ТАРИХИ САНА – ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ НЕГІЗІ немесе бақытсыз сана дегеніміз не?

  • 22.01.2020
  • 1721 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Үмбетқан Сәрсембин,
философия ғылымдарының кандидаты

Әлем, табиғат және қоғам адам танымында интеллектуалдық болмыс құбылыстары арқылы бірігіп, өзінің ішкі мәндерін айқындап отырады. Әлем мен табиғат және рухани өмір шеңберінде ерекше орын алатын нәрсе – адамның рухани болмысы. Адамның рухани болмысының қалыптасуы негізінде сананың қызметі жатыр. Адам өзіндік сана арқылы көп жағдайда өзінің рухани өмірін қалыптастырып отырған.
Адам болмысының шеңберінде шешімі тереңде жатқан, әлем болмысымен жалғасып кететін нәрсе – сананың табиғаты. Адам дүниеден өткенімен оның адамгершілік қасиеттері, білімі, даналығы арқылы сана өзінің танымдық қызметін атқарып (жалғастырып) қала береді.

Адамның рухани өміріндегі сананың табиғаты мен қызметі бір ғана мән арқылы құбылысқа ие болып отырады. Ол адамның жаратылысы мен өмір сүрудегі мақсатымен айқын. Адамның жаратылысы мен өмір сүрудегі мақсаты адамгершілікке бағынып, ізгілікке бағыт алатындығында. Адамды өзін қоршаған ортамен біріктіре түсетін оның танымы. Сана таным шеңберінде адамның танымдық қасиеттері мен білім түрлерін біріктіруші, үйлестіріп отырады. Адам қаншалықты саналы әрекетке жүгінген сайын, оның деңгейі жаңа сатыға көтеріліп, рухани мәнге ие болып отырмақ. Адам болмысының сана арқылы рухани мәнге ие болуын ақыл дейміз. Бұған қатысты Шәкәрім былай деген: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді… Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан – дегеніміз ынсап, әділет, мейірім».
Ақыл ісі қашанда адамзат, ұлт, жеке адам болмысының беріктігінің кепілі. Адамның тұлғалық болмысының, сол арқылы ұлт пен ел болмысының өрісін кеңейтіп отыратын саналы әрекеттің мәні уақыт арқылы ғана айқындалып отыратындығын ойшылдарымыз айтып кеткен. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, сана ақыл-ойдың негізі ғана емес, оны қалыптастырушы, бағыттаушы танымдық қасиеттердің тізгіні де. Ал, тұлғалық әрекет дегеніміз адам санасының ақыл-ой арқылы ерік тізгініне ие болуы. Абай айтқан, «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды». Қай елдің, қай халықтың болмасын ойшыл адамдарының жеке адам болмысының рухани қалыптасу негіздерін сана құбылысымен ұштастыратындығы осыдан-ақ белгілі. Сана адам баласына жаратылыс мәнін ұғыну, әлем мен табиғат заңына үйлесу үшін берілетін қасиет, негізгі мүмкіндік іспеттес. Сананы ең басты мүмкіндік дейтін себебіміз, адам сана феномендері арқылы әлемді таниды, адамзатқа ортақ құндылықтарды, өзінің мәдениетін, оған қажет құндылықтарды жасайды. Ақыл, тәрбие және білім арқылы өркениетін қалыптастырады. Өркениеттің тұрақты дамуында қоғамдық сана түрлерінің, өнердің қызметі жатыр. Кейінгі ұрпақтың өзінің кісілік болмысы мен төл мәдениетінің қалыптасу негіздерін тарихтан іздейтіндігі белгілі. Бұндай ұстаным бүгінгі ғасырда да кеңінен етек алуда. Жаһандану құбылыстарына төтеп беруде адамға, қоғам мен мемлекет болашағына ауадай қажет нәрсе мәдени игіліктер. Мәдени игіліктердің таразысы тарих. Тарихи уақыттың бастапқы дәуіріне қарайтын болсақ тарихи сананың қызметі ерекше көзге түседі.
Жаратылыс болмысын «әлемдік ақыл-парасат» деп таныған ежелгі дәуір ойшылдары. Бұның мағынасы әлем мен табиғаттың, қоғам мен рухани өмірдің арасында жаратылыс мәніне бағынатын құбылыстардың ерекше орын алатындығы. Бұны үйлесімділік дейміз. Ал, адам (жеке адам, ұлт, адамзат) санасының рухы оны әлемдік мәнмен байланыстырып отыруында. Қазақ дүниетанымындағы тарихи сана құбылысы халықтың өмір болмысын өткінші құбылысқа теңейтін ұғымымен тереңдейді. Қазақ даналығында өмір болмысы уақыт құбылыстарымен өлшеніп отырған. Адамды, халықты жаратылыс мәнімен байланыстыратын нәрсе руханилық. Ел мен оның құндылықтары сақталған жерде адамның өмірі мәнге айналады деген тарихи сана ұғымы халық өмірінде ұлттық идеяға айналып отырған. «Адам дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді» деген халық ұғымының негізінде адамгершіліктің, Отанға деген адалдықтың қадір-қасиетін зерделеу бар. Кейінгі ұрпақ тарихи сана құбылысына айналған ұғымдар, тәжірибелер арқылы ел болып өмір сүрудің мақсатын біледі. Бүгінгі дәуіріміздің тұсында әлемдік мәдениет пен төл мәдениетіміздің қалыптасу негіздерін зерделейтін болсақ, біздің заманымыздан бұрынғы уақытта орын алған мәдени дамудың бастауы, аға ұрпақ буын өкілдерінің жүріп өткен жолы, тарихи сана мен руханилыққа қатысты көптеген нәрсенің мән-жайын аңғартады. Осы жерде «соңғы ғасырларда адам баласы табиғи ортада жаңа өркениетін құрамын деп мәдениет жолындағы бағдарынан айырылып қалған жоқ па?» деген сауал туындайды. Бұл мәселеге батыс ғалымдары өткен ғасырдың басында-ақ ерекше көңіл бөле бастағандығы белгілі.
Адамзат баласының өзіндік санасының тарихи сана мен ұлттық сана деңгейіне көтерілуін оның ойлау мәдениетімен ұштастырамыз. Өзіндік сананың тарихи сана мен ұлттық санаға айналуында, ұрпақтың танымдық мүмкіндіктерге ие болу, тәжірибе мен білім арқылы игіліктерді жасау қызметі жатыр. Соның негізгілерінің бірі (бабаларымыз негізін салған) атқа міну мәдениеті. Тығырықтан шығудың жолын іздестіруде адам баласы үшін ойлау мәдениетінің бір қыры, табиғат мүмкіндігін дұрыс пайдалануда жатқандығын осыдан-ақ білуге болады. Яғни, өзіндік сананың тарихи сана негізіне айналуында, тарихи кезеңдегі адамдардың әлеуметтік және мәдени дамуға ықпал ететін қажеттіктерді өтеу жолында жаңа мүмкіндіктерге ие болуы, осыны іске асырудағы танымы ерекше көзге түсуде. Адамзат әлемінде, адамзаттық мәдениеттің рухани негіздерінің қалыптасу уақытының айшықты белгісі, тарихи сана құбылыстарынан, адам санасының жасампаздық табиғатынан көрінеді. Сананың интеллектуалдық феномендері арқылы халық ұлтқа айналып отырады. Ұлттық қалыптасудың негізінде сана тәжірибелерін, даналықты сақтап отыру, оның қызметі арқылы ұлттық болмыстың рухани өрісін кеңейту, уақыт кеңістігінен тарихи кеңістік пен мәдени ортаны қалыптастыру әрекеті ерекше көзге түседі. Ұлттың қалыптасуында мемлекетті қалыптастырудағы тарихи сана қызметі, оның тарихи оқиғаларды қалыптастырып отыруы және ұлттың дербес тарихы мен мәдениетінің әлемнен өзіне лайықты орынды белгілеп отыруымен ерекше көзге түседі.
Ұлттың мәдениетінде өзіндік санасын тарихи сана өрісіне бағыттай білген кез келген адам ел азаматы ретінде, өзінің әлеуметтік ұстанымын іске асыруда, ұлттық мүдде құндылықтарын қалыптастырып немесе оны кейінгі уақытқа табыстаумен шектелмейді. Өзінің төл мәдениетіне жаңа серпіліс, сол арқылы қоғамына, адамзат әлеміне өзгеріс әкелетін жаңа тәжірибелерді иеленуге ұмтылып отырады. Бұны қазіргі сөзбен айтқанда жасампаздық, бәсекеге қабілетті болу дейміз. Осы бір адамзаттық мәдениет пен қазіргі өркениеттің бастау көзіне айналып отырған танымдық қасиеттер, жасампаздық және өркениетті бәсекеге қабілетті болу, тарихи уақыт өрісінде ерекше орын алатын көшпелі тұрмыстағы мәдениет иелерінің болмысында жатыр. Бұны тарихи уақыттағы тарихи сана құбылыстарының негізгі өнімдерінің бірі деп айтуымызға болады. Мәселен жаһан, жаһанды тану, жаһандағы өзгеріс ұғымы түркілердің танымында ерте орын алған, тарихи сана құбылысының мәнін айқындайтын мәселелердің бірі. Мәселен, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Жаһаннаме» дастанында жаһандық болмыс келбеті былай суреттелген:
Мадақ – жаһанды жаратушыға бұрын,
Ешкімнің де емес одан ісі жасырын.
Нендей бір адамның ақыл-ойы жетсе де,
Кімде-кім ұлыстан құпия етсе де,
Бәрі оның [Алланың] алдында бірдей болар,
Ашық дала мен қара түнек болса да мекені.
Түркі ойшылдарының ұғымында жаһандық құбылыстар жаратылыс құзырындағы мәнге негізделеді. Адамның іс-әрекетінен туындайтын дүниелер объективті әлеммен ғана шектеледі. Ал, адам баласы сана арқылы ғана әлеммен байланысты. Жаһандық әлем кеңістігінде объективті әлем кеңістігінен өте алатын сана, ақыл-ой. Адамның іс-әрекеті мәдениет пен қоғамға игілік әкелетін деңгейімен тарихи мәнге ие. Идея да ұрпақтың тұлғалық қызметтерінің нәтижесінде адамзат игілігіне ортақ құндылыққа айналады. Себебі, әр аймақта адамзатқа ортақ тарихи уақыттың басталу кезеңінде, әлеуметтік дамудың негіздерін қалыптастыруға бағытталған тұлғалардың зердесі тұр. Тұлғалық зерде өрісі сол аймақтың әлеуметтік тарихи жағдайына байланысты, әр түрлі бағытта жүзеге асып отыруы ықтимал. Бірақ, кейінгі ұрпақ тарихи уақыт құбылыстарының негіздерін зерделеп отыруда екі нәрсені үнемі естен шығармауы қажет деп есептейміз. Ол сана феномендерінің қалыптасу ерекшеліктері және әлеуметтік дамудың заңдылықтары.
Адамзат мәдениетінің, оның ішінде ұлттық мәдениеттің негізінде игіліктерді тану мәселесі де жатыр. Адам баласы үшін бақ – негізгі құндылық. «Бақ береке мен бірлік бар жерде орнығады» делінген қазақ даналығында. Береке мен бірлік сана құбылыстарының адам мен қоғам өмірінде игілікке айналуы арқылы келеді. Сана құбылыстарын игілікке айналдыратын адамның өзі. Адамға сананың өрісін кеңейтуде мінез, білім, тәжірибе қоса қажет. Осы үшеуін қалыптастыруда (иеленіп отыруда) білімнің қызметі ерекше. Білім болмаса ой-өріс, адамның ойлау мәдениеті қалыптаспайды. Кез келген қоғамның негізгі ұстанымы өркениетті қалыптастыру болса, өркениеттіліктің өлшемін айқындайтын ізгілік. Ізгілік қоғамда тарихи сана құндылықтары арқылы сақталып отырады. Ізгілікке қоғам болып қол жеткізу үшін ұлттық ойлау қажет. Қоғамды құрайтын адамдар. Қоғам мүшелерінде ұлттық мінез болса, ізгілік әлеуметтік танымның негізгі құндылығына айналады. Ізгілік, адамгершілік тарихи сана тәжірибелері негізінде қоғамдық психологияның тірегіне айналғанда қоғамда даму, мәдени өзгеріс орын алады.
Түптеп келгенде, бақ пен байлықтың қоғамға ақыл, білім, тәрбие мен мінездің бірлігі арқылы қатар келетіндігін ойшылдар айтып кеткен. Бақыт, ақыл мен мінез, қанағат пен төзім, әділеттілік бір жүрген жерде, ел, халық өз мақсатына қол жеткізеді деген. Парақорлық, жемқорлық, жалқаулық пен надандық, сатқындық, екі жүзділік пен озбырлық қатар жүрген жерде жеке адамнан бастап қоғамның санасы бақытсыздыққа айналады делінген ойшылдар даналығында. Жүсіп Баласағұн жазғандай:
Адамды хақ жаратты да ескерді:
Оған ақыл, білім, өнер, ес берді.
Көңіл берді, әрі тілін тербетті ,
Ұят берді, берді құлық, келбетті.
(Ділін оңдап, ерік берді тіліне,
Ұят берді қылық-құлық, тініне!). Сонымен, қоғамның, мәдениеттің дамуы ұрпақтың ақыл-парасатына тәуелді. Неғұрлым қоғам тарихи сана арқылы жетілген сайын бар нәрсені сақтап, жаңа нәрселерді жасауға қабілетті болады. Сананың тарихи және ұлттық сипат алып отыруы деп ұлттың өзіндік табиғатына, болмысына сай қамдануын, қалыпты түрде дамуын және тарихи кезеңдерде өзіне тән ерекшеліктерін сақтап отыруын, адамзаттық дамудың талаптарына бейімделуді айтамыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кез келген мемлекет өзіне қажетті мүмкіндікті (білім, тәжірибе, ғылым) әлемдік мәдениеттің өрісінен іздейді. Ал, адамзаттық даму өзінің мәдени дамуының негізін әлем болмысына тән үйлесімділікті зерттеуден алады. Ел, мемлекет уақыт кеңістігінде теңіз үстінде жүзіп бара жатқан кеме немесе қайық сияқты. Әрине, кемемен қайықты салыстыруға келмейді. Бірақ, адам баласы бастапқыда қайықты жасап шығарды, қайықпен жүзуді үйренді. Қайықпен жүзуде көздеген жеріне жету үшін кезекпе кезек оған күш жұмсады. Тарихи кезеңдегі адамзат қоғамы да, әрбір тарихи уақытты басынан өткізген елдердің өмірі де осы қайықтағы адамдарға ұқсайды. Қайық өз бетімен жүзе алмайды, оны жылжыту үшін, желден, дауылдан қорғап теңіздің шетіне жеткізу үшін көп күш керек. Сол күшті интеллигенция немесе ұлттық сана иелері деп айтамыз. Ал, теңізде жүзіп бара жатқан кеме өзіне-өзі сенімді мемлекет, ол қашықтықты жүзіп өту үшін өзіне қажетті, өзін-өзі қорғап отыратын бар мүмкіндікті (білім, өнер және ғылым тәжірибелерін) өзіне жасап алған.
Ұлттық интеллигенция, саяси элита өкілдері дегеніміз әрбір тарихи уақыт шеңберінде қоғамның ішінен тәрбиеленіп шығатын ұлттық сананың өнімі болып табылады. Бұлардың қатарына кешегі алаш зиялыларын жатқызуымызға болады. «Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі, – деп жазып кеткен Мұхтар Әуезов, – біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ, патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «Кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік. Көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді. Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын».
Қоғам қашанда интеллигенция өкілдерінің ағартушылық қызметіне мұқтаж. Мемлекет мүддесіне қажет мамандарды тәрбиелеуде мемлекет пен халықтың арасындағы байланыс, интеллигенция өкілдерінің ағартушылық қызметтері арқылы жүзеге асып отырады. Халықтың шынайы субстанция ретіндегі қызметі мемлекеттің дамуына қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеуде жатыр, ал, шынайы сана деңгейіндегі интеллектуалдар қызметінің мәні, тәуелсіздікті қорғау жолында мемлекет пен халықты біріктіретін ұлттық құндылықтарды қорғап, оған қоғамды бастап отыруында. Бұның барлығы бір ғана сананың қызметі арқылы жүзеге асып отырады.
Интеллигенция өкілдерінің шынайы қызметінің нәтижесінде халықтың әлеуметтік танымы өзінің тарихи деңгейін сақтап отырады. Қоғамның әлеуметтік танымы мен оның бағытын, рухани негіздерін сақтап отыратын интеллигенция өкілдері болмаса жастардың қоғамдық ортада әлеуметтенуі қиын. Жастардың әлеуметтенуі негізінде тарихи сана тәжірибелерін, ұлттық сана принциптерін иелену тұр. Ал, қоғамға бағыт-бағдар беруде әлеуметтік танымның негізіне, қоғамның рухани ой елегіне айналып отыратын интеллигенция зердесі. Интеллектуалдар зердесі болмаған жерде қоғамның ақпараттануы мен ақпараттану деңгейі әр бағытта жүруі мүмкін. Тарихта да, қазіргі уақытта да бұған мысалдар жетерлік. Сонымен, әр ұрпақ буын өзіндік санадан ұлттық сана деңгейіне жетуде тарихи сана құбылыстарын, тәжірибе түрлерін қалыптастырып отырғандығы белгілі. Бақытты сана деп ұлттың өзіне қажетті құндылықтарын қалыптастырып, өзінің мүддесіне қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеп, оның игілігін көруін айтамыз. Ал, бақытсыз сана дегеніміз уақыттың өтпелі құбылыстарына төтеп бере алмаған қоғамның қателігі. Бұның себеп-салдары мен мысалы бір. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей ұрпақтың мың жылғы тәжірибесі мен білімін, құндылықтарын игере алмаудан шығады.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат