ЕЛ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

  • 31.07.2020
  • 276 рет оқылды
  • 0

Ғалым ОМАРХАНОВ,
журналист

Ел ішінде әңгіме жатсын ба, бірінен екіншісіне жетіп, одан көпке тарап кете барады. Сондай әңгімелердің бірі Елбасының туған күні мен елорданың күніне қатысты. «Ой, не дейсің, Елбасы елорда күнін өзінің туған күніне әдейілеп орайластырып  6 шілдеге ауыстырды» дегендей пікір айтып жүргендер жоқ емес. Мұның қаншалықты қисыны бар, жоқ әлде «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей пиғылмен атүсті айтыла салған сөз бе? Рас, 1998 жылдың 10 маусымы біздің еліміз үшін ерекше тарихи күн. Өйткені, дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасының халықаралық тұсаукесері өткен болатын. Оған республиканың барлық облыстары мен алыс-жақын шет мемлекеттерден арнайы делегациялар келген еді.

Дәл сол уақытта Павлодар облыстық телерадиокомпаниясының Бас редакторы болатынмын. Астананың тұсаукесеріне байланысты циклды телехабарлар дайындау маған жүктеліп, облыс делегациясы құрамында жаңа астанаға келгенім мен көргенім әлі күнге дейін көз алдымда. Астананың халықаралық тұсаукесері жайлы сол кезде де, одан кейін де көп жазылды, қаншама телерадиохабарлар дайындалды. Сол жазда есте қалған ерекше сәттер өте көп. Соның бірі – елорданың тұсаукесерінде Елбасыға гүл сыйлаған қыздың көйлегі.
Тұсаукесердің бағдарламасы қолы-мызда. Елбасы қатысатын іс-шаралардан мүмкіндігінше қалыс қалмауға тырысамыз. Қазіргідей ұялы байланыс жоқ уақыт. Бетпе-бет бір-бірімізбен жолыға қалсақ, сұрақтың астына аламыз. Өйткені, мынадай сәтте бағдарламаға өзгеріс енуі де әбден мүмкін ғой. «Елбасы түстен кейін қазақстандық және шетелдік өнер жұлдыздарының үлкен концертіне міндетті түрде қатысады» дейді баспасөз қызметіндегілер. Сол рас па?
– Иә. Астананың символына айналған ару қыз Мемлекет басшысына гүл шоғын сыйлайды екен. Сол сәтті қалт жібермей, таспаға түсіріп алған жөн. Нағыз тарихи сәт бұл… Гүл сыйлайтын қыз бар-жоғы он бес жаста дейді. Осы тұсаукесерге байланысты арнайы өткізілген байқаудың жүлдегері екен. «Жас Астананың символы», «Еуразия аруы» көрінеді.
– Тіпті оның киіп шығатын көйлегін атақты дизайнерлерге арнайы тапсырып беріп, тіктірген дей ме?
– Тіктірмеген, қолдан тоқылған дегенді естідім. Шеберлер мата емес, әшекей тастарды пайдаланған көрінеді.
– Тағы бір естігенім, Астананың аруы Елбасыға гүл сыйлап жатқанда Бауыржан Исаев пен Нағима Есқалиева «Первое утро столицы» әнін тұңғыш рет ел алдында бірге шырқайды екен. Алдын-ала қамданып, бейнекамераларды орналастыратын лайықты орын тауып алып, осы көріністерді керемет етіп түсіріп алайық…
Газет тілшілерімен салыстырғанда, тележурналистер үшін қиындық тудыратын осы жағдай. Дәл сол мезетінде таспаға түсіріп алмасаң, қапы қаласың. Мұндай тарихи бейнекөріністерді араласып-құраласып жүрген әріптестеріңнің өзі көшіріп алуға бере қоюы екіталай. Өйткені, ел тарихындағы ерекше сәтті бейнелейтін көріністерді қай телеарна болсын алдымен өздері сүйіншілеп, көрермендерге көрсетуге асығатыны анық.
Не керек, журналистердің жинақтаған ақпараты рас болып шықты. Тұсаукесерде талшыбықтай бұралған ару қыз – Мәдина Закирова Елбасыға гүл шоғын сыйлады. Алдын-ала жасалған сценарийден ауытқыған жоқ. Сол сәтте мұның бәрі адам жанын тебірентетін керемет көріністер болғанын айтып жеткізу оңай емес. Әлі мектеп қабырғасында жүрген Мәдинаның да ерекше бір сезім күйде, толқу үстінде болғаны сөзсіз. Мәдина сол жылы бар-жоғы 15 жаста. Астанадағы №31 мектептің оқушысы болатын. Астананың тұсаукесеріне орай әдейі байқау ұйымдастырылып, оған 200 оқушы қатысып, солардың арасынан Мәдина суырылып алға шығып, Елбасыға гүл сыйлау бақыты бұйырды. Міне, тұсаукесер кезінде осындай тарихи сәттерімен ел есінде сақталып қалған Елорда Елбасының төлтумасы. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Қазақстанның астанасын жанға жайлы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде бастама көтерген де Нұрсұлтан Назарбаев.
Шыны керек, сол уақытта республиканың жаңа астанасы – Ақмола болатынына жұрттың көбі әсте сене қойған жоқ. Басқасын айтпағанның өзінде, тәуелсіздік алғанына көп уақыт өте қоймаған қазақ елінің бұдан басқа да бірінші кезекте шешуге тиісті көкейкесті әлеуметтік-экономикалық мәселелері шашетектен еді. Осындай қысылтаяң шақта «Жылы орынды суытып, қысы қытымыр, жері батпақ, адам тұруға қолайлы жағдайы жоқ Ақмолаға көшудің қаншалықты қажеті бар?» деп ашық та, жасырын да қарсылық білдіргендер аз болған жоқ. Оны Елбасының өзі де жасырмай айтқанын жақсы білеміз.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруді тоқсаныншы жылдардың басында қозғай бастаған еді. Елбасының бұл ұсынысына алғашында елең ете қойғандар сирек. Себебі, бұл ойдың жүзеге асатынына сенімсіздік пен күдік басым болды.
Қазақстандықтардың көбі екіұдай болып жүрген шақта  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысы өтті. Бұл – 1994 жылдың 6 шілдесі  болатын. Елбасы  Қазақстан Республикасының орталығын Алматыдан Ақмолаға көшіруді  депутаттардың талқысына ұсынды. Оны  бір-екі сөзбен жеткізген жоқ, бұл мәселенің маңыздылығы мен қажеттілігіне байланысты дәйектері мен дәлелдерін жайып салды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы «Еуразия жүрегінде» деген кітабында былай деп жазғаны бар: «Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды».
Елбасы Қазақстанның елордасы ретінде Ақмоланы таңдауға байланысты  32 негізгі өлшем-пайымды алға тартқанын жұртшылық жақсы біледі. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, коммуникация, көліктік инфрақұрылым, құрылыс, еңбек ресурстары  және басқа да негізгі салалар бойынша қарқынды дамуға жас мемлекеттің жаңа астанасында мол мүмкіндік болатыны, сонымен бірге климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта  өте қолайлы екені айтылған болатын. Осындай тұжырым-пайым мен жоспарлардың бәрі сөз күйінде қалған жоқ, барлығы да ойдағыдай іс жүзіне асып келеді Аз уақыт ішінде тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасы адам танымастай асқақ астанаға айналды.
Шыны керек, астана Алматыдан Ақмолаға ауысқан алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Ел-жұртқа әңгіме өзегі болған әлгі мәселелерді көпшіліктің көргені де, бастан өткергені де өтірік емес. Бірақ қазір сол бір қиын-қыстау уақыт көрген түстей өте шыққаны да шындық. Санаулы жылдардың ішінде бұрынғы сұрықсыз Ақмола адам танымастай астанаға айналды.  Тарих үшін қас қағым сәтте таңдай қағып тамсанатындай елорда тұрғызылды.
Жасырып қайтеміз, Ақмола астанаға айналған алғашқы жылдары жұрттың көбі елорданың дәл бүгінгідей дәулетті де сәулетті қалаға айналатынына күмәнмен қарады. Үміттен күдік басым болды. Оны сол кезде осы істің басы-қасында жүрген шенді-шекпенділер де жоққа шығармайды. Елбасының пәрмені мен нартәуекелі арқасында аз уақыт аралығында ескі қаланың орнына жайнаған, жасыл желекті жаңа қала салынды.
Елорданың ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов сол жылдары қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің орынбасары әрі астананы көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болатын. Сол кісі ұйқысыз-күлкісіз түндер мен күндердің көп болғанын жоққа шығармайды. Қазір сол күндерді сағынышпен еске алады. Ол сол жағалаудағы құрылыс жүмыстарының бел ортасында жүрді. Әрбір нысанның қазығы қағылып, құрылысының қарқынды түрде жүргізілгеніне куә. Сол бір жылдары қалалықтарды жылумен, сумен қамтамасыз етуде іркіліс болмауын күндіз-түні қадағалап, апат бола қалған жағдайда оны тез арада қалпына келтіруге шенеуніктердің де білек сыбана кірісіп кеткенін біреу білер, біреу білмес. Бірақ, шындығы осы. Өйткені, сол бір шақта Елбасы қаланың тіршілігін күн сайын көзден таса қылмай, артық-кемін елеп-екшеп, қатты қадағалаған болатын.
Астананың архитектурасы мен кескін-келбеті туралы қазір елорда тұрғындары мен қонақтары таңдай қағып, тамсана айтып жатады. Шынында да бар-жоғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде Арқа төсінде сәулетті қала салынды. Басқа шаһарларға тіпті де ұқсамайды. Бітімі бөлек. Ерекше. Мақтаныш етесің, марқаясың.
Келешекте қала қанатын кеңге жая береді. Өйткені, астана тұрғындарының қатары күн санап өсіп жатыр. Қазірдің өзінде бір миллионның үстіне шықты. Алдағы уақытта әлемдегі үлкен қалалардың біріне айналады деген болжам бар. Елорданың бас жоспарына қарасаңыз, келешегі зор. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талай басқосуда айтып жүр.
Қаланың өзіне тән айрықша әрі маңызды нысандарын жобалауға әлемдік сәулетшілер тартылды. Айталық, бас қаланың символы – «Бәйтерек» монументі. Әлемде алғаш рет диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тонна болатын, күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған ерекше нысан бой көтерді. «Бәйтерек» монументі – астананың басты көрікті орны ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік символы. Заманауи тілмен айтсақ, «Бәйтерек» Астананың «визит картасына» айналды. Ал, монумент құру идеясының авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Елорданың жиырма жылдығына орай және одан кейін де пайдалануға берілген барлық нысандарды тізіп шығу мүмкін емес. Ақиқаты – жаңа астана күн санап емес, сағат сайын көркейіп, ауқымы күннен-күнге артып, қанатын кең жая бастады. Жүздеген жаңа тұрғын үй кешендері мен әкімшілік ғимараттары бой көтерді.  Елорданың ертеңіне күмән-күдікпен қарап отырған ағайындар қазір астанаға қарай ағылуға асық. Өйткені, болашағы зор екеніне көздері жетті. Осы қалада тіршілік-тірлік жасап, өсіп-өнуді мақсат еткен жұрт «астаналықпын» деп асқақ түрде айта бастады. Елорданың сәулеті мен дәулетіне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты құлаққа жағымды әңгімелер айтылатын болды.
Жалпы, 2030 жылға қарай елорда тек сәулетті қала ғана емес, сонымен бірге Еуразия кеңістігіндегі құлашын кең жайған, іскерлік пен мәдениеттің, ғылымның қыз-қыз қайнаған орталығына айналуы керек. Бас жоспар осыған сәйкес қайта жасалғаны белгілі. Оны әзірлеген белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава. Осы жоспарда елордада көліктік инфрақұрылымды дамыту – негізгі мақсаттың бірі. Мұны әу баста айтқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Өйткені, шаһарда құрылыс кең қанат жайып, тұрғындар қатары өсумен бірге, көлік те көбейетіні белгілі. Солай болды да. Қазірдің өзінде көлік кептелісі болып тұрады. Ал келешекте бұл өзекті мәселеге айналуы әбден мүмкін. Сондықтан, көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттігін Елбасы жақсы түсініп, алғашқы күннен бұл мәселеге ерекше мән берген еді.
Осыдан жиырма жылдай бұрын жаңа астанада бар-жоғы екі-ақ көше бар болатын. Қазір көп. Оның қатары алдағы уақытта да көбейетіні сөзсіз. Өйткені, астанамыз өсіп, көліктер көбейді. Бірақ, бір шетінен көліктер астананың ауасын ластап отыр. Қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың 50-55 пайызы көліктердің «үлесінде». Мұны азайтудың амалы – көлік­терге газ қондырғыларын орнату. Бұл ерекше қарқын алмаса да, жүргізушілер арасында осын­дай қадамға барғандар аз емес. Олардың қатары алдағы уақыт­та да артатыны сөзсіз. Өйткені, қазір елордада көліктерді газ­бен жүруге көшіретін қондыр­ғыларды орнататын фирмалар 10-ның үстінде. Егер сұраныс артып жатса, келешекте көбеюі де әбден мүмкін. Астанадағы экотаксилердің бәрі газбен жүреді. Бұл осыдан біраз жыл бұрын басталған еді, қазір экотаксилердің қатары біршама артты.
Астана билігінің ауаны таза ұстау бағытында ерекше мән-маңыз беріп отырған ісінің бірі – «Astana bike» жобасы. Қазір ауа райы қолайлы уақытта астанада 150 велобекет, 1000 велосипед елорда тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Жаз айларында 7000-ға жуық адам осы қызмет­ті пайдаланады. Жылдан-жылға олардың қатары артып келеді.
Қоршаған ортаны таза ұстаудың бірден-бір жолы – «жасыл экономика». Елбасы мұны үлкенді-кішілі жиындарда ұдайы айтып келеді. Өйткені, бұл уақыт талабы. Бүкіл әлем таза энергияға бет бұрды. Сондықтан да, мұны жаһандық тренд деп бағалап отыр.
Қазір көп ел үнемге баса назар аударады. Соның айқын бір айғағы – электромобильдер. Осы арқылы тұншыққан қоршаған ортаны тазартуға да жол ашылады. Яғни, жер-жаһанды алаңдатып отырған экологиялық мәселенің түйіні де тарқатылар еді. Елбасының елордада өткен халықаралық экономикалық форум барысында «Егер автопаркті электрокарлар алмастыратын болса, бұл жер бетіндегі ауаны 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік береді» дегені есімізде. Сол форум кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун қоршаған ортаны қорғау бағытында Қазақстан көшбасшы елдердің қатарында екенін айтқан болатын. «Қазақстанның 2013 жылы жасаған «Жасыл экономикаға» көшу концепциясы Еуропалық одақтың бағыттарына сайма-сай келеді. Қазақстанның 2050 жылы энергияның 50 пайызын баламалық қуат көздерінен аламыз деген міндеттемесі бар. Және Назарбаев 2017 жылы іске қосқан «Жасыл технологиялардың халықаралық орталығы» Қазақстанға бұл міндеттемелерді орындап, әлемдік көшбасшы болуға жақсы құрал болады деп ойлаймын» деп жүрекжарды пікірін жеткізген еді.
Қоршаған ортаны қорғау дегеннен шығады, «Астанада тал-терек өспейді, қурап қалады» деген әңгіме де бос сөз болып қалды. Елбасының бастамасымен елдорданың жасыл желек белдеуі жасалды. Ал қаладан басталған орман-тоғай алабы Көкше жеріне дейін жетті.
Астананы Алматыдан Ақмолаға көшірген кезде Нұрсұлтан Назарбаев баса айтқан маңызды істің бірі – тұрғын үй болатын. Қазір қалада тұрғын үйлердің құрылысы өте қарқынды. Орта есеппен алғанда бір адамға баспана алаңы 22,2 шаршы метрді құрап отыр. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 шаршы метрге жетпек. Тұрғын үйлерді жобалағанда оның маңайында мектеп, балабақша, сауда және демалыс орындары, саябақтар мен спорт нысандарын қоса қабат жүргізуге пәрмен берген де Елбасы. Бұл тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі үшін қолайлы жағдай жасаудың қам-қарекеті.
Нұр-Сұлтан қаласы тек сәулетті ғана емес, таза болуы тиіс. Өйткені, бұл Қазақстанның бас қаласы. Оның үстіне келімді-кетімді кісі көп. Сырт көз – сыншы. Күнделікті өмірде күйбең тірлікпен жүріп, көбіміз әсте байқай бермейтін тұрмыстық кемшін тұстарымызды сырт көз бірден аңғара қояды. Ауасы да, суы да, айналасы да – бәрі-бәрі кіршіксіз, мұнтаздай таза болуы қажет. Бұл мәселеге де Елбасының өзі тікелей бас-көз болған еді. Соның нәтижесінде елорда шырайлы, таза қалаға айналды.
Елбасы сол бір тоқсаныншы жылдары жас қазақ елінің халықаралық қауiпсiздiгін де қаперден шығармағаны айдан анық. Өйткені, қанаты енді-енді қатайып келе жатқан Қазақстанның астанасы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық болуы керек екені түсінікті. Тіпті, қазақ елі бұрынғы кеңестер одағының құрамында болған кездің өзінде бұл мәселе Мәскеудегі шенді-шекпенділердің «бас ауруы» болғаны жасырын емес. Ол уақытта КСРО-ның «салқын саясат» жүргізуі салдарына байланысты Қазақстанның астанасынан таяқ тастам жердегі Қытай елі «қырын қарап», соған орай екі мемлекет те шекараларын қымтай түскенін тарихтан білеміз. Сол себепті Қазақстанның астанасын республиканың  орталығына қарай көшіру жөнінде талпыныс жасалғаны жөнінде дерек бар.
Әлбетте көршілес мемлекеттермен қырғи қабақ, салқын саясаттың бетін әрмен қылсын. Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан бері бейбіт саясат ұстанып отырғаны әмбеге аян. Дегенмен «Мемлекеттің астанасы шекарадан қашық, елдің кіндік ортасында болғаны жөн» деген  Елбасы саясатының дұрыстығына бүгінгі күні айқын көз жетіп отыр. Бұл ретте Солженицин, Жириновский секілді кейбір сыңарезу саясатшысымақтардың «Қазақстанның солтүстігін Ресейге қосу керек» дегендей керітартпа пікірлерді қайта-қайта бықсыта бергені де түрткі болған шығар, бәлкім. Оның үстіне КСРО-ның кезінде тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында Қазақстанның солтүстік облыстарына, оның ішінде әлбетте, Целиноград та бар, жан-жақтан басқа ұлт өкілдері ағылған болатын. Мұндай құйтырқы саясат қазақы ортаның жойылып, қазақ мектептерінің жабылып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің аяқасты болуына әкелген еді. Тоқсаныншы жылдары Ақмола қаласында қазақ ұлты бар-жоғы 10 пайыздың айналасында болатын. Қазір жергілікті ұлт 90 пайыздың үстінде. Астанада қазақ мектептерінің қатары артты. Елдің бірлігі мен ынтымағы, тұтастығы да арта түсті. Бұған дәлел – ТМД елдерінде баламасы жоқ құрылым біздің тәуелсіз мемлекетте бар – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ұлттар мен ұлыстарды ұйытып, олардың салт-дәстүрлері мен мәдениетін сақтап, ынтымағын нығайтуға ұйытқы болып отырған Ассамблеяның да негізін қалаған Елбасы. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Еуразия жүрегінде» кітабында былай деп жазған болатын: «Астананы құрамы жағынан көп ұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiндегi бағытымызға адал екенiмiздi тағы бiр дәлелдедiк».
Негізі Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруге түрткі болған тағы бір себеп бар. Бұл ойымызға дәйектеме ретінде Мемлекет басшысының  «Еуразия жүрегінде» кітабынан үзінді келтірсек. «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға, не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалған осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?» деп, келте кесіпті».
2006 жылдан бері елорданың күні 10 маусымда емес 6 шілде күні тойланып келеді. Рас, бұл күн Елбасының да туған күні. Елбасы мен Елорда ажырағысыз ұғым. Бірақ «Елорда күнін Елбасының туған күніне әдейі орайластырды» деген пікір тіпті де қисынға келмейді. Бұл сөзімізге тарихи дерек дәлел. Жоғарыда келтірген, Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Жоғарғы Кеңестің 106 қаулысы 1994 жылы 6 шілде күні шыққан. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті араға екі жыл салып, 1996 жылдың 6 шілдесі күні елорданы көшіру туралы қаулы қабылдаған. Сондықтан, Елорданың күні Елбасының туған күнімен тұспа-тұс келуі әдейі орайластырылған емес, тарихи құжаттарға негізделген заңдылық.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деген еді.
Сөйтіп 2019 жылы жастар жылы болып жарияланды. Осыған орай елордада арнайы өткізілген іс-шарада Нұрсұлтан Назарбаев жастардың алдында тұрған қадау-қадау міндеттерді жайып салды. Әсіресе олардың заман ағымынан қалыс қалмай ғылым мен технологияның шырқау шыңына шығуға кеңес берді. «Қазіргі экономикадағы бәсекелестік жаңа технология ойлап тауып, оның тәжірибеде кеңінен қолданылуына байланысты. Бизнесте көшбасшы болу үшін инновациялық ойлау жүйесі мен заман талабына тез бейімделе білу керек. Бүгінде әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіп-керлер қалағанын білесіздер. Мысалы, «Фейсбукті» Марк Цукерберг 19 жасында, «Майкрософты» Билл Гейтс 20 жасында,  «Apple» компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған.  Бұл компаниялар жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр. Олар өз бизнесін бастағанда ауқымды қаржы ресурстарына немесе үкімет қолдауына сүйенген жоқ. Мемлекет қоғамда жасампаздық,  бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға баса мән берді.  Біздің жастарымыздың бойында осындай қасиеттер бар» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының осындай жігерлі сөздері атшаптырым залға жиналған, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастарға қанат бітіргендей көрінді маған. Расул Абдуллаев бала күнінен кәсіпкерлікпен айналысуды арман еткен екен. Тәуелсіз Қазақстанда жастарға жасалып отырған шынайы қамқорлықтың арқасында сол мақсат-мұратына қол жеткізіп отырғанын айтты. Жас кәсіпкер 24 жаста. Соған қарамастан жетістіктері жоғары. Әлі де арманы асқақ, жоспарлары көп. Оның бәрі жүзеге асатынына толық сенімді. Өйткені, Қазақстанда кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау өте жақсы. Расул «Кекс» агенттігінің көмегімен Қазақстан нарығын қамтитын түрлі жобаларды жасап жатқандарын айтты. Мәселен, «You Frame Burger» мейрамханалар желісі бүгінде «Burger King» және «McDonalds» сынды брендтерге бәсекелес. Олар алдағы бес жылда дәл осындай 100-ден астам мейрамхана ашуды жоспарлауда. Тек бұл ғана емес, Руслан бастаған жас кәсіпкерлердің Қазақстанды бүкіл әлемге кең таныту мақсатындағы ауқымды жобалары да бар болып шықты. «Ең алдымен бұл – елімізде 4,1 млн жазылушы аудиториясы бар және күнделікті 20 млн көрсетілімді қамтитын «YouFrame» шығармашылық бірлестігі. Біздің ұжымның мақсаты – әлем бойынша қазақстандық контент құру. Біз шетелдік нарыққа да кіріп жатырмыз және Ресейдегі аудиториямыз бір миллион адамнан асты. Біз шығармашылығымызбен әлемді таң қалдырмақпыз», – дейді Расул.
Демек, жастардың арасында да заманауи үрдістен қалыс қалмай, әлемдік деңгейде қазақстандық брендті қалыптастыруға ұмтылуы қуантарлық жағдай. Лайым осындай білімді, ынталы, жігерлі жастардың қатары көбейе берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Жастар тек қалада ғана емес, ауылдарда да осындай құлшыныс-жігермен жұмыс істесе еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің жүзеге асуына лайықты үлес қосқан болар еді. Оны сол жолы Елбасы да айтып қалды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек. Осыған орай, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын. Көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жөн.Сондай-ақ, жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет. Дамыған елдерде бұл бағыт жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың бірі саналады. Онда цифрлық технологиялар мен роботтандырылған кешендер белсенді қолданылады» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сол кездесуде жастарды ауыл шаруашылығын көтеруге белсене атсалысуға шақырды. Өйткені, Қазақстанда бұл саланы дамытуға барлық мүмкіндік пен жағдай бар. Басқасын айтпағанның өзінде, егіндік және жайылым жер жеткілікті. Соның барлығын тиімді пайдаланып, заманауи ғылыми технологияларды енгізетін болса, Қазақстанның әлем халықтарын асырауға мүмкіндігі бар. «Сол себепті аграрлық кешен біз үшін өте маңызды әрі бірегей. Біз осы салада өз брендтерімізді жасай аламыз. Ашық айтайын, қазір бір инвесторлар жер сұрап отыр. Соған Американың технологияларын енгізуге әзір. Мәселен, АҚШ-тың бір ғана Дакота штатында бізден жеті есе артық өнім алып отыр. Ондай технологияларды өз жерімізде де енгізе аламыз ғой. Қазақстанда аграрлық кешен стратегиялық сала болып саналады. Болашақта аталған сала отандық экономиканың басты драйверіне айналуы әбден мүмкін» деген болатын Елбасы.
Жасырып қайтеміз, қолында қолақпандай дипломы бола тұра жас мамандардың көбінің ауылда жұмыс істеуге құлшынысы жоқ. Көбінің ойы − қызығы мен у-шуы көп қалада қалып, өзіндей өрім жастардың ортасында болу. Бұл үшін оларды күстаналаудың да жөні жоқ шығар, бәлкім. Өйткені, қалада тұра ма, ауылда тұра ма, әркімнің өз қалауы. Солай десек те, жастар жаппай қалаға қарай ағылып жатқанда қазақтың алтын бесігі – ауылдарымыздың келешегі қалай болмақ? Бала саны жетпей, мектептер мен басқа да мекемелердің жабылуы жалғаса берсе, ата-баба кәсібін жалғастыратын лайықты ізбасарлар жоқ болса, ауылдардың ертеңгі күні не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты. Жасырып-жауып қайтеміз, тіпті ауылда туып-өскен қыз-жігіттердің өздері қаладағы тіршілікке тез арада бейімделгендіктен бе, кім білсін, әйтеуір оқу-білім алған соң көбі елге барып еңбек етуге соншалықты құлықты емес.
Басқа мамандарды айтпағанның өзінде, қазір ауылдағы малшы-механизаторлардың орташа жасы алпыстың үстінде, жетпіске жақын. Көбі зейнет жасында болса да, амал жоқ, қатардан қалмай жұмыс істеп жүр. Бұл қашанға дейін жалғасады дейсіз? Бір сөзбен айтқанда, олардың ізін басып, жұмысын жалғастыратын жастар қайда? Осымен сабақтас тағы бір өзекті мәселе бар – жас мамандардың басым бөлігінің біліктілігі мен машығы төмен. Тиісті оқу орнын бітіргендігін растай­тын дипломы бар, бірақ ауыл шаруа­шылығы мен өндірістің қазанында қайнамағандықтан, оларды біраз уақыт тәрбиелеуге, тәжірибе жинақтауына тура келеді. Өйткені, олар бірден бел шеше кірісіп кететін дайын маман емес. Басқа амалы жоқ болғандықтан, еңбек ұжымдарының басшылары осындай мамандарды да жұмысқа қабылдауға мәжбүр. «Уақыт өте келе төселетін шығар», «Өмірдің өзі үйретеді ғой» деп өздерін жұбатып жататынын талай мәрте естідік.
Жасыратыны жоқ, аудан-қалаларда ұдайы өткізілетін еңбек жәрмеңкелерінде жұмысшы мамандарына сұраныс өте жоғары. Керек десеңіз, жалақысы жоғары, барлық жағдайы жасалатын жұмыс орындары да аз емес. Бірақ, соған лайық мамандар табылмай жатады. Бұл ауылға да, қалаға да тән. Біраз жылдан бері жалғасып келе жатқан жағдай бұл. Сонда мұны шешудің жолы қандай? Бұрын ауылда да, қалада да кәсіптік- техникалық училищелер көп еді. Қазір жоқ. Оның орнына техникалық мектептер ашылды. Қаржыландырудың және қажеттіліктің жоқтығына байланысты жабылып қалғандары да аз емес. Бұл – нарықтың қатал талабы. Ал техникалық мектептердің ішінде жоғары колледж болып жатқандары да бар. Бәрі емес, әрине. Өйткені, кез келген орта арнаулы оқу орны қазір мұндай жоғары деңгейге ие бола алмайды. Талап пен жауапкершілік өте жоғары. Осыған сайма-сай келетін оқу орындары сирек. Бұл дұрыс қадам. Саны бар, сапасы жоқ, қажетсіз кадрларды топырлатып жатқан сансыз оқу орындарының қатарын азайтып, сұранысқа ие білікті мамандар даярлайтын жоғары колледждер көбейсе құба-құп, әрине. Бірақ, ондай білім мекемелері Қазақстанда әзірге көп емес, санаулы.
Осы тақырыпқа орай бір мысал. Түркістан облысы Ордабасы ауданының орталығынан бар-жоғы бес шақырым қашықтықта Қажымұқан ауылы бар. Бұл бұрынғы Қажымұқан атындағы кеңшардың бөлімшесі. Аудан орталығы Темірланмен жалғасып жатқан ауыл. Атағы жер жарған Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесі де осы елді мекенде. Күш атасының басына алыс-жақыннан тәу етіп келетіндер көп.
Бұл екі жүзге жуық түтіні бар айрандай ұйыған ауыл. Осы ауылдың орта тұсында клуб бар. Салынғанына да жарты ғасырдан асып қалды-ау шамасы. Қазір әбден тозығы жетті. Айтайын дегенім бұл емес.
Клубтың артқы жағында тал-терекпен көмкерілген, көлеңке-саясы мол, ауқымы кең волейбол алаңы болатын. Шіліңгір шілденің аңқаны кептіретін аптап ыстығы кезінің өзінде ауылдың үлкен-кішісі осы жерден шықпайтын. Ағалар мен жастар командалары, оқушылар құрамасы ақ тер, көк тер болып спорт сайыстарына қатысатын. Тіпті кей күндері командалар қатары көп болып, жарысты қас қарайып, көз байланғанша аяқтай алмай, ертеңіне қайта жалғастыратынымыз бар еді. Жан беріп, жан алысқан қызу дода. Бір ұпай үшін шыр-пыр болып қаласың. Алып жатқан жүлдең жоқ, бірақ жарыс үшін жаныңды саласың. Талас-тартысқа толы күндер еді-ау. Бұл – бір.
Екінші – сол кезеңде жастар ауылдан қалаға қарай ағылған жоқ. Облыс орталығы Шымкент қаласы Қажымұқан ауылынан бар-жоғы қырық шақырым қашықтықта. Күндіз-түні көлік қатынасы үзілмейді. Соның өзінде қалаға барып-келіп жұмыс істеуді қалаған қатарластарым некен-саяқ болды. Өйткені, олар ауылдың додалы жарыстары мен қызықтарынан қалыс қалып кететінін білгендіктен, алысқа ұзаған жоқ. «У-шуы көп қаладан гөрі күндіз-түні қызығы таусылмайтын ауылда жүргенім артық» дейтін.
Үшінші – ауылда ұрлық-қарлық, бұзақылық деген болмаушы еді. Өйткені, үлкен де, кіші де клубтың маңында жүретін. Күндіз – спорт сайыстары, кешке – кино, концерт. Театр артистері де жиі келеді, клубтың кішкентай сахнасында спектакль қояды. Малын жайғап болған ағайын бала-шағасымен, тайлы-таяғымен клубқа жиналады. Естен кетпес қызық дәурен.
Төртінші – сол уақытта шаруашылықтың кәсіподақ, спорт ұйымдары, оның басшылары бар, оларға алақан жаймай-ақ, волейболдың керек-жарағын ортадан ақша шығарып, өзіміз сатып алатынбыз. Алаңды ретке келтіру, құм төсеу жұмыстары да көптің көмегімен, ың-шыңсыз бітетін.
Бұл мысалды айтып отырған себебіміз – «Қазір жастар ауылда тұрақтамайды, қалаға қарай қашады» деген әңгіме көп. Бұл – шындық. Көп ауылдарда қарайып қарттар ғана қалды, жастар жайлы жер іздеп, басқа жаққа қоныс аударып кетті. Тіпті тіршілігін тоқтатқан ауылдар да аз емес.
Ал, егер ауылдарда жағдай жасалса, жастардың жаппай қалаға қарай ағылуы тоқтар еді, азып-тозған ауылдар азаяр еді. Өйткені, қалаға келген жастардың бәрінің бірдей шекесі қызып жүргені шамалы. Көбі базар жағалап, арба сүйреп жүр. Тапқан-таянғаны тамағынан артылмайды.
Олар үшін ауылда жайлы жағдай жасалса, қала асып несі бар? Жағдай дегеніміз не? Біріншіден, жұмыс орны. Нарық жағдайында ауылда жұмыс жоқ деп айтудың өзі ұят. Төрт түлік бақсаң да, жер қазсаң да – жұмыс. Нәпақаңды айыруға болады. Тек көзін тап. Арланба. Екіншіден, ауылдарда да, қаладағыдай керемет болмаса да, елді мекендерге лайық демалыс орындарын ашуды ойластырған жөн. Өйткені, жастардың бір уақыт бас қосып, демалыс сәттерін жақсы өткізетіндей жағдай жасамаса болмайды. Әрине, караоке, кинотеатр секілді кәсіпкерлік түрлерін ашу соншалықты табыс әкеле қоймас. Пайданы ойлаған кәсіпкерлердің мұндай қадамға бара қоймайтыны да белгілі. Бірақ, ауылдарды көркейту мен жастардың туған жерде ту тігуін ойласақ, пайданы екінші орынға ысыра тұруға тура келеді. Тіпті жекешелендіру кезінде жекенің қолына өтіп, кейін қараусыз қалған клубтар мен мәдениет үйлерін жөндеуден өткізіп, ауылдық әкімдіктердің иелігіне берсе, тұрғындардың бас қосатын орнына айналар еді. Оның үстіне қазір жергілікті жердегі салық өздерінде қалатын болғандықтан, соның есебінен клуб, кітапхана меңгерушілері секілді жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Осыны да ойластырған абзал.
Қалай болғанда да, ауылда жастарға лайықты жағдай жасалса, олар қалаға қарай қашпас еді.
Жас мамандар мен жұмысшылар қалада ғана емес, ауылда да қажет. Оларға дер кезінде бағыт-бағдар берген жөн. Мамандық таңдауда адаспауы тиіс. Елбасының баса айтып жүрген мәселесінің бірі осы. «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу керек. Үш жылда жоба еліміздің барлық өңірінде 200 мыңға тарта жас азаматтарымызды қамтуы тиіс. Оның аясында ең сұранысқа ие индустриалдық-сервистік 100 кәсіп бойынша жетілдірілген 200 оқу орны базасында мамандарды даярлағымыз келеді» деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгінде елімізде шамамен 300 мың адам немесе барлық жастардың 9 пайызы білім беруге де, еңбек нарығына да тартылмаған. Мұны да айтқан Елбасы. «Демек, осынау жастардың санын жылына 1 пайызға қысқарту үшін тиімді шаралар қабылдау қажет» деген болатын.
Елбасының бастамасымен жастар үшін қолға алынған маңызды бағдарламалардың бірі – «Серпін-2050». Бұл кең ауқымды әлеуметтік жоба.
Халықтың жоба туралы ой-пікірі де жақсы. Алғашында сенімсіздікпен әрі күдікпен қарағандар аз болған жоқ. Оның үстіне «Тұрмыс-тіршілікке қолайлы, ата-анасы мен туған-туыс, жора-жолдастарының жанындағы жылы- жұмсақ орынды тастап оңтүстіктің жастары қысы қытымыр солтүстік өңірлерге оқу-білім іздеп бара қоюы екіталай» деп болжам жасағандардың да болғаны рас. Бірақ осындай күмән-күдіктердің бәрі уақыт өте келе сейілді. Қазір жұрт «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы туралы жан-жақты хабардар. Осы бағдарлама арқылы балаларының білім алып, жұмысқа орналасуын қалайтын ата-аналар көп. Оған дәлел – алғашқы жылы мемлекеттік грант үшін бір орынға бес талапкер бақ сынаса, кейінгі жылы 7-ге жетті. Жүзден жүйрік шыққандар ғана «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша республиканың солтүстік, шығыс өңірлеріндегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алады.
Негізгі «Серпін» жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасынан кейін бастау алған еді. Мемлекет басшысы осы мақаласында елімізді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың маңызды жолдары мен міндеттерін көрсетіп берген болатын. Елбасы тұтынушылық қоғам түсінік-тұжырымдамасының орнына балама ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. «Елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек» деп жол сілтеді.
Елбасының осындай келешектің қам-қарекетін ойлаған маңызды идеялары мен бастамасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі жастар мәселесіне орай арнайы бағдарлама қабылдаған болатын. Бұл бағдарлама «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» деп аталады. Ал осының алдында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына дәнекер болып, бұл бағытта республика көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынып, нарықтық экономиканың талап- міндеттеріне толық жауап беретін заманауи өндіріс орындары ашыла бастаған еді. Қазақстанда шикізаттық өндірістің орнын отандық өнімдер өндіретін кәсіпорындар алмастыра бастады. Сол өндіріс орындарында қазақстандық жастардың жұмыс істеуі қажет болды. Ол үшін олардың лайықты білім алуы тиіс екендігі айдан-анық. Мемлекет басшысының «Жұмыс бар жерге бару керек» деп меңзегенінің түп-төркіні осында.
Тағы бір баса айтатын мәселе – «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарының таңдап алынуы жайдан-жай емес. Бұл облыстарда бала туу көрсеткіші өте жоғары. Халық тығыз. Тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Оның үстіне сырт жақтан көшіп келушілер осы облыстарға қоныстанғанды қош көреді. Міне, осындай себеп-салдарларға байланысты тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі анық байқала бастады. Оның үстіне аталған облыстардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына мемлекеттік грант бойынша оқуға түсу қиынның қиыны. Өйткені, талапкерлер көп, конкурс күшті.
Жоғары оқу орындарын бітірген күннің өзінде жастардың көбі мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, сенделіп бос жүреді. Ал Қазақстанның солтүстік пен шығыс өңірлерінде жағдай бұған керісінше. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және басқа да аймақтарда бала туу деңгейі төмен. Сонымен бірге, бұл өңірлерден сыртқа көшу көп. Өндіріс орындарында мамандар тапшы. Еңбек күші қажет. Сондықтан, халық тығыз орналасқан оңтүстік облыстардың тұрғындарын, әсіресе, жастарды солтүстік пен шығыс өңірлерге тарту, оларға мемлекеттік грант бойынша білім беріп, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін түбегейлі шешу – «Серпін-2050» жобасының негізгі мақсаттарының бірі. Бұл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленген жастар шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етіледі, олардың барып-қайту темір жол шығындары төленеді. Жастардың оқу бітірген соң қиналмай жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндігі бар. Республикадағы көптеген білім ордаларында жоғары курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті болса, «Серпін» жобасы бойынша оқуға түскен қыз-жігіттер оқуды бітіргенге дейін орын-жаймен қамтамасыз етіледі.
Ал «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша колледждерге оқуға түскен жастарға жасалатын жағдай тіпті жақсы. Оларға жылына екі рет жол шығындары төленіп, қыстық киімдер алуға қаражат бөлінеді, күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Колледж студенттерінің білім ала жүріп, өндіріс орындарында жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндігі бар.
«Серпін» жобасы бойынша мамандық алудың аясы кең. Педагогикалық, ауыл шаруашылығы мен ветеринария, техникалық, тіпті медициналық бағыттар бойынша жастардың білім алуына жол ашылып отыр…
Қазақстан тәуелсіздік алған ал-ғашқы жылдарда елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мәз емес болғаны бәрімізге белгілі. Қалада да, ауылда да жұмыссыздық. Тұтыну тауарлары қат. Жұрт «Ертеңгі күніміз не болар екен?» деп алаңдады. Осындай қиын-қыстау жағдай мен экономикалық қиындықтарға  қарамастан Нұрсұлтан  Назарбаев ел болашағы жастардың қолында екенін жақсы түсініп, олардың дамыған мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алуы үшін  «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы қаулыға қол қойған болатын. Бұл – 1993 жылдың 5-ші қарашасы еді.
Бұрынғы кеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан бірінші болып осындай батыл да құптарлық қадамға барды. Сөйтіп, талапты да талантты жастардың шетелдегі іргелі оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туды.
Елбасы 1997 жылы тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне бағыт-бағдар берген 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялаған кезде де «Болашақ» бағдарламасына баса назар аударғаны жайдан-жай емес. Өйткені, егемен еліміздің келешектегі кемел мақсат-міндеттерінің ойдағыдай орындалуы білімді жастардың қолында екенін сол жолы тағы да қадап айтқан болатын. Осыған сәйкес «Болашақ» бағдарламасы жетілдіріліп, аясы кеңейе түсті. Ең бастысы, қазақстандық жастар білім алуға мүмкіндігі бар мемлекеттердің қатары артты. Алғашында тек төрт ғана елдің – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция – жоғары оқу орындарын таңдау еркі болса, кейінгі жылдары басқа да өркениетті елдердің атағы алысқа кеткен білім ордаларында қазақстандық жастардың да дәріс алуына кең жол ашылды. Атап айтқанда, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур секілді елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында мұнай ісі, энергетика және экономиканың басқа да басым бағыттары бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды. Олардың алдыңғы легі елге оралып, Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін лайықты үлестерін қосып келеді.
«Болашақ» бағдарламасының тиімділігіне көз жеткен соң, мемлекет жыл сайын стипендиаттар қатарын арттыруға көңіл бөле бастады. Тіпті Елбасы 2005 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында олардың қатарын 3000-ға жеткізуді тапсырды. Бұл білім-ілімге құштар жастарға ерекше серпін бергені айдан-анық.
Елбасының осындай шешім жасауының да себебі бар еді. Өйткені, бұл уақытта Қазақстанның экономикасы  өркендеу белесіне көтерілген болатын.  Елімізде баянды бағдарламалар мен реформалар жүзеге аса бастады. Елбасының тікелей бастамасымен  индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы қолға алынды. Міне, осындай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратын білімді мамандар қажет болды. Сондықтан да, 2008 жылы мемлекеттік қызметке, өндіріс орындары  мен өңірлерге білікті кадрлар даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасына арнайы бағдарламалар енгізілді. Осы жылы ғылыми педагог мамандығы бойынша шетелдік білім ордаларына «Болашақ» бағдарламасының талаптары бойынша сыннан сүрінбей өткен қазақстандық жастар көптеп жіберілді. Олардың барлығы тиісті оқу орындарын жақсы тәмамдап, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына енуді мақсат етіп отырғандықтан әрі әлемдік бәсекеге қабілетті экономика үлгісіне көшкендіктен индустриалды-инновациялық даму, білім және ғылым, ақпараттық технологиялар, маркетинг, логистика және басқа да салалар бойынша білікті мамандардың қажеттігі байқалды. Оны жүзеге асырудың жолы – «Болашақ» бағдарламасы. Енді оның құзыреті мен ауқымын кеңейту қажеттігі туындады. Сол себепті Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен  «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы құрылды.  Осы қоғам  кейінгі жылдары ел экономикасының нақты салалары бойынша мамандар даярлауды белсенді қолға алды. Бағдарламаға инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлердің жаңа санаттары енгізілді. «Болашақ» бағдарламасы басталғалы бері 9000-ға жуық білімді де білікті маман даярланды. Олардың 2500-ге жуығы инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білім алған жастар. Барлығы  да  қазіргі уақытта мұнай-газ, металлургия, энергетика салаларында табысты жұмыс істеп жүр. Керек десеңіз, «Болашақ» бойынша білім алғандардың қатарында бүгінгі күні жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтің, министрліктер мен корпорациялардың тізгінін ұстаған жастар да бар. Атап айттсақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және тағы да жоғары билікте қызмет істеп жүрген белгілі тұлғалар – «Болашақтың» түлектері.
Қазақстанның білім-ғылым саласына «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2000-нан аса маман даярланды. Оның ішінде 98 PhD докторы бар. Еліміздің жоғары оқу орындарында табысты еңбек етіп жүрген «Болашақ» түлектері де аз емес. Басқасын айтпағанда, бағдарлама бойынша білім алған 300 жас Назарбаев университетінде дәріс беруде. Олар тек білікті маман ғана емес, ғылым жолында биіктерді бағындырған ғалымдар.
Болашағын «Болашақпен» байла-ныстырып, армандаған шетелдік жоғары оқу орындарында өз таңдауы мен қалауы бойынша білім алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» жастар үшін баянды бағдарлама болып отыр.

Жастар жан-жақты білімді, рухани жағынан сусындауы тиіс. Бұл бағытта Қазақстанда қолға алынған іс-шаралар көп. Соның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Бұл да Елбасының бастамасы.
Осы бағдарламаға байланысты Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы: «Ашық университет платформасы заманауи технологиялар мен білім беру міндетін біріктіре отырып, білім сапасын жақсартуға және оны қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Ашық университет идеясы әлемде кеңінен қолданылатын қашықтықтан білім беру мен ашық онлайн-курстар тәжірибесіне негізделеді. Мұндай курстардың әдістемесі мен технологиясы білім беруді дербестендіреді. Яғни, әр адам өзіне ыңғайлы уақытта, өзіне ыңғайлы орында және өзіне ыңғайлы жылдамдықпен оқиды»
деген болатын. Оның айтуынша, әлем бойынша онлайн курстар тыңдаушыларының саны 100 млн адамға жеткен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  және «100 жаңа оқулық» жобасы қазақстандық ашық унверситетті құру мен дамытуға мүмкіндік береді, қазақстандық студенттерге әлемнің үздік университеттерінің  курстарын қолжетімді етеді. Қазір порталға енгізу үшін қазақ және орыс тілдерінде 100-ден астам курс әзірленді. Халықаралық сарапшылар бұл жобаны өңірлік білім беру хабы ретінде жоғары бағалады», – дейді Рауан Кенжеханұлы.
Ең бастысы – жастар заманауи өзгерістер мен жаңарудан қалыс қалмай, бәсекеге қабілетті болуы керек. Мұны Елбасы да ұдайы айтып келеді. «Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектепте оқып жүргенде, әсіресе ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрі 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек.Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында да бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады» деген болатын Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы маңызды міндеттердің бірі – «100 жаңа есім» жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, ақылмен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерін қоғамға таныту еді. Жобаға қазақстандықтар белсене қатысып келеді. Дауыс береді. Не керек, осы арқылы 100 жаңа есімді халық таңдайды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «100 жаңа есім» жеңімпаздарын жан-жақты таныстыру, олардың еңбегін паш ету, қоғамға таныту, насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар өткізіледі. Бұл, әсіресе, кейінгі толқын- жастар үшін үлкен үлгі-өнеге. Тәуелсіз еліміздің одан әрі өсіп-өркендеп, көркеюі жолында өзінің білімі мен ақыл-ойын, еңбегі мен тәжірибесін сарп етіп жүрген жаңа есімдерге қарап жас ұрпақ бой түзейді, ой түзейді. Оны Елбасы мақаласында баса айтқан еді: «Оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек». Жұртшылық жақсы біледі, жоба жеңімпаздарының қатарында жастар да аз емес. Олар – білім-ғылым, бизнес және басқа да салаларда жарқырап көрінген, еңбегі арқылы еленген, үлгілі боларлық жастар. Барлығы да тәуелсіздіктің арқасында жоғары деңгейге жетіп отыр.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат