ҚАЗІРГІ АУЫЗЕКІ СӨЙЛЕУ ТІЛІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР ЖӘНЕ ЛИНГВОЭКОЛОГИЯ

  • 02.03.2020
  • 118 рет оқылды
  • 0

Бүгінгі күні сан түрлі технологиялық құралдардың адам өміріне етене енуі жаңа ұғымдар мен соны атауларды тудырып, адамзат тілінің дамуында ерекше зор ықпалға ие болып отыр. Бұл құбылыс тіл дамуының өткен ғасырлардағы дамуы мен тілдік бірліктердің қолданылу деңгейін салыстыра анықтауда да мүмкіндік туғызады. Тілдің дамуы, ең алдымен, ауызекі сөйлеу тілі арқылы көрініс береді. Сол себепті де бүгінгі қоғамдағы ауызекі сөйлеу тілін, әсіресе, жастар тілін зерделеудің маңызы ерекше. Өйткені, тіліміздегі сан түрлі құбылыстар алдымен ауызекі тіл негізінде танылады.

«Тіл адам санасында шындықты бейнелеу мен жинақтау құралы болғандықтан, ол адамдардың интеллектуалдық әрекетінің де ерекше түрі болып саналады. Яғни, тіл мен сөйлеу – адам болмысының, оның жалпы табиғатының көрсеткіші» – деген пікірді ескерсек, ауызекі сөйлеуде қолданысқа түскен тілдік бірліктер қай кезеңде де болмасын сол қоғам мүшелерінің интеллектуалдық деңгейін айқын танытады. Осыған орай, бүгінгі әлеуметтік тілді осы кезеңде өмір сүріп отырған жастардың ойлау мен сөйлеуінің нақты көрсеткіші, бағалау межесі десек те болады. Ал, оның әр кезеңде әр түрлі деңгейде болуы қоғамдағы жиі қолданыстағы ауызекі сөйлеу тілімен ұштасып жатыр.
Ауызекі сөйлеу тілінің аясы кең болғандықтан, онда тілдің барлық лексикалық қабаты еркін қолданылады. Ауызекі сөйлеуде кейбір сөздер немесе тіркестер көп жағдайда тілдік нормадан ауытқып жатады. Бірақ, кешегі мен бүгінгі ауызекі сөйлеу тілінің аражігі алшақ. Кешегі көркем тілді бүгінгі заманның технологиялық жетістіктеріне алмастырған жастар тілінің жұтаңдығы, қысқа қайырылуы, ой жеткізудегі мәнерліліктің аздығы уақыт озған сайын үдеп барады. Кешегі Еуропа ғалымдары (А.Янушкевич, В.Радлов) тамсанған ұлттың нәрлі тілінің бейнелілігі азайып кетті. Оның бір көрінісі бүгінгі ауызекі сөйлеу тілінде жиі қолданыстағы мынадай тіркестерден аңғарылады. Мысалы, «жынды болып кету» тіркесі. Бұл тіркестің мағынасы әдемі, сұлу, көркем, әсем немесе ажарлы болып кетіпті дегенді аңғартады. Ал, «жынды» сөзінің негізгі мағынасы есі ауысқан, есінен адасқан, есалаң. Бұл тіркестегі «жынды» сөзінің әдемі, сұлу мағынасын иеленуіне ауызекі сөйлеудегі адам эмоциясымен байланысты айтылуы және қоғам мүшелерінің экспрессивтілігі күшті эмоционалды бірлікті жиі қолданысқа түсіруі де ықпал етіп отыр. Белгілі ғалым Фатима Мұсабекова қазақ тілінде эмоционалды мағына зат есім сөзге сөз тіркесіп келу арқылы беріледі» – деген пікір айтады. Жоғарыда келтірілген мысалда «жынды» сөзіне «болу, кету» етістіктерінің тіркесуі нәтижесінде сөзге эмоционалды реңк үстеліп қана қоймаған, оның бастапқы мағынасы мүлдем өзгерген. Мұндай мысалдар қатарында бүгінгі ауызекі сөйлеуде қолданылып жүрген «бірлігі таусылу» (қоңырау соғу мүмкіндігі азаю), «әңгімесінің тізесі шығу» (қызықсыз болу, мәні жоғалу) сынды тіркестерді де атауға болады. «Әңгіменің тізесін шығару» дәмі кеткен немесе уақыты өткенді, қалпына келмейтінді тізесі шыққан киім сипатымен аңдату. Соңғы келтірілген мысал өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері қолданыста бар болса, «бірлігі таусылу» ұялы байланыс телефонының қолданылуымен жиі көрініс тауып келеді. Бұдан қоғамдық құбылыстар тілімізде түрлі тіркестердің пайда болуына ерекше ықпал етеді және олар ең алдымен ауызекі сөйлеу тілінде пайда болады деген тұжырым айта аламыз.
«Жынды болып кету» жас буынның ерекше ықпал ету мақсатынан туындаса, «бірлігі таусылу» жаңа заттар мен құбылыстарды атау қажеттілігінен туындаған. Бүгінгі күні аталған тілдік бірліктердің ауызекі сөйлеу тілінде жиі қолданылып, кең таралғандығынан олардың туындаған кезеңі мен изоглассасын нақты анықтау да мүмкін емес. Аталған тілдік бірліктер бүгінгі қоғам мүшелерінің қарым-қатынас жасау барысында қажетін қандай деңгейде болмасын өтейтіндіктен жиі көрініс табуда. «Бірлігі таусылу» тіркесі уақыт өте келе, әдеби тіл қатарынан табылуы да ғажап емес. Бұл тілдің уақыт тудырған құбылыстарға икемделуін айқындайтын сәтті тіркес деуге де болады. «Тіл байлығы, тілдің икемділігі оның қоғамдық қызметінің ұлғая түсуімен, әдеби тілдің нышан белгілерін дамыта түсумен ұштасып жатады». Олай болса, аталған тіркестердің тілдің қоғамдық қызметінің ұлғаюында ауызекі тілдің ықпалы орасан. Демек, ауызекі сөйлеу тілінде жиі қолданылып жүрген сөздер мен тіркестердің әдеби тіл қатарына ойысуы тілдің қоғамдық қызметімен тығыз байланысты екендігін де айқындайды. Бұл ойымыз орыс ғалымы Ф.П.Филлиннің: «Структура языка не безразлична для целей общения. Изменение общественных функций влечет за собой и изменение как отдельных элементов языковой структуры, так и постепенно структуры в целом… Внутренние закономерности развития языка из потенции превращается в раельные изменения только в пределах его общественных функций и благодаря им» – деген пікірімен үндеседі. Шынтуайтында, тілдің дамуы немесе өміршеңдігі, құлдырауы мен қолданыстан шығуы күллі тіл біліміне тән құбылыс. Бұл өз кезегінде тілдің қоғамдағы белсенді қызметімен тікелей байланысты.
Қазіргі ауызекі сөйлеу тілінде екі немесе одан да көп дара сөздердің бірігуі, тіркесуі арқылы жасалып, эмоционалды мәнге ие болатын тіркестер де бар. Мысалға ауызекі сөйлеу тілінде жиі қолданылып жүрген «құлақтан тебу», «құлаққа лапша ілу», «құлағына отыру» сынды эмоционалды бірліктеріміз мағынасы бір-біріне жуық емес сыңарлардан жасалғанына қарамастан, біртұтас лексикалық мағына береді. Дәлірек айтсақ, аталған тіркестер фразеологиялық тіркестердің ішкі мағына бірлігі мен тұтастығына толықтай сәйкес келеді. Мысалы, «құлақтан тебу» мен «құлаққа лапша ілу» жалған сөйлеу, өтірік айту мағынасындағы өзара синонимдес тіркестер деуге болады. Тек ауызекі сөйлеу тілінде ғана кеңінен қолданылып жүрген бұл тіркестердің ұғымдық өзегі – «құлақ». Ұлт тілінде «құйма құлақ» сынды тіркестің қалыптасуы да осымен байланысты. Адам абстрактылы ұғымдардың мағынасын алдымен құлақ арқылы естиді, біледі. Жете таниды. Міне, сондықтан да, белгілі бір ұғымдардың мән-мағынасын жете білу, терең ұғыну зат пен құбылыс, ұғым атауларын көру, есту, түйсіну арқылы жүзеге асатыны аңғарылады. Ендеше, ауызекі сөйлеу тілінде жиі қолданылатын тілдік бірліктер құлаққа жиі естілетіндіктен, олардың жиі қолданылуы, жылдам таралуы заңды құбылыс болып табылады. Ал, бұл өз кезегінде, яғни, белгілі бір кезеңде жаппай қолданысқа ие болған сәтсіз қолданыстардың белең алуына және әлеуметтік ортада жиі қолданыстағы нәрсіз жаргондар мен сленгтердің адам ойының дамуына аз мөлшерде болсын бөгет жасайды. Сондықтан, қандай да болмасын, ауызекі сөйлеу тілі әдеби нормаға сай келуі оңды болар еді. Ауызекі сөйлеу тілінің әдеби нормаға сәйкестенуі әлеуметтік ортаның интеллектуалдық деңгейін де арттырары анық. Белгілі ғалым Рабиға Сыздық: «Ауызша сөздің жиі қолданылатын жері – алқатоп алдындағы сөздер. …Алқатоп алдында дұрыс сөйлеп дағдыланған адам күнделікті ауызекі сөйлеуде де біршама әдеби нормаға сай, дұрыс сөйлеуге үйренеді. Бұл күнде орыс қауымының, әсіресе, қалаларда тұратындардың басым көпшілігінің ауызекі сөйлеу тілі де ауызша дамыған әдеби тілге ауысып барады, яғни, жалпы әдеби тілдің нормаларын сақтап сөйлейді деген пікір айтылуда. Ал, қазақ қоғамында мұндай теңесу, яғни, күнделікті тұрмыстық ауызекі сөйлеудің әдеби тіл нормасымен көрінуі жоққа тән» – деген тұщымды ой айтады. Бұған қазіргі ауызекі сөйлеу тіліндегі эмоционалды реңкі күшті, бірақ, жағымсыздау мәні бар «құлақтан тебу», «құлаққа лапша ілу», «сағыздай созылу» сынды сәтсіз қолданыстардың етек алуы ықпал етіп отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жоғарыдағы тілдік бірліктер өткен ғасырда «сан соқтырып кету», «түлкі бұлтаққа салу», «қамырша созылу» сынды бейнелі тіркестермен жиі көрініс тапқан-тын. Ал, бүгінгі әлеумет тілінде бұлардың қолданылу жиілігі азайғаны байқалады.
Бүгінгі таңдағы лингвоэкологиялық саралау жұртшылықтың сөйлеу мәнеріндегі лексикон мен фразеологиялық қордың тым жұтаңдығын айғақтайды. Бұл үлкендерге де, жастарға да тән болып отыр. Тіпті «Тырнақ астынан кір іздеу» – бәле іздеу; «Жауын жаумай су болу» – өз өзінен ашулану; «Көзіне көк шыбын үймелету» – басыну, қорлау, жазалау; «Төбе шашы тік тұру» – қорқу; «Мұрнына су жетпеу» – қолы тимеу тәрізді ауызекі қолданыста жиі ұшырасатын тұрақты тіркестердің мағынасын жете түсіне бермейді. Оның басты кілтипаны мұндай фразеологиялық тіркестердің ауызекі сөйлеу тілінің өзінен көрініс таппай отырғандығынан деуге болады. Сондықтан да, тіл экологиясына назар аудару уақыт талабы болып отыр. Әдеби тіл бастауы – ауызекі сөйлеу тілі тым қарабайырланып, бейнелі сөздердің қолданысы көмескі тартып барады. Сол себепті де, бүгінгі ауызекі сөйлеудегі нормадан ауытқуларының себептерін нақтылы анықтау және оны жоюдың жолдарын іздестіру тіл ұстанушының танымдық өрісі мен сөз мәдениетін танытатын лингвоэкологияға деген қызығушылықтың артуымен анықталады. Бүгінгі қоғамдағы ауызекі сөйлеу мәдениетінің тұралауы ұлт тілінің өміршеңдігіне кедергісін тигізері анық. Бұл орайда жергілікті ұлт қоғамдық салалардың қажеттілігін өтейтін өзге тілді шарасыз таңдауға мәжбүр болады. Оның түбі «сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғаладыға» (А.Байтұрсынов) әкеледі. Сондықтан да, «сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі – тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегеніміз – айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді араластырмай сөйлеу халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу».
Ал, қазіргі әлеуметтік ортада қазақша-орысша араластырып сөйлеу, әуелі «жаргон», «сленг», «варваризм», «арго» сөздерін қосып сөйлеу тілі орнығып келеді. Мәселен, күнделікті қарым-қатынас барысында көпшілік қауым «базар жоқ», «лапша ілді», «құлақтан тепті», «картопты жарды», «қуады екенсің», «лақтырып кетті», «қоянның суретін салып кетті», «қораға кірді», «балта қадады», «шашып тастады» сынды сөздер мен сөз тіркестерін жиі қолдануда. Ауызекі қатынаста орыс тілі сөздерін қыстырып аралас сөйлеуіне, сөздерді толық айтпауына әлеуметтік желідегі қарым-қатынастар, күнделікті теледидар мен радиодағы түрлі тілдегі бағдарламалар да азды-көпті ықпал етіп отыр. Мұның барлығы ауызекі сөйлеу тілінде көрініс тауып жатыр.
Түйіндей келгенде, бүгінгі жаһандану жағдайындағы ақпарат ағынының артуы, ғаламтордағы әлеуметтік желілердің пайда болуы ұлт тілінің өзгеше арнаға бұрылуына түрткі болып келеді. Осымен байланысты ауызекі сөйлеу тіліндегі сөз қолдану өзгешелігі күн өткен сайын байқалып отыр. Бұған нақты дәлел ретінде қазіргі ауызекі тілінде қолданылып жүрген жоғарыда атап өткен сөздер мен сөз тіркестерін келтірдік. Жоғарыда атап көрсетілген мұндай тіркестер ауызекі сөйлеу тіліндегі ғана қолданыста қалуы немесе уақыт тезінен өтіп әдеби тілге енуі де мүмкін. Ұлт тілінің елегінен өткен тілдік бірліктердің тілдің түрлі саласында қолданысқа түсуі – тіл дамуының, тіл өміршеңдігінің бір парасы.
Қазіргі ауызекі сөйлеу тілінде жаңа сөздердің пайда болуы және жиі қолданысқа түсуімен байланысты орын алып отырған түрлі құбылыстар бүгінгі буын өкілдерінің ауызекі сөйлеу тілінің ерекшелігі, оның ұлт тілін дамытудағы орны туралы ғылыми-зерттеулер жасау қажеттігін анық көрсетіп отыр.

Ерлан Қасенов,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің
студенті

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!