ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ОТЫРАР ОЙШЫЛДАРЫ

  • 28.03.2020
  • 475 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
журналист

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың барлық аймағына да әкелік қамқорлықпен қарап, өңірдің өсіп-өркендеуіне әркез қамқорлық танытып келеді. Сонымен бірге, әр аймақтың тарихы мен экономикалық әлеуетін жақсы біледі, сараптап отырады. Елбасы атап көрсеткендей, біздің еліміздің әр төбесі тұнған тарих, сырлы да шыңыраулы шежіре. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев киелі Отырар топырағына табаны тигенде «Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» деп текке айтқан жоқ. «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи еңбегінде де бабаларымыздың дүниежүзі өркениетінің дамуына елеулі үлес қосқанын атап көрсетті. «Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан» деп қатар қоныс тепкен екі киелі мекеннің ұлы ойшылдарын бағдарламалық мақаласына енгізуі тегіннен- тегін емес.

Кешегі жаугершілік замандарда отырарлықтар да атқа қонып, ата жаумен аянбай күрескені белгілі. Міне, сонда олар атқа міну мәдениетін толық меңгерді. Атқа мінгенде қолайлы болу үшін ата-бабаларымыз шалбарды ойлап тапты. Аяқ үзеңгіде қажалмас үшін ұзын қонышты етік жасап алды. Ер-тұрман мен үзеңгі сол жылдардағы ұлы жаңалық еді. Ер үстінде нық отырып, садақты шірене тартқанда жебе алысқа кетті әрі нысанасына дөп тиді. Үзеңгіге аяқты нық басып, алмас қылышты сілтегенде жаудың басы допша домалады. Ат үстіндегі жауынгердің мықтылығы әрі ептілігі жаудың құтын қашырған. Бабаларымыз ғасырлар бойы Ұлы Далада үстемдік құрса, мұның өзі атқа міну мәдениетіне тікелей қатысты еді. Осы ұлан-ғайыр даланы бабаларымыз жанқиярлық ерлігі мен батырлығы арқасында да иемденді.
Бабаларымыз аманаттап кеткен атқа міну мәдениеті әлі де жарасымды жалғастығын тауып келеді. Мәселен, бізде ат спорты жақсы дамыған. Осы ұлттық ойындарымыз ұрпақты ептілікке, ерлікке, батылдыққа, отансүйгіштікке, ержүректілікке баулып келеді. Бүгінде бабалар дүбірі көне Отырар жоталарында жаңғырып жатса, бұл ұрпақтар сабақтастығының жемісі.
«Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі керек» деген Елбасының тапсырмасы әрі көрегендік қамқорлығы киелі жердің қасиеті мен киесін жақсы түсінгендігінен деп білеміз. Жалпы, Ұлы Отырар топырағында сырын ішіне бүккен талай сыр мен тарих жатыр. Біз қанша тырысқанымызбен, киелі жердің жұмбағын толық ашып біткеніміз жоқ. Басқасын айтпағанда, Александриядан кейінгі екінші кітапхана қайда жоғалып кетті? Ол киелі топырақтың қай бұрышында жатыр? Осының анық-қанығын айтар болжам да, қисын да табылмай тұр. Орта ғасырда Отырарда Шығыс моншасы, зәулім мешіт-медреселер, еңселі ғимаратттар, қамалдар, Теңге сарайы, тағы басқа да әлеуметтік нысандар халыққа қызмет көрсетіп тұрған. Өркениетті деген талай жұрт кәріз жүйесін меңгермеген тұста мұнда орталықтандырылған кәріз жүйесі болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп берді. Сонымен бірге бабаларымыздың табиғи ортаны қорғауға, тазалыққа ден қойғанын паш ететін нысандар табылды. Әкімшілік, сауда-саттық, мәдениет, білім ордаларының орындары бабаларымыздың өте талғампаз екенін дәлелдейді. Қаланың айналасындағы Алтынтөбе, Пышақшытөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Бесіктөбе, тағы басқа да қалашықтардың атқаратын өз міндеттері болған. Алтынтөбеде алтын, күміс, мыс, мырыш, қола өңделіп, теңгелер соғылған. Ұлы Жібек жолы бойындағы кірешілер осы теңгелерді пайдаланған. Отырарлық зергерлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар көш-керуенмен бірге әлемнің талай еліне жол тартқан. Сол бұйымдардың бірқатарын Отырар мемлекеттік археологиялық музейден көріп те жүрміз.
Пышақшытөбеде қару-жарақпен қоса бейбіт күндерде күнделікті тұрмысымызға кеңінен пайдаланатын пышақ, кетпен, орақ, соқа соғылған. Құйрықтөбе мен Жамантөбеде мал өнімдері дайындалыпты. Қалаға қажетті ет пен сүт осы жерден жеткізіліп тұрған. Отырар ойшылдары біздің дәуірдің І ғасырының өзінде техникалық революция жасап үлгергенін бүгінде мақтанышпен айтуға тиіспіз. Мәселен, сол техника атаулы жоқ тақыр-тапшы кезеңнің өзінде мыңдаған гектар жерде жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұрды. Бұл аймақта суландыру жүйесі жетілдірілген жағдайда жұмыс істеп тұрғанын археологиялық қазба жұмыстары куәландырады. Сол замандардағы арық-атыздардың ізі бүгін де бар. Бұдан бабаларымыздың ирригациялық жүйелерді де жақсы меңгергенін көреміз.
Жалпы,Отырар – үлкен өркениет ордасы. Мұнда темірді қамырша илейтін небір ұсталар, зергерлік бұйымдардың хас шеберлері, кетпенімен су жетектеген даңқты диқандар болды. Отырардың өзінен бірнеше ғалым шыққанын бүгінде тарихшылар, зерттеушілер жазып жүр. Демек, Отырар – ойшылдар отаны. Олай болса, киелі мекеннің ғасырлар бойғы жасырған сырын ашу, сөйтіп оны кейінгі ұрпақ бойына сіңіру ғалымдарымыздың, жазушыларымыздың, зерттеушілеріміздің басты міндеті болып қала бермек. Киелі мекеннің келбетін бүгінгі заманмен үндестіріп, абаттандыру жолында Елбасы тапсырмасына орай көптеген жұмыстар атқарылуда. Қазір мұнда «Сапар» орталығы салынып бітті. Осы арқылы Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени, ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығын жасау жүзеге аспақ. Бұдан тыс қорық-музейдің аясын кеңейте отырып, тарих, өнертану, өлкетану, этнография салаларын жаңғырту, тереңдету көзделуде. Қысқасы, көне Отырар туристердің көптеп келетін нысанына айналмақ.
Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді. Қазір мұнда заманауи үлгідегі бірнеше ғимараттар бой көтерді. Қала күн сайын қанатын кеңге жайып, көркейген үстіне көркейіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі де барша жұртты қуантып отыр. Біз бұл мақаламызда Отырар мен Түркістанды бекерден бекер қатар айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені, исі мұсылман әуелден Түркістан мен Отырарды бір ұғым аясында қарастырады. Әуелі Арыстанбабқа барып зиярат етіп, сосын Қожа Ахмет Ясауи бабаларының кесенелеріне келетін жұртшылық ұлы тұлғаларды бөліп-жармай, бірге атайды. Әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдар еске түскенде Елбасының тарихи шешімдерінің терең пайымдаулардан соң шыққанына сенесіз әрі жүрегіңізде қуаныш сезімі атой салады.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!