ИСЛАМ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

  • 03.07.2020
  • 505 рет оқылды
  • 1

Ғалым МҮСІРОВ,
экономика ғылымының кандидаты,
Баишев университеті «Экономика
және басқару» кафедрасының доценті

Қазіргі шаруашылық байланыстардың қаржылық жағынан жүзеге асырылуы кредит жүйесімен тығыз байланысты. Ал кредит жүйесі өсімқорлық негіздегі пайыздық көрсеткіштерге негізделген. Бұл жүйенің негізін құраушы банктер өз қызметін коммерциялық сипатта атқаратындықтан, олардың негізгі әрі түпкілікті мақсаты пайда алу екендігі де жасырын емес. Сан ғасырлар бойы бұл коммерциялық банктер пайызға негізделген кредитпен жұмыс жасап келді, келеді де, яғни, кредит те, оны пайдаланғаны үшін алынатын пайыз да оның ажырамас бөлігіне айналды. Өйткені, пайыз осы банктердің негізгі табыс көзі, дәлірек айтсақ, банк пайдасының 90 пайызға жуығын кредит үшін алынатын пайыздық табыс құрайды. Пайыз бұл ең алдымен үстемақы. Сондықтан да, пайыз банк табысының елеулі көзін құрап отыр. Олардың түсінігінде банктер пайызсыз күн көре алмайды. Шындығында да солай. Бұған дейін еуропалық экономикалық жүйеден, соның ішінде батыстық банк ісінен өзгені білмеген елдердің (посткеңестік елдер де) қазіргі назары енді рухани құндылықтар мен әділеттілікті ұстанатын ислам экономикасына қарай ауа бастады және жәй ғана ауып қойған жоқ, ол қарқынды үрдіс алып отыр. Бұл жәйден-жәй емес. Өйткені, адамзаттың шынайы өркениеттік дамуын рухани құндылықтар жүйесі ғана айқындайды, олай болса, келешек даму негізі осы құндылықтарға сүйенетіні айдан-анық бола бастады. Ал, ислам экономикасы болса, сол рухани құндылықтарды ұстанатындықтан, бұл мәселе айтпаса да түсінікті.

Бүгінде әлем елдерін ипотекалық қарыздан, яғни, кредиттен бастау алған қаржы дағдарысы (бұл дағдарыстың өз масштабы жағынан екінші әлемдік дағдарыс екендігі айтылып жүр, біріншісі 1929-1933 жж дағдарыс, ол да ипотекалық кредиттен бастау алған болатын) созылмалы экономикалық тығырыққа тіреп отырғаны белгілі, оған түрлі елдер тарапынан талдау да жүргізіліп жатыр. Иә, дағдарыс себебі кредит екені айдан-анық. Өйткені, кредит өзінің экономикалық тиімділік шеңберінен шығып кетті. Ол керісінше өсімқорлықтың, пайдакүнемділіктің көзіне, кредиттік қатынастардағы қанау құралына айналды. Бүгінде бұл да жасырын емес. Осы жерде орайы келгенде кредиттің несие еместігін айта кетуді жөн санап отырмыз. Олай дейтініміз бұл екеуі екі бөлек, бір-бірінен пайыз арқылы ажыратылатын ұғымдар екенін біздер баспасөз беттерінде жариялап та, ақпарат құралдары арқылы  айтып та жүрміз. Шын мәнісінде кредит пен несиенің негізгі ұғымын ашуда «қарыз» («заем») сөзінің елеулі әсерін ескерусіз қалдыруға болмайды. Бұл жерде кредиттің негізгі ұғымын қалыптастыратын қарыз – ақшаның қарызға сатулы түрде берілуі, оның қарыз берушіге пайыз түрінде белгілі бір өсім әкелуі, яғни, қарыз құнының иесіне (кредиттеушіге) өсіммен қайтарылуы, ақшаның капиталға айналуы – кредиттің негізгі мәні мен мазмұнын, өзекті ерекшелігін бейнелейді. Керісінше, несиенің негізгі мән-мазмұнын, басты ерекшелігін (кредиттен) қалыптастыратын қарыз – ақшаның пайызға сатылмай, өзара көмек тұрғысында, белгілі бір мерзімге, сол мөлшерде қайтарылу шартымен берілуі. Яғни, қарыз құны иесіне өсімсіз (пайызсыз) қайтарылады [1]. Біз мұны бекерден-бекер келтіріп отырған жоқпыз. Өйткені, дағдарысқа ұшыратып отырған пайызбен берілетін кредит дәстүрлі қазіргі экономикалық жүйенің қаржы құралы болса, пайызсыз несие, керісінше дағдарыс дегенді әзірше білмейтін исламдық экономикалық жүйенің тура қазақша баламадағы қаржы құралы.

Енді сол дағдарысқа қайтып оралар болсақ, оның шынайы себебі экономикалық болғанымен, негізгі түп-төркіні  соңғы бес-алты ғасырда әлем өркениетінің даму бағытын айқындап келген олардың көзқарастары мен дүниетанымында (сана дағдарысы) жатқан сияқты. Тауар-ақша қатынастарының дамуы тек шаруашылық қатынастарды ғана өзгертіп қойған жоқ. Ол адами қасиеттерге де өзгеріс әкелді. Алаяқтық, айлакерлік секілді жеңіл жолмен оңай әрі тез пайда табу үрдісі бой алды. Ақшадан – ақша жасау тұрақты жүйеге айналды. Соның нәтижесінде адам бойындағы арзан құндылықтар алға шықты. Бүгінде рухани байлықпен ешкімді таңырқата алмайсың. Керісінше, материалдық байлық тұрғысынан әл-ауқатты болсаң, қадірің жоғары. Реті келген мәселенің түйінін көп жағдайда «ақша» шешетін болды.

Егер, адамзат тарихын әділдік пен ақиқат жолындағы күрес тарихы деп сипаттайтын болсақ, онда ислам экономикасына деген бүгінгі бетбұрыс әділетті экономикалық жүйе құру жолындағы ғылыми ізденістердің, әлеуметтік талпыныстар мен адам бойындағы ізгі қасиеттердің әлі де жалғасып келе жатқандығын білдіреді.

Жалпы, қандай да болмасын әлеуметтік-экономикалық идеяның өмірге еніп, жүзеге асуы үшін белгілі бір обьективті алғышарттар қажет. Қалыптасқан ислам экономикасының тарихы әлі жас, өткен ғасырдың екінші жартысынан бері ғана белгілі. «Ислам экономикасы» термині алғаш рет Үнді елінің мұсылманы Сайид Маназир Ахсана Гиланидің 1947 жылы шыққан «Ислам экономикасы» деп аталатын кітабында жарияланды. Мұнда ол исламға сәйкес жаңа идеалды жүйе туралы жазды. Жалпы бұл терминнің ғылыми әдебиетте бекуі 1970 жылдардың орта кезі болды [2]. Ал, экономикалық жүйенің қалған түрлерін жұртшылық қауым жақсы біледі, олар – рыноктық, жоспарлы немесе әкімшілдік-әміршілдік және аралас экономикалық жүйелер. Орайы келгенде айта кеткен жөн, бұлардың негізін қалаған, өздері өмір сүрген қоғамға танымал болған, атақты экономист-ғалымдар. Мысалы, рыноктық экономиканың негізін А.Смит қаласа, жоспарлы экономикалық жүйенің негізін қалаған – К.Маркс, ал аралас экономикалық жүйені құрушы – Дж. Мейнард Кейнс.

Бұл экономикалық жүйелердің өзіне тән әлеуметтік-экономикалық белгілері мен ерекшеліктері бар және оларға тоқталып жатудың қажеті де шамалы. Олай дейтін себебіміз олардың атауларының өзі экономикалық жүйенің қандай қасиеттерге ие екендігін сырттай болса да жариялап тұр. Осы үш жүйенің ішінде ислам құндылықтарына қайсысы жақын екендігін дәл айту қиын. Себебі ислам экономикасында бұлардың қай-қайсысының болса да кейбір элементтері жоқ емес. Сондықтан да, мұсылман экономистерінің ислам экономикасы туралы тұжырымдамаларының көбіне сыңаржақты болуы, оның капиталистік немесе социалистік экономикадан несімен ерекшеленетіндігі туралы анық көрінісін бере алмайды. Мысалы, саудтық экономист Мухаммад Умар Чапра өз пікірінде ислам экономикасын «дербес еркіндікке нұқсан келтірмей, әрі макроэкономикалық және экологиялық тепе-теңділікті бұзбай сирек ресурстарды ислам іліміне сәйкес бөлу арқылы адамдардың әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдесетін ілім» саласына теңейді немесе «ислам ойшылдарының өз заманында қалыптасқан экономикалық құбылыстарға деген жауабы» (М.Н.Сиддики) [2].

Алайда, ислам экономикасының бұлардан басты ерекшелігі немесе мүлде айқын ажырататын айырмашылық белгісі және ең басты құндылығы – оның пайызсыз, «пайыз жоқ» экономикалық жүйе екендігінде. Демек, қазіргі таңда бұл экономикалық жүйе «әділетті» деген теңеуге ие болып отыр. Бұған біз де қосыламыз.

Исламның саяси, экономикалық немесе әлеуметтік ойын алатын болсақ, оның түп қазығы Құран хадистерінде жатыр, яғни, дүниедегі шынайы Иелік тек қана Аллаға ғана тән, тек қана соның хұзырында. Бүгіндері кейбір пенденің қисапсыз мүлік пен малға, байлық пен билікке қол жеткізген соң, халықтың мұң-мұқтажы мен қоғамдық пікірге қырын қарап, өзін әлеуметке қарсы қоюы өзімшілдік идеологияның үстемдік құра бастағанын көрсетсе керек. Қарапайым ұғымға жүгінсек, материалдық құндылықтардың рухани құндылықтардан артып бара жатқан заманы. Бұл туралы жоғарыда айтқанбыз. Мұның бәрі білместіктен, байлық пен биліктің буы сананы тұмшалағандықтан туындап отырған іс.

Экономиканың негізгі ұғымдарының бірі – адам өміріне, өндіріске қажетті ресурстар түсінігі. Сол жер бетіндегі барлық табиғи ресурстардың да түпкілікті иесі – бір ғана Аллаһ Тағала. Қасиетті Құранда бұл жөнінде былай делінген: «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Алла (Т.) ның әр нәрсеге толық күші жетеді» (3:189) [3].

Қасиетті Құранда келтірілген бұл құндылықтар ислам экономикасының өзегі десек артық емес. Бұл ресурстарға басыбайлы иелік ету ислам іліміне мүлде жат. Адам еңбегімен келетін байлықтың бәрі бүкіл адамзаттың ортақ игілігі саналады.

Ислам көзқарасы байлыққа қол жеткізудің һарам жолдарын мансұқтайды, бұл орайда кісіге белгілі бір міндет артады, игіліктің заңды түрде жиналуына ден қояды. Мысалы, ислам ойшылы Мухаммад Ниджатулла Сиддики ислам экономикасының негізгі міндеттерінің бірін: «Байлықтың шоғырлануын болдырмау және табыс пен байлықты бөлудегі теңсіздікті жою» деп тұжырымдайды [3]. Ал, керісінше, бүгінгі қоғамда белең алған өзге, жеке бастың қамын ойлайтын көзқарас адамның береке-дәулетті қандай жолмен болса да (Һарам ба, адал ма, бәрібір) табуын қолдайды. Бұл дүниеқоңыздық және менменшілдік пиғылға жол береді, ол түптің түбінде қолында билігі бар жандарды пайдакүнемдікке, өсімқорлыққа итермелесе, ал қарапайым кәсіппен айналысатын адал жандардың мүдделерінің елеусіз қалуына әкеліп соқтырады.

Бұл жөнінде Қасиетті Құранда да: «Әй, мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді» (4-29) делінген [4]. Демек ислам экономикасының құндылықтары тек қана қасиетті Құран Кәрімге негізделеді. Мұны ислам экономикасын зерттеуші бірнеше ғалымдардың тұжырымдары да айғақтайды. Мысалы, ислам экономикасы Құран мен оның сүрелеріне негізделген саясат ретінде сипатталады (Сайф ад-дин Тадж ад-дин), я болмаса, адамдардың экономикалық мәселелерін ислам құндылықтарының призмасы арқылы зерттейтін қоғамдық ғылым (М.А.Маннан), әдеттегі мұсылман қоғамындағы мұсылманның мінез-құлық үлгісі (С.Н.З\Х.Накви), тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында Алла тарапынан сенімгерлік меншігіне берілген ресурстарды басқарудағы мұсылман мінез-құлқы туралы ілім (М.Ариф), материалдық ресурстарды сатып алу мен иелік ету үдерісінде қалыптасуы мүмкін әділетсіздікті болдырмау мақсатында шариғат талаптарын орындау мен тыйымдарды қолдану туралы ілім (Хасан аз-Заман) [2].

Ислам экономикасының болмысы шариғат қағидаларына сәйкес болғандықтан, әлеуметтік әділеттілік сияқты адами құндылықтарды басты назарда ұстайды. Сондықтан, бұл жүйеде пайызға қарыз алу, құмарлық, алаяқтық, мәжбүрлеу мен зорлау, ең қажетті тауарларға (қызметтерге) жоғары баға қою, бағаны одан әрі көтеру мақсатында қажетті қорларды әдейі ұстау, жалған сұраныстар жолымен бағаны көтеру, сыбайлас жемқорлық секілді қатынастарға мүлде жол берілмейді. Ал керісінше, дәстүрлі саналатын қазіргі жүйеде экономикалық-әлеуметтік сипатқа жат жоғарыда келтірілген жағдайлардың барлығы дерлік орын алған, тіпті, кейбірі әдейі ұйымдастырылған десек қателеспеген болар едік. Оған дәлеліміз де бар. Мысалы, Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан жуырда ғана қолданысқа енген «жаңа экономикалық саясат» немесе ақша-кредит саясатының инфляцияны таргеттеу деп аталатын бағыты. Теңгені еркін бағамға жіберу желегімен жүзеге асырылған осы саясаттың арқасында «отандық кәсіпкерлердің бәсекелестік қабілеті орнына келді». Билік тарапынан айтылған уәж осылай. Қалталы олигархтар бұған қуаныштарын жасырмай рахметтерін жаудырды. Бұдан туындайтыны бұл саясаттың шикізат ресурстарын шетелге сатып отырған алпауыттар мен мұнай бағасына ғана тәуелді экономикамыздың мүддесі үшін ғана жасалғаны белгілі болды. Нәтижесінде, яғни, теңгенің еркіндікке жіберілуінен алыпсатарлықпен айналысушы кәсіпорындарды былай қойғанда, тек қана банктердің өзі соңғы бір-екі айда 1,5 трлн теңге пайда көрген. Енді осы мәселеге әлеуметтік-әділеттілік тұрғысынан келер болсақ, жағдай мүлде өзгеше. Ұлттық валюта құнсызданды, тауарлар мен қызметтердің бағасы өсті, күн сайын өсіп те жатыр, жұмысшылардың жұмыстан қысқаруы орын алуда, банк депозиттеріндегі теңгелей салымдағы тұрғындардың ақшаларына деген өтемақы мардымсыз, ал жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшалардың құнсызданғаны соншалық, билік оны мүлде ескерусіз қалдырды. Бір сөзбен айтқанда, қолында билігі бар, пайдакүнемдік пен өсімқорлықты мақсат тұтқан топ одан әрі байлығын еселесе, қарапайым әлеумет мүддесі ескерусіз қалды.

Ал, ислам ілімінің негізінде қоғамның әлеуметтік мәселелері орын алған, соның ішінде алдымен әлеуметтік теңдік, әділдік пен әділеттілік, адал еңбек, шариғат қағидаларына сай адами құндылықтарды арқау етеді. Шариғат заңдарын бұлжытпай орындау – ислам ілімінің айнымайтын тұрақты қағидасы. Сондықтан, ислам ілімінен бағдар алатын ислам экономикасын былайша сипаттауға болады; «шариғат заңдылықтары мен нормаларына сәйкес шаруашылық жүйесі» немесе ислам экономикасын «шаруашылықты «жүргізудің әділетті жүйесі». Осы әділеттілік ұғымының астарында төмендегідей құндылықтар жатыр, олар:

Алла тарапынан сеніп тапсырылған табиғи ресурстарға шектен тыс иелік жасамау, ал адам еңбегімен келетін экономикалық игіліктер мен байлықтың бәрі бүкіл адамзаттың ортақ игілігі;

бастапқы капиталдың адал жолмен қалыптасуы, яғни, ақшаның қандай жолмен келуі және қандай мақсатқа жұмсалуы өте маңызды;

пайызға, заңсыз және ретсіз монополияға, шариғат заңдылықтарын бұрмалайтындарға (ұрланған, сапасыз заттарды сату, құмар ойындары, арақ-шарап, қару-жарақ саудасы т.б.) тыйым салу;

 әріптестік және серіктестік құруда өзара көмекке, уәдеге сүйену, уәдені бұзбау, алаяқтық жасамау, алдап арбамау;

қанағатшылдық, ысырап жасамау және өсімқорлық пен пайдакүнемдікке жол бермеу.

Қазақстан экономикасы қазір қаржы тапшылығын сезінуде, қаржы-қаражат жетіспеушілігі өздігінен қалыптасып отырған жоқ, оның басты себебі тек мұнайға ғана тәуелді болып келген алыпсатарлық экономика. Курстық бағамы мұнай бағасына ғана байланысты қалыптасатын ұлттық валютаның жағдайы тіпті қиын. Қоғамды алыпсатарлық мәмілелердің орын алуы, қаржы ресурстарының нақты экономикадан ұрлық жолымен заңсыз оқшаулануы, шағын және орта бизнеске залал келтіретін алдау, алаяқтық, өсімқорлық, сыбайлас жемқорлық секілді зұлым құбылыстар жайлады, тіпті, ол тамырын жайып бара жатқан сияқты. Бұл туралы ақпарат көздері жиі жазып та, айтып та жатыр.

Осы отыз жылға жуық мерзім ішінде жүйелі өндірісті құра алмадық. Елді индустрияландыру бағдарламасы көп жағдайда жалаң ұран түрінде қалды, коммерциялық банктер арқылы оларды қаржыландыруға бөлінген орасан қаржылар сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болды, банктер тарапынан жеткілікті бақылау жетіспеді, өйткені, бұл банктер оларды трансакциялаумен ғана шектелді. Дәл осындай жағдайда қоғам, әсіресе, қазақстандық экономика ислам құндылықтарына зәру, дәлірек айтсақ, ислам қаржыландыру құралдарына мұқтаж. Ислам қаржы жүйесінің экономикалық қызметі керісінше адам құқықтарын бұзуға, әділетсіздікке жол бермес еді. Ислами құндылықтағы банктер алыпсатарлық экономика емес, алдымен, өндірісті дамытуға мүдделі, өйткені, өндіріс болған жерде экономика макроэкономикалық тепе-теңділікке ұмтылады, демек, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақтанады. Экономикалық тұрақсыздық белгілері (жұмыссыздық, инфляция, баға) кейін шегінеді. Сондықтан, бұл банктер елдің экономикалық дамуына тиімді кез-келген өндірістік жобаның бизнес жоспарын кәсіпкермен әріптестік жағдайда бірлесіп жасайды. Қарапайым сөзбен айтқанда, олардың қаржылық қарым-қатынасы дәстүрлі банктердегідей қарыз беруші немесе қарыз алушы емес, әріптестік нысанда қалыптасады. Оның оңтайлы нәтижесіне көз жеткізген соң, оны тегін, яғни, пайызсыз  қаржыландыра отырып, толық жүзеге асырылуына да ортақ жауапты болады. Ал, егер, аяқ-астынан тәуекелді жағдай туындаса, оның қауіп-қатерін де кәсіпкермен ортақ бөліседі. Ал, залалға ұшыраған кәсіпкердің себебі дәлелді болса (табиғи апат, ауыр сырқат, т.с.с.), оның қарызын кешіруге де дайын. Ең бастысы ол дәстүрлі банктердей, қарызын толық қайтарып алғанша, пайыз түрінде орасан зор табыс алмайды, оның табысы жобадан түсетін пайдаға байланысты үлестік қатынаста, әрі келісімді жағдайда есептеледі. Олай болса, бұл банктердің мақсаты да анық – отандық тауарлы өндірісті дамыту, экономикалық өсуді тұрақты түрде қамтамасыз ету болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Алиев У.Ж, Мусиров Г. Соотношение категории «кредит» и «несие» («ссуда») в контексте исламских ценностей //Христианство и ислам об экономике. Под ред. М.А.Румянцева, Д.Е.Раскова. Изд. НПК «РОСТ», СПб, 2008,382-388 стр.
  2. Р.И.Беккин. Исламская экономическая модель и современность. М.: ИД Марджани, 2009, 14 стр.
  3. Құран Кәрім. Қазақша мағынасы және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай.
  4. Siddiqi M.N. History of Islamic Economics Thought // Ausaf Ahmad, Awan K.R Lecturers on Islamic Economics. – Jeddah, 1992. – Р.69.
Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Оте дурыс жазылган макала. Ис жузинде биздин елимизге ислам илимин кагидасын устайтын, адал ,адами касиети жогары , халкынын камын ойлайтын, иманды президент келсин деп алладан сураймын!

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат