ҚИЛЫ ЗАМАН НЕМЕСЕ ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫ…

  • 02.03.2020
  • 386 рет оқылды
  • 2

Сабыр Сеңкібаев,
педагогика ғылымдарының
кандидаты, профессор

«…Жақсы ма, жаман ба, әділетті ме, әділетсіз бе – әр елдің меншікті тарихы бар. Сондықтан, оның жақсысын асырып, жаманын жасыру немесе түрлі косметикалық бояудан өткізуге тырысу– адамзат қоғамы алдында кешірімсіз күнә. Өйткені, ұрпақ өз ата тарихын өзге елдердің даму, шарықтау, құлдилау кезеңдерімен немесе оған себеп болған сан қилы оқиғалармен салыстыра отырып, ертеңгі бағытын түзеуге мүмкіндік алады…».

Шыңғыс Айтматов

…«Мен ол кезде идеологиялық майданда «солақай» аталатын адамның бірі болдым. Өзім қаналушы таптың семьясында туып, Октябрь революциясына дейін қаналған жайда өскен адам «қанаушы»тап дегенде, «қанаушы таптан шықты» деген адамға өш болатынмын».

Сәбит Мұқанов

Тегінде, жаратушы адам баласын дүниеге әкелгенде, әрқайсысының пешенесіне өз тағдырын белгілеп, жазып қоятын сияқты… Әйтпеген жағдайда, шыр етіп жарық дүниеге келген жан баласының тағдыры кейіннен әр түрлі жағдайда дамып, бірі бай, бірі кедей, енді бірі бақытты ғұмыр кешіп, әлде бірі бейнеттен көз ашпай, өмірдің рахатын көрмей көз жұмады. Маңдайына жазылған тағдыр ма дейсің… Дегенмен де, өмірге келген сол тұлғалар өз жолын өздері таңдап, күн кешеді. Баз біреуі күрес, енді бірі тиышта, рахат жолды таңдайды. Ия, өмір жолы қат-қабат белестер мен соқпақтардан тұрады.
Тағдыр қазақ халқының басына не бір қиындықтар мен соқпақты жолдарды силадыда ғой… Кімдер қазақты жойғысы келмеді, кімдер құл қылғысы келмеді… Талай қайғы мен қасіретті басынан кешіре отырып, күлден тұтанып, қайтадан от боп жанып отырды. Әріге бармай, бергі, XIX-XX ғғ, яғни, екі ғасыр тоғысындағы Ресейде болған аумалы-төкпелі дәуір мен саяси оқиғалар, қазақ ұлтының арасынан өз саяси қайраткерлерін де шығарды. Бұл зиялылар өздерінің бар ғұмырын өз елі мен халқының бақытына арнап, сол жолда құрбан болды.
Патшалық Ресей отаршылдары табиғи байлықты иемденіп қана қоймай, қазақтарды рухани жағынан да отарлады, оларды тілінен, дінінен, ділінен біртіндеп айыру саясатын жүзеге асыра бастады. Патша өкіметінің сол кездегі геосаясаты түбегейлі түрде қазақ жерін өзіне қаратып, шығысқа жол ашу еді. Өздерінің саясаттарымен келіспеген қазақтарды түрмеге қамап, жер аударды. Заңсыздық пен дөрекілік қанат жайды.Ұлтты бір-біріне айдап салу, қарсы қою, реті келсе жанжалдастырып отыруды басты құралына айналдырған болатын. Қазақстанда жүргізген әкімшілік-әміршілдік саясат, қазақты бар малынан айырып, 1931-1933 жылдар аралығын қамтыған сұмдық ашаршылықтың салдарынан, кейбір деректер бойынша 1,8 млн. адам ашаршылықтан қаза болған. 1937 жылғы зұлмaт – сталиндік әкімшілдік-әміршілдік жүйенің халыққа қарсы «ұлы тeрроры» ең алдымен зиялы қауымға қарсы бағытталған. Орыс тарихшысы, ғалым Д.А.Волкогоновтың пікірінше, тек қана 1937-1938 жылдарда, яғни, екі жылда ССРО бойынша 4,5-5,5 млн.адам қуғынға ұшырап, оның 950 мыңы атылған. Қалған бөлігі Сібірге жер аударылып, көпшілігі сол жақта қаза болған. Осы жылдары Қазақстаннан 850 мың адам қуғын-сүргүннің құрбаны болды. Оның 25-мыңға жуығы жазықсыз жапа шегіп, атылған. Бұл тарихи трагедия туралы қазақ зерттеушілері біршама жазып келеді. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдардағы асыра сілтеу саясатына қазақ зиялылары, «Алаш» партиясының көрнекті қайраткерлерінің бәрі қарсы болды. Кейбіреулері өздерінің қарсылық пікірлерін ашық білдірсе, екіншілері іштен тынды, сарыуайымға салынды, үшіншілері шет елге эмиграцияға кетіп, большевиктердің солақай саясатын баспасөз арқылы айыптаумен айналысты. 1936-1937жж. шыққан сол кездегі «Социалистік Қазақстан» «Казахстанская правда», т.б. газеттерде, өздерін партияның жандайшаптары ретінде білетін жылпоздар, бір-бірімен жарыса, қазақ ұлты үшін бастарын бәйгеге тіккен «Алаш» қайраткерлерін әшкерелеп жазған ашық хаттары мен мақалаларына толы. Солардың арасында «қазақ кеңес әдебиетінің не бір қайраткерлері мен «генералдары» атанғандары бар. Зиялы қауым азаматтарын «байшыл, ұлтшыл, жаулар» – деп сынап, өздерін кедей, кепшік, «кеңес үкіметінің шын жаны ашырлары» ретінде көрсете отырып, сол азаматтардың көздерін құртуға шақырды. Өкінішке орай, көп жағдайларда олардың айтқандары іске асып отырды. Соның кесірінен ұлттың бетке ұстар ұлылары жапа шекті. Жазықсыз жапа шегіп, қиянаттан қаза болғандардың бірі, пайғамбар ақын, қазақ ғылыми педагогикасының іргетасын қаласып, оны қалыптастыруға қомақты үлес қосқан Мағжан Жұмабаев болатын.
Жалпы, Мағжан туралы бұл күндері ғылыми айналымда біршама дүниелер баршылық. Оның саяси, ағартушылық, ұстаздық жолы жақсы зерттелгенін білеміз. Сондықтан да, Мағжанның өмір жолын қайталап, айтып жатудың қажеті де бола қоймас. Жаңа, тың тақырыптар болса, әрине ол өз алдына бөлек әңгіме болса керек. Осы тұрғыда бір айта кететін мәселе, ол Мағжанның сол замандағы айналасы, яғни, жақын араласқан адамдары және олардың Мағжанға әсері. Мағжанның бірден бір жақын араласқан адамдарының бірі, әрі оппоненты Сәбит Мұқанов болатын. Сәбит пен Мағжан арасындағы күні бүгінге созылған алып қашпа әңгімелер, ел арасында әлі де баршылық. Қуаныштысы сол, С. Мұқанов бұл туралы жіпке тізгендей етіп, артына бұлжымайтын деректер негізінде өзінің жазбаларында анық жазып кеткен. Әсіресе, оның мемуарлық еңбегі «Өмір мектебі» құнды болып келеді. Біз де көп жағдайда Сәбеңнің осы еңбегіне жүгіндік. Айта кетсек, аға буынның бұл мемуарды оқымағандары жоқ шығар. Олар қазақ әдебиетінің негізінде тәрбиеленіп, өсті, оның құндылықтарымен жетілді. Сондықтан да, мұндағы деректер аға буын оқырмандарға таныс. Өкініштісі, егемендік алғаннан кейінгі жас буын да бұл кітап түгіл, «Абай жолы» эпопеясының авторын да, өзін де оқып көрмегендер қаншама… Міне, көбіне-көп осы буынға анықтамалар керек. Сондықтан да, осы тақырыпты сөз қылып отырмыз. Сонымен, Мағжан мен Сәбиттің қысқаша болса да, арақатынасын сөз етсек.
Бұл екеуінің алғашқы кездесуі, 1918 жылдың қысында Омбыда болды. Елден оқу іздеп шыққан С. Мұқанов апталап жүріп, Қызылжар қаласына жетіп, одан әрі қазақ тілінде екі жылдық мұғалімдер курсы ашылғанын естіп Омбыға келеді. Ал, Мағжан бұл уақытта Омбының мұғалімдер семинариясын үздік бағамен бітіріп, қоғамдық-саяси жұмыстарға да атсалысып, ұстаздық қызметке де кіріскен болатын. Сәбит Омбыдағы кезеңін, оның ішінде Мағжанмен танысуын, онымен қарым-қатынасын жоғарыда айтылған, өзінің мемуарлық «Өмір мектебінде» толық жазған. Кейбір дәлелдерді екеуіне байланысты, осы кітаптан аламыз. Мәселен, ол былай жазады:
«…Ертеңіне Қази мені фаэтон арбасына мінгізіп курс өтетін үйге алып барды. Курстың бастығы белгілі байшыл-ұлтшыл, кейін революцияға қарсы болған ақын, Мағжан Жұмабаев боп шықты. Оның 1913 жылы шыққан «Шолпан» өлеңдер жинағын, «Абай» журналына, «Сарыарқа», «Жас азамат» басылымдарына шыққан бірнеше өлеңдерін оқығам… Енді, көрсем: үлкендеу қой көзді, дөңгелектеу жүзді, қыр мұрынды, бұйра қара шәшті жігіт екен, сақал, мұртын қырады екен». Мағжан Сәбитке сол жолы қол ұшын береді. Ол Сәбитті өзі тұрып жатқан Ғазизбай деген кісінің үйіне орналастырады. …Мағжан Сәбиттің айтуы бойынша курсанттарға, қазақ тілі, педагогика, тарих, дін сабақтарынан берген. «Соңғы сабақ намаз шарттарын үйренгеннен кейін, класта Мағжанға ұйып намаз оқумен аяқталып жүрді»… «Тарихтан оның оқытатыны – ескі дәуір. Кейін Сәбит Мағжанның дәрістерін көшіріп, қазақшалағанын жазатын болған (С. Мұқанов, «Өмір мектебі»,10-том, 2-ші кітап; Алматы-1976ж).
Айта кететін жәйт, көптеген зерт-теушілер Мағжанға, тек ақындық пен саяси жұмыстарды ғана телиді. Мағжан ағартушы, педагог болған десең, сені бір есалаң ретінде көреді. Міне, Сәбит келтірген осы деректер әлгіндей зерттеушілерге нақты жауап қой деп білеміз. Осы бір қиын кезеңде, Мағжан Сәбитке қолынан келген жақсылықтарын істеп бақты. Мәселен, тұратын үй, киім кешек, ақшалай көмегі бір бөлек, сондай-ақ, Сәбиттің рухани жағынан да өсіп, жетілуіне көп жағдай жасағаны белгілі. Біздің бұлай тәптіштеп жазып отырғанымыз, біріншіден, тарихи деректерді қаз-қалпында беру, екіншіден, қазіргі жаңарған, егемендік еліміздің өзінде, ескі пиғыл мен көзқарастың құрсауында қалған кейбір «ғалымсымақтар», сол жылдардың шынайы бет-пердесін ашып, жазықсыз жапа шеккендерді кеш болса да арашалап, тарихи бағасын беруде қарсы шырылдап, кеңестік жүйенің жандайшаптарын өздерінің шала-шарпы білімдерімен қорғаштайтындарға дерек ретінде пайдалануымызға тура келеді. Жасы жеткен ондай кәрілерге, өкпе де жоқ. Өйткені, олар тереңнен, бүгінгі күн тұрғысынан ойлай да алмас, сол баяғы түсініктерімен қалып қойып, мүмкін өрелері де жетпес. Ал, ел бостандығы мен бақыты үшін жандарын пида еткен, асылдарымыздың аруақтары үшін де, болашақ ұрпақ үшін де, әділ бағаны беру бүгінгінің парызы болмақ. Осы кезекте, алып тұлға, «адамзаттың Айтматовы» атанған Ш. Айтматовтың сөзін эпиграф ретінде әдейі келтірдік. Оқырман ой жүгіртер… Сондықтан да, болашақ үшін, ел өмірінде үлкен орын алатын ірі тұлғалардың өмірі мен өнерінің күнгейі мен көлеңкесін салыстыра отырып, бүгінгі ұрпақ көзімен, қазіргі заман тұрғысынан баға беру, бір тоқтамға келу біздің үлкен парызымыз деп түсіну керек. Әрі, шынайылық, мектеп, ЖОО-ның оқытушыларымен оқушы-жастарға да керек нәрсе.
Сонымен, Мағжан мен Сәбит ара- қатынасына келер болсақ, дәл осы 1918 жылы екеуінің арасы суықтап, алшақтай береді. Бұл суықтық кейіннен біреуінің екіншісіне жаулық әсеріне әкеледі. Оны да Сәбит Мұқанов өзінің мемуарында дәлме- дәл суреттейді.
«…Қырсық Мағжанның маған көзқарасының бұзылуынан басталды…Менің жазып жүрген өлеңдерімді оқыған Мағжан, маған бірер сын айтты»… Бұл арада айта кететін бір мәселе, Мағжанның Сәбитке айтқан ақыл, кеңестері. Оны теріс ұққан Сәбит Мағжанға теріс көзқарасын білдіріп, кек тұтады. Мағжан ақыл, кеңесін Сәбитке айта келе: «Жаным ашып айтам: біріншіден – бұл өлеңдеріңді менен басқа ешкімге көрсетпе! Көрген біреу-міреу өкіметтің құлағына шалдырды бар ғой, – мүрдем кетесің, көзің абақтыда жылтырайды, ешкімнің көзіне түспеу үшін, бұл өлеңдеріңді жағып жібер!.. Одан да, басқа тақырыпта өлең жаз» – деп ақылын береді. Мәселен, «махаббат туралы, табиғат, сұлулықты жырлап» – дегендей. «…Біздің қазақ халқы революциядан бұрын қорлықта келген еді. Революциядан кейін қазақ бостандық алып, өзіне тәуелді «алашорда» атты отау тікті. Әзірге ол отаудың алдында малы, үйінде жасауы жоғы рас. Бірақ, оған «Алаш» айыпты емес, заман айыпты». «…– Бірақ, бұл заман, бұлай түнеріп тұра бермейді, – бүгін болмағанмен, ертең түзеледі. Алаштың тілегі сонда қабылданады, сонда ғана ол, өз қотырын өзі қаситын ел болады…» «…Одан әрі Мағжан «Алаш» автономиясының өркендеуі туралы әлдене бір қиялдарын айтып кетті…» – деп жазады Сәбит сол әңгімесі туралы осы кітабында. (қараңыз) «… Бұл сөздердің біреуіне де мен қосылмай, тек үнсіз тыңдадым…» – деп түйіндейді Сәбит. «…Алашоарданы мен қалай мақтаймын, …ішімнен: «оттай бер, мақтасаң өзің мақтай бер…» – деп түйдім дейді Сәбит (С.Мұқанов, «Өмір мектебі»,10-том, 2-ші кітап; Алматы-1976 ж;-94-95 бет).
Қазақ зиялылары елді «апаттан қалай аман алып қаламыз, қалай егемендікке қол жеткіземіз» деген ойменен, ақтармен де, қызылдармен де, Колчакпен де әртүрлі ымыраларға барғандарын білеміз. Осыған байланысты өзінің бір топ өлеңдерін Мағжан Сәбитке оқытады. «Жауынгер жыры» деген тағы бір өлеңін Сәбитке оқытқызып пікір сұрайды. Сәбит ол туралы былай деп жазады: «…Екеуміз осы тақырыпта айтысып қалдық… Колчакты ол мақтады, мен жамандадым, …«алашорданың» сорлылығын айттым, Колчактың Советке қарсы күреске шақырғанын сынадым…». Осыдан кейін екеуінің арасының суый бастағанын Сәбит тәптіштеп жазады. Өкініштісі, Сәбит Мағжанның бұл айтқандарына құлақ аспай, керісінше оған өшпенділік танытуы. Кім біледі, Сәбиттің саяси сауаты кем дегенде Мағжанның дегейінде болғанда, бұл екеуінің жолы басқаша боларма еді – деп те ойлайсың. Бірақ, тағдыр, бұл екеуін екі жолға бұрып жіберді. Осы орайда, Сәбит Мұқанов өмірі мен шығармашылығын ежелден зерттеп, тарихи деректер негізінде әділ бағасын бере білген ғалым Тұрсынбек Кәкішевтың: «Тілейік, тілемейік, қазақ тарихында 70 жылға созылған Кеңес заманы, социалистік дәуір болды. Оның жақсылығынан да, жаманшылығынан да қашып құтыла алмайсыз, сондықтан да, оны орнатқан, өркендеткен, жеделдеткен күштер мен тұлғаларды тарихтан шығарып тастай алмаймыз. Бұл – бір. Екінші, Кеңес қоғамы жаңа орнап жатқан кезде, төңкерісшіл әдебиеттің туын көтеруші Сәкен Сейфуллинге сенімді серік болған, жаңа заманды қабылдамаған ақын-жазушылардың әдебиет әлеміндегі ықпалымен бел шешіп күрескен идеялық позициясы мықты да тұрақты жазушы екеу болса, бірі С.Мұқанов болды… Оның төңкерісшіл ұранмен артық-кем сілтегені де аз емес. Ол мінезінен өле-өлгенше арыла алмай кетті. 20 – жылдардағы толассыз айтыстар, 30-жылдардағы жалған жалалар, Сәбиттің идеялық позициясын мұқалтып, негізгі принциптерден аулақтата алған жоқ (Тұрсынбек Кәкішев: «Сәкен-Мағжан» эссе, Алматы; – 1999 жж.). Мағжанның да, басқа да қазақ зиялыларының басты ойы, арманы осы Сәбит сияқты мыңдаған қазақ жастарын, халықты бақытты ету еді… Оны, өкінішке орай, Сәбит те, басқа да қазақ жастары түсіне алмады. Мағжан мен Сәбит сол кездегі қарама-қарсы екі таптың өкілдері еді. Мағжан, «үстем таптың», ал, Сәбит өзі айтқандай «қаналушы» таптың өкілінен еді… Сондықтан да, екеуінің жарасып, дос болуы екі талай болатын. Мағжан жастайынан оқу, білімге құштар болып, ауқатты әкенің арқасында сол кездегі жоғарғы ортаның алатын білімін «Еуропалық» деңгейінде болды. Ал, Сәбит жалшылық күнін көріп, қарынның тойғанына шүкіршілік етті. Осы арада, «лже патриоттар» не Мағжанның, не Сәбиттің өмірлерін, шығармашылығын оқымай фәлсапа соғатындарына қайран қаласың. Ғұлама Ш. Айтматов осы туралы қалай дәл айтқанына қайран қаласың…
Сөз арқауы болып отырған Мағжан мен Сәбит 1920 жылы маусым айында Қызылжарда екінші рет тағы кездеседі. Омбыдағы мұғалімдер курсы өз жұмысын тоқтатқан соң, С.Мұқанов ауылына қайтады. Сол жақта жүргенде, Қызылжарда қазақ мектебіне мұғалімдерді тездетіп дайындайтын 2-айлық курс ашылатынын естіп, Сәбит оқуын жалғастыру үшін Петропавлға келеді. Ол туралы да С.Мұқанов мақаламызға негіз болып отырған өзінің «Өмір мектебінде» дәйекті деректер келтіре отырып жазады. Сол уақыттағы саяси жағдайларға тікелей араласып жүрген Мағжан, өзінің ертеден көтеріп жүрген мәселесі оқу-ағарту жұмысымен айналысқанын мұрағат құжаттары да қуаттайды. 1920 жылы Петропавл қаласында қазақ мұғалімдерінің Омбы губерниялық курсы ашылғанда, өз қолымен толтырылған анкетадан «негізгі мамандығым «киргизская словесность» – дегеніне қарамай, педагогикадан, қазақ тілі мен ұлт тарихынан лекциялар оқып келгенін жазыпты. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қызыл мұғалімдердің 4-айлық курсы Қызылжарда ашылып, онда Мағжан Жұмабаев курс жетекшісі болып тағайындалған. Қызылжардағы курс директоры болған (1920 ж.) кезінде Мағжан, тыңдаушыларға «Педагогика», «Киргизская словесность» және «Национальная история» пәндерінен дәріс оқыған. Курсқа сол кездегі Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Атбасар өлкелерінен 300-ден астам мұғалімдер келеді. Мұғалімдердің 2-айлық курсы қазіргі Петропавл облыстық телестудиясының маңында орналасқан, патша Романовтардың билік құрғанына 300-жылдығына орай, 1913 жылы салынған, халық арасында «Дом Романовых» деп аталып кеткен үйде ашылған. Бұл туралы аталмыш еңбегінде Сәбит былай деп жазады: «…курс 1920 жылы, маусым айында басталды. Біздің курсқа педагогика мен қазақ тілі сабағынан өзімізге мәлім, байшыл-ұлтшыл ақын Мағжан Жұмабаев беретін болды. Советтік органдардан жасырынып жүрген оны, ояздық мекемелерге орналасқан алашордашы достары шақыртып алыпты…» (С.Мұқанов, «Өмір мектебі», 10-том, 2-ші кітап; Алматы-1976 ж; -258- бет). Мұндайға жол бермеуге тырысқан С. Мұқанов, Баймағамбет Ізтөлин бастаған топ сол кездегі Петропавл Укомына барып, Мағжан сияқты, байшыл-ұлтшыл, Совет өкіметіне қарсы өлеңдер жазып, Колчакқа қызмет еткен алашордашыдан сабақ ала алмайтындарын айтады. Уком басшылығы, «қазақ тілінде басқа сабақ беретін оқытушылардың жоқ» екендігін айтып, келушілерге өз ақыл-кеңестерін береді. Сол кеңестердің ішінде, Мағжанның әр басқан қадамын аңдып, Советке қарсы пікіріне жол бермеуді айтады. (Сонда, -258-бет). Бұл деректі, академик-жазушы Шерияздан Елеукенов те растай түседі. «Қызылжарда 1920 жылының жазында мұғалімдердің советтік курсы ұйымдастырылды. Оған әдебиет пен педагогика курсынан сабақ беруге Мағжан Жұмабаев шақырылды». – деп жазған (Ш. Елеукенов;-Мағжан-монография;-Алматы.-1989ж.). Осы арада айта кететін бір жәйт, күні бүгінге дейін, Солтүстік Қазақстан облыстық мұғалімдер білімін арттыру институтының ашылу тарихы 1935-ші жылдар деп аталып келеді. Алайда, архив құжаттары мен ғалым-жазушылардың зерттеулері мен С. Мұқановтың сөздеріне қарасақ, білім жетілдіру институтының тарихы бұдан ертерек, яғни, 1920-шы жылдың маусымына келеді. Және облыстық мұғалімдер институтын алғаш ұйымдастырушы, әрі алғашқы директоры Мағжан Жұмабаев екенін білеміз. Дегенмен, бұл деректі де нақтылай түсу керек. Таптық тұрғыдан Мағжанға сенімсіздігін тоқтатпаған Сәбит оған деген қарсылығын да тоқтатпайды. Ақыры бұл қарсылық Мағжанның ұстаздық жолынан кетуімен аяқталады. Мұны да С. Мұқановтың өз дерегінен көрейік: «…Курстың қасындағы партия ячейкасы Жұмабаевты бұдан әрі оқытушылық қызметте қалдыруға мүмкін еместігін дәлелдеп, Петропавл Ояздық партия комитеті қолдап, Жұмабаевты оқытушылықтан босатады… Жұмабаевтың байшылдық сырын символикалық түрде әшкерелеп мақала да жаздым…» (С.М. «Өмір мектебі»-264-бет). Бұл деректі Ш.Елеукенов та растайды: «Бірақ, көп ұзамай «Ертегі» поэмасын оқығаны үшін Кенесары мен Сыздықты дәріптедің деп, Мағжанды оқытушылықтан босатады» (Ш. Елеукенов; сонда). Ия, тағдыр, біреуге былай, біреуге олай… Тамаша таланттарды таластырып, бір ұлтты бір-біріне жау етіп қойған заман-ай…
Дегенмен де, Сәбит пен Мағжанның түйісу жолдары мұнымен бітпейді. Біз Сәбиттің «Өмір мектебінде»» келтірген өзінің деректерімен өзін айыптаудан аулақпыз. Бүгінге дейін сол заманды көрген, білген қазір ешкім жоқ. Ендеше, сол заманның сұрапыл оқиғасын көзімен көрген де, қолымен ұстаған да, көргенін қаз-қалпында тарихи дерек түрінде болашақ ұрпаққа аманат етіп кеткен заңғар жазушының дерегі негізінде оқып, біліп, шындықтың бетін ашу ғана. Айта кететін бір мәселе, сенсеңіз де, сенбесеңіз де күні бүгінге дейін Мағжанның өзі түгіл, атын білмейтін ұлт азаматтары қаншама? Мен оны өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім. «Масқара» деп айтайын десем, ойланып қалам?! Олар кінәліме, соған деп? Сәбиттің сол мемуарының беттерін ашып, тағы да бір жазушының Мағжан туралы жазғандарын оқушыға «қараңыз» дер едім. Мәселен, «Қара тақтаға жазылғандар» бөлімінде, С.Мұқанов қазақ әдебиеті туралы айта келіп, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және М.Жұмабаевтың әдеби-саяси шығармашылығына тоқтап, оларды «байшыл-ұлтшыл, кеңес үкіметінің қас жауы ретінде сөз қозғайды. «…Мағжан Жұмабаев, революцияға қарсы алашордашыл әдебиеттің туын қолына алды… Біз, халық алдында Мағжанның және өзге алашордашылардың халыққа жау екендігін әшкерелеуге тура келді. Осы мақсатпен біз 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдебиеттік сот жасадық. Жұмабаевтың, Совет өкіметіне (С.М), қарсылығы халық дұшпаны екендігін дәлелдеп, сөйлеушілер көп болды.» (Сонда, 512-бет). (Осы арада, Сәбит Мұқановқа оның өмірде бар болып, осынау тарихи тамаша деректерді артына тастап кеткені үшін сансыз алғыс айтам. Себебі, бұл Мағжанды зерттеушілер үшін таптырмайтын құнды дерек!). Сол сотта жиналыс Мағжанға байланысты 3-тармақтан тұратын қаулы қабылдайды. Мағжанды зерттеушілерге керек болар деген оймен беріп отырмын:
1. Жұмабаев қазақ халқының, сонымен қатар, қазақ халқына қамқор боп отырған Совет өкіметінің қас жауы деп танылсын.
2. Оның барлық шығармалары оқытудан алыну, өкіметтен сұралсын.
3. Бұдан былай советтік баспасөздің бетінен Жұмабаевтың шығармаларына орын берілмесін. (С.Мұқанов, «Өмір мектебі», 10-том, 2-ші кітап; Алматы-1976 ж;-512бет бет). Соттың үкімі сол күннен күшіне енеді де, Мағжанның шығармалары цензураға тап болады. Мемуарында бұл туралы Сәбит тағы да былай деп жазады: «…аз уақытта Мағжан және оның әріптестері халық жауы боп әшкереленді. Баспасөзден Мағжанға да, оның серіктеріне де орын берілмеді. Олардың аты мәңгілік қара тақтаға жазылды (С. Мұқанов, сонда). Таптырмас тарихи деректер үшін Сәбит ағамызға тағы бір рахмет.
Мағжан туралы білетініміз де, білмей-тініміз де әлі баршылық. Ол туралы, оның ақталғаннан бері ғылыми айналымда 10-мыңдай басылым бар болса да, аздық ететіндей. Бәрін, былай қойып, оның терең зеттеушісі Х.Абдуллиннің «Мұстафа-Мағжан: Тұран даласының даналары» – деген еңбегі мен үшін проблемалық болып отыр. Онда зерттеуші Мағжанға байланысты тың деректер айтады. Ол басқа әңгіме.
Десек те, Мағжанның поэзиясына тереңнен үңілу, әсіресе, 20-30 жылдары кең етек алды. Бұл кезде С.Мұқанов та елге танымал, партия ісіне терең араласып, саясат мінбесінен көрініп жүрген тұлға болатын. ХХ ғасырдың 20-жылдары кеңестер үкіметі түрік мәселесіне тосқауылдар қоя отырып, бұрынғы саясатына қарсы саясат жүргізе бастады. Кезінде С.Мұқанов Мағжанның «Түрікшілдігі» жөнінде былай деген болатын: «Мағжан шынында түрікшіл емес, оған оның өз мақсаты болды. Біз жоғарыда Мағжан қазақтың ескі күнін көксегенде, баяғы хан дәуірін қайта орнатпақ емес, қазіргі қазақтың көзіне ескі, еркін өмірін елестетіп, басын көтертпек. Басын көтертіп алғаннан кейін, бөлек республика құрмақ дедік. Мағжан «түрік» – деген сөзді белгілі мақсат үшін ғана керек қылды. Түріктің ерлігін айта кеп, қазақты отаршыл үкіметке қарсы қайрап салғысы келді» – деп жазады.Мағжан бір жағы шарасыздықтан, бір жағы қажып, шаршағандықтан да болар, жаңа үкімет жағына шығып, еңбек етпекші де болды. Оған оның сол кездері шығарған бір топ өлеңдері куә. Сондай ауыр күндердің бірінде ақын «Сәлем хат», «Мен 90-мен біргемін» – деген өлеңдерін жазады:
Қайтуым хақ, белді буып тас қылып,
Кет деме,елім, енді мені басқа ұрып.
Дейтін болсаң қой жырыңды,жырауым,
Қобызымды қиратармын тасқа ұрып.
Бұған жауап ретінде, С.Мұқанов: «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына», «Сәлемге сәлем» – деп жауап жазады. Сәбиттен қалмай Ә.Тәжібаев:
Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,
Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім.
Кезбеймін есуас боп ен даланы,
Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім
Көр де аулақ, өз басымнан өлім де аулақ,
Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін» – деп жағымпаздықтың төркінін көрсетеді.
Сонымен қатар, С.Мұқанов: «Көркем әдебиеттегі байшылдық-ұлтшылдық әшкерелеу жұмысы қазақ әдебиетінің даму тарихында, 1927-28-ші жылдары ерекше қарқынмен жүрді. Мен осы қызу тартыстың қақ ортасында жүргендердің бірі болдым. Байшыл-ұлтшылдар пікірлерін бүркеншікті түрде өткіземіз деп тырысқанымен, совет әдебиетінің бағытындағылар олардың бет пердесін тез сыпырдыда, кім екендері халық алдында айқын көрінген ұлтшылдар саяси ажалы жақындағанын сезіп, бір жүйелері, Жұмабаев секілділер: «Сонау оннан мен аулақ, мен тоқсанмен біргемін» – деп бұрынғы таптық бетінен жалтаруға тырысты» – деп жазған болатын (С.Мұқанов). Әлбетте, Мағжанды да, қазақ халқының бетке ұстар ұлыларын өлтіргенде, өлтірткен де сол кездегі қатыгез, қызыл империя, кеңестік-фашистік жүйе екендігінде дау жоқ. Осы орайда, Ғ.Мүсіреповтың « Қазақтың жауы, қазақ» деген сөзі еріксіз ескеде түседі. Тарих болашақта оған өз бағасын берері сөзсіз. Осы орайда, айта кететін бір мәселе, С.Мұқанов Мағжанның ақындық талантын терең бағалағандардың бірі және қилы заманның өзінде әділ сөз айтқан бірден-бір адам. Ол туралы өзі де: «Мен Мағжанның ақындығын жоғары бағалаймын, біздің бірде біріміз Мағжандай жыр жаза алмайтынымыз анық. Қазақ әдебиетінде, Мағжандай терең өлең жазатын адам бар деп айта алмаймын. Мағжан мәдениеті зор ақын. Мен Мағжанға тек таптық тұрғыдан ғана қарсы болдым…» – деп ағынан жарылғандығын да білеміз. Өзінің поэзиялық мұра, жиырмаға жуық роман, қазақтың қос жұлдызы Абай мен Шоқан жайында екі ірі ғылыми монография, әлденеше драмалық туынды, халық фольклоры, рухани, материалдық құндылықтары, әргі-бергі тарихы жайында құнды-құнды зерттеулер берген Сәбит Мұқанов ерен еңбекқорлығымен замандастарын да, кейінгі ұрпақты да тәнті қылып келеді. Бұл орайда:
Жан сырым, халқым, маған сенсең егер,
Борышым шашымнан көп саған берер,
Жаныма шор түсер деп, аямай сал,
Мен сенің өгізіңмін өрге жегер, – деген жолдар жазушының бар ғұмырының, тынымсыз тірлігінің басты мақсатын жайып салып тұрғандай. Сәбит Мұқановтың адамгершілік тұлғасын, шежірелік қасиетін, өміріндегі қайшылықты кезеңдерді тілге тиек етіп, көптеген тарихи нақты деректер келтіріп, біраз сырдың бетін ашуға әлі де болары анық Зерттеуші, ғалым Т.Кәкішев: «Идеялық айтыс-тартысқа келгенде шамадан тыс белсенділік көрсетіп, серке болуға ұмтылушылығы артық-кем сілтетпей қоймады. Уақыт ұсынған негізгі идеялардан Сәбиттің бар бақыты мен қуанышы, қателігі мен кемшілігі туындап жатты. Жаңа заман орнату романтикасы, билікті қолға алып, ұлы мақсатқа ұмтылу пролеткульшылардың шапағатымен көп нәрсені кеуделеп, омыраулап жасатты. Оның үстіне, мәдени-әдеби саладағы сабақтастықты дәйекті түсіну жағы да жетіспей жатты. Таптық негізде оянған сана-сезімі асыра сілтеуге себепкер болды», – дейді. Мінекей, жазушы, күрескер, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов жайындағы шындық осындай еді. Бүгінгі күн төрінен сын айтып, кінәләу оңай. Сұрапыл 1937-38 жылдар уақытынан алғанда басқаша. Рас, Сәбеңнің өзі айтқандай: «қанаушы» тап дегенде, «қанаушы таптан шықты» деген адамға өш болатынмын» – сол заман үшін шынайы шындық осы болатын. Бірақ та, С.Мұқанов ешқашан да қазақтың талантты ақын-жазушыларының социалистік бағыттағы, сол заман ағымына сай жазылған дүниелеріне қарсы шықпаған. Керісінше оларға жағдай жасап, қорғаштап отырған, еңбектерін бағалап отырған. Оған дәлел, М.Жұмабаевқа жасаған қамқорлығы. Мағжан істі болып, қиындық жағдайда жүргенінде, Сәбит Мұқановқа хат жазып, одан көмек сұрағанда, Сәбең С.Сейфуллинмен бірге, ештеңеден қорықпай, Мағжанды Алматыға шақырып, үйіне апарып, қонақ қылып, сол кездегі ел басшысы Мирзоянға апарып, жұмыс тауып беруі, бұл сол заман үшін екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс еді. Сол үшін де ол партиялық билетінен айырылып, біраз қуғын көргенін тарихтан білеміз. Бұл туралы Сәбеңнің өзі: «Мен, Мағжанның әдебиеттегі өнерін жоғары бағалаймын. Оған мен, тек таптық тұрғыдан ғана қарсы болдым. Әйтпеген күнде, Мағжандай жазатын менің өзім де, бақалар да ол кезде жоқ болатын. Мағжан өресі биік, талғампаз мәденетті ақын болатын…» – деуі Сәбиттің шыншылдығын көрсетсе керек. Қазақ кеңес әдебиетінің асқар тауы болған, Сәбит Мұқанов әлі де ұлт оқырмандары үшін заңғар жазушы болып қала бермек. М.Жұмабаев – ұлттың ұлы ақыны, ағартушы, ұстазы болып қазақ халқының біртуар ұлы болды, болып қалады да. Жалпы, тарих тұңғиығында сыры ашылмай жатқан дүниелер әлі де көп. Оның тұңғиығына жету әзірше қиын. Ол болашақтың ісі болар. Дей тұрғанмен Ғ.Мүсірпепов тегінде әншейін айтпаған болар: «Қазақтың жауы – қазақ» деп… Олай болса, бір ұлтты бір-біріне қас қылып, қарсы қойған қызыл империяның қылмысты істері әлі де болса толық бағаланған жоқ. Қанша жазықсыз адамдардың қанын төкті, қайғы мен қасіретке бөледі. Соларды сол ұлттың қолымен жасағаны өкінішті. Енді, өз қолыңды өзің кесесің бе? Қаза берсең, екінің бірі «халық жауы» болса, екінің бірін бүгінгі күн тұрғысынан «нағыз халық жауы осылар» деу керек. Сонда кешегі С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Мұратбаев, Н.Төреқұлов, М.Қаратаев, Қ.Аманжолов, Ғаббасов, т.т. не істеу керек? Әрине, бағаларын беру керек дер едім. Өйткені, сондай уақиғаның қайталанбасына кім кепіл? Бәріне уақыт төреші дейміз бе?
Біздің алға қойған мақсат – бір алыпты қаралап, екіншісін асыра сілтеу емес. Көпшіліктің қыңқу сөздерінен екеуін де қорғай отырып, шамалы уақыт төріндегі аз-кем екеуара көзқарасын нақты фактілер негізінде көрсету болатын. Әттең, қилы заман – әкені балаға, баланы әкеге қарсы жау қылып, тегіс бір ұлтты тамырынан қимақшы болды… Тұлғалар тағдыр тәлкегіне түсті. Айтылғаннан айтылмағандар қаншама… Ертедегі Гректің данышпан, ғұлама философы Сократ: «Менің білетінім – мен түк те білмеймін» деген екен…

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Макала озектi. Коптiн Ойында журген Ойлар. Магжандарды олтiргенде, олтiрткенле Сталин емес сол жагымпаз Сабиттер мен Абдiлдалар… Олар бiздiн, арамызда алiде баршылык. Басшылыкка оленлерiмен романдарымен куйлерiн арнап жазушылар сол кешегi Сабиттермен Абдiлдаларлын кауiптерi бугiндерi жок емес…Солар жогалмай ,казак онбайды.Абай сондайларды ойлап, кайгысынан олдi емеспе…Оянатын кез келседе коптiн козiн алiде шёл басуда…Он казак…

  2. Бүгінгі қазақ қоғамы үшін де аса өзекті болып отырған маңызды мәселелерді көтеріп, тарих сабақтары жайында өткір ойлар айтқаны үшін авторға рахмет айтамын. Тек тарихшылар ғана емес, дәстүрлі қазақ қоғамындағы моральдық, этикалық, азаматтық ұстанымдарды зерттеушілер үшін де құнды мәліметтер алуға болады деп ойлаймын

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!