БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ТИІС

  • 28.03.2020
  • 105 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» журналы
бас редакторының орынбасары,
әлеуметтік ғылымдар магистрі

ХХІ ғасыр әлеуметтану ғылымына үлкен талаптар қойып отыр. Бүкіл адамзат қоғамы түбегейлі өзгерістер жолына түсті, жаһандық үрдістер басымдық алды, экологиялық, демографиялық, әлеуметтік мәселелер өткірленді, адам тұлғасының даралығы айшықтала түсті, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жіктелуі күшейді, геосаяси мүдделер тартысы басталды, ақпараттық технологиялардың салдары өзгерді. Бұл үрдістерден Қазақстан да тыс қала алмайды, сондықтан, елімізде терең әлеуметтік-экономикалық реформалар, қоғам дамуына ықпал ететін стратегиялық міндеттер анықталды. Осыған орай әлеуметтанулық зерттеулердің аясы кеңейе түсті, олар қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтитын болды.

Қазіргі қазақстандық қоғамда әлеуметтік-экономикалық дамуды оңтайлы жүзеге асыруда әлеуметтану ғылымының мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану – қоғамның тұрақты дамуының бір алғышарты. Әлеуметтік ғылымдар заманауи қоғамның және әлеуметтік білімнің талаптарына неғұрлым сәйкес келетін әдіснамалық тәсілдерді қолдана отырып, түрлі проблемаларды болжауға, олардың алдын алуға және шешімін табуға ықпал етеді. Осы тұрғыда әлеуметтанулық ғылыми-зерттеулердің атқаратын рөлі ерекше. Әлеуметтану ғылымының негізін салушы ғалым О. Конттың сөзімен айтқанда, «ғылымның міндеті әлеуметтік заңдарды зерттеу болып табылады, өйткені, оларды білу ғана оқиғалардың алдын алуға, болжауға мүмкіндік береді, біздің іс-әрекетімізді қажетті бағытқа салуға көмектеседі».
Әлеуметтанулық зерттеу логикалық дәйекті әдіснамалық, әдістемелік және ұйымдастыру-техникалық процедуралардан тұратын, өзара бір мақсатпен – зерттелетін құбылыс туралы шынайы мәліметтер алу және оны кейіннен практикада қолдану мақсатымен байланысқан үдеріс. Дж.Коулменнің рационалды таңдау теориясы бойынша, әлеуметтік теориялар саласындағы жұмыстарды бағалаудың өлшемі олардың әлеуметтік саясат үшін пайдасына негізделуі тиіс деген қағидасы бар. Бұл ұстанымға сәйкес, кез келген әлеуметтанулық зерттеу қоғамда орын алған қандай да бір әлеуметтік мәселені қозғап, оны зерттеу, шығу себептерін ашу, талдау және оның шешудің жолдарын ұсынуға арналады. Сол себепті ең алдымен «әлеуметтік мәселе» ұғымын анықтап алу қажет.
Әлеуметтік мәселелер ғылыми термин ретінде алғаш рет әлеуметтік ғылымдар дискурсында ХІХ ғасырдың ортасында Еуропада пайда болды. Бұл терминмен баршаға бұрыннан белгілі қоғамдық кеселдерді: кедейлік, аурулар, ашаршылық, жұмыссыздық, жезөкшелік және т.б. белгілеу үшін қолданды. Адамның қоғамда лайықты өмір сүруге деген құқықтары туралы ағартушылық идеяларының ықпалымен аталған құбылыстардың орын алуы әлеуметтік теңсіздікпен байланыстырылды, ал, оларды жою арнайы саясатты айқындау және әлеуметтік реформалар жүргізу, қоғам қайраткерлерін қатыстыру жолымен жүргізілетін міндет деп танылды.
ХІХ-ХХ ғасырларда әлеуметтік проблемаларды зерттеу және олардың шешімін табуға ұмтылыс әлеуметтанудың дамуына үлкен ықпал етті. Бұл үдеріс әлеуметтік мәселелердің туындау себептерін түсіндіретін және олардың көріністерінің алуан түрлі формаларын сипаттайтын әлеуметтанулық теориялардың құрылуына және жинақталуына алып келді.
Әлеуметтік проблемалар жұмыс-шылардың еңбек жағдайының жиынтығы арқылы қарастырылды және екі мағынаны қамтыды: «қоғам проблемалары», яғни, қоғамдағы белгілі бір жағдайды туғызған мәселелер (өмір сүрудің төмен деңгейі, жұмыссыздық) және «жағдаятқа байланысты проблемалар», яғни, жеке басқа қатысты қалыптасқан мәселелер (науқастану, мүгедектік, асыраушысынан айрылу және т.б.). Бірақ осы екі жағдайда да әлеуметтік проблемалар нақты өмірде бар теріс жағдаяттар ретінде қабылданады және оларды жою бүкіл қоғамның күш жұмылдыруын талап етеді. Әлеуметтік реформаторлар қоғам проблемаларын еңбекшілердің құқығын қорғайтын жаңа заңнама енгізу жолымен шешу қажет деп тапты. Осындай идеялар дами келе ХХ ғасырда жаңа әлеуметтік институт – әлеуметтік саясаттың пайда болуына алып келді.
Әлеуметтік мәселелер әлеумет-тануы-ның шетелдік практикасына назар аударатын болсақ, «әлеуметтік проблема» ұғымының түрлі түсініктері бар. Соның ішінде жалпыға бірдей қабылданған Е.Рубингтон мен М.Вайнбергтің анықтамасы мынадай: «әлеуметтік мәселе – индивидтердің басым көпшілігінің құндылықтарымен сәйкес келмейтін және оны өзгерту мақсатында әрекет ету қажеттігін талап ететін жағдаят». Мұны ғалымдар былай сипаттайды: а)бір топ проблема деп бағалайтын, ал, басқалар жоққа шығаратын жағдаяттың болуы; ә) жағдаяттың қоғамда қабылданған құндылықтарға сәйкес келмеуі; б) жағдаятты проблема деп бағалайтын адамдар; в) жағдаятты өзгертуге, белгіленген әлеуметтік мәселенің шешімін табуға шақыру. Осылайша, Е.Рубингтон мен М.Вайнбергтің тұжырымдары әлеуметтік мәселелерді тіркеуге және оның объективті шарттан (жағдаяттан) және оның субъективті анықтауышынан (жағдаятты проблема деп бағалайтын индивидтер тобы) тұратын құрылымын анықтауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік мәселелер қазіргі кезең үшін де өзекті. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан қоғамымызда көптеген аса өзекті әлеуметтік мәселелер бар және оларды зерттеу, шешімін табу әлеуметтік мәселелерді шешудің әлеуметтанулық тәсілдеріне назар аударуды талап етеді. Сол себепті соңғы кезде әлеуметтанушы ғалымдар әлеуметтік мәселелерді шешу саласындағы концептуалды әзірлемелерге көп көңіл бөле бастады. Мұндай әзірлемелер қалыптасқан жағдаятқа жауап бере алатын тәсілдерді тұжырымдауға мүмкіндік бере алады. Әлеуметтік мәселелер әлеуметтануында әдіс-тәсілдерді орынды қолдану зерттеудің соңғы нәтижесінің сапасына ықпал етеді. Әлеуметтанулық зерттеулер қоғамда жүріп жатқан үдерістердің мән-маңызын, олар тудырған әлеуметтік мәселелерді анықтауда тиімді екенін және оның нәтижелерін басқару шешімдерін қабылдауда ескеру қажет екенін дәлелдейді.
Мәселен, белгілі әлеуметтанушы ғалым М.Садырова әлеуметтік зерттеулер негізінде Қазақстандағы индустриалды-инновациялық дамудың нақты ерекшеліктерін ажыратып, қалыптасқан жағдайды жетілдіру жолдарын ұсынады. Автор өз зерттеуінде сарапшылық сұрау салу әдісін, анкеталық сауалнама және жеке сұхбат алуды қолданған. Зерттеу барысында сарапшылар еліміздегі инновациялық үдерісті дамытудағы негізгі кемшіліктерді көрсетеді, олар: жоғары кәсіби білікті техникалық кадрлардың тапшылығы; кәсіпорындардың бастапқы технологиялық және басқарушылық деңгейінің төмендігі және т.б. Сарапшылардың ортақ пікірі мынадай: «Елде өнеркәсіптік және өндірістік нысандарды ұлғайту қажет. Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін есепке ала отырып, ғылыми-техникалық бағытты дамытып, шағын және ірі техникаларды өндіруді бастау қажет».
Индустриялық-инновациялық үдеріс-тердің әлеуметтік мәселелерін зерттеген тағы бір қазақстандық ғалым Г.Әбдікерова дәл осы қазақтың ұлттық құндылықтарын, отбасы дәстүрлерін үзіп алмау жағына баса назар аударады. Ол «индустриялық-инновациялық қоғамды қалыптастыру кезінде, шетелдік үлгіні алуда шектен шығып кетпеу керек. Ол үшін отбасындағы дәстүрлі, адами қатынастарды қатар дамытып отыру қажет» дейді.
Әлеуметтанушы ғалым З.Шаукенова «Индустриялық даму және әйелдер» атты мақаласында әйелдердің ХХ ғасырдан бастап қоғамдық өндіріске кеңінен тартылғаны және қазіргі кезде жалпы жұмыс күші әлеуетінің үштен бірін әйелдер құрайтынын келтіреді. «Әйелдер еңбек нарығына жылдам икемделеді, мұның бір айғағы өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар арасындағы ең жоғары көрсеткіш әйелдерге тиесілі – 34,6% (ерлер – 32,4%)» деп көрсетеді автор. Алайда, индустриялық-инновациялық даму үдерісіне әйелдер жеткілікті түрде тартылмай отыр. Бұл, автордың пікірінше, жаңғыртудың ілгерілеуіне кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, статистикалық деректер бойынша, жоғары білімді жұмыссыз әйелдер саны ерлер көрсеткішінен 1,3 есе артық. Бұл осы саладағы гендерлік сәйкессіздіктің дәлелі деп пайымдайды З.Шаукенова. «Индустриялық-инновациялық үдерістердің ілгері жылжуы үшін әсіресе, ғалым-әйелдердің қатысуына айрықша мән беру қажет, өйткені, әйелдер капиталы – ең белсенді және нақты күш және де мұны ең алдымен ақпарат беру арқылы жасау керек» деп түйіндейді автор.
Индустриялық-инновациялық дамуда жаңадан ашылатын кәсіпорындарға салынатын инвестиция мәселесін зерттеген қазақстандық әлеуметтанушы ғалым К.Шөптібаева өз зерттеуінде «Қазақстанның әлеуметтік, өндірістік потенциалын қалыптастыру, ұдайы өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ету, жалпы алда тұрған әлеуметтік-экономикалық жоспарларды іске асыру инвестициясыз мүмкін емес. Сондықтан да, инвестициялық процестің әлеуметтік салдарын талдау – өмірдің өзі талап етіп отырған құбылыс» деп осы тақырыптағы зерттеулердің мән-маңызын атап көрсетеді. Ал, инвестициялық климаттың әлеуметтік жағы да үлкен роль атқаратынына назар аударған ғалым «Инновацияны, жалпы экономикалық саланы – әлеуметтік, психологиялық, мәдени, идеологиялық және басқа да субъективтік факторларды ескере отырып қана, түбегейлі өзгерістерге жетелеп, дамытуға болады. Керісінше, жоғарыдағы факторлар ескерілмеген жағдайда, жағымсыз құбылыстар әлеуметтік, басқа да қайшылықтардың себебіне айналады» деп, инновациялардың жан-жақты үдеріс екендігін дәлелдейді.
Осы тұста шетелдік инвесторлар Қазақстанға қандай қызығушылық танытуы мүмкін деген заңды сұрақ туады. Қазақстан халық санының аздығына байланысты тұтынушылық қызығушылық туғызбайтыны мәлім (18 млн адамдық нарық), бұл инновациялық үдерісті тежейтін бір фактор. Шетелдік инвесторларды тартатын ең ұтымды артықшылығымыз – шикізат байлығы, табиғи ресурстар. Сондай-ақ ел ішіндегі ынтымақ пен бірлік, халықтар достығы да бизнесті дамыту үшін қолайлы мүмкіндік. Ал, қазақстандық инновациялардың шетелдік инвесторлар үшін тартымды бола қоюы екіталай. Демек, инновациялар ең алдымен өз еліміз, халқымыз үшін қажет.
Ал, «copycat» үлгісімен шетелдік дайын технологияларды сатып алу арқылы ғана экспортты ұлғайту мүмкін емес. Демек, еліміз бүкіл әлем бойынша не нәрсені барлығынан артық жасай алады деген мәселе көтерілуі тиіс. Яғни, жаһандық ауқымда пайда алып келетін нәрсемен айналысу ғана нәтиже береді. Бұл ретте ел үшін маңызды экономика салаларына назар аудару аса қажет. Өйткені, жаңа индустрияландырудың орасан зор әлеуметтік-саяси мәні бар және ол Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына түбегейлі өзгерістер алып келеді.
Сарапшылардың ой-пікірлері, тұжырымдары негізінде Қазақстандағы индустриялық-инновациялық даму бағыттары жөнінде мынадай түйін жасауға болады:
1. Индустрияландыру бағдарламасының ашықтығын көтеру, мемлекеттің инновациялық технологияларға, тауарлар мен қызметтерге сұранысын арттыру.
2. Инноваторлардың жолындағы әкімшілік кедергілерді төмендету.
3. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту.
4. Инновациялық қызметтің табысқа жетуіне ықпал ететін маңызды фактор – кәсіпкерлердің жағымды бейнесін қалыптастыру. Инновациялық кәсіпкерлік қоғамдық және экономикалық дамудың бір формасы болып табылады. Сол себепті оны насихаттау адамдардың бойында кәсіпкерлік қасиеттердің пайда болуына, өз бизнесін құруға ынталандырады.
5. Жоғары білікті инженерлер, техниктер шығаратын ЖОО-ларда инновациялық орта қалыптастыру, оларға қаржы мүмкіндіктерін ұсыну жас маманның университет қабырғасында жүріп бизнеске алғашқы қадамдарын жасауға түрткі болады, жобалар мен әзірлемелерге қатысу тәжірибесін береді. Жоғары кәсіпкерлікте үлкен табыстарға қол жеткізген танымал кәсіпкерлерді оқу орнының оқытушылар құрамына кіргізу, олардың дәрістерін, тәжірибе мектептерін ұйымдастыру да оңды нәтиже берері анық. Өйткені, шығармашылық ойлау білім арқылы келеді.
6. Инновациялық өнім шығаратын кәсіпорындардың экспорттық қызметін мемлекет тарапынан қолдау. Өкінішке орай, қазір елдегі кәсіпорындардың инновация саласындағы белсенділігі төмен. Сол үшін әлемдік деңгейде инновациялар саласындағы бәсеке жоғары болуы себепті мемлекет өз инноваторларын қолдауы тиіс. Бұл отандық өнім өндірушілерді шетелдік бәсекелестерінің қысымынан қорғайды.
7. Ішкі нарыққа бағытталған, көпшілік халыққа арналған инновациялық өнімдер шығаруды ұлғайту. Бұқаралық өнім деген арзан және халықтың көпшілігі үшін қолжетімді дегенді білдіреді.
8. Ғылыми зерттеу ұйымдары, холдингтер қызметінің ашықтығын арттыру. Бұл мемлекет қаржысының тиімділігі, оның қайтарымы жөніндегі мәселенің шешімін табуға септігін тигізеді. Мемлекет ақша бөле тұрып, оның тиімді қолданылуын қатаң бақылауға алуы тиіс.
9. Адамдардың инновациялық қызмет әлеуетін ашу, креативті топтың, яғни, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, ғылыми қамтымды салалар, шығармашылық адамдардың санын ұлғайту және олардың мәртебесін көтеру. Өйткені, жаңа экономика шығармашылық пен білімге негізделеді.
10. Инновациялық мәдениет қалып-тастыру. Технопарктер мен бизнес-инкубаторлар айналасына кәсіпкерлік рухтағы адамдардың шоғырлануы арқасында инновациялық мәдениет қалыптасады. Бұл әсіресе жастар үшін қажет.
Сондай-ақ инновациялық жүйені қалыптастыруда өңірлік дамуға назар аудару, аймақтық кластерлер құру үлкен орын алады. Дүниежүзілік тәжірибеде инновациялық кластердің жарқын мысалы – АҚШ-тағы Кремний аңғары. Мұнда жүздеген жоғары технологиялы компаниялар мен серпінді технологиялар дүниеге келді. Көптеген елдер осы үлгімен инновациялық инфрақұрылым аумақтарын құрды, олардың арасында технопарктер, бизнес-инкубаторлар, ғылыми орталықтар да бар. Кеңес кезінде мұндай орталықтар ғылыми қалашықтарда, зерттеу институттары арқылы жүзеге асты (Академқалашықтар, Ұлттық Ғылым академиялары және т.б.). Мысалы, қазір көршілес Ресейде Сколково орталығы, басқа да наноорталықтар инновациялық дамуға серпін беруде. Инновациялық кластердің табысты дамуы озық идеялар мен әзірлемелерге өмір береді. Оған кәсіпкерлер, ғылыми және инженерлік кадрлар үлкен үлес қосады. Әлемдік тәжірибеде инновациялық кластер құруда америкалық және еуропалық тәсілдер бар. Америкалық тәсіл бойынша мемлекеттің қатысуы төмен және негізгі қозғаушы күш ірі университеттер. Ал, еуропалық тәжірибе бойынша, тарихи қалыптасқан білім және ғылым орталықтары маңында мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы және үйлестіруші, қолдаушы роль атқаруымен кластерлер құрылады. Қазақстанда ҮИИДБ аясында кластерлік тәсіл, арнайы экономикалық аймақтар оған қатысушылардың өзара әрекеттестігі, географиялық жақын орналасуы, инновацияларға қолжетімділігі, білікті кадрлары, тасымалдау шығындарын азайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі деп күтіледі. Индустриялық жобалардың да міндеті – өңірлердегі салаларға мамандану жүйесін құруға көмектесу, ірі агломерация-лардың индустриялық-өндірістік серіктес қалаларына айналу, ақыр соңында, жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін арттырып, ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз ету.
Осы аталған мәселелерді индуст-рияландыру барысында ескеру оның тиімділігін арттырып, нақты нәтижелерге жеткізеді. Өйткені, индустрияландырудың сапасы бүкіл экономиканың тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіш.
Жаһандану ұлттық экономикалардың ашықтығын, әлемдік экономикаға кооперациялануды талап етеді. Міне, сол себепті қазақстандық экономиканың даму әлеуеті шикізаттық парадигмадан бас тартып, жоғары технологиялық сектор өнімдерінің әлемдік тізбегіне қосылу мүмкіндігін пайдалануы тиіс. Осы тұрғыда дамыған елдердің демографиялық жағдайы, ондағы тұрғындардың қартаю үдерісі де дамушы елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға артықшылық береді. Инновациялық экономика ұлттық экономиканың негізгі күші ретінде қалыптасуы қажет. Бұл тұтынушы мен өндіруші арасындағы қатынастардың, нарықтық қатынастардың, бәсекеге қабілеттіліктің аса маңызды шарты. 6-шы «укладтың» ядросын құрайтын жоғары технологиялық сектор – мемлекеттік экономиканың басты құрамдасы. Жаңа мыңжылдықта зияткерлік экономика туралы пайымдаулар шындыққа айналды. Өндіруші өнеркәсіптің рөлі төмендеп, энергиялық тиімді өндіріс, балама энергетиканы дамытуға жол ашылды. Міне, бір кезде Й.Шумпетер негізін салған «инновациялық кәсіпкерлік» бүгінгі таңда басты мақсатқа айналды. Кәсіпкерлер өз ісін жолға қою арқылы өнім шығарады немесе қызмет түрін көрсетеді, адамдарды жұмыспен қамтиды, бюджетті толықтырады.
Отандық білім бүкіл әлемде сатуға болатын өнімдерді құруға қызмет етуі тиіс. Инвесторларға, шетелдік компанияларға иек артқаннан гөрі, өз еліміздегі компанияларды дамытуға назар аудару қажет. Бұл мемлекеттік, аймақтық, жергілікті деңгейде саяси бағыт алуы қажет. Индустрияландыру тек әлеуметтік-экономикалық жоспар емес, оның саяси, ұлттық қауіпсіздік, елдің болашағы сияқты аса маңызды астарлары бар.
Бүгінгі түбірлі әлеуметтік өзгерістер мен күрделі трансформациялар салдарынан әлеуметтік қатынастардың тым күрделене түскен кезеңінде олар бұрынғыдан да өзектілене түсті. Индустриалды-иннова-циялық үдерістердің қазіргі мазмұны инновациялық сипаттың басым болуын білдіреді, яғни, өнеркәсіп пен өндірісті ғылыми қамтымды негізде жүргізу, жаңа технологияларға басымдық беру. Индустриялық-инновациялық үдерістерді табысты жүзеге асыру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, халық-тың әлеуметтік құрылымын түбірімен өзгертуі тиіс. Жаңа, біліктілігі жоғары жұмысшы тобы қалыптасады, креативті тап – инноваторлардың мәртебесі өседі, орта тап дамиды. Индустриялық-инновациялық үдерістерді табысты жүзеге асыру экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді. Сол себепті осы үдерістің жүргізілу сипаты, жағымды және теріс салдары, жетістіктері мен кемшіліктерін саралау осы саладағы өзекті мәселелердің шешімін табуға көмектеседі.
ХХІ ғасырда кез-келген мемлекеттің инновациялық дамуы – оның болашаққа бағдары. Ал, индустриялық-инновациялық үдерістер адами капиталды қалыптастыру, инновациялық мәдениетке ие болу негізінде жүреді. Қазіргі дәуірде жақсы жұмыс істейтін әлеуметтік жүйеде консенсус, яғни, келісім салтанат құруы тиіс, ал, жанжалдар қоғамда тамыр жая алмайтындай болғаны жөн. Әлеуметтанудағы «Адами қатынастар» мектебінің көрнекті өкілі, индустриалды социологияның негізін қалаушы Э.Мэйо «өнеркәсіпте бейбітшілік орнауына жағдай жасау қажет» дейді. Топтық ынталандыру, әлеуметтік-психологиялық және жағымды моральдық климат жұмысшылардың өз еңбегіне қанағаттануы және басшылықтың демократиялық басқару стилі кезінде ғана болады. Осылайша, адамдар еңбегінің әлеуметтік және психологиялық аспектілерін ескере отырып жүргізілетін басқару, экономикалық ынталандыру мен әлеуметтік-психологиялық қолдауды қатар жүргізу инновациялық өсуге ықпал етеді.
Бұл тұжырымдар индустриялық-инновациялық үдерістердің ең алдымен мемлекеттік мәселе екеніне келіп тіреледі. Осыған байланысты барлығы мемлекеттің рөліне, білім беру мен ғылым саласындағы мемлекеттік басқарудың тиімділігіне, ғылымды қаржыландыруға, озық бағыттарға, қоғамдағы ғалым мен ғылыми еңбектің мәртебесіне тәуелді. Бұл ретте Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру мен инновациялар туралы сарапшы мамандардың ұсыныстарын ескеру елімізде жүргізіліп отырған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың нәтижесі мен сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!