СПОРТШЫ ҮШІН ЕЛ НАМЫСЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

  • 01.06.2020
  • 77 рет оқылды
  • 0

Қазақ елі – осынау ұлы да дархан даланың қасиетін бойына дарыта білген текті халық. Өнегелі тарихымыз, бабаларымыздың жүріп өткен сара жолы бүгінгі өміріміздің мәнін де, мағынасын да тереңдетіп тұрғандай. Сол себепті тарихымызға зер салу, одан тағылым алу ұлттық ұстынымызды сақтауға, кешегі өткен ұлыларымыздың аманатына адал болып, саналы да ғибратты ғұмыр кешуімізге жол ашады. Өмір – тіршіліктің бастауы десек, адам баласының өмірдегі негізгі мұраты – туған жеріңнің, туып-өскен еліңнің қадір-қасиетін жете біліп, Отаныңның бір перзенті ретінде оның гүлденіп, көркеюіне үлес қосу. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осындай азамат, дара тұлға! Ол ұлт тарихының берекелі жерлерінің бірі, атақты Абылай хан бабамыздың ізі қалған киелі өңір, небір сайыпқыран батырлар түлеп ұшқан Теңіз көлінің саясындағы Баршын ауылының тумасы – Қанат Әбутәліпов.

Қанат Әбутәліпов қазаққа құт болған спорт түрі – бокстың көрнекті өкілі. Талай дүбірлі жарыстарда топ жарды, рингтің төрт бұрышында атой салып, еліміздің намысын қорғап, көк Туымызды биіктерден желбіретті. Даңқты боксшының жеңіп алған атақ-дәрежелері мол. «WSB» сериясы бойынша кәсіпқой бокстан алғашқы Әлем чемпионы, Орта Азиялық ойындардың жеңімпазы, Азия чемпионы, Тайланд Королі Кубогінің чемпионы, Қырғыстан Президенті Кубогінің чемпионы, АІВА Президенті Кубогінің чемпионы, Болгариядағы Олимпиада үміттері турнирінің жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Президенті Кубогінің үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының әуесқой бокстан сегіз дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін қатысушысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері. Бұл жетістіктердің барлығы Қанаттың өз ісіне деген сүйіспеншілігін, еңбекқорлығын, қажымас қайратын, табандылығын аңғартады. Нағыз ер жігітке тән қайсарлық пен рухты қажет ететін бокс спортының философиясы Отаншылдық, патриотизм тәрізді асыл ұғымдармен астасып жатқаны сөзсіз. Осы орайда 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі аясында даңқты боксшымен жүздесіп, әңгімелескен едік. Сол сұхбатты «Ақиқат» журналының оқырмандарына ұсынып отырмыз.
– Қанат Қалелжанұлы, алғашқы сауалымызды туып-өскен жеріңізден, содан кейін бокс спортына келуіңізден бастасақ. Жалпы, бокс спортын таңдауыңызға не себеп болды?
– Мен 1983 жылы ұлыстың ұлы күні – 22 наурыз айында Қарағанды облысы бұрынғы Теңіз ауданының орталығы Баршын ауылында дүниеге келдім. 1997 жылы Теңіз ауданы орталығының жабылуына байланысты бүгінде Баршын Нұра ауданына қарасты ауыл саналады. Бала кезімді еске алсам, аулымыздың тұмса табиғаты, жусанның жұпар иісі, сарқырап аққан Нұра өзені, Теңіз көліне құс патшасы – аққулардың қалықтап келіп қонып жатқаны көз алдыңа келеді. Данагөй ақсақалдарымыздың ұлағатты әңгімелері әрдайым жадымызда. Бұл бір қайталанбас, ғажайып кездер еді ғой. Бокстың арқасында көптеген елдерде болдық, әлемді араладық десек те, туған еліңе, кіндік қаның тамған құтты мекеніңе деген перзенттік сағынышың басым болып тұрады. Менің спорт саласындағы жеткен жетістіктеріме байтақ жерімнің, аяулы өлкемнің берген әсері аз емес деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, әрбір адам баласы туған жерінен нәр алады. Оның бойындағы күші, қайраты, намысы, мінезі киелі мекенінің ықпалымен қалыптасады.
Өз басым қарапайым отбасында дүниеге келдім. Мені бокс спортына жастайымнан баулып, тәлім-тәрбие берген, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бейбіт Қазыбекұлы Масабаев екенін ерекше айтқым келеді. Бала кезімнен Бейбіт бапкерімді «Мұғалім» деп атаймын. Қоғам қайраткері деп пір тұтамын. Ол кісіге деген құрметім шексіз.
Осы ретте Бейбіт ағамыздың менің боксқа келуіме жасаған әсері жайында тоқтала кетейін. Бірде ауыл балаларымен бір нәрсеге келісе алмай шекісіп қалдық. Төбелесіп жатқанымды Бейбіт мұғаліміміз сырттан байқап қалса керек, мені шақырып алып: «Шәкіртім боласың ба? Мен сені мықты боксшы қыламын!» деді. Қуанып кеттім. Бокспен шұғылдану ол кездегі ауыл балаларының арманы ғой. Менің бокстағы ғұмырнамалық шежірем дәл осы күннен басталып кетті десем болады. Жігіттер спортының қыр-сырын үйреніп, жұмбақ тұстарына тереңірек бойлай түстім. Күн сайын жаттығу жасап, шыңдала бердім. Жаттықтырушымның менен өзге де шәкірттері көп болды, бірақ сол уақыт аралығында ол маған ерекше үміт артатынын байқайтынмын. Нағыз жанашырыма айналды. Көптеген жарыстарға апарды. Мен де аянып қалмадым, ұстазымның сенімінен шығуға бар күшімді салдым. Бір сөзбен айтқанда, бокстың шеберлік шыңынан көрінуіме Бейбіт Қазыбекұлының қосқан үлесі өте зор.
Өзге де шәкірттері жөнінде айта-тын болсам, бокстың майталман спорт шеберлері, талай жарыстарға дайындалғанда спарринг-серіктерім болған достарым Азамат Игибаев – бокстан спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушысы, білікті бапкер, жастар арасында Олимпиада, Әлем, Азия чемпионын дайындаған кәсіби маман. Ержан Батыров – бокстан спорт шебері, халықаралық АІВА дәрежесіндегі төреші. Данияр Балгужинов бокстан спорт шебері, кәсіби бапкер. Осындай спар – ринг-серіктестерім болған бауырларым, өмірлік дос болып сыйласып жүрген ауылдастарым ерекше атап айтарлықтай ер жігіттер.
– Еліміздің байрағын талай мәрте асқақтатып, жеңіс тұғырларынан көрініп, бокс сүйер қауымның қошеметіне бөлендіңіз. Төрткүл дүниені мойындату қаншалықты қиын болды?
– Өз еліңнің атынан бүкіләлемдік олимпиада ойындарына қатысу үшін қаншама жылдар бойы тер төгіп, еңбек етуің керек. Боксшы боламын деген адам бұл спорттың барлық қиындығына шыдамдылық танытуы керек. Бірде сәттілік болады, бірде сәтсіздік те болады, соған қарамастан алға қойған мақсатыңнан тайынбай, өрлей бересің. Қазақтың: «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген даналық сөздерін жадыңнан шығармай, биік дәрежеден көрінуге күш саласың. Еліңнің атынан әлемдік олимпиадаларға қатысу үшін төрт жыл бойы Қазақстанның чемпионы болуың шарт, бұл да оңай шаруа емес. Үш жыл бойы ұтылмай келіп, төртінші жылы жеңіліп қалсаң, жолдама берілмейді. Қазақстанды мойындатқан соң Азия чемпионатына қатысасың. Азия чемпионы атанған жағдайда ғана жолдама беріледі. Осындай талаптарға қарап, қаншалықты қиын екенін бағамдай беруге болатын шығар.
– Қазіргі таңда «Қазақ боксы», оның шын шеберлері әлемде мойындалады. Тіпті Қазақстанды Ресей, Куба елдерімен қатар қойып, «Бокс державасы» деп те атайды. Дегенмен, әлемде бәсекелестік жылдан жылға артып келеді. Осы орайда еліміздегі бокстың бүгінгі дамуына қандай баға берер едіңіз?
– Бокстың қарқын алып, дамуына елімізде барлық жағдай жасалып отыр. Қазіргі таңда бокс қазақ халқының ұлттық спортындай болып кетті десек қателеспейміз. Өйткені, жылдан жылға былғары қолғаптың мықтылары да көбейіп, тілектес көрермендер мен жан-күйерлердің саны да еселеп артып, еліміздің мерейін үстем етіп, байрағымызды асқақтатып жүрген талантты спортшыларымыз аз емес. Ізбасар жастар өсіп келеді. Бұл дегеніміз мемлекетіміздің бокс саласына деген қамқорлығын, қолдауын көрсететіні анық. Тиісті дәрежеде көңіл бөлінбесе, осыншалықты жетістіктерге қол жеткізбеген болар едік. Сондықтан, қазақ боксының келешегіне зор сеніммен қараймын. Әлемдік жарыстарда топ жаратын сайыпқырандар көптеп шығады деп ойлаймын.
– Өзіңіз бүгінгі таңда былғары қолғабыңызды шегеге ілген екенсіз. Демек, бокстан түбегейлі қол үздіңіз бе? Қазіргі кезде немен айналысып жүрсіз?
– Боксшылар арасында әзілдеп айта жүретін бір сөз бар: «Боксшылардың бұрынғысы болмайды» деген. Сол айтпақшы, бокстан алыстаған жоқпын. Осы салада жүріп жинаған тәжірибемді, білім-білігімді енді бапкерлік жолда сынап жүрген жайым бар. Яғни, жастарды тәрбиелеп, бапкерлікке ауыстым. «ЗМС» деп аталатын спорт клубын ашып, биыл елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұсауын кестік. Көптеген жоба-жоспарларымыз бар. Мәселен, еліміздегі жарқын боксшыларды, әріптестерімді шақырып, өскелең ұрпаққа «Шеберлік сыныптарын» ұйымдастырып отыру, олардың білім көкжиегін кеңейтіп, бокс спортының қыр-сырын көбірек үйренуіне жол ашады деген ойдамын. Жастар атағы алты қиырға кеткен чемпиондардан тәлім алса, бір сәт бірге жаттығу өткізсе, қандай ғанибет! Соларға қарап, бой түзейді, жақсыларға қарап еліктейді. Үлкен мақсаттарды бағындыруға да септігін тигізеді. Сонымен қатар шәкірттерді өзім де дайындап, қаншама жылдар аралығындағы жинаған тәжірибеммен бөліспекпін.
– Отбасыңыз жайында біле отырсақ.
– Қайсар, Ернар және Қасымхан атты үш ұлдың әкесімін. Наргүл есімді жан-жарым да әйелдер боксының спорт шебері, кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екі ұлымның спортқа деген құлшыныс-тары жақсы. Үлкен ұлым Қайсар спорттық гимнастикамен шұғылданса, ортаншы ұлым Ернар футбол үйірмесіне қатысады. Ал кіші ұлым Қасымхан спортпен айналысатын жасқа келе қойған жоқ. Әкесі де, анасы да спортшылар болса, балалары қайда барады. Ұлдарым менің жолымды қуамыз десе, еш қарсылық танытпаймын. Өйткені, олар бокстың әліппесін үйде жүріп-ақ үйреніп алады. Мен үтір қойған жерде, нүкте қоятын әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығарамын.
– Сұхбатымыз 9 мамыр – Ұлы Жеңіс, 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесіне орай шығып отырғандықтан, патриотизм, ерлік, намыс деген ұғымдарды қалай түсінесіз?
– Мұның барлығы ер азаматтарға керек қасиеттер ғой. Мысалы, Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр бабаларымыз жаудың бетін қайтарды, еңсесін басты. Елімізді, жерімізді аман алып қалды. Осының негізінде Отанға деген сүйіспеншілік, жан-жүрегін маздатқан патриотизм жатыр. Бүгін, Құдайға шүкір, аталарымыз сыйлап кеткен бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Бірақ, намыскерлікті ұмытуға болмайды. Ер жігіт әрдайым өзін сергек ұстап, спортпен шұғылданып, білім алып, таңдаған кәсібінен нәтиже шығарып, мемлекетіне үлес қосып, пайдасын тигізетін болса, бұл да патриотизмнің бір көрінісі болар еді деп ойлаймын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ардагерлерімізді Ұлы Жеңіс мерекесімен, барша ер азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
– Қанат Қалелжанұлы, сыр-сұхбаттыңызға көп рақмет! Еңбегіңіз жана берсін, шәкірттеріңіз биік асуларды бағындыра берсін деген тілегімізді білдіреміз!

 Азамат ОМАРОВ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!