ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАДАҒЫ САЯСАТ ФАКТОРЫ

  • 30.06.2020
  • 213 рет оқылды
  • 0

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ,
Ресей халықтар достығы
университетінің ізденушісі

Қазіргі таңда әлемдік экономика түбегейлі өзгерістерге ұшырап, дамушы елдердің ұлттық экономикаларына елеулі ықпал ету дәуірін бастан кешіруде. Сыртқы экономикалық дәстүрлі қатынастар, сауда байланыстарынан өзге әлемдік экономиканың даму қарқыны мен өсу факторларына саясат факторының әсері артып келеді.
Тарихи дискурста дәстүрлі сыртқы экономикалық байланыс формаларының дамуы барысында XVI ғасырға дейін әлемдік экономика саясат факторының қатынасынсыз өрістеп келді. Мемлекет ішіндегі, онан кейінгі мемлекетаралық тауар-зат алмасуына негізделген қарапайым экономикалық қатынастар Ежелгі Грекия, Рим империясында, кейінірек басқа да мемлекеттік құрылымдарда болғанымен, жүйелі түрде экономикалық пайда алуға негізделген экономикалық императивтер XVI ғасырға дейін толыққанды қалыптасқан жоқ.
XV-XVI ғасырлардағы ұлы географиялық ашылулар, жаңа өнеркәсіп орындарының ашылуы, тарихи қатынастар авансценасының Еуропаға бағдарлануы, онан кейінгі 1648 жылдан бастап орныққан Вестфаль халықаралық қатынастар жүйесінің дамуы әлемдік экономикадағы саясат факторының орнығуына ықпал етті.
Әуелде саясат мемлекетаралық сауда-экономикалық қатынастарға ықпал етуші фактор есебінде болды. Мемлекетаралық экономикалық қатынастар базалық сыртқы сауда операциялары – экспорт пен импортқа негізделді.
Дәл осы тұста қазіргі заманғы халық-аралық еңбек бөлінісінің негізі қаланды. Еңбек бөлінісі «колония-митрополия» қатынасына негізделді: колониялар шикізат өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін даярлаумен айналысса, митрополиялар дайын өнімді өңдеу және одан әрі ілгерілету мәселесімен шұғылданды [1, 101-б.].
Бірқатар ғалымдар мемлекетаралық экономикалық қатынастардың жолға қойылып, жүйелі негізде дамуын XVI ғасырда Жерорта теңізі аймағынан бастау алған деген тұжырымға келеді [2, 3-б.].
Мемлекетаралық экономикалық қатынастардың кеңінен таралуы әлемдік шаруашылықтың пайда болуына ықпал етті.
Әлемдік шаруашылықтың даму кезеңі әлемдік саясаттағы халықаралық қатынастардың Вена (1815-1856), Париж (1856-1918) қосалқы жүйелерінің дамуымен тұспа-тұс келді. Бұл кезеңді саяси-экономикалық тарихтағы Ресей, Пруссия, Австрия, Франция, Англияның Қасиетті одақ құрып, «Еуропа концерні» аталған интеграциялық бірлестік шеңберінде біртұтас, келісілген саясат жүргізу әрекеті бір жағынан тұрақты экономикалық өсу дәуірінің басталуына ықпал еткен, еңбек өнімділігінің артуы мен жаңа технологияға негізделген қарқынды өнеркәсіптік революция екінші жағынан айқын сипаттайды.
Әлемдік экономиканың дамуы бұл кезеңде жаппай колонизациялаумен қатар, империялардың сауда гегемониясы саясатын өрістетуінен көрініс тапты.
Бастапқыда сыртқы сауда операцияларында аз салмақпен, бірақ, құны жоғары тауарлар – асыл тастар, бағалы металдар, тәттілер, бірқатар мата мен тері түрлері басым болды. Осы ретте белгілі ғалым Э.Хобсбаумның «өнеркәсіп революциясын» мақтасыз еске алу мүмкін емес» деген қанатты сөзі еске түседі [3, 56-б.].1830 жылы мақта өнеркәсібінің үлесіне Англия ЖІӨ-нің 8% және өңдеу өнеркәсібіндегі еңбекпен қамтылғандардың 16% тап келді [4, 48-б.].
Сауда гегемониясы саясаты туралы тезистерді мына мысал одан әрі нығайта түседі: тек ағылшындардың мақта-мата кездемесінің Үндістанға экспорты 1618-1835 жылдары 65 есеге артқан. Мұндай қарқынды сауда операциялары әлемдік сауданың дамуына ықпал етті. Мысалы, 1720-1820 жылдары әлемдік экспорт көлемі 2,4 есеге ұлғайды [5, 30-б.].
Дүниежүзілік тарихнамада «жаңа дәуір» деп аталған XVI-XVIII ғасырларда әлемдік сауда байланыстары кеңейіп, тауар-ақша қатынастары жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Сауда жолдары мен орталықтары Жерорта және Балтық теңізінен Атлант мұхитының жағалауына ойысты. Осы мезгілден бастап әлемдік экономика мен халықаралық қатынастарда аталған орталықтарға барынша жақын орналасқан мемлекеттер басты рөлге ие болды. Мұндай державалар ретінде Португалия, Испания, Нидерланды, Франция мен Англия танылды [6, 167-б.].
Жаңа дәуірде әлемдік экономикада державалардағы жаңа нарықтарды иеленуге, колониялық басып алуға, өз мемлекеттерінің сауда иеліктерін кеңейтуге барынша мүдделі, күш алып келе жатқан ұлттық буржуазия шешуші рөлге ие болды.
XV-XVI ғасырлардағы ұлы географиялық ашылулармен байланысты күшейген Испанияның ықпалы азайып, ХVІ ғасырдың соңында Англияның сауда-экономикалық және сыртқы саяси ықпалының артуы байқалды.
Сыртқы экономикалық аренадағы табыстармен қатар, мемлекет ішіндегі урбандалу деңгейінің өсуі мен ауылдық елді мекендердегі мануфактуралық өндірістің ұлғаюы Англиядағы жұмыс күшіне сұраныстың өсуіне, тиісінше өмір сапасы мен азаматтардың нақты табысының ұлғаюына себеп болды. Мұның барлығы бірқатар ғалымдардың тұжырымынша, бір ауыл шаруашылығы жұмыскеріне шаққанда өндірілген өнімнің 50%-ке артуына, тиісінше Англия мен Нидерландыдағы аграрлық революцияға алып келді [7;8].
Сыртқы экономикалық қатынастарда теңіз державасы мәртебесіне ие болған Англияның экономикалық заңнамасы басты сауда бәсекелестері – Испания мен Нидерландының экономикалық мүдделерін әлсіретуге бағытталды.
Бұл – жаңа дәуір кезеңіндегі державалардың даму барысын сипаттайтын көрсеткіштердің бірі. Яғни, осы кезеңде әлемдік экономикада сыртқы нарықтардағы мемлекеттік мүдделерді қорғауға бағытталған протекционистік саясат көрініс таба бастады.
Жаңа дәуірдің тағы бір қорытындысы ретінде «мемлекет» тұжырымдамасының ең жоғарғы бастау, саяси және экономикалық негіз ретіндегі идея түрінде насихатталуын (Н.Макиавелли, Т.Гоббс, Г.Гроций, Ж.Ноден) айтуға болады. Бұл мемлекет мүддесіне қызмет етудің ішкі және сыртқы экономикалық саясаттың басты қағидасы болып негізделуіне алып келді.
Әлемдік саясаттағы халықаралық қатынастар тәжірибесінде мемлекеттердің ұжымдар мен коалицияларға топтасу үрдісі белең ала бастады. Мұның барлығы осыған дейін жүргізілген сауда гегемониясы, экономикалық протекционизм саясатын нығайтуға бағытталды. Мұндай жағдайда сыртқы сауда жүргізу мен экономикалық қатынастардағы контурларды белгілеу мақсатында саяси және экономикалық тепе-теңдік, мемлекеттік шекаралар, сауда шектері, теңіздегі еркін қозғалыс, соғыс пен бейбітшілік құқығы халықаралық шарттарда белгілене бастады [6, 170-б.].
Жаңа дәуірде Вестфаль және Пиреней бітімдері, сәл кейінірек Нимвенген бітімі, әрі жаңа аумақтарды өз аумағына қосып алуы, өнеркәсіп пен ұлттық буржуазиядан түсетін ірі салық көлемдері, сауда-саттықтың жоғары қарқыны әлемдік экономикадағы XVII-XVIII ғасырлардағы Францияның үстемдігін нығайтты.
1776 жылы Американың Англиядан тәуелсіздік алуы әлемдік экономикадағы өнеркәсіптік революция, индустрияландыру қарқынын жеделдетті. Әлемнің саяси-экономикалық картасындағы жаңа мемлекет – Америка Құрама Штаттары елдегі азаматтық соғыс басталмай тұрып, аса жоғары қарқынмен дами бастады. Ел тұрғындарының саны 8 есеге артып, жан басына шаққандағы табыс екі есеге ұлғайды [4, 115-б.].
Мемлекеттің сол тұстағы дамуының негізгі бағыттары А.Гамильтонның «Мануфактуралар туралы баяндамасында» (1792) көрініс тапты. Ол елді индустрияландыруға тың серпін беретін мақта шаруашылығынан өзге көлік жүйесін дамытуды, мемлекеттік банк құруды, сондай-ақ, өнеркәсіпті қорғауға бағытталған тарифтік саясат жүргізуді ұсынды.
Кейінірек «америкалық жүйе» деп аталған бұл ұсыныстар топтамасы әлемнің көптеген елдерінің экономикалық жүйесін құруда қолданылды. Осы мақсатта, ең алдымен, АҚШ Конституциясы қабылданып, онан кейін рет-ретімен 1811-1818 жылдары Камберленд жолдары, Эри каналы (1817-1825) салынды, АҚШ-тың мемлекеттік «Бірінші» (1791) және «Екінші» (1816) банктері ашылып, 1816 жылдан бастап, сыртқы кеден тарифтерінің кешені қолданысқа енгізілді [9; 10].
Тарифтік жүйені жаңғырту Наполеон соғыстарынан кейінгі америкалық сауда кемелері айлағының едәуір шығынға ұшыраған, жалпы алғанда, сауда мүдделерінің әлсіреу кезеңіне тұспа-тұс келді. Осыған орай АҚШ Конгресі «1816 жыл тарифін» бекітті, онда ең алғашқы рет ұлттық өнеркәсіптің мүдделері қорғалып, сырттан келетін импорттық тауарларға 20% көлемінде (текстиль бұйымдарына 25%) кедендік баж салығы салынды. Мұның барлығы тұтастай алғанда әлемдік экономикада қазіргі уақытта берік орныққан сауда протекционизмі саясатының қалыптасуына жол ашты.
XIX ғасырда әлемде Францияның саяси және экономикалық үстемдігі аяқталып, ірі өнеркәсіп державасы Англия қайтадан өз көшбасшылық орнын қалпына келтірді. Әлемдік саясаттың жаңа бағдарын айқындаған Вена конгресінен кейін, ірі бес держава – Англия, Ресей, Австрия, Пруссия мен Франция саяси сахнадан берік орын алды. Осы мезгілде державалар арасындағы саяси, экономикалық және дипломатиялық қатынастар өзара бәсекелестік рухында өрбіді [11, 46-48-бб.].
XIX ғасырдың ортасында Англия әлемдік экономикада сауда еркіндігі саясатын ілгерілете бастады. Ірі өнеркәсіп пен сауда флотын «әлемдік шеберхана» монополистік жағдайын сауда еркіндігі арқылы бекемдеуге болады деп есептеді [6, 199-б.].
Ал XIX ғасырдың 60-жылдары О.Бисмарктың Германияны Пруссия төңірегінде ұйыстыруы Пруссияның жылдам экономикалық өсіміне, әрі халықаралық аренадағы беделінің артуына ықпал етті. Бұл әлемдік экономикадағы Англияның үстем рөлін әлсіретті. Ал Еуропа бөлігінде 1815-1856 жылдары өнеркәсібі дами бастаған Ресей үстемдік құрды. Әлемнің Азиялық бөлігінде инфрақұрылымды жаңғырту есебінен Жапония көшбасшылық сипатқа ие бола бастады.
XIX ғасырда халықаралық валюта жүйесі бір қалыпқа түсіп, 1816 жылдан бастап Англияда, 1837 жылдан бастап АҚШ-та, 1878 жылдан бастап Францияда, 1895 жылдан бастап Ресейде Париж валюта жүйесі деп аталған алтын стандарты қолданыла бастады [13, 328-б.].
XX ғасыр күрделі шиеленістен басталды. Американ-испан (1898), ағылшын-бур (1899) соғыстары, оған қоса, әлемдік үстемдікке ие болуға ұмтылған державалардың империалистік амал-әрекеттері алдағы саяси-экономикалық картинаны айқындап берді.
Мұнан кейінгі мезгілде де империялық мүдделерді қанағаттандыруға бағытталған шиеленістер тоқтай қойған жоқ. Қиыр Шығысты иеленуге бағытталған орыс-жапон соғысы (1904), итальян-түрік соғысы (1911-1912) әлемдік тұрақтылықтың іргетасы сөгілгенін көрсетті.
Әлемдік экономикада да өзгерістер орын алып жатты. Колониалды иеліктеріндегі экономикалық мүдделерін барынша қорғаған Англия мен Германия арасындағы қарама-қайшылықтар барынша ушыға түсті. Германия, Австро-Венгрия мен Италияның Үштік одағына қарсы күш ретінде Англия, Франция мен Ресейдің Антанта одағы құрылып, Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы державалардың коалициялық бірігуін аяқтады.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы мен өрістеуі Ресейдегі Ақпан және Қазан төңкерістерінің, Германиядағы Қараша төңкерісінің себепкеріне айналды. Соғыстың нәтижесінде Ресей, Герман, Осман, Австро-Венгрия империялары жойылып, дүниежүзілік саясат пен әлемдік экономиканың бағдарын өзгерткен Версаль бітімі қабылданды.
Сонымен бірге, әлемдік экономикада да елеулі өзгерістер орын алып, ол Версаль бітімінің негізін қалаған В.Вильсонның «Он төрт тармағында» көрініс тапты.
«Он төрт тармақтың» негізінде әлемдік экономикада бейбіт кезеңде және соғыс уақытында теңіздегі сауда-саттық еркіндігі, халықаралық саудаға кедергілерді жою көзделді. Ал В.Вильсонның «Большевизм уы әлемді басқарушы жүйеге қарсылық көрсеткендіктен кең жайылды. Ендігі кезекте біз бейбіт конференцияда жаңа әлемдік тәртіпті мүмкін болса бейбіт жолмен, болмаса күшпен орнатуымыз керек» деген сөздері ХХ ғасырдағы екі ірі саяси жүйе капитализм мен социализмнің бітіспес шиеленісінің бастаушысына айналды [12, 366-б.].
Осы кезеңде әлемдік экономикадағы қаржы-валюта қатынастарында Генуя (1922) конференциясында қабылданған Генуя валюта жүйесі қолданыла бастады, ол алтын-валюталық стандартты қабылдауды көздеді, яғни, резервтік валюта есебінде алтынға қоса, халықаралық есеп айырысуларда фунт, стерлинг, АҚШ доллары мен француз франкі қолданылды [13, 332-б.].
XX ғасырдың 20-жылдарының аяқ шенінен бастап, Ресей империясының орнына орнығып, социалистік режимді ұстанған КСРО-ның экономикалық әдебиеттерде «үлкен серпіліс» деп аталған индустриялық дамуы басталды. Оған Генуя (1922), Гаага (1922) конференциялары және Раппало (1922) бітімінен соң, КСРО-ның экономикалық және дипломатиялық изоляциядан шығуы жанама ықпалын тигізді. 1928 жылы қабылданған бірінші бесжылдық жоспары төрт базалық қағидатқа сүйенді: ауыр өнеркәсіп пен машина жасауға инвестициялар салу, өндірістің нысаналы индикаторларын белгілеу және бюджеттік шектеулер енгізу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, жаппай білім беру.
Нәтижесінде КСРО-ның ЖІӨ-дегі инвестициялар үлесі 1928 жылғы 8%-тен 1939 жылы 19%-ке ұлғайды. 1928-1939 жылдары өмір сүру деңгейі 20%-ке жақсарды [4, 195-б.]. Алайда, 1931-1933 жылдардағы ұжымдастыру салдарынан туындаған жаппай аштық және 1930-1939 жылғы саяси репрессиялар адами капитал сапасының төмендеуіне, нәтижесінде Екінші дүниежүзілік соғысқа КСРО-ның біршама әлсіреп жетуіне ықпал етті. КСРО-да осы кезеңнен бастап және Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін социалистік лагерь елдерінде XX ғасырдың соңына дейін жүргізілген жоспарлы экономикалық саясат үстемдік құрды.
Ал осы тұста 1929-1939 жылдары АҚШ, Канада, Еуропаның бірқатар елдері (Ұлыбритания, Германия, Франция және т.б.) қаржы жүйесіндегі, ауыл шаруашылығындағы қордаланған мәселелер нәтижесінде туындаған және жедел урбанизациямен тығыз байланысты жүйелі дағдарыс – Ұлы депрессияны бастан кешірді. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің деңгейі құлдырап, жұмыссыздық деңгейі артты, орта таптың жағдайы нашарлады, әлемдегі туу деңгейі төмендеді, бұл тұтастай алғанда әлемдік саясаттағы социалистік бағыттағы ағымдардың күш алуына себепкер болды.
Жүйелі дағдарыстан әлсіреген тұста әлемдік гегемонияға қол жеткізуді көздеген әрі Версаль бітімінен соң, жеңілген тарап ретіндегі репарациялар көлемінің екі есеге ұлғайғанын әділетсіз деп санаған Германия Екінші дүниежүзілік соғысты бастады. 1939-1945 жылдар аралығында әлемдік тарихтағы ең ірі, әрі трагедиялық соғысқа әлем халқының 80% қатысты, шамамен 60-65 млн. адам қаза тапты, соғысқа әскери шығыстар 4 трлн. АҚШ долларын құрады.
Екінші дүниежүзілік соғыс әлемде жаңа экономикалық және саяси жүйе құру қажеттігін көрсетті. Мемлекетаралық және халықаралық қатынастарды реттеуде халықаралық қатынастардағы Версаль-Вашингтон (1918-1945) қосалқы жүйесі, онымен бірге, Ұлттар Лигасы жойылды. Оның орнына әлемдік саясаттағы арбитр функциясын атқаруды көздеген Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) құрылды. Ендігі халықаралық қатынастар, әлемнің саяси және экономикалық өмірі Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңіп шыққан КСРО мен АҚШ-тың қарама-қайшылыққа толы биполярлы әлем саясатына негізделді.
Әлемдік экономикада да осы кезеңде ірі өзгерістер орын алды. Бреттон-Вудс конференциясы (1944) нәтижесінде әлемдік экономиканың негізгі акторлары – Дүниежүзілік Банк пен Халықаралық Валюта Қоры, Халықаралық қайта құру және даму банкі құрылды, валютаның айырбас бағамын қалыптастыру қағидалары белгіленді. Осы тұстан бастап Бреттон-Вудс валюта жүйесі қолданыла бастады. Бреттон-Вудс валюта жүйесі алтын-валюта стандартына қоса валютаның бекітілген, бірақ, түзетуге келетін бағамына негізделді.
Дүниежүзілік Банк бастапқыда дамушы елдерге жәрдем көрсетсе, қазіргі таңда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға қаржылық көмектесуді, мүше мемлекеттерге қаржылық жәрдем беру мен гранттар ұсынуды іске асырады.
Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) қызметі қаржы саясатын халықаралық үйлестіруге, әлемдік сауданы кеңейтуге, қаржылық айырбас бағамын тұрақтандыруға, ұлттық экономикаларды кредиттеуге, халықаралық қаржы статистикасы стандарттарын әзірлеуге бағытталған.
1947 жылы Тарифтер мен сауда жөніндегі Бас келісімге (GATT/ГАТТ) қол қойылды. ГАТТ халықаралық сауданың іргелі ережелерін белгілеу, сауда қатынастарын реттеу мен либералдандыруды көздеді. Негізгі қағидаттар ретінде ішкі салық салу мен реттеудің ұлттық режимі, мейлінше қолайлы жағдай туғызу режимі, транзит еркіндігі, демпингке қарсы және компенсациялық алымдар, кедендік мақсатта тауарды бағалау, тауарды кіргізу мен шығаруға қатысты алымдар, сандық шектеулерді дикриминациясыз қолдану, субсидиялар, тарифтік келіссөздер, экономикалық дамуға жәрдемдесу, шекаралық сауда, еркін сауда аймақтары белгіленді [13, 159-б.].
ГАТТ негізгі қызметі барысында әлемдік экономикадағы сыртқы сауданы ілгерілету және реттеу мәселелерін қарастырды. 1947-1994 жылдары тариф мәселелері бойынша сегіз көпжақты келіссөздер раундын өткізіп, нәтижесінде орташа кедендік алымдар 1940-1950 жылдардағы 40-50%-тен 1990 жылдары 3-4%-ке дейін төмендеді [13, 160-б.].
XX ғасырдың 50-90 жылдары әлемдік экономикаға өзара бәсекелестік, жаппай қарулану, атом қаруы әлеуетін, әскери-өнеркәсіп кешенінің ауқымын арттыруға негізделген, саяси терминологияда «қырғи-қабақ соғыс» немесе «қарулану бәсекесі» деп аталған КСРО мен АҚШ-тың саяси-экономикалық қатынастары ерекше ықпалын тигізді. Бұл кезеңде әскери күшке сүйенген әлемдік империализмге ұмтылған әскери экономика саясаты үстемдік етті.
Әлемдік экономикада 1976 жылы халықаралық қаржылық қатынастарды жаңаша реттеуге бағытталған Ямай валюта жүйесі қабылданды. Ол қазіргі уақытта да қолданыста болып, девиздік стандартқа, валюта бағамын еркін таңдауға, халықаралық валюта операцияларында еркін қолданылатын еуро, ағылшын фунт стерлингі, АҚШ доллары мен иенаның статусын белгілеуге негізделді [13, 343-б.].
Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ірі өнеркәсіп орындарын құру және еңбек өнімділігін арттырудың нәтижесінде экономикалық өсімге қол жеткізген КСРО-ның 1970-1980 жылдары экономикалық өсім динамикасы төмендей бастады. Халық санының жаппай артуы (1920 жылғы 155 млн. адамнан 1990 жылғы 290 млн. адамға) салдарынан жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің азаюы, жоспарлы экономиканың дағдарысы, ел ЖІӨ-нің басым бөлігінің әскери өнеркәсіп кешеніне салынуы, Сібірдегі пайдалы қазбаларды игеру мақсатында қайтарымы жоқ аса ауқымды салымдардың жұмсалуы, экономиканы ұйымдастыру мен басқарудағы салғырт және формалды көзқарас пен қатынас КСРО-ның әлемнің саяси картасынан жоғалуына себеп болды. 1980 жылдардың соңындағы мұнай бағасының 4 есеге құлдырап, барреліне 10 АҚШ долларынан түсіп кетуі экспорттың негізгі көзі мұнайдан табыс алып отырған КСРО-ның құлауына жанама түрде әсерін тигізді. Салдарынан социалистік лагерь елдері капиталистік жүйеге өтіп, халықаралық қатынастардағы Ялта-Потсдам қосалқы жүйесінің дәуірі аяқталды [11, 50-б.].
Әлемдік аренада КСРО-ның орнына 15 тәуелсіз мемлекет пайда болды, ол мемлекеттерде социалистік қатынастар жүйесінен капиталистік қатынастарға, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту кезеңі басталды. Осы тұста тәуелсіз Қазақстан Республикасы да әлемдік экономикалық қатынастарда берік орнығып, ұлттық экономикалық саясатты жүргізе бастады. Ал әлемдік саясат пен халықаралық қатынастар постбиполярлы әлем саясатына негізделді.
Әлемдік экономикада да елеулі өзгерістер орын алды. Халықаралық сауданы реттеудің жаңа институты ретінде ГАТТ-тың орнына 1995 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) құрылды. ДСҰ-ның негізгі мақсаты – біртіндеп импорттық алымдар көлемін қысқарту және тарифтік емес кедергілерді жою жолымен халықаралық сауданы либералдандыру. Мүше мемлекеттер ДСҰ-ның әлемдік тауарлар мен қызметтер саудасының 90% реттейтін, «көпжақты сауда келісімдері» ұғымымен белгіленген 18 келісім мен заңды құралдарын сақтауға міндеттелді. Қазіргі таңда әлемнің 164 мемлекеті мүше [14, 32-б.]. Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға 2015 жылдың 30 қарашасында 162-ші мемлекет ретінде қосылды.
XX ғасырдың аяқ кезінде жаһандану үрдісі күшейе түсті. Әлемдік державалар мен әлемнің ірі экономикаларының түрлі форматтағы конференциялар мен интеграциялық бірлестіктерге бірігуі шарықтау шегіне жетті. 1992 жылы Маастрих келісімінің нәтижесінде өңірлік интеграцияның жарқын мысалы Еуропалық Одақ дүниеге келді.
Еуропалық Одақ қазіргі таңда біртұтас экономикалық және құқықтық жүйені құрайтын 27 мемлекеттің бірлестігінен тұрады. Еуропалық Одақтың үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің 28%, әлем халқының 6,4% келеді. Бұл өңірде экономикалық тығыз байланыстың артуын, ұлттық экономикалардағы тауар, қызметтер, капитал мен жұмыс күші нарықтарының өзара кірігуін көрсетеді.
Еуропалық Одақтың даму қарқынын бағалаған бірқатар ғалымдар Еуропа өңірінде бірыңғай валюта-қаржылық, құқықтық жүйесі бар, мүше мемлекеттердің сауда және сыртқы экономикалық саясатын тығыз үйлестіретін толыққанды әлеуметтік-экономикалық организм қалыптасып, сатылай даму үстінде деген тұжырым жасайды [15, 107-б.].
Бұдан әрі әлемдік экономика мен саясатта «Үлкен жетілік» (G7) және «Үлкен жиырмалық» (G20) форматындағы біріккен ірі экономикалар (жетілік форматында: Ұлыбритания, Германия, Канада, Франция, АҚШ, Италия, Жапония+Еуропалық Одақ; жиырмалық форматында: Аргентина, Аустралия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония, Еуропалық Одақ) тұтастай алғанда әлемдік ЖІӨ-нің 85%, әлемдік сауданың 75%, әлем халқының 2/3-ін құрап, шешуші рөл ойнайды.
Осылайша XX ғасырдың соңында және одан кейін пайда болған интеграциялық бірлестіктер әлемдік экономикадағы өзара келісілген экономикалық саясат жүргізу тәртібін қалыптастырды.
XXI ғасырда саясат факторы әлемдік экономиканың дамуында шешуші рөлге ие болды. Ірі әлемдік державалар (АҚШ, Қытай, Ресей) мен экономикалардың (G7, G20 форматтары, Еуропалық Одақ) өзара саяси-экономикалық қатынастарындағы, тіпті, кейбір жағдайда ішкі саясатындағы елеулі мәселелер әлемдік экономиканың дамуына, болмаса құлдырауына, мультипликативті түрде дамушы ұлттық экономикаларға ықпалын тигізеді.
2008 жылы АҚШ-тың қаржы жүйесінде басталған дағдарыс әлемге сатылы түрде жылдам таралды. ХВҚ 2009 жылдың II тоқсанында бақыланатын 60 елдің 52-де тұтыну мен іскерлік белсенділіктің төмендеуін тіркеді. Әлемдегі жұмыссыздар саны түрлі бағалаулар бойынша 27-40 млн. адамды құрады. Капитал ағыны 90%-ке дейін, әлемдік сауда ағыны 10%-тен артық төмендеді. Әлемдік ЖІӨ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет теріс динамиканы көрсетті. Дағдарыс толқын форматында әлемнің барлық елдеріне таралып, әсіресе, дамушы елдердің экономикасына кері әсерін тигізді. Осылайша дағдарыс әлемдік сипатқа ие болды [16, 210-215-бб.].
Әлемдік дағдарыс ірі көлемде Грекияда борыш дағдарысының туындауына, Кипр экономикасының дефолтқа ұшырауына ықпал етті. Дағдарыстың салдарынан әлемдік экономиканың қозғаушы күші саналатын орта тап әлсіреп, әлемдік байлықтағы оның үлесі күрт азайды. Әлемдік экономиканың бәсең қарқынмен дамуын жалғастыруына көп жағдайда тұрақтылығын сақтап қалған дамыған елдер әсерін тигізді.
Дағдарыстың пайда болуына үй шаруашылықтарының шектен тыс берешектері, деривативтердің белгіленген нормативтерден асып кетуі, «көлеңкелі» банк секторының көбеюі, тұтастай алғанда, қаржы секторындағы жүйелі мәселелер және әлемдік сауда мен капитал ағыны қозғалысында пайда болған дисбаланстар себепкер болды. Көптеген ғалымдардың пікірінше, әлемдік дағдарыс әлі күнге жалғасуда, кейбір дағдарыстың экономиканың циклды дамуымен, яғни, Н.Кондратьев толқындарымен байланыстырады. Нобель сыйлығының лауреаты К.Писсаридес әлем рецессиядан айықпаған деген пікірде болса, Колумбия университетінің профессоры А.Туз әлемдік экономика әлі де болса дағдарыстың афтершоктарын (aftershock) сезінуде деген ұстанымда [16, 565-575-бб.].
Көп жағдайда әлемдік экономиканың дағдарысқа дейінгі даму фазасына орала алмауы геосаяси тәуекелдермен байланысты. 2014 жылғы Украина дағдарысы, «Ислам мемлекеті» және басқа экстремистік ұйымдармен күрес, өңіраралық және мемлекетаралық шиеленістер, Ресей-АҚШ санкциялар қақтығысы, АҚШ-Қытай «сауда соғыстары» әлемдік экономиканың даму қарқынын тежеуде. Бұған қоса дамушы елдердің көбінде резервтік валюта ретінде белгіленген АҚШ валютасының ұлттық валюталарға қатысты бағамының өзгеруі, мұнай өндіру көлемін келіспеу негізінде туындаған дағдарысты жағдай нарықтары қалыптасушы мемлекеттердің экономикалық тұрақтылығына кері әсерін тигізеді.
2019 жылдан бастап, дағдарыстың жаңа фазасын туындатқан коронавирус пандемиясы да – әлемдік экономиканың дамуын тежеуші фактор. 2020 жылғы ақпанда әлемдік қор нарығындағы Dow Jones Industrial индексі 2,6%-ке, S&P500 – 3,0%-ке, NASDAQ – 2,55%-ке төмендеп, Bank of America акциялары 4,5%-ке, JP Morgan Chase – 3,1%-ке, Morgan Stanley – 4,3%-ке, Citigroup – 4,5%-ке құлдырады. Oxford Economics талдамалық орталығы 2020 жылы әлемдік ЖІӨ 1,1трлн. АҚШ долларын жоғалтып, 1,3%-ке төмендейтінін болжап отыр.
Әлемдік экономикалық дағдарысқа қосымша профессор Д.Мадиярованың пікірінше, ашық және жасырын түрде бір жағынан әлемдік бағаларға, сұранысқа және бәсекелестікке тәуелділіктен, екінші жағынан ұлттық экономикаға зиян келтіру үшін шет елдердің (жекелеген фирмаларды жасырын субсидиялауы) және шетелдік компаниялардың заңсыз бәсекелестікті (демпинг, бәсекелесті қандай жолмен болса да шеттету) жүзеге асыруы, шетелдік фирмалардың елдің стратегиялық жағынан маңызды кәсіпорындарын қасақана сатып алуы, ұлттық кәсіпорындарды шығынға ұшырататын теріс хабарлар түрінде көрініс табатын ұлттық экономикалардың сауда осалдылығын туындатып, экономикалық өсімнің төмендеуіне әсерін тигізеді [17, 24-б.].
Мұның барлығы әлемдік экономикадағы сауда-экономикалық қатынастардың әлсіреуіне, ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігі мен іргелі макроэкономикалық көрсеткіштерінің төмендеуіне ықпал етеді.
Осылайша қазіргі уақытта саясат факторы әлемдік экономиканың дамуы мен құлдырауына, мультипликативті түрде ұлттық экономикалардың даму қарқынына, әлемдік экономиканың негізгі құрамдас бөліктері – халықаралық сауда, қаржы, еңбек бөлінісі, экономикалық интеграцияның сапасына ықпал ететін қозғаушы күшке айналып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Типаков В.В. Эволюция международной торговли: различные временные горизонты, аспекты и тенденции// Вестник Финансового университета. – 2013. – №6. – С.98-109.
2. Веснин В.Р., Поникаров В.А. Мировая экономика. – Москва: Проспект, 2017. – 128 с.
3. Hobsbawm E.. Industry and Empire. – London: Weidenfeld & Nicolcon, 1969.
4. Аллен Р. Глобальная экономическая история: краткое введение. – Москва: изд-во Института Гайдара, 2013. – 224 с.
5. Ломакин В.К. Мировая экономика. – Москва: Юнити-Дана, 2007. – 545 с.
6. История дипломатии (под ред. акад. В.П. Потемкина). – Т.1. – Москва: ОГИЗ, 1941. – 568 с.
7. Jan de Vries. The Industrious Revolution: Consumer Behavior and the Household Economy, 1650 to the Present. – Cambridge: Cambridge University Press, 2008.
8. Acemoglu D., Johnson S., Robinson J. The Rise of Europe: Atlantic Trade, Intuitional Change and Economic Growth// American Economic Review. – 2005. – №95(3). – P.546-579.
9. Elliott J.H. Empires of Atlantic World: Britain and Spain in America, 1492-1830. – Hew Haven: Yale University Press, 2006.
10. Engerman S.L., Sokoloff K.L. Economic Development in the Americas since 1500: Endownents and Institutions. – Cambridge: Cambridge University Press, 2012.
11. Дробот Г.А. Мировая политика. – Москва: Юрайт, 2014. – 476 с.
12. История дипломатии (под ред. акад. В.П. Потемкина). – Т.2. – Москва: ОГИЗ, 1945. – 424 с.
13. Федякина Л.Н. Международные экономические отношения. – Москва: Юрайт, 2015. – 461 с.
14. Международное торговое дело (под ред. проф. О.И. Дегтяревой). – Москва: Магистр, 2016. – 608 с.
15. Родинова И.А., Умерова И.А. Позиции стран-членов ЕС в мировой и внутрирегиональной торговле // Региональная экономика: теория и практика. – 2009. – №41 (134). – С.103-108.
16. Туз А. Крах: как десятилетие финансовых кризисов изменило мир. – Москва: изд-во Института Гайдара, 2020. – 776 с.
17. Мадиярова Д.М., Рахимбаева А.А. Қазақстан Республикасындағы сауда осалдылығы. – Семей: Шәкәрім университеті, 2017. – 163 б.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат