ҰЛТ ҰЙТҚЫСЫ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ

  • 02.03.2020
  • 1174 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұржамал Сманова,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры

Елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны баршаға аян. Бұл біздің осынау рухани саладағы мақсат-мұратымызды белгілеген стратегиялық мәні бар бағдарлама болды. Өйткені, білім беру мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елімізді әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына шығару мақсатын қойып отырған кезеңде бұл шоғырға ену үшін бәсекеге лайықты да білімді ел болуымыз қажет. Бұл мәселе біздің елдігіміз де, мемлекеттігіміз де ендігі жерде білім мен ғылымымыздың даму деңгейімен анықталатынын байқатады.

Мемлекетіміздің жаңа басшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Жолдауы ел өміріндегі өзекті де өткір мәселелерді көтеруімен ерекшеленіп отыр. Мұнда ол ең алдымен еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды салаларына тоқталып, шикізатқа байланған жағдайдан бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін, «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жанды интеллектіні жаһандық дамудың негізгі факторына айналдыру қажеттігіне мән берді. Мемлекет басшысы өзінің тұңғыш Жолдауында білім саласына да қатысты ой айтты. Ол, әсіресе, жалпы орта және кәсіптік білім беру саласын арттыруға ерекше көңіл аударды. Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық әлі үлкен, ауыл мектептерінде білікті мұғалім мамандар жетіспейді. 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби орта және жоғары оқу орындарына түсе алмаған. Бұл еліміздегі кәсібі жоқтар мен жұмыссыздар қатарын көбейтуде, сөйтіп ондайлар тәртіп бұзуға, бұзақылыққа барады. Сондықтан, оларды кәсіпке баулу жайын сөз етті. Сонымен бірге, ауыл мектебін бітірген түлектерді шетелдерде немесе еліміздің беделді жоғары оқу орындарында оқуға түсуге даярлауды ұсынды. Мектеп оқулықтарының сапасын жақсартуды Білім және ғылым министрлігіне тапсырды.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы білімге, ғылымға қатысты ойларынан оның оқу-ағарту саласына және ұлтымыздың болашағына деген жанашырлығын байқауға болар еді.
Әдетте «Оқу мен тәрбие – егіз дүние» деп жатады. Бұл жай айтылмаған сөз. Олай болса, жастарымыздың білімге деген құштарлығын оятып, өмір бойы білім, ғылыммен айналысуына жол ашамыз десек, тәрбие жұмысын да жетілдіруіміз керек. Өйткені, білім, шын мәнінде, тәрбие арқылы ғана қонымды әрі жұғымды болмақ. Себебі, әрбір жас әуелі өзінің не үшін оқып жүргенін, не үшін білім алатынын білуі керек. Мұндайда әркім өзім өмір сүру үшін оқимын деуі мүмкін. Ал, мұның мәнісі басқада. Әрбір саналы азамат халқыма қызмет істеймін, мемлекетімді алға сүйреймін, елге пайдамды тигіземін деген ізгі оймен оқуы керек. Сананы осылайша қалыптастыру үшін және әрбір жанды ұлтжанды, отаншыл, елшіл, патриот, гуманист етіп қалыптастыру аса қажетті іс. Ұлтыңды сүймей, отаншылмын, патриотпын деме. Әрине, ұлтын сүю үшін де әрбір жас ұлттық игі қасиеттерімізді, ата-баба салт-дәстүрін, туған төл мәдениетімізді, ұлттық ерекшеліктерімізді білуге, ұлттық рухани құндылықтарымызбен терең сусындауы қажет. Мұны Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық еңбегінде қадап айтты.
Бүгінде тәрбие мәселесі өте күрделі жағдайларды бастан кешіріп жатқаны жасырын емес. Әлемдік сананы батыстық идеология мен «еуромәдениет» билеп барады. Іркес-тіркес жағымсыз сюжеттерге құрылған атыс-шабыс, кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, ұятсыздық, имансыздық сияқты жат көріністерге негізделген шетелдік киносериалдар телеарналарымызды жаулап алғаны сонша, жастарымыздың санасын улап, оларды қатігездікке, жатбауырлыққа, тасбауырлыққа, имансыздыққа итермелей түсуде. Батыстық әншілердің жартылай жалаңаш күйде жер тепкілеп, асыр салып, тасыраңдап ән шырқауы бізге де жұғысты болып қалғаны сонша, біздің де сахналарымыз бен телеэкрандарымыз тайраңдаған жартылай жалаңаш әншілерге толып барады. Бұрын жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеген, ата-анасын ардақтаған ел едік, бүгінде балалар үйлері жетімдерге, қарттар үйі қараусыз қалған кемпір-шалдарға сыймай барады. Үйде отырып жүкті болып, баласын қоқысқа, не әжетханаға апарып тастайтын жүгенсіз қыздар, есірткі шегіп, еліріп кеткен бейбастақ ұлдар көбейді. Шетелдегі сияқты зорлық-зомбылық, балиғатқа жетпеген жасөспірім қыздарды зорлау өршуде. Бұрын есігіне құлып, үйіне қорған салмайтын қазақ бүгінде есік-терезесін, қора-қопсысын қымтап отырмаса, жансақтауы қиын мәселеге айналды. Банктер, бизнес орталықтары, базарлар тоналуда. Әрине, қылмыскерлер құрықталмай қалмайды. Алайда, олардың жағымсыз әрекеттері кейінгілерге, қоршаған айналаға әсер етпей қоймайтыны белгілі.
Бүгінгі жедел қарқынмен өршіп келе жатқан жаһандану үдерісі де ұлттардың ұлттық ерекшеліктерін құрдымға кетіріп, өз үстемдігін жүргізуде. Енді, біраз жылдан соң, ұлт болып, ел болып қалуымыздың өзі қиынға соғады деген де қауіп жоқ емес. Жаһандану барысында Батыс мәдениетінің басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы ұлттық сипатының жоғалуына әсер етуі әбден мүмкін. Мәселен, өткен ғасырдың орта шенінен бері айтыла бастаған өркениет бәсекесі қазір шын мәнінде ақиқатқа айнала бастады. Бәсеке бүгінгі күні экономикада, саясатта, идеологияда, мәдениетте, білімде, ақпаратта, технологияда және тағы басқа салаларда қызу қарқынмен жүргізілуде. Батыстың білімі, ғылымы техникасы, технологиясы біздер үшін қажет-ақ. Оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда, Батыс өркениетінің қоршаған ортаға тек пайда табудың көзі ғана деп қарауға үйретуі, оны технология тұрғысынан бөлшектеп сату түрінде түсіндіруі бізге үлгі болмауы керек. Ендеше, Батыс өркениетіне, мәдениетіне, шамадан тыс еліктеп-солықтаушылық жақсылықтың нысаны емес. Батыстың технологиялық жағына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы олардың жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал, одан бүгінгі күні рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдылық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік. Шын мәнінде Батыс өркениеті адамгершілік, ізгілік, имандылық тұрғысынан тоқырауға ұшырауда. Ал, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды ешқашан тауар деп қабылдамайды, оны қоғамның берік іргетасы деп қарайды. Алайда, Қазақ елі де қазіргі күні қарқын алып отырған жаһандану үрдісінің ықпалынан оқшау қала алмайды. Жаһандануды әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің төл болмысына қарай бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылысты жеңе алады. Егер, жаһандануды ұлттық мемлекеттік болмысқа қарай икемдей алсақ, оның ықпалына түсіп алып, еліктеуге ұрынатын болсақ, онда мемлекет те, сол мемлекетті құрап отырған ұлт та тобырға айналып, рухани жаулаушы өркениеттің ықпалында кете береді.
Сондықтан, жаһанданудың дүлей толқынында жұтылып, жоқ болып кетпеу үшін бізге ұлттық тәрбиені күшейту қажет. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды ерекшелігі адамдарды ұлттық ерекшеліктерді, рухани өміршең құндылықтарды сақтауға үйретуі дер едік. Әрбір жеке адам ең әуелі өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, жалпыадамзаттық қоғамға лайық өз орнын белгілеуі тиіс. Соның үшін бүгінгі таңда біздің ұлттық бітім-болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу аса маңызды. Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне қазіргі алмағайып аласапыран кезеңге қарағанда, үлкен жауапкершілікпен қарағаны белгілі. Бұл жайында ислам ғұламаларының: «Балаларыңды өздерің болмайтын уақыт үшін тәрбиелеңдер. Өйткені, олар сендер болмайтын уақыт үшін жаралған» деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, ұрпақтар жалғастығының, олардың өзара сабақтастығының үзілмеуін қадағалаған. Қазіргі жаһандану жағдайында біз жер астынан қазба байлықтар, кен іздегеніміз сияқты. Жас ұрпақтың бойынан тек білім нәрі арқылы келетін біліктілік, іскерлік, білгірлік, қабілеттілік, жауапкершілік сияқты артықшылықтарды ғана емес, ұлттық рухани құндылықтарды да іздестіргеніміз жөн. Өйткені, кен байлығы тәрізді ұлттық құндылықтар да Қазақстанның болашағын алға сүйреп, өркендеу дәуіріне апаратын маңызды фактор. Қазіргі дамыған әлемде жоғары білім берудің ғылыммен, осы заманғы ғылыми-техникалық, технологиялық жетістіктерімен өзара тығыз байланысты екендігіне ешкім де шүбә келтіре қоймас. Білім деңгейін көтеру өмір бойы үзіліссіз жүріп жататын құбылыс деген пікір аксиомаға айналды. Бұл ғылымның жедел дамуымен тікелей байланысты болатын жағдай. Осыдан байқайтынымыз, тәрбиесі биік елдің тұғыры да әрқашан биік болмақ. Ғұлама-ғалым әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – білім емес, адамзаттың қас жауы». Сондықтан, ең алдымен, тәрбиеге баса назар аудару жөн болады. Өйткені, тәрбие нәрімен сусындап, елінің бар құндылығын бойына сіңіріп өскен бала ғана отаншыл, ұлтжанды, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сыйлайтын, ата-анасын ардақтай білетін ұл мен қыз болып қалыптасатыны еш дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат шындық. Мұндай аса жауапты мәселеде ата-аналар, мектеп мұғалімдері, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, әрбір ұл-қыздың тәрбиесін бірлесе отырып шешкені абзал. Ұлттық тәрбие дұрыс берілмеген жағдайда баланы біз білімді бол деп қанша үгіттегенімізбен, одан білімді әрі ұлтжанды азамат шыға қоймайды. Қазір патриоттық талғам, ұлттық тәрбие барлық қоғамдық, саяси құрылымдарға жаңаша талаптарға сай енгізілуде. Тек оны ұйымдастыру жағына келгенде, аз-кем ақсайтынымыз да жасырын емес. Сондықтан да, білім мен тәрбие егіз ұғым екенін ескере отырып, оны бірінен-бірін ажыратып қарау дұрыс болмайды. Сол үшін бұл істің білім саласында дұрыс ұйымдастырылуына баса назар аударғанымыз жөн.
Ғылым мен білімнің, ұлттық ерекшелікке сай тәлім-тәрбие берудің жаһандық даму мен оған кірігуі жергілікті ұйымдастыру шаралары негізінде мүмкін болады, бірақ, бұл іс-қимылдар үйлестіріліп, өзара келісімді болуы, қазіргі қоғамның даму қисынына, өзгермелі өмірдің талаптарына сәйкес келуі тиіс. Мұндай жағдайда қоғамда жан-жақты ғылыми негізделген білім беру және ғылым жөніндегі ұлттық саясат қалыптастырудың маңызы зор. Қазіргі жаһандану жағдайында ол тұрақты даму мақсаттарына сәйкестендіріліп, оны жүзеге асырудың тетіктері мен мүмкіндіктері ескерілуі қажет. Бұл орайда, әлбетте, ұлттық мүдделер мен халық қажеттіліктерді ұмытпаған Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың: «Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», деген сөзінің қазіргі жаһандану дәуірінде де маңызы ерекше. Бұл біздің тиянақты әрі тәуелсіз ұлттық білім жүйесін құруымызды талап етеді.
Білім беру жүйесі – ұлттық мәдениеттің, ұлттық сана-сезімнің даму көрсеткіші болып саналады, ал, оның басты нысаны – қазақ жастары мен оның болашағы болуы керек. Ол экономика, саясат, мәдениет саласындағы көзқарастармен шектеліп қана қоймайды, сонымен қатар, түбегейлі өзгерістерге белсенді ықпал етеді. Білім беру – жеке адамның әлеуметтік-экономикалық үдерістерге пәрменді қосылуын қамтамасыз ететін басты жағдайлардың бірі. Қазақстандық ұлттық негізге құрылған білім үлгісі дегеніміз ­­– жас жеткіншектерді отаншылдық, ұлтжандылық рухта тәрбиелеуге үндей отырып, білімді де білгір, әрі білікті маман етіп өсірумен қатар, жас ұрпақтың азаматтық тұлғасын, адамгершілік ақыл-парасатын, рухани жан-дүниесін ұлттық құндылықтарға негіздеу деген сөз.
Жас буын өкілдерінің бойында құндылық бағдарларын, өмірлік мұраттарды қалыптастыру нәтижесінде жастар қоғам өміріне тартылып, әлеуметтендіріліп, қоршаған ортаның әлеуметтік жүйесіне қосылады. Ана тілін, әдебиетті, Отан тарихын, елдің адамгершілік-ізгілік қағидаларын, осы күндері қолға алынып жатқан «Ұлттық тәрбие» пәнін оқып-үйрену жастардың бойында біртұтас құндылықтар жүйесінің қалыптасуына алғышарт болады да, сол арқылы бұл жастар өзін және басқаларды танып-біле отырып, еліміздің саналы азаматына айналады. Оқу-білім беру жүйесі жүзеге асырып жатқан балаларды тәрбиелеу мен әлеуметтендіру үдерісінің мазмұны едәуір дәрежеде қоғамда үстемдік ететін рухани-адамгершілік, ұлттық құндылықтарға тәуелді болады. Бүгінгі қарқынды дамыған қоғамда ұлттық тәрбие бүкіл оқу жүйесінің құрамдас бөлігі болып саналып, отбасы аясы мен мемлекеттік, арнайы оқу орындарында жүзеге асырылатын болады.
Бала жарыққа қарай иіліп өскен жас шыбық тәрізді. Баста дұрыс берілмеген тәрбие баланың тек өзіне ғана нұқсан келтіріп қоймайды, сонымен бірге, келешек ұрпаққа да, қоғамға да кері әсерін тигізетіні анық. Сол себепті, білім беру үдерісін, жаңа тағылымдық-тәрбиелік негіздегі материалдарды кірістіре отырып, ұрпақты толыққанды оқытып, қалыптастырғанымыз абзал. Мұнда, біріншіден, оқулықтарды ұлттық тәрбие берудегі халықтық педагогиканың ғылыми-әдістемелік негіздері; оның психологиялық-педагогикалық ұстанымдары; оларды дұрыс ұйымдастырудың үлгісі; халықтың педагогика құралдары арқылы берілетін тәрбиенің мазмұны, әдіс-амалдары, формалары анықталуы тиіс. Бұл – ең бірінші кезекте тұратын мәселе. Екіншіден, барлық білім мектептерінде тәрбиені біліммен қатар ала отырып, халықтық оқу материалдары арқылы ұлттық тәрбие берудің бағдарламасы толығымен жасалуы; кез келген пәннен оқу үдерісі кезінде педагогика құралдары арқылы ұлттық тәлім-тәрбие беру бойынша мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар, нұсқаулықтар, мұғалімдердің ата-аналармен бірлесіп істейтін жұмыс бағдарламалары және т.б. осы тәріздес шаралар тез арада қолға алынып, нәтиже беруі тиіс. Қазіргі таңда білім беру ісінде жеке тұлғаны ұлттық негізде қалыптастыру – елімізде болып жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени өзгерістерге байланысты туындайтын өмір талабы. Сол себепті, біздің көтеріп отырғанымыз біріншіден – ұлттық, екіншіден – тәрбиелік мәселелер болып саналады. Ол оқу-тәрбие ісімен тікелей байланысты болмақ. Егер де, ұлттық тәрбие беру мәселесі өз шешімін тапса, білім беру аясында көтеріліп және жүргізіліп отырған жұмыстар қандай да бір нәтижеге қол жеткізбесе, онда ол ұлттың болашағы бұлыңғыр болғаны. Сондықтан, қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларының жаһандануы нәтижесінде шын мәнінде жаңа әлеуметтік, саяси, экономикалық, технологиялық, экологиялық факторлардың өзара байланысы мен әрекеттестігі туралы жаңа сападағы ғылыми білімдер, анықтап айтар болсақ, тәрбиемен біте қайнасқан тиянақты білім болуы қажет. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану жағдайындағы адамзаттың өміршеңдігі, қоғамның тұрақты дамуы ендігі жерде ғылымның даму деңгейіне, ғылымға апарар жолдағы ұлттық тәрбиеге негізделген білім қорының молдығына, оның болжампаздық қызметіне, табиғаттың, қоғамның, техносфераның жайы туралы, мәдениеттің, әлемдік экономиканың, қатынас құралдарының және қазіргі әлеуметтік тұрмыстың басқа да белгілерінің даму үдерістері туралы ақпараттың алдын алуына тікелей байланысты болады.
Ғылыми білімді ұйымдастырудың жаңа түрлерін іздестіру – білім беру жүйесін ұлттық талаптарға сай қайта құрудың аса маңызды да сара жолы. Бүгінгі таңда оқу-ағарту жүйесінде қалыптасқан қатаң тәртіп пен бірыңғайлыққа қарсы ғылымның жаңа бейнесі бой көтеріп келеді. Ол білім беру үдерісіне тәрбиенің, оның ішінде, ұлттық мүддемізге негізделген тәрбиенің жаңаша тұрғыда қойылу талаптары. Сонымен бірге, білімділік жайындағы түсінікке көзқарас та өзгеру үстінде. Бүгінгі педагогика ғылымында адам және білімділік жайында дәстүрлі түсініктермен қатар, жаңа ұғымдар да қалыптасып, педагогиканың антропологиялық негіздері алмасу кезеңіне аяқ басты. Білімді адам – көзқарастары қалыптасып үлгерген, көп нәрседен хабардар тұлға ғана емес, сондай-ақ қазіргі мәдениеттің күрделі мәселелерін бағдарлай алатын, ұлттық құндылықтарды бойына жиған, өмірдегі өз орнын түйсінуге қабілетті, демек, өткен өз елінің тарихынан хабардар, тәлім-тәрбиемен сусындап өскен, бір сөзбен айтқанда, мынадай алмағайып жаппай жаһандану жағдайындағы нақтылы өмірге әзір адам. Оқу-білім мен тәрбие жеке тұлғаның еркін қалыптасуына, оның басқа адамдарды түсінуіне, ой-өрісі мен қарым-қатынастарының қалыптасуына, ең соңында адамның белгілі бір іс-әрекеттерді жүзеге асыруына жағдай жасауы тиіс.
Тәрбие сан ғасырлар бойы халықтың жинақтап, іріктеп, сұрыптап алған озық тәжірибесі мен құнды қасиеттерін жеке тұлғаның бойына қалыптастыру мақсатын көздейді. Тәрбие жұмысы мықты ұйымдастырылған елдің рухы да биік болады. Ол мемлекеттің іргесін ешкім шайқалта алмасы анық. Біздің ұлттық тәрбиемізге ықпал жасайтын жайттар алуан түрлі. Мәселен, ұлт тарихы, халық фольклоры, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, ұлттық психологияның элементтері, саясат, қоғам идеологиясы, мәдениет және т.б. Бұл аталғандардың барлығы ұлттық шектеушіліктен аулақ болғаны жөн. Өйткені, ұлттық психологияда ескі мен жаңа қасиеттер үйлесімділікті қажет етеді. Ал, ескінің барлығы жаңамен үндесе бермейді. Оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру кезінде ұлттық тәрбиенің барысы, жас ерекшелігі ескерілуі қажет. Басты бағдар – барлық ұлт балаларының Қазақстанға деген сүйіспеншілік сезімін арттырып, ортақ Отан қорғау мүдделерін қалыптастыруға тәрбиелеуді ұйымдастыру. Тәрбие беруді тек оқу үдерісінен ғана іздестірмей, басқа сабақтан тыс, мектептен тыс іс-шаралардан да шебер әрі ұтымды қарастырған абзал.
Ұлттық тәрбие болашақ ұрпақ тағдырын, түптеп келгенде, ұлт тағдырын шешетінін ескерсек, ол уақыт талабымен бірге келетін игілікті іс екендігі белгілі. Сондықтан да, тәрбие берудің негізгі тетіктерін айырып, оларды білім беру үдерісіне ендіру жолын дұрыс жолға қою – бүгінгі күндегі маңызды мәселелердің бірі екендігіне барлығымыз оң көзбен қарап, оның дұрыс шешім табуына жағдай жасағанымыз жөн.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ мектептері көптеп ашылып, жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісімен айналысу жұмысы жолға қойылды. Шынайы білім, ең алдымен, ұлттың игілігіне, одан әрі адамзаттың, жеке тұлғаның игілігіне бағытталуы тиіс. Ұлттық білімнің өзектілігі де осында. Ұлттық білім беру жүйесінің негізі болып педагогикалық дәстүр, білім беру тәжірибесі, жүздеген ғасырлар бойы қалыптасқан біздің бойымыздағы рухани құндылықтарымыз саналады. Яғни, нағыз педагог та, педагогика да халықтың өз ішінде, өз бітім-болмысында жатыр. Сондықтан да, ұлттық тәрбиені білім алушы жастардың бойына сіңіру – біздің басты міндетіміз. Бүкіл адамзат тарихында оқу-білім қоғамды ағарту құралы болып келді. Сонымен қатар, онда әр халықтың мәдениетіндегі өзіндік ұлттық-эстетикалық ерекшеліктер де ескерілді, демек, бұл – білім беру жүйесі ұлттық мәдениетті, оның қайталанбас және бірегей белгілерін қолдап, сақтауда айрықша маңызды рөл атқарды деген сөз. Ал, осы құндылықтарды бойына сіңіре алған тұлға ғана ұлттық сана мен ұлттық психологияның ұйтқысына айналады.
Халыққа білім берудің үлгісі әр елдің өз тарихынан орын алады. Мысалы, Ұлы даланың дана ағартушы-ойшылдары Шоқан, Ыбырай, Абай, одан бертіндегі алаш зиялыларының өкілдері секілді ағартушы педагог-ғалымдар ұлттық білім мәселесін ұлттық мүдде деңгейіне дейін көтеріп, бұл мәселелерге жете назар аударды. Сөйтіп білім берудің тиімді жолдарын көрсетіп кетті. Сол тарихи тұлғаларымыздың ұлттық мүдде тұрғысындағы рухани-ағартушылық идеялары кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында жалғасын тапты. Кейіннен Кеңестік тоталитарлық қоғам кезіндегі білім «кеңестік» деген атпен аталып, бұрынғы ұлттық сипатынан айрылды. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақ тарихының ақиқаты шынайы зерттеліп, жан-жақты жазыла бастады. Ендігі кезекте еліміздің өз билігі өз қолына жеткен тұста қиыншылықпен келген баға жетпес дүниемізді жоғалтып алмай, халық қажетіне жаратуымыз қажет, оны тұрақтандыруымыз керек.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ал, әлемде ақпараттық-технологиялық қоғамның орнығуы мен дамуы ең алдымен білімді мамандарды қажет етеді. Осы ретте білімнің ақпараттық сипат алуына орай, үздіксіз білім беру үдерісіне ұлттық тұрғыда білім беру пәнін ендірудің маңызы зор деп ойлаймыз. Себебі, дәуір мен қоғамның құбылысына сай көптеген этносқа қамқор ел ретінде дамып келе жатқан Қазақстан халқы үшін өзінің рухани қадір-қасиетін тұрақты ұстап тұруы шарт. Қазіргі жастардың көбі үлкенді сыйлау, жасы үлкенге орын беру, бір-бірімен ана тілінде сөйлесу, ұлттық мәдениетті бағалау, қастерлеу, қадірлеу секілді мәселелерге немқұрайлы қарайды. Осыдан келіп ұлттық тілі мен өз мәдениетін менсінбейтін тілсіз, дінсіз, мәңгүрт ұрпақтар өркендеп, мәдениетсіз маргиналдар өседі. Міне, сол себепті бүгінгі ұрпаққа ізгілік, имандылық рухындағы тәрбие керек.
ХІХ ғасырда өмір сүрген итальяндық әйгілі мемлекет қайраткері Массимо д’ Адзельо «Біз Италияны құрдық, енді, біз итальяндықтарды құруымыз қажет», – деген екен. Олай болса, біз де тәуелсіздікті алдық. Ендігі жерде туған тіліміздің, өскен жеріміздің, сүйікті Отанымыздың шынайы жанашырларын, нағыз елжанды, ұлтжанды қазақстандықтарды қалыптастыруымыз керек.
Бүгінгі таңда егеменді еліміздегі жаңа қоғам мүддесіне лайықты жан-жақты дамып жетілген, түйсігі толық, бойында ұлттық тәрбие мен ұлттық сана қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу – әрбір жанұяның, балабақшаның, орта, жоғары оқу орындары мен бүкіл халықтың міндеті. Қазіргі кезеңде жастар тәрбиесі туралы мәселеге жаңа психологиялық көзқараспен қарау қажеттігі бүгінгі заман талабы. Бүгінде «Білім – жас ұрпақ тәрбиесінің негізгі құралы» дегенімізбен, адам өміріндегі оның алатын орны жаңаша пайымдалып белгіленбесе, оны қаншалықты жамап-жасқап, оқу мерзімін ұзартқанымен, жаңа атаулармен атап, жаңа пәндер енгізгенмен, жаңа әдістер қолданғанымызбен, бүгінгі тіршіліктегі тәрбие ісі ыдыраңқы күйде болса, оның қоғамдық сана әлемінде өмір сүретін жаңа адамды тәрбиелеуге шамасы келмейді. Тәуелсіз елдің ұрпағына мәдениет пен ғылым, тәрбие мен білім беру жолында жеткен өз жетістіктеріміз де жеткілікті. Және де ол үздіксіз даму үстінде. Олай болса, егеменді еліміздің туын биіктететін жастардың ұлттық білім мен халықтық тәрбие құндылықтарын меңгеруі Қазақстан жастарының жалынды жігерін, басқа да ұлттардың жарасымды өмір сүруін қамтамасыз ететін шешуші фактор.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» (М.Әуезов) демекші, әрі мұғалім, әрі ата-ана елдің ертеңін ойлап, ел болашағы саналатын бүгінгі жастардың тәрбиесіне дұрыс бағыт-бағдар беруге, оларды ұлтжанды тұлғаға айналдыруға жұмыла кірісуі тиіс. Өйткені, ұлтжанды тұлға қалыптастыру – баршамыздың биік парызымыз, қасиетті де қастерлі борышымыз болуы керек.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат