ТАҒЫ ДА ЕЛУ КІТАП, ТӨРТ ЖҮЗ ОН СӨЗ

  • 25.03.2020
  • 231 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 Байынқол  Қалиұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор

«Тағы да» деп отырған себебім, бұдан бұрын дәл осы тақырыпта «Елу кітап, үш жүз елу сөз» деген мақала жазған болатынмын. Ол мақаланың да, бұл мақаланың мақсаты біреу ғана. Ол мақсат – 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ, оған енбей қалған, бірақ, қолданыста бар, әдебиеттерде ұшырасатын сөздерді іздеп тауып, қатарға қосу болатын. Ол үшін бұрын пайдаланбаған әдебиеттерді іріктеп алып, оқып шығып, «осы сөз жоқ шығар-ау» дегендерді 15 томдықпен салыстырып, онда жоқтарды жазып алу керек. Біз де солай істедік.
Жоқ іздеу қашан да оңай болған емес. Бір малың жоғалса, оны ойдан-қырдан, тау-тастан, ауыл-аймақтан іздейсің. Менің жоқ сөздерді іздеуім де сол тақылеттес. Жазылған шығармалардың біреуін қолыңа алып, «осы романның қай сөзі біздің сөздіктерімізде, дәлірек айтқанда, 15 томдықта жоқ екен» деп, басынан аяғына дейін ұқыптап оқып шығасың. Азаптанғаныңа қарағанда іздеген нәрсеңді тапсаң, жақсы ғой. Кейде түк те таппайтын кездерің болады. Кейде бір-екі сөз табылады. Соған да ат басындай алтын тапқандай қуанасың. Сөйтесің де келесі кітапқа көшесің. Әрине, шаршайсың, шалдығасың. Қаншама уақытың, денсаулығың кетеді. Соған қарамастан, «қазақ тілінің барлық сөздерін түгендесем-ау» деген арман-тілек сені ілгері қарай жетелей береді.
Бұдан бұрынғы мақаламда мен 50 кітаптан 15 томдықта жоқ 350 сөз тапқанымды жазған едім. Ол мақала «Aqiqat» журналының биылғы жылғы 2-ші нөмірінде басылды. Бұл мақаланы соның жалғасы деп есептеуге болады. Мұның одан айырмашылығы – мұнда басқа кітаптардан кейіннен табылған басқа сөздер, басқа сөз тіркестері туралы сөз етіледі.
Елу кітаптан табылған 410 сөзді саралап, жүйелеп көріп едім, олар әдеттегідей түбір сөздер, туынды сөздер, біріккен сөздер, қос сөздер және тұрақты тіркестер болып беске бөлінді.
Түбір сөздердің жалпы саны – 75 сөз. Олар әдеби тілдің сөздері, көне, тарихи, кәсіби, жергілікті сөздер, сөйлеу тілінің сөздері болып, іштей тағы да сараланады. Мысалға жүгінелік (әліпби ретімен): ай (11,345), алан (12,417), баған (3,60), байса (20,312), батаға (38,62), бешенек (21,316), бопық (15,128), бұсырман (9,48), білге (19,545), бітік (19,128), гәліс (39,80), гүржі (21,345), диюаз (8,118), ерен (18,212), жуәрмек (49,230), жыда (20,427), кәртең (32,29), кәуіс (13,54), кетене (14,103), кірешке (44,181), кішіген (20,42), қамас (9,145), қараша (46,21), қаржыс (21,181), қас (19,370), қаталақ (38,78), қисар (21,306), құман (19,51), құралай (18,133), құяр (20,442), қызғын (30,46), леңгір (39,59), масай (14,103), мәйін (13,59), маран (15,78), миләди (19,18), монданақ (19,497), өпшін (19,521), пәлше (22,32), пән (22,271), рауия (14,103), рәуәж (17,110), саған (37,5), сәлкеш (47,24), селжүк (21,345), сүдін (20,42), тағы (19,500), топалаң (27,22), туман (8,85), шапар (20,441), мәдде (14,103), шептік (16,31), шебелет (22,208), шөпшір (30,175), шынжара (45,45), шыралғы (19,123), шыт (7,53), ыз (37,335).
Түбір сөздердің біразы – шет тілдерден енген сөздер. Олардың кейбіреулері – әуелгі тілде қалай айтылып, қалай жазылса, бізде де солай айтылып, солай жазылыпты. Кейбіреулері қазақ тілінің дыбыстау заңдылығы бойынша өзгерістерге түскен. Мысалы: арбалет (19,524), гуньми (19,28), иудей (19,466), ли (19,517), папай (33,40), пиранья (33,36), полон (19,168), пәмилиа (35,88), кәперәтіп (44,80), мәтрөшке (44,181), пәртпел (36,82), пәтипон (50,48), інтірнат (25,53).
Осы соңғы келтірілген мысалдарға байланысты айтылатын бір ой бар. Ол ой – қазақша дыбысталуы бойынша қолданылған пәмилиа, кәперәтіп, мәтрөшке, пәртпел, пәтипон, інтірнат сияқты кірме сөздерге байланысты. Мұндай сөздер көркем әдебиеттерде көптеп болмаса да кездеседі. Ондайларды, біз, сөздіктерге осы жерде көрсетілгендей қазақша айтылуы бойынша алғанымыз жөн. Өйткені, нағыз кірме сөздер – осындай сөздер. Кірме сөздер тілімізді байытады. Ал, фамилия, кооператив, матрёшка, портфель, патефон, интернат дегендер сияқты орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылса, бізде де солай қолданылып жүрген сөздер – кірме сөздер емес, олар – варваризмдер. Варваризмдер тіліміздің құрылым-құрылысын, табиғатын бұзады.
15 томдықта жоқ сөздердің көпшілігі – туынды сөздер. Осылай болуы заңды да. Өйткені, түбір сөздер тілімізде жиі қолданылады. Сондықтан, түбір сөздердің бірлі-жарымдары болмаса, көбі сөздіктерге алынған. Ал, туынды сөздер сирек қолданылатындықтан, олардың біразы сөздіктерге кірмей қалады. Оның, себебі, сөздікшілер сөздік жасау кезінде көбінесе түбір сөздерге көңілді көбірек аударады да, ал, туынды сөздерге онша мән бермейді. Әрине, бұл құптарлық нәрсе емес. Түптеп келгенде тілімізде түбір сөздерге қарағанда туынды сөздер жиі қолданылатындығы анық. Сондықтан болар, туынды сөздердің саны түбір сөздердің санына қарағанда әлдеқайда көп. Біздің іздеп, тауып жүрген сөздеріміз – сөздіктерге ілінбей қалған осындай сөздер.
Әдетте туынды сөздер әртүрлі жұрнақтар арқылы жасалады. Ондай жұрнақтарды жиі (актив) қолданылатын жұрнақтар және сирек (пассив) қолданылатын жұрнақтар деп екіге бөлуге болады. Сирек қолданылатын жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздерге мысал келтірелік: иіртпек (19,360), көтерме (19,507), қалбақай (2,24), қамажау (19,501), қыртылдақ (11,3), шыртылдақ (8,21), мөрбегі (20,313), мөрдар (19,542), паңшікеш (13,29), ықпа (37,313).
Жиі қолданылатын жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздерге келсек, бұлардың жалпы саны тым көп болғандықтан алдымен оларды есімді туынды сөздер, етістікті туынды сөздер және үстеулі туынды сөздер деп, үшке бөліп аламыз да, содан кейін ол топтардың жұрнақтарын жеке-жеке көрсетіп, квадрат жақша ішіне сол жұрнақ арқылы жасалған сөздердің жалпы санын көрсетеміз. Содан кейін, мысалдарын береміз. Әрине, ол мысалдардың бәрін ала бермей, үлгі ретінде тек бірлі-жарымдарын ғана көрсеткеніміз жөн болар. Бәрін берсек, олардың көп орын алатын түрі бар.
Есімді туынды сөздер. -Шы/ші [14]: жарғышы (19,545), қоршаушы (28,23), сұңғатшы (50,132), тамғашы (19,363), сөгуші (22,169), т.б. -дық/дік, -тық/тік, -лық/лік [27]: амалдық (22,29), қағандық (19,54), қорыққандық (27,33), тұрғандық (8,72), көргендік (31,33), қарайтындық (42,18), сөйлейтіндік (40,191), бейбастақтық (8,86), тілемсектік (44,54), қанағаттанарлық (40,11), үйлеспеушілік (40,74), т.б. Байқап отырған боларсыздар, -дық/дік, тық/тік, лық/лік жұрнақтары есім сөздерге (амал, қаған, бейбастақ, тілемсек, үйлеспеу) бірден жалғанады да, ал етістіктерге есімше жұрнақтарынсыз (-ған/ген, қан/кен, -ар/ер/р, -атын/етін, -йтын/йтін) оған жалғанбайды.
-Шақ/шек, шық/шік [5]: шошыншақ (37,238), күбішек (41,57), тиешек (41,40), бөлмешік (40,75), түймешік (5,9). -ды/ді, -лы/лі [6]: қиранды (17,117), әбжемді (20,66), шашыратқылы (49,170), т.б. -шыл/шіл [3]: қытайшыл (20,325), үкіметшіл (46,72). -дай/дей, -тай/тей [9]: домбырашыдай (38,8), мақұлықтай (33,117), арбакештей (44,284), т.б. -дау/деу, -тау/теу, -лау/леу [22]: бейпілауыздау (50,182), тершеңдеу (7,17), тұңғиықтау (3,177), тәмпіктеу (48,82), тасбауырлау (17,113), түріңкілеу (29,67), т.б. -ғыш/гіш [2]: химтазалағыш (26,9), исінгіш (8,20). -тас/тес, -лас/лес [2]: ілтипаттас (1,73), сыралғылас (6,254). -сыз/сіз [8]: найзасыз (27,33), тентексіз (8,59), т.б. -сымақ/сімек [5]: балуансымақ (31,63), базарсымақ (8,43), т.б.
Етістікті туынды сөздер. -Да/де, -та/те, -ла/ле [16]: жыңғылда (24,14), шежімде (16,10), сыңараяқта (9,147), тінткіште (43,139), татаршала (37,137), айыршөкеле (50,13), т.б. -дан/ден, -тан/тен, -лан/лен [18]: сортаңдан (47,57), үкікөзден (9,54), кесепаттан (26,26), имектен (24,11), кержалқаулан (10,3), т.б. -дат/дет, -тат/тет, -лат/тет, -т [9]: тайпылдат (9,78), қолтықтат (8,130), мәрмәрлат (50,127), т.б. -дыр/дір, -тыр/тір [10]: құсаландыр (5,271), үкікөздендір (12,397), жанталастыр (44,68), үндестір (41,69), сабылдырт (30,15), бобырат (26,30), т.б. -тал/тел [4]: шығыршықтал (9,105), ершіктел (38,433), т.б. -ыс/іс/с [2]: шақырыс (10,125), шалқыс (22,95). -ыл/іл [3]: қудырыл (11,214), әлеміштеніл (40,26). -сы/сі [8]: аңғармағансы (41,18), елемегенсі (17,86), т.б. -сыра/сіре [1]: байталсыра (16,30). -қыз/кіз, -ғыз/гіз [1]: шатқыз (22,111). -бан/бен, -ман/мен, пан/пен [1]: ерінбен (14,29). -уда/уде [1]: ағылуда (30,197). -у [5]: қамықтыру (1,130), қаржысу (21,415).
Осы жерде -ыңқыра/іңкіре жұрнағы туралы ерекше тоқтала кеткен жөн. Бұл – етістіктерге жалғанып, істің, қимылдың бәсеңдігін, аздап қана істелгендігін білдіретін жұрнақ. Есесіне аталған жұрнақ тілімізде өте жиі қолданылады. 15 томдықта жоқ деп соңғы кезде біз іздеп тапқан -ыңқыра/іңкіре жұрнақты сөздердің саны 52-ге жетті. Соның бәрін осы жерде тізіп берудің қажеті бола қоймас. Сол себепті, бір-екі ғана мысал ретінде келтіре кетейін: сынаңқыра (26,15), көніңкіре (5,74), т.б.
Үстеулі туынды сөздер. -Ша/ше [16]: қонақша (2,159), ұлықша (22,235), өлеңше (13,73), т.б. -ып/іп/п [4]: ләббайлап (12,417), кемпіршелеп (49,121), т.б.
Енді жаңадан ізделініп табылған біріккен сөздерге ауысалық. Бұлардың жалпы саны 36 сөз. Бұлардың да бәрін тізіп жатпай-ақ, мысал үшін әр әріптен бір-бірден ғана сөз келтірсек, сол да жетіп қалар деп ойлаймыз. Мысалы: айыршөке (50,49), гүлтобылғы (14,31), далайхан (19,59), имекбас (10,28), көкталақ (13,53), қазақтану (45,13), мәриягүл (30,151), нарбас (15,6), отдәрі (19,586), палаухана (13,64), сәлдебоз (6,85), тасатар (21,162), тастабан (15,128), т.б.
15 томдықта жоқ қос сөздер онша көп емес. Олардың саны – 19 ғана. Мысалы: әнші-композитор (28,49), бек-бағлан (19,22), саратан-зауза (15,116), тана-торпақ (49,39), терістік-батыс (21,316), үміт-қиял (34,34), т.б.
Біз іздеп тапқан тұрақты тіркестердің саны да әжептеуір (20 шақты). Әдеттегідей олар күрделі сөздер және фразеологизмдер болып екіге бөлінеді. Күрделі сөздер: атыс нүктесі (29,20), арыс жақ (20,428), жөн сілтеуші (8,19), көн сауыт (19,522), келте жақ (20,428), құм шегіртке (33,133), оттық үй (45,60), сұр тырна (18,55), шолақ қол (9,240). Фразеологизмдер: боз тарлан (29,92), күйректікке салынды (25,34), күй атасы (31,79), кең қолтықтау (9,318), қасқыр жонды (28,29), қараң өшкір (50,65), қалтақ бас (4,102), патшаға сәлем бермейді (37,335), шие көз (32,64).
Айтыңыздаршы, осы сөз тұлғаларының қайсысы бір тілді сөздіктерге (үлкен, толық, академиялық, түсіндірмелі, т.б.) алынуға құқылы емес?! Бәрі де құқылы, бәрі де сөздіктерге алынуға тиісті сөздер. Кейбір мамансымақтар біз он томдықта жоқ деп тапқан жорамалдауымша, қорыққандық, елемегенсі деген сияқты сөздердегі -ым/ім, -қан/кен, ған/ген деген тұлғалар жайында «Бұлар жұрнақтар емес, жалғаулар. Сондықтан, мұндай тұлғаларды сөздіктегі атау сөздердің (реестрлердің) қатарына қосуға болмайды» деп көкезуленуі мүмкін. Рас, -ым/ім, -қан/кен, ған/ген дегендер жұрнақ емес. Сол себепті бұлар туынды сөздер жасай алмайды. Туынды сөздерді жасап тұрғандар – -ша/ше, -дық/дік, -тық/тік немесе -сы/сі жұрнақтары.
-Ша/ше жұрнақтары есім сөздерден туынды үстеулер туғызса (сәбише, көзінше), -дық/дік, -тық/тік жұрнақтары есім сөздерден бірде зат есім сөздер (адалдық, балалық), бірде сын есім сөздер (жастық шақ, жылдық есеп) жасайды. Ал -сы/сі жұрнақтары есім сөздерден туынды етістіктер туғызады. Бір қызығы -ша/ше, дық/дік, -тық/тік -сы/сі жұрнақтары түбір етістіктерге бірден (тікелей) жалғана алмайды. Мыс.: жорамалдау+ша, қорық+дық, елеме+сі т.б. Ол үшін етістік түбірлер алдымен тәуелденіп, септеліп (-ым/ім) немесе есімшеленіп (-қан/кен), есім сөздерге айналып алулары керек. Содан кейін барып, оларға ша/ше, дық/дік, -тық/тік -сы/сі жұрнақтары жалғанады.
Қорыта айтқанда, алдыңғы мақалада көрсетілгендей, біз 50 кітап оқып, олардан 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ 350 сөз тапсақ, бұл жолы тағы да 50 кітап оқып, дәл сондай «жоқ» сөздердің 410-ын тауыппыз. Екеуін қоссақ, 100 кітаптан 15 томдықта жоқ 760 сөз табылғанына көзіміз жетеді. Бұл не деген сөз? Бұл – шындап іздесек, сөздіктерге ілінбей қалған тілімізден әлі де талай сөздер мен талай сөз тіркестерін табуға болады деген сөз.

(Жалғасы. Басы журналдың
2-ші санында)

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!