ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ. ОЛ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

  • 01.06.2020
  • 257 рет оқылды
  • 0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп аталған саяси жүйенің формуласын ұсынып, бұл мемлекет тұрақтылығының негізі саналатынын атап айтты. Осы орайда «Ақиқат» журналының «Келелі кеңес» айдарының кезекті шығарылымын «Ықпалды Парламент» тақырыбына арнап отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде бұл күнді Қазақстан мемлекеттігінің қалану тарихының шежіресіндегі айтулы оқиға ретінде сипаттаған болатын. «Шынтуайтына келгенде, өркениеттік тұрғыдан түсінер болсақ, біз қазақстандық парламентаризмнің түп бастауында тұрмыз. Біз өмір сүріп отырған уақыттың әрқайсымызға жүктеген жауапкершілік өлшемін терең сезіне білуіміз керек» деген еді. Иә, Парламенттің ел өміріндегі алатын орны өте маңызды. Десек те, Парламенттің ықпалды жүйеге айналуы үшін көп дүниелер жасалуы керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында айтқандай, «Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан, осы бағыттағы бар күш-жігерімізді салуымыз қажет». Тақырыпқа ой қосып, пікір білдіргендер: философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Сайын Борбасов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатаев, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, саясаттанушы Шыңғыс Ергөбек.  «Келелі кеңесті» «Ақиқат» журналының Бас редакторы Дәуіржан Төлебаев жүргізіп отырды. 

          – Құрметті «Келелі кеңеске» қатысушы сарапшылар. Еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты өздеріңізбен байланысты интернет арқылы жасап отырмыз. Сонымен Қазақстан Республикасының Парламенті – Тәуелсіздігіміздің бір нышаны ретінде елімізде демократиялық құндылықтардың қалыптасуына, сан-салалы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуге, республикалық заңдардың мақұлдануына, Қазақстанның халықаралық беделінің нығаюына, ел өміріндегі саяси маңызды шешімдердің қабылдануына жасаған ықпалы аз емес. Президенттің былтырғы Жолдауында Парламентке қатысты маңызды міндеттер жүктелгенін білеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы былай деген еді: «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс. Депутаттар Үкіметке өзекті мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, нақты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздеріне берілген заңды құқықтарын пайдалануы қажет. Заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы қарым-қатынас жасанды тартысқа емес, іскерлік сипатқа, өзара құрметке негізделуі тиіс. Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын. Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды. Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс» деп өте маңызды мәселелер күн тәртібіне қойған болатын. Өйткен себебі қоғам жаңарды, жаңа кезеңдерге қадам бастық. Сонымен алғашқы сауалымызды Парламенттің елдегі, қоғамдағы орны қандай? Тәуелсіз Қазақстанның Парламенті осы жылдар ішінде қаншалықты қалыптасты деп санайсыздар?

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымының докторы, профессор: – Пар-ламенттің қоғамдағы орны мен мәртебесі көптеген жағдайларға байланысты және әр елде оның тарихи дәстүрі, беделі қалыптасқан. Заманында қазақ елінде атқарушы билік – хан билігі, заң шығарушы билік – билер институты,  сот билігі – билер сот болды да, негізгі қағидасы  «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген еді. Отарланған қазақ елі ол дәстүрлерден айырылып, азаматтық сана, елім деген салт жойылды. Абай айтады: «Орыс сияз қылдырса, болыс елін қармайды. Орыссыз жерде топ болса, шақырған кісі бармайды». Кеңес заманында билік коммунистік партияның қолында болды да, Мәскеуге табындық, орыстандық.  Тәуелсіздік алған елдердің тарихи мұрасы әртүрлі. Британияға отарлы елдер заңның үстемдігін және әділ сайлау жүйесін  тәуелсіздікке дейін қабылдады. Кеңес үкіметінен тәуелсіздік алған елдер туралы олай айта алмаймыз. Сөз жоқ, тоталитаризм қоғамды ауыздықтап келді, одан бірден арылып, толық демократияға қол жеткіземіз деу асығыс болар еді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, Парламент – демократиялық мемлекеттердегі  өкілетті және заң шығарушы орган.  Парламент мемлекеттің конституциясы  негізінде әртүрлі тәсіл, амалдар мен процедуралар арқылы тұрақтылықты сақтай отырып, халық атынан заң шығарушылық қызметін атқарады. Парламент өз өкілеттігі аумағында президент, үкімет саясатын заңнамалық тұрғысынан бақылайды. Сондай-ақ үкімет құрамын жасақтауға қатысады, болмаса жасақтайды, президентке, үкіметке сенімсіздік білдіруге де құқы бар. Парламент өз жұмысын парламенттік комитеттер, комиссиялар арқылы жүзеге асырады. Парламенттік тыңдаулар, сауалдар, тергеулер, омбудсмендар арқылы қадағалау мүмкіндіктері бар. Бұл жалпы парламент туралы  белгілі жай. Ал әр елдің парламенті өз конституциясына байланысты амал жасайды. Бүгінгі күні «парламенттік», «президенттік», «жартылай президенттік»,«парламенттік монархия» мемлекеттері бар. Қанша мемлекет болса, соншама парламенттің үлгілері кездеседі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Жоғары Кеңес тоталитарлық жүйеден арылып, жаңалыққа демократияға біраз қадамдар жасады, елдің  тағдырын шешетін заңдарын қабылдады. Дегенмен депутаттардың көбі коммунистік шинельден шықпаған шовинистік, тіпті нигилистік сананың иелері болды. Көп мәселелер білікті, беделді ғалым, жазушылардың беделімен шешілді. Екіншіден, сан жағынан өте көп депутаты бар Жоғары Кеңес кейде митингілеп, популизмге барып, көшедегілердің психологиясын залға әкелетін болды. Ал заман қиын еді, айқай-шудан гөрі іскерлікті, тез шешім қабылдауды  талап етті. Сондықтан, президенттік  басқару нысанындағы жүйені таңдадық.

Біріншіден, біздің елде басқарудың елбасын таңдайтын тарихи дәстүріміз бар. Ол хандық билік, сонымен бірге оны тежейтін билер институты.  Екіншіден,  тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі ұлтаралық қатынастардың күрделілігі, саяси мәдениеттің де төмендігі, көрші елдердегі саяси ахуал және экономикалық  дағдарыс билікті бір қолда шоғырландыруды, дау-дамайсыз тиімді шешім қабылдауды қажет етті. Биліктің салмағы енді Парламенттен Президентке ауысты. Сан жағынан ықшам, қоспалаталық кәсіби Парламент өмірге келді.

Есімде, бір мақаламда көне грек философы Корнеадтың сөзін келтіргенмін: «Патшалардың балалары, жақын жуықтары тек ат спортында ғана өз күшімен  табысқа жетеді,  себебі ат ешкімге жағымпаздануды білмейді, хан ба, қара ма ерден лақтырып тастайды, ал басқа жағдайда  оларға табысқа жетуге жағдай жасалады» деген. Парламент сайлауы өзгерді, мажоритарлық жүйеден пропорционалдық жүйеге өттік, сайлаушылар партияларға дауыс беретін болды. Жалпы, біз президент басқару жүйесін жалпы жоққа шығармаймыз, ол жүйе біраз табыстарға жеткізді, оны мойындауымыз керек. Бірақ бүгін адам да өзгерді, ел де өзгерді, заман да өзгерді. Ең бастысы қазақ ұлтының сана-сезімі, еліне, тіліне, әсіресе жеріне деген құрмет өсті.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:              Қазақстен Республикасының Парламенті өзіне тән функцияларды орындауға қабілетті заң шығарушы орган болып табылады. 30 жылда 2000-нан астам заңдар мен заңдық күші бар нормативтік актілер қабылданды. Қазір қоғамдық қатынастардың негізгі салаларын түгелдерін заңмен реттеуге мүмкіндік бар. Жалпы, демократиялық қоғам құрудың ең шешуші тетігі – парламент екендігін естен шығармау маңызды. Парламент өзіне тән міндеттер мен функцияларды толыққанды атқара алса, қоғам қарқынды даму жолына түседі. Ал парламентаризмнің негізгі принциптері мен функциялары бұрмаланса немесе жасандылық жолына түссе, қоғамда формализм басталады, демократияның өз арнасынан ауытқуы, деформациялануы басталады. Бұл қауіпті құбылыс. Қазіргі индустриалдық қоғамдарда Парламенті әлсіз ел міндетті түрде саяси, әлеуметтік дағдарыстар алаңына айналып, кері кетеді. Сондықтан, саяси жүйенің ең маңызды сегменті ретінде Қазақстан үшін де Парламенттің рөлі мен қызметі аса маңызды. Заңмен реттелетін қоғамдық-саяси қатынастар дұрыс бағытта дамиды. Заң қоғамдық шындыққа сай келмесе, заң орындалмаса, заң бұрмаланса қоғам өмірінде келеңсіз құбылыстар басталады. Заңды жасаушы, оның орындалуын бақылаушы ретінде Парламентті алмастыра алатын ештеңе жоқ. Парламентаризм әлеуметтік-саяси феномен ретінде әлемнің гуманитарлық ойдың, құқықтық құрылыс тәжірибесінің ең үздік жетістігі. Парламентаризмге балама жоқ. Қазақстан Республикасының Парламенті оның тәуелсіз мемлекеттігінің символы ретінде елмен, халықпен бірге жасай береді және дами береді. Үздіксіз өзгеруде, толассыз дамуда болатын қоғаммен бірге парламенттің заң шығарушылық қызметі де дамиды. Парламенттің заманауи талаптарға сай қызметі қоғам дамуының тынысын ашып, оған жаңа серпін беріп отырады. Парламентаризмнің беделі барлық дамыған мемлекеттерде өте күшті. Демократия принциптерінің орнығуы парламенттің ықпалды қызметіне тікелей тәуелді. Бұлай болуы әлемдік саяси шындықтың заңдылығы. Парламенттің толыққанды қызметі мемлекеттің авторитаризм мен тоталитаризмге бой ұрмауының, халықтың басым көпшілігінің мүдделерінің қорғалуының кепілі.

Парламент – әртүрлі мүдделердің, әрқилы көзқарастардың таласу алаңы. Көзқарастарды дискуссиялау барысында шындық шығады, дұрыс, тиімді шешімдер табылады. Қазақстан парламентінде осындай көзқарастар бәсекесі тым самарқау. Көбінесе атқарушы билік саясатын мақұлдау жағы басым. Керісінше болуы керек. Президент те, Үкімет те Парламент алдында есепті болуы, оның  назарында болуы пайдалы.Өз жұмысын дұрыс жүргізе алмаған Үкімет мүшелерінің қандайын болмасын Парламент қызметінен кетіре алатындай әлеуетте болуы міндетті. Бізде жай ғана сын айту бар. Бір министрдің немесе бір облыс әкімінің орнынан кетуін Парламент ашық талап еткен емес. Сонымен қатар, Парламент заңдардың орындалу барысын тексеру механизмін әлі де жолға қойған жоқ. Жап-жақсы заңдар қабылданды, бірақ та, олардың орындалуы, қоғамды реттеудің тетіктеріне айналуы жеткіліксіз. Қазақстан халқы Парламентті ел мүддесін жақтаушы, халықтың қорғаушысы, атқарушы билікті  тәртіпке келтіруші ретінде бағаласын десек, Парламент қызметін жетілдіру бағытында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жеткілікті деп есептеймін. Атқарушы биліктің Парламент алдында есептілігін, жауапкершілігін күшейтетін механизмдермен, тетіктері іске қосылса биліктің халық өкілдері алдындағы жауапкершілігі де артады. Парламент заң шығарушы билік тармағы ретінде атқарушы биліктің халық пен қоғамға қызметін күшейтеді. Халық Парламенттегі дебаттар арқылы тәрбиеленіп, саяси мәдениетін көтеретін болады. Жалпы, Қазақстан қоғамы өзгерістерді басынан кешіріп отырған транзитті қоғам екенін ескеруіміз керек. Оның дәлелдері көп. Сондықтан, елімізде толыққанды нарықтық экономика, Конституцияда айқындалған демократиялық, құқықтық-саяси жүйе әлі де қалыптаспай отыр деуге болады. Бірақ та, ештеңе өзгермеді деп айтуға да болмас. Біршама саяси өзгерістер бар. Соның бірі – Қазақстандағы парламентаризмнің пайда болып, дамуы. Кеңес Одағы заманында да Қазақ ССР-ның өз парламенті Жоғарғы Кеңес болды. Алайда, бұл ұйым ештеңе шешпейтін тек Кремльдің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің айтқанын мүлтіксіз орындайтын орган болатын. Қабылданған заңдар мен нормативтік актілердің барлығы Кремльдің көңілінен шығуы тиісті болатын.

Сейілбек МҰСАТАЕВ, саясаттанушы: – Қазіргі қоғамдағы Парламенттің маңызы өте зор. Парламент – бұл халықтың егеменді еркі мен мүдделерін білдіретін, халықтың атынан маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуге арналған заңдарды шығарушы, атқарушы билік органдары мен жоғары лауазымды тұлғалардың қызметіне бақылауды жүзеге асыратын халық өкілдігінің жоғары органы. Ол мемлекеттің басқа да жоғары органдарын қалыптастырады, мысалы, кейбір елдерде Президентті де сайлайды; Премьер-министрдің кандидатурасын талқылап, оны тағайындауға келісім береді, үкіметті құрайды; Конституциялық сотты тағайындайды; халықаралық шарттарды ратификациялайды; мемлекеттік бюджетті қабылдайды; Үкіметтен есеп алады және өзге де Конституциямен бекітілген маңызды қызметтері бар. Парламент қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтар мен саяси күштердің мүдделерін білдіруші, ымыраға келу арқылы саяси шешім қабылдайтын орган болып табылады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, Парламент – бұл аса маңызды мемлекеттік өкілді орган, оның басты қызметі – билікті бөлу жүйесіндегі заң шығару билігін жүзеге асыру болып табылады.

Әрине, Қазақстанда парламентаризм-нің өзіндік үлгісі қалыптасып, қызмет етіп, жылдан жылға даму үстінде. Оны жетілдіру мәселесіне келсек, уақыт пен қоғам талабына сай жаңғырып даму барлық саяси институттар үшін өмірлік қажеттілік екені даусыз. Қазақстандық қоғамдық пікірде Парламентті жетілдіруге қатысты түрлі көзқарастар бар. Оның ішінде кейбіреулер парламенттің құрылымын өзгертейік, бір палаталы парламент болса дейді. Екінші біреулер Парламентті жетілдіру үшін парламенттік сайлауда пропорционалдық және мажоритарлық сайлау жүйелері қатар қолданылса дейді. Әрине, мұндай ұсыныстар құқықтық нормалармен де, саяси шынайылықпен де үйлеспейді. Өйткені, парламент Конституциялық орган, оның құрылымы мен қызметі Конституцияда бекітіледі. Парламентке мұндай құрылымдық өзгерістер жасау үшін  алдымен Конституциялық реформа жасау керек. Ал ол оңай шаруа емес.

Сонымен қатар, Қазақстан Парламентін «нотариалдық кеңсе» сияқты деп сынайтын пікірлер де кездеседі. Яғни, парламент атқарушы биліктің ұсынған заң жобаларын бірауыздан мақұлдай салмай, оларды объективті талдап, жан-жақты талқылауын, билік тармақтары арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйесі дұрыс жұмыс істеуін қалайды. Бір сөзбен айтқанда, Парламент халық қалаулыларынан тұратын, халық өкілдерінен құралатын өкілдік орган. Сондықтан, біз еліміздің Парламентін жетілдіреміз десек, қоғамдық пікірді ескеруіміз керек. Сын түзелмей мін түзелмейтінін ұмытпауымыз керек.

Ал бүгінгі Парламенттің кезіндегі Жоғарғы Кеңестен айырмашылығы жөнінде айтар болсақ, әрине айырмашылықтар бар, өйткені олардың қалыптасуы мен қызмет етуі, жұмыс істеген уақыты, құрамындағы депутаттары, миссиясы мен басымдықтары, мақсаты мен міндеттері әр түрлі болды ғой. Жоғарғы Кеңес тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қызмет етті, ол кезде егеменді ұлттық мемлекеттіліктің іргетасын құю, демократиялық құқықты қоғамның негізін қалау міндеті тұрды, депутаттардың белсенділігі, демократия мен еркіндіктің эйфориясы күшті еді. 1995 жылы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа конституция негізінде саяси жүйеміз реформаланды. Жаңа құрылған парламент егемендікті одан әрі нығайту, ұлттық мемлекеттілікті күшейту, стратегиялық даму бағдарламаларын жүзеге асыру, қоғамдық келісімді күшейту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты күрделі міндеттерді шешуге ұмтылды.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК, саясаттанушы: – Парламент еліміздің билік жүйесінде өз орнын алды. Тиісті бап Конституциямызда бекіді. Осы уақытқа дейін қабылданған құқықтық актілер тиісті құқықтық процедурадан өтіп, заңдастырылды. Саяси тұрғыдан жауап берер болсақ, осы уақытқа дейін парламентаризм институтының даму үдерісінде екендігін түсіну қиын емес. Тіпті Конституциясыз да бекітілген құқықтарын жүзеге асыруда Парламент өз құқықтарын толық жүзеге асырды деп айту қиынға соғары сөзсіз. Логика бойынша, Парламент Үкімет ұсынған заң жобаларын бірауыздан қабылдай беретін орган емес, нағыз саяси пікірталастардың да орталығына айналуы керек. Ресейдің саяси тарихында «қабаған принтер» ұғымы бар. Егер қателеспесем Владимир Путиннің Дмитрий Медведевтен кейінгі Президенттігімен байланысты ұғым. Негізгі мазмұны Ресей мемлекеттік Думасы ешқандай мәселені терең сараламастан, ретсіз заң жобаларының барлығын қабылдап, «Үкіметтің нотариусына» айналған кезеңді меңзейді. Мәселе Парламенттің қызметінде ғана емес, оның мазмұнында болып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында Парла-ментаризмнің даму негізін бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болары сөзсіз. Алғашқы кезең Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарын қамтиды. Мұнда парламентаризм Кеңестер одағынан қалыптасқан дәстүр бойынша жетекші орынды иеленуге тырысты. Тіпті, Жоғарғы кеңес пен Президенттің арасында дау-дамай орын алған фактілер де ұшырасатын. Екінші кезең, 1993 жылғы Конституциядан кейінгі кезең. Бұл кезеңде де Парламент айтарлықтай күшті билікке ие болды. Бірақ бірқатар мәселелермен жүздесті. Олардың бірі және бірегейі құқықтық құжаттардың жәй қабылдануы болды. Нәтижесінде мемлекет өмірі үшін құжаттар кешіктіріліп қабылданды, нарықтық тетіктерді жүзеге асыру үшін қажет жылдам шешімдер саябырсып қабылданды.

Үшінші кезең, 1995 жылғы Конс-титуцияның қабылдануымен байланысты. Конституция Президенттік нысандағы мемлекет құрылысын бекіткендіктен, Парламент рөлінің кешеуілдегендігін байқаймыз. Үшінші кезең белгілі бір өзгерістерді бастан кешіре отырып, әлі күнге дейін жалғасып келеді.Заманауи Парламент заң шығарушылық құзіретін жүзеге асыруда толыққанды орган болып қалыптасты деуге болады. Бірақ мәселе мұнымен шектеле қоймайды. Себебі Парламенттің осы уақытқа дейін бірде-бір рет қолданбай келе жатқан өкілеттіктері де бар. Мысалы, Парламенттік тергеу. Бұл кез-келген Парламент үшін маңызды мәселе. Осындай тергеу комитеттерінде мемлекет өміріндегі күрделі мәселелер қарастырылады. Ал бізде бұл тетік әлі қолданылмай келеді. Тіпті, кешегі Кеңестер одағында Желтоқсан оқиғаларына байланысты Жоғарғы Кеңестің жанынан арнайы комиссия құрылып, істің мән-жайы қарастырылған болатын. Бүгінде Парламенттің тергеуіне тұратын мәселелер баршылық, алайда, бірде-бір рет арнайы тергеу комиссиясының құрылмағаны Парламенттің өзіне тиесілі осы өкілеттігін пайдаланбай келе жатқанын көрсетеді.

Кезіндегі Жоғарғы Кеңестен қазіргі Парламенттің айырмашылығы ұшан-теңіз деп айтуға болады. Бүгінгі Парламенттің құзіреті де, өкілеттігі де Жоғарғы Кеңеспен салыстыруға келмейді. Формальды тұрғыдан да, бүгінгі Парламент қос палаталы, кәсіби Парламент, Жоғарғы Кеңес бір палаталы болатын. Бірақ мәселе қызметтер мен өкілеттіктердің мазмұнында. Жоғарғы Кеңес Парламенттік республика жағдайында өмір сүрді, ықпалды болды. Бүгінгі Парламент мүмкіндіктері шектеулі.

Меніңше, «Ықпалды Парламент» формуласын жүзеге асыру үшін жаңа ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Біріншіден, сайлаудағы пропорционалды жүйеден, мажоритарлы-пропорционалды аралас жүйеге көшу керек. Себебі, Ел Парламентке дауыс бергенде, белгілі тұлғаға дауыс бермейді. Тиісінше, сайлаушы мен депутаттың арасында байланыс жоқ. Негізі еліміздің партиялық жүйесінің бір ерекшелігі оның тұлғалық табиғатында. Біз әр партияны оның көшбасшысымен байланыстырамыз. Бір жағы бұл заңдылық. Жария орта, саяси нарық жетілмеген қоғамда мұндай әрекеттер орын алуы әбден мүмкін. Бірақ сіз дауыс бергенде ол көшбасшыға емес, өз өкіліңізге дауыс бересіз ғой. Осылайша депутаттардың бір бөлігі тікелей, екінші бөлігі партиялық тізім бойынша сайлануы керек. Екіншіден, өзге сайлауды былай қойып, ең болмаса Парламент сайлауында тең мүмкіндіктерге қол жеткізуіміз керек. Демократия деген жай ғана еркін сайлау құқығы емес, бірінші кезекте тең таңдау мүмкіндігі. Кем дегенде әлеуеті екі бірдей саяси күш болмаса, сайлаудың маңызы да мағынасы да болмайды. Үшіншіден, «депутаттық мандаттың қайтарымдылығы» қағидасы енгізілуі керек. Сайланған депутат халық үмітін ақтамаған жағдайда халық дауысының негізінде мандатын қайтаруы керек. Төртіншіден, депутаттық қолсұқпаушылық институтын қайта қарастыру керек. Депутаттар туралы ақпарат жария, әрі қолжетімді болуы тиіс.

Сайын БОРБАСОВ: – Қазақстанда Парламент қызмет істеп тұр. 30 жылда 2000-нан астам заңдар қабылданғанын айттық. Бірақ та, Парламент қызметіне Қазақстан халқының көңілі толады деп айтуға келмейді. Ол үшін Парламент еліміздегі заң шығарушы орган ретінде биліктің үш тармағының біріне толыққанды айналуы керек. Парламентіміз осы күнге дейін билік партиясына тәуелді. Себебі Парламент Сенатының 15 мүшесін Президент тағайындайды. 2007 жылғы Конституцияға енгізілген толықтыруларға сәйкес Мәжілістің 9 мүшесін Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. Яғни, парламенттің 24 мүшесінің халыққа ешқандай қатысы жоқ. Олардың заң шығарушы органға өтуіне электорат қатыспайды. Парламент халық еркінің, халық мүддесінің алаңы. Демек, парламент мүшелерін тек жалпыхалықтық тікелей сайлау арқылы жасақталуы міндетті. Өкінішке орай, елімізде бұл принцип жүзеге аспай келеді. Елдегі парламенттің беделі, абыройы, тиімді қызметі тек тікелей, төте, жалпыхалықтық сайлау арқылы жасақталса болады. Депутаттарды тек халық таңдауы міндетті Парламенттің әділ, қоғамға пайдалы қызмет ете алуы, елдегі сайлау жүйесінің әділдігіне, ашықтығына, электорат дауысының дұрыс саналуына тікелей тәуелді.

Парламент депутаты – халық қалаулысы. Ол халық мүддесін, мемлекет мүддесін жан-тәнімен қорғаушы болуы тиіс. Парламент мүшесі билікті жақтап, өз қамын жесе халық мүддесі далада қалады. Парламентті атқарушы билік өзіне тәуелді етіп алса, ол парламент «қалтада» қалады. Яғни, өз дауысы, өз позициясы болмайды. Қазақстан парламентінің бір  кемшін тұсы– оның бұрынғы министрлердің, облыс әкімдерінің өз қызметтерінен босағаннан кейінгі баратын орнына айналуы. Кешегі министр, кешегі әкім парламентке барған соң өзі жұмыс істеген атқарушы билікті сынамайтыны белгілі. Керісінше жақтаушысы болып қызмет етеді. Меніңше, Қазақстанда осы кемшілікті жөндемей болмайды.

Кешегі кезеңдермен салыстырғанда, Қазақ ССР-дегі Жоғарғы Кеңес пен бүгінгі Парламенттің айырмашылықтары өте көп. Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінде 360 депутат болатын. Бірақ бұл ұйым кәсіби Парламент болған жоқ. Жоғарғы Кеңес депутаттары белгіленген мерзімге сессияға жиналатын да күн тәртібіндегі мәселелердің барлығын 1-2 күнде талқылап, тарқап кететін. Әр депутат өз жұмысымен шұғылданып сессияға ғана келетін. 360 депутаттың 30 пайызы жұмысшылар, шопандар, механизаторлар болуы міндеттелетін. Облыс басшылары: обкомның 1-ші хатшылары, облыстың атқару комитетінің төрағалары міндетті түрде Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланатын.

Қазақстан Республикасында 1995 жылғы Конституцияға сәйкес кәсіби Парламент қалыптасты. Қос палаталы Парламенттің жоғарғы палатасы Сенатта 40 депутат, төменгі палатасы Мәжіліске 67 депутат сайланады. 2007 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес қос палатадағы депутаттар саны 154 адамға дейін көбейтілді. Демек, елімізде 154 депутат тек заң шығарушылық кызметпен кәсіби түрде айналысуда. Депутат болған Қазақстан азаматы өзінің бұрынғы қызметін тоқтатады. Тек қана ел Парламетінде ғана жұмыс істейді. Сондықтан, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесін «формалды парламент» деп атасақ, бүгінгі Қазақстан Республикасы Парламентін «Кәсіби парламент» деп атаймыз. Екі саяси ұйымның негізгі айырмашылықтары осында. Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесі Кремльге бағынатын, ал ҚР Парламенті ешкімге де бағынбайды. Мәселе, Парламенттің тәуелсіз билік тармағы ретіндегі осындай маңызды статусын толыққанды мазмұнға ие болдыруда. Парламент түптің-түбінде Президенттің қызметін бақылап, оны қателіктерден сақтандырып отыруы керек. Қажет кезінде Президентті түзеп отыратын құзыретті орган да Парламент. Жоғарғы Кеңесте мұндай мықты билік болған жоқ. КОКП-ның «сара жолын» заңмен мақұлдап отыруы ғана болды. КСРО орталықталған, тоталитарлық жүйе арқылы басқарылған еді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың жаңа төрағасының сайлануына орай сөйлеген сөзінде маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше екенін айтты. Бұл орайда Президент: «Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар барысында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдататын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы. Бұл мәселе бойынша дау жоқ» деп нақты тұжырым жасады. Сіздердің ойларыңызша, жалпы Парламент депутаттарды өздеріне тиесілі миссияны, міндеттерді толық атқара алып жүр ме? Депутат қандай болу керек? «Парламент және партиялар» ұғымы жөнінде ой өрбітсеңіздер.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК: – Депутат бірінші кезекте халық өкілі. Кең мағынасында Қазақстанның шекарасымен айқындалған халық емес, нақты бір елдімекеннің өкілі. Тиісінше, оның қолында біздің депутаттар жиі талқыға салатын «ұлттық мәселелерден», өздері сайланған аймақтардың жергілікті мәселеге де назар аударуы керектігі айқын. Депутаттың тәуелсіз болғаны абзал. Ол партиялық идеалдардан да, саяси қысымнан да жоғары болуы тиіс. Ал мұндай болуы үшін тікелей халықпен сайлануы тиіс. Тек халық алдындағы есеп беру ғана шынайы халықтық өкілдікке алып келеді. Заманауи Қазақстанның Парламент жүйесі депутаттық бастаманы жүзеге асыруға жағдай жасаған деп айту қиын. Тиісінше депутаттар да өз миссиясын толыққанды атқарады деу қиын. Пропорционалды жүйе халық пен депутат арасындағы байланысты күрделендіріп жіберді деуге болады. Яғни, депутат кімнің алдында жауапты: халықтың ба, партияның ба? Мәселе осында жатыр. Қазақстан тәжірибесінде үміт ақтамаған депутаттарды партия шешімі бойынша мандаттан шеттету тәжірибесі бар да, халық үмітін ақтамаған депутатты мандаттан айыру фактілері жоқтың қасы. Менің ойымша, Парламент бірінші кезекте қоғамдағы мән-жайды көрсететін саяси теке-тірес алаңы болуға тиіс. Бізде саяси мәдениеттің ерекшелігі, көшбасшыға көп мән беруімізде жатыр. Парламентаризм дәстүрлері де сондай. Депутаттарды мазалайтын сауалдың негізгі бөлігі Президент не дер екен, Елбасы не дер екен, одан қалды спикер не дер екен деген сауалдар. Байқап қарасаңыз, тіпті қазақы «Ел не дейді?» деген сауал да қатты мазаламайды. Өзге мысал келтірейік. Елбасы немесе Президент өз көзқарасын білдірмей, белгілі депутаттың өз көзқарасын білдіргенін көрдік пе? Өз басым, мұндай фактілерді жиі кездестіре алмадым. Қазақстандық партиялық құрылыстың бір ерекшелігі оның тұлғалық сипаты болса, екінші маңыздысы партия мүддесінің басымдығы болып отыр. Осы уақытқа дейін партиялардың саяси бағыты қандай деген сауал қойсаңыз ең үлкен партиялардан бастап, ең кіші партияларды саралау қиындыққа түседі. Либералды, консервативті дегендей бөлініс жоқ.

Сайын БОРБАСОВ: – Депутат, ең алдымен, ол өз халқының мемлекетінің ұлттық мүдделері үшін күрескер, ұлттық мүддеге зиянын келтіретін қандай құбылысқа болсын батыл түрде қарсы тұратын тұлға болуы керек. Екіншіден, ол қоғамдық қатынастардың негізгі даму үрдістерін түсіне алатын, әлемдік озық тәжірибелерді білетін кең диапазонда, мемлекет мүддесі, адамзат мүддесі деңгейінде ойлауға қабілетті болғаны абзал.  Үшіншіден, депутат өз мамандығының терең білгірі, өз саласын дамытудың ұрымтал, тиімді жолдарын жақсы білетін кәсіпқой маман болуы тиісті. Төртіншіден, депутат лоббилік, жершілдік, топтық мүдделерге баспайтын адам, заңды, Конституцияны ғана мойындайтын мемлекетшіл тұлға болғаны маңызды. Бесіншіден, Қазақстандағы халықтың 75 пайызы қазақ болғандықтан депутаттарға мемлекеттік тілді білу талабы қойылуы тиіс. Алтыншыдан, депутат өзін сайлаған аймақтың, қаланың, аудандардың қал- ақуалын, шешілмеген мәселелерін талдап отыратын, олардың жетілуіне өз ықпалын тигізе алатын қамқоршы болғаны пайдалы. Жетіншіден, депутат Қазақстан патриоты. Ол үшін қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау, Отанның қорғаныс, азық-түлік, денсаулық, білім, ақпарат, идеологиялық қауіпсіздігін күшейтуге үлес қосуы парыз. Осындай міндеттерді орындауға үнемі әрекет ететін депутат нағыз халықтың өкілі, халықтың таңдаулысы деген атқа лайықты.

Жалпы, депутаттар халық өмірінің биліктегі айнасы болуы керек. Халықтың мақсат-мұраттары, мұң-мұқтажы, мемлекет пен қоғам дамуының өзекжарды мәселелері, ел бюджеті, байлығымен ресурстарын қорғау, тиімді және халық игілігі үшін пайдалану мәселелерін күн тәртібіне қою. Осындай маңызды мәселелерге байланысты заң жобаларын ұсыну немесе Үкімет пен азаматтық қоғам ұсынған заң жобаларын Парламенттің комитеттерінде талқылау, зиянды заңдарды қабылдатпай тастау депутаттардың негізгі функциялары болып табылады. Бұлай болуы әлемдік парламентаризмнің тәжірибесі. Қазақстанда да осылай жұмыс істеуге талпыныс бар. Қазақстанда депутаттар корпусы өзіне жүктелген функцияларды атқаруға тырысады, бірақ та, депутаттар халықтың, мемлекеттің мүддесін қорғауда табандылық көрсете алмай келеді. Жасыратыны жоқ, мәселен, кезінде Парламент табандылық танытып, мемлекет пен халық мүддесін қорғаған жағдайда шикізат көздерінен түскен пайданы ат төбеліндей олигархтар пайдаланып отырмас еді. Бірқатар шикізат өндірудің кеніштері мен зауыттарын өте арзан бағаға жекешелендіру болмас еді. Міне, осындай әділетсіздіктерді жою Парламенттің және оның депутаттарының негізгі борышы. Қазақстан халқы үшін жердің, шикізат байлықтарының, халықтық меншікте болуы, баршаға қызмет етуі тағдырлық маңызды.

Парламент пен саяси партиялар  өзара тікелей байланысты саяси жүйе сегменттері. Қазақстандағы сайлау жүйесінде саяси партияларға ерекше көңіл бөлу орын алуда. Төменгі палата Мәжіліске қай партия көп дауыс алса, сол партия көп мандатқа ие болады. Сол партия Үкіметті құрайды. 5 пайыздан аспай қалатын дауыс жинаған саяси партиялар Мәжіліске депутат сайлай алмайды. Бұлай болғаны жақсы сияқты. Бірақ та, билік партиясы кең қолдауға ие болып отырған жағдайда, оппозициядағы саяси партиялар мүлдем жеңіске жете алмайды. Біздің пікірімізше, Қазақстан үшін можаритарлық сайлау жүйесі пайдалы. Әр сайлау округтарында білсенділер 5 мың адамның қолдауын алдын-ала жинап өзін-өзі ұсынса. Бір сайлау округінен10-15 адам шықты дейік. Оның ең көп дауыс жинаған 2 адамы келесі турда бақ сынасады. 50% көп дауыс алған кандидат Парламентке өтеді. Қазақстан сияқты 18 миллион адамы бар елге 180-200 парламент мүшелері жеткілікті. Парламент 1 палаталы болып елдің бар аймақтарынан белсенді азаматтар жиналса ел Мәжілісінің мәні толық болады деп сенемін. Сенаттың ешқандай қажеті де болмайды. Заңдарды жұмыс топтары мен комитеттерде әбден талқылап барып, сарапталған құжатты Парламент талқылауына ұсынып отырса әбден жеткілікті. Парламенттік тыңдаулар мен талқылаулар Үкіметті, жергілікті әкімдерді аяғынан тік тұрғызатын тетікке айналуы маңызды.

Сейілбек МҰСАТАЕВ: –Парламент депутаттары халықтың өкілдері болғандықтан атқаратын аманат жүгі ауыр. Халық қалаулылары деген атқа ие депутаттар халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, мүддесін білдіріп және қорғап, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешумен айналысуы тиіс. Сол үшін  парламентте халыққа кең танымал қоғамдық қайраткерлер, ұлт жанашырлары, елдің патриоттары, белсенді тұлғалар депутат болғаны жөн. Өкінішке орай, партиялық тізіммен сайланған кезде кейде халыққа бейтаныс, белсенді қоғамдық қайраткерлікпен көзге түспеген азаматтар да депутаттық мандатқа ие болып жатады. Жалпы, Парламент өзінің мақсат-міндеттерін атқаруы депутаттардың сапасына, саяси ұстанымы мен белсенділігіне байланысты.Депутат қандай болуы керек деген сұраққа келсек, ол «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуге сай болуы тиіс. Депутат отансүйгіш, патриот, ұлтжанды, адал, әділетті, білімді, білікті, иманды, ел-жұрттың аманатын орындаушы, белсенді, мемлекетшіл, батыл әрі табанды, ойы жүйрік, сөзге шешен, саяси ерік-жігері күшті болуы керек.

Парламенттік демократия дамуы үшін шын мәнісінде күшті партиялар болуы керек. Шынайы партиялық жүйе қажет. Партиялар билік үшін нағыз саяси күреске түсуі тиіс. Билеуші партияға қарсы салмақ жасай алатын бәсекелес оппозициялық партия болуы шарт. Мұның барлығы дамыған демократиялық елдерде көрініс тауып отыр. Қазақстанда көппартиялық жүйе болғанымен, әлі шынайы саяси бәсекелестікке түсетін деңгейде емес. Билік партиясына айналған «Нұр Отан» партиясынан өзге партиялардың саяси белсенділігі де, қоғамдағы беделі де төмен, көбісі негізінен сайлау науқандарында ғана тіршілік нышанын байқатады. Соңғы парламенттік сайлауда «Нұр Отан» партиясы сайлаушылардың 82,20% дауысын иеленсе, «Ақ жол» және Қазақстан коммунистік халық партиясы (ҚКХП) ғана 7% дауыс жинау табалдырығын әзер дегенде еңсере алды. Нақты айтсақ, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7,18 % және ҚКХП – 7,14%электорат дауысын жинады. Көріп отырғанымыздай, бізде билеуші партияның анық басымдығы байқалады. Парламентте партиялардың белсенді саяси бәсекелестігі болуы үшін, Президент Жолдауында айтылғандай, елімізде көппартиялық жүйе дамуы керек.

Қазақстанда парламенттік оппозиция туралы мәселе көтеріліп, оны арнайы заңдастыру енді қолға алынып жатса, бұл демократиялық елдерде бұрыннан дәстүрге айналған саяси құбылыс. Оппозиция (латынша opposіtіo – қарсы тұру, қарсылық білдіру) – өз көзқарасын, саяси ұстанымын басқа  саяси көзқарас пен ұстанымға қарсы қою, қарсы әрекет жасау; билеуші элитаға қарсы тұратын саяси күштерді (көшбасшы, партиялар, қозғалыстар) білдіреді. Оппозиция шынайы саяси бәсекелестік жағдайында дамиды, негізінен екіпартиялық немесе көппартиялық жүйелерде көрініс табады. Мысалы, классикалық екіпартиялық елдер саналатын АҚШ-та республикалық және демократиялық партиялар, Ұлыбритания консерваторлық және лейбористік партиялар үнемі саяси бәсекелестік жағдайында әрекет етіп, сайлау барысында алма-кезек жеңіске жетіп отырады. Өзге де демократиялық елдердегі көппартиялық жүйелерде билеуші партияға қарсы салмақ болатын оппозициялық партиялар жұмыс жасауда. Тіптен, бірнеше оппозициялық бағыттағы партиялар күш біріктіріп, коалиция құрып, ықпалды саяси күшке айналып жатады. Яғни, оппозицияның болуы қалыпты құбылыс, ол демократияның шарты десек те болады.

Итальяндық белгілі элитолог-ғалым Вильфредо Парето «элиталардың циркуляциясы» деген ұғымды ғылыми айналысқа ендірген. Оның мәні – қоғамда саяси элитаның екі түрі болады: біріншісі –билікті қолына алған билеуші элита, екіншісі – оған қарама-қарсы, биліктен үміткер контрэлита, бұл екеуі саяси бәсекелестік негізінде билік үшін күреседі. Контрэлита – ол оппозиция. Егер билеуші элита халықтың сенімінен айырылып, легитимдігін жоғалтып, сайлау алдында берген уәделерін орындай алмай беделінен айырылса, онда келесі сайлауда жеңіліс табады. Контрэлита болса, тиімді балама даму жолдарын ұсынып, саясатта жіберілген қателіктерді көрсетіп, орын алған кемшіліктерді түзету міндетін мойнына алып, халықтың қолдауына ие болады, сөйтіп кезекті сайлауда анық басымдықпен жеңіске жетеді. Нәтижесінде, бұрынғы билеуші элита жеңіліс тауып, контрэлитаға айналады, ал кешегі контрэлита жеңіске жетіп, бүгінгі билеуші элитаға айналады. Сапалық қасиеттері мықты (саяси ерік-жігері күшті, тың идеялы, отаншыл, ұлтжанды, табанды, білікті, іскер, өз ісіне адал) жаңа саяси элита тарих сахнасына шығады. Осылайша элиталардың ауысуы циклдық айналымға түсіп, элиталардың циркуляциясы жүреді. Егер де билеуші элита қолындағы билік пен әкімшілік ресурсты пайдаланып, элиталардың циркуляциясына тосқауыл жасап, контрэлитаның билік үшін күресуіне жол бермейтін болса, онда бұл әлеуметтік тәртіпті бұзады, ондай қоғамда даму болмайды. Саяси элита өзгеріп, оның құрамы ауысып, жаңаланып отырмаса елде тоқырау болады, саяси жүйе жемқорлық, тамыр-таныстық, кландық-топтық мүдделердің әсерінен іріп-шіріп, құлдырайды.  В. Парето «Адамзат тарихы – элиталардың алмасу тарихы» деген екен.

Бізде оппозицияға қатысты дұрыс түсінік қалыптасуы керек. Оппозиция – жау емес, ол саяси бәсекеге түсуші, жасампаз балама даму жолдарын ұсынушы, билеуші партияның, билік басындағы элитаның жіберген түрлі қателіктерін қалт жібермей бақылап, орнымен сынап отыратын, ұлттық мүдделерді қорғау мен елді дамытуға үлес қосқысы келетін саяси күш. Сырт көз сыншы, сын түзелмей мін түзелмейтіні айдан-анық. Белгілі бір елдегі оппозицияның өкілдері сол елдің азаматтары, олар да өзінің отаны үшін, кіндік қаны тамған туған жерінің мақсат-мүддесін қорғау үшін күресетін  патриоттары. Билік пен оппозицияның қарым-қатынасында елдің ұлттық мүдделері, мемлекетшілдік ұстаным басты орында тұруы шарт. Билеуші элита биліктен айырылып қалудан қорқып, тар топтық-эгоистік мүдделерін мемлекеттік ұлттық мүдделерден жоғары қоймауы керек. Ал шынайы оппозицияның болуы мен қызмет етуі көптеген жағдайлар мен шарттарға байланысты (адамның саяси құқықтары мен бостандықтары сақталуы, шыншыл саяси бәсекелестік жүруі, әділ сайлау өтуі, нағыз көппартиялық жүйе болуы т.б.). Осындай шарттар сақталса нағыз оппозиция туындайды. Ал басқадай болса, В. Парето айтқандай, элиталар циркуляциясы жүзеге аспайды. Немесе билеуші элита мен билік партиясы өздеріне ыңғайлы, өздерінің айтқанынан шықпайтын жасанды оппозиция жасап, көрер көзге сүйкімді, «ойыншық» көппартиялық жүйе құрап алуы да ықтимал. Бірақ бүйтіп өзін-өзі алдаудың түбі ешкімді оңдырмайды, оның ауыр зардабы бүкіл елге тиеді.

Дегенмен, Қазақстандағы қоғамдық пікірде оппозицияға қатысты қайшылықты пікір қалыптасқанын мойындауымыз керек. Кейбір азаматтар «бізде шынайы оппозиция жоқ» десе, енді бірі «оппозиция жасанды, ол биліктің қолдан жасаған жобасы» дейді. Кейбіреулер оппозицияны «шетелден қаржыландырылатын, елдің ішіне іріткі салушы күштер» деп жағымсыз қабылдайды. Ал Қазақстан Конституциясының 5-ші бабы, 1-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады». Бұл дегеніміз – плюрализм, яғни, оппозицияның Ата заң аясында әрекет етуіне толық мүмкіндік бар деген сөз. Демократиялы ел боламыз десек, бізде оппозиция да және оның құқықтық негізі де болуы керек. Және қоғамдық пікірде оппозицияға деген оң көзқарас қалыптасуы қажет.

Сондықтан да, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ұсынған халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құру идеясы, осы бағытта жасалып жатқан игі қадамдар, азаматтық қоғамның орнығуы, шынайы оппозицияның туындауы, нағыз көппартиялық жүйенің қалыптасып дамуы елімізді одан әрі демократиялдандыруға  игі әсер етпек. Әсіресе, 2019 жылы 20 желтоқсанда өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев бізге парламенттік оппозиция институты қажет екенін баса айтып, тиісті ұсыныстар мен заң жобасын әзірлеп, парламентке енгізуді тапсырып, «Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың басы емес, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан, парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет», – деді.

2020 жылы 6 мамырда Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген заң жобасы талқыланды. Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын пайдаланып, «Ақ жол» партиясы бұрын дайындаған парламенттік оппозиция туралы заң жобасын бүгінгі уақыт талаптарына сәйкес қайта жаңартыпты.Сөйтіп, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мақұлданып, Сенатқа жолданды.

«Ақ жол» Демократиялық партиясының ресми сайтында 2014 жылы 14 қаңтарда жарияланған, 18-баптан тұратын  «Парламенттік оппозиция туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы тұр. Ол заң жобасында «Парламенттік оппозиция – Парламент Мәжілісінде депутаттық фракциялары бар, заң жобалары бойынша дауыс беруді қоса санағанда парламенттік көпшіліктің саясатына қарсы пікірін ашық білдіруші; және қызметтегі үкімет құрамында кірмеген саяси партиялар» деп анықталған екен [https://akzhol.kz/ парламенттік-оппозиция-туралы-қазақ/]. Көріп отырғанымыздай, өздерін Қазақстандағы «сындарлы оппозиция» деп санайтын, бизнес партиясы және ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысының ізбасары деген ұстанымдағы «Ақжол» ҚДП парламенттік оппозиция мәселесін бұдан бірнеше жыл бұрын мықтап қолға алғаны байқалады.

 Бұл заң жобасы ЕҚЫҰ-ның да жоғары бағасына ие болған. Заң жобасының 2-ші тарауы «Парламенттік оппозицияның қызметіне» арналған. Мұндағы 5-бапта «Парламенттік оппозицияның құқығы», 6-бапта «Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінде лауазымдарға парламенттік оппозициядан  ұсыну және сайлау тәртібі», 7-бапта «Парламенттік оппозициядан Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті төрағасының лауазымына ұсыну тәртібі», 8-бапта «Парламенттік оппозициядан министрлер орынбасарларының лауазымына ұсыну тәртібі», 9-бапта «Парламенттік оппозицияның дербес іс-шараларының пәні», 10-бапта «Парламенттік оппозицияның жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын өткізу» сияқты көптеген маңызды мәселелер қарастырылған.

Мақұлданған жаңа заң жобасы «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдарының ара-жігін ашып, құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Парламенттік оппозицияға қандай да бір мәселе бойынша өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік әперетін бірқатар саяси кепілдіктер беріледі: саяси партиялардың фракциялары басшыларының Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілдік беру заңды бекітілмек. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісіндегі жеті комитеттердің бірінің төрағалығын парламенттік оппозицияға беру міндетті және комитет хатшылығының екі орны да парламенттік оппозиция мүшелеріне беріледі екен. Мұның барлығы енді еліміздегі оппозицияның саяси шынайылыққа айналатынын көрсетеді. Қазақстанда парламенттік оппозицияның заң жүзінде мойындалып, құқықтарының бекітілуі еліміздің демократиялануындағы үлкен бір белес деп бағалауға тұрарлық қадам.

– Елбасы кезінде бірқатар өкілеттіктерді Парламентке бөліп берген еді. Жалпы, болашақта еліміз Президенттік-Парламенттік басқару жүйесіне көшуі мүмкін бе? Осындай әңгімелер қоғамда арагідік айтылып та жүргені мәлім.

Амангелді АЙТАЛЫ: – Қазақстандағы саяси жағдайды орыста «гибридный» – будандасқан деп атайды. Бір жағынан демократиялық сайлаулар өтіп жатқандай, екінші жағынан, барлығы биліктің бақылауында. Бір жағынан, сөз еркіндігі бар, екінші жағынан, ол белгілі бір шекке дейін.Бір жағынан, саяси мәдениет дамығандай көрінеді, екінші жағынан, халық ел мен Елбасын айыра алмайды. Енді-енді ойлай бастағандай. Бір жағынан, заң жүзінде азаматтық еркіндік бар, екінші жағынан, ол да жарым-жартылай. Енді халық әлеуметтік жүйеге бет алды. Осы тұста Н.Назарбаев жаңа  қадамдарға бару керегін жариялады.

Жоғарыда айтқанымыздай, біз Президенттік басқару жүйесін жалпы жоққа шығармаймыз, ол жүйе біраз табыстарға жеткізді, оны мойындауымыз керек. Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында  өкілеттіктерді қайта бөлу мәселеріне арналған ұсыныстар, біріншіден, парламенттің өкілеттігін едәуір арттырады. Президент заң күші бар Жарлықтар шығармайды. Заң шығару Парламенттің құзырында. Екіншіден, Үкімет енді Президентке ғана емес, Парламент алдында жауапты. Үкімет Мәжіліспен консультациядан кейін жасақталады. Сонымен, мемлекет билік тежемелі және тепе-теңдік жүйені шынайы қалыптастыруға бет алды. Сөз жоқ, бұл маңызды қадам да нәтиже бермеді. Себебі, демократия дегеніміз терең саяси мәдениет, әділ, таза сайлау, оппозицияны мойындау, сөз еркіндігі, басқа да құндылықтар. Парламенттік сайлауға түскен кездерімде бір облыс әкімінің «Әрі кеткенде сіздің партияға жеті-сегіз орын берерміз» деп шіренгені есімде. Сонда Ресейдің бір саясаткерінің айтқаны ойға оралады: «Какую партию бы ни создавай, все равно получается КПСС». Бізде сол төркінімізден озып кетпедік.

Ел күрделі реформалардың алдында тұрғаны белгілі. Оқыс қимылдарға бармай, саяси    реформаларды  эволюциялық жолменен ғана жүзеге асыру керек. Ал ел басқару нысаны Президенттік болып қала беруі керек. Сыртқы қауіп күшеюде, солтүстік көршілеріміздің саясаты болжамсыз. Үлкен соғысты көрмей өсіп келе жатқан жастардың бір қатары үшін соғыс тіпті тартымды. Оны Украинадан көріп отырмыз. Қазақстанның жеріне көз аларту қай тұстан да байқалады. Еліміздің жаңаруға экономикалық, саяси, интеллектуалдық қабілеті мол, оны пайдалану оған жол ашу мемлекеттің саясатына  байланысты. Мемлекет қоғамының белсенділігімен ғана күшті. Ағаштың тамыры солса, бұтақтары да көгермейді. Қоғам түгел жаңарса, Парламент те жаңарады.

Сайын БОРБАСОВ: – Қазақстан халқының саяси санасы әбден оянды деп айтуға болады. Менің ойымша, болашақ Парламенттік жүйенікі. Себебі, ықпалы әрі күшті Парламент елдегі түрлі ауытқу, девианттық құбылыстарға тосқауыл болады. Парламенттің алдында Үкімет пен жергілікті биліктің жауаптылығы мен есептілігі ел бюджетінің тиімді пайдаланылуына, ел байлығының адал бөлініуіне қол жеткізеді. 2007, 2017 жылдарда Парламенттің рөлін арттыруға бағытталған біраз билікті, өкілеттіліктерді бөлісу болды. Үкімет мүшелері Мәжіліс алдында есеп беруі сияқты. Министрлерді нашар жұмысы үшін Мәжіліс көпшілік дауыспен орнынан алуға ұсыныс жасай алатын болды. Бірақта, Конституцияға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер елдің саяси өміріне әлі де серпін берген жоқ. Байқап қарасақ, елде демократиялық мемлекеттерге тән билік сегменттерінің барлығы бар. Бірақ, олардың барлығы бір ғана вертикалды – президенттік билікті мойындайды. Сондықтан, биліктің әрбір тармағы өзіне тән маңызды мемлекетті басқару функцияларын толыққанды орындай алмайды. Дамыған елдердей болу үшін әр билік тармағының өзіне тән функцияларын қалпына келтіруге қол жеткізуіміз керек. Алдағы, болашақ үшін болатын саяси реформаларды күшті, ықпалды Парламенттің басқарғаны, оған Үкіметтің үнемі есепті болуы пайдалы. Ал сот билігінің заңдардың орындалуын қатаң бақылағаны қоғамның даму тынысын ашатыны даусыз.

Біз көтеріп, айтып отырған мәселе-лер әлемдік саяси тәжірибеде бар. Қазақстан демократиялық қоғамның формаларын алды. Бірақ та, осы формалар демократиялық құрылыс мазмұнымен толыға қойған жоқ. Сондықтан, демократиялық қоғамның ең басты ерекшілігі демократиялық принциптердің сақталуында. Олар сақталмаса, демократия жұмыс істемейді. Демократия туралы қанша айтқанымызбен ол өзінен-өзі келмейді. Демократия принциптері қатаң сақталып, олар саяси жүйенің қызметінің мазмұнына айналғанда ғана демократиялық қоғам қалыптасады. Демократияның өзегі Парламенттің заң шығарушылық қызметі және заңдардың толыққанды орындалуы.

Сейілбек МҰСАТАЕВ: – Әрине, формальды түрде  президенттік-парламенттік жүйе жасай салуға болады. Бірақ, мәселе парламенттің атына заты сай болуында ғой. Яғни, парламенттің сапалық құрамын жақсартуымыз қажет. Алғышарттарына келсек, сайлаудың ашық және әділ өтуі, халықтың саяси сауаттылығы мен белсенділігі, халық атынан шынайы өкілдік етуге лайықты саяси партиялардың қызмет етуі және билік үшін күресуі, жасампаз бағыттағы оппозициялық партияның болуы, нағыз саяси бәсекелестіктің тартысты жүруі, депутаттыққа үміткерлерді іріктеуде меритократиялық ұстанымдардың басшылыққа алынуы, ұлтжанды патриот жастарға басымдық берілуі сынды көптеген мәселелер бар.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК: – Бұл сауалға жауап беру үшін, ұлттық менталитетті саралау керектігі айқын. Еуразиялық елдерде тұлғаның тарихтағы орны ерекше маңызға ие. Қазақтың тарихында әрине билер институты, хандық кеңес институтының орны ерекше болды. Бірақ, мәселе онда емес. Отаршылдық кезеңде ұлт менталитеті қатты өзгерді. Әсіресе, Кеңестік дәуірде. Елге жат, ұлтта бұрын болмаған билік қағидаларының енгізілуі, артта қалған периферияны алға жеетелеуге бағытталған реформа болып түсінілді де, кеңінен енгізілді. Нәтижесінде, ұлттың реформаларды өз бетінше қабылдауына, өз табиғатына сәйкестендіріп қабылдағанына қарағанда, мазмұнын түсінбестен, көшіріп алу белең алды. Сөйтіп, бұл қағидалар қоғамға сіңірілді. Бүгінгі қоғам мен мемлекет қазақы рухтан туған Қазақ хандығының емес, сол кеңестік дәуірдің мирасқоры. Мәселе де осыдан туындайды. Ал кеңестік жүйе, жеке адамның, көп жағдайда басшының табиғатына байланысты. Сондықтан болар, тек Қазақстан емес, посткеңестік кеңістіктің негізгі бөлігі мықты президенттік билікке арқа сүйейді.Тиісінше Парламент өкілеттігін кеңейту сауалы да бірінші кезекте Президенттік институтының өзгеруіне байланысты болмақ.

– Мазмұнды ой-пікірлеріңізге көп рақмет! Парламентіміз, Мемлекет басшысы айтқандай, Ықпалды Парламентке айналып, халқымызға қызмет ете берсін.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!