді дейді Әбекең.
Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаевтың 1998 жылғы 18 ақпандағы «Халық бірлігі және ұлттық тарих Жылы шеңберіндегі ғылыми-теориялық конференциялар мен оқулар туралы» Өкімімен жылдың II және III тоқсандарында Алматы қаласында «Түркі өркениеті: тарихы, бүгінгі жағдайы және болашағы» тақырыбына арналған Бекмаханов оқулары; Таразда «Қазақстанның көне тарихының проблемалары» бойынша Мұхаммед Хайдар Дулати оқулары; Ақмола қаласында «Еуразиялықтың әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-саяси құбылыс ретіндегі тарихи тамырлары мен көкжиегі» атты Уәлиханов оқулары; Жезқазғанда «Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік тарихы проблемаларына» арналған Марғұлан оқуларын өткізуге тапсырма берілді.
1998 жылдың 11 маусымында «Абылай хан» спектаклінің премьерасы болды. Оны Әбекеңнің тарихи драмасының желісімен режиссер Б.М.Атабаев қойды. Ендеше, бұл қойылымға Әбіш Кекілбаевтың жазушы, драматург ретінде де, Мемлекеттік хатшы ретінде де тікелей қатысы бар. Мен бұл драманың қалай жазылғандығының куәсі болған едім. Оның алғашқы нұсқасы Алматыда 1997 жылы бас аяғы 15-20 күн ішінде жазылып бітті. Ары қарай Еркеғали Рахмадиевпен бірге оның либреттосы пысықталды. Бұл – жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыратын, азаматтық екпіні мол, қаһармандық драмалық дастан, елдік пен ерліктің асқақ жыры болды. Олай болса, Әбіш Кекілбаев Тәуелсіз Қазақстанның осындай жауапты тарихи кезеңінде идеялық-тақырыптық тегеурінге, таным мен тағылымға толы еңбегі арқылы жеке басы «білімді мыңды жығады» дегенді дәлелдеп берді. Бұл тарихи драмада бір артық сөз жоқ, әрбір сөз орнымен қолданылған. Әрбір сөйлем салмақты, ұранды. Оның әрқайсысы тарихи санаға, ұлттық болмыс пен отансүйгіштікке, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға, мемлекеттілігімізді нығайтып дамытуға және бәсекелестікке қабілетті болуға шақырады.
Тарихи мұраға қамқорлық жасау тек өткенге ізет емес, ол ең алдымен, болашақтың қамын ойлау екендігін Әбекең терең түсінді. Қай кезде, қай ғасырда болмасын жүзеге асырылған жақсы істің ұмытылмай ұрпақтар жадында қалатынын бір сәт естен шығармасақ, кім-кімнің де өткінші тіршіліктегі қам-қарекеті мен талпыныстары саналы арна тауып, салиқалана түседі. Ендеше, қазіргідей қай істе де жалпының жанашырлығы мен әлеуметтік белсенділігі ауадай қажет тұста бабаларымыздың да, өздеріміздің де, тарихымыздың да, халқымыздың да, күллі қоғамымыздың да рухани мерейіне бірдей қатысты бұл шаруадан қай-қайсымыз да қалтарыс тұрып, қағыс қалуға хақымыз жоқ деген ұстанымы отансүйгіштік пен ұлтжандылықтың нақты айғағы.
Мемлекеттік хатшы тарих Жылында қазақ халқының қазіргі замандағы салт-дәстүрін, ділін, әдет-ғұрпын жете тануда жаз айлары өткізілген жалпы қазақ даласын этномәдени тұрғыдан зерттеу шарасы – ғылымға қосылған баға жетпес үлес болғанына тоқталды. Арнайы жасақталған экспедициялар кең-байтақ республикамыздың 74 ауданында жұмыс істеді. Бұл, Елбасы айтқандай, қазақ деген халық ғұмыр кешкен кезеңдегі ең ірі, ең іргелі этномәдени зерттеу болды. Оған XXI ғасырдың табалдырығында, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолымыз жетті. Ендеше бұл да тәуелсіздіктің нышаны еді. Бұл үдеріс ары қарай да жалғасын тапты, көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынды, тарихи зерттеулердің дереккөздік негізі молайды, өткен тарихымыз бен тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер бой көтерді. Мәселен, Әбіш Кекілбаев Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа жолдаған Аңырақай шайқасының 270 жылдығын атап өту жөніндегі 1999 жылғы 19 тамыздағы жазбахатында сол жеңіске арналған ескерткіш белгіні қойып, оны Алматы-Астана тас жолының Балқашқа қарай бұрылар тұсындағы Шу-Хантау жақтан келетін темір жолдың осы даңғылмен қиылысар жеріне таяу орнатып, онда шайқас панорамасын беруге болар еді деген ұсыныс жасады.
Қазақстан Республикасының Мемле-кеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев 1999 жылы бабалар мүрделерін Қ.А.Ясауи кесенесіне қайта жерлеу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Онда мысымызды құртып, еңсемізді түсіріп, қабырғамызды қайыстырып жүрген жағдай: нұрлары екі дүниеде де бірдей шалқып, есімдері дүние тұрғанша ұрпақтардың жадында тұратын жарықтықтарымызды осынау дүние тұрғанша тұрмақшы киелі ғимараттағы бұйырмас мекендеріне қайта жайғастырғанымызға тәубе деп тұрмыз деді.
Тарихи сананы қалыптастыру мәселесімен бір мезгілде уақыт талабына сәйкес конституциялық өзгерістердің өзектілігі мен қажет-тілігінің туындайтындығын, елдегі саяси қатынастарды либералдандыру мәселесінің пісіп-жетілетіндігін де Әбіш Кекілбаев жақсы сезінді. Оны болашаққа бағытталған тағы бір қадам деп қабылдады.
1999 жылы Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылын өткізу қолға алынды. Ондағы басты міндет – отандастарымызға бүгінгі қиындықтарды ертең болмайтындай етіп бірлесе, ортақ күш-жігермен ғана жеңуге болатынын терең ұғынуға көмектесу болатын. Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев бұл жылдың мәнін «Келешекке деген сенім – тек ұрпаққа деген сенім» ұстанымы тұрғысында қарастырды. Ол ұрпақ туралы әңгімені стратегиялық тақырып, ал, тәуелсіздікті нығайту – бүгінгі көзі тірі ұрпақтың парызы ретінде қабылдады. Ендеше бостандықтың қадірін біліп, өз тағдырының жауапкершілігін өз мойнына алу қазіргі ұрпақтың басты міндеті болмақ. Осы жерде Әбекеңнің мына сөздерін қазақ қоғамының барлық өкілдеріне жариялаған үндеуі десек те болар еді: «Егер сол буындар өз әулеті мен өз шаңырағының келесі ғасыр мен мыңжылдықта да өсіп-өркендегенін көксесе, алдымен өз ауызбірлігін нығайтсын. Қазір қинап тұрған уақытша қиындықтардан аман-есен шығуға қам жасасын. Басты игілік – отбасындағы бірлік, соған негізделген азаматтық келісім мен халықтар достығы. Міне, ең басты қоғамдық, әлеуметтік және рухани құндылықтар осы. Ол бар жерде басқа игіліктерге де ұмтылыстың жолы ашылады».
Тәуелсіздік жылдары қоғамды толған-дырған ең өткір мәселелердің біріне баса маңыз беру үрдіске айналды. Мәселен азаттықтың алғашқы жылдарының біреуі тарихқа, еліміздегі экономикалық-саяси келеңсіздіктердің ең басты түп-тамыры болған тоталитаризмнің құрбандарын еске алуға арналды. Сол арқылы оны шешуге күллі жұртшылық жұмылдырылып, қыруар істер тындырылды. Мысалы, жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу озбыр билік пен тоталитарлық саяси жүйенің табиғатын танытып, демократиялық құндылықтардың ма-ңызын жете түсінуге және қастерлей білуге жәрдемдесті. Сондай-ақ 1999 жылы «Үшінші мыңжылдықты салтанатты қарсы алу жөніндегі» Комиссияның бірінші отырысы өтті. Осының негізінде ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысындағы сол тарихи оқиғаға байланысты тәуелсіз еліміздің сана-сезіміне тың өзгерістер енгізу мақсатында жалпы қоғамдық дамуымызды алға бастыруға себепкер болатын нақты да ауқымды міндеттер іске асырылды.
Рухани кемелденудің бірден-бір кепілі – мәдениетті орнықтыру. Мәдениет пен өркениеттің әу бастан тіршілік пен дамуды одан әрі өрге бастыратындығы 2000 жылғы мәдениетті қолдау жылында нақты көрініс тауып, көп жұмыстар атқарылды. Әдебиет пен өнер ұлтымыздың рухани уызы ретінде қарастырылды. Әбіш Кекілбайұлы өзінің Президентке жолдаған жазбахатында Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мәдениет саласында қол жеткен табыстар туралы қысқа да мазмұнды мәліметтер берді. Онда «Мәдениет туралы», «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану туралы», «Интеллектуалдық меншік туралы» заңдар, Елбасының «Қазақстан Республикасындағы Мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттік қоры туралы» қаулысы қабылданғандығы көрсетілген. Мәдениетіміз бен өнерімізге еңбегін сіңірген белгілі қайраткерлер мен болашағы бар талантты жастарға жыл сайын Елбасының гранттары мен стипендиялары беріліп тұрды. Тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық деңгейде маңыз беріліп, Абай, М.Әуезов, Қ.Сәтпаев мерейтойлары өткізілді. Қазақ тарихының бұған дейін аталмай келген ең көрнекті қайраткерлерінің барлығына дерлік кең қарымды бағдарлама жасалып, еске алу шаралары жүзеге асты. Олардың барлығы да, шын мәнінде, өнер мен мәдениет мерекесі болып өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу; тарихи зерде; Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылдарын өткізу кездерінде; еліміздің үшінші мыңжылдықты салтанатты қарсы алуға дайындалуы мен өткізу кезінде; мемлекетіміздің астанасын Алматыдан Астанаға ауыстырған шақта; жаңа елордамыздың біржылдық, екіжылдығын тойлағанда терең және маңызды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік-мәдени дамуының тұжырымдамасы бекітілді. «Қазақстан кітапханалары XXI ғасырда» атты тақырыппен кітапхана қызметкерлерінің I-ші құрылтайы өтті.
Ерекше еске алар жайт, сол бір қиын деген жылдардың өзінде республикалық дәрежедегі мәдениет орындары мен ошақтарының бір де бірі жабылған жоқ. Керісінше, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға тұрақты түрде қажетті жағдайлар жасалып отырды. Мысалы, М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық театрлардың, Қазақконцерт бірлестігі концерт залының ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілді және т.б. Ұлттық мәдениетіміздің мақтаныштары Р.Бағланова, Н.Тілендиевке, жазушы-партизан Қ.Қайсеновке мемлекетіміздің жоғары наградасы – «Халық қаһарманы» құрметті атағы берілді. Өзбекстанда, Ресейде, Германияда, Австрияда, Түркияда және басқа да елдерде қазақ мәдениеті мен өнерінің күндері өткізілді.
Мемлекеттік хатшының пікірінше, мұның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің ішкі-сыртқы саясат астарларын әлеуметке түсіндіруге бағытталған игі шаралар еді. Мінеки, осындай жағдайда біз өзіміз өркениетке лайық ұлтпыз ба, осы күнгі демократиялық талаптарға сай мемлекетпіз бе, қазіргі заманғы бәсекенің бәріне төтеп бере алатындай азаматтармыз ба дейтін сұрақтарға жауап бере алатындай қазақтың ұлттық жаңа санасы қалыптастырылды. Сөйтіп «Мәдени мұра» бағдарламасының иығына ауыр жүк артылды.
Мәдениетті қолдау Жылы деп жарияланған 2000 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының VII сессиясында Қазақстанның біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастырудың шыққан жері тұжырымдалды. Оған біздің еліміздің аумағы мен жалпы Еуразияда әртүрлі этностар мен діндердің өзара қарым-қатынасының мәдени дәстүрінің барлығы негіз болатындығы ескерілді. Осы жылы Түркістанның 1500 жылдығы, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-академик С.Мұқановтың 100 жылдығы аталып, Қазақстан халықтары достығының I фестивалі өткізілді. 2001 жылғы негізгі іс-шаралар тәуелсіздіктің он жылдығы шеңберінде өткізіліп, ардагерлер мен жастар, әйелдер және бейбітшілік, прогресс пен келісім мәселелеріне арналды. Қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтау, соның ішінде этносаралық және дінаралық қарым-қатынасты нығайтуға көңіл бөлінді.
Мемлекеттік хатшының 2000 жылдың 11 тамызындағы облыс әкімдері мен Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткізген жиналысында Түркістанның 1500 жылдық тойын өткізу мәселесі талқыланды. Әбіш Кекілбаев отырысты қорытындылай келе, бұл бір қайраткердің тойы емес, ол күнде бола бермейді. Сондықтан, өркениеттік мерекені жоғары деңгейде өткізуге күш салу керектігіне көңіл аударды. Әбекең сөзін: «Саясаттандырмау керек. Бұл тарихтың, мәдениеттің мерекесі, мәдени бағдарламаға басымдық берген жөн», деп аяқтады.
Әбіш Кекілбаев рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді, тойған тоғышарлыққа халықтың, адамның азаматтығы емес, оған нәпсісінің азаттығы ғана керек деп білді. Ол сонымен бірге тәуелсіздік шекарасын өрелі азаматтық сана мен биік рухани мәдениет қана айна-қатерсіз анықтай алатынын да түсінді. Сондықтан, рухани-ақылақтық келбетіміз бен ұлттық үрдістерімізді қорғауда айрықша табандылық таныту керектігін де ескертті. Тәуелсіздіктің бас кезінде алғашқы дүрмекпен бірқатар құндылықтарымызды жоғалтып алғанымызға қынжылды. Сондықтан, Әбекең қай кезеңде де рухани, мәдени үрдістерді назардан тыс қалдырмау, соның ішінде ұлт ретінде өзіндік бет-бейнемізден айырылып қалмау маңызды екендігіне ерекше көңіл аударды.
Осы кезеңдерде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың жұмыс кестесінің өте тығыз болғандығы анық. Мемлекеттік істе көптеген үлкен шаруалар өз бастауын күнделікті жұмысты жоспарлап, оны мемлекеттің саясатын іске асырудың тиімділігін арттыруға жұмылдыра білуден алатыны белгілі. Ол сонымен бірге Елбасының тікелей тапсырмаларын орындау мақсатында немесе кейбір мәселелерді пысықтап алу үшін әртүрлі кеңестер мен отырыстар, кездесулер өткізуді талап етеді. Оның үстіне мемлекеттік және Президент протоколының шеңберінде атқарылатын біраз іс-шаралар тағы бар. Сондықтан, ай сайын Мемлекеттік хатшының жұмыс кестесі жасалды. Әрбір айдың соңында бұл лауазым иесінің қызметін ұйымдастыру, ақпараттық-сараптамалық және құжаттамалық жағынан қамтамасыз ететін Хатшылығы оның тікелей берген тапсырмалары негізінде, Президенттің жұмыс кестесі, Президент Әкімшілігінің жоспары, құжаттар мен мемлекеттік органдардан, жеке азаматтар мен түрлі қоғамдық ұйымдардан келіп түскен хаттарды сараптау арқылы келесі айға арналған жұмыс кестесін түзіп, оның жобасын бекітуге ұсынып отырды. Енді осыны Президент архивінде сақталған кейбір құжаттар негізінде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың 2000 жылдың бірінші жарты жылдығындағы жұмыс кестесіне сүйеніп, соның ішінде бір айлық қызметін толығымен және сонымен бірге жарты жылдағы оның атқарған жұмыстарын мысал ретінде ішінара көрсетуді жөн көрдік.
Мәселен, 2000 жылдың қаңтарында Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев шетелде мамандар дайындау жөніндегі «Болашақ» бағдарламасы бойынша президенттік стипендия тағайындау туралы республикалық комиссияның отырысын өткізді. Сол сияқты Қазақстан тарихына қатысты сирек кездесетін материалдармен, Шығыс тарихына байланысты әдебиетпен жұмыс істеп, жаңа шыққан кітаптармен танысты және тұрақты түрде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын сараптаумен айналысты. Бірлік пен ұрпақтар сабақтастығы жылының қорытынды материалдарының мәтінімен және мәдениетті қолдау жылының құжаттарымен жұмыс істеді. «Қазақстан-1» Ұлттық телеарнасына сұхбат берді. Қаңтардың 26-сы күні Алматыға арнайы ұшып барып, М.Т.Оспановты соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысты. М.Артығалиев, З.Қадырова, Ж.Қуанышалин, Қ.Салғарин, Ш.Мұртаза, С.Абдрахманов, Ш.Беркімбаева, С.Оразалинов, Ж.Наурызбай, Н.Әлімбай, А.Сейдімбек, Ә.Нұрпейісов, М.Шаханов, А.Бижанов, М.Құл-Мұхаммед, Қ.Найманбаев, С.Мұқашев, Л.Қиынов, Ж.Жантурина сияқты мемлекет және қоғам, мәдениет пен өнер қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен білім саласының өкілдерімен кездесті. Катар, Словения елшілерінен Сенім грамотасын қабылдады.
Қаңтар айындағы жұмыстың басты бағыттарының ары қарай да өз жалғасын тапқандығын ескере отырып, оларды қайталамас үшін ақпан және шілде аралығында Мемлекеттік хатшының қатысуымен өткен іс-шаралардың кейбіреулерін атайық. Онда болашақ Ұлттық музейдің экспозициясын талқылау, Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысу, Астана мешітінің имамын қабылдау, Елбасының творчестволық интеллигенциямен кездесуін дайындау, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығын өткізу мәселелерін талқылау, облыстық газет және телерадио комитеттерінің басшыларымен кеңес өткізу, Құрбан айтқа қатысу, «Абылай хан» фильмін түсіру туралы кеңес ұйымдастырылды. Сондай-ақ Түркістанның тарихына қатысты әдеби дереккөздермен жұмыс, мәдениет туралы мақалаға материалдар іріктеу, Ұлттық музейде тігілетін қазақ үйді қарау, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапары, БАҚ саласындағы Президенттік сыйлықтар мен гранттарды беру жөніндегі қоғамдық комиссиясының отырысын өткізу жүзеге асты. Бұлардың жалғасы деп белгілі ғалым С.А.Қасқабасовтың 60 жылдығына арналған Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің Ғылыми кеңесіне қатысу, Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірушілерге диплом тапсыру, мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы, Парламент қос палатасының бірлескен отырысына қатысу, ҚХА-ның ұлттық-мәдени орталықтары жетекшілерімен кездесу, сараптамалық зерттеу материалдарымен танысу және тағы басқа іс-шараларды атап өтуге болады.
Әбекең «Тіл көгермей, ел көгермейді, тіл мерейі – ел мерейі» дегенді жиі айтатын. Өйткені, тілдерін дамытып, кемелдеріне келтірген халықтар ғана өсіп-өніп, өркен жайған екен. Сондықтан, Әбіш Кекілбаев: «Тілдік жарасым жоқ жерде әлеуметтік жарасым болмайды. Ал, әлеуметтік жарасым тек әділетке ғана сүйене алады. Әділіне жүгінсек, адамзаттың адамзат болып қалуына барлық халықтың бәрі қажет. Олардың тарихи жасақталған тілдері мен мәдениеттерінің бәрі қажет. Бір тілдің жоғалуы – тек белгілі бір ұлтқа ғана емес, күллі адамзатқа жасалған қиянат болып табылады. Ал, мәдениет пен тіл сияқты аса нәзік құбылыс тек белгілі бір ортада ғана өркен жайып, көсегесін көгерте алады. Әр тіл мен мәдениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан сондай етене ортасы бар», дегенді тағы да еске салды. Себебі ол ұлттық руханиятымыздың өзегі және ұлтты ұлы мұраттарға жетелейтін баға жетпес құндылық. Сондықтан, да, Әбекең бұл мәселеде алалық пен шалалыққа, жайбасарлыққа жол беруге болмайтындығына көңіл аударып, желдің ыңғайына жығыла беру көсегемізді көгертпейтіндігін айтты.
Абыз аға ел тарихын тіл тарихынан, жер тарихынан бөле-жара қараудың дұрыс еместігіне де үлкен мән берді. Сондықтан ол ономастика мен терминология салаларында да нәтижелі іс жүргізіп, күш-жігерді аямауға шақырды. Қазақ терминологиясын жүйелі жолға салу үшін тиісті Тұжырымдама әзірлеп, көп сөзбұйдаға салмай, жедел талқылап бекітуді, әркімнің өз бетінше термин жасауына, ресми бекітілмеген даулы тәржімелерді орынсыз қолдануына шек қоюды ұсынды.
Әбіш Кекілбайұлы қоғамдық-саяси өмірді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуынан ешқашан бөліп қараған емес. Керісінше, еліміздегі экономикалық өзгерістерді терең білудің арқасында мемлекет дамуы мен мемлекеттілікті орнықтырып, оны одан әрі дамытудың алғышарттары болып табылатын осы екі қанатты тең ұстап отырды. Сондықтан да, ол нарық жағдайындағы интеллектінің әрі капитал, әрі бұйым, әрі билік екендігін жақсы түсінді. Ендеше интеллект иесі билікте жүрсін, бизнесте болсын, зиялылыққа тән салиқалықтан айрылмауы қажет. Осындай ұстанымдағы Әбекең экономикалық қарапайым қағидаттарды жақсы түсінді, оны ұғынықты тілмен айта да білді. Нарықтық экономикадағы қиындықтар нарыққа парықты көше алмаудан, қарадүрсін түрде қимылдаудан, өзіміздің мүмкіндіктерімізбен есептеспеуден, нақты кеңістік пен нақты жағдайға мән бермеуден деп білді. Жаппай иесіздікті жойып, меншікті жекешелендірусіз жаңа экономика құру мүмкін емес. Ол жұрттың бәрін меншік иесіне айналдыру керектігін, экономикалық қатынастарды да барынша демократияландыруды жақтады.
Әбіш Кекілбаев үшін бәрінен қымбат, ең бастысы және тәу етер жалғыз киесі тәуелсіздік болды. Сондықтан да, ол: «Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның алдында ғана емес, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарастықты дүниеде өмір сүре алады. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде ондай шынайы жарастық орната алады. Өйткені, халық бостандыққа жетпей тұрып, қоғам бостандыққа жете алмайды. Қоғам бостандыққа жете алмай тұрып, адам бостандыққа жете алмайды. Тәуелсіздік қазіргі адамзаттың ең басты мұрасы, ең асыл игілігі. Сондықтан, уақытша қиындықтарға бола мәңгілік мұраттарды тәрк етуге болмайды» деген Әбіш Кекілбайұлының бұл сөздері көп жайтты аңғартса керек. Сонымен бірге Әбекең ішкі ынтымақты нығайтуды тәуелсіздікті нығайтудың ең басты кепілі деп білді. Сол арқылы экономикалық қатынастарды да, саяси қатынастарды да мейлінше демократияландыра түсуге болатындығына үлкен мән берді. Саяси прагматизмнің қажеттігін жақсы түсінді. Бармақ басты, көз қыстылықты жаны сүймейтін абзал аға сол құбылысқа жол бермеу арқылы ғана әркімнің өз еңбегімен күн көруіне, ауқатты өмір сүруіне құқықтық, экономикалық мүмкіндіктер жасауға болатындығына көңіл аударды. Тәуелсіз ел болып қала алсақ, жоқтықты да, қиындықты да, әділетсіздікті де жеңе алатынымызды түсінді. Бұл жерде келешек алдындағы тарихи жауапкершілік жатыр. Ол – бүгінгі ұрпақтың өз дәуірінде тындырған ең басты ерлігінің нақты дәлелі.
Ұлттық идея мәселесін қозғаған кезде Әбекең оған тереңірек үңіледі. Оның ойынша, кез келген ұлттық идеяның айтары: біз басқалардан кем емеспіз дегенді аңғартады. Бұны басқаларды жеңе отырып дәлелдегісі келгендер талай рет сазға отырды. Ал, өзін жеңе отырып дәлелдегендер өз дегендеріне жетіп жатыр деген пікірімен бөліседі. «Бойкүйездік те, әупірімдік те адамдарды да, халықтарды да жолдарынан қалдырмаса, жұлдыздарын жандырмапты. Демек, күш-қуатын орнымен жұмсамаған ұлт та ойдағыдай дами алмайды. Ортақ қиындыққа бірге төтеп беруге шақырудың орнына, орынсыз қиқуды көбейту жолдан да қалдырады, әлеуметтік пиғылды да бұзады. Әлеуметтік даукестік, жаппай жанжал құмарлық бірде-бір мәселені шешпеген, шиеленістірген», деген кемел ақыл-ой иесінің өмірден түйген пайымы бүгінгі күннің ақиқаты. Ол осы жағымсыз жайттарды тек ізгілік арқылы жөнге түсіре аламыз дей келе: «Ізгілік дегеніміз – өзің мен үрім-бұтағыңа игілік болып даритын адал еңбек… Күнбе-күн көзіміз көріп жете түскен ақиқат мынау: жаппай іске жұмылсақ қана, жағдайды тез жақсарта аламыз, әділет бар жерде ынтымақ бар», деп сөзін түйіндейді. Кейіндері Мәңгілік Ел ұлттық идеясы турасында сөз болғанда, Әбіш Кекілбаев оны байлықты игеру, барды сарқу деген сөз емес. Керісінше, жоқты бар етіп, азды көбейту деген сөз деп түсіндірді. Ол ойламай іс қылудан, мәселені шалағай шешуден, шапшаң қорытынды жасауға ұмтылудан, бір-біріне айып тағудан сақтандырады.
Әбіш Кекілбаев елдегі рефор-маның жаңа кезеңіне көшкенде макро-экономикалық үдерістерден гөрі микроэкономикалық, саясаттан гөрі іс, саяси белсенділіктен гөрі экономикалық әрекетшілдіктің үстемдік құрғанын, алдағы мақсаттың айқын болғанын жақтады. Ол қоғамды реформаның субъектісі емес, тек объектісі ретінде қарау реформаны өрге бастырмайтынын, қызметті жеке басына пайдалану ұят, ал, бармақ басты, көз қысты бизнес – нағыз қылмыс деп білді. Көпшілік әлі түсінбей тұрғанда, реформа үстінен жем айырып қалуға тырысу – бар індеттің басы екендігіне іші ашыды. Міне, бізге төніп тұрған нағыз қауіп-қатер қайда жатыр.
Ол сондықтан Мемлекеттік хатшы ретінде де, азамат ретінде де бүгінгі күннің басты идеологиялық мақсаты қолымызға тиген тәуелсіздігімізді сырттың ала көзінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу деп білді. Әбіш Кекілбаев өткеннен гөрі ертеңді көбірек аңсады. Қазіргі стратегиялық жоспарлар тегіс орындалып, Қазақстанның көлденеңнің қақ-сұғынан арылып, қалған адамзатпен қатар тұра алатын қабырғалы мемлекет болғанын көруді көкседі. Әбекең армандап қана қол қусырып отырған жоқ, сондай деңгейге жеткізетін, билік болып, қоғам болып ұстанатын бәріне ортақ жаңашыл қағидаларды ұсынды. Ол ұсыныстарда бұрынғыдай қоғамда болып жатқан жағдайға мемлекетті кінәлап, барлық жауапкершілікті үкіметтің мойнына іліп қою деген жоқ. Азамат пен билік арасындағы күнделікті қарым-қатынасқа адами сипат беруге, мемлекеттілікті нығайтудағы жауапкершілікті тең бөлісудің қажеттілігіне деген сұраныс бар. Егер бұған дейін микроахуалдар (жеке адам, азамат) макротұрғыдағы (мемлекет, билік) көрсеткіштер мен пайымдаудың, жалпы әңгімелердің көлеңкесінде қалып отырса, Әбіш Кекілбаевтың ұстанымдары, керісінше, бұл мәселені аспаннан жерге түсіреді, табиғаттағы сияқты оның түп негізіне, бастауына үңіледі. Ол үшін әрқайсымыз өзімізді өзіміз шыңдап, өзімізді өзіміз түзетуге күш салғанымыз дұрыс дегенді аңғартады. Өйткені, Әбекеңше «өзіміз түзелмей тұрып, өзгелер түзелмейді». Оның ғалами, адами және мәдени даму философиясы – гуманизмі – қазіргі заманауи азаматтық қоғамды қалыптастыру үдерісі және үрдісімен үндесіп жатқанын көрмеуге болмайды. Бұл өмірлік ұстанымның мәні, бір жағынан, жалқының түзелуі жалпының түзелуінен әлдеқайда оңай екендігінде болса, екіншіден, жалқының түзелуі жалпының түзелуін тездетеді деген қағидада. Өйткені, қоғамдық қатынастарда жалпы түзелмей тұрып, онда әділет те орнамайтындығы анық. Сондықтан, Әбіш Кекілбаев «біреуге талап қоймас бұрын өзіңе-өзің қатаң талап қоя білуге үйренуге» шақырады. Себебі дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел деген қастерлі қағидаға жаппай мойынұсынбай тұрып, жағдайды жақсартып алу өте қиын болатыны анық.
Дегенмен, Әбіш Кекілбаевтың бұл көзқарасындағы басты ерекшелік оның «ең алдымен ел абыройын ойламай, ешкім де жағдайын түзей алмайды» дегендігінде жатыр. Ол өз ойын «бұл – кәріміз де, жасымыз да, басшыларымыз да, қосшыларымыз да бірдей қатаң қадағалайтын қағида болуға тиісті» деп, аша түседі. Әбекең баршамыз білуімізге тиіс бір-ақ ақиқаттың барлығын айта келе, бізге «әркім өзін-өзі тәрбиелемей, қоғам түзелмейді. Қоғам түзелмей билік түзелмейді» деген өсиетін қалдырды. Ол тарихтың мемлекеттің еркін ықшамдап, қоғамның жігерін кеңейтетінін аңғара отырып, барлығымыздың өмір сүріп жатқан бүкіл ортамыз үшін қоғамның да, азаматтардың да жауапкерлігінің артатындығын сезінді. Әбекең отандастарымыздың мемлекетке барлық жауапкершілікті ысырып қойып, өздері көбірек хақыларға ие болуға талпынысы демократияны дамытуға жұмыс істемейтінін көре білді. Оның мемлекеттің әлеуметтік және қоғамдық тұрақтылығына нұқсан келтіретіндігіне енді көзіміз жетіп отыр.
Осы тақырыпты дамыта келе, Әбіш Кекілбаев саяси ұстамдылық мәселесін де көтерді. Тәуелсіздіктен айырылып қалмас үшін барлық мәселелерге асқан салауаттылықпен, пайымды парасатпен қарау керектігіне назар аударды. Өйткені, «саяси ұстамдылық – мемлекет өміршеңдігі». Осының барлығы асыл ағаның азамат ретінде, қайраткер ретінде өзіне жүктелген ұлы міндеттерді толыққанды атқарып, өтпелі кезеңде Қазақстанда мемлекеттілікті қалыптастырып, оны нығайтуға сүбелі үлес қосқандығының нақты айғағы.
Әбіш Кекілбаев биліктің бүкіл табиғатын, философиясын, психологиясын, әлеуметтік сипатын, тағдыр-тауқыметін, өткен жолдарын, құлап-күйреген тұстарын, оның себеп-салдарларын, мінез-құлқын, бағы мен сорын әлемдік деңгейде өмір бойы зерттеген. Бұл туралы белді де беделді әбіштанушылар айтып та жүр, жазып та келеді. Әбекең билікқұмарлықтың қатер екендігін ескертті. Билікті аздыратын көлгірлік, оспадарсыздық, интригандық екендігін де атап көрсетті. Ол сонымен бірге әділеттілік категориясының қоғамдағы рөлін барынша ашып көрсете түсуге күш салды. Оны мәселенің мәселесі деп пайымдап, тәуелсіздіктің ең үлкен жаулары – жікшілдік те, алауыздық та тек әділетсіздіктен өрбитіндігіне қоғамның назарын аударды.
Демек, Әбіш Кекілбаев қоғамдық санада биліктің табиғаты, билік пен халықтың байланысы, демократия және Тәуелсіздік туралы дұрыс түсінік қалыптастыруда қыруар еңбек сіңірді, қазақтың саяси ой ағымын қалыптастырып, көптеген істердің басы-қасында бола білді. Ендеше, оны тәуелсіздік таңының атуын тездеткен данагөй саясаткер деуге толық негіз бар. Түптеп келгенде, Әбіш Кекілбаев туралы айтып, жазып жүрген Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов, Сайын Назарбек, Темірхан Медетбек ағаларымыз бен Мереке Құлкенов, Өтеген Оралбай, Ғарифолла Әнес сияқты замандастарымыздың пікірлері негізінде Әбіш Кекілбаевтың мынандай қырларын шығаруға болады: жазушы, философ, тарихшы, аудармашы, шешен, шежіре, шежіреші, мәдениеттанушы, ғалым, публицист, өнертанушы, әлеуметтанушы, саясаттанушы, ұлтжанды, мемлекетшіл, тұла бойы толған кітап, энциклопедия, гуманист, қайраткер.
Әбіш Кекілбаевтың осы «ұжымдық» портретін шын мәнінде халық жасады, өйткені, бұл берілген баға мен теңеулер халықтың ортасынан, қоғамның қойнауынан шыққан, халықтың көкейінде жүрген ойлар болатын. Соны біз биылғы жылдың қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айларында Алматы қаласы, Маңғыстау облысы және астанамыз Нұр-Сұлтанда Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты өткен үлкен іс-шаралардан көрдік, терең сезіндік. Мәселен, Елорда мен Алматыда көшелерге оның есімі берілді, тұрған үйлерінде тақта орнатылды, салтанатты жиындар өтті. Маңғыстау облысындағы ұйымдастырылған іс-шаралардың ішінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы барып, Ақтау қаласындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылуы мен кемеңгер тұлғаның ескерткішінің бой көтеру салтанаты кезіндегі салиқалы сөзі оған мемлекеттік, жалпыұлттық сипат пен әлеуметтік-мәдени, қоғамдық-саяси мән бергенін атап өткен жөн.
Сол сияқты орнатылған тағы бір ескерткіштер қатарына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қай-раткері, белгілі қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахмановтың Әбіш Кекілбаевтың ойшылдығын кешенді зерттеуге арналған «Абыз Әбіш. Әбіш Кекілбаевтың ойшылдығы туралы толғаныстар» атты көлемді зерттеуі мен филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес басқаратын «Арыс» қорының «Жаңа энциклопедия» сериясымен дайындалып жатқан үш томдық «Әбіш Кекілбаев. Энциклопедия» кітабының «Шығармашылығы» атты I томының жарық көргендігін жатқызуға болады. Бұл еңбектер Әбіш абыздың мұрасы мен мұратын толыққанды түсінуге бағытталған біздің Президентіміздің «Əбіштану енді басталды» дегенінің тағы бір айғағы болмақ.
Ал, Әбекеңнің әр жылдарда кеңесші, көмекшілері болған біздер үшін Маңғыстау облысына барғандағы алған әсерлеріміз, Әбіш Кекілбаевты жаңадан танып, оның әлеміне жаңаша үңілгенімізден бөлек, Клара Жұмабайқызының бізді, Мемлекеттік хатшы Әбекеңнің Хатшылығының қызметкерлері Бақытжан Ордабаев, Тілекқабыл Боранғалиев пен менің қатар тұрғанымызды көріп: «Әбіштің балалары» деген бір ауыз сөзі «құрметті» атақ бергеннен қымбат болды, шын пейілімен іштартқанын үлкен құрмет, жоғары баға деп қабыл алдық. Мерейіміз өсіп, кеудемізді заманымыздың біртуар ұлы Әбіш Кекілбайұлы үшін мақтаныш сезімі кернеп, абыз Әбіш сияқты кемеңгер тұлғамен мақтанудан шаршамайтындай болып бір марқайып қайттық.
Сондықтан мен ойымды белгілі ақын Темірхан Медетбектің мына сөздерімен аяқтағанды жөн көрдім: «Әбіш Кекілбайұлы – еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Ол – феномен. Ол – тұтас әлем. Ол айтқан сайын, қадалған сайын тереңдей түсетін шыңырау әлем. Ол шыңыраудан әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Ол – рухани ұлы тұлға».
Бұл рас! Толықтай келісемін! Шын-дық осы!

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!