ОТАНШЫЛДЫҚ НЕГІЗІ – ТІЛ

  • 30.06.2020
  • 95 рет оқылды
  • 0

Асқап САҒДОЛЛАҰЛЫ,
ардагер ұстаз,
тіл жанашыры

Егемендігімізді жариялап, көк туымызды желбіретіп, ел таңбамыз әлемге әйгіленген ширек ғасырда біз алға басуға, дүниенің ілгері қарай бағыт алған ұлы керуеніне ілесіп Отанымызды  көркейтуге, өркендетуге ұмтылдық. Әрине, еліміз біршама жетістіктерге жетті. Құдіреті күшті Алла қазақ ұлты үшін ел басқарудың тізгінін ұстатқан дара тұлға – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы. Ел басқарудың дұрыс жолын тауып, қиындықтарды жеңіп нәтижесінде  алпауыт  қазақ деген елдің басын біріктіріп, бір тудың астында жинады. Елбасымыздың көрегендігі мен сарабдал саясатының арқасында Елордамызды салдық, күллі дүние қазақ елін танып, Елбасымызды ұлықтап жатыр. Бұл халқымыз үшін зор қуаныш. Бүгінде жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасының сабақтастық жолын сақтап, мемлекетіміздің көшін жаңа биіктерге бастады. Бәрі де оңынан болсын дей отырып, осы мақаламда Отаншылдық пен тіл жайына қатысты көзқарасымды ортаға салсам деген мақсатпен қолыма қалам алдым.

Иә, «Отанды сүю – Отбасынан басталады» дейміз. Осы орайда отаншылдық, патриотизм ұғымдарының мәні терең екенін әрқайсымыз жүрегімізбен сезініп, бағалай білуіміз керек деп ойлаймын. Сонымен қатар елдігіміздің негізі – қазақ тілін де қастерлеп, ардақтау – еліміздегі барша азаматтың қасиетті парызы болуы тиіс деп білемін.

«Патриот» деп сөйлеген жүрек, ол шынайы «Отаным» деп соққан жүрек емес. Қазақстан егемендік алған ширек ғасырға көз салсаңыз, мемлекет билігін жағалаған, қаншама адам мемлекеттің қазынасын өз қалтасына салып, шетел аса қашып кетті. Қаншама адам сыбайлас жемқорлықпен қызметінен қуылды, темір торға қамалды, бұларды көре отырып, «сұмдық» деп жағаңды ұстайсың, сөздің шынын айтқанда, мұндай адамдарда отаншылдық рух, отаншылдық сана, отанға сүйіспеншілік кемшін. Ондай адамдардың мына өзі туған, өзін адам етіп өсірген Отанын көркейту, құру идеясы төмен  адамдар қазақ елінің болашағына сенімсіздікпен қарайды, әрі ол адам үшін бұл ел тұрақты мекен болмайтын ел сипатында қаралады. Міне, бұлар жаңағы «патриот» деп сөйлейтін орыс тілділер. Оларға осы ел ме, басқа ел ме бәрі бір, оның қалтасы қалың болса болды, қаражат тапқанда шетел асып кете барады, өйткені, ана тілі өзге тілде шыққан адамның  туған еліне, қазақ Отанына деген  сүйіспеншілігі төмен, себебі ол аралас тілді адам. Ол өзінің туған ұлтын жан-тәнімен сүймейді, сондықтан, ол өзінің отанына, қазақ еліне, Қазақстанның болашағына бас қатырмайды. Қадірлі оқырман, мен сіздерге заманымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың (1931-1976). «Отан туралы»  деген өлеңін ұсынайын. Өзінің туған отанын, туған тілін нағыз сүйетін адамның жүрек лүпілін байқап, өзіңіз салыстырып, зерделеп көріңіз.

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем ,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: «Отан» деп сыбырлаған

Жаным менің,

Кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол оның шырылдаған!

Отан!

Отан!

Бәрінен биік екен.

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем…

Әдетте, біз тілдің құдіретін бөлек бағалаймыз. Тіл ұлтты белгілейді. Бір ұлттың тілі дегеніміз жаратқанның сол ұлтқа берген даралық қасиеті. Дүниеде түр-түсі, бір-біріне ұқсамайтын қанша ұлт болса, сонша тілі бар. Тіл бір-біріне тәуелді егіз ұғым. Тіл барлығына ықпал жасайды. Тілмен ұлттың байланысы, қанмен жанның байланысындай. Тілмен ұлттың болмысы бір-біріне тәуелді тұтас тұлға, тілдің жойылуы ұлттың жойылуы.

Шынтуайтына келгенде, біз өз құндылығымызды өзіміз түсінбей отырғандаймыз. Біздің басқа халыққа таныстыратын дара құндылықтарымыз көп-ақ. Соның ішінде ең негізгі құндылығымыз  – тіліміз. Біздің тіліміздің адам өміріндегі болмыстық құбылыстарды бейнелеуі өте бай және бейнелеу логикалығы дәлме-дәл келетін қуаты күшті. Тіліміздің мұндай ерекшеліктерін тілден адасып қалғандығын бүгінгі көп адам біліп отырғанымыз жоқ. Сондықтан да, тіліміздің қадір-қасиетін түсінбей өз қолымыздан жоғалтып жатырмыз. Біз мынаны түсінуіміз керек, өзінің дербес тілі жоқ ұлт, толымды ұлт емес. Ол басқа ұлттардың алдында, ұлт толымдылығы жоқ жұрт ретінде есептелінеді. Егер біз, тілімізге мән беріп қолданысқа түсірмей өзіміздің төл тіліміздің орнына басқаның балдыр-батпағын қолданып, болашақта өз тілімізден айырылып, орыстың тілін негіз еткен басқаның қоспа қойыртпағын сөйлейтін болсақ, онда біз болашақта дүниедегі дербес ұлт деген атымызды жоямыз. Қазақ баласы тілімізге мән беріп, өз тіліміздің қадір-қымбатын түсініп, «тілден айырылғанның жаннан айырылғанмен тең болатындығын түсініп, білетін уақытымыз жетті. Тұтас ел болып тілімізді қолданысқа түсіруге жұмылсақ деймін. Осы орайда мен белгілі ақын Дихан Әбілов (1907-2003) атамыздың «Туған тілім» атты екі шумақ өлеңін оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Туған ана тіліміз туралы кешегі өткен аталарымыз қалай ойлап, өз ана тілін қалай бағалап қалай түсінген екен? Туған тіліңізге сіз қалай қарайсыз?

Туған тілім – бабам тілі – өз тілім.

Туған тілім – анам тілі – өз тілім.

Туған тілім – далам тілі – өз тілім.

Туған тілім – адам тілі – өз тілім.

Туған тілде сыры терең жаным бар,

Туған тілде әнім менен сәнім бар.

Туған тілім тіл болудан қалса егер,

Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.

Рас, кешегі күні қазақ ұлты қызыл империяның ұлт ретінде тұтастай жойып жіберердей тегеурінді соққысына ұшырап, өз тілінде сөйлей алмай қорланды. Қазақтың оқыған, озық ойлы, саналы, өз ұлтын сүйетін ардақты азаматтары тоталитарлық режімнің құрбанына айналды. Кешегі ұлтсыздандыру заманында өсіп-өнген ұрпақ өз тілін сөйлей алмай қорланып, ата-бабаларымыздың тіліне өзгенің көзімен қарап, онша қажетсінбей, анамыздың ақ сүтіндей асыл тілімізді саф алтындай таза қалпында сақтай алмаудамыз. Осы тұрғыдан ой қозғағанда бізге сана мен рух азаттығы керек. Өйткені, бізде Отаншылдық ұғымы кемшіндеу. Отаншылдық деген сөзді көп айтпаймыз, «патриотпыз» деп сөйлейміз. Былтыр 1 қыркүйекте немеремді ертіп, мектептің алғашқы қоңырауына қатысып едім, сөз алған оқушының біреуі «мен өз отанымның патриотымын!» деп сөйледі. Мен жанымда тұрған бір-екі ауыл азаматынан: «патриот» деген сөзді қалай түсінеміз, осы?» деп сұрап едім, олар біріне-бірі қарап, кібіріктеп, үндемей қалды, ауылдың бір жетпістің ішіне келген ақсақалынан сұрап едім, ол кісі: «патриот деген сөз, ұйымшылдық деген сөз» деді. Жасы алпысты алқымдап қалған тағы бір кісі: «патриот деген сөз өзімшілдігі күшті, адамгершілігі аз адам деген сөз» деді. Байқасақ, «патриот», «Отаншылдық» деген ұғымдардың өзін әркім әртүрлі түсініп, қабылдайды екен.  Қазақ халқының болашағы – біздің жастарымызда, қазақтың бүгінгі ұрпағында екенін білеміз. Сондықтан, біз, жас жеткіншектерге «Отан» ұғымын, «Отаншылдық» түсінігін осы бастан оның жүрегіндегі анасының орнымен тең дәрежелі етіп, Отан туралы, отаншылдық туралы білімді баланың жүрегіне жас күнінен ұялатып сіңіруіміз керек.

  Мәселенің түйіні тілде, тіл түзелмей, ел түзелмейді. Тіл қалпына келмесе, тектілік те қалпына келмейді. Тектілік қалпына келмесе, Отаншылдық рух қалпына келмейді. Отаншылдық рух адамдар санасында сәулеленбесе, Отанын саудалау мен жемқорлық тиылмайды.

Отанымыздың осындай ұлы жетістігі мен халқымыздың еңбегін қазіргі «Мемлекеттік тіл» мәртебесін алып отырған қазақ тілімен бағамдасақ, шыны керек, көңіл көнши бермейді. Қазақстан егемендік алған ширек ғасырда қазақ тілінің  жоғын түгендеп, қолданысқа енгізіп, тұтас қазақ баласын қазақ тілінде сөйлеуге үндеп келе жатқанымызбен, әлі де қордаланған мәселелер аз емес. Мәселен, қазақтың тілін жат сезінетін, тіпті, мүлдем білмейтін шенеуніктер шет тілдерге бүйрегі бұрып тұратындай. Елін ойлаған адам ең алдымен өзінің тілін ойлауы керек. Сонда ғана қазақ елі жаңа биіктерге көтеріледі.

Елімізде қазақ тілінің қолданыс табуына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей, ірі мемлекет тілдерінің қақпайына ұшырап, жойылуға (құдай сақтасын, әрине) қарай бет алып бара жатқан жоқ па деген де ой келеді. Тіліміздің болашағына алаңдатушылық білдіргендер кезінде мұны да айтып кеткен. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Тіл сөйлеу-сөйлесу, жазу-сызу, оқу-үйрену арқылы дамиды. Бұл үшеуінің бірде-біріне көңіл аудармауы үлкен қылмыс» деген екен. Бүгінгі күнгі қазақ тілінің  жағдайына қарата айтқанда, қазақ тілінің келешек тағдырына алаңдайтыным рас. Қазір Қазақстандағы мемлекеттік органдармен, басқа да іс-қимылдық орындарда қазақ тілінің қолданыс аясы қанша пайыз көрсеткіште дейтін болсақ, әрине, соншалықты жоғары дәрежеде болмай отырғаны жасырын емес. Біз тәуелсіз Қазақстан деп, тәуелсіздігімізді мақтан етеміз. Бірақ, Отанымыз өз алдына территориялы ел болып, азаттық алғанына ширек ғасырдан асса да, өзге тілдерге ден қойып отырған қазақ баласы егемендіктің түп-тамырын толық сезіне алған жоқ. Себебі біз өзге тілге тәуелділігімізден әлі күнге болсын айыға қоймадық. Тілдік бодандықтан айықпау – өз ұлтымызды яки, өзімізді басқадан ажырата білмеуге, өзімізді де дербес ұлт ретінде түсінбеуге саяды. Нақтырақ айтқанда біз рухани тұрғыда серпіліс ала алмай келеміз. Сондықтан да, біз бүгінде ұлттың жан тамыры болған тілімізге ерекше мән беруіміз керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осындай мәселелерге жан-жақты назар аударылғаны да жайдан-жай емес деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қазақ баласында өз ана тіліне жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, оны ескеріп  «қазақтың тілі өз ұлтымыздың тілі болғандықтан өз тілімізбен сөйлесейік» деп жатқан пенде жоқ.

«Егемендік алдық, азаттық алдық» деп, күллі дүниеге танылып, сырт ел бізді өз алдына дербес ел деп қарағанымен біздің тіл жағындағы толымдылығымыз әлі күнге ол деңгейге жетпей жатыр, нақтырақ айтқанда егемендік алып, азаттық туын желбіретіп, Елтаңбамызды дүниеге әйгілегенімізге ширек ғасырдан асты. Бірақ та біз әлі толыққанды қазақ болғанымыз жоқ. Шіркін, Қазақстандағы қазақ баласы, ана тіліміз қазақ тілін өзінің әдемі қоңыр үнді мәнерінен бұзбай, таза күйінде 100% сөйлей алатын күнге жетсек, бізге Алла да разы, ата-бабамыздың аруағы да риза болар еді. Біз сонда ғана бақытты, Мәңгілік ел болар едік. Бұл арман! Бұл күллі қазақ халқының арманы! Бұл кешегі күнгі ұлты үшін, ұлтының қасиетті тілі үшін өмірден күңіреніп, күйзеліп өткен ата-бабамыздың асыл арманы!

Елімізде кілең орысша сөйлейтін қазақ баласынан басқа, қазақша сөйлейді деп саналатын қазақ баласының 99 пайызын құрайтын немесе одан да көбі жай сөзде орыс тілін араластырмай, таза қазақ тілімен сөйлемейтіндігі баршамызға аян. Мәселен: «давай», «хорошо», «молодец», «ладно», «постоянно», т.б. сөздерді айтсақ да жеткілікті. Өзге тілдегі сөздерді араластырған соң тіл тазалығы бұзылады, дәмі кетеді. Қысқасы, тіл бағытында ойланатын дүние көп. Басқасын айтпағанда, кеше ғана көршілес Қытайдан көшіп келген, бір ауыз орысша білмеген, қазақ тілінде таза сөйлейтін қазақ ағайындарымыздың өзі «елің қалай болса, бөркің солай» дегендей күнкөріс үшін, көптен бөлектенбейміз деп, бүгін екі сөзінің біріне орысша араластырып сөйлейтін болып жүр. Тіпті, Қытайдан келген қазақтың әлеуметтік немесе жекеше жұмыстарға араласып, тірлік істеп жүрген сауатты жастары мен жасамыстарын қойып, отбасында отырған балалық дәуірінде Қытайда, өзінің қазақ тілі әліппесінде оқи алмаған аналарымыз бен әжелеріміздің өзі қазір «продукты» деп сөйлеп, орысшаны меңгеріп қалғандығын байқайсың. Мұны естіп, көріп отырып  қайран қаласың. Мінекей, елімізде өзге тілдің ықпал-әсері қаншалықты дәрежеде екенін, осыдан-ақ бағамдап, білуге болады. Сонда жаңағы «продукты», – деп сөйлеген әжемізге қарата айтқанда, біздің қазақтың ас тағамға қатысты айтылатын «дәм-тұз», «ас-тағам», «нан-шай», «ұн-май» және т.б. сөздерінің бірде-біреуін ауызға алмай, «продукты» дегені қалай дейсің, іштей қамығып.

 Жалпы, мен бір қарапайым адаммын, бірақ қазақпын. Менің жаным да, қаным да – қазақ. Жүрегім қазақ деп соғады. Неге? Өйткені, мен қазақтың ұрпағымын, қазақ ананың құрсағында туылып, осы дүниеге толыққанды қазақ болып келдім. Сондықтан, мен, осы жарық дүниеге әкелген анаға, әкеге борыштармын. Жоқ, мен өзімді әкелген ата-анаға ғана борышты емеспін. Мен сол өзімді дүниеге әкелген ата-анамды осы дүниеге әкелген қазаққа борыштармын. Бәлкім мен атам қазаққа, ұлтыма борыштылығымды өмір бойы еңбектенсем де, өтей алмайтын шығармын. Себебі ол – ұлы борыш. Бірақ мен сол борыштың бірі де, бірегейі болған қазақтың тілі туралы еңбектенуді өмір бойы жалғастырамын. Өйткені тіл – қазақтың жаны.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат