БІРЛІК, БІРЕГЕЙЛІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ИДЕОЛОГИЯСЫ

  • 02.05.2020
  • 651 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі,

ҰҒА академигі

Заманында коммунистік идеология Қазақстанға қатысты «Тың өлкесі», «ғарыш айлағы», «үлкен астық отаны» деген теңеулерді қолданса, Бас хатшы Л.Брежнев «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» деп баға берді. Бұл формуланың маңыздылығына тәуелсіздік тұсында көзіміз жетті. Кешегі кеңестік республиканың бірінде атыс-шабыс жүріп жатса, екіншісінде тұтас халыққа қысым көрсету орын алды. Шын мағынасындағы жалпыұлттық келісімнің моделі Қазақстанда орнықты.

Бірлік пен бірегейлік ұғым-түсініктері өмірдегі түрлі ахуалға, әлеуметтік салаға байланысты қолданылады. Олар тіпті жануарлар мен өсімдіктер әлеміне де қатысты. Ал адамдар қауымының, оның ішінде этностардың өзара қарым-қатынасына келсек, бұл екі ұғым бір-біріне мейлінше жақын болғанымен мәнді ерекшелік пен өзгешелікке толы. Олар күнделікті қарапайым тіршіліктен бастап аса күрделі саяси қарым-қатынасқа дейін қамтып жатыр. «Синонимдер сөздігінде» бірліктің орнына қолданыла беретін бес синоним сөз беріліпті – ынтымақ, бүтіндік, ұйымшылдық, ұжымды, ауызбірлік.  Тобықтай түйіні – адамдар арасындағы бөлініп жарылмағандық, татулық, тұтастық. «Бір атым насыбайдан да көңіл қалады» дейді халық даналығы. Бұл – бірлік пен бірегейлікке сызат түскеннің көрінісі. Түйіні тарқалмаса, оның ауқымы, акторлары, шиеленісі арта түсуі бек мүмкін. Жақында ғана Қордайда орын алған ұлтаралық қақтығыс, бір қарағанда, болар-болмас себептен басталған тәрізді. Шынтуайтында астарында қалың қатпарлы себеп пен салдар жатыр. Оның бірен-саранын 1 наурыз – Алғыс айту күні Қордай ауданына сапармен барған ҚР Президенті Қ.Тоқаев айта алды. «Қақтығыс болған жерде ешқашан және ешқандай даму болмайды. Бұл – заңдылық», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан – достықтың, бейбітшілік пен келісімнің мекені, барлық этникалық топтардың ортақ Отаны екеніне екпін түсірді. Еліміз түрлі тарихи жағдайларға байланысты қиын- қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алғанын еске салды.

Біздің айтпағымыз бұл оқиғаның қыр-сырын ашу емес. Мәселе –  бірліктің, бірегейліктің идеясы мен мазмұнын ұғынуда. Ұлтаралық қатынас биігінен көз жіберсек, Қордай құбылысы бірлік ұғымына келіп тіреледі. Өйткені, бірлік дегеніміз – екі немесе одан да көп этностардың тілдік, ділдік, діни, т.б. өзгешеліктерін құрметтей білуі және оларды қорламай, жоққа шығармай, қоғамда қалыптасқан саяси, экономикалық, идеологиялық, құқықтық  ортақ құндылықтар мен идеялар, нормалар мен талаптар негізінде топтасуы.

Бірлік этностарға мәңгілік мерзімге берілетін мандат емес. Эволюциялық сабақтастық, жалғастық, өзгере білу сақталғанда ғана берері мол. Ол, түптеп келгенде, екі фактор әсерімен қалыптасады. Бірі – адамдардың ортақ мемлекетте өмір сүруі, екіншісі билік саясатының кемелдігі. Басты рөлде мемлекеттік саясат тұрады. Егер саясат қағаз бен сөз деңгейінде қалып, ахуалға сай іс-әрекетпен, өміршең практикалық шаралармен бекемделмесе, екінші, үшінші Қордай алдан шыға береді. Ол – ол ма, алып империя КСРО ұлтаралық бірлігі ыдырағаннан тарап кетті.

Мінсіз саясат бола қоймайды. Дегенмен әділдікке, демократияға, жариялылыққа құрылған зерделі саясат қана қоғам мүшелерінде мемлекетшіл сана қалыптастыратыны сөзсіз. Оның тасушысы университет бітіруі, лауазымды қызмет атқаруы міндетті емес. Хат танымаған Шыңғыс ханда мемлекетшіл сана жоқ деп кім айта алады. Бұл орайда тарихи жадтың, сананың, танымның ақиқатқа суғарылуы басымдыққа ие. Жердің тартылыс заңын, Пифагордың теоремасын білу шарт емес. Еліңнің тарихынан хабардар болу, мемлекеттік тілді меңгеру ұлттарды жақындастырады, жатсындырмайды. Тарихта мемлекетшіл, елшіл, отаншыл сананы қалыптастыратын идеологиясыз, білім мен тәрбие жүйесінсіз бірлік болған емес, болмайды да.

Бірегейлік дегеніміз – этностың қоршаған ортадағы ішкі тұтастығы, өзін-өзі тануы, басқа этностан айырмашылығын көре алуы. Тап осы қасиеттердің дұрыс дамуы және толымды нәтиже беруі мемлекет құраушы халықтың тарих пен болашақ алдында өзіне жүктелген биік миссияны зорлықсыз оң атқара алуымен еселенеді. Ұлттық бірегейлік ұзақ тарихи эволюция және ортақ тағдыр шегінде қалыптасады. Оның іргесін қалаушы факторлар – аумақтық тұтастық, тілдік қауымдастық, сабақтастығы мен жалғастығы үзілмеген мемлекетінің болуы. Ұлы далада қазір өмір сүріп жатқан қазақтан басқа этностардың бірде-біреуі тап осы алғышарттар бойынша байырғы халықпен таласа алмайды. Олардың бірегейлігі басқа уақытта, аумақта, кеңістікте дүниеге келген. Бұл – бір.

Екіншіден, өз атауымен қазақ халқы және оның төл мемлекеті – Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққан  XV  ғасырға дейін Сарыарқа мен Жетісуға, Алтай мен Атырауға келгендер (араб, кидан, моңғол) біржолата қазақтанып кетті. Бұлардың ұрпақтары жетінші атасын ендігі танымайды да, іздемейді де.

Бірегейліктің күш-қуаты, прагматизмі мен бәсекелік қабілеті этностың мемлекеті мен руханиятында. Біздің халық ғұн, байырғы түркі, Алтын Орда империяларында құрыштай шыңдалды. Руханиятының бастау-бұлағы атқа міну мәдениетінде, ежелгі металлургияда, өнердегі аң стилінде, Орхон-Енисей жазуында жатыр. Ресейге бодандықты мойындауымен екі ғасырға жуық төл мемлекетінсіз, кеңестер билеген 70 жыл бойы номиналды мемлекетімен ғұмыр кешті. Демографиялық апатқа ұшырады. Соншама сілкініс пен қасіреттен қазақты қазақ қалпында сақтап қалған құдірет – бабалар аманаттаған руханияты, яғни, тілі, ән-күйі, фольклоры мен ауызша тарихы, әдет-ғұрпы, соларға мекен болған жері.

Демек, тәуелсіздік тұсындағы мемлекеттік құрылысқа, руханиятқа қатысты бастамалар мен бағдарламалардың түпкі көздегені және нәтижесі бірегейлігімізді нығайту болмақ. Басқаша айтқанда, ұлттық кодымызды сақтау. Бірақ қазақтың жаны мен тәніне отарлық және тоталитарлық жүйе салған жара тым ауыр екенін енді сезінудеміз.

Қазақтың бірегейлігін басқалар қанша таныса, іштей ала-құла екендігін де сонша біліп отыр. «Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ». Кеңестік тұста қазақ әке-шешеден туған бала «ұлым» деп еміренетін билігі болмағандықтан, тағдыры жат қолына қарағандықтан, ұлттық бағдарынан, қамал-қорғанынан, кодынан айырылыпты. Тәуелсіздік самалы Ұлы даланы олардан арылта алмады. Бірлігі мен бірегейлігі кімге жақын екенін білуі үшін   санап көрейiкшi: 1.Бар болмыс-бiтiмiмен нағыз қазақ қалпында сақталған қазақтар бар. Домбыраның күмбірі, жылқының кісінегені, байырғы түркiлердiң нақыл сөздерi, Қорқыттың күйлерi, Ақан, Бiржан, Шәмшiнiң әндерi бұларға ең асыл мұра.  2.Кешегi өктем империяның, яғни, Ресейдің идеологиясы, өмір салты, тілі жүрегі мен санасын жаулап алғандар қатары қалың.  3.Тiлi, дiлi орыстанып кеткенмен, халқына бүйрегi бұратын қазақтарды қаперден шығармағанымыз жөн. Бұлардың бiр бөлiгiне ұлтжанды сана тән. Қазақша сыңар жол өлең жазбаса да О.Сүлейменовты кiм орыс ақыны дей алады? 4.Шекарадағы темір тор күйрегеннен бері жаhанданудың салмағына жаншылып, алдамшы жарқыл-жұрқылы таусылмайтын Америкаға, Батысқа шыбындап бас изейтiн, жөргегінен жеріген қазақтар сахнаға шықты. 5.Басқа дiннiң ықпалына түскен, не мұсылман емес, не тәңіршіл емес қазақтар саны өсiп келедi. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұлардың қарасы жарты миллионнан асып түсіпті. Діни адасу сананы ғана сансыратып қоймайтыны, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіні мыңдаған қандастарымыздың ДАИШ құрамында Сирия мен Ирактағы ұрыстарға қатысқанымен әлемге аян болды. 6.Тарихи Отанына сағынышпен жеткенде бауырларының орысшыл, батысшыл өзiн де, сөзiн де түсiнбей, айран-асыр күйге түскен, ұшқан ұясынан кіндігін үзе алмаған  оралмандар үлкен қауым. 7.Жүзге, руға, жерге бөлiну сияқты дерттен айықпаған «ортағасырлық» қазақтар арамызда аз емес. 8.Жекешелендiру мен нарықтан қарқ болған «жаңа қазақтар» да этникалық бірегейлігімізді әрлендіре бермейді.

Алдағы уақытта басқа этнос өкілдерінің қазақтануы негізінде байырғы халықтың тоғызыншы тобы қалыптасатын тәрізді. Мұның демографиялық себебі бар. Мәселен, 1989-2019 жылдар аясында Қазақстан халықтары ішіндегі кәрістер үлесі 0,63%-дан 0,60%-ға түсті, немістер – 5,82%-дан 0,99%-ға, украиндар – 5,44%-дан 1,53%, татарлар – 1,99%-дан 1,11%-ға құлдырапты. Дүңгендер саны 30,2 мыңнан 72,4 мыңға, курдтар 25,4 мыңнан 46,3 мыңға, тәжіктер 25,5 мыңнан 48,7 мыңға дейін ғана өскен екен, яғни 1,0%-ға  да жетпейді. Бұлардың бәрі саяси қарым-қатынас бірлікпен өрілгенде 67,5% болып отырған қазаққа қосылмағанда 20%-ға да жетпейтін орыстың қатарын көбейте қоймас.

Халқымыздың бірегейлігіне жаһанданудың салмағы батуда. Әлемнің қоқыр-соқыр музыкасы, ойын-сауығы, кинолары талғамсыз, тежеусіз жүріп жатыр. Соларға еліктейтін, бой алдырған, өзіміздікін құрметтей қоймайтын жастар өсіп келеді.

Сын-қатердің қауіптісі сыртқы ықпал емес, ел ішінде шешімін таппаған құбылыстар. Ең бастысы Қазақстан идеологиясына келіп тіреледі. Идеология – адамның, қоғамның, мемлекеттің тарихы мен тағдырындағы айрықша маңызды фактор. Энциклопедиялық басылымдарда идеологияға берілген анықтама былайша тиянақталған:

Идеология дегеніміз – адамдардың заманауи ахуалға, бір-біріне, әлеуметтік проблемалар мен қақтығыстарға, сондай-ақ қоғамдық қатынастардың бүгіні мен ертеңіне байланысты түзілген идеялар мен көзқарастар жүйесі. Ал грек сөзі идея образ, ұғым, түсінік, қоғамдық сананың мәнді көрінісі мағыналарында қолданылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында идеологиялық алуантүрлілік мақұлданған. 70 жылдан астам уақыт бойы монополиялық өктемдік астында, яғни, марксизм-ленинизм іліміне табынумен өмір сүрген адамға көзқарастық күрт бетбұрыс жасау оңай емес екен. Социализмнің санадағы таңбалары аға буыннан әлі жойыла қойған жоқ. Бірлік пен бірегейлікке бағышталған идеологиялық үдерістерді ұйымдастырғанда осыны ұмытуға болмайды.

Дегенмен, бір жүйеден екінші жүйеге көшудің елдегі өтпелі дәуірі аяқталды. Алуан түрлілік экономикада, әлеуметтік қатынастарда, саяси өмірде үйреншікті ақиқатқа айналды. Ендігі  тап сол идеологиялық алуантүрліліктің іргетасы болып отырған идеяларға да, көзқарастарға да бойымыз үйренді. Дегенмен, солардың бәрін ақыл-ойдың інжу-маржанындай қабылдауға болмайды. Миллиондардың санасы мен ісіне, құлшынысы мен қиялына оң ықпал ететін идея бар да, аспандағы айды әперге саятын немесе ұлтаралық қатынас мәдениетіне іріткі салатын, әлемдік тәжірибені тәрк еткісі келетін идея бар. Кешегі монолит идеология орнын басқандардың алуан тектілігі әрі  көп болуы, бір жағынан, демократиялануға бет бұрғанымызды куәлендірсе, екінші жағынан, тәуелсіздік идеалдары мен құндылықтарына мүлде кереғар күштің бас көтергені, қолдаушылары да аз еместігі құбылысты терең талдауды қажет ететінін білдіреді. Мәселенің мәнісі мынада: идеологияның тасушысы да, объектісі де адам. Ал адамдар көзқарасы, өмірлік бағдары бойынша алуан топқа жіктелген. Ендеше идеологиялық еркіндік пен тыйымның да шегі бар. Кері әсер ету әлеуетіне ие болғандықтан оны бақылаусыз, басқарусыз, реттеусіз жіберген ел түбі өкініште қалады. Бақылаудың, басқарудың, реттеудің үлгісі әр елде әрқилы. Міне, осы тұрғыдан келгенде қазақстандық тәжірибенің жағымды үлгілеріне «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары, тарихи тұлғаларды (әл-Фараби, Абай, М.Әуезов, Құрманғазы, т.б.), оқиғаларды (Тараз-2000, Қазақ хандығы-550, Ұлы даланың жеті қыры, т.б) ұлттық және халықаралық деңгейде атап өтуді айта аламыз.Бұлар – азаттықпен келген идеологиялық серпілістің нағыз өзі. Солармен  қатар бірлік пен бірегейлік талабына, қисынына және келешегіне зиянды екі осалдық көзге түсті. Біріншісі – идеологиялық саланы тезге салып отыратын кеңестік билік вертикалының орнына заманауи, пәрменді жүйенің құрылмағаны. Мемлекеттік құрылымдарда идеологиялық атауымен жұмыс істеп тұрған бөлім, басқарма жоқ.

Идеологиялық өмірге қатысы бар дейтін биліктің көлбеу құрылымы да жетілдіруді қажет етеді. Бұрындары идеологиялық миссияны жүзеге асырумен айналысқан «Білім» қоғамы, халық университеттері, үгіт және насихат бөлімдері, лекторлар тобы тарқатылған. Шығармашылық одақтар зорға күнін көруде. Республикалық бюджеттен қаржыланатын БАҚ қана оралымдылық танытуда. Сыни материалдары жауапсыз қала беретіні өкіндіреді.

Мемлекеттік басқарудың тілдік қорынан идеология тезисі мүлде алынып тасталған тәрізді. Оған арналған бірде-бір ресми құжат қабылданған емес. Рас, білім, ғылым, мәдениет, тіл, салт-дәстүр, әйгілі тұлғалар жайлы жүздеген мемлекеттік қаулы-қарарлар, шешімдер баршылық. Оның бәрі адамдардың көзқарасын жаңа әлемнің, жаңа Қазақстанның үдесінен шығаруға қызмет етті, қызмет етуде. Дей тұрғанмен, әрқайсысы өз саласының шеңберінен аспай, барын ұлықтап, жоғын түгендеуде. Бұл аз десек, кейінгі жылдары қабылданған ғылым, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану, педагог мәртебесі туралы Заңдарда «идеология» термині қолданылмаған.

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев идеологияға атүсті қарау қателік екенін және әкелер зардаптарын тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ қаперге салған еді. 1993 жылғы 11 мамырда идеология мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте «Қоғамның идеялық топтасуы – Қазақстан дамуының басты шарты» тақырыбына баяндама жасаған болатын. «Тегінде, – деді Н.Назарбаев, – идеология дегеніміз – адамдар қоғамдастығын саяси және экономикалық міндеттерді шешуге топтастыру мен жұмылдырудың уақыт тезінен өткен тәсілі, бұл – әлеуметтік мінез-құлықты қалыптастырудың тетігі.

Бірақ бұл мәжбүрлеу тәсілі емес, мемлекеттің және оның тұғырнамасын қолдайтын партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың адам ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал етуі. Бұл орайда басқа да көзқарастар мен пікірлердің болуы тәркі етілмейді. Өмір алға озып, қоғам мен мемлекет өмір сүріп отырған кезде әртүрлі идеологиялық ағымдар бола бермек».

Қазақстанның өзіндік идеологиялық тұғырнамасын қалыптастыру қажеттігін осылайша дәйектеді. Социалистік те, дәстүрлі де, либералдық та көзқарас құндылықтарын жоққа шығармауға, ең бастысы – Қазақстан ерекшелігіне сай келетін «біршама басқа жалпыұлттық идеологиялық басымдықтарды ой елегінен өткізуді талап» етті. Алдағы уақытта идеологиялық үдерістің бағыттары мен мазмұны, әлеуметтік негіздері мен түпкөздегені қүрделілене беретіні болжанды.  Орта таптың қалыптасуына үлкен үміт артылды. Тұтастай алғанда, 1993 жылғы 11 мамырда сөйленген сөз салиқалы зерделеуімен,  үдерістің болмыс-бітімін дөп басып тануымен, алға қойған міндеттерінің өзектілігімен ұлттық тарихтың жылнамасынан лайықты орын алуы керек.

Тап бүгін идеологиялық алуантүрліліктің іргетасы саналатын идеялар мен көзқарастарға тапшылық жоқ. Олардың негізгі дені отансүйгіштікті, әлеуметтік әділеттілікті, бірлік пен бірегейлікті, экономикалық, саяси, рухани жаңғыруды қуаттайды. Мектеп оқушысының қаршадай қызды зорлықшыдан қорғап қалуы, қарапайым жанның түздің тағысына араша түсуі, еріктілердің ерлік істері – бәрі аспаннан түсе қалған жоқ. Тәуелсіздік идеологиясының, тарих қойнауында шыңдалған имандық қасиеттердің жұлдызды сәттері. Ал қарапайым қисынға, заңның үстемдігіне, еліміздің имиджіне қайшы қылықтардың – мемлекеттік тумен қоқыс тасудың, самолет апатынан қаза тапқандардың қайғысына аза тұту күні дүркіретіп кеш өткізудің, сырқат қарияға қол көтерудің идеялық бастау-бұлағын қайдан іздеуге болады? Оның өз идеологиясы бар ма? Әлде астарында ұлтаралық араздық, қайшылық бұғып жатыр ма? Енді соларды мақсат-мүдделеріне, тұтынушыларына қарай жіктеп көрелік.

Бірден ескертейік: жүз адамның басын қосатын, түмен жанды біріктіретін, заңды тұлға ретінде рәсімделмеген қауымның түрлі-түрлі идеологиясына жеке-жеке тоқталу мүмкін емес. Олар ғылыми-зерттеу жобасына айналса құба-құп. Заң аясынан шығып жатса, құзыретті органдар бар. Саясат миллиондардың тағдыры болғандықтан, біздің сараптамамыз адамдардың аса ірі қауымы ұстанған идеологияға бағышталды.

Сонымен, бірінші топқа жататын идеялар мен көзқарастар жүйесі конституциялық мәртебеге ие, яғни, мемлекеттік деңгейде күн тәртібіне қойылған. Олар  Заңмен бекемделген. Бөлінетін қаржысы, штаттық кестесі ресми қарастырылғандықтан легитимді жұмыс істеп, қоғамның бар саласымен ықпалдастығы қалыптасқан. Айталық, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы, «Қазақстан-2050» стратегиясындағы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы межелер мен жобалар, мемлекеттік тілді кең қолдану саясатынан қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру тұғырнамасына көшу мемлекеттік идеологияның нағыз өзі болып табылады. Бірақ біз осылардың бәріне ортақ идеология түзген жоқпыз. Әрқайсы өз атауымен, өз жоспарымен жүзеге асуда. Әрине, өзара ықпалдастығы жоқ емес. Бірақ әлсіз. Дұрысы бір толқында, тұтас кешен салтында, ажырағысыз байланыста жұмыс істегені ғой. Сол күнге, сол күйге жету үшін тәуелсіздік теориясы мен практикасына, саяси лексиконға «Мемлекеттік идеология» терминін кіргізіп, арнайы тұжырымдама қабылдауды ұсынамын. Мемлекеттік идеологияның әлеуметтік негізін бірінші кезекте мемлекетқұраушы ұлт, оның тарихи тәжірибесі мен заманауи сұраныстары,  орта тап институтының өкілдері, содан соң заң мен билік сөзіне құлақ қоюшылар құрайды.

Келесі үлкен әлеуметтік қауымның идеологиялық әлемін «Халықтық идеология» деп айшықтаған дұрыс болар. Оның ерекшелігі – биліктің нұсқауынсыз төменнен бастау алатыны. Тамаша айғақ дәлеліне Ұлы даланың озық дәстүрінің жанданғаны, кезінде есімдерін атауға тыйым салынған хандарымыздың, билер мен батырларымыздың ортамызға оралып, Алаш ардақтыларының тобын толтырғаны. Айталық, Наурыз мейрамын ресми тойлау басталғаннан алдымен Батыс өңірінің азаматтары, іле-шала басқа облыстағылар «Көрісуді» еске алды, айтты, жазды, ақыры тірілтті. «Көрісу» Наурыздың құрамдас бөлігіне айналды. Алаш партиясының бағдарламасындағы парламенттік-президенттік республика туралы бапты жүзеге асыруды ұсынатындар қазір де арамызда бар, Петропавл, Павлодар қалаларының атауын өзгертуді өтінушілер тобы аз емес. Халық құлшынысымен Қарағанды облысында Аралбай батырға ескерткіш қойылды, Қызылорда облысында Текей батыр, Оңтүстік Қазақстан облысында Сіргелі Жабай батыр,  Алматы облысында Кәшке батыр жайлы іргелі еңбектер жарияланды.  Қысқасынан қайырсақ, тұтас этностың немесе үлкен әлеуметтік қауымның бастамашылдығымен, қалауымен, тіпті, жаңашылдығымен өмір салтына енген, ену үстіндегі, қоғамдық санаға пәрменді ықпалы бар ұсыныстар мен іс-әрекеттер жүйесі – осы. Олар, ең бастысы, ҚР Конституциясы баптарына қылаудай қарсы келмейді. Сол себепті мемлекет тарапынан қаржылық, материалдық, кадрлық, т.б. қолдау көрмесе де, шектеуге, тыйым салуға ұшырап отырған жоқ. Шынтуайтына келгенде, өзіне де, өзгеге де зияны жоқ, түбінде орындалуы мүмкін көзқарастан ұлттық қауіпсіздікке, идеологиялық ахуалға қатер төнбейді.

Үшінші идеологиялық топқа кәмелетке толмағандықтан оң-солын танымайтындар, герантологиялық фактормен өмір сүретіндер, Қазақстандағы түбегейлі өзгерістерге түрлі себептермен (отбасылық, интеллектуалды, географиялық, т.б.) ілесе алмағандар кіреді. Бұлардың саны миллиондап есептеледі. Өйткені, мектеп, гимназия, лицей, колледж оқушыларының өзі халықтың 20% құрайды ғой. Идеологиялық қатысуы және өмір салтына тән сипаттары – 1) идеялық даярлығы төмен, 2) көзқарасы, түпкі көздегені мен мақсаты анықталмаған, өзгермелі, 3) саяси бейтараптыққа бой алдырғандықтан елдік қуаныш пен ренішті бөліскені көрінбейді. Бірақ бұл алдамшы бейтараптық. Жеме-жемге келгенде, яғни, бірлік пен бірегейлікке сын-қатер төнгенде мемлекетшілдер, халықшылдар, либералдар, тәуелсіздік дұшпандары идеологиялық баррикаданың бір жағына шығары анық. Басқа-басқа, ұлтының жанашыры саналатындар жиі айтатын пайым-тұжырымдардың басым бөлігі утопиялық деңгейден аспаған.

Қазақ диаспорасының тағдырына алаңдаушылар Қытайдағы қандастарымызды тайлы-тұяғымен елге көшіріп алуды жиі айтуда. Ниеттері дұрыс болғанмен орындалуы мүмкін емес идея: біріншіден, Қытай жағы 2 млн. қазақты басқа елге жібере салмайды, екіншіден, соншама халықты қабылдауға, жағдайын жасауға Қазақ елі даяр емес, үшіншіден, әлеуметтік қайшылықтар асқынып, қақтығыстар тууы бек мүмкін. Көп те қателеседі. Көп айтса болды деп, халықтық, мемлекеттік идеологияны күмәнді идея мен көзқарасқа жығып берудің  пайдасынан зияны басым.Идеология қателесуді кешірмейді.  Үшінші құбылысты «Идеологиялық елес» атауымен айдарласақ қателеспеспіз. Болашақта елесті, идеологиядан тыс қалғандарды, саяси немқұрайдыларды мемлекеттік саясат және практика ықпалымен «Халықтық идеология» серігіне айналдыруға бар күшті салуымыз керек, мүмкіндік те бар.

Соңғы идеялар мен көзқарастар жүйесін «Деструктивті идеология» құрауда. Нәсілдік, ұлтаралық, тілдік, діни алауыздықты, зорлық-зомбылықты қоздыратын, елдегі тұрақтылық пен келісімді бұзатын антиконституциялық күштер бізде ауық-ауық бой көрсетіп қалуда. Оны инкубаторлық шағында тұншықтырғаннан басқа жол жоқ. Деструктивті идеология жарға соқпаса, ешкімді ұшпаққа шығарған емес.

Сонымен, мақсат-мазмұны және идеялық тұғырнамасы бойынша бүгінгі Қазақстандағы идеологиялық ахуал өте күрделі құбылыс болып отыр. Оның интеллектуалды өресі мен басымдықтарын, басты арнасы мен ағымдарын ҚР Президенті тиянақтаған ішкі және сыртқы саясатпен қатар халықаралық қатынастар, әлемдік ақпараттық кеңістіктегі өзгерістер, жаһандану мен биік технологиялар, бәсекелестік пен прагматизм анықтауда. Тіпті мемлекеттік идеологияның жекелеген салалары мен кеңістігін солқылдақтық, табансыздық, дағдарыс шарпыған.

Ия, Қазақстан төрткүл дүниеге ашық ел. Абайдан қалған өсиет бар: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Өкінішке орай, идеологиялық үдерісте сыртқы ықпал кереғарлыққа жол беруде. Үстіміздегі киім, үйдегі жиһаз, базардағы тауар, ақпараттық кеңістіктегі үстем тіл – бәрі бөтендікі. Қазақстандық телерадио арналар саны 20-30 болса, басқа елдерден жеткізіп жатқандары – 120-130. Осыларға ұлттық тарихымыз, халықтық педагогикамыз, фольклор сынды рухани уызымыз, ата-әже институты, туыстық қарым-қатынас тосқауыл қоя алмай отыр. Жат өркениеттің әлем-жәлеміне, даңғыр-дұңғырына, жылтырағына құдайдай табынатын, Қазақ елінің мемлекеттік тіліне, яғни, болашағына мұрнын шүйіретін жастардың көбейгені алаңдатады. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жатқан, оқуын бітіріп келген кейбір жастардың оғаш қылығыарнайы зерттеуді талап етеді.

Ілгерілей дамудың шешуші факторына айналған бірлік пен бірегейлік, бәсекелік қабілет пен ұлттық код кешенді, белсенді әрекетпен, соның ішінде тартымды да интеллектуалды идеологиялық ізденіспен сомдалады. Тәуелсіздік тұсында аз жұмыс атқарылған жоқ. Дегенмен, сындарлы да салиқалы, дамудың қазақстандық моделіне лайық идеологиялық стратегия керек. Оның себебін айтсақ, тек бірлі-жарымын ғана атап өтейік:

  1. Жат идеологиялық қысымға ұшыраған қала халқы ақпараттық әлемі шектеулі ауыл-село халқынан көзқарастық тұрғыдан алшақтап барады.
  2. Идеологиялық пәрменсіздік біршама құндылықтарды құлдыраып, осылар жемқорлықты, парақорлықты, трайбализмді қоздырды.
  3. Мемлекет – тірі ағза. Демек, оның бар саласы үйлесім мен ықпалдастықта өмір сүргенде, есейгенде, әрбір жылына, мүшеліне сай мүмкіндіктерін аша алғанда, Конституциямызда айтылғандай, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік, нарықтық биіктерден көрінері хақ. Идеологиялық дағдарыс еңсерілмегендіктен елдің ірілі-ұсақты экономикалық, саяси, халықаралық, т.б. табыстары біраз азаматтарымыздың жады мен санасындағы, танымы мен ақылындағы, жүрегі мен көзқарасындағы ақтаңдақтарды, бос кеңістікті толтыра алмады.

Идеологиялық дағдарысты туындатушы себеп, менің пайымдауымша, идеологиялық алуантүрлілік тезисін жете түсінбегенімізде жатыр. Шын мағынасындағы демократиялық қоғам мен мемлекет идеологиялық саналуандылықты бір мақсатқа, бір мүддеге жегумен, заңның үстемдігімен, соттың әділдігімен орнықтырады. Идеологиялық алуантүрлілік «Өз көзқарасым өзімдікі» деп ауызға келгенді айтатын, жауапкершіліктен жұрдайлардың бас-басына би болатын кеңістігі емес. Идеологияны, яғни, өз көзқарасы мен идеясын конституциялық құрылысты шайқауға, жеке адамның, азаматтар мен қоғамның ар-намысын таптауға, күйелеуге қолданғандарды тезге салудың бір ғана тәсілі бар. Ол түрмеге жабу да емес, қызметтен қуу да емес, ол – кінәліге аса үлкен мөлшерде айып төлету. Аузы күйген үрлеп ішетін болады.

Таяу арадағы басты міндет – идеологияға мән беру. Әкімдерге, барлық бірінші басшыларға идеологиялық жұмыс пен үдеріске тікелей жауап беретін міндет жүктеу. Бұл мемлекеттік қызмет этикасына да қайшы емес.

Ал енді бірлік пен бірегейлігімізге тікелей кері әсер етіп отырған жағымсыз құбылыстарға келсек, олардың негізгілері – жемқорлық, функционалды сауатсыздық. XIX ғасырда ұлы Абай адам баласының қас-жауы деп надандықты, залымдықты, еріншектікті айтқан еді. XX ғасырда социализмнің дұшпанына Ленин сауатсыздықты, парақорлықты, коммунистік менмендікті жатқызды. Қарап тұрсақ, екі ойшылдың ойы бір жерден шығып тұр. Солар көрсеткен сын-қатер тәуелсіз Қазақстанның бірлігі мен бірегейлігіне нұқсан келтіруде.

Ұлттық тарихымыздың бұған дейінгі дәуірлерінде тап бүгінгідей жемқорлық етек жайған емес. Екі премьер-министр, жүздеген әкімдер, министрлер, генералдар, қаншама мемлекеттік қызметшілер сотталды. Жағымпаздыққа тоқталатын болсақ, Жаппарқұлдардың  екі тобы күн санап көбеюде, оғаш қылығына қымсынудан қалды. Бірінші топты ауыз әдебиетінде бейнесі сомдалған жаппарқұлдар, яғни, жағымпаздықты қалыпты өмір салты санайтындар құрайды. Екінші топ Абай сынаған Жаппарқұлдар десек болар.

Аталған сын-қатерлер емі жоқ дерт емес. Мемлекетіміз бен қоғамымыз шын мағынасында заңның үстемдігіне, сөз бен істің бірлігіне халық үніне құлақ қоятын билікке қол жеткізсе бірлік пен бірегейлік салтанат құратын болады.

Тәуелсіз Қазақстан үш жаңғыру үдерісін бастан кешті. Қалыптасқан мемлекетпіз. Саяси және әлеуметтік қарым-қатынасымызға тұрақтылық, ынтымақ пен бейбітшілік тән. Ендеше, дербес ел болу – болмауы беймәлім сын сағатында, сын-қатер айрықша асқынған тұста дүниеге келген, өтпелі дәуірде өзін толық ақтаған президенттік дара биліктен қазіргі үшінші жаңғыру деңгейімізге сай теңгермешілігі мен тепе-теңдігі тиімді жұмыс істейтін президенттік-парламенттік республикаға айналатын күн жетті. Сонда билікті асыра пайдаланатын «жауапсыз күштерден», бірлік пен бірегейлікке сын-қатерден арыламыз.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат