АҚҚУЛЫ ӨҢІРІНІҢ ТОПОНИМИКАСЫ

  • 02.05.2020
  • 152 рет оқылды
  • 0

Қуат САПАРОВ,

география ғылымдарының докторы, профессор

Қазақстан топонимиясының негізгі ерекшеліктерінің бірі географиялық атауларда ландшафттардағы өсімдік және жануарлар дүниесінің көрінісі сипаттама алатындығы. Топонимдер құрамындағы аң, жануар, құс атаулары Қазақстанда аңдардың кейбір түрлерінің кең тарағандығын және олардың аңшылық маңызы болғандығын аңғартады. Павлодар облысының аумағы жануарлар дүниесінің көптігімен ерекшеленеді. Мұнда орманда және далада тіршілік ететін жануарлар дүниесі жиі кездесетіндіктен, топонимнің құрамында халық өмірінің айнасы жан-жануарлар өз іздерін қалдырған.

Аңдардың жүретін жерлеріне орай, сол аңдардың атымен тауларды, өзен-көлдер, аңғар-жыралар, орман-тоғайларды, қоныс, елді мекендерді атап отырған. Дала зонасында орналасқан Павлодар облысы аумағының 70%-ы Батыс Сібір жазығына (Ертіс маңы, Құлынды, Барабы ойпаты) еніп жатыр. Белгілі бір табиғи ортаға бейімделген жануарлар дүниесінің ареалы сол аумақ жеріндегі географиялық атауларда кездесетіні анық. Батыс Сібір жазығының оңтүстігінде палеонтологтар жүргізген зоофитогеографиялық зерттеулер нәтижесінде зерттеу аумағы мен Батыс Сібірдің флорасы мен фаунасы неогенде біртұтас болғаны дәлелденді. Плиоценнің аяғы, миоценнің басында климат өзгерісі, топырақ жамылғылық факторлары, орогенез әрекетінен өзгеріске ұшыраған жас платформаның (Құлынды свитасы) жануарлар дүниесі жасырақ келеді.

Ғылыми деректерде Сібірді мекендеген жануарлар дүниесі Қазақстан жағына қарай ығысуына мұздық кезең әсер еткені көрсетілген.

Қандай да болмасын табиғат жағдайына бейімделген жануарлар дүниесінің ареалы аумақтың географиялық атауларында кездесетіні анық. П.С. Паллас (1769-1770) Ертіс өзені бойымен жүргізген ғылыми зерттеулерінде орманды дала, дала зоналарында бөкен, құлан, марал, қабан, құндыз (бобр) т.б. жануарларды көргенін жазса, В.А. Селевин Семейдің таспалы қарағай орманы тайгамен өзара байланыста болып, ұштасып жатқанын, осыдан 150-200 жыл бұрын бұлан, марал, аюлар мекендеген деп жазады.

Семейдің таспалы қарағай ормандары (реликт) Құлынды жазығы арқылы  Аққулы ауданы аумағымен шектесіп (Ертіс орманы мемлекеттік табиғи орман резерваты), ортақ таспалы қарағай орманы жүйесін қалыптастырады. Деректерді жинақтау барысында топонимдер құрамында марал,   бөкен,  киік,   шошқа,   құндыз,  аққу   аттарының   қатысуы  арқылы қалыптасқан топонимдер анықталды. Жануарлар дүниесінің жиі кездесуі, жер  беті   жамылғысы  ландшафттық  және  климаттық  факторларға  тікелей байланысты болады. Жергілікті жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты болатын жылу мен ылғал қоры да үйлесім тапса, динамикалық тепе-теңдігін сақтап қалады да, биогенді құрамдас бөліктерін қалыптастырады. Сондықтан, қандай да болмасын экожүйенің зооценоздары қоректік тізбек заңдылықтарына байланысты, фитоценоздар мен бірге биоценоздар бірлестігін құрайды. Ертістің Аққулы өңірінің географиялық атаулары құрамында төмендегідей аң-құстар, жануарлар, бауырмен жорғалаушылар, балықтар, жәндіктер атаулары кездесіп отыр. Марал, қоян, түлкі, қасқыр, қарсақ, қой, жылқы, сиыр, түйе, ешкі, қаз, үйрек, шүрегей, шағала, аққу, балық, ара, жылан, шыбын, маса, құрт, т.б. зоонимдердің көптеп кездесетінін аңғартады.

Аққулы ауданы Павлодар облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Жер көлемі – 8,1 мың км2. Ауданның солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы – 130 км, батыстан шығысқа қарай ұзындығы – 110 км құрайды. Шекарасының жалпы ұзындығы 461 км-ге жуық. Аққулы ауданының солтүстігінде Павлодар қаласымен (шекараның ұзындығы – 80 км), Шарбақты ауданымен (150,5 км), батысында  Ертіс өзені Май ауданынан бөледі (су шекарасы – 140 км), оңтүстігінде Шығыс Қазақстан облысымен (140,5 км), шығысында Ресеймен (40 км) шектеседі. Ауданның территориясы Құлынды, Солтүстік Қазақ жазықтарында орналасқан.

Ауданның ең төмен жатқан абсолюттік нүктесі-102 м, ол Тұзқала (Ямыш) көлінің қазаншұңқырында орналасқан. Ең биік нүктесі-176 м, Аққулы ауылынан шығысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Ертіс маңы  жазықтығының орташа абсолют биіктігі 100-150 метрге дейін жетеді.

Аққулы ауданы Май, Ақсу, Павлодар, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарымен бірге Ертіс маңы провинциясында орналасқан. Оның кең алқапты жазықты жерлерін Ертіс өзені тең екі бөлікке бөледі. Осы жазықтың биіктігі оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс бөлігінен өзенге дейінгі аралығы 200 метрден 110 метрге дейін төмендейді. Жазықтықтың кейбір жерлері алювиалды құм, саз, гравий, неогендік саздақтардан тұрады. Аумақтың көп бөлігі толқын тәріздес болып иректеліп келетін аласа жондармен ерекшеленеді. Сонымен қатар, Аққулы ауданының орталық шығыс бөлігі Құлынды провинциясында жатыр. Ол жазықтың абсолюттік биіктігі 100-130 метр және аллювиалды құмды, саздақты жыныстардан тұрады. Оң жағалаудың шығыс бөлігі таспалы қарағай (реликті) орманымен ерекшеленсе, оңтүстік-шығыс бөлігінде қазаншұңқырда көптеген ащы-тұзды Лебяжі тобына жататын көлдер орналасқан. Оларға Айдарша, Барғана, Борлы, Жалтыркөл, Қызылтұз, Қазы, Малыбай, Сарыөзек, Шарбақты, Тілеуберді, Тұз, Сейтен, Төсағаш, Ямыш (Қалатұз) жатады. Олардың маңы ежелгі құмтөбелермен, кей жерлері сусымалы төбешікті құмдармен ерекшеленеді.

Тарихи зерттеулерде Аққулы ауылы тұрған жердің солтүстік қапталында айдын көлі болыпты-мыс. Онда аққулар мекендеген екен. Казак станицасы өзінің атауын (Лебяжі редуты) осыдан алыпты. Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан Аққулы ауылының географиялық координаттары: 51˚29’ солтүстік ендік, 77˚46’ шығыс бойлықта жатыр. Лебяжі Ертіс өзенінің бойында пайда болған елді-мекендердің бірі. Кезінде бұл маңдағы көлде аққулар ұя салып, оған көлдің аты берілген. Кейіннен село осылай аталыпты. Жергілікті ақсақалдардың айтуына қарағанда Ертіс өзені тасыған уақытта аудан орталығы мен Широкое (Шүрегей) ауылының арасын тұтас су алып кетеді екен. Ол су шілдеде Ертіс екінші рет көтерілгенде, одан сайын молайып, кей жылдары ауылдың шығыс қапталында жатқан Ақсор көліне барып құяды. Жамбыл ауылынан сәл төменіректе жатқан Баймұрат тоғайын, одан әрі Байжан тоғайын кемерлеп, Шабар құмына құйылып, Шәмші ауылының жарқабағын соғып, айдындалып жатады екен.

Бүгінгі күні су қатты көтерілді дегенде, екі елді мекен арасындағы терең өзектің табанында ғана жылтырайды. Аққуы ұшып, қазы қонған су айдыны тартылып, тоғайлы ну орманы селдіреді. Әрине, бұл адамның өз қолымен жасағаны (антропогендік әрекеттер). Аққулы көлі бертін келе тартылып, ақыры батпаққа айналды. Аққулы (Лебяжі) мен Широкое ауылының арасын қамыс басқан. Бұл қамыс арасында шүрегей үйректер (чирок) көптеп пайда болған деседі. Шүрегей атауы орысша бұрмаланып Широкое болып өзгеріске ұшырауы заңды құбылыс. Өйткені, қазақтың географиялық атаулары жергілікті жер бедері, өзен-көл, ландшафт, жағалаулық террассаның геоморфологиялық құрылысын бейнелеп көрсетеді.

Аққулыны (Лебяжі) бір уақытта қазақтар «Қиық» деп бекерге атамаған  екен. Ертістің биік жарқабағының астына орналасқан бұл станицаның дөңінен қарағанда, өзенге қарай созылған көшелері қиғаштай, қиығынан көрінеді (С.Мұқанов). Академик жазушының бұл жолдарындағы шындық-қазақтардың Лебяжіні ежелден «Қиық» деп атауы. Бірақ, неге осылай аталғаны талас тудыратын мәселе. Бұны халықтық этимология негізінде қалыптасқан атау деп түсінуіміз керек.

Аққу туралы деректер аңыз-ертегілерде жиі кездеседі. Аққу түркі халықтарында хакастарда, туваларда, якуттарда, сахаларда, тофаларда киелі деп саналады. Ә.Марғұлан «Мүмкін тарихи заманда аққу түркі тайпаларының тотемі болуы тиіс» деген. Аққуға байланысты тотемдік сенімдердің пайда болуы түркі қағанатының бір құрамын Аққу тайпасы құрағандығынан көруге болады. Тіпті кейбір тайпаның атына да, ұранына да айналған. Бұған алтайлықтардағы Дьуртаг (бүркіт), тувалардағы қуу (аққу), хакастың бюрют (бүркіт) тайпалары дәлел.

Аққуды аңыздар мен жырларда, ертегілерде сұлу қыздың бейнесінде көрінетіндігі – түркі халықтарына ортақ бейне. Мәселен, қазақ, қырғыз, бурят, эпостық шығармаларында, аңыз-әңгімелерінде «аққу-ару қыз», «аққу-сұлу қыз», «аққу-перизат», «аққу-құстың сұлтаны», «аққу-аналар», т.б. көркемдеуші теңеу ретінде суреттеледі. Мәселен, қанды жорықтардың бірінде, Қалша Қадыр қолбасшысы қатты жарақаттанады. Шөлден булығып, болдыртып өлім халінде жатқанында, қасына аспаннан бір ақ қаз (аққу) ұшып келіп қонады да, аузына су тамызып құтқарып алады. Содан, аққу-қаз үстіндегі аққу терісін сыпырып тастап, ару қызға айналады. Қалша Қадыр осы аққу қызға үйленеді, одан туған ұл «қазақ» атанады. Қазақтан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деген үш ұл туады. Ақарыстан Ұлы жүз, Бекарыстан Орта жүз, Жанарыстан Кіші жүз тайпалары тарайды деген аңыз бар. Ертедегі тайпалар аққулардың сұлулығына, көркемдігіне қызығып, адамзаттың  әуелгі анасы осыдан тарады, құстың сұлтаны деп атаған. Ел арасында аққуға байланысты ырымдар мен тыйымдар көп. Аққуды атпайды, киесі соғады деп қорқады. Аққу құстың көркемі деп санағандықтан, қыздардың сұлулығын аққуға теңейді және жақсы көрген адамын «аққуым» деп еркелетеді. «Аққу құстай кіршіксіз пәк», «аққу құстай жарқылдау», «аққудай», «аққудай сылану», «аққу құстың мойнындай», «айдынның ерке сұлу аққуындай», «аққудың мамығындай», «аққудай тізілуі», т.б. теңеулер мен тұрақты сөз тіркестері көркем шығармаларда кездеседі.

Аққулы  (Лебяжі) – ол аудан орталығы, тәуелсіздік алған жылдары «Аққу» болып аталды. Кіші Лебяжі көлі, кемежай атауына тоқталсақ, 1744 жылы «Почтовый двор» негізінде салынған. Патша үкіметінің Ертіс бойын отарлап, өзен бойында Омбыдан-Өскеменге дейін әрбір 25 шақырым аралықта кемежайлар салып отырған. Оның айғағы Лебяжі, Черное (Қарақала), Подпуск (Босбос), Ямыш (Емші), т.б. форпостардың салынуымен тікелей байланысты болған.

Сонымен, кезінде аққулардың тұрағы болған Аққулыда қазіргі уақытта аққуларды кездестіре алмаймыз. Қуатқан қонысы, Аққуатқан көлі тәрізді қоныс атауларына көз жүгіртсек, аңшылықпен байланысты қойылғанын аңғаруға болады. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында колхоздарды ұйымдастыру кезінде, бұл маңайдағы адамдардан қаймыққан аққулар, қонысын басқа жаққа ауыстырған сыңайлы. Жергілікті адамдардың айтуына қарағанда, өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары аққулар Сарыөзек көлдерін, Шарбақты маңындағы көлдерді паналаған.

Аққулы (Қулы) көлге байланысты толық мәліметтерді П.С. Палластың еңбектерінен кездестіруге болады. Ол екі бастауы бар Лебяжі көлінің Ертіске құйып жатқанын сипаттап жазады. П.С.Палластың еңбектеріндегі марал, доңыз, құлан, аққу, т.б. аң-құстардың жойылып кетуіне антропогендік және табиғи-климаттық жағдайлар әсер еткен деуге болады. Қандай да болмасын, жануарлар, құстардың ешқашан жалғыз өмір сүруі мүмкін емес, ол табиғи заңдылық. Кезінде қамысында қаз, үйрек, қоғалы көлінде Қулар қиқулаған Аққулы өңірі әлі де болса терең зерттеулерді қажет етеді.

Топонимдер құрамында жиі кездесетін -лі, -лы, -ты, -ды, -ді туынды сын есім жұрнақтары аталған өсімдік және жануарлар түрлерінің әлдеқайда кең таралғанынан мол ақпарлар береді. Мысалы: Қамысты, Қоғалы, Қарағайлы, Қайыңды, Мойылды, Доналалы, Теректі, Шилі, Шабақты, Шошқалы, Бүркітті, Бөрілі, Қоянды, Құланды (Құлынды жазығы) т.б. атаулар қоршаған ортаның бұрынғы және қазіргі ландшафтысының қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Аққулы  бұрын Лебяжье → Лебяжі → Аққу →Аққулы болып өзгеріске түсіп ықшамдалды.

Павлодар облысында Баянаула өңірі, Ертіс, Ақкөл-Жайылма өңірлері, т.б. географиялық нысан атаулары бар. Сондықтан, Ертістің Аққулы өңірі деген ұғымды қалыптастыруымыз керек. Аққулы ауданының аумағында Ертістің Аққулы өңірінде фитонимдер мен зоонимдерге (өсімдік және жануарлар атаулары) жүргізілген талдаудың нәтижесінде аумақтағы топонимдер құрамындағы қарағай (реликт) орманы ареалының әлдеқайда кең ауқымды болғандығын, ал аққу, бөкен, қабан, құлан, құндыз (бобр), марал сияқты зоонимдер жиынтығы бір кездерде (П.С.Паллас) жануарлардың осы аумақта тіршілік еткендігінен көптеген географиялық ақпараттар береді, реконструкция  (қалпына келтіру) жасауға негіз болады. Ертіс бойы Аққулы өнірінің кейбір көне атаулары, оның ішінде Ертіс өзені, Ямыш көлі С.У.Ремезовтың «Сібірдің Сызба картасында» (1697 ж.) бейнеленген. Ямыш (Қалатұз) бекінісінде дүниеге келген белгілі ғалым, зерттеуші                      Г.Н. Потаниннің «Естеліктерінен» мынадай сөз тіркестерін кездестіреміз. Синолог Палладий Шыңғысхан кезінде (ХІІI ғасырда) жасалған Моңғолияның шағын картасын бастырып шығарған. Бұл картада қазіргі Ямыш селосы орналасқан жерде Емишин (емші) деген жазуды оқуға болады. Бұл картаның көшірмесі П.И. Кафаровтың кітабында бейнеленген. Тұзқала деп аталу себебі ауылдың іргесінде тұз алатын көл бар, жергілікті қазақтар осы көлге құятын екі бұлақ суын пайдаланған. Түркі-моңғол тіліне ортақ «емші» сөзі бірдей мағынаны білдіреді. Ертеде адамдар тұзды, лай батпағы бар көлдерді әртүрлі аурулардан айығу үшін (тері, құяң, жыныс т.б.) пайдаланған. Сондықтан, жергілікті қазақтар емдік қасиеті үшін «емші» деп атауы да мүмкін. Ресей жазбаларына сүйенсек, Ямыш көлінен 1591 жылы алғаш рет тұз өндіріліп, Тобылға жіберілген. «Дала уалаяты» газетінде, мақала авторының айтуы бойынша, бұл жерді қазақтар «Тұз-Қала» деп атаған және бұл Ертіс өңіріне салынған көне қалалардың бірі  болған. Сонымен қатар, «Карта земель, принадлежащих киргиз-казакам и Туркестану» (1831); «Карта реки Иртыша между Семипалатинским и Черноярской пристанью» (М.С.Чернышов, 1885); «Карта Киргизского землепользования и пастбищных районов Павлодарского уезда (1903); «Карта правобережья Иртыша Павлодарского округа и Кзылагачевской волости (1909); «Карта Семипалатинской области» (1901) т.б. Ресейден шыққан карталар мен ғылыми еңбектерде кейбір нысандар осындай көрініс тапқан деуге болады. Черное  (Қарасу), Қарақала, Құмсуат (Кирпичная), Қарақалада орыстардың шіркеуі болған. 9-шы ауыл (Хутор), 3-5-ші Хутор (қазіргі Шәмші ауылының маңы). Ақтан қонысы, Керат-Бәшірбайдың қонысы, Уәлиханбай тоғайы, Жанғанжайлау, Көлбай, Әлсейіт қонысы, Тасқара тоғайы (бакенші адам болған).

Қыр жақта Бөрілі (Борлы), Байсақ, Қаратулақ, Айдарша көл, Дәмелі   қоныс, ауыл, Үшқұдық, Тоққара, Тоқпанбет, Сиырөлген, Жамбас, Қоңырқақ, Қарақұдық (Шабар), Күшенөлген қоныс, Түйежарған, Дөңгелеккөл, 10-шы ауыл, Аққұдық, Қамыстыкөл, Қарасу өзені, Шабар ауылы, Шәмшиден қажы, Хазірет Смағұл, Стахан, Молбике, Аққулы (Қулыкөл) қоныстары, Аққулыда аққулар, Аққұм маңында киіктер көп болғаны жөнінде тарихи деректер бар.

Аққулы ауданы  мен Ресей Федерациясы шекарасындағы қазақ атаулары Бәйімбет, Тұмсық (Николаевка), Ақоба (Назаровка), Бостанбай, Мырзағұл (қазіргі Михайловка ауданының орталығы, Қызылтал (Ракиты), Сарыкөл, Қасқыр (Волчиха), Ащыкөл (Ащыкуль), Қатан, Ақүй, Құлынды, Қарақотыр (Северка), Көкбастау (Ключи аудан орталығы), Малиновое көлі (Қасыболат), Мирный, Угловое, Партизан (Қарашілік), Қыстаутерек (Животновод), Шұбыртпалы қонысы, Жүзқарағай (2 атау) (Лесохим), Мылтықсынған, Көкүй, Керей, Байғамұт (Байғамит болуы да мүмкін), Атшапқан, Қоянбай, Сосновка, Кривинка (Соқыр), Жертұмсық ШҚО аумағында орналасқан шекаралас елді мекендер орналасқан.

Зерттеу барысында аумақта кездесетін топонимдерде табиғат жағдайларын бейнелеудің өзіндік дәстүрлі заңдылықтары бар екенін аңғаруға болады. Еліміз егемендік алғаннан кейін бұрынғы ата-бабаларымыздың қойып кеткен географиялық атаулары қайтарылып, географиялық карталарда өз орнын табуда. Әрине, бұрынғы қазақ атауларының қайта оралуы болашақ ұрпақ үшін, үлкен мұра болып қалмақ. Халық тарапынан қойылған әрбір жер-су атаулары – сол жердің табиғи құжаты болып табылады. «Жер тарихы – ел тарихы», Н.И.Надеждин: «Жер» дегеніміз – адамзат баласының тарихи-географиялық атауларда жазылған кітабы деп айтқан.

Зерттеу нысанына айналған Аққулы өңірінің географиялық атауларының табиғи ортамен байланысын анықтау, аумақтағы табиғатты пайдалану мен қорғау дәстүрлерінің сақталып қалған тәжірибесін танып-білу, әртүрлі карталар мен ғылыми әдебиеттердегі атаулардың жазылуын бір ізге келтіру қажеттілігін айта кету орынды болады. Сондықтан, табиғаты ну орман, жазиралы жазықтар мен ащы-тұщы көлдер, Ертістің жайылмалары мен таспалы қарағай ормандарымен  ерекшеленетін тарихы сырға толы «Аққулы жерін киелі өңір» деп атауға болады.

Аққулы өңірі аумағының топонимдерін тарихи-географиялық, картографиялық, лингвистикалық әдіс-тәсілдермен жүйелік талдау жасау нәтижесінде 500-ден астам топонимдер анықталып, оның 92,2 %-ы қазақ (түркі), 7,8 %-ы славян тілінде қалыптасқанын аңғартты (географиялық атаулар тізімі масштабы 1:1 000 000 топографиялық карталар негізінде алынды, 1942-1989 жж.).

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелердің түйіні – еліміздің тамыры терең тарихын ғасырлар қойнауынан аршып, ел-жұрты қастерлеген қасиетті мекендерді өскелең ұрпаққа таныстыруға негізделген. Киелі жерлер немесе рухани қасиетті орындар арқылы қалыптасқан географиялық атаулар халықтың рухани дәстүрінің тірегі болып табылады. Аққулы ауданының киелі орындарын бірізділікке келтіріп, киелі жерлердің шығу тарихын зерттеп білу арқылы алдағы уақытта  рухани туризмді дамытуға болады. Сондықтан, барлық жинақталған географиялық атаулардағы ғылыми ақпараттарды жүйелеу және туризм мен жергілікті өлкетану қызметін дамыту үшін табиғи және мәдени-тарихи нысандардың тізімімен бірге ауданның туристік маршруттық картасын құрастыру қажеттілігі туындап отыр.

Әрбір географиялық атаулар географиялық картада, тарихымызда өз орнын табуы керек. Ол үшін ел болып жұмылып аудандағы 10 округ бойынша картаға енбей қалған көне атауларды, ұмытылып бара жатқан нысандарды түзетіп, жер-су атауларын қалпына келтіру, зерттеулер жүргізу баршамыздың басты міндетіміз болып табылады.

 Сөз соңында айтарым, ауданға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарымды «Аққулы ауданының топонимикасы» атты оқулығын жарыққа шығару жоспарымда бар. Сонымен қатар, Аққулы ауданының энциклопедиясын жариялауға материалдар жинақтап, болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыру – алдымызда тұрған зор мақсат. Сол себепті жалпы аудан көлемі бойынша тарихшылар мен өлкетанушыларды, ғалымдарды, мектеп ұжымдарын, оқу орталықтарын, тіл жанашырларын, ауыл ақсақалдарының бастарын қосып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын дәстүрді қалыптастыруымыз қажет деп есептеймін. Осы мәселені қолға алып, оңтайлы шешуге аудан әкімдігі мен маслихат депутаттары қолдау көрсетеді, деген ойдамын.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!