ТІЛ ЖӘНЕ ГЕНЕТИКА

  • 02.05.2020
  • 81 рет оқылды
  • 0

Қазақстан егемендігін алғаннан кейін әлемдік аренада өз  орнын анықтап, белгілі табыстарға жетіп, ұлттық мемлекетінің іргетасын қалап, керегесін жайып, мыңдаған шақырымдық шекарасын мықтап бекітіп алды. Десек те, қазақ елінің шаңырағын уақыт өткен сайын биіктете беру – міндетіміз. Олай деуге себеп: Мемлекеттік тіл – қазақ тілі – уық іспеттес, шаңырақ  пен керегені тұтастай  біріктіретін Тәуелсіздігіміздің рухани тағаны әрі кепілі, әрі қорғаны еді. Өйткені, қоғамның қамын ойлайтын әрбір елдің мүддесі де, міндеті де, мақсаты да әрбір отбасымен тығыз байланыста өрбиді емес пе? Ендеше халқын ортақ мүддеге, ортақ мақсатқа біріктіретін мемлекеттік тілсіз қандай отбасы отау бола алады? Мұндайда қазақтар «Отан – отбасынан  басталады» деген.

Қазақтың ұлан-ғайыр даласының батысы мен шығысы бар, Арқасы мен Жетісуы, Сыр елі, Қаратауы бар – өздеріне ғана тән жарасымды ән-күйлері, әуендері, жырлары, айтыс өнері, т.б. қалыптасқан, тіпті ойын-сауық, әзілдерінде де өзіндік нышан білініп тұрады. Міне, бұл да  билік пен қоғамның күн тәртібінен түсірмейтін рухани жаңғыруға тиесілі киелі дүниелерінің бірі ғана. Бейнелей айтқанда, көшпелі қазақтардың тұрақты үйі – табиғат аясы, дәріс алған ұстаздары – қоршаған орта мен оның құбылыстары, ал,  университеті мен театры – аспан асты қазақтың ұлан-ғайыр  даласы болған.

Мұны қазақ халқының дүниетанымы мен  даналығының  бастау алған түпқазығы осында деп түсініп, олардың басқа  отырықшы  халықтардан  бірден-бір өзіндік  ерекшеліктері де, осы сыртқы  табиғи орта факторларымен (құбылыстарымен) тікелей өз тілінде тілдесуінде деп жүргеніміз де осындай фактілеріне негізделген. Сондықтан, қазақтың шынайы  дүниетанымының даналығын, рухани құндылықтарын жете танып білу, оның қоғамдық адами  ғұмырлық  қолданыстағы (толыққанды)  рөлін  анықтау  билік  пен жергілікті  халықтың бірлесе қатысуын талап  ететін, әлемдік  аренадағы  өз орнын айқындайтын өз ерекшеліктері бар, тың жаңа қадамдарға жол сілтейтін  игілікті инновация  көздері  болар еді деп ойлаймыз.

Қазақстанның тағы ең бір оңтайлы сирек потенциалды резервтерінің бірі ол еліміздің көптеген дамыған өркениетті елдерден бірден-бір ерекшелігі мен артықшылығы – жер көлемі мен оның әртүрлі табиғи, климаттық мүмкіндігінің олардан бірнеше еселенген молдығы. Ендеше, осындай талассыз әлеуетті мүмкіндігімізге шетелдік миллиондаған қандастарымызды (қазақтарды)  атамекенге шақырып, «неге өркениетте игілікті істерге бірігіп қадам баспай отырмыз?» дегіміз келеді. Міне, бұл да Қазақ елінің өзіндік даму сара жолын таңдау бағытының инновациялық алғышарты бола алады. Мұны «Қазақстандық бренд» немесе Қазақ елінің «Отан анасының табиғи, әлеуметтік, экономикалық, салт-дәстүрі, әртүрлі шаруашылық, т.б. тілінде сөйлей алатын, оның тарихи қадір-қасиетін қастерлеп ұстанатын өзіндік интеграциялық, инновациялық ерекшеліктері бар ел» болар еді деп түсінген абзал демекпіз.

Алдымен «тіл тағдыры – ел тағдыры» деп пайымдап, қазіргі мемлекеттік тіл – қазақ тілінің толыққанды өз тұғырына қона алмай келе жатқанына «кім кінәлі, деп емес, негізгі тудырған себептері неден?» деген сұрақтарға обьективті жауап іздеуіміз керек.

«Тәрбие  негізі – тәлімнен басталады» дейді қазақтар. Өйткені, тәрбие ақпарат емес, ол иррационалдық құндылық, ол білім ақпараттары  сияқты  ми арқылы берілмейді, оның берілу арнасы бөлек,  ол адамға  жан-дүниесі арқылы, жүрек арқылы, социо-генетикалық код түрінде жетеді екен.  Міне, осы тұста көшпелі қазақтардың: «Баланы 7 жасқа дейін төбеңе хан көтеріп тәрбиеле», оларды ұлағатты ұлттық тәлім-тәрбиеге баулып, оқытып емес,  айналасында өмірден  көргендерін, естігендерін жүрегімен қабылдап, ойнап-күліп қызығына тоймай қуанып өсе берсін деген қағидатының да терең түсінік екенін аңғаруға болады. Яғни, оны сыртқы ортаның әсері деп те түсінген абзал. Мұның табиғи ақиқат екенін ұлы бабамыз әл-Фараби «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп сан ғасырлар бұрын тәрбиемен білімнің аражігін ажыратып анықтап айтып кеткен.

Енді осы кемеңгерлік қағидатты бабаларымыздың «тәрбие көзі – тағылымнан басталады»  деп түйіндеп: «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің», «көргенді, көргенсіз бала» екен  деп, оған ұлттық тұлғалық қалыптасу деңгейіндегі  сипатта баға беруі – менің түсінігімде әлемдік педагогиканың тәрбиелік негізіне толықтай жауап бере алатын ұстаным емес пе екен деп бағалаймын.  Сондай-ақ  қазақтардың: «Жаста берген тәрбие-жас қайыңды игендей» деген тұжырымын ЮНЕСКО-дан бастап, дүниежүзі елдерінің бұлжытпай ұстанып отырған табиғи заңдылыққа негізделген «Этнотәрбиемен»,  яғни, ұлттың тіліндегі 12 жасқа дейінгі тәлім-тәрбиемен тұтастай сәйкестігін айтуға болады.

Енді мысал ретінде өзім куә болған бір оқиғаны баяндайын. XX-ғасырдың 80-ші жылдары Мәскеудің Қазан вокзалында екі өзбек солдатының бір-бірінің аузына түсіп кетердей дауыстарын көтеріп, дабырласып тұрғанына назар аударып, біреуінің көзі жасқа толып жасаурап тұрғанын байқап: «Что ты, плачешь что ли?»  – дедім. Сонда әлгі өзбек солдаты: «Бір жарым жыл әскери қызметімде бірде-бір рет өзбек сөзін естімедім, міне, бүгін естіп,  біртүрлі жүрегімді шымырлатып тұр», – деп жыламсырағандай болып жауап берді. Бұл дегенің патриотизмнің  боямасыз көрінісі емес пе? Сондай-ақ, өткен ғасырдың соңғы жылдарында тарихи Отанына оралған шетелдік қандастарымыздың  Қазақстан жеріне алғаш қадам басқанда жата қалып, ата-баба жұртым деп, қара жерді құшақтағаны да елжандылық көрінісі. Бұл да – ұлттық тәрбие, патриоттық сезім оқумен емес, жан-тәнімен, жүрегімен қабылданып берілетін ақиқат екенінің баламасыз көрінісі болып табылады емес пе. Осы орайда, бірде ғұламадан «Баланы қай жастан бастап тәрбиелеу керек?» деп сұрағанда  ғұлама балаға қанша болды дегенде, шешесі: «Отыз күн болды» депті. Сонда ғұламаның «Отыз күн кешіккен екенсің» дегенін: «Бүгінгі бір күнгі тәрбиең, ертеңгі ұзақ мерзіммен өлшенетін не қайғы-қасіретің, не қуанышың-бақытың» деп түсіну ләзім деген екен.

Адам санасының туғаннан бастап, есейгенге дейінгі толықтай даму процесі жайындағы қазіргі екі ғылыми мәлімдемеге қысқаша назар аударайық.

Бірінші. Психофизиологиялық тұрғыдан сана мен адам миының тербеліс жиілігінің дамуын бір-бірімен пропорционалды тұтастық байланыста 5 сатыға бөледі (дельта, тета, альфа, бета, гамма). Бұл тұғырнаманы бүкіл әлем елдері – ұрпақтарына білім және тәрбие беруде алғышарт етіп ұстанып отыр.  Ересек адамдарға бұл 5 даму сатысы (деңгейі)  толықтай қалыптасып, кез-келген уақытта тікелей бір сатысынан екіншісіне өтіп, сыртқы орта ақпараттарымен (оқиғалармен) үндестікте, сәйкестікте (гармония) қызмет істей алатын көрінеді.  Ал балаларда бұл 5 даму деңгейі жасына қарай (тектілік заңына сәйкес) ең төменгі сатысынан жоғарғы сатысына дейін, табиғи реттіліктен ауытқымай, біртіндеп көтеріліп дами бастайды екен.

Мәселен, 2 жасқа дейін төменгі сатыда (көбінесе ұйқыда), 2 жас пен 6 жас аралығында  саналы түрде қабылдаудан төменгі саты – түпсанада (подсознание), ал 6 жаспен 12 жас аралығында біртіндеп көтерілген дамудың 5 сатысы да бала бойында түгелдей көрініс таба бастайды екен. Осы соңғы даму деңгейін (12 жас) табиғи ұлттық санасы мен ұлттық кодының (ақпараттар жүйесі) бала бойында жеткілікті мөлшердегі қалыптасу тұсы деп есептеп, бұл кезеңде баланың кез-келген сыртқы орта факторларымен гармониялық  байланыс орнатып, биологиялық деградацияға (сананың тәркіленуі)  ұрындырмайтын кезеңі деп қабылдауға болады екен.  Мұның баламасыз табиғи ақиқат екенін Жапония елінің көпжылдық ұстанымдық тәжірибелерінен де көріп отырмыз.

Қысқаша айтқанда, бұл кезеңде биологиялық резонанс теңеседі. Бұл процесс (ішкі цикл) барлық ұлттарға бірдей тән биологиялық-эволюциялық (психофизиологиялық) фактор. Байырғы қазақтардың: «Баланы 7 жасқа дейін төбеңе хан көтеріп тәрбиеле, 7 мен 14 жас аралығында құлыңдай жұмса, 14-ке шыққаннан кейін өзіңмен тең сана» деген дүниетанымның ғылыми қоғамдық фактілерден де алшақ емес екенін аңғаруға болады. Өйткені, бүгінде қоғамдық тұрғыда ресми жастар деп 14 пен 30 жас аралығындағыларды атап жүр. Қазақтың аталы сөзі «отызда орда бұзар» дегені тағы бар.

Екінші. Бүгінгі таңдағы энерго-ақпараттық (информациялық) ағымға негізделген ғылыми мәлімет бойынша адамның бүкіл ғұмырлық тіршілік әрекеттері: «ойы, эмоциясы, істеген-істейтін істері, сөйлеген сөздері, т.б.құндылық болмыстары осы аталған 5 деңгейдегі мидың тербеліс жиілігі мен ғарыш заңдылығы бойынша энергетикалық қуаттың күшімен түгелдей реттеліп, басқарылып отырады» дейді зерттеуші ғалымдар.

Сөйтіп, екі ғылыми тұжырым да, толықтай сәйкестенген көзқарастарды білдіреді екен. Осы жерде (ішкі механизмдерін зерттеушілердің өз құзырында қалдырып) «адамзаттың саналық ғұмырының мегакомпьютері» аталған  баланың 2 жас пен 6 жастағы (түпсана) рөліне қысқаша тоқтала кетейік.

Ерте замандағы қазақтардың «тәрбие атаның белінде, ананың құрсағында басталады», «тегіне тартқан» «шыққан жатыры сол ғой, нағашысынан жұққан ғой», деген тағылымдарын бүгінгі зерттеуші ғалымдар  да теріске шығармай адамның тұлғалық  мінез-құлқының белсенді қалыптасу кезеңдерін сәбидің ана құрсағынан 6 жасқа дейінгі мерзіммен байланыста болатынын  мақұлдап отырғаны да кездейсоқтық емес. Тағы бір ерекшелігі, бала бұл кезеңде (миының қабылдау қабілетінің саналық қабылдау деңгейден төмен болуына байланысты (түпсанада), гипноитдық күйде болып, фантазиясы мен реалды өмірді араластыра беретін көрінеді. Мұны ауылда өскен қазақтардың бала кезіндегі шыбықты ат қылып мініп, оның тулап құлата жаздаған кезінде, басына да, сауырына да шыбық қамшымен сабалап, күнұзағына  мәз болып ойнағандары да естерінде болар. Бүлдіршін қыздардың қуыршақ ойнағаны және «бала тілібал» шағы да осы кезеңде.

Негізінде бала 6 жасқа дейін айналасында көргендерін, естігендерін табиғи даму деңгейіне байланысты, талғамай,  ажыратпай, жақсы-жаман, дұрыс-бұрыс демей, барлығын түгелдей түпсанасына (подсознание) жинап сақтай беретін көрінеді. Мұны қазіргі заманауи ғылыми тілмен айтқанда, «түпсана – адам тағдырының мегакомпьютері» дейді.

Өйткені, адам саналы ғұмырында (көргені, естігені, көңілге түйгені, өмірлік тәжірибесі, естеліктері т.б. ақпараттары) осы түпсанадан 95 пайызға автоматты түрде пайдаланады дейді зерттеуші ғалымдар. Мұны, қарапайым өмірде сананы – стартерге, ал түпсананы – моторға (двигатель) ұқсатуға болады.

Міне, осы тұста жоғарыда айтылған қазақтардың «балаңды 7 жасқа дейін төбеңе хан көтеріп тәрбиеле» деген даналық ұстанымының бүгінгі таңдағы ғылыми дәлелденіп, өмірлік тәжірибелерде сыналудан өткендігінің бірден- бір дәлелі ретінде, осыдан 500 жылдай (1534 ж.) бұрын діни бағытта құрылған ықпалды ұйым – Иезуиттер: «баланы 7 жасқа дейін ересек адамдар етіп шығарамыз» деп мәлімдеп, шын мәнінде сол үйретілген діни догмалардан ауытқымайтын, өзіндік таным-сенімі шектелген алдау-арбауға жетелеуге жеңіл көнетін «мәңгүрттенген» ересек адамдарды қалыптастыра білген.

Ал, соны иезуиттер өз ұлттық тілінде жүргізіп,  тектілік (ұлттық код) ақпараттарын түгелдей тежеп, не өшіріп тастамай, тек қана санасын діни догмаларымен ғана улаған болса, ал, бізде бұл әрекет (сәбидің тілі шығардан бастап) эволюциялық шығу тегі бөлек жат тілде жүргізілгендіктен, қай жағынан алсаң да, қазақтар үшін жаппай негативті саналық, рухани дүниетанымдық дағдарыс болды.

Қазақтардың тарихи рухани дүниетанымдық даналығының қалыптасып дамуы, олардың санғасырлық көшпелі ғұмыр кешу салтындағы табиғатпен тікелей тілдесуінде екендігіне ешкім де күмәнданып таласа алмайтын құбылыс. Аксиома. Міне, сондықтан, қазақтың өзіндік философиясы да бар деген көзқарастың ақиқаттан алшақ еместігіне өз басым толықтай иланамын. Өйткені, қазақ халқының өзіне тән даналығын оның мыңжылдық табиғи тарихи-рухани азығының жемісі деп түсінемін. Егер де әртүрлі ғылым осы мәселені жан-жақты қолға алған болса, жаңа табиғи философияның туындауына өз басым күмәнданбас едім.

Мұның бір үлгісін математикалық формула арқылы Қазақстандық фарабитанушы  ғалым Ақжан Машани көрсетіп кеткен көрінеді. Мысалы, Абай өлеңдерін формулаға салып есептегенде, Құран аяттары шығады екен.

Олай дейтінім, қазіргі кезеңдегі әлемдегі ғарыштық жылдамдықпен ашылып жатқан жаңалықтар мен технологиялар, т.б.құбылыстар жаратылыста (жаратылыстан тыс ештеңе жоқ) әлімсақтан бар дүниелер. Бұл орайдағы адамзаттың әрекеті, соны танып, түсініп конструкциялап қоғамдық өміріне енгізу ғана. Жай сөзбен айтқанда, ешкім де ештеңені өз қалтасынан шығарып жатқан жоқ.

Біріншіден, әл-Фараби бабамыздың «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» атты қағидатының ақиқат екені, бүгінде ғылыми дәлелденіп, өмірде сыналған тұжырымды ЮНЕСКО-дан бастап, дүниежүзінің түгелге жуық елдерінің алғышарт етіп отырғаны. Екіншіден, әлемдегі өркениетті елдердің даму ұстанымының негізі – ортақ мүддесіз, ортақ мақсатсыз, ортақ тілсіз Отан жоқ деген ұғымы. Үшіншіден, жалпы ғылыми мойындалған «түпсана (подсознание) адам тағдырының мегакомпьютері» деген түсінік ол ұлттық тәлім-тәрбиеден басталған табиғи өзегі, тұғыры болса, ал сол түпсананың тәркіленуі – ұлттың белсенді жойылу процесі екендігі. Төртіншіден, жеке дара ұлттық тілінсіз – унитарлы ұлттық тәуелсіз мемлекет ешқашан да қалыптаспайтыны; Бесіншіден, эпигенетика (сыртқы орта ықпалы) ілімі дегенде: ұлттық кодтың (тектілігінің) бұзылу көріністеріне жататын: тілін жоғалту, рухани құлдық сана, ойлау жүйесінің бұзылуы, нигилизм, космополитизм, ұлтын менсінбеу, т.б. жағымсыз процестерді тізбектей беруге болады. Қайтадан, қазақ топырағына аяқ басып, назарларыңызға қазақ ұлтының кім екенін әлемге паш еткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп, қазақтың теңдесі жоқ, баға жетпес санғасырлық даналық сөздеріне бүгінгі замана тілінде жаңа рең, жаңа бояу беріп, ұрпақтарына мұра етіп қайтарып беруі. Ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп  ұлтын жаратылыстың жеті құбылыстық қазынасы (жеті үн, жеті түс, жеті қат жер, жеті күн, т.б.) теңеуі және күйдің қазағына ғана тән өнер екенін де меңзегені. Ал, ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген» деп қазағының сол мыңдаған жылдық тілін, ділін, ұлан-ғайыр даласын ұрпақтарына аманат етіп қалдырғанын үлгі етіп жырлауы, сөйтіп бірінің қазағының ерекше табиғи даналығын, екіншісінің ұлтының әлемдік жан-дүниелік тебіренуі мен тербелісін, соңғысының ұлттық рухы мен қайрат-жігерінің елі үшін жан аямай күрескенін бүгінгі ұрпақтарына таныта білуі де, олардың мәңгі өшпес ұлылығының баламасыз айғағы болып отырғанына ешқандай шүбә жоқ.

Әр ұлттың тілі шын мәніндегі табиғи құрамымен бірге, оның рухани идеологиялық тұғыры, әрі қорғаны, қозғаушы күші. Міне, сондықтан, ұлттың рухани идеологиясынсыз – ұлттық мемлекет ешуақытта құрылмайтынын, баламасыз табиғи талап деп жүргеніміз де осындай сәттер. Мемлекеттік тілі әрбір елді тұтастыққа, бірлікке біріктіретін табиғи рухани ұйтқысы, әрі идеология қаруы екені баламасыз ақиқат дедік. Бірақ, мұның аса бір қауіптілігі сондай, егер сол елдің рухани ұйтқысы бұзылып, идеологиялық құралы әлсіресе, ондай елдің қауіпсіздігіне қару да, ақша да көмектесе алмайтыны және ондай елді отарлау немесе жерін тартып алу, басқаға аса қиындық түсіре қоймайтын тиімді, оңтайлы фактор көрінеді.

Зерттеуші ғалымдардың анықтаған мәліметтері бойынша: «Жастардың ана тілін 70 пайыздан төменгі деңгейде білуі – халқының да, өзінің де, тілінің де жойылу  көрінісінің бастауы» дейді. Ал, біздің елде бұл көрсеткіштің қолданылуы (әсіресе, мектептерде) онан әлдеқайда төмен көрінеді.

Себебі кез келген ұлттық тілдің рухани күші – сол тілдің мазмұн, мағынасында (түсінуінде) болатындығында екен. Және көп тілде сөйлей білуден гөрі, шет тілінде ойлау аса қауіпті көрінеді (И.П.Павловтың «шартты рефлексін» мысалға келтіруге болады). Мұндай фактілердің де ақиқаттан алшақ еместігін 2019 жылы Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен Жазушылардың халықаралық ІІ-форумында айтылған көзқарастар мен пікірлерден аңғардық.

Негізінде, қазақтар ұлттық идео­логиясының бойтұмары – девизі етіп, ішкі жан-дүниесінің ақыл-ой таразысы – ар-ұят пен намысты «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, жетім-жесірлерін де тағдырдың тәлкегіне ұшыратпай, ал, сыйлаған қонақтарына да, дұшпандарына да «есіктен кіріп – төр менікі деме» деген принципті киелі ұғымдай ұстанған. Бүгінгі бізден бір айырмасы ақшадан басталған дүние-мүлікті емес, әділдік, альтруизмды алға шығарған.

Сонымен бірге, қазіргі әлемдегі 6000-нан астам ұлттардың ішінде қазақтың сөздік қорының 3-ші орынды иеленуі де кездейсоқтық емес, оны этимологиялық, антропологиялық тұрғыдан зерделегенде, әр сөздің шығуы, пайда болуы, қолданысқа ену уақыттары қысқа мерзіммен өлшенеді дей алмайсың. Бұл да қазақ тарихының, кешелі я бүгін жасақталмағанының кепілі бола алады. Өйткені, қазақтардың 40 ғасырлық ғұмырлы ұлт екенін дәлелдейтін антропологиялық (антропогенез) ғылыми мәліметтердің де бар екенін ескеруге болады. Және де, дүниетанымы да ертедегі Шығыс философтарымен үндестікте жатқанын байқауға болады.

Атап айтқанда, ертеректе «жабайы», беріректе «бұратана» ұлттар  санатына жатқызылған көшпелі қазақтар «Ақылдың тілі де – сөз», «Тіл қаруы да – сөз» деп сөздің тарихи, табиғи қасиетіне терең бойлап, оны қазіргі әлемдік ғылыми дүниетанымдық түсініктермен де астарлас байланыста бағамдай білуін де негізсіз дей алмайсың.

Себебі, бүгінде ғылыми дәлелденген, баршаға ортақ «тіршілік иелерінің өмірі-генетикалық (тектілік)  код  ДНК-ның функциясына да  (қызметіне) тікелей тәуелді байланыста да болады» деген анықтамасын, бабаларымыз ұстанған ру-тайпалық шежіресімен үйлестіріп, өзіндік ерекшелігі бар өмір сүру салтына материалдық (селекция) және рухани (идеология) тұрғысынан т.б. игілікті істерде  жүйелі қолдана білгендігінде деуге болады.

Қысқаша, қарапайым сөзбен айтқанда: «Жазмыштан – озмыш жоқ» деген даналық тәлімгерлік қағидатының өзі дәлелдеуді қажет етпейтін қазіргі ДНК-ның рөлін дәлме-дәл айқындап көрсетіп отырғаны емес пе.

Бұдан туындайтын ұғым (түсінік): бүгінгі әлемдік  деңгейде «Қазақтанудың» бастау алатын тұстары да, осындай көптеген тарихи ақиқаттарда жатыр деп пайымдауға болады.

Тағы да генетикалық код факторы­на оралсақ. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» атты Стратегиясында дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды деп көрсетілген. Генетикалық кодқа дәстүр мен мәде­ниеттен басқа бүкіл ұлттық табиғи болмыстық тілдік, рухани тұтастық, т.б. құндылықтарын да жатқызуға болады. Сонда олар қандай жағдайда генетикалық кодтың рөлін атқара алады? Мысалы, қазақтың төл мәдениетін, салт-санасын, даналығын, дүниетанымын, дәстүрлі күй-жырларын, айтысын, тарихын, т.б. ұлттық ерекшеліктерін қазақстандықтар үшін жат тілде насихаттау, оқыту ешуақытта да генетикалық код рөлін атқара алмайды екен.

Өйткені, ол қазақтың бойындағы, санасындағы ана тілімен байланысты табиғи жолмен беріліп қалыптасқан эволюциялық даму заңдарына қарама-қарсы бағыттағы әрекет. Бұл да біздің бүгінгі Ресейлік ескі жұртта қалып жүруіміздің қауіпті факторының бірі бола алады.

Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл ұлтының тарихи қалыптасқан рухани иммунитетін саналы түрде жоюдың бір тәсілдік көрінісі. Мәселен, ұлттық рухани иммунитетсіз, немістер Германияны, түріктер – Түркияны, орыстар – Ресейді құра алмас еді деп айтуға әбден болады ғой. Жоқ, олай емес дейтіндер болса, пікірлерін тыңдауға дайынбыз.

Мысалы, өз тілін ұмытқан қазақтардың басты себебі: ұлттық тәлім-тәрбие, яғни этнотәрбие екеніне анықтай көзіміз жетті деп сеніммен айта аламыз (Этнотәрбие – біздің түсінігімізше, ана тіліндегі 12 жасқа дейінгі баламасыз табиғи талапқа негізделген тәрбие көзі). Өйткені, ұлттың ғұмырын оның тілінің ғұмырымен тікелей табиғи байланыстағы құбылыс деуге әбден болады емес пе?

Ал, «орысқұл» деген кім өзі десек, – санасы орыс тілімен тәркіленген, соған шартты рефлексі бейімделген, ұлттық коды зақымданған (ремонтқа жататын), таза тілді қазақтан айнымайтын, нәсілі қазақ, ата-бабаларының мұраға қалдырған тарихи Отанының мән-мағынасын, қадырын-қасиетін ұлттық тілінде жете түсінбесе де, алаңсыз бейжай ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі қазақтар. Мәселен, тауықта құс қанаты бар, жұмыртқалайды, жұмыртқадан өніп шығады. Бірақ құс атаулының негізгі табиғи ерекшелігі оның ұша білуінде ғой. Сонда ұша білмейтін тауықты – құс деп, ана тілін білмейтін қазақты – ұлт деп атау ұқсас болып шықпай ма?

Міне, біздіңше, қазақ халқының басындағы ахуалдың себебін – «табиғи талапқа сәйкестенген тұстарынан іздеу керек» деп жүргеніміз де осындай фактілерге байланысты айтылған тұжырымдар.

Қазіргі жаһандану заманында көптеген өркениетті дамыған елдердің ешкімге жұтылып кетпейтін ұлттық рухтағы ұлттық мүддесін, білікті іскер мамандар мен басқарушы кадрларды жасақтауға қол жеткізіп, мемлекет құрушы ұлттық тілін ортақ мемлекеттік тілі етіп ұстанып отырған  түгелге жуық елдерді ұлы ойшыл Гетенің «ұлы дүниелер – ұлт тілінде жасалады» деген көрегенділігімен түйіндеуге болар еді.

Ендеше,толыққанды тәуелсіз қазақ ұлттық мемлекетін қалыптастыруды неден бастау керек дегенде, алдымен осы  табиғи жаратылыс құралы – сананың тәркіленуінен (ассимиляция) тазартудан, яғни, ұлттық тіліндегі таным-түсініктерін дамытудан бастау керек. Өйткені, тек қана ана тілі жүректен нәр алып, сананы билеп, өмірлік дүниетанымды, рухты қалыптастырғанда ғана ақиқат құралы бола алады.  Міне, сондықтан, ұлттық тілін жоғалтуды – адам санасының тәркіленуі деп атайды.

Осы орайда айқындалған факті ретінде, қоғамдық сананың да өзіндік трансформациялану әдістері бар екеніне, кешегі қарапайым қатардағы Сингапур мен Малайзияның басаяғы 20-30 жылда, мүлдем  басқа деңгейде ойлайтын халықты жасақтап, тәрбиелеп, жаһандық өркениетті даму сатысына көтерілгеніне адамзат куә болды емес пе?

Алдымен сөзді филолог ғалымдарға берейік. «Әр тіл өз бойында ұлттық тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе» дейді.

Енді осы тіл «таңбалық жүйе» деген анықтаманы генетикалық ілімнің тіліне салыстырып аударсақ, оның да әрбір ұлттың бойында, санасында эволюциялық жолмен тарихи қалыптасып, ұлттық генетикалық кодында (ДНК) жинақталып, сақталған ұлттық болмыстық ақпараттар жиынтығымен түбірлес, тіпті сәйкес екенін де аңғаруға болады екен.

Демек, бұл «таңбалық жүйе» мен ұлттық код толықтай сәйкестенген бір ұғымды білдіре алады деген сөз болып шығады. Сондықтан, мұны ұлттық тіл мен ұлттық код-монетаның екі жағындай, бір-бірінен ажырамайтын тұтас дүние екен ғой деген тұжырымға да тоқталдық. Өйткені, бұл ұлттық код – ұлттың бүкіл тұлғалық функцияларын қамтыса, ал, оның тілі де сондай қызмет атқара алады деген сөз.

Мұндай сәтте ескеретін жайт, ұлттық кодты сәбидің бойындағы генетикалық кодтың осы фәни дүниедегі сыртқы орта әсерінің (эпигенетика) тәрбиелік, т.б. ықпалдық көрінісі деп қабылдасақ, онда ұлттық тіл (ана тілі де) генетикалық кодтың функционалды құрамындағы даму рөлі бар компоненті болып шығады.

Себебі, ұлттың ғұмыры оның тілінің ғұмырымен өлшенетін, табиғи сәйкестік байланыстағы құрылымы екені, қарапайым өмірде де көрініс тауып жүрген жоқ па. Мысалы, Кеңестік кезеңдегі 93 ұлттың алдымен тілінің, кейін ұлтының жойылып (не басқаға сіңісіп) кеткені белгілі.

Сонымен бірге, ұлттық тілді (табиғи заңдылыққа байланысты) ұлттық кодпен құрамдық тұтастықта деуіміздің тағы бір дәлелі, ол әлемдік елдер тәжірибесі көрсеткен баланы 12 жасқа дейін тек қана ана тілінде тәрбиелеп оқытса, әрі қарай биологиялық деградацияға (тегін жоғалтып мәңгүрттенуі) ұрынбайтындығы да, ал осы кезеңде қарама-қарсы бағыттағы жат тілде жүргізсе – табиғи қалыптасқан, әрі қарай дамитын ұлттық кодындағы құндылықтар өшіріліп, не жойылып, толыққанды ұлттық тұлға қалыптаспайтындығында екен.

Сондай-ақ, қоғамдық өміріміздегі ұлттық тілге (қазақ тілі) қатысты сан қырлы дағдарыстардың туындау түп қазығы тікелей табиғи қайшылықтан (этнотәрбиеден) екенін тағы да еске саламыз. Себебі,  тілдің де табиғаттың жер бетіндегі тірі субъктісі (бөлшегі) екенін, оның да түпкі негізгі тамырынан нәр алмай (тамырсыз өсімдіктердің өспейтіні сияқты) адам ғұмырының алғашқы кезеңін (дән, балалық шақ) ешуақытта аттап өте алмайтыны табиғи ақиқат. Міне, біздің де этнотәрбиенің баламасы жоқ деп жүргеніміз осы. Оны қоғамдық заңмен (Конституциямен) ешқашанда түзетіп, ауыстыра алмайсың.

Өйткені, тілдің қызметі де адам ағзасындағы қан алмасу жүйесіне ұқсас екенін, яғни, қан таралмаған жердің жансызданып, істен шығып, діттеген әрекетке қол жеткізбейтінін тағы да қайталап айтамыз. Кез келген елдің ұлттық қоғамдық өміріндегі адами капиталдың рөлі (функциясы) оның бұзылмаған тектілігімен (ұлттық код) тікелей байланысты әрекетте болады  дегенді  тағы да еске саламыз. Мәселен, баспасөздегі мәліметтерге сүйенсек, Нобельдік сыйлық иегерлерінің 90 пайызы ана тілін меңгерген тұлғалар көрінеді.

Енді қазақ тілінің ахуалын тағы да басқа қырынан бағамдап көрелік. Жоғарыда тілді тіршілік нышаны бар қуат көзі деген пікірімізді  білдірдік. Бірақ, бұл жерде біз ешқандай «велосипед» ойлап тауып отырғанымыз жоқ.

Осыдан 150 жылдай бұрын, неміс лингвисі Август Шлейхердің (1821-1868) тілді тірі организм деп, оны биологиялық құбылыстардың қатарына жатқызып, тіл ғылымын жаратылыстану ғылымының қатарына қосуы кездейсоқтық емес шығар деген ойға жетелейді. Әрине, сол дәуірдегі әсіресе, батыс елдері ғылымындағы материалистік басым көзқарастар ықпалы да, сондай-ақ бүгінгі таңдағы жаңа энергия, информация, энергетикалық, кванттық, вибрациялық медицина атты т.б. ұғымдардың кездеспеуі де ол кезде тілді тірі организм қатарына қосуды маңайлатпайтын көзқарастар дәуірі болғаны бәсенеден белгілі факторлар еді.

Бірақ осыдан 100 жылдай бұрын А.Эйнштейн математикалық жолмен ғаламшарда бәрі де бір-бірімен байланысты және олар түгелдей энергиядан тұрады деп мәлімдеді.

Мұны бүгінгі ғылымда қуаттап: «Сенің сөзің де, ойың да, іс-әрекетің де, т.б. түгелдей энергетикалық көрініске жатады» десе,  абыз бабаларымыз: «Алланның берген қуатының арқасында аман-есен жүріп жатырмыз ғой» деп, ал психологиялық әсерлерін «жақсы сөз – жарым ырыс» деген.

Мәселен, тілдің оң және теріс зарядты қуаты болатындығы әлдеқашан дәлелденген, ал бүгінде тілді тек қана қатынас құралы ғана емес, оны энергия деп қабылдап, оның материалдық дүниеге де тікелей ықпалы бар екенінде ғылым да теріске шығармайды. Сондықтан, тілдің де, табиғи реттеуші қуат көзі екенін, яғни, қуат көзінсіз ешқандай ұлттың да ғұмыр кеше алмайтынын еске алуға болады. Қазақтар: «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», – деп, сөздің де көзге көрінбейтін қуат көзі бар екенін ескерткен. Сондай-ақ қазіргі әлемде 6000-нан астам тіл қалды десек, олардың әрқайсысының қолданыс аясындағы (ықпалы) қуаты сондай, кез келген ұлттың тілі оның халқының азды-көптігіне қарамай, егер де сол тіл түгелдей ақпараттық қолданыс кеңістігінде болса, қандай ұлт болса да, ұлтсыздандырып не жойып, не аренадан ығыстырып шығара алатын көрінеді. Бұл да біздің бүгінгі қазақтардың басындағы жағдай. Міне, мұны да әрбір қазақстандық азаматтың елінің болашағы мен қауіпсіздігі үшін әруақытта зердесінде ұстап түсінуі қажет баламасы жоқ табиғи талап, тарихи ақиқат, аксиома екендігінде.

Ал, зерттеушілердің мәлімдеуінше, эпигенетиканың рөлін – адами капиталдың бүкіл болмыстық әлеуетін табиғи талаптарға сәйкестік байланыста қолданатын адамзаттың әртарапты өзін-өзі басқару жүйесі дегенге саяды. Демек, мұны азаматтық қоғамның функциясымен де салыстыруға болады екен. Бұл сала француз ғалымы Ламарктың 1810 жылғы қоршаған ортаның эволюциялық ықпалы жөніндегі көзқарасына негізделген.

Генетиканың өзі 1910 жылдан бастап, эксперименттік тәжірибелік тұрғыдан жеке ғылым саласы болып қалыптасқан. Генетиканың негізгі мақсаты – өзгерткіштік пен тұқымқуалаушылық заңдарын ашу. Бұл селекцияның теориялық базалық негізі болып танылады. Шынтуайтында генетика тектілік туралы ғылым. Өйткені, ген – грек тілінен аударғанда – тегі, тектілік деген сөз. Генетикалық код деп жүргеніміз – ДНК. Ал ұлттық код деп жүргеніміз – ол нәрестенің осы фәни дүниенің есігін ашқан сәттен бастап, сыртқы ортамен байланыста болатын бойындағы бүкіл табиғи ұлттық ақпараттар жиынтығы. Осындайда экономикалық және әлеуметтік ахуалдардың да, ұлттық кодпен байланысы бола ма екен дегенде, экономиканың негізгі заңдары: «Сұраныс» пен «ұсыныстың» қоғамға да, тірі организмге де функционалды әсерлерінің бірдей қатынаста болатынын айтса да болады. Олай деуге себеп, бұл шын мәніндегі әрбір ұлтқа тән тілдің адамзаттың физикалық күші жете бермейтін – табиғи саналық, рухани құдіретті күші бар деген сөз. Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы: Рухани жаңғырудың алғышарты – ұлттық кодты сақтап, өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту, бұл ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың басты қағидаты, онсыз тарихтың шаңына көміліп қаламыз» дегенін тәуелсіздігімізді алған ширек ғасырдан астам кезеңдегі ұлттық және қоғамдық санамыздың тәркіленуі мен адасуынан құтылатын кезеңі басталады деп қабылдап, кеудемізді қуаныш кернеген еді. Қысқаша айтқанда, ұлттық кодты сақтай білу  – адами капиталдың әртүрлі оңтайлы потенциалын сақтап, оны жеке және қоғамдық өмірде орнымен қолдана білу деген сөз.

Дүниеде қаншама тіршілік иелері болса, әрқайсысының өзіне тән гендері болады. Генді кейбір зерттеушілер «эволюциялық желім» деп те атайды. Сондай-ақ, Ресей телеарнасындағы ДНК жайлы көрсетілім де осы тектілік заңына негізделген. Генді 1953 жылы екі американдық ғалым Уотсан мен Криг «Өмірдің кілті ДНК-да, яғни, генде кодталған» деп ғылымда жаңалық ашып, Нобельдік сыйлықтарын алған. Алайда, кейіннен әлемдік ғылымда геннің тікелей өздігінен әрекетке бармай (эпигенетика) сыртқы әсердің ықпалымен ғана алуан түрлі функционалды потенциялын пайдалана алатыны анықталды. Бұл тұрғыда Қазақстанның тумасы (қазір Америкада тұратын) жерлесіміз Шухрат Миталиповтың адам эмбрионының геномын реттеп түзетуге болатыны туралы ашқан жаңалығының (2017) бүгінде әлемдік ғылыми аренада түгелдей резонанс тудырып отырғанын айтса да болады.

Демек, бұл жайтты көшпелі қазақ­тардың әлмисақтан «Тәрбие атаның белінде, ананың құрсағында басталады» деген даналығымен байланыстыруға болады. Бұл халқымыздың кемеңгерлік тағылымының бүгінгі әлемдік ғылымда дәлелденген көрінісі деп те айтуға болады.

 Төлеген АЛМАХАНОВ

 

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!