ЦИФРЛАНДЫРУ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

  • 02.03.2020
  • 177 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өміртай ЖӘЛЕЛОВ,
Жезқазған университетінің профессоры

Тәуелсіздік жылдары – көптеген ауқымды игілікті істер атқарылды. Алланың құдіретімен жетістіктеріміз баянды бола берсін. Сол игі істердің бірі – цифрландыру ұғымының пайда болуы. Цифрландыруды бұрын естімедім. Естігендер болып, пікірімді жоққа шығарса қарсылығым жоқ. Цифрландыруды әркім өзінше ұғынар… Мысалы, меніңше: «Нақтылы орындалуға тиісті жұмысты ғылыми негізде жүйелі жоспарлап, орындалуын қадағалау» – деп түсінемін. Ой тереңіне үңілсек, цифрлану, цифрландыру сөздері бұрын естілмесе де адамзат дәуірінің барлық кезеңдерінде қолданыста болып, дамып отырған сыңайлы. Демек, цифрлану, цифрландыру – миллиондаған жылдардағы эволюциялық дамудың жемісі десек, қазақстандық цифрландырудың өрісі кеңейе бермек.Келешектегі отаншыл ұрпақтарымыздың цифрландыра білу деңгейі жаһандық әр түрлі ниеттілер деңгейінен озық болуы абзал…
Ұрпағымыз цифрландыруда үнемі үстем бола беруі үшін: ертедегі, бұрынғы және қазіргі цифрлануды салыстырмалы талдай отырып, ой-өрісін шыңдап, болашақты болжай ержетуі ауадай қажет. Осыған орай, кейбір деректерге цифрланумен байланыстыра қысқаша шолу жасалық.
Адамзат тарихында ерекше маңызды жиын ұғымы. Жиын – ғылымның барлық салаларында (лингвистика, тарих, жаратылыстану, өнер, техника т.б.) қолданылады. Жиынға анықтама берілмейді. Жиын элементтері – ортақ белгілері (қасиеттері) бар жанды, не жансыз заттардан тұрады. Жиынды тек мысалдармен түсіндіреді. Жиын мысалдары – топтағы студенттер, алаңдағы өсіп тұрған ағаштар, өлкедегі өзендер, таулар, сандар, т.б. Тәуелсіз жабайы қоғамдағы ертедегі адамдар бір жиын мен екінші жиын элементтерін салыстырып, бір мәнді сәйкестікті бағамдауды қажетсінді. Мысалы, ұсталған балықтар немесе құс пен аңдарды тайпадағы мүшелеріне бір-бірлеп бөліп беруге жетсе, оңда адамдар жиыны мен балықтар жиыны элементтері арасында бір мәнді сәйкестік бар деп түсінетін. Сол сияқты, қару-жарақтарды тайпадағы адамдарға бір-бірден беріп, үлестіру арқылы салыстырған. Осылайша, бірнеше мыңдаған жылдардан кейін біртіндеп натурал сандар қатары дүниеге келе бастаған. Мүмкін, цифрландыру бастауы – осы болар…
Бір қаланың патшасы уәзірлерімен сарай толы адамдармен өнер тамашалап отырғанда, жолаушылаған, жұпыны киімді әл-Фараби бабамыз есік алдында тұрады. Бабамызды байқаған патша қасына шақырып, өнеріңді көрсет, егер, ұнамаса басыңды аламын депті. Музыканың әуенімен сарай толған халықты,күзетшілерін,патшаны да ұйықтатып, бабамыздың сарайдан шығып кетуі – цифрландырудың құдіреті. Олай дейтінім: әл-Фараби математиканы жеті салаға бөліп, оның бір саласын музыка деп атаған.
Қазыбек би ағасы Төле биге сәлем беруге келеді. Төле би бабамыз дуалы ауыз шешендер мен билерді шақыртып, жиылған жұртқа: «бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он» сұрақтарымның жауабын айтыңдар – депті.
Төле бабамыздың цифрландырылған он сұрағына ешкім жауап таба алмағанда, Қазыбек би он сұрақтың бәріне қысқа да нұсқа дәл жауап айтып ағасының ризашылығына бөленіпті… Сол сияқты Ұлы Абайдың «басқа ұлттан қазақтың сөзі ұзын дегені: «бір сөздің бірнеше ұғымды, керісінше бір ұғымның бірнеше мағына білдіретінін айтып, тұспалмен – цифрландыруы. Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінің бәрі цифрланған десек қателеспейміз. Қ.Сәтбаевтың қазіргідей ғарыштық, магнитометрлік, электрондық приборлардың жоқ кезінде дәстүрлі көлбеу бұрғылауды тік бұрғылаумен батыл түрде алмастырып, жеті қат жер асты кенді денелер қималарының пішіндерінің екі әдіспен бұрғылағанда (Қ.Сәтбаев. Большой Джезказган в восьмитомах, том 1) бірдей болатынын математикалық логикалық көрегендікпен дәлелдеп, әріптестерін мойындатып, ұтысқа шығуы – сол уақыт үшін теңдесі жоқ цифрландыру… Барлық деңгейдегі машиналар мен тетіктердің, ғарыштық механизмдердің – цифрланғандығы ерекше том-том тақырыптар. Бүгінгі жан-жақты жетілдірілген компьютерлік технологияның негізі – екілік санау жүйесіндегі «0» және «1»екенін де, ұмытпай есімізге түсірелік. Осындай деректер легі өте көп дей отырып: орта және жоғары оқу орындарындағы бұрынғы педагогикалық іс-тәжірибемде сыныпта немесе сыныптан тыс сағаттарда тұтастай немесе бөліп-бөліп қолданған, қайсыбірі БАҚ беттерінде жарық көрген – «Қалжыңға пара-пар шындық», «Махаббаттың машахаты», «Дүние дөңгелек», «Х» пенен «У» кездесті, «Тәуелсіз шама – сектор», «Қ.Сәтбаевтың математикалық аппаратты қолдану әдіснамасы», «Оймақтағы астарлы ойлар», т.б. мақалаларымда цифрландыру сөзін қолданған емеспін. Алайда, аталған мақалалардың цифрландырумен үндестігін ескеріп: «Оймақтағы астарлы ойлар» атты мақаланы назарларыңызға ұсынамын.
Оймақтағы астарлы сандар
Цифрланған оймақты,
Натурал сандар жайлапты.
Нығыз дала сыйысып,
«Мешкейлете оймақты»
Мешкейленген, оймақ па ?
Оны оймақ ойлап па ?
Оймақтың болжап «Мешкейін»,
Саралап ойды екшейін.
(Ө. Жәлелов)
Ұрпақ пен ұрпақтың алмасуы – қас-қағым сәт. 1986 жылы ортақ мүддемен Алматы қаласының Тәуелсіздік аланыңа шоғырланған жасөспірімдер мен оларды ыдыратып жоюды мақсат еткен жазушылар жиындары элементтерін (сәйкесті түрде жастар және жендеттер) десек, олардың арасында бір мәнді сәйкестік емес, айуандық, жантүршігерлік келеңсіздіктердің болғаны мәлім. Одақ дәуіріндегі бодандық саясаттың кейбір келеңсіз көріністеріне шыбындай жанын құрбан етіп, қан-төгіспен қарсылық білдірген қаһарман ұл-қыздарымыздың ерен өжеттігі – еліміздің «тәуелсіздік»-ке ие болуына себеп болды. Осы бір он бір әріптен тұратын қасиетті «тәуелсіздік» сөзін математиканың комбинаторика заңдылықтарына келтіруді оқырман жастар үлесінде қалдыралық та, натурал сандар қатарындағы сандардың ең үлкендерінің бірегейіне талдау жасалық. Қандай да болмасын көрсетілген санның белгілі бір заттың мөлшерін білдіруі хақ. Ол сан – ақша, товар, көлем, салмақ, жол, энергия, масса, жылдамдық, жұмыс, қуат, жер шарындығы адамдар саны, руда көлемі, қаржы-қаражат, т.б. заттардың мөлшері болуы мүмкін. Мысал ретінде, аз деп айтуға келмейтін, өте үлкен 27000.000.000.000.000.000. яғни, 27 секстиллион натурал санын қарастыралық. Біреулер бұл 27 «триллион» дер, басқа біреулер, мысалы қаржы қызметкерлері оны 27 «квинтиллион» деп оқыр, ал, үшінші біреу оны қысқаша жиырма жеті көбейтілген онның он сегіз дәрежесі деп жазып, 18 дәрежелі онға көбейтілген 27 деп оқиды. Яғни, қалайда он сегіз нолі бар жиырма жетіні түрліше оқитынымыз шындық.
Тәуелсіздік күні қарсаңында оқырмандар назарына өрескел үлкен санды ұсына отырып, «түйе сұрасаң бие береді» деген мақалға сай тілекті молынан тілеу, яғни, әрқайсымызға доллар мен он сегіз нолі бар жиырма жетінің ең болмағанда мыңнан бір үлесі тиюін тіледім. Саны осындай ойға сыймайтын көп, қандай затты бір оймаққа қалай сыйдыруға болады? Оймақты пішіні қиық конусқа ұқсас, сыйымдылығы 1 куб см-ге жуық ыдыс деп балама жасалық.
Ендігі сөз айналамыздағы ауаның бөлшектері туралы. Дүниедегі барлық заттар сияқты ауа да молекулалардан тұрады. Физиктердің анықтауы бойынша, бізді қоршаған ауаның әрбір куб сантиметрінде (яғни, бір оймақ көлемінде) температура 0 градус болғанда 27 триллион молекула бар. Бұл алып сан. Оны көрнекі түрде көз алдыңа елестету қанша қиялшыл адамға болса да қиын. Шынында да, мұндай көп санды немен салыстыруға болады? Дүниежүзіндегі адамдар санымен бе? Жер шарындағы адамдар саны «тек қана» екі мың миллиард (екі көбейтілген онның тоғыз дәрежесі), яғни, оймақ толған молекулалар санынан 13 мың миллион есе аз. Егер, әлемдегі жұлдыздардың барлығын, Күн сияқты, планеталар қоршаған болса және әрбір планетада біздің Жердегі сияқты халық болса, сонда да соның барлығындағы халықтың саны жаңағы бір оймақтағы молекулалардың санына жетпес еді. Егер, сіз осынша көп халықты санап шықпақ болсаңыз, онда үздіксіз отырып, айталық, минутына жүз молекула санағанда, сізге барлығын санап шығу үшін кем дегенде 500 мың миллион жыл керек боларын ескерте отырып, тәуелсіздік мерекесінің халқымызға несібе мен береке сыйлауын тілеймін. Десек те, мешкей оймаққа сыйған тәуелсіз көп сандар көңілге түрлі ой салар. Яғни, кейбір атқамінер шенділердің жиын-терін қаражаты «мешкей оймаққа сыймай» асар болса, халық қамын ойлап ұлттық қорымызға аударар. Бұл жерде байлығы шалқығандардың бәрін бірдей мешкей деуге болмайтынын ескертеміз. Кімнің мешкей екені бір аллаға аян… Ал, ұрпақ санын көбейтуді ойлаған саналы бикештер мен боз балалар немерелер мен шөберелер сыйлау арқылы мешкей оймақты толтыруға жәрдемдесер. Ол үшін әрбір алдыңғы ұрпақ келесі ұрпағына салауатты, өнегелі із қалдырсын.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат