ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІ

  • 30.06.2020
  • 80 рет оқылды
  • 0

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Қазақстан  – 2050» стратегиясы  – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деген Жолдауында:«Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын суниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін  –  ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек.  Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екендігімізді мақтан тұтамыз. Ол  – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның да дәстүрлері бар екенін, Қазақстан  зайырлы мемлекет екенін  ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сай келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» дей келіп, «Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет» деп атап өткен болатын.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері қарай дін туралы көп айтылып келеді. Бұл тақырыпта талай еңбектер де жарық көрді. Біразын оқыдық. Тіпті, кей мектептер мен орта, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында дін тану арнайы сабақ ретінде де оқытылып жүр. Солай бола тұрып, ең өкініштісі, біздің еліміздегі мұсылмандардың да, мұсылман еместердің де дін жайлы білімдері тым таяз. Кеңестер Одағында өскен біздің бәріміздің дін жайлы түсінігіміз кешегі дүмше молдалар мен атеистердің деңгейінен, солардың айтқандарынан асып кете қойған жоқ.
Жаратылыс, өмір, дін мәселелеріне келгенде Қазақстанның Халық жазушысы, заманымыздың үлкен философы Әбіш Кекілбаев кезінде былай деп жазған еді: «Аспан мен жер арасындағы тірліктің бар сыр-сипатын түсініп болдық деуге әлі ерте. Тіршіліктің түп бастауы қайда жатыр? Ол қалай салқар арнаға айналды? Бастауы бар құбы­лыстың ақыры да бола ма? Ендеше, мұншама жүйелі дүниеге осынша сындарлы сипат дарытып отырған күш қандай? Барлығына тыңғылықты жауап тауып болған жоқпыз. Табамыз деп дәмету де, бәлкім күпірлік шығар». Ия, солай болуы мүмкін. Дегенмен де, біз осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап көрелік. Төрт құбыласы тең, барлық пен байлыққа бөленген, бұл дүниенің қызығына әбден батып, шалқып жүрген адамға бүгін ештеңенің де керегі жоқ. Онда бәрі бар – денсаулық та, байлық та. Бүгінде ол ешкімге тәуелді емес. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған күні, бірдеңеге кіріптар болған, қиналған, басына күн туған күні ол ең алдымен үлгі тұтқан адамдарынан, қасындағылардан, жақындарынан, жора-жол­дастарынан, бастықтарынан медет тілейді, қорғаныш, сүйеніш іздейді, көмек сұрайды, ең болмаса қол ұшыңды бер, дейді. Бәрінен ештеңе шықпағанда, ешкім оған қол ұшын соза алмағанда, оның соңғы сүйеніші, мойынұсынары – Жаратқан, Алла, Құдай. Оның соңғы аяқ тірер жері – Құдай ғана.
Басына күн түспегендіктен, қиналма-ғандықтан, кіріптар болмағандықтан, жай күндері көптеген адамдар Құдайға сенбейді, дінді мойындағылары да келмейді. Солай бола тұра, ол жаны қысылғанда, ең алдымен анасын, сосын Құдайды аузына алады. Соны көңіліне медет етеді. Бар ғой деп, тастамас деп, қол ұшын берер деп сенеді. Неліктен? Бұл қалыптасқан әдет пе, әлде қанымызға сіңген қасиет пе? Адам былайғы күні Құдайға сенбесе де, қиналған кезде аузына Құдайды алады. Неліктен? Әлде Құдай соңғы инстанция ма? «Өмір» деген шетсіз де, шексіз ұзын жолдың бойындағы кімге болса да демеу болар, қолтығынан сүйеп жіберер, жұбатар құдірет иесі ме?
Шынын айтсам, қазақтар әлі де болса отаршылдық қамытынан босай алмай отыр. Себебі, біз әлі де орысшылмыз, дұрысы – кеңесшілміз. Бізде бүгінге дейін – балаға тәрбие беру, білім беру, елді басқару, сот, қоғамдық қарым-қатынастар жүйелері, т.б. толып жатқан жайлар сол Кеңестер Одағында салынған «сара» жолмен келеді. Содан барып біз көп нәрсеге, соның ішінде, әсіресе, дінге, сол отар ел азаматының, атеист адамның көзімен қараймыз. Әлі де болса Кеңестер заманында қалыптасқан ой-тұжырым шеңберінен шығып кете алмай отырмыз. Бірақ, не десек те, дін біздің халқымыздың мәдениеті мен мемлекеттік саясатымыздың, сондай-ақ, қоғамдық өмірімізд­ің құрамдас бөлігі болып отырғанын әсте естен шығармаған дұрыс. Еліміздің Ата Заңы бойынша дін мемлекеттен бөлінсе де, дін біздің әрқайсымыздың ойымыздан кеткен жоқ, жүрегімізден аз да болса орын алатыны да шындық.
Жалпы қазақ арабтардай әсіре діндар болмағанымен, біздің заманымызда үлкен-дер бес мезгіл намаздарын оқып, бар қазақ ауыздарынан «биссмиллаларын» тастаған емес. Қазіргідей емес, қазақ қашанда діннің қасиетін құрметтеп, Құдайдың құдіретіне бас иген. Бұл қасиет оған анасының ақ сүтімен дарыған дей аламын. Дін жағына келгенде, біздің ұрпақ үлкендерден үлгі алса, үлкендеріміз ұлыларымызға қарап өскен, ой түйген сияқты. Ал, олардың дені оқыған, ескіше хат таныған, дінге келгенде, көздері ашық ортадан шыққандары жасырын емес. Содан болар, ұлыларымыздың ешқай-сысы да дінге қарсы келмеген. Ұлы Абай Құнанбаев дінді ғылымға баласа, Шоқан Уәлиханов та кезінде дін жайлы өзінің жақсы ойларын білдірген болатын. Ал, алысқа бармай, жақыннан ойлайтын көр соқырлар, «Ыбырай шоқынған, орыстың дінін қабылдаған» деп өсек-аяң таратса, сол «шоқынған» Ыбырай Алтынсарин қазаққа Ислам дінін жақындату, оның ғибратты сөздері мен терең ойларын ұғын­дыру мақсатында заманында, қазақта бірінші болып «Мұсыл­маншылық тұтқасы» деген еңбек жазғаны да белгілі. Олардан кейін де қазақтың ұлылары, заман тегеуріндеп қанша қысқанымен, діннен бас тартпаған. Өмір талабына сай, сырт көзге басқаша болып көрінгендерімен, дінді көңілдерінен тыс қалдырмаған. Ал, дінге қарсы сөз айту, олардың ойларына тіптен де кірген емес. Себебі, қай заманда болмасын, қазақтың ұлылары діннің құдіретін, оның тәрбиелік мәнін терең түсінген, діни уағыздар олардың жүректерінен орын тауып отырған, қасиетті Құран Кәрім мен Хадистердің сөздеріне иланған. Тек Ахмет Байтұрсынов қана, ислам діні емес, сол діннің талап-тілектерін толық орындай алмай жүрген қазақтарды сынап: «… ұзын арқан, кең тұсауға қалыптасқан қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған, шыдатпай үзіп, өз жөніне жүре берген», деп қазақтарды сынаған болатын
Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғам-бардың хадистерінде: «адал бол, иман жүзді бол, таза бол, арыңнан аттап кетпе, жақыныңа жақсылық жаса, еңбек ет, оқы, білім ал, үлкенді, ең алдымен, ата-анаңды сыйла, тағы да анаңды сыйла, жақсылыққа жақын бол, жамандықтан, өтіріктен, жалған сөзден, жалқаулықтан алшақ жүр, біреудің ала жібін аттама, ұрлық жасама» деп жазылған. Бұл талаптардың барлығы діннің тәрбиелік мәні бар саласына жатады. Жалпы діннің әу бастағы міндеті де, кімді болса да, осы талаптарға сай тәрбиелеу болатын. Діннің міндеті – адамды тәрбиелеу, оны адамгершілік жолына түсіру, ең алдымен, оның Құдайға (Жасағанға, Аллаға), одан кейін өзіне деген сенімін арттыру, сол сеніммен әр адамның жан-дүниесін билеу, оған дұрыс бағыт-бағдар беру болатын.Адамның жан-дүниесі дегеніміз, өзінше бір бөлек, шетсіз де шексіз тұңғиық, тек жеке адамның өзіне ғана тән ерекше әлем, ерекше қасиет. Оны түсіну, оған баға беру, кімге болса да дұрыс бағыт-бағдар беру – о баста осы діннің ғана үлесінде болғанын барша адамзат білуге тиіс.
«Алла адамды өзіне ұқсас етіп жаратты» делінеді Құранда. Ол адамды, «өзімнің жердегі орынбасарым» дейді. Адамның жаратылғанда Аллаға ұқсас болуы, сырт пішіні Алла сияқты болуы, Алланың жердегі «орынбасары» болуының өзі, адамның тегіннен-тегін жаратылмағандығын көрсет-се керек.
Бәріміз де басымыздан балалық, жастық шақ, мастық (мастану) шақты, жігіттік шақты өткіздік. Ол кезде бүгінгідей ақпарат құралдары онша көп бола қоймайтын. Теледидар бағдарламасы деген тым аз еді. Біз негізгі ақпаратты газеттер пен кітаптардан ғана алатынбыз. Күнде кешке жатақханада басымыз қосылып, күні бойы оқығандарымызды ортаға салып, білетінімізді, «білгіштігімізді» көрсетіп, – сөз, пікір таластыра­тын да уақыт болатын. Сондай бір кездерде жігіттердің біреуі не оқығанына түсінбей, әлде бізге түсіндіре алмай, берекесіз сөйлеп кеткенде, жігіттер, «мынаған оқу өтіп кеткен» деп жататын. Сол заманның кейбір жігіттеріне «оқу өтіп кеткен» болса, өткен ғасырдың тәрбиесін алған біздің барлығымызға Кеңестердің атеистік идеологиясының салқыны өтіп кеткені жасырын емес.
Патша үкіметі құлап, большевиктер билікті толығымен қолға алып, 1929 жылы дінге қарсы жаппай шабуыл басталғаннан кейін-ақ, бұрынғы Кеңестер Одағында ешкімнің ақ пен қараны, діннің дұрысы мен бұрысын анықтайтын мұршасы болған жоқ. «Дін – апиын» деген ұранмен басталған дін мен діндарларға қарсы қозғалыс діндарлар мен мешіт, шіркеулерді жаппай қыру мен жоюға ұласқаны белгілі. Тек, 1941 жылы, немістер Мәскеудің түбіне жетіп, енді міне ел астанасына кіреді-ау деген қауіп төнген кезде ғана, жаны мұрнының ұшына тірелген елдің бірінші басшысы Иосиф Виссарионович Сталин діндарларды елдің бірлігін сақтауға, бабалардың биік рухтарын ту етіп, халықты жауға қарсы аттануға жұмылдыруға шақырғаны белгілі. Діндарлар барлық жерде елді жинап, әсіресе, жауынгерлер ара­сында оларға дем беріп, елдің азаттығы жолындағы қанды соғыста кім де болса бабаларының ерліктерінен үлгі алуға, қайткен күнде де жауды жеңуге, туған елімізді (жерімізді) неміс басқыншыларынан азат етуге жұмылдырып бақты. Олардың жүрекке жетер сөздерінен күш алған жауынгерлер Москваға төніп келген немістердің беттерін қайтарып, жеңісті жолдарын әрі қарай жалғап кете берді. 1945 жылдың көктемінде Кеңестер Одағы жеңіске жетті. Бірақ, қан майданда елге сонша күш пен қуат берген дін мен Ұлы Жеңіс үшін жандарын сала жұмыс істеген діндарлар тіптен ұмытылды. Барлық жерде атеизм күш алып, дінге деген көзқарас сол баяғы «кет әрі» деген күйінде қалды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылда-ры коммунизм құры­лысшыларын бесжыл-дықтардың құрышты балғасын соғуға шақырған кезде, коммунистік партияның «кемеңгерлері» оларға арнап, «Коммунизм құрылысшыларының Моральдық Кодексін» жазып, алдымызға жайып салды. Білетін-дердің: «ау, мыналарың діннің («Інжілден» алынған жолдар) сөздері ғой» дегендеріне партия серкелері құлақ та аспады. Моральдық Кодекс өз міндетін атқарды, біздер көп ұзамай, коммунизмде өмір сүретінімізге «көзіміз жеткендей» болды. Дінге, оның тәртіптері мен талап­тарына партия жағынан ешкім көңіл бөлген де жоқ. Қайта оны тұншықтырып, мүмкіндігі болған жерде мешіттер мен шіркеулерді (ол заманда Қазақстандағы әр ірі қалада шіркеу болғанымен, бүкіл республикада бар болғаны оншақты ғана мешіт жұмыс істеді) жауып, діндарлар қуғынға ұшыратылды. Неге олай болды? Қасиетті Құран мен Інжілді (Библия) оқыған әр адам үшін бұл сұраққа жауап көзге көрінетін жерде жатқан еді. Бірақ, ол жауапты айту, басыңды отқа шалумен бірдей болатын. Бүгін оны айтуға мүмкіндік бар. Оның басты себебі – о баста-ақ дін адамдардың жүрегіне жол табар қасиетті сөздің иесі, қай қоғамда болса да әр адамды имандылыққа жетелер басты идеология болатын. Ал, бір елде екі идеологияның қатар жүруі мүмкін емес. Сондықтан да, партия идеологтары қалың бұқараға өздерінің партиялық сөздерін барынша жеткізу үшін, қарсы идеологияның аузын жабуға тырысып бақты. Жапты да. Нәтижесінде дін жайында ақылға сиятын дұрыс сөз естімеген ұрпақ жаппай дінсіз, шетінен атеист болып өсті. Дінге сенбеді. «Құдай», болмаса «Жаратқан» дегенді аузына алуға қорықты. О баста ғылымның – діннен, оқыған-білгендері көп ұлылардың діндарлардан шыққандарына қарамастан, партия идеологтары ғылымды дінге қарсы қойды. Көп жағдайда ел сол айтылғандарға сенді. Сенбеуге амалдары да болмайтын.
Шынын айтсақ, дін тақырыбы өте ауыр, бізге белгісіздеу, беймәлім тұстары, бұрылысы мен бұлтарыстары көп, солай бола тұрып, адамзат өмірінің барлық саласын қамтитын, өте бір күрделі тақырып. Оны түсіну, болмаса шегіне жету кімге болса да оңай емес. Бірақ, оңай емес деп қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан да, өзіміздің шамамыз, біліміміз жеткен, түсінген, ұққан жерімізге дейін бұл тақырыпты сабақтап, салалап көруді жөн көріп отырмыз.
Дін жайлы осы шағын еңбекті жаза отырып, исламның рухани-имандылық және адамгершілік қасиеттерін насихаттау, діни ағартушылық, қайырымдылық жұмыс-тарды сапалы, тұрақты және тиімді жүргізу мәселелерін де көңілден тыс қалдырған жоқпыз. Дін жайлы ғылыми түсінік, ғылыми қағидалар мен олардың тілек-талаптарын қатар беруге тырыстық. Мақса­тымыз – осы ұғымдарды бір-бірімен алмастырмай, дін жайлы анық та, оның құндылықтары мен талаптары жайлы түсінік беру болды. Адамға сенім сыйлайтын діннің тілек-талаптарын барынша өмірге жақындату. Исламнан басқа діндер жайлы жазғандағы мақсатымыз, олардың қарама-қайшылықтары емес, қайта ұқсастықтарын, олармен келісімге бастар жолды іздеуге тырыстық.
Ислам дінінің негізгі қағидаларын сол тілде оқып білу, олар жайлы ой қорыту, арабша білмегендіктен біз үшін қиынның қиыны. Ислам діні жайында әңгіме қозғағанда, біз қолымызда бар Құран Кәрімнің қазақша түсіндірмесі мен Мұхаммед пайғам­бардың Хадистері, Исламның кейбір ұлыларының жазған­дарын басшылыққа алмақшымыз. Басқа діндер жайлы да солай деуге болады. Бірақ, бұл діндер жайлы бізге дейін орыстың не бір ғұламалары ғылыми еңбектер жазып, Еуропа ғалымда­рының жазғандарын өздерінің тілдеріне аударып, ұрпаққа баға жетпес дүниелер қалдырған болатын. Біздің дін жайлы ой қорытуы­мызға сол еңбектер негіз болып табылды.
Өзен суының қандай екенін білу үшін, ең алдымен, оның бастауын көру керек. Сол сияқты, дін жайында аз да болса ой қорыту үшін де, оның бастауына бағдар жасау міндет екені айтпаса да түсінікті. Яғни, жалпы Дін жайлы әңгімені діннің тарихынан бастау керек. Дін қашан пайда болды? Қандай себептермен пайда болды? Оның алғы шарттары қандай? Оның мақсаты мен міндеттерінің негізі қайда жатыр? Қиын. Дегенмен де, өз ойымызды ортаға салып көрелік.
Діндар емес адамның дін жайлы әңгімесін діндарлар қашанда да ерекше бір қарсылықпен, шаншу тигендей, реніш сезіммен қабылдайтыны белгілі. Бірақ, жастарға арнап, дін жайында біреу болмаса біреу өз ойларын білдіріп, жазуы керек қой. Егер, әр діндегілерді тыңдасаң, олар көбіне-көп өздері ұстанған діндерін насихаттау, болмаса ол діннің басқа діни ағымдардан артықшы­лықтарын марапаттау төңірегінен шықпайды. Сондықтан да, дін жайлы діндар адам емес, жалпы дін ілімін зерттеуші, қай дінге болса да тең, дұрыс көзбен қарайтын, «дін» деген құдіреттің мақсаты мен міндеттерін түсінетін, еш дінді артық қоймайтын, болмаса еш дінді кемсітпейтін, жалпы «дін» деген ұғымға құрметпен қарайтын адамның жазғаны дұрыс қой деп ойлаймын.
Әрине, бұл еңбегіміз – діндарларға арналған терең теоло­гиялық зерттеу емес, жастарға аз да болса дін туралы, оның пайда болу тарихынан түсінік беруге, түрлі діни ағымдардың мақсат­тары мен міндеттері, олардың тілек-талаптары мен негізгі ұстанымдары, құндылықтары жайлы хабар беретін шағын еңбек екенін атап өткен жөн. Тағы да айтайын, еңбек, діндарлар емес, діннен аз да болса хабар алсам деген жастарға (оқушылар мен студенттерге, ата-аналар), жалпы оқырмандарға арналып отыр.
Мен бұған дейін бір топ авторлармен бірігіп, жастар тәрбиесіне арналған «Жа-дыңда болсын, жас ұлан немесе тәрбие туралы ойлар» деген еңбек жазған едім. Ол кітаптың бір тарауы діни тәрбиеге арналған болатын. Мына еңбектің негізі сол кітаптан алынғанымен, ол материалға қосымша: құдай, дін, діннің негізгі объектісі болып табылатын адам, Қазақстан Республикасындағы бүгінгі діни ахуал жайлы ойларымды да ортаға салып отырмын. Себебі діннің негізгі объектісі – адам, діннің бар ұсынары, білімі мен ілімі адамға, оның имандылығы мен адамгершілігіне, мәдениеті мен біліміне – бар тірлігіне арналғаны айдан-анық.
Екі мыңыншы жылдың бас жағында мен Қостанай облысы әкімінің дін мәселесі және діни бірлестіктер жұмысы жөніндегі кеңесшісі болып қызмет істедім. Одан кейін 12 жыл Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында (қазір Сұлтанғазин атындағы мемлекеттік педагогикалық университет) бөлім бастығы, ректордың кеңесшісі қызметтерін атқардым. Студент­термен кездесулер кезінде олардың дін жайында толып жатқан сұрақтарына жауап беруге тура келді. Жауап бере алмай қалған кездерім қаншама? Бұл еңбек сол жылдары жинақтаған тәжірибенің қорытындысы деуге де болады.
Қазақстан Республикасындағы бүгінгі діни ахуал қалай қалыптасып отыр? Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін, Үкімет елдегі діни ахуалды тұрақтандыруға ерекше көңіл бөле бастағаны белгілі. Соның нәтижесінде 1992 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңға қол қойды. Одан бері қарай 20 жылдай уақыт өтті. Елдің саяси, экономикалық жағдайы да біраз өзгерді. Нәтижесінде, осы саланың маңында жүрген біраз мамандардың айтуларына қарағанда, кешегі қабылданған Заң бүгінгі талап деңгейінен көріне алмайтын жағдайға жетті.
Қазақстан Республикасы қоғамдағы діннің өскелең рөлін және елімізде діннің маңайында болып жатқан келеңсіз жайлар мен бұрынғы Заңның сәл де болса босаңдау жерлерін, тәуелсіздік алғаннан соң есігімізді айқара ашып жібергеннен кейін елімізге қажеттілігі бар да, қажеттілігі жоқ та толып жатқан миссионерлердің қаптап кеткенін, дін маңында жүрген олардың қоғамдық өмірімізге тигізіп жатқан кері әсерлерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Парламенті 2011 жылдың 15 қазанында қайтадан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды бекіткені белгілі. Бұл Заң:
– Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демокра­тиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратын, әркім­нің ар-ождан бостандығы құқығын растайтын, әркімнің діни нанымына қарамастан, тең құқылы болуына кепілдік беретін, ханифи бағытындағы исламның және право­славиелік христиандықтың халықтың дамуы мен рухани өмірдегі тарихи рөлін танитын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтін, конфессия аралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылы­ғын танитынын негізге алады, деп басталып, әрі қарай:
– Қазақстан Республикасында діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінен тұратындығын айқындайды, – деп жалға-сады.
Заңның 3 бабында:
– Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
– Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азамат­тары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарастарына қарамастан заң алдында тең.
– Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгі­ленбейді.
– Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады…
5-ші бабында: Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарас себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді.
6-шы бабы: Әркім Қазақстан Респуб-ликасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы.
7-ші бабында: Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ…, – деп жалғаса береді.
Қарап отырсақ, бұл Заң азаматтардың діни наным-сеніміне толығымен жол ашып, ол жолда кімнің, болмаса қай діннің болса да теңдігін тағы да көрсетіп отыр. Бұл Заң сонымен қатар, діни қызмет саласындағы:мемлекеттік реттеу, дінтану сараптамасы, Қазақстан Республикасындағы діни қызмет, миссионерлер қызметі, діни әдебиеттер және діни мақсаттағы заттар, діни бірлестіктерді құру, оларды тіркеу мен тарату мәселелеріне ерекше мән берген.
Жаңа Заңымыз: «Осы заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады», – деп басталады. Осындағы «зайырлы» деген сөзді қалай түсінуге болады? Көптеген адамдар «зайырлы мемлекет» дегенді – дінсіздер мемлекеті деп түсінеді. Мыңдаған мешіттер мен шіркеулер жұмыс істеп, миллиондаған адамдар күнбе-күн оларға барып, Құдайға құлшылық жасап жатса, еліміз қалайша «дінсіздер» елі болады? Зайырлы – біздің халқымыз емес, басқару жүйесі, мемлекеттік органдар деп түсіну керек шығар. Қоғам дінсіз, халық зайырлы болмайды.
Қарап отырсақ, бар кілтипан «зайырлы» деген сөзде екен. Ал, енді біз осы «зайырлы» деген сөзді қалай түсінеміз. «Зайырлы» – орыс тіліне «светский» деп аударылады. Яғни, біздің еліміз діни, болмаса дін үстемдік ететін мемлекет емес, зайырлы мемлекет. Жаңа Заңымыздың үшінші бабының бірінші тармағында:
1. «Мемлекет дін мен діни бірлестік-терден бөлінген»деп жазылған. Осы екі ойға өзімізше түсінік берелік.
Біз бүгінге дейін, ескі әдетімізге салып, көп дүниені орыс тілі арқылы түсіндіріп келеміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Москвадағы «Академический проспект» баспасынан «Религио­ведение» деген энциклопедия жарық көрген болатын. Онда, «зайырлы», яғни, «светский» деген сөз былайша түсіндіріледі.
– Светское государство – государство, в котором не существует официальной, государственной религии и ни одно из вероучений не признается обязательным или предпочтительным. Ни одна религия, ее каноны и ни одно религиозное объединение не вправе оказывать влияние на государственный строй, деятельность государственных органов власти и управления, на систему государственного образования.
Светское государство нейтрально по отношению к религии, не принимает какой-либо мировоззренческой системы, в качестве официальной идеологии, а в своей законотворческой деятельности и практической практике не исходит из предписаний какой-либо религии, предоставляя гражданам возможность свободно делать мировоззренческий или веро­исповед­ный выбор.
Светский характер государства гарантируется, как правило, путем отделения религиозных объединений от государства и системы государственного и муниципального образования от религиозных объединений.
Қазақшалағанда ол былай болады: «Зайырлы мемлекет деп – ресми немесе мемлекеттік дінді мойындамайтын және бірде бір діни ілімге міндетті деп қарамайтын, болмаса оған басымдылық бермейтін мемлекетті айтады. Ол елде бірде бір діни бірлестік, болмаса оның жол-жоралғылары мемлекеттік құрылымға, мемлекеттік басқару органдары мен мемлекеттік білім беру жүйесіне ешқандай әсер етпеуі керек.
Зайырлы мемлекет қандай болмасын дінге бейтарап көзқарас қалыптастырып, олардың тілек-талаптарын мемлекеттің ресми идеологиясы ретінде қабылдамайды және азаматтардың діни сенімдеріне бостандық беру мақсатында, заң шығару кезінде ешқандай діни ағымдардың ұстаным­дары мен тілек-талаптарын басшылыққа алмайды, сондай-ақ өз қызметтерінде оларды пайдаланбайды.
Зайырлы мемлекет, негізінен, діни бірлестіктерді мемлекеттен, сондай-ақ оны мемлекеттік білім беру жүйесінен бөлумен сипатталады». Бұл энциклопедияға сенетін болсақ, зайырлы мемлекетте, мемлекеттен дін емес, тек діни бірлестіктер ғана бөлінеді екен.
Мемлекеттің, дін және діни бірлестік-термен қарым-қатынасын реттейтін заң-дарды біздің бұрынғы көрші елдеріміз де қабылдаған болатын. Олар Қазақстан сияқты діннен бастарын ала қашқан жоқ, қайта біразы түсіністікпен қарап, діннің қоғамдағы рөлін ескере отырып, біраз жұмсақ заңдар қабылдағандары белгілі. Мысалы, Арменияда – Армян Апосто­лық шіркеуі – ұлттың рухани өмірін қуаттап, бірлігін сақтаушы делінсе, Қырғызстанда мұсылман дініне ұлттың рухани-мәдени байлығын қалыптастырушы, қырғыз­дардың ділі мен ұлттық дәстүрін сақтаушы, деген баға берілген екен. Түрікменстанда да солай. Алып көршіміз Ресейдің өзінде дінге деген көзқарас біздікінен тіпті ерекше. Олар б.д. оныншы ғасырынан бастап, Орыс Православие шіркеуін орыс ұлтын ұйымдастырушы, орыс елінің басты тірегі деп түсінген болатын. Бүгін де солай. Орыс қоғамында Православие шіркеуінің рөлі өте жоғары.Ұлттар қауымдас­тығы елдерінің біразында өз халқына тән, қалыптасқан діни бірлестіктерге қай жағынан болса да, көмек көрсетіп, жағдай жасау үлгілері де жоқ емес. Қарап отырсақ, әу бастағы мағынасында, зайырлы мемлекетте, дін мемлекеттен бөлінбейді, мемлекеттен тек діни бірлестіктер ғана бөлінеді екен. Дінді мемлекеттен бөлу мүмкін емес. Себебі мемлекетті халық құрайды. Яғни, мемлекет, бұл – халық. Жалпы қандай болмасын, мемлекетті оның халқы құрайды. Екінші жағынан біздің елімізде, Президентімізден бастап, шамамен халқымыздың тоқсан пайызынан астамы, әйтеуір, бір дінге сенеді. Біздің еліміздің Ата Заңының 3 бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Сонда халқымыздың тоқсан пайызы белгілі бір дінге сенетін болса, ол тоқсан пайыз халықты, өздері бастауы болып отырған халықты, қалайша мемлекеттен бөліп тастаймыз. Бөлінуі мүмкін емес. Осы қателікті жөндеу алдағы уақыттың еншісінде болар деп сенемін.
Заман өзгерді, адам да өзгерді. Біз дамудың жаңа сатысына көтерілгелі қашан. Осыған орай, тәуелсіз елдің – дінге, жалпы идеология мен саясатқа деген көзқарасы өзгеріп жатқанда, арабтардың ескіден қалған әдеттерді біздің елге алып келулері еш ақылға сыймайтын жай. Сондай жайлардың бірі – соңғы жылдары біздің қыз балаларымызға хиджап кигізу мәселесі болып отыр. Жалпы түсінікте киім ұлттық болады. Ол дегеніңіз, әр ұлттың өзінің – тілі, салт-санасы, әдет-ғұрпымен қатар, оның өзіндік ұлттық киім үлгілері де болады. Ғасырлар бойы қалыптасқан, әр ұлттың өзінің тұрмыс-тіршілігіне, табиғатына сай киімі болады. Киім үлгісіне келгенде, біздің бабаларымыз мыңдаған жылдардан бері қарай көштің басында келген еді. Олар бүкіл дүниежүзі халықтарының бұттарына шалбар кигізсе, басқа киімдер тігіп киюде, тіпті қытайлықтардың өздері заманында түріктерден үлгі алған. Енді сол елдің балаларына арабтардың құм боранда киетін, бүкіл денені тұмшалаған хиджабын кигізу еш ақылға сыймайды. Хиджаб, қазаққа ешқандай қатысы жоқ – арабтың ұлттық киімі. Тек кейінгілер маңайындағы елдерге өздерінің діндерін енгізгеннен кейін, енді өздерінің ұлттық киімдерін де енгізгілері келеді. Бұл мәселеге келгенде, мына жайды ескерген жөн. Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінің 31 аятында былай жазылған: «Мүмін әйелдерге айт: (Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын және бүркеншектерін омырауларына дейін түсіріп, зейнептерін көрсетпесін». Бұл, қазақшалағанда, ашық-шашық жүрмей, ұятты жерлерін жауып жүрсін деген сөз. Көңілге қонатын-ақ сөз. Бірақ, хиджаб емес. Қыздарымыз бен аналарымыз жастарына қарай ғасырлар бойы өздерінің ұлттық киімдерін киіп-ақ ешкімнен кем болған емес. Тап осы жерге келгенде, ненің болса да сыртқы формасы (сырт келбеті, түрі) мен ішкі мазмұны болатындай, ислам дінінде хиджаптың екі түрі болатынын атап өткен жөн. Хиджаптың бірінші түрі – бұл сырт киім, сыртқы бейне. Екінші түрі – хиджаптың ішкі мазмұны. Ол Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) айтып кеткендей, ислам дініндегі «Хая» деген өмірлік ұстанымның заңдары. Ол мұсылман дінінің үлкен бір бөлігі, яғни, әйел баласының иманды, ибалы, кішпейіл, ұялшақ, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре білуі. Біздің еліміз Негізгі заңымыз – Конституция талаптарына сай, зайырлы мемлекет екендігін басшылыққа ала отырып, қай жас болмасын хиджаптың сыртқы көрінісінен бұрын, оның осы ішкі мазмұнын игеруі керек болар. Яғни, оның әр ісі мен қимылынан, сөзінен, бар болмысынан: имандылық, ибалылық, кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру қасиеттері толығымен көрініс табулары керек. Ішкі мазмұнға сай болғаннан кейін ғана ол өзін өзі «мен мұсылманмын» деуге толық құқы бар. Сондықтан да, біз хиджаптың сырт бейнесінен гөрі, ішкі мазмұнына көбірек көңіл бөлгеніміз дұрыс болар.
Бір діннен екінші діннің артықшылығын айту менің міндетіме жатпайды. Бірақ, қазақ балалары үшін Ислам дінімен танысуды (егер, шынымен де таныса бастаса), Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың Хадистерінен бастаған жөн болар еді. Хадистердің негізгі мазмұны, көп жағдайда, ешкімді дінге мойынұсынуға шақырмайды. Олар, кімді болса да жақсылыққа жетелер қағидалар жыйынтығы деп түсіну керек болар. Хадистердің ең алдымен, ата-анаңды сыйлау, олардың достарын құрметтеу, жақындарыңды, туған-туыстарыңды, жолдастарыңды сыйлауға, Отанды сүюге, жақсылыққа, игілік істеуге, білім алуға, мәдениетке ұмтылуға шақырған тараулары – бұлардың бәрі әркез жақсылықты ойлайтын, жақсы сөз сөйлейтін, жақсы істі бастайтын адамдарды тәрбиелеуге арналған талаптар, өмір жолын көрсетер сара жол деуге болады. Ия, о баста адамзатқа дұрыс жол көрсететін дін, келе-келе елдің өміріне, саясатына араласып, өз пайдасын ғана ойлаған алпауыттардың қолға ұстар құралы болғаны да рас. Олар дінді өздерінің бет перделері етіп ұстап, сол дінді туы етіп, не бір қарау істерге барғанын біз тарихтан жақсы білеміз.
Дін жолындағы соғыс бүгінге дейін жалғасуда. Кешегі Иран мен Ирактың арасындағы соғыс. Ол соғыс негізінен суниттер мен шийттердің соғысы болатын. Кім жеңді, кім жеңілді? Біздің білетініміз, екеуі де жеңілді. Жеңгендер – екі жақты да сол соғысқа итермелегендер болды. Ирак не болды, Иранның жағдайы қандай? Екі-үш жылдан бері қарай Араб елдерінде болып жатқан түрлі төңкерістер мен түрлі-түсті революцияларда да діннің қатысы бар екені айдан-анық. Анау Израиль мен Палестина маңындағы елу жылдан бері қарай, бірде лапылдап, енді бірде бықсып жанып жатқан халықтар дүрдараздығының негізінде де дін мен алдамшы саясаттың жатқаны жасырын емес. Қазіргі Сириядағы, Иемендегі жағдайлар? Солтүстік Кавказ ше? Ондағы соғыстарда да діннің қатысы жоқ емес…
Саясат, экономика, дін (идеология) – бірімен-бірі қатар жүретін, бірімен-бірі тығыз байланысты, бірі үшін бірі жұмыс істейтін салалар. Бар бәле, қандай болмасын мемлекетте осы үшеуінің қайсысына басымдылық беріліп, қайсысының бірінші­лікке ие болуында. Бар гәп осында… Осылардың бірі әлсіреп, елден де, қолдан да күш кете бастағанда, қайбір елдің билеушілері өз елінің бүгінгі дәрежесін сақтап қалу үшін, ең алдымен, не экономикаға, не саясатқа немесе дінге жүгінетіні заңды құбылысқа айналды. Оған мына оңтүстігімізде жатқан Иран елі толық дәлел бола алады. Бір заманда, байқамай, әлде білместіктен бе, достықтың есігін айқара ашып жібергеннен кейін, елге американдықтарды бойлап та, ендеп те енгізіп алғаннан кейін, сол кездегі Иран шахының жұбайы, АҚШ-тың «құшағынан» шығудың жолын діннен іздеген болатын. Нәтижесінде, 1975 жылы оның жетекшілігімен құрылған ғалымдардың үлкен бір тобы тәуелсіздіктің кілтін шығыс философиясы, ғылымы және дінінен іздеп, Иран философтары мен діндарларының үлкен конференциясын өткізгенінің куәсі болдық. Ол жолы АҚШ-тың «құшағынан» шыға алмаған ирандықтардың азаттық жолындағы күресі Аятолла Хомейни бастаған революциямен аяқталғанын біз жақсы білеміз.
Дін жолындағы тартыстар бүгінге дейін жалғасуда. Біздің елге де келгіштеп жүрген түрлі діни ағымдардың іс-қимылдары соның айқын дәлелі деуге болады. Біз бұрын «лаңкес», «лаңкестік» деген сөздерді естімейтінбіз. Тіпті, осыдан бес-алты жыл бұрын жарық көрген сөздіктерде «лаңкес» деген сөз кездеспейді, ал «террор», «терроризм» деген сөздер сол күйінде, аударылмай алыныпты. Яғни, біздің елде лаңкестік деген болмайтын. Болса да, бүгінгідей қауіп туғызбайтын.
Сондағы «лаңкестер» дегеніміз кімдер? Олар белгілі бір дінді өздерінің бет пердесі етіп ұстап, біздің елде, біздің жерімізде белгілі бір ел, болмаса саяси, әлде діни топтардың атынан үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, өздерінің заңсыз іс-қимыл­дарымен қоғамның өміріне қауіп-қатер туғызып, бүліншілік жүргізіп келе жатқан діни ағымдардың мүшелері (дінді жамылып, қарау іске барушылар). Олардың міндеттері: сол үгіт-насихат жұмыстарының негізінде белгілі бір топтардың діни уағыздарын таратып, негізгі халық ұстанатын (ислам мен православие) діндерінің әлсіздіктерін дәлелдеп, ел ішіне іріткі салу, елдің үрейін алу. Ал, олардың арғы ниеттері – біздің байлығымызға көз салып, сол күлшеге қалай жетудің жолдарын қарастыру, қарастырып қана қоймай, ұрымтал жерімізді іздестіру. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезіне жеткенде, олар тура сол жерден соғары анық. Солардың бірі, жоғарыда атап өткен ваһабтар мен салафилер екені анық. Орыстың белгілі дін зерттеуші ғалымы Л.С. Васильев «История религий Востока» деген еңбегінде 18 ғасырда аль-Ваһабтың жолын қуушылардың Меккені тас-талқан еткендіктері жайлы, ал бүгінгі Сауд Арабиясын билеп отырғандар солардың ұрпақтары екендігін кең көлемде және ашық жазады. Сондықтан да, білместіктің құрбаны болмас үшін, дінді де, діннің тарихын да білу керек. Оның толып жатқан ағымдарының көздегендерін түсінген дұрыс. Байқамай, алпауыттардың, діннің көмегімен құрған торына түсіп қалмас үшін, түрлі діни ағымдар, олардың мақсаттары мен мұраттары, түрлі саяси қитұрқыларын да, арғы ниеттерін де білген дұрыс. Әсіресе, біз де мұсылманбыз, деп келіп, ел мен жерге, қазақтың байлығына көз алартып жүрген салафилер мен ваһабтардан сақ болған жөн.
Күле кіріп, күңірене шыққан діни ағымдардан сақ болып қана қоймай, олардың теріс пиғылды саясаттары мен идеология­ларына қарсы тұра білу керек болады.
Адамзатқа дін қаншалықты жақсылық әкелсе, егер, оны дұрыс ұстанбаса, жаман­дығы да аз емес. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары адамзат, небір қисыны бар да, қисыны жоқ та діндерді ойлап тауып, солардың қолымен небір қарау істерге баруда. Ал, енді дінге басқа қырынан келіп, жалпы дін атаулыны өзінің әу бастағы жолына қарай бұруға бола ма? Діннің құдіреті мен күшін, оның жеке қоғам, болмаса мемлекет қана емес, дүниежүзіндегі ролін жақсы түсінген біздің елдің басшылары, нақтылап айтсақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастама көтеріп, Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет болғанына қарамай, тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, басқалар өздерінің саяси ойындарына, тіпті қарау істеріне пайдаланып жатқан діннің құдіретті күшін бейбіт өмірге, дінаралық қарым-қатынасты, сол арқылы ұлт, тіпті, мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайту-ға бола ма деген сұраққа жауап іздеп, 2003 жылы дүниеде алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезін Астана қаласында өткізді. Арқа төсіндегі Астанада өткен бұл съезге Христиан дінінің басшылары, Буддистердің Ламасы, Ислам дінінің жетекшілері, басқа да толып жатқан дәстүрлі діндердің лидерлері қатысты. Бұл бұған дейін дүниежүзінде болмаған жаңалық болды. Дүниежүзінің саяси құрылымы мен мәдени-экономикалық дәрежелері әртүрлі мемлекеттерінде күн кешіп жатқан саналуан діндердің басшы-ларының бір жерге бастарын қосып, дөңгелек стөл басында біріне-бірі қарама-қарсы отырып, бір мәселе төңірегінде – өзара түсіністік пен бейбітшілік жөнінде әңгіме-дүкен құруы бұрын-соңды болған емес. Тұңғыш Президентіміздің бұл бастамасы әлемдік дінбасылары тарапынан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен көптеген дамыған мемлекеттердің басшыларынан да қызу қолдау тапты. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі табысты өтті. Ғасырлар бойы бірін-бірі көре алмай, бірі мен бірі тілдесе алмай жүрген дін басылары қатар отырып тіл қатысты. Олар бірінші рет бірін-бірі кемсітпей, мұқатпай, бірінің алдында екіншісі тағаттылық танытып, дәрежелері тең адамдардай пікір алысты. Көтеріліп отырған мәселелер төңірегінде өз пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік алды, өз ойларын ортаға салды. Алғашқы кездесуден-ақ олардың өзара түсіністік табуға болатындық­тарына көздері жеткендей болды. Бірінші съездің табысты өткені соншалықты, дін басшылары алдағы уақытта да мұндай кездесулерді өткізіп отыруды қолдайтындықтарын білдірді. Біздің елдің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының екінші съезі 2006 жылдың қыркүйек айында тағы да Астана қаласында, осы шараға арнайы салынған Бейбітшілік пен келісім сарайында өтті. Бұл жолы дін басшылары өз басқосуларына жаңаша мазмұн беріп, «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деген тақырып төңірегінде пікір алысып, дін арқылы өзара сенімді нығайтып, ынтымақтастыққа жол бастады. Дін басшыларының өзара түсіністіктері кең қанат жайып, 2009 жылы Астана қаласында үшінші съезі өтті.
2012 жылдың мамыр айының соңғы күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезі Қазақ елінің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен тағы да Астана қаласында өтті. Дүниежүзінде бұл съездің абыройы мен мәнінің артып келе жатқаны соншалықты, төртінші съезге әлемнің 40-тан астам елінен 90-ға жуық делегациямен қатар, барлық құрлықтардан белгілі дін басылары, белгілі саясаткерлер, құрметті қонақтар да келді. Бұл Астана төрінде өтетін съез мәнінің артып келе жатқанының айқын айғағы болса керек.
«Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ла­рының съезін өткізу – діндер арасындағы бітіспес әртүрлілік пен алауыздық туралы тезистің бар болғаны елес қана екенін білдіру. Бір-бірімен жауласатын діндер емес, адамдар мен мемлекеттер. Әлемнің ұлы ойшылдары дінді өнегелілік формуласы деп атайды. Ұлы Абайда «Дінге сенушінің борышы – жақсылық жасау. Бірақ сенімсіз жасалған жақсылық не тұрады?» деген сөз бар. Кез-келген діннің жоғарғы мағынасы адам мен адамзатты жоғалтып алған жетілу, өсу, өркендеу жолына қайтару болып табылады. Біздің жоғарғы мәртебелі форумның басты мақсаты да осыған келіп тіреледі», – деген болатын съезде Республика­мыздың Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев. Бұл басты идеямен қоса, Президентіміз: «Біз әр елдің, әр ұлттың өкілдеріміз, түрлеріміз де, түстеріміз де, тілдеріміз де бөлек, сенетін, ұстанатын діндеріміз де бөлек, бірақ біздің бәріміз Жер ананың ұрпақтарымыз, біз кіндіктерімізбен сол жерге байланғанбыз, сондықтан да, біздің тағдырымыз бір. Жер ана бетінде, қырғи-қабақ соғыссыз, қару-жарақсыз, біріміз-бірімізге деген шыдамдылық, тағаттылық танытып, тату-тәтті өмір сүру – бүгінгі біздің әрқайсымыздың басты міндетіміз болуы керек», – деген ойды да жеткізді.
Қарап отырсақ, бұл сөздерде үлкен мән жатыр. Прези­дентіміз бүгінгі таңдағы діннің негізгі міндеттерін тағы да айшықтап көрсетіп отырғандай. Олар: өзара түсіністік пен тағаттылық, достық пен сыйластық, жақыныңа жақсылық жасау, кімге болса да түсіністікпен қарау, адалдық пен ақ ниет, қайткенде де, адамзаттың о бастағы адамгершілік қасиеттерін өзіне қайтару, оны әр адамның бойына сіңіру болып табылады. Ең бастысы – дін басшыларының еркін үндесуі, өзара тіл табысу арқылы, бейбітшілік пен келісім идеясының тұғырын нығайту, дінбасыларын, төзімділік пен өзара ынтымақтастықты нығайта отырып, осы идеяны жүзеге асыруға атсалысуға, бітімгер­шілікке, тұрақты және қауіпсіз әлем құруға шақыру, съезге қатысушыларға, түсіністік болған жерде табыс та болатынын жеткізу болатын. Съездің мақсаты – діндер арасындағы айырма­шы­лықтар мен қайшылықтар емес, қайта жақын келетін ұстанымдар, уағыздар мен ойларды, тілектерді бір жүйеге келтіріп, сан алуан халықтарды адамгершіліктің сара жолына салып, олардың арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтып, бірінің біріне деген құрметі, шыдамдылығы мен тағаттылығын тұрақтандыруға бағытталған болатын. Халық­аралық баспасөз беттерінде жарияланған хабарларға қарағанда, съез өз мақсаттарына жеткен сияқты. Жақсылық пен жарастық туы қашан да біздің жерде – Ұлы Далада көтеріле берсе деген тілек.
Осындай түсіністікке келген дін басыларының бұл бас қосулары Ұлы Дала төсінде, дүниежүзіндегі ең алғашқы діни наным мен сенім пайда болған, бастау алған жерде өтуінде бір сәйкестік бар сияқты. Дін осы Ұлы Даладан өркен тапса, енді талай халықтардың наным-сеніміне айналған дінді бір жүйеге келтіріп, халықтардың игілігіне бастаушы күш ету де Ұлы Дала ұландарының міндеті болуы әбден мүмкін.
Дін, оның пайда болуы, өсу-өркендеу сатылары мен толып жатқан салалары, олардың мақсаттары мен міндеттері, бүгінгі діни ахуал жайлы, құйма құлақ құйып алардай етіп біраз әңгімелеген сияқтымыз. Ондағы мақсатымыз – бүгінгі әр жас айналасына қарап өссін, жақсы менен жаманды айырып өссін деген ой болатын. Ең бастысы, жоғарыда біз, кім де болса жаны қысылғанда, аузына ең алдымен анасын, сосын Құдайды алады деген болатынбыз. Сондай сәт қазақтың да басына туып келе жатқан сияқты. Дәлірек айтсақ, қазақтың шынымен де, қиналатын күні туып отыр. Себебі, әр ұлтты ұлт ететін, оны ұлт ретінде танытатын – оның ұлттық құндылықтары десек, соңғы жылдары қазақтың ұлттық құндылықтары, әлде өзіміздің әсіре әсершілдігімізден бе, әлде басқалардың теріс ықпалдарымен, заманның қысымымен жуылып, шайылып кетіп бара жатқан сияқты. Сөйлер сөзіміз, ішер тамағымыз, киер киімдеріміз, іс- қимылдарымыз – бәрі-бәрі өзгеріп барады. Киімдеріміздің жүз пайызы басқалардікі. Киімімізге қарап, бізді ешкім қазақ демейді. Ішер тамағымыздың көбі басқаныкі. Түгін тартсаң, майы шығатын қасиетті жерде отырып, ішер тамағымыздың көбін сырттан таситын болдық. Халқымызға өзіміздің ана тілімізді, мемлекеттік тілді үйрете алмай отырып, орысша, ағылшынша, қытайша оқи бастадық. Өмірдің қай жағынан болса да, басқа­лардың жетектерінде кетіп бара жатқандаймыз. Нәтиже­сінде, ұлттық құндылықтар, ұлттық қасиеттеріміз басқа бір реңге боялып, біртіндеп басқа халық болып бара жатқан сияқтымыз. Жаңа дәуір келгеннен бері қарай, қоғамымыз өзгеріп, байлар бір бөлек, кедейлер бір бөлек болып бөлініп, мүдделеріміз сан-салаға бөлініп, адамгершілік, имандылық, ұлтшылдық деген түсініктер екінші кезекке ысырылып, біздің өмірімізден «пайдалы», «пайдасыз» деген ұғымдар берік орын алуда. Егер, ол «пайда» адал еңбекпен келсе ғой… Нәтижесінде, жетімін жылатпаған Қазақ елінде балалар жетімдер үйлеріне сыймай, өз кіндіктерінен тараған балаларының ата-аналарын кәрілер үйлеріне тапсыру белең алып келеді. Осының бәрінің басты себебі – ұлттық құндылықтарымыздың өзгеруі ғана емес, біртіндеп жойылуы болып отырған сияқты. Жан-жағымыздан жаһандану деген қысып, ол да өз заңдарын орнықтыруда. Көштен қалуға да болмайды. Ең өкініштісі, өзгенің қаңсығын – таңсық етуде қазақтар алдарына жан салмай, көптен оқ бойы озық келеді.
Екінші дүниежүзілік соғыста біздің аталарымыз бен әкелеріміз белуардан қан кешіп жүріп, қаскөй фашизмді ойсырата жеңді. Ал олардың ұрпақтары болса, бейбіт күнде идеологиялық майданда (қырғиқабақ соғыста) батыстан күйрей жеңілді. Қарсы келген жаумен қолға қару алған соғыста біз жеңсек, ақыл мен ой соғысында біз жеңілдік. Нәтижесі – бүгінгідей. Қазақ біртіндеп батыстық болып барады. Бұл жайды қалай түзеуге болады? Халқымыздың рухын қалай көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды қалай қайтара аламыз? Қайткен күнде ұлтымызды, ұлттық қасиеттерімізді сақтап қаламыз? Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде айтылғандай «Өзін басқал-ардан үстем ұстап даңдайсымайтын. Сондай-ақ өзін басқалардан кем санап, ешкімге бас ұрмайтын, Алладан басқа ешкімге құл болмайтын» ұланды қалай тәрбиелейміз? Меніңше, бұл жолдағы біздің ендігі тірегіміз – жалпы білім, мәдениетпен қатар дін мен діни сауаттылық, кімнің болса да рухын көтеріп, әркімнің өзіне деген сенімін арттыру болса керек. Білімді, мәдениетті, рухы жоғары, діни сауатты адам өз өмірінде, адамгершілік пен имандылық, сүйіспеншілік пен әділеттілік, жақыныңа жақсылық жасау, адал еңбекпен алға басу сияқты абзал қасиеттерді ту етері сөзсіз.Сонда ғана біз дінімізбен бірге ұлттық құндылықтарымызды, олармен бірге қазақи қасиет­терімізді сақтап қаларымыз анық.
Тағы бір ескерте кететін жай – еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жылдай уақыт болды. Еліміз тәуелсіздік туын биік көтерген сайын, біраз азаматтарымыз керісінше, өздерінің мойындарына тәуелділіктің, ия, тәуелділіктің қамытын киіп, соған мәз болып бара жатқан сияқты. Жоқ, мен саясат жайлы айтып отырған жоқпын. Көбіміз өмірге деген бойкүйездік пен немқұрайлылық, жалқаулықтан ұзап кете алмай жүрген кезде, жастарымыздың біразы темекіге, енді бірі түрлі ішімдік пен нашақорлыққа, кейбір жастарымыз белгісіз бір, әйтеуір «ақшасы көп» діни ағымдардың жетегінде, соларға тәуелді болып барады. Ал, еңбексіз байыған «азаматтарымыз» кешегі өздерімен қатар өскен жора-жолдастары мен ағайындарын, жалпы маңайындағы елді ұмытып, еңбексіз келген байлық пен жақсы өмірге, үлде мен бүлдеге оранған тәтті өмірге тез үйреніп, байлық пен мастық деген дертке шалдығып, бәсекеге ұрынып, өзінен басқа ешкімге пайдасы жоқ жеңіл өмірдің қыспағына ілініп, соған тәуелді болып бара жатыр. Мұндай тәуелділік болашақта тәуелсіз елдің ұстанымдарына, мақсаттары мен мұраттарына сай келе қояр ма екен? Бұл жай кімді болса да ойлантса керек. Түсінген адамға көптеген елдердің елдіктерін сақтап қалуға көмектескен діннің бізді де бұл дерттерден сауықтыруда рөлі зор болмақ. Бұл арада тәуелсіз ел ретінде ұлттық идеологиясы қалыптаса қоймаған біздің мемлекет үшін діннің ел бірлігін сақтаудағы рөлін де ұмытпаған жөн.

Қуанышбай ОРМАНОВ,
Ақтөбе және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институттарының «Құрметті профессоры»

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат