ТАРИХ ОҚУЛЫҒЫНДАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

  • 25.03.2020
  • 180 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 Хадиша Ермұханова,  
ҚР БҒМ Ғылым комитеті
Мемлекет тарихы институтының
ғылыми қызметкері

Қазіргі таңдағы білім беру саласы қоғамның даму үдерісі, ақпараттардың үздіксіз ағыны және ғылымның өзгерістер енгізуімен байланысты болып отыр. Қоғамда қалыптасып отырған осы жағдайлар және әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар өзгерістерге бейімделу қажеттілігін туындатуда. Заманауи білім кеңістігіне өту жағдайында бәсекеге қабілетті және жаңарған ұлттық санаға ие тұлға дайындау – әр тарихшы ұстаздың басты міндеті саналуда. Ұлттық сананы жаңғырту дегеніміз ұлттық салт-дәстүрімізді, тіліміз бен мәдениетімізді, қазақи рухымызды, тарихи санамызды жаңғырту болып табылады. Осындай кезеңде оқытудың жаңа технология түрлерін меңгеріп, жаңаша ойлайтын, сонымен бірге, білімді ұлттық тәрбиемен ұштастыра білетін ұстаз еңбегі ақталары анық.

Әрине, қандай істі де жаңадан бастау, жаңа соқпақ жол ашу қиындық туғызады. Соған қарамастан жаңалыққа ұмтылған ұстаздарымыз оқытудың әдіс-тәсілдерін жаңа арнаға бұрып, шығармашылықпен еңбек етуде. Ал, мектеп оқулықтары қазіргі заманауи талапқа сай келе ме? – деген сұрақ туындайды осындайда. Тарих оқулығы ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды байланыстыра отырып жазылуы керек екендігі белгілі. Тек бір жақты, бүкіләлемдік бағыт деп шетелдік оқыту тәсілдерінің барлығын алуға ұмтылудың қажеті жоқ. Әлемдік үздік тәжірибемен қоса халқымыздың ұлттық дәстүрлерін тарихи тұрғыдан көрсетуді ұштастыра білу парызымыз. Оқулық жазуда тарихи жалғастық пен танымдық қағидаларын ұстану қажеттілігі туындайды. Біздің мемлекетіміздің Ұлы Дала төсіндегі Сақ, Түрік, Қазақ хандығы дәуірлеріндегі даңқты мемлекеттердің жалғасы екендігі ғылыми тұрғыда баяндалып, ұлттық тарихи сананы тәрбиелеуге жұмылдыру міндетіміз. Осылайша жас ұрпақтың санасын, рухы мен жігерін көтеретін тарихи мәліметтер көбірек көрініс тапқаны дұрыс. Қазақстан тарихын жазуда ұлт тарихын тұлғаландыру басты орын алады. Сондықтан, қазіргі ерекше көңіл бөлетін жағдай – тарихи білім берудегі тұлғатану мәселесі. Себебі қолданыста жүрген кейбір оқулықтарда тарихи оқиғалар жалпылама баяндалады да, жеке тұлға туралы деректер өте аз кездеседі. Әдіскер-ғалым Т.Тұрлығұлов: «…жеке тарихи қайраткерлерді өткенде, олардың өмірі мен халыққа қызметінен неғұрлым көбірек мәлімет келтірсек, соғұрлым оқушылардың түсінігі мен білімі арта түседі, олардың сезімі мен санасы соғұрлым өзгереді» – деген әдіс ұсынады.
Тарихи тұлға туралы дерек бере отырып, оқушыны тұлғаның өнегелі өмірі мен ел үшін жасаған ерекше еңбегін үлгі етіп тәрбиелейміз. Тұлғатану мәселесіне байланысты Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс» – деп атап көрсеткен болатын. Бұдан шығатын қорытынды, ел игілігіне өздерінің өмірлері мен еңбегін арнаған азаматтардың өнегелі істерін де тарих оқулығына енгізу қажеттілігі туындайды. Тарихи тұлғалар туралы жазылған еңбектердегі мәліметтер мен деректерді мектеп оқулықтарына енгізу уақыт талабы болып отыр. Міне, сондықтан да, қазіргі таңда тарихшы ғалымдарымыздың алдында мектептегі тарих оқулықтарына нақты деректер негізінде енгізілмей қалған халқымыздың ардақты азаматтарының еңбегін зерттеу міндеті тұр.
Тарихи тұлғалар тақырыбына кеңірек тоқталар болсақ, әрине, қазақ халқының даңқты ұлы – Бауыржан Момышұлы алғашқы болып ойға оралады. Батырдың «Қанмен жазылған кітап» туындысы кейін «Соғыс психологиясы» деген атпен баспадан шыққан болатын. «Бұл сирек басылым тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан мемлекетінің жаңа буын жас толқын ұрпақтарын ата дәстүрін қастерлеп, Отан сүю рухында тәрбиелеудің рухани қазына көзіне айналар деген сенімдеміз», – деп баға берді М.Мырзахметұлы. Осы еңбекті мектептердегі әскери іс сабағында оқытып, оқушыларымызды ер намысын, адамгершілік арын жоғары ұстауда жауынгерлік рухта неге тәрбиелемеске?!
Танымал жазушы Медеу Сәрсеке «Ермұхан Бекмаханов» және «Ноқталанған тарихшы» ғұмырнамасында тарихшы Ермұхан Бекмахановтың өмір жолы мен шығармашылығын жабық мұрағаттардан алынған нақты деректер арқылы сипаттаған. Е.Бекмахановтың алғашқы еңбектерінің бірі – «Тарих мұғаліміне көмекші» әдістемелік оқу құралы болып табылады. Оның авторлығымен шыққан «Қазақ КСР тарихы» алғашқыда ғылыми деңгейі озық, жазылу үлгісі соны делініп, И.В. Сталин атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Кейін бұл еңбек ұлы орыс халқына қарсы жазылған туынды, мұндай кітапқа мемлекеттік сыйлық беру – ұлтшылдық ниетті құптау болады деген айып тағылды. Е.Б. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» монографиясы тарих ғылымының докторы М.П. Вяткиннің редакциясымен 10 мың дана таралыммен жеке кітап болып, 1947 жылдың қазан айында орыс тілінде жарық көрген. Алайда, өкінішке қарай осы еңбегі үшін ғалымның қудаланып, бас бостандығынан айырылғанын тарихтан білеміз. Медеу Сәрсекенің Е.Б. Бекмахановқа арнап жазған еңбектерінде талантты ғалым қаламынан көптеген іргелі ғылыми еңбектер жазылып, тарих ғылымына өлшеусіз үлес қосылғандығы баяндалады. Осы аталған монографиядан алынған мәліметтер тарих оқулығына енгізілсе, оқушы ғалымның ғылыми ізденісімен қоса, өмір дерегімен жете танысар еді. Біз тек бір-екі ғана еңбек туралы сөз етіп отырмыз, ал, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Қазақстан тарихнамасында жеке тұлға өмірі аз зерттеліп, аз айтылып жүрген кемшін тұстар көптеп саналады. Бұл істе Мемлекет тарихы институты ұжымы да біршама ғылыми ізденістер атқарып, «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы бойынша еліне еңбегі сіңген, қайраткерлік қарымымен танылған ірі тұлғалар жайындағы зерттеу еңбектерді жарыққа шығара бастады. Тарихшы-ғалым, профессор Б.Ғ.Аяған «Әбілқайыр Шайбан – Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі» еңбегінде Әбілқайыр Шайбанның XV ғасырдың ортасында Дешті Қыпшақтың ең құдіретті хандарының бірі болғандығы жайында нақты деректер келтірген. Еңбекте Әбілқайыр Шайбан хан өзбек-қазақтардың ортақ билеушісі болған және ол туралы Махмуд Кухистани жазған деп көрсетілген. Cонымен бірге, ол туралы мемуарлық жазба әдебиеті парсы және шағатай тілдерінде жазылған Орта Азия ғалымдарының еңбектерінде сақталған деген құнды мәлімет берілген. Профессор Б.Ғ. Аяған бұл еңбегін ортағасырлық әдебиет, отандық және шетелдік ғалымдардың соңғы зерттеулерін қайта қарастыра отырып, тарихи тұрғыдан тың деректерді пайдаланып жазған. Еңбекте көрсетілгендей Әбілқайырды Дешті Қыпшақ патшасы, Ақ Орда билеушісі, Әбілқайыр ұлысының негізін салушысы, кейде «көшпелі өзбектердің» ханы, сондай-ақ «Бузуруг ханы» (орысша Үлкен хан) деп атаған. Әбілқайыр хан шын мәнінде Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі болғаны және ол қайтыс болғаннан кейін Сібірден Орта Азияға дейінгі ірі мемлекет ыдырағаны баяндалады. Автордың пайымдауынша, кейінгі хандардың ешқайсысын да қыпшақтар мемлекетінің толық билеушісі деп атамаған. Белгілі ғалымдар А.Айталы мен Қ.Ахметов қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневке XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тарихындағы феномен тұлға деп баға берген болатын. Ж. Тәшенев өмірі мен қызметін зерттеу нәтижесінде институт ғалымдары С.Ж. Дүйсен мен Қ.А. Еңсенов «Жұмабек Тәшенев» еңбегін жазып шықты. Ғылыми зерттеуде сол тоталитарлық заманның өзінде ұлтжанды азаматтың Мәскеу өктемдігінің бетін қайтара білгендігі айқын көрсетілген. Ол Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты, яғни еліміздің 1/5 бөлігін Ресейге қосудан сақтап қалды. Еңбекте сипатталғандай, атамекенді саудаға салуға республикадағы жоғары басшылар арасында жалғыз Ж.Тәшенев қана ашық және табанды түрде қарсы шыға білген. Басқа еңбектерін айтпағанда, теңдессіз осы ерлігінің өзі-ақ Жұмабек Ахметұлы есімін Қазақ тарихына мәңгілікке қалдырды деп бағалайды авторлар. Ал, осы тұлғаны қазіргі жас буын толық танып отыр ма? Соңғы жылдары оқулықтарға Ж.Тәшенев туралы аз ғана мәлімет енгізілгені болмаса, өкінішке орай бұл сұраққа «жоқ» деген жауап аламыз. Келесі тарихи тұлғаның бірі Нұртас Оңдасынов туралы профессор Д.А.Махат ғылыми-зерттеу еңбегінде былай деген болатын: «Қылышынан қан тамған өктем саясатына қарамастан ұлттың рухын көтеруге үлес қосқан Н.Дәндібайұлы есімі жалпы зиялы қауымға таныс болғанымен жеке тұлға ретінде қоғамдық-саяси қызметі, шығармашылығы әлі ғылыми тұрғыда өз бағасын толық алып болған жоқ». Осыған сәйкес ғалым Қ.А.Еңсеновтың «Нұртас Оңдасынов» атты еңбегі жарыққа шықты. Ғылыми-зерттеуде қоғам қайраткерінің Қазақ КСР Ғылым Академиясының салынуына, Қазақ қыздар педагогикалық және шет тілдер институттарын ашуға мұрындық болғандығы, Мойынты-Шу темір жолы, Іле, Шу өзендеріне көпір, Сырдарияға бөгет және Бөген су қоймасы, Арыс-Түркістан каналдарының салынуына ұйытқы болғандығы жазылған. Сонымен қатар, кітапта тұлғаның ел басшылығында болған кездегі көптеген жарқын істерінен басқа адамды тани білу қасиеті дараланып көрсетілген. Жезқазғанға барған сапарында Қаныш Сәтбаевты кездестіріп, оны басынан төніп тұрған қауіптен арашалап, Қазақстан Ғылым Академиясына президентікке ұсынған. Келесі бір сапарында Лениногор кенішінде жүрген Дінмұхаммед Қонаевты шақырып, саяси басшылыққа тағайындаған. Нұртас Дәндібайұлы халық алдында өзінің перзенттік борышын адал атқарған адам. Оның ұрпаққа үлгі боларлықтай үш анық даналық сөзі қалды: «Біріншіден, қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – Арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіптен ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін –Жүзім таза!»
Міне, жемқорлыққа, жүзге, аймаққа бөлінбеуге тәрбиелеу құралы осы емес пе?!
Институт ғалымдары С.Ж. Дүйсен мен Ж.Н. Қалиевтің «Кәрім Мыңбаев» атты ғылыми-танымдық еңбегінде тұлғаның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты баяндалған. Оның ғылым саласындағы рөлін былайша пайымдайды: XX ғасырдың 40 жылдары ғылыми еңбектері Кеңес Одағында ғана емес, әлемде мойындалған Қаныш Сәтбаевпен қатар қазақ ғалымы Кәрім Мыңбаев деуге болады. Олардың ағылшын тіліне аударылған ғылыми мақалалары АҚШ пен Ұлыбританияның ғылыми журналдарында басылған. Ғалым Бетпақдаланы мал бағуға, егін, бау-бақша, көкөніс, т.б. ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге болатын Бақдалаға айналдыру жолында идея көтеріп, іске асыру жолында аянбай еңбек етті. Авторлар ғалымның ғылыми ізденістегі басты жаңалығы – өнеркәсіпке қажетті көксағыз өсіру болғандығын баса көрсетеді. Сонымен қоса, Кәрім Мыңбаевтың ВАСХНИЛ-ді басқарып, осы ғылыми мекемені ауыл шаруашылығы ғылымы салалары зерттеулерін үйлестіруші, бағыттаушы орталыққа айналдыруға күш салып, ел экономикасын дамытуға өлшеусіз еңбек еткені сипатталған. Кәрім Мыңбаев – XX ғасырдың ортасында биология ғылымы бойынша қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш ғылым докторы. Ол сонымен қатар қазақ халқының ғылымы мен жоғары мектебінің дамуына, мәдениетінің өркендеуіне зор үлесін қосты. Алайда, өкінішке қарай қазіргі жас буын өкілдері ғалымның жетістікті еңбектерін біле бермейді?!
Институт ғалымы Н.С. Лапин өзінің орыс тілінде жазған «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев және қазақстандықтардың тарихи санасының қалыптасуы» еңбегінде қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастыру үдерісінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың рөлін ғылыми тұрғыдан түсіндіру мақсатын ұстанды. «Учитывая роль Президента РК – Лидера нации Н.А. Назарбаева в формировании массового исторического сознания казахстанцев, становится актуальным вопрос о введении в учебную программу по истории Казахстана спектра вопросов об изучении вклада Президента Н.А. Назарбаева в становление и развитие исторического сознания казахстанского общества и модернизации национальной истории. Целесообразно в национальных учебниках истории представить материал, в котором будет существенно выделена роль Президента РК Н.А. Назарбаева в процессе формирования исторического сознания граждан Республики Казахстан». Осы еңбегінде автор «Можете ли Вы сказать про себя, что Вы знаете историю своей страны в XX веке» анкеталық сұранымының нәтижесін анықтайды. Сұралғандардың 67%-ы қысқаша ғана мағлұмат беріп, тарихи сауаттылықтан гөрі тарихтан қысқаша мәліметі барлығына қанағаттанатынын білдірген. Ғалым А.Н.Қашқымбаев өзінің «Ілияс Есенберлин» еңбегін ұлттық тарихи тұрғыдағы құндылығымен барша қауымды таң қалдырған «Көшпенділер» атты трилогияның авторына арнап жазды. Еңбектің ерекшелігі – тарихи шығармалары арқылы жұртшылықтың Қазақ мемлекеттілігінің құрылуы тарихына деген қызығушылығын оята білген Ілияс Есенберлин тұлғасын жан-жақты ашып көрсете білуі. Автор жазушының кереметтігін бірде-бір руды қарама-қарсы қоймай, керісінше олардың бірлігі мен бас қоса жасаған әрекеттерін «Алмас қылышқа» теңеп, дәріптегендігін ризашылықпен жазады. Кітапта жазушының XX ғасырдың 60-жылдары алғашқылардың бірі болып Алаштың азаматтарын ақтауда үлес қосқандығы және Өзбекстанның құрамына өтіп кеткен қазақ жерлерін тарихи отанына қайтару, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы идеяның авторларының көзі тірісінде-ақ осы бір ірі бастаманың зардаптары туралы ащы шындықты айтуы баяндалған. Еңбекті оқи отырып, І.Есенберлин туралы тың деректермен танысасыз.
Белгілі орыс тарихшысы Анна Панкратова: «…туысқан, бауырмалдығы ғажап қазақ халқын, олардың қаһармандығы көрсетілген айтулы оқиғалардан айыра, «тарихы жоқ халық» ретінде, көшпенділікпен күнелткен тобыр етуді өз басым түсінбеймін», «…бұл халықтың бай тарихы бойынша үш ғылыми институт жұмыс атқарды» деген болатын. Кеңестік дәуірдің өтпелі кезеңінде өрлік танытып, ғылыми ортада бүкпесіз қазақтың бай тарихының мүддесін қорғаған, оған әділ баға берген, ұстанымы берік жан – Анна Панкратова туралы не білеміз? Оқулықтарда А.Панкратова туралы мәлімет тек қана Е.Бекмахановқа байланысты оқиғада берілген. Осы сұраққа жауап табу мақсатында ғалым Қ.М. Ерімбетова Қазақстан тарих ғылымын қалыптастыруда ерен еңбек еткен және белгілі тарихшы Е.Бекмахановты 25 жылдық түрме азабынан құтқарған академик Анна Панкратованың өмір жолына арнап «Қалдырған ізі мәңгілік. Қазақтың тарих ғылымы. Академик Анна Панкратова» атты 2 томдық сүбелі еңбек жазды. Ендігі міндет – осы тұлғалардың өмірдеректерін мектеп оқулықтарына енгізу. Оқушыларымыз тарихи тұлғалардың халқына сіңірген еңбектерімен таныса отырып, отаншылдыққа, елге адал қызмет етуге тәрбиеленеді. Жаһандану дәуірінде тарих арқылы жастарымыздың ұлттық санасын көтеру уақыт күттірмейтін мәселе болып отыр. Ғалым Х.М. Әбжанов: «Егер кешегі отарлау мен тоталитаризм бір мемлекеттің ғана күшімен жүзеге асса, жаһанданудың артында әлемдік әлденеше алпауыт мемлекеттер тұрғанын бір сәтке қаперден шығармау керек» – деген болатын. Сондықтан да, жаһандану заманындағы әлемдік мәселелер және Қазақстанның ерекше даму жолы туралы таныстыруды аса бір жауапкершілікпен орындау міндеті жүктеліп отыр. Осылайша, жоғарыда тоқталып өткен ұстанымдарға негізделіп жазылған оқулықтар ұлттық тарихи сана мен патриоттық сезімді қалыптастыруға қызмет ететін болады деген сенімдеміз.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!