СҰҢҒАТҚА ҮН ҚАТ

  • 25.03.2020
  • 230 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аян-Сейітхан Нысаналин,
әдебиеттанушы, журналист

Қай тұрғыдан қарасақ та адамзат тарихының ұзынырғасында әшкерелеуге татитын әділетсіздік беттері жетіп жатыр. Дөңгеленген дүние дидарына қара күйе жағылса да одан ешкімді ешқашанда ақтай алмас. Италияда Ренессанстың тамырына балта шабыла жаздап, енді қанат жаяйын деп келе жатқанда Испан конкистадорлары (конкиста-испанша жаулап алу, бас қаратпай отарлау) Америка үндістерін жойдасыз жауыздықпен қырып-жойып қоғадай жапырды. Әлділер әлсіздерді билеп-төстеді. Қол күші азайған соң, алыстағы Африкадан қара құлдарды тасып әлекке түсіп жанталасты. Одан қалыспайын дегендей португал, француз, голланд, ағылшын отаршылары да қылғындырып құрық салды. Үндістердің талғажау етіп отырған бизондарын (жабайы сиырлары) баудай түйірді. Ресей болса ібір-сібірдегі саны аз халықтарды тізерлетіп отаршылықтың табанына салды. Ол аз дегендей қанды көзін Орталық Азияға тікті. Қазақтың ұлы даласына қарай жолбарыс терісін жамылған жалған жиһанкездерді, ғалымдарды, миссионерлер, жансыздар мен әскерилерді қара құрттай қаптатып, бүйірден бүйідей тиді. П.А.Чихачев, И.В.Мушкетов, Н.А.Северцов, П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, Н.М.Пржевальский (генерал-майор) зерттеу мақсатынан туған осындай саяхаттарында астарлы саясаттың салдары жатыр. Итарқасы қиянда жатқан жоталар мен жазықтарды, мұздақтар мен шыңдарды пәленшенің, түгеншенің атымен атады. Қаратау қызғалдағына Григ атын берген. Бұл кәдуілгі тұлпардың тұяғы ерте ертегідегі Кендебай мінген Керқұланы Пржевальский жылқысы атандырды. Иеленетін атың жабайыланып кетсе кім жазықты. Табиғаттың тамыршысы бола білген бағзы ата-бабамыз да жаратылысты аяған болар.
Құдайдың ен-тегін байлығы, орман-тоғайын, ауа, жер-су аттарын андыздады: орыс орманы, орыс аязы, орыс арағы, т.т. тізбектеліп кете береді. Осы да әділдік пе, сонда? Жалпы, адамгершілік әдептен өстіп асуға бола ма? Батыс Шығысқа мұрнын шүйіріп, шікірейіп қарайтынды шығарды. Олар мызғымас мықтылықтармен қатар ойсыраған осал олқылықтарын, жақсылықтан гөрі жамандықтарын басым көрсетті. Тіміскілеп сұғына кірді. Күліп отырып күрсінді. Мүләйімсіп мекіренді. Оқтын-оқтын бас-көтерген ұлт-азаттық көтерілісі тұншықтырылып басылды. 1830-31 жылғы Польшада басталып, Литва, Батыс Белоруссия мен Украинаның оң қанатын шарпыған бостандық үшін қозғалыс аяусыз жанышталды. Император І Николай (Палкин) 1815 жылғы Польша азаматтарын атып, асып, сотталғандарын Қазақстанға жер аударды. Адольф Янушкевичтің (1803-1887 жж.) Омбыда, Густав Зелинскийдің (1809-1884 жж.) Тобылда, Бронислаев Залесскийдің (1820-1880 жж.) Маңғыстауда айдауда болуында сондай себеп-салдары бар. Оған Кирилл-Мефодий қоғамына мүше болып, құпия қатысқаны үшін тұтқындалып, сотталған, Орынбор өлкесіне айдауға жіберілген, Украин ақыны, ірі суретші Т.Г.Шевченко қосылды. Кобзорьдың іс-қағазына І Николай: «Қатаң бақыланып, жазу мен сурет салуға тыйым салынсын» деп бұрыштама қойды. Табиғат пен жамиғат өмірінің сұлулығын тек қана ғашық көз көре алады. Ой өзегіне орала беретін сұңғат-бейнелеу өнері. Сурет салудың жанрларына сыршырай (живопись), кескіндеме (графика), мүсін, миниатюра, тіпті, сәулет те кіріп кетеді. Оған үн қатсақ өнер өрісі одан сайын кеңейе түсетін де. Адам мен жан-жануарларды жан-жақты бейнелеуге тыйым салған исламның бұған еш қатысы жоқ. Біздегі ата-бабамыз кілем, тұскиіз, текемет, түрлі-түрлі ою-өрнек арқылы да арман-мұратын жеткізіп келсе, бұл өнер саласы да көшпелілер ұрпағына жат болған емес. Солар арқылы да бояулар байлығы бар тіршілік тылсымын көрістіріп беріп отырды. Мәселе көркемдік нысанасын қай нүкте мұнарадан көруге байланысты.
Арал теңізін зерттейтін А.И.Бутаковтың «Константин» шхунасына жіберілгенде Т.Г.Шевченко мен оның көмекшісі әуесқой суретші Б.Залесский көзі ашылды деседі. Даланың кермек жусанды иісіне кеуде кере демалып, жұлдызды аспанға тәтті үмітпен қарады. Бірақ, неге екенін қайдам, (әлде сондай құпия тапсырма берілгені ме?) Б.Залесский ылғи зираттар, құлыптастар, молаларды көреді. Соларды салады. «Долы ана мазары», «Ағалар бейіті» және басқалары, жер үсті ескерткіштері мен белгілері о дүниеден сыр тартқандай. 1868 жылы Парижде шыққан кітапша-альбомда «Қазақ әйелі» де күңгірт көріністерге толы. Көлеңкедегі кескін ешқандай жылт ететін өмірден елес беретін сұрқай сурет көзге ұрады. Оны бұған кім итермеледі?
Әлде адаммен бірге күнес пен көлеңке қабаттасып еріп жүре ме?
1846 жылы жазда Жетісуға қарай қазақтардың малы мен жанын санауға шыққан топқа қосылып, Адольф Янушкевич ұлы даланы басқа қырынан көріп, Құнанбай мен Барақ сұлтанның кісілік келбеті мен дарабоз дарынына сүйсініп, Орынбай мен Жанай ақындардың қуатты сөз саптауларына қайран қалып, зағип ақын қыз Жазира (ол кім?) жайында хабардар етеді.
«Өзім ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен, тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда, Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Ал, бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен өзімді тәнтті етті. Сонда, бұлар тағы, жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан, басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қасірет дарытқан өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады. Сормаңдай құл-құтандарды менсінбейтін Үндістан жоғары касталары сықылды өзіне жоғарыдан қарайтын халық арасынан бұл көшпенділердің де құрметті орын алатын кезі келеді» деп жазды, қырдағы досы Г.Зелинскийге толқып. Бұл Адам Мицкевичтің «Бауырлар» поэмасындағы бас кейіпкер төңкеріскер сөзі десек те азаматтық биік ұстанымы көрініп тұрған жоқ па? (А.Янушкевич. «Күнделіктер мен хаттар», Алматы «Жалын», 1979 жыл).
Орыстың ғажап жазушысы И.С.Тургенев 1863 жылы сонау Баден-Баденде жүріп, сырлас досы П.В.Анненковқа: «…Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласынан жазылған хаттары» поляк тіліне аударылып, басқадай бір журналда жарияланбады ма екен, біліп беріңізші (бұл аса қажет!)» деп қиылып хат жазуы кездейсоқ жай деп ойламаймын.
Б.Залесскийдің де өз биігінен түспеуі керек еді. Бірақ, оның да қаламының желі бар. Әйтпесе, бүйтіп жазбаған болар еді: «Егер, көне дүние әлемі осынау мекенді тозақтың төрі деп белгілеп, мұнда мекендейтіндердің тұлғасынан жартылай адам, жартылай жылқы кейіптегі адамзатты-кентаврды танығысы келгенді сендірер болсақ, онда қазір бұл теңеудің дұрыстығын мойындаған жөн.
Қазақты ат үстінде тану қажет. Жер түбіне дейін шаршамай-шалдықпай ат үстінде жүре береді. Қазақтар осы ер үстінде жаралғандай көрінеді… Қазақтар арабтар сияқты жылқы жаратушысындай табынып, тұқымын асылдандырмағанмен өмір тіршілік тірегіне айналған жылқысыз өмір сүре алмас еді!»
Немесе: «Әдемі маусым – көктем. Бұл кезде даланың көптеген жерінде жұлдыздай жарқыраған сарғалдақтарымен араласа шөптер қалың өседі. Мыңғырған малдың бүйірлері шығып, иелерін де тойдырар еді. Жыртылып айырылған құс өзен-көлдердің бетін жауып, бәрі де жаңа тіршілік ауасымен тыныстайды. Жаз айларында күн жалын атқан лебімен бәрін де күйдіріп, құмға көмілген жұмыртқаны пісіріп шығарады. Бұлақтар суалып, өзендердің кенезесі кебеді. Тіршілік атаулы бір тамшы нәрсеге зәру. Күз болса жұмсақ та жайдары, кейде, тіпті, бұлақтар мен жылғалардың жағасын жасыл түске бояп, қатал қыс алдында адамзатқа тағы бір жайдары күндерді сыйлағысы келгендей көрінеді. Бұл жердің аязы қатты, қары қалың келеді. Шексіз жазирада бөгесін көрмей еркін жортқан жел долы боранды ойнатып кеп жатқаны. Тіршілік атаулының бір тағдыры аяздың қаһарына қарап қалғандай.
Алайда, даланың суретшілері мен ақындарын тәнті етер ғажайып бір түлеу сәттері де болады. Көптеген жерлерде қатты ыстық түскен кезде бұлдыр сағым ойнайды. Бүкіл дала бұл сәтте түрленіп сала барады. Көкжиектен тау көрініп, ғимараттар бой көтереді, жарқырай көрінген көлдерге аралдар жүзіп, ормандар суға төніп ойланады. Осы бір теңдессіз ғажайып көрініс сәулемен ойнап, бірде жақындаса, бірде алыстай түседі, сөйтеді де ауаға сіңіп, жоқ болып кетеді» (Бронислав Залесский. «Қазақ даласының өмірі», «Аударма», Астана, 2003 жыл, 16-бет).
Сырт көз көбінесе сынап, мінеп отырады. Б.Залесский қанша тырысқанымен қазақ жанына терең бойлай алмағаны байқалады. Аракідік шалағай ой-пікір айтып, тіл тістеткізеді. Қыр бейнесін қылқалам құдіретімен жеткізе алмағаны сондықтан деген ой көңілге көлеңке түсіреді.
Түз бен теңіз мінезін жанталаса зерттеуден жарты ғасыр бұрын Орынбордан Хиуаға бара жатып, елшілік құрамында болған барон, орыс бас штабының офицері Е.К.Мейендорф өз әсерін былай баяндайды: «Я рассказал сопровождающим нас киргизам о следах воды на Сары-булаке, и они меня уверяли, что их отцы еще видели как Аральское море до этого холма, ныне удаленного от моря на 60 верст. Впоследствий я слышал об этом еще много раз, считаю этот факт несомненным: он доказывает, в каких значительных размерах и как быстро происходит отступление Арала».
«Киргизы (казахи – А.Н.), горещиеся тем что они обладают такой большой рекой, как Сырдарья, считают земли, орашаемые ее водами, степным раем. Холода здесь не такие резкие, как на берегах Илека, Ора, Иргиза, в горах Мугаджар и Уркач и песках Каракум, морозы никогда не бывают настолько сильны, чтобы от них погибал скот и страдали люди. Поэтому зимовать на берегах Сырдарий для них – истинное наслаждение. Но вот уже шесть лет как богатые киргизы лишены этого удовольствия, так как хивинцы, их враги повадились сюда. Киргизы так же любят зимовать в камышах, достаточно густых, чтобы защищать от бурана», – дейді тағыда сол сөз майын тамызып 1826 жылы неміс және француз тілдерінде жарық көрген еңбектерінде.
Эти кочевники склонны к меланхолии, и ропот реки быстрых вод Сырдарьи доставляет им необычайную радость. Вед ничто так не располагают к мечтательности, как шум речных волн, текучих, подобно времени с монотонной быстротой. Часто ночью на камне, они смотрят на луну и поют грустные песни. В этих песнях рассказывается об историческом прошлом киргизов, о славных подвигах народных героев. Эти поэмы обычно исполняются, однако, только, профессиональными певцами. Я очень сожалею, что мне не довелось слышать эти песни». Е.К.Мейендорф жүрген жерін шұқшия зерттеп, байыпты түйін түйеді: «Однако некоторые видят причину высыхания в том, что на берегах Кувана для облегчения обработки земли была сооружена деревянная плотина поперек Джанадарьи, в том месте она отделяется от реки. Другие утверждают, что Джанадарья была засыпана песками Кзылкумов, и это более правдоподобно»…
Қылыштың жарқылы, зеңбіректің зіркілі, қарша бораған оқ шырын қиял құшағындағы өмір жырының шырқын сан рет бұзды. 1904-1905 жылдары орыс-жапон соғысы бұрқ ете қалды. Менменсіген Ресей жеңіліп қалды. Тынық мұхиттың Цусимо аралындағы 2-теңіз эскадрилиясын күншығыс елі талқандады. Порт-Артурға жақын маңайда жарылған «Петропавловск» броненосецінде адмирал С.О.Макаровпен бірге болған орыстың баталист суретшісі Василий Васильевич Верещагин де қаза тапты. Ол бұған дейін Үндістанда, Болгарияда болып, бірнеше қылқалам тартты. И.Е.Суриков, В.Ч.Васнецов, В.Е.Маковскийдің ізбасары деп аспандатқанымен ол қылқалам қуатын барынша аша алмай кетті. Шеберлік шыңына көтеріле алмады. Екі рет 1867, 1869-1870 жылдары Түркістан өлкесінде саяхаттап, «Шу өзеніндегі қазақтардың киіз үйі», «Қазақтың бай аңшысы» суреттерін салды. Оның «Тәж-Махалы» сияқты (1874-1876 жж) үстірт сырттай қызықтаудан аспайтын туындылар. Басы ауырмай, әй, осыны да бір көрсете салайын дегендей. Бұл көп жыл кейін айналымға түскен фотографияның жұмысы мен міндеті еді.
Ал, Тарас Григорьевич Шевченко туралы сөз басқа. Бір кездері Алматыда оның атындағы галерея болды. Абай, Құрманғазы, Жамбыл және Төле билермен жарыстырып оған көше берді. Көрнекті жерге оның кеуде мүсіні орнатылып, өткен мен кеткендер қызығып қарайтын күйге жетті. Бұның бәрі дарабоз дарынға деген халық сүйіспеншілігінің нышаны. Украинаның ұлы ақыны, ұлы суретшісі «Гүлшырай Украина» топтамасындағыдай бар қабілет-қарымын қазақ даласында айдауда жүріп көрсете алмады. Бәлкім, бұған үздіксіз бақылау да болғаны әсер еткен шығар. Сол себепті, сахара өмірін жырлайтын «Байғұс балалар», «Келі түю», «Мысықпен ойнаған қазақ баласы», «Қазақ қызы Катерина» шабыт шуағы шашыраса да бұл шығармалар кезеңдік мән-мағына, сын-сыпатқа ие екеніне ешкім дауласа қоймас. Өйткені, оның көрген-білгені үнемі жоқшылық. Қаршадай Тарас әке-шешесінен ерте айырылып, жетімдіктің тақсіретін тартты. Жиырмадан асқанша құлдық қамытын киді. Егер, асқан ақын В.А.Жуковский, саңлақ суретші К.Брюллов, А.Венецианов болмағанда оның арғы тағдырын елестету өте қиын. Өзі де маңдайын тауға да, тасқа да ұрып жүріп, асыл мұрат іздеді. Тұтқыннан Санкт-Петербургке оралған соң Н.Г.Чернышевский тобымен, «Современник» журналының айналасындағы озат ой иелерімен жақындасты.
«У Шевченко весь круг его дум и сочувствия, – деп жазды Н.Добролюбов қарыз қалмай, – находится в современном соответствии со смыслом и строем народной жизни. Он вышел из народа, жил с народом, и не только мысленно, но и обстоятельствами жизни был с ним крепко и кровно связан» деді.
Қаншама ұрыншақ уақытқа тап келіп, қым-қуыт қиыншылық көрсе де Т.Г.Шевченко азаттық, бостандық, тәуелсіздік жолындағы азаматтық ұстанымынан айныған жоқ, одан қайтпады. Қайда да отқа да, суға да салып өзін аямай қамшылады. Ол өлерінен аз бұрын «Күнделігімен» былай сырласты. «Я благоговею перед Салтыковым. О, Гоголь, наш бессмертный Гоголь! Какою радостью возрадовалась бы благородная душа твоя, увидя вокруг себя таких гениальных учеников своих. Други мои, искренние мои! Пишите, подайте голос за эту бедную, грязную, опаскуженную чернь! За этого поруганного, бессловесного смерда!»
…ХХ ғасырдағы заман зобалаңы мен зұлмат қасіретін тарту біздің тар маңдайымызға жазылғандай.
Кеңес дәуірінің өзінде И.В.Сталиннің қатал пәрменімен Қан тауының халықтары: шешендер, малқарлар, қарашай мен әзербайжандардың, месхеттер мен күрділердің атамекенінен айырылып, немістерді Еділ бойы мен кәрістерді Қиыр шығыстан күштеп, зорлап Қазақстанға көшіруі қай ақылға сияды? Қазақтың досынан гөрі жауы көп. Оның өткен өмірі (болмысы биік бола тұрса да) осылай бейнеленеді. Рухты оятып, қайрат-жігерді шарболаттай қайрап, жауһардай жанып, жанына нәр мен әр беретін шоқтықты, сүйекті шығармалар азайып бара ма? Бұқара қалың ұйқыға кеткендей селт етпейді. Тар жол, тайғақ кешудің қиын-қысталаңында өз құдірет күшіне сеніп, қыран қанатыңды қамдап қияға кең сермеп, тұлпарларың аламан бәйгеде топ жарып келе бергей, еңсесі биік елім! Даланың жұлдыз жауған жолдары бәрібір бақытты болашаққа апарады.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!