ПРОФЕССОР РӘБИҒА СЫЗДЫҚ ЖӘНЕ ЕМЛЕ МӘСЕЛЕСІ

  • 25.03.2020
  • 153 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Назира Әміржанова,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
бөлім меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты

2006-2008 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімі «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде негізгі даму үрдістері мен бағыттары» бағдарламасы аясында ф.ғ.д. Қ.Күдеринованың жетекшілігімен «Қазақ жазуының қалыптасу кезеңдері мен даму жолдары» атты іргелі зерттеу жұмысы жүргізген болатын. Зерттеуде қазақ мәдени өмірінде қолданылған жазу түрлері, жазу түрлерінің ерекшеліктері, даму жолдары қарастырылды. Аталмыш жоба бойынша қазақ жазуының теориясы көне түркі, араб, төте, латын, орыс графикасы бойынша тұжырымдалды. Қазақ қоғамында қолданылған әліпби түрлері мен ұстанылған емле ережелері талданып, болашақ латын әліпбилі қазақ жазуының емлесі қандай болмақ деген сұраққа да жауап іздестірілген болатын. Осы мәселеге байланысты (2008 жылы) академик Р.Сыздық өзінің қорытынды есебінде латын жазулы қазақ емле ережелерінің жобасын жасауда ескерілетін негізгі талаптар мен ескертулерді атап өткен болатын.

Ғалым өз сөзінде «Соңғы 15-20 жыл барысында үздіксіз айтылып, ауық-ауық белсене кірісіп кетіп отырған іс-қарекетіміз – бүгінгі қолданылып отырған жазу – кириллицаны өзге жазу – латынға ауыстыру проблемасы екені аян. Бұл жазуға арналған емле ережелерінің қазіргіден өзгеше болады (болуға тиіс екендігі)… Дәл қазір оның баптарын тізіп толық кодексін ұсыну қиын, өйткені, алдымен графиканың қазақ тіліне сай нақты әліпбиі түзілген жоқ» деген-ді. Шындығында да, ғалым айтып өткендей, орфографияны болжау үшін әліпби қажет. Ғалымның бұл сөзінен әліпби дұрыс болса, орфография да дұрыс болмақ дегенді де түсінуге болады. Жоғарыдағы ғалымның «емле ережесі қазіргіден өзгеше болмақ» деген сөзіне де ерекше назар аудару қажет деп білеміз. Біздіңше, латын әліпбиіне көшу тек әріп ауыстыру емес, бұл түбегейлі тілдік реформа.
2018 жылдың ақпанында жаңа әліпби бекіп, осы жылдың қаңтар айында жаңа емле мақұлданды. Емленің алғашқы жобасы Ұлттық комиссияда мақұлданып, алғашқы жобасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Емле ережесі жарияланған күннен бастап, қазақ жазуының болашағы ғылыми ортада қызу талқыланды. Қызу талқыға негіз болған тілдік проблемалар туралы бұдан он жыл бұрын профессор Рәбиға Сыздық өзінің іргелі зерттеу қорытынды есебінде емле ережесін екшеуде негізге алынатын концептуалды ойларын жазған болатын. Қазақтың маңдайалды грамматологының концептуалды ойлары қазіргі кезде орфограммаларды жаңа емле бойынша кодификациялауда аса құнды болады деп сенеміз.
Профессор Р.Сыздық біріншіден, «латынәліпбилі жазуда қазақ тілінің өзіне тән ерекше (ұлттық) дыбыстардың таңбалары (ә, ө, і, ұ, ү, қ, ғ, ң) түгел болуға тиіс. Бұл жағдайда осы әріптердің жазылуына байланысты емле баптары негізінен сақталады, тек иллюстративтік материалдары (мысалдары) өзгертіліп, қысқартылып, толықтырылып берілуі мүмкін» деген сөзіндегі «қазақ тілінің өзіне тән ерекше дыбыстардың таңбалары түгел болуға тиіс» деген ойы әліпби құруда ең маңызды принцип болып табылады. Проф. Р.Сыздық көрсеткендей, жаңа емледе әріптердің емлесіне қатысты біршама баптар кириләліпбилі жазудағы дәстүрді сақтады.
Екіншіден, проф. Р.Сыздық «Кириллица мен емле жазуына бірдей келетін тақырыптарға қатысты емле баптары да негізінен сақталады, яғни, қос сөздердің бөлек жазылатын сөздердің, бірге жазылатын сөздердің, шылау сөздердің, бас әріптің жазылуына қатысты ереже баптары көп өзгермейді. Тек бөгде тілдік сөздерге қосымшалардың жазылуына байланысты бірді-екілі өзгеше баптар мен ескертулер болуы мүмкін» деп арнайы көрсетеді. Ғалымның бұл болжамы ақталып отыр. Жаңа емле ережелерінде ғалым көрсеткен тараулар жазу практикасында қиындық туғызған мәселеге байланысты жаңарды.
Үшіншіден, «Кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады» деп көрсеткен. Айта кетерлік жайт, Р.Сыздықтың «бөгде тіл» деп отырғаны шеттілдік сөздер. Жаңа емледе шеттілдік сөздерге қосымша жалғануына байланысты көп болмаса да өзгерістер бар. Мысалы, «Сөз соңындағы -нг әріп тіркесі ń әрпімен жазылады, қосымшалар үндестік заңына сәйкес жалғанады: boýlıń (-niń, -ge, -i, -der), brıfıń (-niń, -ge, -i, -der), reıtıń (-niń, -ge, -i, -der)» деген жаңа ереже кирилден өзгеше. Кириләліпбилі қазақ жазуында брифингіге болса, латынәліпбилі жазуда brıfıńge.
Проф. Р.Сыздық «кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады» деп көрсетеді. Қазіргі кезде емле ережелерін кодификациялау барысында осы проблема ең үлкен әрі айтыс-тартыстарға негіз болып отырған басты проблемалардың бірі. Бір топ ғалымдар шеттілдік сөздер айтылым заңдылықтарына негізделіп жазылу керек десе, екінші бір топ ғалымдар кириләліпбилі жазу бойынша қалуды жөн деп санайды. Р.Сыздық өзінің зерттеуінде шеттілдік сөздер дәстүрлі нормамен жазылу керек дей отырып «сөз басында не соңында келетін екі дауыссыз дыбыстың не алды-артынан ы, і әріптері жазылмайды. Мысалы, prezident (pіrezidenіt, не pіrezident емес), student (іstudent, ystudent istudenіt емес), sport (ьsport емес), kristal (kіristal емес), matros (matьros емес), març (?) (бұл сөздегі ш дыбысының латынша таңбасы әзірге дәл жазылып тұрған жоқ) (marьç емес), traktьr (tьraktьr емес)» деп көрсетеді. Жаңа емлені екшеу барысында шеттілдік сөздерді қазақ тілінің заңдылығына бағындыру не кирилдегі базалық норманы сақтап жазу мәселесі пікірталастарға негіз болып отырған ең негізгі мәселе.
Р.Сыздық «Бөгде тілдік (араб, парсы, орыс) сөздерде қазақ тілінің үндестік заңдары сақталмайды, яғни, жуан-жіңішке болып келетін аралас буынды сөздердің орфограммасы орын алады. Сингармонизм заңдылықтары кейбір біріккен сөз, қос сөз сияқты қазақ сөздерінде де сақталмайды. Мысалы, бүгін де кириллицамен көгал, келсап, бесатар, баспасөз, Гүлшат, Ерболат түрінде аралас буынды жазылып жүрген сөздер латын әріптерімен осылайша үндестік гармониясы жоқ аралас буынды болып жазылатын болады». Ғалымның бұл пікіріне толық қосыла отырып, үндесім табиғаты төл сөздермен байланысты деп айтқымыз келеді. Ал, шеттілдік сөздердің барлығы бұл табиғатты (заңдылықты) толығымен қабылдай алмайды. Бұған дәлел, орыс тілі арқылы кірген сөздер ғана емес, әбден сіңісіп кеткен араб-парсы тілінен енген кітап, мұғалім сияқты сөздерді де жатқызуға болады. Шеттілдік сөздердегі екі дауыссыз аралығында, қатаң дауыссыз дыбыстардың алдынан не соңынан естілетін ы мен і дыбыстарын қалдырмай таңбалау сөздің түрлі жазылымына әкеледі. Латынәліпбилі жазуға көшкен әзербайжан тілінде шеттілдік сөздерде естілетін дәнекер ы, і дыбыстары барлық позицияда таңбаламайды. Шеттілдік сөздердегі е, и дыбыстарын әзербайжан тіліне икемдеуде е-ні – і әрпіне, и-ді – і-ге алмастырады. Мысалы: министр – minister, печенье – рicine. Ал, естілген барлық жерде ы мен і әрпін жазбайды. Мысалы: пластик – plastik, шпион – şpion, шплинт – şplint, шпон – şpon, шпонка – şponka, литр – litr, хлор – xlor, дендрит – dendrit, дендролик – dendroliq, дендрометр – dendrometr түрінде жазылады. Айта кетерлік жайт, Р.Сыздық өзінің емле жобасында ц әрпін тс, сөз басында с әрпімен жазуға болады деп синк (цинк), аксиа (акция), еволутсиа (эволуция), ратсиа (рация) мысалдарын береді. Қазіргі емледе ц әрпі барлық позицияда s әрпіне алмастырылады деп берілген. Сонда вице-президент сөзі жаңа латынмен vise-prezident болмақ. Әзербайжан тілінде тағылымын ескерер болсақ, онда барлық позицияда s әрпі, бірақ вице-министр сияқты сөздерде тc әріп тіркесі арқылы vitse-minister жазылады деп көрсетілген.
Емле ережелерін кодификациялау барысында сөздердің соңғы буынындағы екі дауыссыз дыбыс арасында келген о дыбысының жазылуына байланысты көзқарастар екі түрлі. Бірі қазақша айтылым бойынша директор, профессор, автор сияқты сөздердегі о әрпінің орнына ы әрпін жазу керек десе, екінші бір тобы бұл пікірге келіспей докторантура сияқты сөздерді мысалға келтіре отырып, бұл ереже барлық позицияға сәйкес келмейді, сондықтан бұрынғы жазу дәстүрі бойынша -тор формасын сақтау керек дейді. Ал, проф. Р.Сыздықтың бірнеше жыл бұрын жазылған зерттеуі бойынша екпін түспейтін сөздерде ы болып жазылуы керек деп көрсеткен екен. Мысалы: redaktьr (redaktоr емес), автыр (аvtor емес). «Қазақ сөздеріндегі о дыбысы соңғы буындарда келмейді, біріккен сөз, қос сөздерде келсе, ол өзгертілмей о түрінде жазылады: қолма-қол (қолмақыл емес), аяқдоп (аяқдып емес). -қой, -қор жұрнағымен келген сөздерде де соңғы буындағы о дыбысы өз қалпында айтылады: әзілқой (әзілқый емес), шайқор (шайқыр емес). Осы заңдылықты білетін, бірақ орыс тіліндегі айтылуын білмейтін қазақтар avtor, redaktor деп, соңғы tor буынын ашық толық айтуы мүмкін. Бұл тәрізді ереже ерекшелігі сөздерді дұрыс жазумен қатар, дұрыс айтуға да септігін тигізуі үшін алынуы тиіс» деп көрсеткен болатын.
Сонымен қатар ғалым қазақ әліпбиінен алынған әріптерге (я, ю, ц, щ, ь, ъ…) арналған жеке баптар емле ережесінде көрсетілуі тиіс, бұл өзге тілдік сөздердің дұрыс жазылуы үшін аса маңызды болмақ деп санайды. Қазіргі кезде жаңа емле ережелерін әзірлеу барысында әліпбиден алынған шеттілдік кірме элементтердің жаңа ережеде арнайы баптар арқылы берілмеу керек деген пікірлерге Р.Сыздықтың бұл концептуалды тұжырымы жауап бола алады деп ойлаймыз. Әзірленіп жатқан Ереже баптары «өтпелі кезеңдегі» ереже болғандықтан я, ю, щ, ц сияқты әріптердің жаңаша жазылымы жеке-жеке ереже баптары арқылы берілуі тиіс деп білеміз.
Ғалым өзінің емле жобасында «ІІ Дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы» атты тараушада б, в, г, д әріптері сөздің басында, ортасында және орыс тілінен енген сөздердің соңында жазылады деп көрсетеді. Қазіргі кезде осы мәселеге байланысты пікірлер бар. Кейбір ғалымдар шеттілдік сөздердің жазылымы толық «қазақилық» сипат алуы керек, қазақ тілінің заңдылығы толық сақталуы керек деп шеттілдік сөздердің соңында келетін б, г әріптерін жазбай, оның орнына қазақ тілінің айтылым заңдылығына сәйкес п, к дыбыстарына алмастыру керек дейді. Мысалы: клуб сөзін кылуп, педагог сөзін педагок, т.б. Р.Сыздықтың пікірінше, шеттілдік сөздердің түбір тұлғасы сақталуы керек. Себебі шеттілдік сөзге қосымша жалғанғанда негізгі фонеманың түрін жазбай айналып кетпейтініміз хақ. Мысалы, педагок болғанымен, педагокика болмайды, клуп болғанымен клупына болмайды. Бұл ереже қазіргі қабылдану алдында тұрған жаңа емледегі ережемен үндеседі. Сонымен қатар ғалым сс, мм, лл, тт, фф, нн, бб, рр, пп, гг, дд, кк, уу дыбыстарын білдіретін әріптердің бірі түсіріліп жазу керектігі туралы ережесі қазіргі жаңа емледегі ережемен сәйкесетінін көрсеткіміз келеді. Ғалым «§18. Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен орыс орфографиясы бойынша, ал қазақ әліпбиінен шығарылған әріптермен келген сөздер ол дыбыстардың таңбасын алмастыратын әріптермен жазылады. Мысалы: вагон, гидрологийа, биологийа, комитет, агроном, агротехника, педагог, медитсина, спорт, хирург, конститусиа, клуб, кино, радио, адвокат, ракета, молекула, буджет, кредит, банк, транш» дей отырып, осы ереженің ескертуін былай береді: «сс, лл, кк, тт сияқты біркелкі екі әріппен келген кірме сөздердің соңындағы қос әріптің біреуі түбір түрінде де, қосымша жалғанғанда да түсіріліп жазылады. Мысалы: прогрес – прогреске, метал – металдар, грам – грамы, бал (баға) – бес балдық жүйе, Донбас – Донбастан».
Төртіншіден, тіл білімінде ауызша және жазбаша тілдің өз нормасы мен жүйесі болатынын, сондықтан оларды бір-біріне айналдырып алып қолдану керектігін өзінің жазуға қатысты еңбектерінде дәлелдеген Р.Сыздық жазба тіл мәтінін сол қалпы қайталамай, ауызша тіл тезіне салып оқу керек дейді. Ғалым осы концепциясы негізінде «-йы, -йі дыбыстар тіркесі мен ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің -и жұрнағы жалғанғанда, соңғы ый, ій әріптерінің орнына бір ғана и әрпі жазылады. Мысалы: байы+й+ды – байиды (байыйды, баиды емес), кейі+й+ді – кейиді (кейійді, кеиді емес), оқы+й+ды – оқиды (оқыйды емес), ірі+й+ді – іриді (ірійді емес), суы+й+ды – суиды (суыйды емес), мойы+й+ды – мойиды (мойыйды, моиды емес), шірі+й+ді – шіриді (шірійді емес), құры+й+ды – құриды (құрыйды емес) деп көрсетеді. Жаңа емле ережелерін саралау барысында кейбір ғалымдар ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің -й жұрнағы жалғанғанда, негізгі түбір сақталып жазылу керек деген пікір айта отырып, оқыйды, ірійді деп жазуды ұсынады. Біздіңше, «түбірді сақтау» жазылым жүйесі қабылданар болса, -й дыбысына бітетін етістіктерге жалғанатын тұйық райдың -у жұрнағы мен көсемшенің -а жұрнағын қабылдайтын буынның да түбірі сақталуы керек. Сонда қи емес – қыйу, жи емес жыйу болмақ. Ал ый немесе ій арқылы жазу не жазбау мәселесі 1920 жылдан бастап қазіргі кезге дейін талқыланып келеді. Бұл қазақ грамматологиясының ең өзекті әрі бірбайламға келмеген проблемаларының бірі. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, кирил әліпбиіне көшкеннен кейін орыс графикасы негізіндегі қазақтың жаңа әліпбиі мен орфографиясы жобасы СССР Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының қазақ тілі секторы С.А.Аманжоловтың басшылығымен жасалып, емле ережесінің талқылауға ұсынылған ресми нұсқасы 1953 жылы газет бетіне жарияланды. 1956 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінде Е.Қуанов өзінің «Қазақ алфавиті мен орфографиясын жетілдіре түсейік» атты мақаласында қиын/қыйын, жиын/жыйын, құриды/құрыйды сияқты жазылымының нормалануына тікелей ықпал еткен оқу-педагогика баспасының редакторы Р.Сыздық деп көрсетеді.
Сонымен қорыта айтқанда, жоғарыдағы санамалап көрсетілген мәселелерді профессор Р.Сыздық жаңа латын жазулы емленің ең негізгі көңіл аударылатын сәттері деп санайды. Орфографиялық қағидалардың толық кодексін түзген кезде орфография саласының дамуы мен қалыптануына бірнеше жылдарын жұмсаған, қазақ грамматологиясының негізін қалаушы, қазақ тілінің дұрыс жазу қағидаттарының қыр-сырын, оның қат-қабаттарын саралап, емле заңдылықтарын ғылыми тұрғыда жүйелеген ғалым апайымыздың жоғарыдағы концептуалды ойларын емле ережесін бекіту барысында естен шығармауымыз керек деп ойлаймыз.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!