ҚАЛА ЖӘНЕ УРБАНИЗАЦИЯ

  • 01.06.2020
  • 272 рет оқылды
  • 0

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
журналист

Ғылыми-техникалық дамудың өріс алуы, адамзат қажеттілігі мен талап-тілегіне сай пайда болған ірі өндіріс ошақтарының көптеп ашылуы және олардың қалалар маңында немесе қалаға жақын аймақтарда шоғырлануы жұмыс іздеген адамдардың мұндай жерлерге көбірек қоныстануына әкелді. Тиісінше, ауылдықтарға қарағанда қалалықтар, яғни, қала тұрғындары көбейе бастады. Осындай үрдісті ғылым тілінде «урбанизация» деп айтамыз. Халықтың қалаға бет түзеуі бүкіләлемдік үрдіске айналды. 

Зерттеушілердің айтуынша, қалаларда тұратын халық саны алдағы жылдарда да көбейе береді. Дамыған елдердегі урбанизация деңгейі 75-80 пайыздан асқаны – осы жайттың көрсеткіші. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2050 жылға дейінгі болжамы бойынша, жер шары тұрғындарының 66 пайызы қалаларда өмір сүретін болады екен. Урбанизация процесінің жеделдеуі әлем бойынша 2007 жылы бұрын-соңды болмаған тарихи көрсеткішіне жетіпті. Яғни, қала тұрғындары (3363 миллион адам) ауыл тұрғындарының (3343 миллион адам) санынан асып түскен. Мәселен, 1950 жылдард

ағы көрсеткішпен салыстырғанда қала халқының саны 5,6 есе көбейген. Бұл ненің белгісі? Неге қала халықтарының саны көбеюде? Мұның қандай да бір заңдылығы бар ма? Ауылдық жерлер неліктен бос қалуда? Осы және өзге де сауалдар бұл тақырыпқа ерекше зер салуымызға бағыттады. Өйткені, аталған мәселе біздің елімізде де жоқ емес. Себебі Қазақстан әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесі ретінде өмір сүруде. Демек, жаһанға тән  мәселелер біздің елімізді де айналып өтпесі хақ. Оны адамзат баласына ортақ сауалдар тұрғысынан қарастыруға да болады, екіншіден, ұлттық проблема тұрғысынан да көз салуға болады.  Сонымен қалалық болудың тиімді-тиімсіз тұстары қандай? Қазақ қалалық ұлтқа айнала ала ма? Қалалық ұлтқа айналу қазаққа не береді?

Басқарылатын урбанизация

Бүгінгі таңда еліміздің 17 аймағында 87 қала мен 6,5 мың ауыл бар екен. Бұл деректі Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов 2019 жылдың соңына таман өткен Үкімет отырысында келтірген еді. Р.Даленовтың айтуынша, урбанизация 2015 жылдан бері 58,2 пайызға өскен. Миллион тұрғындары бар үш қала пайда болды. 18 ірі қалаға құйылған инвестиция көлемі 1,5 есе көбейген. «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Қазақстан Республикасын дамытудың 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарына сәйкес аймақтық саясаттың басымдығы ретінде «басқарылатын урбанизацияға» қол жеткізу мақсаты көзделіп отыр екен. «Бүгінде әлемдегі жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы ірі қалаларда жасалады. Бұл жаһандық тренд. Тек қана ресурстар мен инфрақұрылымды жұмылдыру арқылы жоғары экономикалық өсімге жетуге болады. Елдердің бәсекеге қабілеттігі заманауи әрі ірі қалалардың болуымен анықталады», – деді Руслан Даленов. Министрдің пікірінше, Қазақстан урбанизация көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр екен. Салыстырмалы тұрғыдан қарағанда, Қазақстан халқының урбанизация қарқыны күшті деген сөз. Республикадағы урбанизация үдерістерінің қарқынды болуы әлеуметтік-экономикалық себептермен байланысты. Себебі 90-жылдардағы қиындықтар, жұмыссыздық, күнкөріс деңгейінің төмендеп кетуі, түрлі әлеуметтік проблемалардың шамадан тыс өрістеуі ауылдағы ел-жұрттың қалалық аймақтарға үдере көшуіне негіз болғаны сөзсіз. Сол кездегі қоғамдық психология, қалаға барып еңбек көзін тапқан азаматтардың аз да болса кішігірім игіліктерге иек артуы елді мекендердегі отбасылардың жинақтала бастауына да себеп болды. Әйтеуір, «қалаға барсақ бір нәрсе етіп күн көрерміз, далада қалмаспыз» деген психология адамдардың санасына мықтап орнықты. Әлбетте, өз қазанында өзі қайнап, өз мәселесімен өзі арпалысып жатқан қалаларда ауылдан көшіп келіп жатқандар үшін дайын тұрған «жайлы өмір» жоқ еді. Бірақ мұндай кедергі-қиыншылықтарға көз жұма қараған ағайын бәрібір де қалаға келе бастады. Бірі туыс-туғанын жағалады, бірі тамыр-таныс іздеді, енді бірі ауылда жиған мал-мүлкін сатып келді. Еліміз Кеңес Одағы тұсындағы жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға бет бұрған шақтың ауыл халқы үшін де, қала халқы үшін де оңайға тимегені белгілі. Нарықтық экономика принциптерінің, заңдылықтарының енгізілуі басқаша ойлауды, басқаша өмір сүруді талап етті. Үкіметке, билікке арқа сүйеп қалған ел ендігіде тек өз күшіне, өзінің еңбегіне, біліміне, ақылына сену керек екенін түсінді. Сөйтіп, базар жағалап, күнкөріс қамына кірісіп кетті. Әрине, нарықтық экономика талаптары көп нәрсені өзгертті. Ол жүйеге бейімделе алмағандар да болды. Өйткені, екінің бірі сауда-саттық жасап, кәсіпкерліктің тұтқасын ұстап кете алмасы анық. Бірақ, дегенмен, нарықтық қатынастардың бірте-бірте орнығуы еліміздегі урбанизациялық процестерге жол ашып берді. Ол жаман ба, жақсы ма, дұрыс па, бұрыс па, бір жақты жауап беру де қиын. Бір есептен, қазақтың қалалық ұлтқа айналуы керек дүние еді. Себебі «Қазақ қашанға дейін ауылда қала бермек? Қашан қалаға келіп, әлемнің өзге халықтары сияқты ортақ игіліктерді пайдаланбақ?» деген сауалдар урбанизациялық процестерді барынша ақтап шығуға негіз боларлық дүние. Сонымен қатар, қазақ тілінің ахуалы нашарлап кеткен қалалардың қазақылана бастауы, сол жерлерге тілдің қайта оралуы, салт-дәстүрлердің келуі, қазақы рухтың, ұлттық болмыс сипаттарының көбірек көрініс табуы да урбанизацияның берген пайдасы. Екіншіден, ауылдардың қаңырап қалуы, ел-жұрт қарасының сиреп қалуы да көңіл құлазытарлық жағдай еді. Біздің ауылдарға үйреніп қалған ұлттық санамыз ауылдардың қаңырап қалуын, мектептердегі балалар санының азайып кетуін, кейбір ауылдардың жабылып, аудандардың біріктірілуін тосырқай қабылдағаны рас. Өйткені, біз жастайымыздан «ауыл – қазақтың алтын бесігі» деп өскен ұрпақпыз. Қазақтың тамыры – ауылда. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген де жақсы сөздер жадымызда жатталып өстік. Олай болса, ауылды жоғалтқымыз келмей, қаланы да дамытқымыз келіп, екіұдай күй кешкеніміз рас.

Қазіргі қазақ үшін «қала» ұғымы жат емес

 Қалай болғанда да, урбанизация процесі – өмірдің шындығы. Оны жоққа шығара алмаймыз. Соңғы 20-30 жылда қазақтың санасына «қала» деген ұғым жақсы орнықты. Қазіргі қазақ үшін «қала» ұғымы соншалықты жат емес. Қала дегеннің не екенін ауылдағы сәбидің өзі білетіндей жағдайға жеттік. Қала мен ауыл арасындағы рухани алшақтық, арақашықтық жақындай түсті. Сонымен осы тұста «қала» деген сөздің, «қала» деген ұғымның мән-маңызына бір зер салып алып, әңгімемізді әрі қарай жалғастырсақ.

Орыс халқының танымал ғалымы С.Ожеговтың «Словарь русского языка» еңбегінде «қала» сөзіне мынадай анықтама берілген екен: «Город – крупный населенный пункт, административный, торговый и промышленный центр». Яғни, ірі елді мекен, әкімшілік, сауда және өндіріс орталығы. Осы анықтама көңілге қонады. Өйткені, қалада осы аталған салалардың барлығы да шоғырланған. Демек, қаланың маңыздылығы күшті. Әрине, қаланың халық санының шоғырлануына байланысты өзіндік типтері мен түрлері де болады. Оны кейде кент дейміз, шаһар дейміз.

Әлеуметтанушы А.Кравченко адамдардың қалаларға жаппай үдере көшуіне байланысты өзінің «Социо-логия» атты еңбегінде мынадай тұжырым жасапты:  «Люди со все большим желанием мигрируют из села в город – в поисках более комфортной жизни, культурного разнообразного досуга, лучших возможностей получить образование. Индустриализация требует все более и более подготовленных работников, так как сложность технологии постоянно растет. Урбанизация – расширение доли городского населения и распространение городского образа жизни на все слои населения – становится неотъемлемым спутником другого процесса – индустриализации. Урбанизация – выкачивание сельского населения и превращения его в городское, высокообразованное» дейді. Келісуге болатын тұжырым. Шын мәнінде, адамдар қалалық жерлерге көбіне-көп жайлы өмірді іздеп келеді. Балаларына сапалы білім берсек, жақсы оқу орындарында оқытсақ деп келеді. «Балаларымыз үшін қалаға көшіп келдік» деген пікірді қазақ отбасыларынан жиі естуге болады. Қазір қалада білім алатын ауыл жастары қалада қалғысы келеді. Бір жағы, оларды да түсінуге болады. Еңбек нарығында өз орындарын тапқысы келеді. Бойларындағы қабілет-дарындарын қалалық ортада шыңдағылары келеді. Қалада мүмкіндіктер мол екенін жастар да жақсы біледі. Түрлі ұсыныстар, қызығушылығына байланысты жұмыстар табылады. Бірақ ауылға барып, жұмыс жасауға ниетті мамандарды Үкіметіміз барынша қолдауы керек. «Әлеуметтік пакет», яғни, баспанамен қамтып, бірқатар жеңілдіктер жасап, тағы да басқа қажетті шараларды ұйымдастыратын болса, мәселе шешімін табар еді.

Отандық ғалым Алма Сұлтанғалиева «Город и люди» атты еңбегінде қала және урбанизация ұғымына байланысты мынадай тұжырым жасапты:«Вряд ли можно оспорить утверждение, что именно город определяет «генеральную» линию развития современности: «город в отличие от деревни представляет все общество или государство». Исторический и современный мировой опыт доказывает, что только городская цивилизация может быть конкурентной, создающей возможности для макси-мальной социальной мобильности, концентрации ресурсов и капитала. Процессы глобализации придают дополнительный стимул для ее развития, так как вовлекают города в общемировой контекст качественно новых процессов в различных областях человеческого бытия» деп жазады.

Иә, байқап отырғанымыздай, қаланың ауылға қарағанда дамудың заманауи бағытына жақындау үрдісте болатыны, сөйтіп, қала өркениеті қалыптасарына шәк келтіруге болмайды. Әлбетте, қалада жеке адамның да, қоғамның да өсіп-өркендеуіне, дамуына мүмкіндіктер қалыптасады. Қалалардың дамуы – мемлекеттің дамуына бастайды. Бұл бір-бірімен тығыз байланысты дүниелер. Алма Сұлтанғалиева қалалық өркениеттің бәсекеге қабілетті болатынын жазып отыр. Себебі ғылыми жаңалықтар қалада пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, қала прогрессивті идеялардың пайда болатын ортасы. Оның үстіне қазіргідей жаһандану заманында, компьютерлік технологиялардың өркендеген шағында қалалардың тыныс-тіршілігі, даму қарқыны жеделдеді. Мемлекеттер арасындағы барыс-келіс, еңбек нарығы, ішкі және сыртқы миграция ауқымы ұлғайды. Мұндай жағдайда ірі қалалардың тұйықталып қалуы мүмкін емес.

«Миллиондық қалалар»

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2018 жылы әлем бойынша қалада өмір сүретін адамның саны 4,2 миллиардқа жетіпті. Бұл жалпы әлем халқының 55 пайызы. Өткен ғасырдың орта шенінде бұл көрсеткіш 750 миллион адам болса, ауыл тұрғындары 1785 миллион адамды құраған. Яғни, әлем халқының саны негізінен ауылдарда шоғырланып, 70 пайыз көлемінде болған. Қалалардың көбеюі ХІХ ғасырдағы өндірістік революциямен тығыз байланысты. Мәселен, ХІХ ғасырда темір жол көлігінің дамуына орай Еуропа мен АҚШ-тағы ірі қалалардың жанынан сәулетті қалашықтар бой көтерген. Онда ең дәулетті адамдар тұра бастаған. ХХ ғасырда көптеген дамыған мемлекеттер өздерінің жоғары урбанизациясымен ерекшеленген. Дамыған елдерде Мехико, Буэнос-Айрес, Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Калькутта, Мумбай және т.б. миллионнан астам тұрғындары бар агломерациялар қалыптаса бастады. Агломерация дегеніміз елді мекендер пункттерінің жинақтала шоғырлануы, көліктік, өндірістік, мәдени байланыстары арқылы көпкомпонентті динамикалық жүйеге айналуы. Әрине, ауылдық тұрғындардың қалаларға ағылуы жұмыс күшіне деген қалыпты сұраныстан асып кетеді, сондай-ақ жұмыссыздарды, жартылай жұмыссыз адамдардың санын көбейтеді. Біздің елімізде ірі қалалар әзірге Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент  болып отыр. Бұл қалалардың маңынан да агломерация дерліктей жағдайлар орнығуда. Себебі қалалардың аумағы, шекарасы үлкейіп, бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетуде. Ірі қалалардың маңына көшіп келіп жатқан халық жер алып, баспана салады. Баспаналар қатары көбейген соң ол жерлерге әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша тұрғызу қажеттігі туындайды. Жергілікті билік бұл мәселеге көңіл бөліп, халықтың талап-тілегін ескеріп, ауыз су тартады, газ тартады, мектеп, балабақша, емханалар салып береді. Міне, бұл біздегі қала аумағы кеңеюінің өзіндік бір үлгісі. Осылайша қалаға кіріккен жаңа аудандар пайда болады. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының қатарына алдағы уақытта Ақтөбе, Қарағанды қалалары да қосылуы мүмкін деген болжам бар. Себебі мұнда да тұрғындар саны жыл санап өсіп келеді. Урбанизация тілінде мұны «миллиондық қалалар» деп атайды. Яғни, тұрғындар саны миллионнан асып жығылған қалалар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен қалаларды дамытуға байланысты айтқан бір сөзінде халық миграциясын табиғи процесс ретінде бағалаған еді. «Мен білемін, көпшілігі түсінбейді, неліктен бәрі үлкен қалаларға үйір болады, проблема туындатады деп. Париж де кезінде солай дамыған. Кішкентай қала болды, одан кейін барлық аймақтардан келе бастады, билік тұрғын үй кварталдарын сала бастады, осылайша қала да өсті. Ол жерде үздік оқу орындар, озық мектептер, үздік мейрамханалар. Олардың бәрі де сапалы. Мұндай қалаларға адамның тартылуы табиғи нәрсе. Бұл урбанизацияны ешкім тоқтата алмайды. Сондықтан, урбанизацияны басқару керек» деді Елбасы.

Соңғы жылдары урбанизацияның жанама әсерлері жайында да көп айтыла бастады. Мұны Батыстың және Ресейдің ғалымдары «патология урбанизации» деп атап, жаңа ғылыми бағытты зерттей бастады. «Патология урбанизации» ұғымы көбіне-көп қалаларда пайда болған экология мәселелерімен байланысты. Соның бірі–адам өміріне аса қажетті күн сәулесінің ірі қалаларда қажетті көлемде тарай алмауы. Өндірісті қалаларда шаң-тозаң, ауаның шамадан тыс газдануы көп болатыны белгілі. Осындай мәселеден күн сәулесінің тиісті нормасы ауылдық жермен салыстырғанда 15-20 пайызға азаяды екен. Сонымен қатар биологиялық ультрафиолетті сәулелердің дұрыс таралмауына салынып жатқан үйлердің шамадан тыс тығыздығы, кварталдар құрылысының дұрыс жоспарланбауы, көшелердің ретсіз орналасуы да әсер етеді екен. Биіктігі аспанмен таласқан үйлер де күн сәулесінің таралуын бөгейтін көрінеді.

«Урбанизация патологиясының» тағы бір мәселесі – ауа тазалығы болып отыр. Ғалымдардың айтуынша, қала ауасында адам ағзасына теріс әсер ететін агрессивті иістер көп болады екен. Ауаға таралатын заттар адамдардың жүйке жүйесіне, денсаулығына кері әсерін тигізеді. Қалада тұратын балалардың денсаулығында ауруға қарсы иммунитет әлсіреп, инфекциялық сырқаттарға бейімділік байқалады екен. Мұндай жерлерде балалар ауруы қалыпты жағдайдан 2-2,5 есе жиі кездеседі.

Сонымен қатар қалалық жерлердегі дыбыстық шулардың да жанама әсерлері бар көрінеді. Ондай шулардың басым көпшілігі автокөліктерден келеді (80 пайыз). Мұндай автокөлік шулары адам ағзасын тез шаршатып, жүйке-жүйесіне әсер етіп, жалпы әлсіреуге, бас айналуға, ұйқының бұзылуына, жадының нашарлауына әкеліп соғады екен. Мамандар адамдардың қартаюына себепші болатын факторлардың 30 пайызы қалалық шу екенін анықтаған. Ол адам өмірініің 7-12 жылын кемітеді екен.

Сарапшылар урбанизацияның демографияны, халықтың өсімін төмендететін факторларын атап айтуда. Қалалық өмірдің стрестік жағдайлары адамның ішімдікті көбірек қабылдауына әкеліп, тиісінше өлім көрсеткішінің көбеюіне соқтырады екен. Қала әйелдеріндегі жүктілік процестерінің ауырлығы да 2 есе жиі болатыны айтылуда. Қалалық әйелдердің 45 пайызы жүктілік кезіндегі стрестерге көбірек душар болады екен. Балалардың туа бітті ауру түрлері ірі индустриалды қалаларда байқалады екен. Жаңа туған 10000 сәбидің 108-152-сінде осындай факторлар анықталған екен. Ауылдарда мұндай көрсеткіш 35-54 баланы құрайды. Бұлардан бөлек, қалалық отбасылардың бала санын шектеулері, 2 немесе 3 баладан аспайтын отбасылардың көбеюі, үйленбей жүрген жігіттер мен тұрмысқа шықпай жүрген қыздардың көбеюі, азаматтық некелердің өмірдің қалыпты жағдайына айнала бастауы сынды мәселелер де қаладағы демографиялық өсімнің төмендеуіне себеп болып отыр.

Қала деп жүріп,ауылды ұмытпайық

Осындайда атақты демограф Мақаш Тәтімовтің: «Урбанизация, қалаларға шоғырлану бүгінгі жаһандық үрдіс болса, біздің қазақ соның дәл бел ортасына енді ғана жетті. Бұл процесті нарық пен егемендік жылдамдата түсті. Бірақ та қалаға бәріміз келеміз деп жүріп, даламызды жүдетіп алмайық. Ауылда халқымыздың кемінде 25-33 пайызы қалуы керек. Қаласыз егемендігіміз баянды болмайды, өркениеттің қайнар ошағы қалада. Қалада ауылға қарағанда ана тілдік ортаның «сұйық» болуына байланысты тіл жоғалту үрдісі екі есе, кей жерлерде тіпті үш есе жылдам жүріп отырған» деген сөзі ойға оралады.

Мақаш ағамыздың «Ауылда халқымыздың кемінде 25-33 пайызы қалуы керек» деген пікірі дұрыс. Өкінішке қарай, кезінде ауылдардың жағдайына жеткілікті түрде көңіл бөлінбей қалды. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани ахуалы қиындап кетті. Кешегі колхоз-совхоздардың заманында дүрілдеп, шаруашылығы өрге озып тұрған ауылдар, шын мәнінде, барынан айырылды. Мал-мүлік жұтады, техника тозды дегендей. Қазақ ауылдарына жаңа өзгерген заманға бейімделу керек болды. Үкіметтің алдында да осы міндеттер тұрды. Ауылдарды қайтсек жаңғыртамыз? Халық саны тым азайып кеткен ауылдарға «болашағы жоқ ауылдар» деген айдар тағылды. Бірақ «болашағы жоқ» деп түбегейлі шешім шығаруға да болмас. Қалай болғанда да мемлекеттік бағдарламаларды іске қосу арқылы ондай ауылдарға, елді-мекендерге жұртты қоныстандыруды ойластырған абзал. Себебі жылдар бойы адамдар өмір сүрген жер «тіршілікке қолайлы» дегенді білдірмей ме? Ел Президенті өз Жолдауында ауыл мен қаланы дамытудың тиімді жолы ретінде – шағын және орта бизнесті дамыту мәселесін айтқан болатын. Кілтін таба білген адамға ауылдарда шағын және орта бизнесті дамытуға әбден болады. Себебі ауылда потенциал бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етіп, «Бұл ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан, мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тікелей байланысты. Бірақ, жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ. Осыған орай, Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын» деген еді.

Ауыл халқын да көбірек қинайтын мәселе – жұмыссыздық екені белгілі. Екі қолға бір күрек таппаған адам қалаға барып, нәпақасын айырмағанда қайтпек? Амалсыздан қалаға барады. Жалданып жұмыс істесе де, аз-маз тиын табарына сенеді. Осы сенім көпшілікті қалаға жетелейді. Президент айтқандай, жергілікті жердегі әкімдер жұмысты дұрыс ұйымдастыра білсе, ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік мол ғой. Ауыл халқы еңбекқор. Қай істі болсын дөңгелентіп алып кетуге даяр. Мәселен, ауыл шаруашылығы – кәсіптің сұранысқа ие түрі. Қала тұрғындары ауылдан шыққан табиғи өнімдерді іздеп жүріп алады. Неге, өйткені, олар экологиялық таза. Химиялық қоспасы жоқ. Міне, сондықтан да бағалы. Осы орайда Мемлекет басшысының Жолдауында ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз екені, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны тайға таңба басқандай жазылған. Жолдауды оқиықшы:

Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.  Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек.  Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек. Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес. Біз Елбасының «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет. Өңірлік стандарттар әзірленді. Енді оларды үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылдық елді мекендерге енгізу қажет. Үкіметке «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл қаражат көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады. Қаржының жұмсалуы барлық мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында болуы тиіс» деп жазылған. Мемлекет тарапынан ауылға керемет мүмкіндіктер қарастырылып отырғанына қарап көңілің тояды.

Жазушы Ақселеу Сейдімбектің: «Қазақ халқының жүрегі қалада емес, далада соғып тұр. Ауыл болғанда, кез келген ауыл емес, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауылдар ұлттың өмірін ұзартар жүректің міндетін атқарып тұрған сияқты. Мұндай ауылдар ұлттық болмыстың генофонды болып келеді. Халықтың өзекті ой-аңсарлары, адамдардың бір-бірімен қатынас нормалары, тағдыр-тіршілігі тек қана өз болмысына, өзінің тарихи тек-тамырына табан тірегенде ғана алдағы өмірге үмітпен қарауға болады. Тарихи-табиғи ортаның перзенті болып табылатын ұлт ешуақытта сырттан таңылған үлгі-тәртіп бойынша өмір сүре алмайды. Егер, сырттың үлгі-тәртібі күшпен таңылса, онда ұлттың өмірі басқа сапаға ауысады. Мұның өзі, түптеп келгенде, тұтас бір тарихи-этникалық құбылыстың жойылуымен пара-пар нәубет» деген ой-пікірі бізді ауыл тақырыбына, яғни, ауылдарды сақтап қалу мәселесіне тағы бір назар аудартуға бастай берді.

Ауылда ең алдымен тіл сақталады. Дәстүр-салт ұмытылмайды. Қазақтың болмысы, дархандығы, кеңдігі, бауырмалдығы, ұлттық менталитеті сақталады. Ауыл жағдайында қазақтың дәстүрлі, төл мәдениетін дамытуға толық мүмкіндіктер бар. Қолынан іс келетін азаматтар бұл мәселеге қазіргі таңда жақсы мән беріп отырғаны да қуантады. Мәселен, ұлттық спорт ойындарын жаңғыртып жатыр. Киіз басу, сырмақ сыру тәрізді қолөнер түрлерін дамытуға да назар аударылуда. Заман ағымы ауылдың өзін басқаша деңгейге шығара бастады. Ауылға интернет барды. Инфрақұрылым жасақталды. Асфальтталған жолдар төселді. Еңселі ғимараттар, мәдениет үйлері, мектептер тұрғызылды. Әр үйге ауыз су тартылды. Барлық ауылдар мұндай игіліктерге қол жеткізе қоймаған шығар, бірақ Үкіметтің қолға алған бағдарламалары қайткен күнде барлық ауылдарды қамтуға бағытталып отырғаны белгілі. Демек, ауылдарды дамытуға деген жақсы ниет бар. Ауыл өмірі мен тіршілігі қалалық стандарттарға жақындап бара жатқаны байқалады. Қазақ ауылы заманауи сипатқа ие бола бастады. Болашақта ауылдар Батыстың кинофильмдерінде көріп жүргеніміздей ранчолар іспетті болып кетсе, таңқалмайтын шығармыз. Осылайша ауыл мен қала өмірі арасындағы көзге көрінбес шекаралар жойылып келеді. Ауылдың бақуатты адамдары шетелдің қымбат маркалы көліктерімен жүруге шамасы толық жетеді. Зәулім үйлерде тұрады. Материалдық тұрғыдан алғанда олардың өмір сүру деңгейлері қалалық адамдармен де бәсекелесе алатындай жағдайда. Міне, бұл да бұрын-соңды болмаған әлеуметтік жағдай. Бай болу үшін міндетті түрде қалада тұруың керек, қалада жұмыс істеуің керек деген түсініктер жоққа шығарыла бастады. Айналып келгенде барлығы адамның өз қарекетіне, тіршілік ете білуіне байланысты екен. Қалай дегенімізбен, нарықтық қатынастар заманында өмірге келген кейінгі буын бұрыннан қалыптасып қалған түсініктерге өзгерістер ендірді. Олар жаңа заман талаптарына икемді, табыс табудың көзін біледі, прагматикалық тұрғыдан ойлана алады, тез шешім қабылдайды, кәсібінің тасы қай жерде өрге домаласа сол жерде жүре береді. Тәуекелшіл, стратегиялық жоспар құра алады және сол жоспарға жетудің амалын да біледі. Әрбір нәрсенің пайдалы тұстарын көре біледі. Қаржылық сауаттылыққа ие. Капиталдың не екенінен жан-жақты хабардар. Мұндай адамдар үшін қала не, ауыл не, айырмашылығы көп бола бермейді. Себебі кәсібінің дамуына қолайлы жағдай іздейді.

Қала қазақты шыңдайды

Осы тұста мына бір мәселеге назар аударайық. Қала ең алдымен ұшы-қиыры жоқ дала емес. Қала ең алдымен тәртіп пен заң. Қаптаған ереже. «Москва слезам не верит» дегендей, қала адамның көз жасына сенбейді. Тек мүсіркейді. Онда да бар кінәні жолы болмай жүрген адамның өзіне артып қоя салады. Қаланың тіршілігіне, тасқындаған өміріне тез арада бейімделіп кету де оңай емес. Етек-жеңі кең, жүріс-тұрысы еркіндеу қалыптасып, қалаға көшіп келген ауыл қазағы үшін бұл әжептәуір сынақ. Мықтылығың, қабілет-қарымың, дарының, күллі адами-азаматтық болмысың, жаратылысың сыналатын, сынға түсетін жер осы. Ерік-жігерің, қайратың мен намысың атой салып тұрмаса, әлсіз адам қаланың сынына, рухани-моральдық азабына оп-оңай дес беріп қоюы мүмкін. Әйтеуір, қаланың өз болмысы, қазандай қайнаған өмірі бұл жерге алғаш рет қадам басқан пендеге ештеңе жеңіл тимейтінін бірден-ақ сездіреді, сезіндіреді. Қаланың өз тұрғындары, байырғы халқы да тәрбие-тезге салады. Қалада психологиялық дағдарысқа ұшырайтындар да көп болады. Көздеген жұмысын таба алмайды, күн көрісі қиындайды, қарызданып-қауғаланып ғұмыр кешеді. Бірді бірге жеткізе алмай, әлеуметтік қиындықтарға душар болады. Жалдамалы пәтердің ақшасын төлеу керек, бала-шағаны асырау керек дегендей міндеттер тағы бар. Қайткен күнде намысқа тырысып, табандылық танытады. Осы тұрғыдан келгенде қала қазақты шыңдайды. Көп қиындықтарды көре жүріп, оларды еңсеруді, жеңіп шығуды мақсат етеді және сол мақсатына жетеді. Абай атамыз айтқандай, еңбек еткенге қара жер де береді, құр тастамайды. Қаладағы тіршіліктің көзі – еңбек, тек қана еңбек екенін ұғынады. Өйткені, ауылдағыдай қораңда малың жоқ, аулаңда өсіп-тұрған бау-бақшаң жоқ. «Көппен көрген ұлы той» дейтіндей, қаумалаған ағайын да қаладан табыла бермейді.

Иә, алдынан шыққан қиындықтарды жеңу, еңсеру біреудің қолынан келер, біреудің қолынан келмес. Өйткені, дүниетанымы, парасат-пайымы, мәдениеті, өмірге деген көзқарастары ауылда қалыптасқан қазақ үшін қаланың өміріне бейімделіп кету оңайға соқпайды. Бірақ бәрібір де бейімделуге тура келеді. Өзі үшін жаңалық болып табылатын нәрселерді үйрену керек. Ауылдағы өмір мен қаладағы өмірдің арасын, айырмашылығын ой елегінен өткізе отырып, қалалық өмірге жарамайтын қасиеттерінен тезірек арылуға тырысады. Арқаны кеңге салып жүру, бүгінгі істі ертеңге қалдыру, еріншектікке салыну, бойкүйездікке түсудің орнын өз-өзін жігерлендіру, белді бекем буып қайраттану, уақытты тиімді пайдаланып еңбек ету, маңдай теріңді төгіп жұмыс жасау, өз-өзіңді тәртіпке салу, режиммен жүру, араласатын ортаңды табу, мұраттас-мақсаттас адамдармен дос болу тәрізді қалалық стандарттарға, мәдениеттерге жақындау үрдіс-салттар алмастыра бастайды. Олай болуы да заңдылық. Қалада он жыл өмір сүрген адам өзінің сол он жылғы бұрынғы уақыттан әлдеқайда басқа адамға айналғанын, ішкі-сыртқы дүниесі өзгергенін аңғарады. Енді оның кісілік болмысына «қалалық» деген тіркес жалғанып айтылатын болады.

Қалалық адам: ол қандай, нені армандайды? Неге ұмтылып, талап-танады? Қазіргі замандық өлшеммен қарасақ, қалалық өмірде капиталистік қоғамның нышандары көбірек бай-қалады. Біз нарықтық экономикаға көшкеннен кейін капиталистік қоғамның заңдылықтарымен өмір сүре бастадық. Капиталистік қоғамның белгілері мен нышандарына тоқталар болсақ, ол келесідей: еркін кәсіпкерлік, нарықтың талаптарына бейімделу, табыс көлемін ұлғайту, пайдаға кенелу, экономиканың негізі – тауар өндірісі мен қызмет көрсету, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықтың арта түсуі, несиелік міндеттемелер және т.б. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда осы айтылған факторлардың барлығы да көрініс тауып отыр. Яғни, капиталистік қоғамның басты қағидалары – табыс табуға, бақуатты болуға, дәулетті адам атануға негізделген. Таза экономикалық жүйелерді алға шығарып, адамның психологиясын, жан-дүниесін де солай қарай өзгерте бастайтын күш. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі таңда байлықты, бай болуды ойламайтын адам бар ма? Бірен-саран кездесетін шығар, бірақ жаппай бұқара түсінік: бай болуды, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын дұрыстауды, шалқып өмір сүруді бәрібір де ойлайды. Соған талпынады, соған жұмыс істейді. Бірте-бірте ол өмірінің мәніне де айналып кетуі ғажап емес. Өзіміз жиі айтатын «қанағатшылдық», «ынсаптылық», «шүкіршілдік» капиталистік қоғамның көзқарасындағы адам үшін күлкілі болып көрінуі де мүмкін. Яғни, құндылықтардың алмасып, бұрынғы социалистік қоғам санамызға сіңдіріп тастаған ұғым-түсініктердің өзгеріп келе жатқан дәуіріне аяқ бастық. Қарапайым ауыл адамдарының қалалықтарға беретін бағасына зер салсақ, «қалалықтар – туысшыл емес, ағайыншылықтан алыстап кеткендер, салт-дәстүрін, тілін, дінін ардақ тұта бермейтіндер, бойларында жанашырлық жоқ, бір-бірін іздеу жоқ» дегендей орайда болып келеді. Қала деген «алып диірмен» ауыл адамы үшін өте бағалы саналатын құндылықтарды жоқ қылып жіберетінін де ескеруіміз керек.

Орыс тілінде мұны «переоценка ценностей» деп айтады. Яғни, өз бойыңда қалыптасқан бұрынғы құндылықтарды ой-елегінен қайтадан өткізу, сараптау, анализ жасау, жарамдысын алып, жарамсызын ысырып тастау. Қалалық құндылықтарды бойға сіңіру арқылы адам өзгере бастайды. Бұл да  табиғи заңдылық. Орыстың жазушысы Лев Толстой айтқандай: «Человек может привыкнуть к самой плохой жизни, в особенности если он видит, что все окружающие его живут так же». Адам баласы өзі түскен ортаға, жағдайға бой ұсынады. Қала өмірі оның алдына белгілі бір стандарттар жүйесін ұсынады. Оған көндікпесең, сол стандарттармен жүріп-тұрмасаң тағы болмайды.

Қала қазаққа не берді дейтін мәселеге келетін болсақ, қала қазақты бәсекелестікке үйретті. Қаладағы қазақ білім жағынан, қабілет жағынан, тәртіп пен мәдениет жағынан бәсекелестікке түсті. Бос жүріс жарамайтынын, нақты бір кәсіптің, мамандықтың тұтқасын ұстау керектігін, сөйтіп өз нәпақасын табу қажеттігін ұғынды. Тек өзіңе, өз күшіңе сенуді үйренді. Себебі қала адамға көп үміт бермейді. Барлығы адамның өзіне байланысты, бәрі адамның өз қолында деген «көзге көрінбейтін установканы» жүрегіне, санасына ұялатады. Қалада ұлттық тәрбие, ұлттық тіл, салт-дәстүр толыққанды өрістеп, дамиды деп айту қиын. Өйткені, қаланың философиясы басқа, бөлек. Өзіндік мәдениеті бар. Ол мәдениет ұлттық мәдениетпен сәйкес келе бермейді. Бір сөзбен айтқанда, қала әлемде болып жатқан өзгерістерге тез үн қатады. Сырттан келіп жатқан дүниелерді тез қабылдайды, бірден сіңіріп алады. Шынтуайтына келгенде, қала қазақтың болмысын, дүниетанымын, салт-санасын түбегейлі болмаса да, әжептәуір өзгеріске түсіреді. Кейбіреулер ана тілін ұмыта бастайды. Ауылдағыдай жатық сөйлеу машығынан бірте-бірте айырылады. Тіл ұмытыла бастаған соң ата-бабадан қан арқылы, тек арқылы берілетін ұлттық кодпен байланыс үзіледі, тоқтайды. Араға көзге көрінбес сына қағылады. Қала қазақтың менталитетін де өзгертеді. Қала қазағы бауырмалдықтан, кеңпейілдіктен, ашық-жарқын мінезден алыстайды. Себебі қаланың болмысы адамның қайтсе де өзгеріске түсіре алатын құдіретке, күшке ие.

Осы жолдардың авторы жетінші сыныптан кейін қалаға отбасымен көшіп келді. Оған дейін қалаға жай ғана келіп-кетіп жүргеніміз болмаса, тұрғыны боламыз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген жағдай еді. Ауылдан алдымен әкеміздің досы Қайыргелді Тоқтамысов дейтін азамат, өзі журналист, өзі аудармашы, өз ісінің мықты маманы отбасымен көшті. Қаладан пәтер алды. Жұмысқа тұрды. Ол кезде ауыл өмірінің қожырап, сән-салтанаты кете бастаған тұс. Бір жылдан кейін келіп, әкемді үгіттеді. Қаланың артықшылықтарын айтып, ел қатарлы күн көруге болатынын нақты фактілерді алға тарта отырып, дәлелдеді. Әкеміз жан досының сөзіне иланып, біз де қалаға көшіп келдік. Сөйтіп, қалалық болып шыға келдік. Қалалық өмірге бірден үйренісіп кету оңайға соқпады. Өйткені, сана-сезім, жүріс-тұрыс, мінез, болмысымыз әлі де ауылдық өмірден алыстай қоймаған. Қала мектебіне оқуға келдік. Қаланың балалары да басқаша болады екен. Қазақ мектебі болса да бәрі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Ауыл балаларындай аңқау емес. Қысқасы, ашықауыздар жоқ. Барлығының өз есебі бар. Қалалық адамдарға сай ойлайды, кез келген дүниеден «маған қандай пайда бар?» дегендей ұстанымдар байқалып қалады. Әйтеуір, сөйтіп жүріп қалалық өмірге бейімделу кезеңдерін бір кісідей басымыздан өткердік. Қала бізді ширатты, шыңдады. Мақсаткерлікке үйретті. Әрбір істі бүге-шігесіне дейін жоспарлап алуды санамызға сіңірді. Еріксіз үнемшіл бола бастадық. Ақшаны босқа шашудың жөні жоқ екенін білдік. Себебі қаладағы ең бағалы заттың бірі – ақша екенін байқадық. Алданған кезіміз де болды. Оның өзінде бойымыздағы ауылдық аңғалдықтан, аңқаулықтан. Қала бізді сақ жүруге тәрбиеледі. Адамдардың да түрлі-түрлі болатынын көрсетті. Қала өмірі қатыгездеу, ешкімді аямайтынын ұқтық. Өзіңе, өз күшіңе ғана сену керектігін сезіндірді. Бір қалыпқа түсірді. Белгілі бір шеңбер аясында жүріп-тұруың керек. Тәртіп, ереже сақтауың керек. Оны бұзған адам сынға ұшырайтынын, жазасын алатынын аңғартады. Қалалықтар ауылдан келгендерді тәрбиелегіш келеді. «Өйтпе, сөйтпе, бүйтуге болмайды, сөйтуге болмайды» деген шектеулерді қоғам өзі қоя бастайды. Соның бәріне ауылдан келгендер бой ұсынады. Қысқасы, ауыл мен қала өмірін басымыздан кешкен соң әрі өз тәжірибеміз ретінде айта отырғанды жөн көрдік…

 Қалалық ұлтқа айналдық па?

Тақырыбымызды әрі қарай сабақтайық. Қазақ қалалық ұлтқа айналды ма? Иә, біз белгілі дәрежеде қалалық ұлтқа айналдық деп толық сеніммен айтуға болады.Өйткені, қалада өсіп-жетілген, ұрпақ өрбіткен бірнеше буын қалыптасып үлгерді. Тарихи тұрғыдан қарағанда қала ұғымы қазақтар үшін соншалықты жат дүние емес еді. Өйткені, ұлы дала төсінде орын тепкен тарихи қалалар заманында болды. Өркен жайды. Өнер мен білім, ғылым, мәдениет ошақтарына айналды. Одан бері талай заман өтті. Көшпенділер дәуірін де бастан кешіп, Кеңестік замандағы отырықшыландыру науқанын да халқымыз көрді. Кеңес Одағы тұсында өндірістік аймақтардың дамуымен қалалар мен кенттер салына бастады. Қазақстандағы жаңа замандағы қалалардың пайда болуы негізінен өндіріс ошақтарының, зауыт-фабрикалардың салынуымен тығыз байланысты. Бірақ көп уақытқа дейін ауылда қоныстанып қалған қазақтар қалаларға келе алмады. Себебі түрлі кедергілер алдынан шықты: жоғары немесе арнаулы білім керек, мамандық керек, кәсіптің иесі болуың керек, т.т. Қала өскен мәдениеттің, өркен жайған өркениеттің бесігіндей қабылдана бастады. Бірақ ол шын мәнінде солай еді. Қалада, әсіресе Алматы сияқты үлкен қалаларда ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің дамуына жағдай жасалды. Университеттер, педагогикалық институттар, кітапханалар мен музейлер, мәдениет сарайлары тұрғызылды. Қалалық мәдениеттің қалыптасуы сол замандағы түсірілген кинолар, жазылған әдеби туындылар арқылы көрініс тапты. Сонымен қатар қалалық мәдениеттің мықтап орнығуы ауылға деген көзқарасты өзгерте бастады. Өкінішке қарай, өзгерген көзқарастың нәтижесінде, ауыл – ұлттық тіліміздің, ұлттық тәрбие мектебінің, ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің ошағы деп есептелуден қала бастады. Санамызға «қалалықтар» және «ауылдықтар» деген бөлініс орнықты. Қалалықтар – мәдениеттірек, зиялырақ, оқыған-тоқыған, заманауи өмірдің барлық жаңалықтарынан хабардар қауым ретінде әспеттелсе, ауылдықтар – «қойын құрттап, малтасын ұрттап», әлі де со баяғы ескіліктің, архаикалық тұрмыс-салттың шеңберінде қалып қойған қауым ретінде қабылданды. Ауыл халқы да қаланың өміріне қарап қызыға бастады. Суың үйге келіп тұр, құдықтан су тасып әуре болмайсың. Жылуың үйге келіп тұр – отын жинап, пеш жағып әуре болмайсың. Мал бағу, оларға жем-шөп дайындау машақаты жоқ. Яғни, қала тұрмысы ауылға қарағанда жеңілдеу, оңайырақ сияқты көрінді. Бұл белгілі бір дәрежеде солай. Бірақ ауылдағы ауыр еңбек, таңның атысынан, кештің батысына дейінгі тынымсыз тіршілікті қаладағы өмірмен салыстыруға келмейді…

Иә, сонымен қалалардың тұрғындар саны артып келеді. Яғни, адамдар қалалық өмірді, сол ортаны саналы түрде таңдап, ұрпақтарының келешегін қалалармен байланыстыруда. Демек, бұл қала басшыларының алдына жаңа міндеттерді қояды. Ол ең алдымен жыл сайын көбейіп келе жатқан тұрғындарға жұмыс орындарын тауып беру, кәсіппен айналысатын азаматтарға қолайлы жағдай туғызу, инфрақұрылымды дамыту, балабақшалар мен мектептерді көбірек салу, қаланы өмір сүруге ыңғайлы ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында урбанизация мәселесіне ерекше тоқталғанын айта кеткеніміз жөн. Мемлекет басшысы урбанизацияға байланысты көп түйткілдерді ортаға салып, олардың шешілу жолдарын «Басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты» бөлімінде былай деп атап көрсетті:

«Бұған дейін қабылданған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдар өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ, бүгінде бұл заңдарды жетілдіру қажет. Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзыретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек. Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отыр. Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар, жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар. Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс. Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын. Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру» деді. Байқасаңыз, Президент республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес екенін, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отырғанын тілге тиек етті. Жасыратыны жоқ, біздің елімізде көші-қон үдерісін басқару тетігі толыққанды жүзеге аспай келді. Сондықтан, Мемлекет басшысы көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шараларды қабылдауды Үкіметке тапсырғаны жайдан-жай емес. Халық үлкен қалаларға көшіп келе берді. Көшіп барғанда жұмыс бар ма, баспана бар ма, күн көріс қамы қалай болады? Бұл мәселелерге көп адам оншалықты бас ауыртпағаны рас. «Бара көреміз» деген қазақи психология белең алды. Соның салдарынан, үлкен қалаларға көшіп барғандардың алдынан «жұмыссыздық», «баспанасыздық» деген әлеуметтік мәселелер туындады. Себебі халық саны көп жерде жұмыс табу қиынның қиыны. Өйткені, бәсекелестік орта көп.

Қазақтардың урбанизациялық үдерісін зерттеген ғалым Н.Сұлтанмұратов бұл мәселеге байланысты мынадай орынды пікір білдіреді: «Вопрос обустройства приезжих казахов в городском пространстве остается открытым. Свойственная новоявленным горожанам невысокая квалификация, следовательно, низкое экономическое положение усложняет их экономическую адаптацию. Трудно ожидать моментального решения всех острых задач в этой сфере. Объективно, в нынешних условиях государство не в состоянии обеспечить столь внушительный контингент приезжих людей работой и жилищем. В целом общая численность и удельный вес казахов в городах будут расти и в дальнейшем. Это усилит модернизацию всего казахского социума, что сделает нацию более конкурентноспособной в глобальном смысле. В то же время трудно обойтись без некоторых издержек. Например, в соответствии с городским образом жизни в казахских семьях будет снижаться уровень рождаемости. Учитывая проблему малонаселенности Казахстана, подобный сценарий не отвечает стратегическим интересам государства в сфере демографии». Зерттеуші сөзінің жаны бар, ауылдан көшіп келгендердің еңбек нарығындағы біліктілігі қалалық талаптарға жауап бере бермейтіні рас. Өйткені, қаладағы деңгей бөлектеу. Еңбек нарығы да басқаша. Екеуін салыстыруға да келмейді. Әрине, ауылдықтардың қалаға бейімделуіне біршама уақыт қажет. Бейімделіп алғаннан кейін бәрі өз ретімен жүре береді.

Жалпы, елімізде соңғы жылдары ірі қалаларға көшіп бару үрдісі айтарлықтай қарқын алды. Ал есесіне өңірлерде жұмыс қолы тапшы. Мамандар жетіспей жатыр. Бұл да еліміздің ішкі көші-қон мәселесінде туындап отырған қарама-қайшылықтар деп тұжырымдауымызға болады. Президенттің: «Жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар» деп айтуы бекер емес. Үкімет тарапынан ірі қалаларда жұмыс көзін таба алмай жүрген азаматтарды өңірлерге тарту механизмдері жасалса, бұл мәселе өзінен-өзі шешілер еді. Мәселен, «Серпін» бағдарламасы бойынша халқы тығыз орналасқан, жұмыс таба алмай отырған Түркістан облысының тұрғындарын Солтүстік аймақтарға көшіру науқаны жүзеге аса бастағаны сол еді, көптеген отбасылар осы бастамаға үн қатты. Ел азаматтары «Қазақстан бәріміздің ортақ жеріміз, оның кез келген жері біз үшін жат емес» деген түсінікке келуі керек. Өйткені, қазіргі заман жайлы мекен іздейтін заман емес, жұмыс қайда бар, қай жерде еңбек етіп, отбасыңды, бала-шағаңды асырауға болады, соған ерекше мән беретін заман. Мамандығың бойынша өз өңіріңде жұмыс болмағанымен, келесі өңірде бұл мамандық бойынша көптеген вакансиялар шығуы мүмкін. Осылайша еңбек нарығын да реттеуге мүмкіндік туады.

Жалпы, қалалардың маңыздылығына, ондағы еңбек нарығының қалыптасуына, адамдардың тұрмыс-тіршілігін өрбітуге байланысты айтар мәселелер аз емес, әрине. Бірқатарына осы мақаламызда тоқталдық. Кеңес Одағы заманында біздің елдегі қалалар Орталықтың нұқсауымен, жоспарлауымен салынатын еді. Ал Тәуелсіз Қазақстан жағдайында біздің астанамызды салдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен және қажыр-қайратының арқасында Сарыарқа төрінен астанамыз бой көтерді. Бұл қала халқымыздың мақтанышына айналды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы деп аталады. Тәуелсіз Қазақстан дербес шешімімен, өз күшімен, ынта-жігерімен кереметтей қала тұрғыза білді. Бұл – тарихи жағдай. Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің еңсе тіктеуіне, аймақтардың серпін алуына да түрткі болды. Солтүстігіміз қазақылана бастады. Демографиялық реңк өзгерді. Көріп тұрғанымыздай, бір қаланың салынуы қаншама жақсы өзгерістерге негіз болды. Болашақта еліміздің аумағында басқа да жаңа қалалар салынуы мүмкін бе деген ой толғандырмай қоймайды. Неге болмасын? Салыстырмалы түрде қарасақ, кең байтақ жерімізде қалалар соншалықты көп те емес. Мәселен, аумағы әжептәуір Павлодар облысының өзінде Павлодар (облыс орталығы) және екі шағын қала – Ақсу мен Екібастұз қалалары ғана бар. Шығыста – Семей, Өскемен, шағын қалалар – Аягөз, Зайсан, Риддер қалалары бар. Қарағанды облысында Қарағанды (облыс орталығы),Теміртау, Жезқазған, Балқаш бар. Көп те емес, аз да емес. Әрине, жаңа қалалар бой көтеру үшін халық санының өсімі керек, әлеуметтік-экономикалық негіздемелер, өндірістік алғышарттар керек. Қазіргі таңда еліміз үшін мұндай қажеттілік жоқ шығар, бірақ, амандық болса, алдағы ғасырларда, яғни перспективада Қазақстан аумағында жаңа әрі сәулетті қалалар бой көтерсе, одан республикамыздың қуаты артпаса, кеми түспесі анық. Бүгінгі шынайы жағдай тұрғысынан қарасақ, еліміздегі қалалар іріленіп, өз маңында қалың халықты топтастыра беретіні сөзсіз.

P.S.Сонымен, тоқсан ауыздың тобықтай түйінін тарқатар болсақ, қала – өмірдің, тіршіліктің қажеттілігінен туындайтын индустриалды орта, экономикалық маңызға ие болатын аймақ. Қала – ғылым мен білімнің, медицинаның, мәдениет мен өнердің дамитын, гүлденетін ортасы. Қала – ұлттық сана-сезімімізді жаңаша тәрбиелеуге, өркениетке қадам бастыратын жер. Қала – ұлтымызды ұлт ретінде сезіндіретін, сонымен қатар бәсекелестік ортаға түсіріп, шыңдайтын да жер. Қалалық ұлтқа айналамыз десек, біз қалалық мәдениетке сай болуымыз керек. Сөзіміз, ісіміз, жүріс-тұрысымыз, өмір сүру машығымыз, адами-азаматтық қалыбымыз, болмысымыз, мінезіміз, ақыл-парасатымыз, білім-білігіміз қала адамына қойылатын талап үдесінен шыға білуі керек. Қала адамы өзгелер үлгі етерліктей мәдениетімен ерекшеленіп тұруы тиіс. Бұл ежелден қалыптасқан үрдіс. Нағыз қала адамы (әлбетте, идеалды түрде алсақ) ол ең алдымен зиялы, тәртіпті. Мемлекеттің, қаланың заңдарына бағынады. Тәртіп пен ережені бұзбайды. Уақыттың қадірін біледі. Өзін де, өзгелерді де сыйлайды, құрметтейді. Басқалардың пікірімен санасады. Экологиялық тазалықты сақтайды. Қоғамнан тыс қалмайды, азаматтық белсенділігі бар тұлға. Қалада болып жатқан барша жаңалықтардан хабардар. Өзі өмір сүріп жатқан қаланың да, елінің де шынайы патриоты бола алады. Осындай қасиеттердің жиынтығы қала адамына тән. Әлбетте, бұл қаладағы адамдардың бәрі бірдей осындай болсын деген сөз емес. Олардың арасында неше түрлісі бола береді. Жалпысында, қалалардың адам бойына қалыптастыратын мінез-құлықтың бір парасы осындай.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!