АҢЫЗ АКАДЕМИКТІҢ АЛТАЙТАНУДАҒЫ ТАРИХИ РӨЛІ

  • 02.03.2020
  • 63 рет оқылды
  • 0

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
Астана Қаржы академиясының профессоры

Шығыстану саласында есімі әлемге танымал академик, ұлы ғалым Бямбын Ринчен – алтай тобына жататын тілдердің бәрін дерлік жіті зерттеген лингвист қана емес, жалпы алтайтану ғылымының білгір маманы болды. Алтай тілдері шығу түп-төркіні жағынан туыс екендігін ол былайша атап көрсетеді: «Белгілі бір тілдің шығу тегін зерттеп, оның қай тілдермен туысатынын жіктегенде, көп дүниенің басы ашылады. Зерттеудің нәтижесінен аңғарылғаны – монғол тілі түркі және хамниган тілдерімен жақын туысады екен. Аталмыш үш тілді тіл білімінде түркі-монғол халықтарының тарихы мен аңыз-әпсаналарында жиі кездесетін Алтай деген таудың атымен «Алтай тілдері» немесе «Алтай текті тілдер» дейді».

Б. Ринчен жас кезінде хамнигандар ортасында көп жүріп, 1927 жылдан бастап жинақтаған дерек-дәйектерінің негізінде жарыққа шығарған «Монғол халқындағы хамниган диалектілер» (1969) атты монографиясы аталмыш тақырып бойынша жарияланған алтайтану саласындағы қомақты әрі тұңғыш ғылыми-зерттеу болатын («Хамниган» сөзі «камни-гакан» эвенк тілінде «таулықтар», «тау адамдары» деген мағынаны білдіреді делінгенімен әлі де бірізді болмаған. Ғалымдар арасында хамниган ұлысы 300-жылдай бұрын эвенк, мәнжі, тунгус ұлтынан тараған тайпа деген де пікірлер кездеседі). Сондай-ақ, «Монғолиядағы түркі тілділер» атты монография жазғанымен, жарыққа шығара алмаған деген әңгіме ғалымдар естеліктерінде баршылық. Қысқасы, академик Б. Ринчен – алтай тобына жатқызылатын түркі, монғол, мәнжі тілдер қарым-қатынасы аясында мәнжі-тунгус тілдерінің құрамдас бөлігі саналатын хамниган диалектісі жайында тарихи еңбек жасаған алтайтанушы ғана емес, тіл біліміне терең маманданған, теорияны тәжірибемен ұштастыра білген, зерттеуді іргелі етіп жасайтын лингвист болғанын бүгінгі таңда шәкірттері аңыз ғып айтады. Расында да, академик Б. Ринчен – Халықаралық алтайтану тұрақты жиынының (PIAC), және Индиана университетінің алтайтану ғылымы бойынша алтын медалімен жарты ғасыр бұрын, яғни, 1965 жылы марапатталған екен. Сол кезде аталмыш беделді марапатты алған әлемдегі үшінші ғалым болғанын да атап өткен абзал. Дәл қазіргі күні алтайтану алтын медалін 19 елдің 51 ғалымы алғанын ескерсек, Ринченнің өз дәуірінде жасаған еңбегінің ұшан-теңіз екендігіне көз жеткізуге болады.
Б. Ринчен лингвист, шығыстанушы, атақты ғалым, әрі этнограф, жазушы-журналист, көркем аудармашы, әдеби сыншы, бақсылық пен тәңіртанушы екендігіне назар аудартқан Куба елінің атақты жазушысы Грегорио Ортегоның мына сөзі кездейсоқ айтылмаса керек: «Барлық мәселеге кең диапазонмен қарайтын, көзі оттай жанған бұл тұлға аспан көкжиегін бір мәрте көз тастап бағамдайтын ежелгі көшпелі халықтың көзі тірі энциклопедиясы іспетті». Оның саналы ғұмырын көшпенділердің мәдени мұрасын жинауға арнаған этнограф екендігінің дәлелі ретінде тұрмыстық тақырыптағы ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерінен тұратын 5 томдық «Folklore Mongol» жинағын Германияда жарыққа шығарғанын ерекше атап айтуға болады. Оның ішінде қазақ ауыз әдебиеті жанрларымен де үндесетін туындылар кездеседі. Аталмыш жинақ қазіргі күні әлемдегі көптеген шығыстанушы ғалымдардың сенімді серігіне (үстелдік кітап) айналған. Өз тұсында ағылшын профессоры Бауден «Шығыстану саласында соңғы жылдары көптеген мәнді-мағыналы туындылар жарыққа шықты. Бірақ, солардың ішінде ерекше назар аудартқаны Ринченнің еңбегі болды. Ондағы жыр, дастандар – Ежелгі Гректің «Иллиадасымен», «Одиссейімен, француздардың «Ролланд жырымен» иық тірестіре алады. Көшпенділер жырларының тілі бай, мазмұны ержүректі үндеген, көлемі мен алымы жағынан оны жазба әдебиеттің роман жанрына ұқсатуға болады» – деп, «Folklore Mongol» жинағын жоғары бағалаған екен.
Академик Б. Ринчен атеизм ен жайлаған «темір перделі» социа-лизм заманында өмір сүрсе де, көшпенділердің дәстүрлі діни сенім-нанымынан, мәдениетінен, бақсылық, тәңірлік салтынан «ат-тонын ала қашпаған» санаулы ғалымдардың бірі болды. Тылсым әлемді бұл дүниемен байланыстыратын адамзаттың ең көне сенім-нанымы – бақсылық дәстүрді асқан қызығушылықпен зерттейтін жандар әлемде қазіргі күнге дейін баршылық. Осы үрдістің негізін салған алғашқы ғалымдардың бірі әрі бірегейі де осы Ринчен-ғуай болса керек. Академиктің 1920-жылдардан бастап 50 жылдан астам уақыт бойы жинаған құнды жәдігерлерінің көп бөлігін де осы бақсылыққа қатысты материалдар құрайды екен. Оның көбін үш томдыққа сыйдырып, кезінде Германияның «Аsiatische forschungen» альманағының үш санына жариялатқанын саланы зерттеушілер күні бүгінге дейін талғажу етіп келеді.
Пұтқа табынушылық, тәңірлік, бақсы-балгерлік тұрмақ, дәстүрлі дін туралы да ауыз ашуға тыйым салынған, марксизм-ленинизм дәуірлеген кезеңде Б. Ринчен мен В. Форман бірлесіп жазған «Ламайзмнің маскалы биі, Монғолиядағы өлім биі – цам» (lamaistisch tanzmasken. der erlik – tsam in der mongolei) атты туындысы көне заманнан келе жатқан дін тарихын тереңнен қаузағандығымен, оның тілдік ерекшелігін әлемге танытып, ғылыми айналымға енгізгендігімен ерекшеленді. Алайда, оны ел өкіметі дер кезінде қолдамады, керісінше, ілік іздеп, әсіресе, өмірінің соңғы жылдарында елеулі қысым жасап та баққанын өмірбаянын парақтағанда анық аңғаруға болады. Сонда да, оған айылын жиып, құлдық ұрған академик жоқ. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын үзіліссіз жүргізіп, өмірінің соңына дейін көшпелі ұлы дала жұртының мәдениетіне, салт-дәстүріне, алтайтану ғылымына қатысты еңбектерімен әлем ғалымдары үшін беймәлім болып келген көп мәселелердің басын ашты. Көптеген көмескі жайларды нақты дерек-дәйектерге сүйене отырып, ғылыми негізде түсіндіре білді. Осындай қыруар еңбектерінің арқасында ол халықаралық деңгейде «Шығыс энциклопедиясы» аталып кеткен.
Ринчен 1921 жылы Монғол үкіметінің жолдамасымен Санкт-Петерборда шығыс тілдері бойынша білім алған алғашқы ғалымдардың бірі болды. Кеңес одағы Ғылым академиясының Азия музейінде, Ленинград университетінің фонетика зертханасында Шығыстану институтындағы сабақтарынан тыс сол тұстағы атақты 9 академиктің жетекшілігімен 3 жыл бойы арнайы дәріс тыңдаған. Академик Владимирцов, үндітанушы, академик Ольденбург, тибеттанушы-академик Щербатской, шығыстанушы, тарихшы-академик Бартольд, түркітанушы-академик Юдахин, фонетикашы-академик Щерба, академик Марр, монғолтанушы-академик Козин, қытайтанушы-академик Алексеев сынды алыптардан сабақ алу бар да, алған білімін ғылыми-зерттеуінде тиімді пайдаланып, мәңгі өшпес туынды жасау бар. Б. Ринчен өз еліне ғана емес, әлем ғылымына қомақты үлес қоса алғандықтан, шын мәнінде шығыс энциклопедиясына айнала алды. Оның «Монғол жазуы, тіл білімі» атты 4 томдық туындысы жарыққа шыққанға дейін әлем ғалымдары бұл саланы үнді, тибет, еуропалық тілдердің үлгісі негізінде қарастырып келген екен. Ал, Мажарстанда докторлық диссертация ретінде қорғалған аталмыш еңбегін Л. Лигети, Шебеньтян, Ирон сынды академиктер «тіл білімін зерттеу саласында жаңа дәуір әкелген құнды еңбек» деп, бірдауыспен жоғары баға берген көрінеді.
1940-50 жылдар аралығында монғол жұрты көне ұйғырдың жазуынан бас тартып, қазіргі кириллица қарпін қолдануға көшті. Ана тілінің өзге тілдің ықпалында кетуден сақтанған академик Ринчен сол жылдары Кеңес басшысы Н. Хрущев пен Қытай төрағасы Мао Зэ Дунға хат жазады. Хатта совет құрамындағы 100-ге тарта ұлттың ана тілі мен жазуын жоғалтқаны айтылған. Қытай төрағасынан Ішкі Монғолиядағы өз қандастарының төл мәдениетінің мұқият сақталуын өтінген. Бұл тілдік тәуелсіздіктің маңызын ерте түсінген ұлы ғалымның өз деңгейіндегі күресі еді. Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарында Ринчен-ғуай «халық жауы» ретінде істі болып, большевиктердің түрмесінде 5 жыл отырған кезінде оны ату жазасынан құтқарған да оның тілдік білімінің арқасы болған. Большевик партияның тарихын аударту үшін ғана оны тірі қалдырған көрінеді. Ринчентанушы шәкірттерінің мәлімдеуіне қарағанда, ол ұзын саны 17 тіл білген. Ағылшын, француз, герман, түрік, орыс, чех, көне славьян, латын, мажар, эсперанто, мәнжі, тибет, қытай тілдерін жетік меңгергендігі анықталған. Француз тілін ол түрмеде үйренген. Бірде абақтының сыртында тау-төбе болып үйілген «халық жауларының» кітаптарын көреді. Ішіндегі беттері ең қалыңдау әрі көлемі қомақты бірін суырып алып көрсе, француз тілінің оқулығы болып шығады. Күзетшінің әміріне қарамастан, алдап-сулап жүріп кітапты тығып алады. Кейін шығыстану саласы бойынша жазған зерттеу еңбектерінің көбі француз тілінде жазылып жарыққа шығарылғаны белгілі.
Ғалымның шәкірті белгілі академик Ц. Шагдарсүрэн былай деп жазады: «Бізге ағылшын, француз, орыс, герман тілдерін үйренуді қатты талап етіп, міндеттейтін. Орта ғасырда бүкіл Еуропаның кітап тіліне айналған латын тілін, ежелгі заманда Орталық Азияда кеңінен қолданылған, үнді-еуропа тілдерінің атасы саналатын самгарди тілін білмейінше лингвист бола алмайтынымызды ескертетін. Өзі де тіл үйренуден жалықпады. Өлім аузында жатып та ежелгі латын мен көне қытай тілінің оқулықтарын үздіксіз ақтарумен болды». Академиктің әлем классик жазушыларының ондаған таңдаулы туындыларын түпнұсқадан тікелей тәржімалаған талантты көркем аудармашы, әрі өзі де ұлы жазушы екендігі басқа тақырыпқа арқау болатын бөлек әңгіме.
Академик Б. Ринчен түркі, монғол, мәнжі тілдерінің шығу түп-төркіні бір екенін дәлелдеп, оны «Алтай тілі» деген біртұтас атаудың аясында қарастырудың жөн екендігін тұжырымдап кеткен бірегей алтайтанушы. Алтай тіл білімінің теориясын алғаш рет ғылыми деңгейге көтерген Финляндияның атақты ғалымы Ramstedt екендігінде дау жоқ. Ал, академик Ринчен алтайтану ғылымындағы көмескі болып келген жайларды анықтаумен қатар, болашақта шешілуі тиіс мәселелерді де жіктеп кеткен ұлы ғалым. Өз кезегінде, Ramstedt алтай тобына корей тілін жатқызу қажеттілігін көтеріп, жан-жақты дәлел-дәйектерін де келтірген. Бірақ, академик Ринчен бұл пікірмен келіспеген. 1950 жылдары Жапонияның кейбір ғалымдары да жапон тілін Алтай тобынан тараған деген мәселе көтерген. Алайда, Ринчен оның да ғылыми негіздемесі тым көмескі екенін, әлі де зерттелетін тұстарының бар екендігін ескерткен. Қазіргі таңда академик ұстанымының өміршеңдігі аңғарылып отыр. Корей тілінің лексикасының ең аз дегенде тең жартысын классикалық қытай тілінен енген сөздер құраса, бүгінгі ағылшын тілінен енген сөздердің де қалған бөлігінде елеулі орны бар дегенді зерттеушілер айта бастады. Хельсинки унверситетінің профессоры, корейтанушы Эндрью Логидің жазуына қарағанда, корей тілінің алтай тобына мүлдем жатпайтындығын аңғаруға болады. Ол былай деп жазады: «Корей тілінің түп атасы болып табылатын көне корей тілі тарихи белгілі бір кезеңде ежелгі қытай тілімен бірікпей тұрғанда, ауыз-екі қолданыста болғандығына сенуге болатын шығар. Алайда, «таза корей тілі» көзқарасын ұстанушы ұлтшылдар бір мәселені қате түсініп жүр. Олар көне корей тілінің қолданылған дәуірі қазіргі саяси-мәдени айдэндитидің (identity) пайда болуынан тым алыстағы тарих қойнауында жатқан Шилла мемлекеті тұсындағы кезеңге тиесілі екендігін ұмыта береді. Сондай-ақ, олар Гогурёо, Бохай секілді елдердің құрамында тұрғанын және ондағы халықтар ежелгі корей тілінен бұрын жаппай қытай лексикаға негізделген мүлде басқа тілді қолданғанын біле қоймайды».
Бір анығы, қазіргі зерттеушілердің көбі түркі, монғол, мәнжі тілдерінің ұқсас тұстарын олардың түбі бір деген тұрғыдан емес, өзара ықпалдастықтарының нәтижесі ретінде қарастыратын академик Б.Ринченнің тұжырымының аясында топтасқандығы болып отыр. Түркі және монғол тілдерінің дәл қайсысы кімге көбірек ықпал етті деген мәселе әлі де болса, зерттеушілерді қызықтыра түсері мәлім. Түркі және монғол тілдерінде ортақ сөздердің жиі кездесетіні белгілі. Мысал ретінде тек түстердің өңін білдіретін сөздерді алайық. Қара түс – хар өңгі, сары түс – шар өңгі, қоңыр – хоңғыр, жирен – зээрд т.с.с. Сондай-ақ, кейбір заттың атаулары да дәлме-дәл келіп жатады. Айталық, тәңір – тэңгір, жүрек – зүрік, жорға – жороо, түйе – тэмээ, інген – ингі, тебен – тэвін, дәптер – дэвтэр, құрт – хурууд, маңдай – магнай.
Indiana университетінің Еуразия ғылыми орталығының қызметкері доктор М.Саруул-Эрдэнэнің пайымдауынша: «Кейбір зат атауларын бір ұлт екіншісінен алып, сол күйінде қолдануы мүмкін. Ал, белгілі бір заттың өң-түсі, етістіктер, адамның дене мүшесінің атаулары тіл білімінде байырғы сөздер саналатындықтан оны бір-бірінен алған болып саналмайды. Сондықтан да, ондай сөздерді шығу түп-төркіні бір деп санаймыз. Олай болса, монғол және түркі тілдерінде жалпы алтай тіліне ортақ сөздер бар. Оны біз бір-бірінен бөліп қарамаймыз. Сонымен бірге, монғолдан түркіге, түркіден монғолға енген сөздер бар. Ең қызығы, монғолдардың түркіге бергеннен гөрі, алғандары көп кездеседі. Кейбір монғол сөздерінің шығу тегін іздегенде көбінесе түркі тілдерінен тауып жатамыз».
Түркі-монғол тайпаларының көшіп-қонған байырғы мекендері ұланғайыр жерді алып жатқанын қазіргі күнге дейін сақталған атаулардан көруге болады. Қазіргі Монғолия жерінде түркі атаулардан тұратын өзен, көл, жер аттары жиі кездессе, Қазақстанда монғол аттары бар жер-су баршылық. Тіпті, ортақ атаулар да бар. Мысалы, Қобда деген жер мен өзен атауы Монғолияда күні бүгінге дейін сақталса, дәл осылай аталатын елді мекен Батыс Қазақстанда да бар.
Монғолиядағы ең ірі үш көл бар. Үшеуінің де атауы түркіше. Батыс Монғолиядағы Увс көлінің атауы монғолдың көне жазуы ұйғыржыңша жазылғанда «у-су» деп таңбаланады. Бұл көлдің суы тұзды ащы болып келетіндіктен солай аталуы қисынды іспетті. Елдің солтүстігіндегі Хөвсгөл көлінің атауы «көп-су-көл» деп таңбаланып тұр. Сондай-ақ, шығыстағы Буйр көлінің атауы – бұйра, Тонхил (тоң көл) және Байтаг, Хэнтий, Сутай, Тайхар (Тай-Кор, кор – түркі-монғолға ортақ сөз, корос – көр топырақ, монғолша хөрс шороо) деген атақты таулардың атаулары да түркі сөзі екенін монғол ғалымдары мойындайды. Оның себебін, қазіргі түркі тілдерінде «даг», «таг», «тай», «тэй», «тий» сөздері тау деген мағынаны білдіретіндігімен түсіндіруге болады. Қазіргі Байкал көлінің де Байкөл екендігі әлімсақтан белгілі. Сонымен қатар, қазіргі Қазақ жеріндегі монғол атауларды тілге тиек етуге болады. Мысалы, Баянауыл деген жер атын алайық. Баян – бай деген монғол сөзі. «Ауыл» емес, дұрысы – ағула, тау деген мағынаны білдіреді. Байтау деген сөз. Алтынемел (алтан эмээл) – алтын ер тоқым. Боралдай (боролдой) – бозғылт, Қорғалжын (хорголжин) – қойдың құмалағы, ерітілген қорғасын деген екі мағынаны білдіреді. Мұқыр (мухар) – түкпір немесе тоқал малды айтады. Қаскелең (хас гэлэн) – нағыз діндар. Нарынқол (нарынғол) – күн өзені. Байынқол (баянгол) – бай өзен т.с.с. Мұндай мысалдардың бәрі айналып келіп, қазақ пен монғол халқының түбі бір екендігін айғақтайды. Осыдан Ғұн деген жұрт түркі ме, монғол ма деген күрделі мәселе туады.
Академик Б. Ринченнің туған күйеу баласы Gyorgy Kara деген атақты монғолтанушы ғалым былай жазады: «Ғұндарды түркітанушы достарым түркі десе, монғолтанушылар монғол дейді. Өкінішке қарай, бізде Ғұндардың тілі жайында дерек атаулы жоққа тән». Расында, қазіргі түркітанушылар үшін де Ғұнның шанью хандарының аты-жөндерінен өзге олардың тілдерін айшықтайтын деректің жоғы басы ашық әңгіме. Шаньюлердің аттарының өзі көне қытай жазуымен таңбаланғанын және оны оқудың қаптаған нұсқалары болатынын ескерсек, проблеманың ауыр екендігін бажайлай беруге болады. Кезінде Ринчен-ғуайдың Ғұндарды Орта және Орталық Азияны қамтыған түркі-монғол аймақ-тайпаларын біріктірген ұлы империя болғандығы жайындағы ғылыми тұжырымы қазіргі Батыс ғалымдарының пайымымен үндесетіндігі назар аудартады.
Сайып келгенде, түркі-монғол тілінің түбірі бір деп таныған академик Ринченнің ғылыми дәйектемесі мен Ramstedt-тің теориясы өміршеңдігін көрсетіп келеді. Жылдар бойы тарихи қарым-қатынастары үзілмегендіктен өзара ықпал еткен тұстарының да болуы заңдылық. Жалпы, бір тамырдан нәр алып, екі салаға бөлініп, қатар дамыған халықтарды бірі екіншісінен тараған етіп көрсетудің де маңызы жоқ екендігін атап айтқан жөн.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!