ОНЛАЙН САУДА ОҢТАЙЛЫ МА?

  • 30.06.2020
  • 104 рет оқылды
  • 0

Елімізде карантин режимінің енгізілгеніне де үш айдан аса уақыт өтіпті. Осы аралықта барлық қызмет түрлерінің жұмысы тоқтап, біраз абдырап қалғанымыз шындық. Қыстан шыққан халықтың жазға әзірленіп, көктемде құлпыратын шағы еді бұл. Алайда, айтпай келген апат салдарынан үйге қамалдық. Керек-жарағымызды да түгендеп үлгерген жоқпыз. Десе де, еліміздің экономикасының дамып, қарыштағанының бір белгісі болар, онлайн дүкендер мен электронды сауда қызметтері бізді бұл қиындықтан құтқарды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының арқасында электронды сауда қызметі де өріс алып келеді. Мәселен, интернет арқылы киім-кешегіңізді, азық-түлігіңізді таңдасаңыз, үйіңізге дейін жеткізіп беретін қызмет түрлері дамуда. Ендеше оқырман қауымға «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында жүзеге асып жатқан электронды сауда жайында ақпарат ұсынып, білгеніммен бөлісуді жөн көрдім.
Бүгінгі таңда ешбір адам өзінің күнін гаджет пен Интернет-трафиксіз елестете алмайды. Интернет-индустрия өте жылдам қарқынмен дамуда, бұл сауда саласына үлкен әсер етеді. Сонымен, жаңа ғасырда әлемде жаңа бағыт пайда болды, ол – онлайн сауда. Бұл пайда табу көзі – электрондық желіні қолдана отырып, көтерме және бөлшек тауарлар мен қызметтерді сатып алу мен сатуды қамтиды.
Интернеттегі бұл ақша табу түрі 1994 жылы Джеф Безостың «Кадабра» атты сайтты құруымен басталған. Бір жылдан кейін «amazon.com» деген атпен интернеттен кітап сатылады.  Осылайша әлем электронды саудамен танысты. Ал, бүгінгі күні бұл ең көп таңдалған сауда әдістерінің  қатарына енді. Интернеттегі бизнестің артықшылықтары көп. Кемшілігі де жоқ емес. Әр затты көзбен көріп, қолмен ұстап үйренген тұтынушының бұл үрдіске үрке қарайтыны заңдылық. Оған алыпсатарға деген сенімсіздікті қосыңыз. Интернет сауда елімізге кеш келгендіктен ондағы ішкі тетіктердің әлі де толық дами алмағандығы да бар. Бұл жерде тағы кежегесі кері тартып тұрған кедергінің біріне психо­логиялық аспектіні қосуға болады. Көпшілік электронды саудаға сенімсіздік танытып, дәстүрлі сауданы қауіпсіз санайды. Халықтың 20 пайызы электронды сауданы қиын деп есептейді.
Дей тұрғанмен, «Онлайн-саудадағы ең үлкен қауіп – алаяқтық. Интернет дүкендері алдайды деген күдік әлі де сейілген жоқ. Екіншіден, елдің бәрі тұрақты интернетпен қамтылмаған. Үшіншіден, сізге тауар ұнамаған жағдайда оны қайтару ұзақ уақыт алады» дейді қо­ғамдық пікір және нарықты кәсіби зерт­теушілердің қазақстандық қауымдастығының президенті Наталья Оспанова. Қазақстандықтар интернет дүкендері арқылы көбіне киім, сусабын, кірем және иіссулар сатып алады екен. Ыдыс-аяққа да сұраныс көп. Қуыршақ, құрастырғыш ойыншықтар да жиі өтеді. Интернет ресурсы арқылы құрылыс материалдары сатылады. Одан соң тұрмыстық техникаларға сұраныс жоғары.
Иә, тауар дүкенге көптеген делдал арқылы жетеді, баға да қолдан қолға өткен сайын қымбаттайды. Ал, интернет арқылы тапсырыс берсеңіз, тауар тікелей қойманың өзінен жеткізіледі де, үстеме баға тек жеткізу қыз­метіне ғана қосылады. Біріншіден ақшаңызды үнемдесеңіз, екіншіден дүкен аралап уақыт құртпайсыз. Өткен жылы қазақстандықтарға әлемнің түкпір-түкпірінен 18 миллионнан астам интернет сәлемдемелер келіпті. Оларды қабылдап алу, сақтау және иелеріне жеткізіп беру жұмыстары «Қазпоштада» жүргізіледі. Ондағы қызметкерлер күн сайын кем дегенде 47 мың шетелдік интернет сәлемдемелерін қабылдайды. Дәл қазір орталықта 50-ден ас­там интернет дүкенінің тауарлары сақталады. Мамандардың айтуынша, қазақстан­дықтардың дені Қытай, Ұлыбритания және Ресейден тапсырыс жасайды. Ал, ғаламтор арқылы ең көп сауда жасай­тын алматылықтар екен. Өйткені, интернет дүкендер мен қоймалардың көбі Алматыда орналасқан. Оның үстіне ол қаланың Қытай­мен шекаралас жатуы да әсер етсе керек.
Студент болған соң қосымша ақша табу артық етпейді. Қазір бір стипендияның бетіне қарап отыратын заман емес. Ата-анама салмақ салмай, өз нанымды өзім тауып жеуді әу баста мақсат еткем. Қазіргі таңда ақша табудың ең тиімді жолдарының бірі ол – сауда. Мамандығымнан бөлек, онлайн жүйенің мүмкіндіктерін пайдаланып, тікелей Қытай елінен тауар әкеліп сатуды ойлап, арнайы курсты да оқығанмын. Электронды түрде көп мөлшерде көтерме бағамен тауарларға тапсырыс беріп, 15-20 күн аралығында тауарымды аламын. Ортадағы делдалдар өз қызметі үшін 10 % ғана ақы алады. Бұл сауда түрі маған өте тиімді болды. Себебі базар бағасынан әлдеқайда арзанға түседі. Және бұндай қызмет түрін кез келген адам пайдалана алады. Тек саудаға деген икем болса болғаны. Әрине, біз бұл тәсілмен көрші елдің саудасын қыздырып жатырмыз. Өзіміздің отандық өнімдерді де осындай деңгейде экспорттап, неге еселеп пайда таппасқа?!
Елімізде электрондық қаражатпен сауда жасау 2005 жылы басталды. Қазір виртуалды әлемде төлем төлеу операцияларын интернет-банкинг арқылы немесе түрлі электрондық әмияндар арқылы жүргізуге болады. Мысалы, қазір халық арасында кәдімгі коммуналдық қызметтерге төлейтін төлемдерді екінші деңгейлі банктерге апарып, түбіртек арқылы төлейтін болсаңыз, әр түбіртек үшін 100 теңге төлейсіз. Ал, электрондық қаражат туралы түсінігі бар адамдар мұны әлдеқашан үйінде немесе кеңседе отырып-ақ, интернет арқылы төлеп тұрады. Ол үшін әуелі интернетке кіріп, электрондық әмиян ашып аласыз, арнайы терминалдар арқылы оған ақша салып қоясыз. Кез келген уақытта интернетте сауда жасап немесе төлем төлегіңіз келсе, қалтаңыздағы әмияннан емес, электрондық әмиян арқылы төлей қоясыз. Сондай-ақ, интернеттегі әлеуметтік желілер – жалпы бұқараға, жекелей алсақ, кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерге, қолөнершілерге, кәнігі саудагерлерге өте пайдалы құрал. Виртуалды әлемде тауарларын ұсынған хабарландыруларды «Инстаграм», «Вконтакте» желілері арқылы күнде көзіміз шалып жүр.  Бұрын сауда орындарының жарнамасы газет пен теледидар немесе радио арқылы таралатын. Енді сауда нүктелері мен шағын дүкендерге дейін интернетке жарнама берсе, олар бүкіл әлем назарына іліге алады. Тіпті сауда орындарының интернетте жеке парақшалары мен сайттары да пайда бола бастады. Виртуалды әлемде тауарды жарнамалау, ұсыну, сатып алушыларды тарту, бір сөзбен айтқанда, интернет-маркетинг ұйымдастыра білу де бизнестің өркендеуіне жол ашатыны анық.
Интернеттегі сауда-саттықта қолданылатын бірнеше негізгі бизнес модельдер бар. Онлайн сауда қызметінің негізгі бөлімдері мен осы салаға ғана тиесілі келесідей терминдерден хабардар болайық:
B2C «Бизнес-тұтынушы» схемасы ең кең таралған жүйе. Бұл интернет-дүкендер арқылы бөлшек сауда жасауды қамтиды. Бұл схема тауарлар мен қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке тұлғалар мен кәсіпорындардың жұмысына бағытталған Интернет-коммерция саласына арналған.
Интернет-сайттарды ұйымдастырудың негізгі формаларына көз жүгіртейік: Мегасторлар – өнімдердің ең көп түрі бар веб-сайттар. Мұндай онлайн-сайттар ірі офлайн бөлшек саудагерлердің онлайн бөлімшелері бола алады; Агрегатор учаскелері – бұл әр түрлі тауар топтары үшін әр түрлі жеткізушілерден ақпараттарды автоматты түрде жинайтын және өңдейтін мамандандырылған делдалдар; Интернет-дүкендер – сіз тауарлар немесе қызметтер туралы ақпаратты тегін көре алатын және ғаламторда тапсырыс бере алатын веб-сайттар. Әлеуметтік желілердегі терезелер – тауарларды немесе қызметтерді сатуды ұйымдастыру және жылжыту үшін заңды тұлғаға тиесілі әлеуметтік желілерде аккаунтқа немесе топқа орналастырылған тауарлардың немесе қызметтердің онлайн каталогын ұсынады. Сондай-ақ өнімді немесе қызмет түрін тікелей сатып алуға болады.
Интернет-сайттарды ұйымдастырудың негізгі формалары: заңды тұлғалармен өзара әрекеттесуге арналған Интернет-порталдар – салық қызметі, мемлекеттік сатып алу сайттары және т.б. Бұл анықтамаларды не себепті ұсынып отырмын? Өйткені, сіз заман көшінен қалмай, онлайн сауда жасауға көшсеңіз бұл терминдер міндетті түрде кәдеңізге жарайды. Қазіргі таңда Интернет-коммерция әлемнің кез келген елінің экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Электронды сауда негізінен Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония, Германия, Франция, Бразилия, Оңтүстік Канада, Ресей, Түркия сынды елдерде жақсы дамыған. Әлемдегі ондық топқа осы елдерді қосамыз. Тіпті алғашқы үштігінде онлайн-сауда оф­лайннан асып кеткен. Оның ең негізгі себебі бұл елдерде интернет қолданушылары басым. Төменде Интернеттегі сауда-саттық нарықтарының көлемі бойынша көшбасшылардың алғашқы үштігі көрсетілген:
Бірінші орында Қытай тұр – 562,7 млрд. доллар. Бұл әлемдегі ең ірі электронды сауда нарығы. Елде 600 миллионнан астам ғаламтор қолданушы бар. Интернет-дүкендер – Қытайдағы қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Екінші орында – Америка 349,1 млрд доллармен. Елде шамамен 191,1 миллион интернет-дүкен бар, бірақ шағын бизнестің тек 28% -ы өз өнімдерін ғаламтор арқылы сатады. Жалпы, американдықтардың 57,4% дүкендер желісі Интернетте сауда жасайды.
Үшінші орында Ұлыбритания – 93,9 млрд. доллар. Мұндағы онлайн-саудалар бөлшек сауда орындарының 13%-ын құрайды. Ұлыбритания тұтынушыларының 70%-ында смартфон бар, бірақ 16,5% -ы ғана оны сатып алу құралы ретінде пайдаланады. Ресей бұл тізімде 9-орында тұр. Интернет-дүкендердегі сатып алушылар ресейліктердің шамамен 13%-ын құрайды. Негізгі себеп – ақша мен уақытты үнемдеу. Басқа елдердің тұрғындарынан айырмашылығы, ресейліктер тауар жеткізгеннен кейін ғана ақысын төлегенді жөн көреді. Сондай-ақ, Ресей елінде соңғы 8 жылдық көрсеткіш бойынша интернетпен сауда жасау деңгейі 30%-ға дейін өскен. Ал, түрік елінде электронды сауда қызметін тұтынатындар саны 40 миллионға жеткен.
Бізде әзірге онлайн-сауда әр жылы 20-25 пайызға ғана өсіп отыр. Біздің елде бұл сауда түрінің дамуын тежеп тұрған бірнеше мәселе бар. Негізгі мәселе тауарды иесіне дер кезінде жеткізу болса, одан кейінгісі салыққа келіп тіреледі. Қытайда, АҚШ-та интернет саудагерлері салықтан босатылған. Біздегі жағдай басқа. «Қытайдан тауар тапсырдыңыз, оны ол саудагер шекара асырып, бізге салады. Бірақ оған ешқандай салық төлемейді. Ол бізге пошта арқылы жетеді. Осының орнынан өзіміздегі интернет дүкенді қойып көрейік, біздегілер қарамағына қызметкерлер ұстайды, олардың жалақысынан салық төлейді. Арнайы ғимарат жалдайды. Осы үшін қосымша құн, табыс салығын төлейді. Міне, мұның барлығы оның кәсібін өркендетуге кедергі келтіреді. Олар салық төлемеген соң тауарлары арзан, қолжетімді болады», – дейді Қазақстан интернет сауда қауымдастығының төрағасы Константин Горажанкин. Бүгінде қазақстандықтардың 20 пайызы интернет сауданың белсенді қатысушылары саналады. Бұлар ай сайын бір немесе бірнеше рет онлайн жүйеде тауар сатып алатындар. Халықтың 30 пайызы бір айда бір рет немесе одан сирек онлайн-сауда жасайды. 32 пайыз ер-азаматтар онлайн-саудаға жүгінеді. Ең қызық жайтты қараңыз, онлайн-сауда жасайтын адамдардың әрбір үшіншісі ауылдық жерлерде тұрады екен. Карантин режиміне байланысты жолдар жабылып, біз де ауылға қайттық. Сабақтарымыз да онлайн тәртіпке көшті. Бір қуантарлығы, қажет заттарымыздың барлығын электронды түрде тапсырыс беріп, Алматыдан алғызып отырмыз. Тауарымыз Қазпошта арқылы бір апта көлемінде қолымызға тиеді. Тиімді әрі қолжетімді бұл қызмет түріне деген алғысымыз шексіз!
Ендігі кезекте тағы да қызықты ақпаратпен бөліспекшімін. Интернет-бөлшек сауда нарығының әлемдік деңгейдегі негізгі ойыншылардың көшін бастап тұрған компаниялар да аз емес.
Біздің еліміз де алдағы уақытта осындай үлкен жетістіктерге жететініне сенеміз. Оған соңғы уақыттағы жоғарғы көрсеткіштер дәлел. Сандар сөйлесін: 2018 жылдың қорытындысы бойынша онлайн-сауда нарығының көлемі 1,5 есеге өскен және 269 млрд теңгені құрайды.
Электрондық сауданың үлесі – 2,9% тең.
Сатып алушылар. Электрондық саудадағы белсенді сатып алушылардың саны соңғы бір жылда 2 есеге артып, 2,3 млн адамға жеткен. Дүкен саны. Нарықта 1700-ден астам дербес интернет-дүкен жұмыс істейді. Оның үштен бірі салық жеңілдіктерін алуды қалайды (корпоративтік табыс салығынан және жеке табыс салығынан 100% босату). Сауда алаңдарының саны. Елімізде 1 млн-нан астам шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне өз тауарларын сатуға мүмкіндік беретін 20-ға жуық электрондық сауда алаңдары (маркетплейс) қызмет етеді. Электрондық сауданың қызметі, құрылымы, көлемі. Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы құрылымының 68%-ы тауарлар саудасы, 32%-ын көрсетілетін қызмет алады. Тауарлардың ішінде – құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім және аяқ киімге сұраныс үлкен. Көрсетілетін қызмет ішінде – әуе және теміржол билетін сату, мәдени іс-шараларға билет сату мен коммуналдық қызметке ақы төлеу. Қазақстанда тамақ өнімдерінің электрондық сауда көлемі – 15,4 млрд теңгені құрайды және жалпы тауарлардың электрондық саудасының 4%-ын алады. Электрондық саудада аумақтық шекаралар жоқ. Сондықтан, бұл біздің отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін де жаңа нарыққа шығуға, өзінің сатып алушысын іздеуге шексіз мүмкіндік береді.
Қазақстанды бұл даңғыл жолда үлкен жетістіктер мен толағай табыстар күтіп тұрғанын осы статистикалық деректерден-ақ байқауға болады. Дамыған елдермен терезе теңестіріп, нағыз «Цифрлы Қазақстанды» жасауда үлкен еңбек пен қажыр-қайрат керек. Бұл орайда біздің – жастардың да қосар үлесі зор болмақ. Ең бастысы біз еліміздегі әр қызмет саласының өсуіне сенім білдіреміз.

Дидар ӘБДІРАСІЛ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат