ДЖЕК МА: ЕШКІМГЕ ҰҚСАМАУҒА ТЫРЫС

  • 02.03.2020
  • 170 рет оқылды
  • 0

2019 жылы қытайлық «Alibaba» компаниясының негізін қалаушы Джек Ма 55 жасқа толды. Бұл датаны ол зейнетке кетуімен атап өтуді жөн деп шешті: Ма ресми түрде «Alibaba» директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқаруды тоқтатты. Осыған орай, бірнеше жыл бұрын Джек Маның Ресейге сапары кезінде мәскеулік студенттерге оқыған дәрістерінің бір үзігін ұсынуды жөн көрдік.

Мен өзімді ұлы адам деп санамаймын. Мен кәдімгі қарапайым қытай отбасында дүниеге келдім. Мен сабақты тәуір оқыдым дей алмаймын. Жо-жоқ, мен жақсы оқуға тырыстым, бірақ, бұл талпынысым үнемі сәтті бола қоймады. Шамасы, менің мектебім озық білім орны болмаған сияқты. Сол себепті мектепті бітірген соң ұзақ уақыт бойы жұмыс таба алмадым, үш рет емтиханнан құлап қалдым, сөйтіп университетке түсе алмадым. Бірақ, ешқашан менің салым суға кеткен емес.
Мен бірнеше маңызды нәрсені үйрендім. Біріншіден, берілуге болмайды. Екіншіден, бәлкім, менің мүмкіншілігімнің уақыты әлі келмеген болар деп ойлаған жөн. Мен жас кезімде Билл Гейтс туралы және Биллдің мен істей алатынды істегенін білдім. Ол менің табысымды менен тартып алды және сол кезде дербес компьютерлерге арналған бағдарламалық қамту саласындағы бүкіл мүмкіндікті пайдалануға тырысты деп қынжылдым. Сол сәтте: «Мүмкін, мен тым биікке қол созған болармын, енді маған төменнен бастаған дұрыс шығар және сөйтіп айналамдағы адамдар үшін бірдеңе істей алармын», – деп ойладым.
Біз өз ісіміздің барлығын он жыл алдын-ала бағалауымыз қажет. Егер, біз табысқа жеткіміз келсе, 10 жылдан кейін қалай шыңға шығатынымызды ойлануға тиіспіз. Егер, біз табысқа жеткіміз келсе, ақылды адамдармен жұмыс істеуге тиіспіз. Егер, біз табысқа жеткіміз келсе, қателік жіберсек те, берілмеуге тиіспіз. Көптеген адамдар қателік жіберсе болды, жеңіле салады. «Alibaba»-дағы біздер ешқашан берілмейміз. Біз өз қателігімізден сабақ аламыз.
Жетістікке жетпеген адамнан неліктен оның жолы болмағанын сұраңызшы. Егер, ол бұл үшін басқа біреуді кінәлайтын болса, оның мүмкіншілігі жоқ деген сөз. Бұндай сөзді бейбақтар айтады. Ал, мүмкіншілігі барлар басқаша сөйлейді. Олар бір нәрседен қателік жібергенін және бірдеңені дұрыс істемегенін мойындайды. Мен дәл осындай адамдардан үйрендім. Олар қателік жібереді, бірақ, бұған басқаны кінәламайды, керісінше бұдан сабақ алады. Мен де өз қателіктерімнен көп нәрсені үйрендім. Бұл менің өмірлік қағидам. Кейде бірнәрсе дұрыс болмаса, мен: «Жарайды, бұл жолы болмай қалды», – деймін. Егер, мен бірдеңеге қол жеткізсем, керісінше: «Қарашы, мен бұны істей аламын деп күтпеп едім», – деймін. Дәл осы ұстаным мені нағыз оптимист етіп шығарды.
«Alibaba» жаңа пайда болған кезде бізде ақша болмады, адамдар да, технологиялар да болған жоқ. Барлығы менің пәтерімде басталды. Онда 18 адам жиналды. Сөйтіп біз шағын бизнеске интернеттің көмегімен жәрдемдесеміз деп шештік… Ол кезде 18 адам едік, қазір 60 мыңдай адамбыз. Бұл, әрине, оңай болған жоқ. Бірақ, біз қиындықты жеңіп шықтық. Міне, бүгін дүниежүзіндегі ең ірі интернет-компанияның біріміз.
Мен біздің жолымыз болды деп санаймын. Біз көп қателестік, бірақ, бәрібір бәрін жеңдік. Кейде менен: «Неге сіздердің жолыңыз болды?» – деп сұрайды. Мен бұл сұраққа былай деп жауап бергім келеді: «Егер, сізден сәттілік теріс бұрылып кетпесін десеңіз, сіз бұл сәттілікті басқалармен бөлісуге тиіссіз». Онымен бөлісіңіз, басқа адамдарға көмектесіңіз, сосын бұл адамдар келешекте сізге міндетті түрде көмектеседі. Бастапқыда «Alibaba»-да ақша болмады. Бізге пайда түспеді, бізге ешкім ақша төлемеді. Содан біздің ең алғашқы табысымыз ақша түрінде емес, біздің сатып алушыларымыздың хаты түрінде келді. Олар бізге былай деп жазатын: «Жігіттер, сіздер бізге керемет көмектесіп жүрсіздер. Бірақ, бізде қазір сіздердің қызметіңізге төлейтін ақша жоқ». Біз оларға: «Ештеңе етпейді, бәрі дұрыс», – деп жауап беретінбіз. Егер, шамалы күте тұрсақ және клиенттеріміз өссе, олар бізбен есеп айырыса алатынын және біздің өсуімізге көмектесетінін білдік.
Біз «Alibaba»-ны ашқан кезде мен қытайлық пошта компаниясына келіп: «Сіздер бізге тауарларды жеткізу жүйесін құруға көмектесе аласыздар ма?» – деп сұрадым. Маған: «Жоқ, сіздің бизнесіңіз тым шағын, біз сіздермен жұмыс істемейміз», – деп жауап берді. Бұл қытайлық логистика жүйесі ол кезде сұрықсыз жағдайда еді. Қытайдың поштасы ресейлік пошта сияқты жылдамдықпен істейтін. Содан біз кәсіпкерлерге шығып: «Кім өз провинциясына, қаласы мен ауылына тауар жеткізумен айналысқысы келеді?» – деп сұрадық. Сөйтіп біз қызығушылық білдіргендерге көмектестік. Бүгінде біз Қытайда күн сайын 65 млн сәлемдемені жеткізуге көмектесеміз. Бұнымен неше адам айналысады дейсіз бе? Үш миллион адам. Бұл біздің қызметкерлер емес, біз оларды жалдамаймыз, бірақ, оларға көмектесеміз.
Болашақты ойлап алаңдамаңыз және технологиялардан қорықпаңыз. Меніңше, болашақ әрбір адамға, әсіресе, жастарға көп мүмкіндік береді. Жоғалтатын ештеңе жоқ, солай емес пе? Біздің ақшамыз да, технологиямыз да жоқ болған кезде мен дәл осыны өзіме айтқан едім. Сол кезде біз 10-20 жылдан кейін электронды сауда экономиканың орасан зор маңызды саласы болатынына сендік, сол себепті дәл қазір осымен айналысуды бастасақ, бізде мүмкіншілік пайда болатынын білдік. Дегенмен, сол уақытта көптеген ақылды, әрі тәжірибелі адамдар мен компаниялар электронды саудаға күмәнмен қарады. Бірақ, біз табысқа жететінімізге сендік.
Технологиялар біздің жұмысымызды тартып алады және бізді күнкөріс қаражатынсыз қалдырады деп ойлаудың қажеті жоқ. Шын мәнінде, технологиялар күйбең жұмыстың бәрін өз мойнына алады. Тұңғыш технологиялық революция және бу қозғалтқыштары шыққан кезде де кейбіреулер уайымдап, енді жұмыссыз қаламыз деп ойлаған еді. 50 жыл өтті, адамдар бу қозғалтқышы мыңдаған жаңа жұмыс орнының құрылуына ықпал еткенін түсінді. Электр ойлап табылған кезде де көптеген компаниялар жұмыс орындары жойылады деп күйінді. Алайда, электр де жаңа жұмыс орындарының құрылуына алып келді. Меніңше, жасанды интеллект те талай жұмыс орнының құрылуына әкеледі. Иә, таяудағы 20-30 жылда бізде жұмыспен қамтуда проблемалар болады, бірақ, одан кейін жағдаят өзгереді. Сондықтан, біз осы жасанды интеллект дамитын 20-30 жылда не істейтінімізді, оны қалай өткеретінімізді ұғынуға тиіспіз.
Егер, сіз болашаққа дайын болғыңыз келсе, кешегі істегеніңізді қайталамаңыз. Жадыңызды жаттықтырып әуре болмаңыз, сіз бәрібір компьютерден артық есте сақтай алмайсыз. Жылдам оқуға тырыспай-ақ қойыңыз, себебі компьютерлер мұны анағұрлым жылдам істейді. Сізге креативті болуға тырысу қажет. Жаңашыл болу, конструктивті болу қажет. Және де сіз оқып-үйреніп жүргеннің бәрі сізді осындай етуге тиіс.
Біз бизнесті енді ғана бастаған кезде, кейбір адамдар маған өз идеяларымен келіп: «Қарашы, бұл тамаша идея!» – дейтін. Егер, барлығы осылай деп, өз идеяларын керемет санап жатса, мен оларды қоқыс шелегіне тастай салатынмын. Тек елдің бәрі іске асырылуы өте қиын идея туралы айтса ғана мен оған қызығатынмын. Мен өзімнен: «Ал, бұны басқаша қалай жасауға болады?» – деп сұрайтынмын. Яғни, сіз ешкімге ұқсамауға және өзіңіздің ерекше жолыңызды таңдауға тиіссіз.
Менің күн сайын өзіме беретін тағы бір кеңесім. Мен: «Бізде бүгін бәрі қиын, ертең бұдан да қиын болады, ал, ертеңнің арғы күні бәрі керемет болады, бірақ, біздің көбіміз ертең кешке өлеміз», – дейтінмін. Міне, дәл осы себепті жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек. Әрбір күн өз проблемасын қоса ала келеді, бірақ, әрбір қиын жағдай сайын сіз шынығасыз. Сіз өзіңізге сенімді болуыңыз керек, сонда ғана болашақта кез келген проблеманы шеше аласыз.
Нарықта бәсеке өсіп жатқан кезде өз күшіңе сенімді болу мүмкін бе? Сіз білесіз бе, нарықта ешқашан ештеңе жайдан-жай бола салмайды. Бизнеспен айналысу қашан да қиын. Қалай сенімді боламыз дейсіз бе? Айналаңа өзің сенетін нәрселерге сенетін, сен армандайтын нәрселерді армандайтын қызметкерлерді, әріптестерді жинау керек. Мұндай адамдармен кез келген күрделі жағдайда бірге жұмыс істеуге болады. Егер, сіз компанияда жұмыс істесеңіз, адамдардың екі тобын ғана тыңдау қажет: Өз клиенттеріңізді тыңдаңыз. Олар сізге риза болуы тиіс. Және де әріптестеріңіздің сөзіне құлақ асыңыз. Егер, олар өз күштеріне сенімді болса, ештеңеге алаңдамаңыз. Егер, клиенттеріңіз бен әріптестеріңіздің көңілі тоқ болса және бәрі жақсы десе, кеңесшіні де, консультантты да, заңгерді де тыңдамаңыз. Егер, сіз басқаларды тыңдай бастасаңыз, онда табысқа жету мүмкіндігіңізді жоғалтасыз. Болашақты анық болжайтын бір де бір сарапшы жоқ. Барлық сарапшылар кешегі күннің білгірі. Нарықта болып жатқан жағдайға қарамастан, ең алдымен, өз клиенттеріңіз бен әріптестеріңізді тыңдаңыз. Бәсекелестеріңіз, әрине, сіздің сенімділігіңізді тас-талқан етуге тырысады. Егер, олар сіздің өзіңізге сенімділігіңізді жоюға бар күшін салатын болса, демек, сіз барлығын дұрыс істеп жүрсіз деген сөз.
Ағылшын тілін білу өте маңызды. Бірақ, шын мәнінде барлығы тілге тіреліп тұрған жоқ. Барлығы мәдениетке байланысты. Біз шет тілін үйрене бастаған кезде сол тілді тұтынушылардың мәдениетін, оның бүкіл қиындығы мен қасиеттерін түсіне бастаймыз. Сөйтіп бізде оған құрмет сезімі пайда болады. Біз оны құрметтеген кезде бізді де құрметтей бастайды. Міне, сонда біз осы адамдармен бірге жұмыс істей аламыз. Сіз басқа мәдениетке құрметпен қараған кезде, оның бүкіл қасиетін түсінген кезде, достар мен серіктестер табу да оңай. Ал, оларсыз бизнеспен айналысу мүмкін емес.
Егер, сіз 20-30 жаста болсаңыз, жақсы бастық табыңыз (компанияны емес, бастықты). Одан үйреніңіз. Сіз 30-40 жас аралығында болсаңыз, өз бетіңізбен бірдеңе жасауға талпынуға тиіссіз. 40-50 жасқа келгенде, сіз өзіңіз жақсы істей алатын іспен айналысуға тиіссіз, себебі 20 жыл бойы бірдеңе жасадыңыз және бірдеңені үйрендіңіз. Сіз 50-60 жаста болғанда, өз уақытыңыздың бір бөлігін жастарға көмектесуге жұмсаңыз. Ал, 60 жастан асқан соң, уақытыңызды немерелеріңізбен өткізу керек.
Егер, сіз дұрыс бағытта келе жатсаңыз, ақша сізді өзі табады. Иә, дәл солай. «Егер, менде ақша болса, мен бүйтер едім», – дейтіндерге мен ылғи да былай деп жауап беремін: «Сізде ешқашан ақша болмайды. Егер, сіз шынымен бірдеңе істегіңіз келсе, оны ақшасыз істеңіз. Егер, сіз нәтижеге жетсеңіз, ақша сізге өзі-ақ келеді».

Аударған
Дина ИМАМБАЕВА

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!