ХАЛЕЛ АРҒЫНБАЕВ ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ОТБАСЫ ХАҚЫНДА

  • 28.03.2020
  • 197 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қызжібек Төлекешова,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің магистранты

1973 жылы «Ғылым» баспасынан Халел Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» (тарихи-этнографиялық шолу) атты күрделі монографиясы жарық көрді. Ол 1996 жылы «Қайнар» баспасынан «Қазақ отбасы» деген атаумен екінші рет басылып шықты. Осы кітабына ерекше тоқталғым кеп отыр. Бұл автордың 20-30 жыл бойы ел арасынан, этнографиялық экспедициялардан, архивтерден және бұрын-соңды баспа жүзін көрген әдеби мұралардан жинаған қыруар этнографиялық зерттеу еңбегі. Қолжазбада қазақ отбасының өткені мен бүгінгісі, халқымыздың оған байланысты бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары терең қамтылған.

Еңбектің басты мақсаты – халықтың ұмытылып бара жатқан озық әдет-дәстүрлерін кеңінен насихаттау, одан ғибрат алуға үндеу. Қазақ отбасы мен некелік қатынастарын этнографиялық тұрғыда зерттеудің ғылым үшін де, күнделікті өмір мүддесі үшін де зор маңызы бар. Өйткені, біріншіден, бұл мәселе туралы басқа авторлар жазған зерттеулерде қазақ отбасының тарихы толық қамтылмағандықтан, біз осы олқылықтардың орнын біршама толықтыра түсеміз; екіншіден, халық өмірінде қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың өзі сан алуан, әсіресе әр түрлі діни сенімдерге байланысты қалыптасып, әлі де болса өмірден сабағын үзбей келе жатқан зияндылары да жоқ емес. Сондықтан, бұл еңбекте әр түрлі дәстүрлер мен жол-жоралғылардың шын сыры ғылыми тұрғыда айқындалып, дұрыс мағлұмат, бағдар алуға көмектеседі. Х.Арғынбаевтың бұл еңбегінен кейбір қызықты ғылыми тұжырымдарды оқимыз: «Қазақ дәстүрінде бірге өскен құрдастар арасындағы қарым-қатынас та дамыған. Құрдастар бір-бірімен өте қатты қалжыңдасып, тіпті бірінің әйелін бірі «өз әйелім» деп әзілдеп отырады… Одан әрі тағы бір жерде «Неке құрудың ең бір көне түрінің, яғни, алғашқы қауымдық қоғамда болған топты некенің жұрнағы ретінде қазақ арасында әмеңгерлік (левират) және балдыз алу (сорорат) әдет-ғұрыптары бойынша үйлену тәртібі күні кешеге дейін сақталып келді. Бұл әдеттер тек қазақ халқына емес, сонымен бірге көптеген түрік тілдес халықтар мен монғол халықтарына да тән» екендігін дәлелдейді. Демек, бұл кітаптың ғылыми танымдық маңызы, әсіресе қазіргі қазақ қауымы үшін тәлім-тәрбиелік мән-мағынасы зор болып отыр. Мұндай келелі өзгерістердің іске асуы оңайға түскен жоқ. Халық санасынан патриархалды-феодалдық дәстүрлер мен жағымсыз діни сенім қалдықтарын жою, әйелдердің сауатын ашып, мәдени деңгейін көтеру, оларды қоғамдық еңбекке тарту арқылы өздерінің қоғам алдындағы қажеттілігін сезінуін нығайту, үй шаруасы мен бала тәрбиесін жеңілдету және отбасында жаңа қарым-қатынастардың қалыптасуына жағдай жасау сияқты мәселелерді іске асыру қыруар қаржы мен уақытты, іскерлік пен қажырлықты талап етті.
Қазіргі қазақ отбасы өзінің түрі жағынан негізінен ата-ана мен олардың үйленбеген балаларынан тұратын шағын дара семья. Үйленген ер балаларын жеке отау етіп бөліп шығарады да егде тартқан ата-ана, не олардың біреуі дәстүр бойынша қара шаңырақ иесі кенже баласының қолында болады. Кейде мұндай семьяның құрамында үлкен әкесі мен әжесі, не олардың бірі болуы да мүмкін. Олай болса мұндай семьялар төрт ұрпақтан тұрады. Кейбір себептермен кенже баласы басқа жерге ауысқан жағдайда туып-өскен мекенінде қалатын ата-ана егер басқа балалары болған жағдайда үлкен ұлдарының бірімен бірге тұруы да мүмкін. Ал, туған ұлдары жоқ егде тартқан ата-ана кейде күйеу баласының да қолында тұрады. Мұндай құбылыс сирек кездескенімен оны ел-жұрт бұрынғыдай әжуа етпейді. Отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасында да айтарлықтай келелі өзгерістер болды. Бұл арада ең алдымен көңіл аударарлық мәселе семьядағы келіннің күйеуіне, оның ата-анасына, тіпті жақын туыстарына бұрынғы бағыныштылық, тәуелділік жағдайының келмеске кеткендігі. Қазіргі келін барлық семья мүшелерімен тең праволы, олардың өзара қарым-қатынасы достыққа, сыйластыққа негізделген, қайын ата, қайын ене алдында бұрынғыдай қысылып-қымтырылмай өзін еркін ұстайды. Ал, қайын ата, қайын енелер қазір үй ішінің шаруасына, бала тәрбиесіне көмектесіп, келіннің қоғамдық қызметіне жағдай жасайды. Келін де күйеуімен бірге ата-енесіне, жас қайнылары мен қайын сіңлілеріне қамқорлық жасай отырып, үй іші мәселесін үлкендермен ақылдаса отырып шешуге тырысады. Әсіресе жеңге мен жас қайны, қайын сіңлілері арасында көбінесе қалтқысыз достық, сыйластық қалыптасып, кейде тіпті жеңгелер жас балаларға анасындай қамқоршы болып кетеді.
Отбасындағы ерлі-зайыпты жастардың қарым-қатынасы көбінесе таза махаббат сезімі мен сыйластыққа, өзара қалтқысыз көмекке негізделген. Қазіргі ер-азамат үй шаруасы мен бала тәрбиесін зайыбымен бірге араласуды өзінің «еркектік ар-ұжданына нұқсан келтіретін жай» деп қарамайды да үй ішінің ауыр шаруасын өздері атқарады. Ең әдемісі жастардың бұл қылығына ересек ұрпақ та сүйсіне қарап, шын көңілден құптап отырады. Қазіргі семьяның басты проблемасының бірі жастардың семья құрып, үй болу мәселесі. Некелесу ісі жастардың өздері шешетін өмірдегі аса жауапты оқиғалардың бірі. Көп жылдар бойы бірге оқудың, жұмыс істеудің немесе мекен-жайларының орамдастығының нәтижесінде танысып, бір-бірін жете білісіп, түсінісудің арқасында берік қалыптасқан махаббат сезімі көпшілік жағдайда некелесумен аяқталады. Үйленуге өзара келіскен жастар өз шешімдерін ата-аналарына айтып ақылдасады. Әдетте болашақ қалыңдықтың да, күйеу жігіттің де жеке бастарының тәртібі, әдептілігі, көргенділігі, білімі, қоғамдық өмірдегі орны, жағымды және жағымсыз жақтарының бәрі де екі жақта сөз болады. Сайып келгенде, мұндай неке екі жақтың да ата-ана, туған-туыстарының қайсысының болмасын көңілдерінен шықпағанның өзінде олардың пікірі шешуші рөл атқармайды. Өйткені, неке мәселесін шешуде ата-ана еркі бұрынғыдай қатаң тыйым салмайды. Көңілдері үйлескен жастар шешімі күшінде қалады да құда түсу дәстүрі бойынша екі жақ келісімге келеді. Әрине, құдалық ғұрпы қазіргі күнде күрделі өзгерістерге ұшыраған, оның тек дәстүрлік формасы сақталып отыр. Әдетте жігіт әкесі жақын туысқандарынан немесе көңілдес жора-жолдастарынан 3-4 кісі ертіп құдалыққа барады да, жастар көңілінің үйлескендігін айтып, қыз әкесінің ризалығын сұрайды. Жастар шешімін бұған дейін біліп, оны құптап отырған қыз жағы ресми түрде келісімін беріп, той өткізу мәселесі туралы ақылдасады. Ауылдық жерлерде қалыңдықтың әкесінің өткізетін қыз ұзату тойына жұмсалатын қаржының денін көбінесе күйеу жағы көтереді. Күйеу үйінде өткізілетін келін түсіру немесе үйлену тойының барлық тауқыметі күйеу жағының мойнында болады. Олай болса өз еріктерімен көңіл қосқан екі жастың үйлену тойына байланысты жұмсалатын қаржының негізгі салмағы әлі күнге дейін күйеу жағына түседі екен. Кей уақытта жоғары дәрежелі білім алған қыздардың өзі өз еркімен күйеу таңдауды білгенмен той өткізу мәселесіне келгенде еріктіліктен айырылып, тізгінді күйеу жағынан молырақ алуды қалайтын озбырлау туыстарының қолына беріп, момақандық кейіпке түсетіндерін қайтесің. Дәстүрді сақтау деген жақсы, бірақ «дәстүрдің дәстүрі бар» деген қағиданы естен шығармай өз тағдырына байланысты мәселеге жауаптырақ қарап, келін боп түсетін жеріне шамадан тыс салмақ салдырмау жағын да ойластырғаны жөн-ақ қой. Сонда ғана неке құру, үйлену тойларына байланысты қажетсіз шығынға ұшырау бәсеңдер еді.
Қыз ұзату тойы мен келін түсіру тойының өткізілу тәртібінде айтарлықтай өзгешелік болмайды. Қалыңдық пен күйеу бір ауылдан болған күнде екі жағы бірігіп, той көбінесе қоғамдық асханада немесе клубта өткізіледі. Қала тұрғындарының үйлену тойын өткізу дәстүрінің ауылдық жердегіден көп айырмашылығы болмайды. Оның ең басты, құптарлық жағы қыз ұзату тойын қалыңдық әкесі, ал, келін түсіру тойын күйеу әкесі өз үйлерінде шамасына қарай қызықтайды немесе екі жағы бірігіп, ресторандар мен кафелердің банкет залдарында өткізеді. Құдалар бір-бірін үйлеріне шақырысып, сый-құрмет көрсетеді. Үйлену тойларын өткізудің негізгі мәселелерінің бірі ауылдық жерлерде өткізілетін үйлену тойларының дастархан салтанатын ұйымдастыру. Олай болса қазіргі дастархан тарту дәстүрі қала тәртібімен толық үйлеседі. Ең алдымен суық тағам, одан соң дәстүрлі ет тарту, ең соңында шай беру, жастарға арналған мазмұнды тілек білдіру: ән салып, күй тарту, ұлттық ойындар мен әр түрлі би ұйымдастыру қай жерде болса да тәрбиелік мәні зор дәстүрге айналып отыр. Ал, енді, құда түсіп үйлену тойын өткізгенге дейін ел арасында орын алып келе жатқан сан алуан әдеп-ғұрыптардың, көне және жаңа дәстүрлері бар. Көптеген ескі әдеттер қазір ұмытылса, кейбіреулері өзгеріп жаңа мазмұн ғана сақталуда. Ал, енді біреулері тек символдық, ғұрыптық мәнде ғана орындалады.
Бұрыннан келе жатқан мәні бар жарасымды дәстүрдің бірі – келін түскенде қайын енесінің ізгі тілектерімен шашатын шашуы. Шашу есебінде бұрын бауырсақ, құрт шашатын болса, осы күні әртүрлі кәмпиттер мен уақ ақшалар шашылады. Халық ырымы бойынша шашылған шашуды мерекеге жиналған жұрт теріп алып, міндетті түрде дәмін татады, үйде қалған балаларына да ала барып үлестіреді. Шашудан тату немесе тиындарды теріп алудың мәні – осындай қуаныш шашудан дәм тартқандардың да өмірінде міндетті түрде қуаныш болатындығынан үміт күтетін «синдиасмикалық» көне діни сенімге байланысты болатын. Ал, қазіргі күнде мұндай көне сенімге ешкім сенбегенмен ұнамды дәстүр сақталып келеді. Жаңа түскен келінді көрсетіп қайыната, қайнағаларынан көрімдік сұрау салты сақталып келеді. Тіпті, келінді бұрыннан көріп жүрген үлкендерден көрімдік сұрау дәстүрі тым ұнамды-ақ. Бұл дәстүрдің орындалғанына үлкендер де разы болып әр уақытта ырымын жасайды. Бұрын, әрине, жаңа түскен келін үлкендерден жасырынады, рұқсатпен ғана көрінеді деген ұғым шықпауы керек. Керек десеңіз жас келінді алғашқы күндері шымылдық ішінде отырғызу ғұрпы да келмеске кетті. Бұрынғы кезде көрініп жүруге рұқсат алған келіндердің өзі үлкендердің алдында жалаң аяқ, жалаң бас жүрмейтін. Қазір мұндай әдет те жойылды. Осылайша, бұрыннан келе жатқан мәні бар жарасымды дәстүрдің қоғамға сай байыпты өзгеруі тәрбиелік мәні зор дәстүрге айналып отыр. Қорыта айтқанда, осы тәрізді ғасырлар бойы жинақталып, өмірлік тәжірибеден өткен халықтық қағидаларды білгенмен, оның талаптарын орындағаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!