ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕТІ АТА ЖӘНЕ ЖЕТІ ҰРПАҚ ТАНЫМЫ

  • 28.03.2020
  • 1334 рет оқылды
  • 3

Нұрлан Сәрсенбаев,
жазушы

Қазақ ұлты – қандастықты негіз етіп, ру-тайпа, арыс, ұлыс сияқты үлкенді-кішілі қауымдастықтардан құралған халық. Ата-бабаларымыз «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деп туысқандықты, қандастықты, береке мен сыйластықты дәріптеп келген. Қазақтың дәстүрлі шежіресінде ата-текті қуып еркек кіндікті, қандастықты, туысқандықты негіз етіп шежіре таратып, үш жүзге кеңейтіп тұтас бір ұлттың ататек шежіресін қалыптастырады. Исі қазақ баласы бір-бірімен кезіккенде «Қай жердің адамысың?» деп сұрамайды, «Қайсы елсің?» деп сұрайды. Бұлай ата-жөн сұрау ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүр. Қазақ баласы өз ұрпақтарына жеті атасын білу тәрбиесін жүргізіп отырған. Бұл қазақ қоғамының барлық мүшесі білуге тиісті парыз. Әрбір қоғам мүшесі жеті атасын білмеуді ұят, ар-намыс деп білген, тек ата-ана тәрбиесін көрмеген, жетім болмаса жеті атасын білуге тиіс деп санаған. Халқымыздың жеті ата тәрбиесі – жеті атасының атын айтып берумен бірге өз жеті атасының ата-мекенін, өріс-қоныстарын, елге аты кең жайылған би-шешен, шежірешілерін, батырларын, ақын-жырауларын, таңба-ұрандарын, салт-дәстүрін айтып беретін әліппелік сауаты болуды талап етеді.

 Біз сөз етіп отырған жеті ата деген ұғым нені білдіреді, бұның жеті ұрпақ атауымен қандай қатынасы бар? Бұл қазақ шежіресіндегі күрделі тақырыптардың бірі. Халқымыздың дәстүрлі шежіресінде бұрыннан бері қос жетілік ата таралым жалпыласып келген. Бұл туралы Мөрқан Кемелқанұлы «Қытайларда жазу өнері ерте қалыптасқандықтан, көп нәрселерді ерте бастан жазып-сызып тарихи мұрағат жасай алды. Ал, қазақ ұлты қос жетілік ұғым қалдырды. Қазақ ұлтының некелік заңы жалаң некелік көзқарас негізінде емес, тарихи қандық кіршіксіздік, гендік тазалық жүйесіне құрылған, ру оның нақты құрылымдық жүйесі» («Қазақ халқының шежірелік жүйесі туралы», «Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2010 жылы 3-сан, 35-бет) деген пікірін айтады.  Біз бұл мақаланың негізгі арқауы болған, қазақтың дәстүрлі шежіресінде бұрыннан айтылып келе жатқан жеті ата және жеті ұрпақты, яғни, осы қос жетілік ұстанымды оқымысты, ғалым, зерттеушілердің жазған ғылыми еңбектерінен мысал келтіре отырып түсіндіруді жөн көрдік.

Жеті ата шежіресі – ру-тайпа, ұлыстар шежіресінің алтын бастауы, яғни, қазақ халқының шежіресін қалыптастыратын түп негіз болып табылады. Сондықтан, ең алдымен жеті ата атауына қарай ат басын бұралық. Төмендегі мысалдар жеті ата атауын түсінудің нақты дәлелі бола алады.

  1. Көзқарас (Рахыметолла Әпшеұлы): «1. Өзі. 2. Әкесі. 3. Үлкен әкесі. 4. Ұлы әкесі. 5. Бабасы. 6. Чоң бабасы. 7. Аталық» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2003 жылы, 1-сан, 97-бет).
  2. Көзқарас (Нығымет Мыңжани): «1. Әке. 2. Ата. 3. Баба. 4. Ұлы ата, 5. Ұлы баба. 6. Аба баба. 7. Ата тек» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2003 жылы. 1. сан. 97-бет).
  3. Көзқарас (Мақсұтбек Ниязбеков): «1. Әкесі. 2. Атасы. 3. Арғы атасы. 4. Бабасы. 5. Ұлы бабасы. 6. Алтыншы ата. 7. Жетінші ата» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2003 жылы, 1-сан, 97-бет).
  4. Көзқарас (Шынай Рахыметұлы): «1. Әке. 2. Ата. 3. Әз-ата (бұл үшеуі аталар). 4. Баба. 5. Тектін. 6. Төркін. 7. Түп-тұқиян (бұл төртеуі бабалар). Жоғарыдағы жетеуі бірігіп «ата-бабалар› делінеді» («Монғолия қазақтарының ататек шежіресі», Баянөлгей, 1997 жыл).
  5. Көзқарас «1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата («Қытай ұлттары» журналының 2006 жылғы 1-санында жарияланған Тұрсынхан Дауытқазықызының жинақтаған «Ұлағатты ұлттық ұғымдар» атты материалынан).
  6. Көзқарас (Сейіт Кенжeaхметұлы): «1. Өзің. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата» (Думан Жақыпұлы «Жеті ата және шежіре», «Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2011 жылы, 4-сан, 32-бет).
  7. Көзқарас (Думан Жақыпұлы мақаласында жоғарыдағы 1-ші көзқарастан 6-шы көзқарасқа дейінгі жеті ата атауына талдау жасай отырып өз көзқарасын былай баяндайды): «1 . Өзің. 2. Әкең. 3. Атаң. 4. Бабаң. 5. Арғы атаң. 6. Түп атаң. 7. Тек атаң» («Жеті ата және шежіре», «Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2011 жылы, 4-сан, 32-бет).
  8. Көзқарас «Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады. 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата» (Орта мектеп «Тіл-әдебиет» таңдамалы оқулығы, 4-бөлім, «Шинжияң оқу-ағарту баспасы», 2009 жылы, маусым, 35-бет). Осы көзқарастағы жеті ата тарату барысы баладан басталып тек атаға тірелген. Бұл оқулықтың өзінде айтылған «Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады» деген сөзге қайшы. Біз жоғарыдағы ғалым, оқымысты, зерттеушілердің көзқарастарынан қазақ шежіресіндегі жеті ата атауының біркелкі емес көп вариантты, әрі күрделі екенін байқай аламыз.

Қазақтың дәстүрлі шежіресінде жеті ата әкеден бастап жоғары саналады. Қазақтың дәстүрлі шежірелік көзқарасы бойынша жеті атаны «Ата-бабалар» деп атаймыз. Жеті атаны өзіңнен немесе балаңнан бастап жоғары санау дұрыс емес, бұлай санау жеті атаға жатпайды. Жеті атаны біздің «Ата-бабаларымыз» деп түсінген жөн. Сондықтан, жеті атаны әкеден бастап жоғары санау керек.

Біз сөз етіп отырған қазақтың дәстүрлі шежіре мәдениетіндегі жеті ата атауы мен жеті ұрпақ атауы екеуі екі басқа ұғым. Жеті ата әкеден бастап жоғары саналады да, жеті ұрпақ баладан бастап төмен саналады. Міне, бұл қазақтың дәстүрлі шежіре мәдениетіндегі қос жетілік тәлім болып табылады. Жеті ата мен жеті ұрпақты қосқанда жиыны 14 ата болады. Осы қос жетілік шартқа толған бір түп-тұқияннан таралған қандастық топ ру деп аталады.

Жеті ұрпақ немесе үш ағайын атауы туралы. Біз жеті ұрпақ атауы мен 3 ағайын атауына мысал келтіре отырып талдау жасалық.

  1. Көзқарас (Рахыметолла Әпшеұлы): «1. Баласы, 2. Немересі, 3. Шөбересі, 4. Шөбересі, 5. Шөпшек, 6. Туажат, 7. Жау танымас» («Шинжияң қоғамдық ғылымы», 2003 жылы, 1-сан, 97 -бет).
  2. Көзқарас (Нығымет Мыңжани): «1. Бел бала, 2. Немере, 3. Шөбере, 4. Өбере, 5. Туажат, 6. Қуажат, 7. Жау танымас» («Шинжияң қоғамдық ғылымы», 2003 жылы, 1-сан, 97-бет).
  3. Көзқарас (Дәулет Желдікбаев): «1.Бала, 2. Немере, 3. Шөбере, 4. Немене, 5. Шөпшек, 6. Туажат, 7. Жүрежәт, 8.Жегжат, 9. Жұрағат»: «Сүйіндік тарихи-шежіресі», (Алматы 2008 жыл, 6-бет).
  4. Көзқарас «1. Әке, 2. Бала, 3.Немере, 4. Шөбере, 5. Шөпшек, 6. Көгенжат, 7.Туажат» («Қызай-Аман шежіресі», 1-кітап, 2010 жылы наурыз, 13-бет).
  5. Көзқарас (Айып Нүсіпoқaсұлы): «1.Бала, 2. Немере, 3. Шөбере, 4.Шөпшек, 5. Немене, 6. Туажат, 7. Жүрежат, 8. Жегжат» («Ағаш бесіктен жер бесікке дейін». «Шинжияң жастар-өрендер» баспасы, 2002 жыл, 218 -бет).
  6. Көзқарас «1. Бел Бала, 2. Немере, 3. Шөбере, 4. Шөпшек, 5. Немене, 6. Жүрежат, 7. Туажат», (Мұқтар Садықұлы «Суан шежіресі», 315-бет).
  7. Көзқарас (Әбіш Кекілбaев): «1.Әке, 2. Бел Бала, 3. Немере, 4. Шөбере, 5. Шөпшек, 6. Жүрежат, 7. Туажат» («Іле жастары», 1999 жыл, 3-сан, 19 -бет).
  8. Көзқарас (Сәлімбaй Aхыметов): «1. Әке, 2. Бала, 3. Немере, 4. Шөбере, 5. Немене, 6. Шөпшек, 7. Туажат, 8. Жегжат, 9. Жұрағат» («Іле жастары», 1999 жыл. 3-сан, 19-бет).
  9. Көзқарас (Шынай Рахыметұлы): «1. Бала, 2. Немере, 3. Шөбере, 4. Шөпшек, 5. Өбере, 6. Туажат, 7. Жүрежат, 8. Жегжат, 9. Жұражат» («Монғолия қазақтарының ататек шежіресі», Баянөлгей, 1997 жыл, 6-бет. )
  10. Көзқарас (Думан Жақыпұлы): «1. Бала, 2. Немере, 3. Шөбере, 4.Шөпшек, 5. Көгенжәт, 6. Туажат, 7. Жүрежат» («Шинжияң қоғамдық ғылымы», 2011 жыл, 4-сан, 34-бет).

Жоғарыдағы жеті ұрпақ туралы айтылған атаудағы көзқарастар негізгі жағынан ұқсас болғанмен ұрпақтардың рет тәртібіндегі атауларда ұқсамастық байқалып жатады. Мысалы, жеті ұрпақ атауындағы 4-ші ұрпақты (Өбере, Немене, Шөбере, Шөпшек), 5-ші ұрпақты (Шөпшек, Туажат, Немене, Өбере, Көгенжәт), 6-шы ұрпақты (Туажат, Жүрежат), 7-ші ұрпақты (Жаутанымас, Жүрежат, Қуажат) деп әр алуан атайды. Міне, бұдан жеті ұрпақ атауының көп вариантты әрі күрделі халықтық атау екенін білеміз.

Қазақ ұлты тілге бай халық. Ата шежіремізге зер салсақ «Жау танымас», «Қуажат», «Көгенжәт» сияқты өңірлік ерекшелікке ие жерлік атауларды байқай аламыз. Ал, көптеген шежірелерде қолданып жүрген 5-ші ұрпақ атауы болған «Немене» ешқандай қандастықты, туысқандықты білдірмейді. Бұл атау ешқандай мағына бермейді деп жеті ұрпақ атауынан оп-оңай шығарып тастауға да келмейді. Қазақ шежіресі барлыққа келгеннен бері қолданып келе жатқан «Немене» сөзі жалпыласқан халықтық атау. Сондықтан «Немене» атауын жалғасты зерттеп, тіл мамандары мен тарихшылардың сараптауынан өткізу керек деп қараймын. Жеті ата мен жеті ұрпақ атауын тіл мамандарының еншісіне қалдырып, өзіміз сөз еткен тақырыпқа қайта оралайық. Монғолиялық тарих-шежіреші Шынай Рахыметұлы 3 ағайын, 15 ұрпақты былай таратады: «Немере ағайын: 1. Бала, 2. Немере, 3. Шөбере, 4. Шөпшек, 5. Өбере. Жамағайын: 6. Туажат, 7. Жүрежат, 8. Жегжат, 9. Жұрағат, 10. Жамағат. Қалыс ағайын: 11. Өркен, 12. Әулет, 13. Зәузат, 14. Жаран, 15. Қалыс» («Монғолия қазақтарының ататек шежіресі», Баянөлгей. 1997 жыл). Міне, бұдан Шынай Рахыметұлы қазақ шежіресіндегі туыстық атауларға жүйелі, ғылыми ізденіс жасағанын аңғарамыз.

Қазақтың дәстүрлі шежіресіндегі қандастықты, туысқандықты білдіретін жеті ата және жеті ұрпақ атауы туралы тіл мамандары мен тарих зерттеген ғалымдарымыздың байырғы туыстық атауларымызды ала-құлалықтан арылтып, бір арнаға түсіруін, жүйеге келтіруін үміт етеміз.

Жинақтап айтқанда, қазақ шежіресіндегі жеті ата әкеден бастап жоғары қарай түп-тұқиянға дейін тараса, жеті ұрпақ баладан бастап төмен қарай жүрежатқа дейін таратылып, қос жетілік ата ұстаным қалыптастырады. Мұнда әке жеті атаға уәкілдік етсе, бала жеті ұрпаққа уәкілдік етеді. Шежірешілер айтып жүрген «Өзім», «Өзі», «Өзің» деген атау жеті ата немесе жеті ұрпақ атауында кездеспейді. Сондықтан, мұндай атауды халықтың байырғы туыстық атауында қолданбаған жөн.

Қазақ халқының әйгілі жазушысы Сәбит Мұқанов: «Қазақ тарихы туралы қай кезеңде кімдер жазса да, бір мәселеге талас жоқ сияқты. Ол – қазақ халқының көне замандардағы көшпелі рулардан құралуы» деген дана сөзін айтқан еді.

Қазақ ұлты 200-ден астам ру-тайпалардан құралған халық. Ол өз ішінде ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз және төре, қожа сияқты ру-тайпаларды қамтитыны баршаға белгілі. Көрнекті тарихшы ғалым Манаш Қозыбаев «Ру деген сөз – бау, сан, тайпа, тұқым, тек, арыс, жүз, жұрт, ел, отан сияқты халықтың барша тарихын көрсетер категорияларды білдіреді» («Армысың, ата тарих – аңырақай», Алматы, 2011 жыл, 27-28-бет), – дейді.

Қазақ халқы қан тазалығын, ұрпақтарының сапалы, ақылды болуын ерекше дәріптеп жеті ата араламай қыз алысып, қыз берісуді қатаң шектеумен бірге бір рудың адамдары өзара қыз алыспайды. Қазақ фольклорында көп айтылатын ғашықтар Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр халқымыздың жеті атаға толмай қыз алыспау сынды қандастық салт-дәстүрді бұзғандығы үшін өлім жазасына бұйырылған екен. Қан тазалығы ақыл-ойы жетілген адамзат баласы ғана емес, жануарлардың да ұрпақ сапасын жақсартады. Қазақ жылқы түлігін өте ақылды жануар деп қарайды. Сондықтан, «Жақсы ат ер қанаты» деп өзінің сенімді серігіне балайды. Тарихта қан кешкен соғыстарда батырлардың тұлпарлары қуса жететін, қашса құтылатын сенімді серігі саналған. Жылқы түлігінің ақылдылығы туралы мына бір тарихи дерекке назар салайық: «Орыс жыл санауы бойынша 32 не 42 жылы дүниеге келген ғалым Г.Плиний Секунд Ғұндардың (Скифтердің) ереуіл аттарын өте жоғары бағалайды. Бір ханзада жаумен жекпе-жек соғыста қаза табады. Жеңімпаз оған жақын келіп, үстіндегі сауыт-саймандарын алмақшы болғанда, өлген батырдың аты оны тістеп, тепкілеп өлтірген екен. Енді бір ғұн батырының тұлпары көзіндегі қалқанымен биеге шабады, көзіндегі қалқанын алғанда, тұлпар ол биенің өз енесі екенін таниды, содан ол тұлпар жардан құлап, жан тапсырады» («Іле педагогика институты ғылыми журналы», 2009 жылы 1-сан). Міне, бұл мысалдан жылқы түлігінің өз иесіне адалдығы, сонымен бірге халқымыздың «Жақсы айғыр жатырына шаппайды» деген сөзі ойымызға оралады.

Қазақтың рулық жүйесі туралы Шынай Рахыметұлы «Туыстар немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса – ауыл, ауылдас, көрші; іргелес алшақтау болса – жерлес; қандас жеті атадан құралғандар (бір атаның кіндігінен тараған) бір ата, 13 атадан асса – ру; бірнеше ру қандастықпен, я бір мүддемен біріксе – тайпа; бірнеше тайпа қоғамдасып, жүз болып қауымдасады… тілі мен дәстүрі, мәдениеті, өзіндік мекен-жері, әлеуметтік рух, жігері, этникалық ерекшелігі ортақтасып, дараланса ұлт болады» («Монғолия қазақтарының ата шежіресі», Баянөлгей, 1997 жылы, 3-6-бет) деп өте жақсы талдау жасаған.

Ал, біздің бір бөлім шежіре жазушыларымыз қазақтың жеті ата араламай қыз алыспау дәстүрін әлі түсінбей келеді, жеті атаға толдық, 8-ші атадан бастап қыз алысуға болады деп жаңсақ ұғым тудырып келеді, бұлай айтсақ ұрпақ шатасады. Жеті ата немесе жеті ұрпақ сынды қос жетілік атау ұстанымға қайшы келеміз. Халқымыз «Шала молда дін бұзар» деген сөзді тектен-тек айтпаған. Сондықтан, «Жеті ата араламай, жеті өзен аттамай қыз алысып, қыз беріспеу» дәстүрін берік сақтауымыз керек. Қазақта аталас туыстар ру дәрежесіне көтерілмей келсе-келмес үйлене салмаған. Халқымыздың «Жеті ата заңы» бұған қатаң тыйым салып отырған.

Қазақтың қыз алысып, қыз берісу дәстүрі туралы тарихшы Ақселеу Сейдімбековтің «Жеті жұртты куәға тартып, яғни, жеті рудан кісі шақырып, ала арқан керіп, ала жіп аттап, боз бие шалып аталастығымызды ұмытпайық деп бармақтарын қанға малып, елдік ұран мен таңба белгілесетін болған» (Жақып Жүнісұлы. «Шежіре туралы толғаныс», «Іле тарихи материалдары», Құлжа, 2013 жылы қазан, 30-сан, 74-бет) – деген сөзі «Жеті атаға толмай қыз алыспау заңының» (Жеті ата мен жеті ұрпақты қамтиды) тіпті, қатаң екенін растай түседі. Қазақта жеті атасының атын білмейтін адам өте аз кезігеді. Адам нәсілін жақсарту үшін ата-бабаларымыз «Жеті ата заңы» сынды озық көзқарастарды ертеден ортаға қойып қанды бұзбау, ұрпақты аздырмау, өз ұрпақтарының сапалы, сау денелі, жарамды болуды талап етеді.

Қазақ салт-дәстүрін танушы Камұна Жанбозұлы қазақтың рулық атауы туралы «Қазақ ауылы қазақ қоғамындағы ең шағын бірлік. Қазақ қоғамында туысы жақын он шақты түтін бір ауыл, ал, жеті атадан тараған бірнеше ауыл бір ата (аймақ) есептелген. Он үш не он бес атадан қосылатын аймақтар бір ру болды» («Қазақ салт-дәстүрін тану», «Шинжияң халық баспасы», 2013 жылы қаңтар, 114-бет) – дейді. Көптеген мамандар мен зерттеушілердің көзқарасына қарағанда халық шежіресіндегі ру дегеніміз – бір атадан таралған қандас туыстардың он үш немесе он бес атаға барғанда қалыптасқан топ деген қорытынды шығаруға болады.

Қазақтың «Жеті ата заңы» сонау Әз-Жәнібек хан заманында кемелденіп, Қазақ мемлекетінің ата заңы ретінде мойындалып атқарылған. Бұл «Жеті ата заңын» ең алғаш ортаға қойған ғұлама ғалым, қара үзген шипагер, XV ғасырдың ұлы данышпаны, Қазақтану ғылымының атасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Ол шамамен 1458 жылдан бастап 1472 жылдар аралығында Әз-Жәнібек ханның жарлығымен ханның ақ ордасындағы арнаулы сарайында «Шипагерлік баян» атты аса кесек ғылыми еңбегін жазып шыққан, ғалым жеті атаға толмай қыз алыспау көзқарасын Әз-Жәнібек ханға дат айту арқылы тұтас халқына жарлық  түсіртіп, болашақ ұрпақтарының сапалы, ақылды, сау денелі болу шартын қойып, адамзат тарихында генетика ғылымының алғашқы негізін қалады. Өтейбойдақ атамыз өз шығармасында «Отыз атадан кейін қыз алса, ұрпақ ақылды туады» деген ең озық көзқарасын ортаға қойған.

Халқымыз жақын туыстар өзара қыз алысып, қыз берісуге қатаң тыйым салған, бұған қазақ қауымындағы хан да, қара да шартсыз бойсұнып отырған. Тарихтағы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке хан билік құрған замандағы «Жеті жарғы заңында» жалғасын тауып, қазіргі заманға дейін терең тамыр тартқан халқымыздың асыл салт-дәстүріне айналып кетті.

 

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Ісіңіз сәтті болсын Нұрлан бауырым. әрқашан ұлт өркениеті үшін сүбелі еңбектер жарата беріңіз.

  2. Керемет жазылыпты

  3. қаламыңыз қарымды болсын !
    жазарыңыз көп болсын !

Пікірлерге тыйым салынады.

Мұрағат

error: Content is protected !!