БАУКЕҢНІҢ МҰРАСЫ ЖҮЗ ТОМҒА ДЕЙІН ЖЕТЕДІ

  • 01.06.2020
  • 642 рет оқылды
  • 2

Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
«Бауыржантану»
ғылыми-зерттеу орталығының
аға ғылыми қызметкері

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл. Әлемді фашизмнен құтқарып қалған ержүрек, батыр, қаһарман ардагерлерге халықтың құрметі мен ыстық ықыласы қашанда ерекше болып қала берері сөзсіз.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және сұрапыл соғыста нағыз ерліктің, отаншылдықтың, білікті қолбасшылықтың ғажайып үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай Тараз қаласындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаевпен жолығып, орталықтың атқарып отырған қызметі жайында, батыр мұрасының зерттелуі, өзге де өзекті мәселелер туралы әңгімелескен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Әлімбай Аманбайұлы, әңгіменің әлқиссасын  өзіңіз жұмыс істеп отырған «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының алға койған мақсат-міндеттері мен жасап жатқан жұмыстарыңыздан бастасақ…

– «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы – Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеп-зерделеуге арналған Қазақстандағы бірден-бір жалғыз орталық. 2004 жылдан бастап Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының басшылығымен өз жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. Осы күнге дейін орталық қызметкерлері көптеген игілікті істерді тындырды.

Орталық қызметкерлері архивтер мен жеке адамдардың қолында сақталған Б.Момышұлының қолжазбаларын жинақтаумен, жүйелеп, зерттеумен айналысады. Ол материалдардың көбі негізінен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі ақын-жазушылар, өнер адамдары мен қоғам қайраткерлері және тағы басқа саладағы Баукеңмен тығыз қарым-қатынаста болған адамдардың жеке қорларында сақталған.  Сол қолжазбалар мен фотоқұжаттарды орталыққа жинап, баспаға дайындау ісімен айналысуда. Қазіргі таңда Б.Момышұлы туралы жазылған естеліктер, арнау өлеңдер, драмалық туындылар және тағы басқа жанрдағы көлемі 15 томдық материалдар баспаға әзірленді. Алматы қаласындағы «Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары» архивінде іссапарда болып Б.Момышұлы туралы түсірілген фильмдер мен жанды дауыс жазбаларын алдық. №1611 қорынан Клочков Василий Георгиевичтің 8 беттік бұрын-соңды жарияланбаған құжаттары, Қазақстан Жазушылар одағының №1778 қорынан Бауыржан Момышұлының 18 беттік Жазушылар одағына қабылдану туралы материалдар алынды.

– «Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар» мұрағатынан нендей деректер анықталды?

– ҚР «Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар» мұрағатынан Б.Момышұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты 15-ке жуық материалдар анықталды. Солардың ішінен Баукеңнің жанды даусы жазылған 2 кинохрониканың көшірмесі жасалды. Дыбыс жазбалар архивінен Жеңістің 30 жылдығына орай 1975 жылы өткен Қазақстан Жазушылар одағы пленумында жарыссөзге шығып сөйлеген аудиожазбасы жазылып алынды. Осы табылған тың кинохроника мен аудиожазбаны университетіміздің оқытушылары мен студенттеріне және БАҚ өкілдеріне таныстырдық.

«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы Б.Момышұлының болашақта толық академиялық көптомдық шығармалар жинағын даярлап, халықтың, яғни, бүгінгі жас ұрпақтың қолына ұстату мақсатын алға қойып отыр.

Халқымыздың ұлттық батыры, аты аңызға айналған қолбасшы Б.Момышұлының әдеби мұрасын толық жинап, танып білу – патриоттық тәрбиенің  идеологиялық іргетасына айналуы себепті, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы Б.Момышұлының көптомдық толық шығармалар жинағын даярлап басылымға ұсынуды міндет етіп қойды. Үстіміздегі жылы жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы да халқы үшін отқа түссе күймейтін ерліктің ерендігін дәріптері анық. Бауыржан Момышұлының сын сағатта Отаны үшін от кешуден танбаған ерлігі мен әдеби мұрасын ел есінде тағы бір жаңғыртамыз деген жоспарымыз бар.

– Сіз Бауыржан Момышұлының еш жерде жарық көрмеген  жазбаларын тауып  Жамбыл облысының «Знамя труда» газетінде жариялаған едіңіз. Батырдың бай мұралары халыққа әлі де болса толық жетпеген сияқты ғой.

– Бұрын Баукеңді көпшілік тек батыр деп білсе, осы зерттеу орталығының ізденіс еңбектерінің көмегімен оның жазушылығы, ақындығы, қайраткерлігімен қоса жан-жақты басқа да қырлары елге кеңінен таныла бастады. Баукеңнің отыз томдық кітабын оқыған адам оның тек шайқаста ғана ерлік көрсеткенін емес, жазушылықта да батырлық көрсеткенін таниды. Бауыржан Момышұлы –  ақиқатты архивпен түйіп жазған. Сол жазбаларынан қазақ халқының шамамен елу жылдық басып өткен тарихи жолын тануға болады. Бауыржан Момышұлының жазушылық ерен еңбегі де осында болса керек.

Ізденіс барысында қолымызға түскен ең үлкен олжа – Баукеңнің бір блокноты болды. Оны 2019 жылы Астанадан Таразға көшірмесін алып келдім. Екі жыл бұрын осындай құнды блокнотының барын анықтағанмын. Блокноттың түпнұсқасы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық әскери-тарихи музейде сақтаулы тұр. Әуелгіде Баукең блокноттың түпнұсқасын өз қолымен өзіміздің Жамбыл облыстық музейіне өткізген екен. Кейін Астанадан әскери-тарихи музей құрылғанда сонда алып кеткен. Өкініштісі сол – өз өңірімізде оның көшірмесі де қалмағаны. Құнды мұраның көшірмесін өткен жылы Таразға алып келгенімді жоғарыда айттым. Алдыңғы шыққан 30 томдықта бұл блокноттың ішіндегі жазбалары енгізілмеген. Ондағы өшуге айналған орысша қолжазбаны оқу да оңайға түспеді. Блокноттағы жазуларды қатесіз оқып, қалпына келтіруге бір жылға жуық уақытым кетті. Мекемтас аға қалпына келген қолжазбаны оқып шығып «жарияла» деген соң, оны «Знамя труда» газетінің үш санына бастырып алып, блокноттың көшірмесін және біз қалпына келтірген толық нұсқаның терілген электронды бір данасын Жамбыл облыстық музейінің қорына өткіздім.

– Ол блокнотта не жазылған екен?

– Баукең Мәскеуге жақын маңдағы Калинин қаласындағы әскери академияда бес жыл сабақ берген. Профессор болған. Сол кездерде әртүрлі адамдардың қысымымен біраз қиындықтарды бастан кешкен екен. Кеңес Одағының Батыры атағын, генералдықты, тіпті қызметті бермей, біраз кедергілерге кездескен. Сондағы көрген қысымшылықтары әлгі блокнотта көрініп тұр. Тіпті, Баукеңді оқытушылық қызметтен кетіргілері де келген. Алайда, қайта ойланып қызметте қалдырмақ та болған. Мекемтас ағаның айтуынша, Баукеңнің болашақ офицерлерге оқыған лекциялары тек бір данадан шығарылып, бірден архивке алынып отырған. Қазір ол лекциялар Мәскеудің әскери-тарихи архивінде, не сол Калинин қаласындағы әскери академияның архивінде сақталған. Біздің осы орталықтың бұрынғы қызметкері Мұхамеджан Кәтімханның анықтауы бойынша, Ресейдің жоғарыдағы архивтерінде 12 мың беттей материалдар бар екен. Егер соларды ала алсақ, онда 30 томдығымыз 100 томдыққа дейін жалғасар еді.

Әлгі блокнотта 1955 жылдың желтоқсаны мен 1956 жылдың қаңтары аралығында көрген қысымшылықтан не істеу керегін қатты толғанып жүрген сәттері де айтылған. Соғыста небір қиын да шешуші сәттерді көрген адам, одан кейін де талай нәрсеге көз жеткізген бар көрген-білгенін қағазға түсіріп жазып кетуді ойлағаны байқалып тұр. Тіпті, Кеңес Одағының Батыры маршал Иван Христофорович Баграмян деген адам Баукеңді емдеп, қайта әскер қатарына қосуды ойлаған. Ондағы көздегені Батырдың бар білгенін пайдаланып, алып қалу болса керек. Себебі, олар әуелі қызметтен кетуге мәжбүрлейді, кейін ешқайда жібермей академияда ұстап қалмақ ойлары да болған екен. Осыны сезген Баукең оқытушылық қызметтен кетіп, жазушылыққа бет бұрады. Дегенмен, «Жазушылар қалай қабылдайды?» деген де ойда болыпты. Содан 1956 жылы Алматыға келген.

Осы блокноттың ішінде соғыс тағдырын кешкендердің бірі саналатын Кеңес Одағының Батыры маршал Георгий Константинович Жуковқа жазған хатының мәтіні де бар. Оны алдын ала «Знамя труда» газетінде жарияладым. Хатта Г.К.Жуковтен әскери архивке кіруге рұқсат алып беруін және болса 3 бөлмелі, болмаса 2 бөлмелі пәтер сұраған. Баукең – әскери адам. Сол себепті тұрақты жеке баспанасы болмағандықтан алаңсыз жұмыс істеу үшін пәтер сұраған екен. Бірақ ол хаттың Г.К.Жуковқа жеткен-жетпегені белгісіз. Г.К.Жуков Баукеңнің өтінішін ескерген-ескермегендігін дәлелдейтін құжатты кездестірген жоқпыз. Мәскеуге іс-сапармен барғанда тарихи-әскери архивтен оны да іздестіретін боламыз.

Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романында соғыстан баласы оралмаған, пәтер кезегіндегі анаға Баукең өз пәтерін бергені айтылады. Соған қарағанда Баукеңнің маршал Г.К.Жуковқа жазған хаты ескерілген де болуы мүмкін.  Міне, Батырдың бұл блокнотында осындай оқырмандарға белгісіз айтылмаған ақиқаттар көп.

Былайғы жұрт Бауыржан Момышұлын батыр, әрі жазушы деп біледі. Бірақ көпшілікке әлі белгісіз, зерттеуді қажет ететін қандай қырларын айтар едіңіз?

– Бауыржан аталарың «Сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Мықты математик, есепке өте жүйрік болған. Есепті жылдам тез шығаратын амал-тәсілдерді білген. Соны математиктер зерттесе болады. Баукең – керемет суретші. Өз портретін айнытпай өзі салған адам. Баукеңнің салған суреттері мен ойған оюлары өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Оның 1928 жылдың наурыз айынан бастап 1932 жылдың 7-ші қарашасына дейінгі аралықтағы әртүрлі қызметтер атқарғандығы, атап айтсақ: Жуалы аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, төрағасы да болғаны. Аудандық жер қатынастар басқармасындағы қызметі, көмекші прокурор, артынша аудандық прокурор, милиция бастығы және біріккен аудандық ауыл-мал шаруашылық, нан, сүт дайындау басқармасын басқарғандығы туралы да зерттелмей келеді. Оның 1932 жылдың қаңтарынан 1932 жылдың қараша айларында Қазақ ССР жоспарлау секторының бастығы болғандығын біреу білсе, біреу білмейді.

– «Баукеңнің бір құпиясы» деген мақалаңызда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің  Бауыржан Момышұлына өзі жазған сегіз жауап хатты жойғандығы туралы жазыпсыз. Сол жайында айтып берсеңіз.

– Баукеңнің өз естеліктерінде: «Ол кісі майданда жүргенімде маған сегіз хат жазды. Бірақ та ол хаттарын кейіннен «ұлтшыл Бауыржанның» кесапатынан қорқып, менің академиядағы архивімнен өзі ұрлап алып жойды. Мен Мұхаңа онысын, жер айтып бара берсін, кешпеймін» деп көңілі қалып жазған жазбасы бар. Батырдың күнделіктеріндегі мұндай деректер кімді де болсын алуан ойларға да жетелейді. Ал, Мұхаңның архивтен өз хатын (сегіз хатты) өзі ұрлап алуында бір үлкен құпия сыр бар екені анық. Өмірі қыл үстінде жүрген, әр түрлі зұлматтардан әупірімдеп аман қалған М.Әуезовті түсінуге тиіспіз. М.Әуезов айтылмыш хаттарды із қалдырмай «жою» ісіне саналы түрде барған секілді. Соған қарағанда ол хаттардың саяси астары бар болған болу керек деп ойлаймын. Қазақтың екі бірдей ұлы перзентінің көзін жоюға айғақ болмасын деген болуы керек. Біздіңше, әлгібір «жойылған» сегіз хаттың тағдырын білу, іздестіру әдебиеттанушылардың үнемі есінде болатын іс. Ол хаттарды М.Әуезов бір жерге сақтаған да болуы мүмкін.

– Сонда ол хаттарды М.Әуезов архивтен алмаса өмірлеріне қауіп төнетін болып тұр ғой? 

– Баукеңе М.Әуезов үш әріптің «салпанқұлақтарынан» сақ болу керектігін ескертіп отырған. Сол ағалық кеңесін Баукең ескерген де. Ұлтшылдардың сөйлеген сөзінен бастап, жазған еңбектерінің бәрі арнаулы органдардың сүзгісінен өтіп отыратын тым зұлмат заманда өмір сүріп, ұлтына адал қызмет ету оларға оңайға соқпаған. Баукең қолжазбаларындағы «замандас-тұрғыластарымен күрделі қарым-қатынаста» тікелей өктем айтылған ой-пікірлерін оқығанда бір жақты теріс түсініп қалудан сақ болу керек деген ойды айтқым келді мақаламда. Батырдың сөзімен айтсақ «Менің жазғандарымның бәрі алтын да емес, күміс те емес – жазғандарымды ақтап, түсініп оқыңдар, қарақтарым. Қатемді түзетуге асықпаңдар. Мен өмір сүрген заман мен сендер өмір сүрген дәуірдің айырмасы – жер мен көктей. Заман қайталанбайды. Дұрыс ұғымды құдай әркімге берген емес, сол себепті абайлап оқыңдар деген ескертпем осыдан шығады. «Алжыған шал» деп айту оп-оңай. Сөз арасы, ой арасы, өмір арасы түсінуге киын нәрсе. «Абайлаңдар, абайлаңдар» деп айтарымның маңдайалды себебі сол, қарақтарым!» дейді.

– Бауыржантанумен жұмыс жасап жүргендігіңізді пайдаланып, елдің көкейінде жүрген бір сұрақты қойсам. Бауыржан Момышұлы соғыстан соң Мағжан Жұмабаевты көргені рас па? 

 – Мағжан Жұмабаевтың 1938 жылы атылғандығын дәлелдейтін архивтік құжат бар. Ал, оның осы күнге дейін 1938 жылы атылмағандығын дәлелдейтін нақты архивтік құжат шыққан жоқ. Бірақ Мағжанның атылмай айдауда болғанын көрдім немесе көрген адамдар болған деген сөздер баспасөзде басылды. Ол сөздер Бауыржан Момышұлына да қатысты.

Бауыржан атамыз 1949 жылы Сібірдегі Красноярск қаласында әскери қызметте жүргенде бір шумақ «Мағжанға» деген өлең жазған. Ол өлең мынадай:

Шерлі ақын халқым, жұртым деп

                                          еңіреп  өткен,

Жанына елдің зарын арқау еткен.

Қайысып, бірақ сынбай көп жағдайда,

Ерлікпен шыбын жанын құрбан еткен.

Б.Момышұлы Мағжанның, Міржақып Дулатовтың өлеңдерін жатқа біліп қана қоймай, соларға еліктеп өзі де өлең жазған. Оны Баукеңнің өлеңдерінің тақырыбы мен сарынынан, сөз саптауларынан да байқауға болады. Сұрағыңа қайта оралайық. 2008 жылы болу керек, бір мақала оқыдым. Мақалада Бауыржанның 1948 жылы Сібірде жүргенде Мағжанды көргендігі, онымен сөйлесіп, оны танығандығы және бір қызығы Баукең он күннен соң түрмеден шығарып алайын деп барса, түрменің бастығы Мағжанның «сал айдап жүріп суға кеткендігін» хабарлайды. Осы орайда Баукеңнің тағы бір өлеңі еске түседі. Ол мына өлең:

Өмірінде жетпіс жасқа ақын жеткен,

Көп жылдары айдаумен түрмеде өткен.

«… өлмеймін, менікі де өлмейді» – деп,

Сал айдап Енисейде суға кеткен.

Бауыржан атамыз бұл өлеңді 1966 жылы 5-ші наурызда Алматыдағы Совминнің ауруханасында жатып жазған. Мақала авторы Мағжанның «сал айдап суға кеткен» деген мағлұматты Баукеңнің «Сал айдап Енисейде суға кеткен» деген өлеңімен байланыстырып айтқан болу керек. Бұл мәселе алдағы уақытта әлі де зерттей түсуді қажет етеді.

Әңгімеңізге көп рахмет! 

Сұхбаттасқан

Жұматай КӨКСУБАЙ

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Бұл материал орыс тіліне аударылса, оны ТМД жіберуге болар еді.Сонымен қатар, еліміздегі орыс тілді оқырмандарға да жеңіл болады, аударып əуре болмайды.Мысалы, Бауыржан Момышұлы атындағы мектептердергі орыс сыныптарының оқушыларына, ұстаздарға бұл материал қажет болуы мүмкін.
    Армия қатарындағы оқырмандарға орыс тіліндегі мəтін қажет …

  2. Сұхбат орыс тілінде басылады ма?

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!