АДАМ ҰРПАҒЫМЕН МЫҢ ЖАСАЙДЫ

  • 25.03.2020
  • 149 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айтмағамбет Ойнарбайұлы Ойнарбаев – 1935 жылдың 7 қараша айында «Жаңажол» елді мекенінде шаруа отбасында дүниеге келді. Өзге де ауыл балалары сияқты жалаңаяқ жүгіріп қозы қайырып, асық ойнап, кішкентайынан колхоз шаруашылығына қолғабыс жасады. 1938 жылдың қиын кезеңінде әкесі Ойнарбай Тауасқан баласы (1892-1939), 1945 жылы шешесі Ақшай (1901-1945) Ерімбет (қажы) қызы науқастан қайтыс болады. Соғыс алдындағы, одан кейінгі жылдардағы ауыртпалықтар Айтмағамбетті тез есейтіп жіберген-ді.
«Жас та болсам әкемнің бет-бейнесі көз алдымда, жерленген кезін ұмытқан емеспін», деп әңгімелейді ол. Ата-анасы Смайыл молда мешіті маңындағы қорымда мәңгі ұйқыда жатыр.
Мектеп табалдырығын 1943 жылы алғаш аттаған Айтекең «Жаңажолдағы» 7 жылдық мектепті бітірісімен Қармақшы ауданы орталығындағы бұрынғы Молотов, казіргі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті (бұл мектеп 1895 жылы ашылған. – Т.Д.) 1953 жылы бітіріп шықты. Ауыл мектебінен келген ол Қармақшыдағы үлкен мектепте жаңа достарымен тез-ақ тіл табысты. 8-сыныпты оқып жүргенде Айтекеңнің терең ойлылығын сезінген болуы керек, кластасының бірі Мамырбаев Мәденбай (марқұм) «Сен-Симон» деп атапты. Ал, осы сөзді тірілткендей 1954 жылдың қараша айында Игенбай Мыханов замандас досы Қыстаубай қайтыс болғанда шығарған көңіл қосында:
…Өскенше ұрпақтары Өтеген де,
Жүрерде жұмысының айтып жөнін.
Саралап сана-сезім, сайлап алып,
Абыройдың Айтмағамбет ашар кенін, – деп жас жігіттің келешегін болжай айтқан сияқты. Шынында да, оқудың жемісін көріп, бүгінде мәуелі ағаш боп тамырланған Айтекеңді қалай айтсаңыз да жарасар азамат.
Қазақта «тегіне тартып туған» деген киелі сөз бар. Сол айтқандай. Айтмағамбет Шөмекей тайпасының Бозғұл бөліміне қарасты Қаратамыр руының Жабағы ұрпағына жатады. Жабағыдан Беласқан, Тауасқан тараған. Беласқаннан – Қайнарбай – одан 1940-1950 жылдары Қармақшы еліне танымал болған Қыстаубай, Дәржан туған. Қыстаубайдан – Кеңшілік, Қаршыға, Болат өсіп-өнуде. Ал Тауасқаннан Ойнарбай, одан Айтмағамбет.
1953-1958 жылдары Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтында оқып, оны бітірісімен Түркменстанға жолдамамен келген Айтмағамбет Челекен химия зауытында әуелі инженер, цех бастығы, директордың орынбасары, бас инженер болып істесе, ал 1966 жылдың 21 қаңтарынан 1983 жылдар арасында үзіліссіз осы зауыттың бас директоры болып абыройлы қызмет атқарды.
1957 жылы өзімен бірге оқыған Әлменқызы Нұрсұлумен бас қосып, отау тікті. Тұңғышы – Гүлнәр Ташкент қаласында өмірге келіп, алғашқы қуаныш сыйлады. Нұрсұлу да Қармақшы Ата өңіріне аты мәлім Уәлі бидің ұрпағынан тараған. Әкесі Әлмен (теміржолшы) Әлімбайұлынан Зинабдин (1930 ж.), Нұрсұлу (1935 ж.), Шамшидин (1939 ж.) тараған: бірі ұлағатты ұстаз, бірі инженер-технолог, үшіншісі байланыс қызметінде. Қызметтестері Нұрсұлудың іскерлігін, жолдастарына деген ыстық ықыласын бағалаған. 1983-1985 жылдарда «Казоргтехстройматериал» министрлігінде аға экономист-инженер болып қызмет істеп, 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Айтмағамбет Ойнарбайұлы Түркменстандағы өндірістік қызметін ғылыми негіздеді. Оның оннан астам жаңашыл идеялары өндіріске енгізіліп, зауытқа 97320 мың сом пайда келтіріпті. Әсіресе үш өнертапқыш ұсынысына авторлық куәлік берілген. 1. «Хром зауытын құру және ұйымдастыру». 2. «Хром зауытын одан әрі өркендету, дамыту жолдары». 3. «Баяу балқитын ақ сұр металмен шойын араласқан өндірісі» атты өнертапқыш еңбегі жеке кітапша болып жарық көрген.
Зауыттағы 25 жыл бойғы басшылық қызметінде қарамағындағыларды еңбек сүйгіштікке, адалдыққа тәрбиеледі. Осынау алып зауыттағы тынымсыз жұмысымен қатар, Түркменстан республикасындағы қоғамдық, халықтық істерге белсене араласты. Бірнеше рет Красноводск облыстық, Челекен калалық партия комитеттерінің мүшелігіне, облыстық, қалалық кеңестерінің депутаттығына сайланды.
Адал еңбек пен іскерлік қай жерде болмасын бағаланатыны Айтекеңнің марапаттарынан-ақ аңғарылады. 1971 жылдың 20 сәуірінде «Құрмет белгісі», 1974 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1981 жылдың 6 сәуірінде «Халықтар достығы» ордендері және бірнеше рет Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарымен марапатталды. Ғылым мен техника саласындағы жоғары нәтижелі еңбегі үшін 1979 жылы Түрікменстан республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
А.Ойнарбаев 1983 жылы Қазақстан үкіметінің шақыртуымен елге оралып, Қазақ ССР құрылыс материалдары министрлігінің қазақ тау- кен геологиялық экспедициясының бастығы болып, үздіксіз 10 жыл бойы қызмет аткарды.
Республиканың өндіріс саласына қосқан нәтижелі еңбегі бағаланып, КСРО басшысының 1991 жылғы 21 желтоқсандағы жарлығымен «Октябрь революциясы» орденін алды. 1993 жылы «Қазақстанға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер» деген атақпен құрметті демалысқа шықты.
1995 жылы жолдастары мен достары Айтекеңнің 60 жылдығын тойлады.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, А.Ойнарбаев та ұрпағымен мың жасаған азамат. Айтекең мен Нұрсұлудың тұңғышы Гүлнәр Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген, қазір А.Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінде білікті ұстаз, Эльмирасы – медицина институтының түлегі, республика педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында кафедра доценті, медицина ғылымының кандидаты, Сәуле – Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетті бітірген, қазір Қазақстан республикасы іс-басқармасы денсаулық сақтау орталығының орталық клиникалық ауруханасында компьютер бөлімінің меңгерушісі, Лилия Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген, қазір А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің ең жоғары категориялық концертмейстері, ал ең кенжесі Жанат ұлттық экономия академиясының және «КИМЭП»-тің түлегі, қазір испан компаниясы «Репсолде» бас бухгалтер қызметін аткарады.
Өздері де жоғары білім алса, балалары да жоғары білімді, кәсіби шеберлігі, біліктілігі мол жастар болды.
Өндіріс пен ғылымды ұштастыра жүргізген, мемлекеттік қайраткерлік дәрежесіне қол жеткізген А.Ойнарбаевтың бірнеше ғылыми-көпшілік кітапшалары жарық көрген. Соның бірі «Таңғажайып қара» атты кітап.
Қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген басқа республикада қызмет етіп, ең жоғарғы атаққа ие болған Айтмағамбет Ойнарбаев 2005 жылдың 14 сәуірінде Алматы қаласында дүниеден озды.
А.Ойнарбаевтың бұрынғы Одақ және Қазақстанға сіңірген еңбегі еленіп туған жері Қармақшы ауданындағы (Жосалы кентінде) бір көше есімі берілсе, нұр үстіне нұр болмақ. 2010 жылы академик, профессор Камал Ормантаев бастаған белгілі азаматтар Қармақшы ауданының әкімшілігіне ұсыныс беріп, одан жауап та алынған-ды. Алайда, арада он жыл өтсе де, берілген уәде жүзеге аспай отыр.
Бөтен елде сұлтан болғанша дегендей туған елге оралған Айтмағамбет Ойнарбаевтың республикаға жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Шетел таныған азаматқа азаматтық танытайық, ағайын!

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф,
«Құрмет» орденінің иегері

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!