ШАРАПАТТЫ СӨЗДЕР

  • 29.03.2013
  • 6814 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 

1.Тілек

 

 

 

Қазақ фольклорында жеке адамдар тарапынан қандай бір әдет-рәсім, еңбек-кәсіп, іс-шараға тап болғанда оған сәттілік, табыс тілеу мақсатында айтылатын қысқа тақпақ,немесе қара сөзден құралған арнаулы сөздер бар. Риясыз ақ көңілден айтылатын ондай ақжарылғап сөздерді біз тілек деген жеке жанрға топтаған жөн деп санаймыз.

 

Рас, бұл сөздер рәсімдік құттықтауларға қатты ұқсайды. Мәселен, татар ғалымы И.Н.Надиров «теләклар» деп «салттық құттықтауларды» айтса, тағы бір татар ғалымы Х.Ш.Мәхмүтов «алкыш изге теләк, каргыш яман теләк» деген пікір білдіреді (Татар фольклор жанрлары. Қазан, 1978. 82, 94-бб). Тілектің алғыспен де, құттықтаумен де қабысып та, табысып жататын тұстары бар, бірақ, оның жанрлық ерекшелігін даралап тұратын қасиеттері мол екендігін осы мақалада көрсетпекпіз. Бір ескертетін жайт, жанраралық байланыстар, тоғысулар-ығысулар, ауыс-қиыстар, алшақтаулар фольклор табиғатына тән тұрақты болып тұратын құбылыстар. Бұл туралы ғалым Б.Н.Путилов былай деп жазады «Бір жанрлық жүйедегі шығарма келесі жанрға тасымалдануы мүмкін (ән аңызға айналады), сонымен бірге, жанраралық өзара әсер болуы да ықтимал (әпсананың бір сарыны әнге сіңісуі кәдік). Бұндай құбылыстардың барлығын фольклордың өмір сүруінің табиғи шарты деп таныған абзал, себебі, ешқандай да жанр «тап-таза» күйінде ешқашан болмайды».

 

Әлбетте, ақ тілек – алғыс-батаның ең қысқа да қарабайыр түрі, келте сілемі, дәлірек айтқанда дәні деуге болады. Ал, біз ел аузында ежелден айтылып келе жатқан тілек деген сөзге ғылыми жаңа мағына беріп, жанрдың атауы етіп қолданып отырмыз. Алдымен тілек пен батаның ерекшеліктерін айта кетейік. Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батагөй ақсақал алқалы топтың атынан қалыптасқан формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай бір істің үстіне тап келгенде оң ниетін білдіру мақсатында жаттап алған тілек сөздерін есіне түсіріп, шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бір ауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогі ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін», «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін», «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын» деген дағдылы жауаптарды береді. Тілек тұрақты қайталанатын қасаң тіркестерден құралады. Оның мағынасы сол атқарылып жатқан іспен тікелей үйлесіп тұрады. Мысалы, ауыл жаңа жұртқа қонғанда «Қоныс жайлы, кереге басы майлы болсын», жолаушы сапарға аттанғанда «Жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын», аңшыға «Қанжығаң қанды болсын», шам жаққан балаға «Көзіңнің оты жансын. Балаңның аты – Таңжарық болсын», т.б тілектерді айту дәстүрге айналған.

 

Әдемі де әрлі сөздермен тілек айта білу әдептіліктің белгісі секілді саналғанымен, бұл жанрдың арғы тегі сөз магиясына сенуден тура тамыр тартып тұрғаны байқалады. Осы ойымызға төмендегі сөздер дәлел бола алады. Мысал келтірсек: бала жаңа киім кигенде үлкендер «Киімің тозғыш болсын, өмірің озғыш болсын» немесе «Жаның берік, киімің бос болсын», бие байлап жатқанда «Желі бау құтты болсын. Биыл аз байласаң, келесі жыл көп байла», қой қырқып жатқанда «Қырқар молайсын. Биыл аз қырқсаң, келесі жыл көп қырқ», жолаушыға «Жеңіл барып, ауыр қайт» деген сөздер айтылады. Осы тілектердің арғы астарында атқарылып жатқан игілікті істерді тіл-көзден қорғау, жасыру, одан кейін тылсым күштерді алдарқату, астамшылық, тоқпейілдік, кесірден сақтану сарындары бар. Ақ тілектің осы қызметі жалбарынуға тоғысып тұр (Жалбарыну жанрының ерекшеліктері соңында талданады – А.Т.) Нақтырақ айтқанда, жалбарынудағыдай тілектің көркемдік жүйесінде де ишаралау, тұспалдау, шендестіру тәсілдері мол қолданылған. Мысалы, біз келтірген үлгілерді «өмір-киім»,«озғыш-тозғыш», «жан-киім», «берік-бос», «аз-көп», «ауыр-жеңіл» деген қарама-қарсы ұғымдарды қасақана шендестіру арқылы зиянды күштерден сақтану, ең алдымен тіл-сұқтан қорғану амалы көзделген. Бұл сөздер кейде киелі заттармен сүйемелденеді. Мәселен, бала жаңа киім киіп, көрімдік сұрағанда, ақ жаулықты апалар әлгі сөзді айтады да оның киіміне түйме-теңге, үкі, жыланбас секілді қасиетті заттарды тағып береді.

 

Түйіндесек, әу басында сөз қуатына сенумен астарлас пайда болған тілек кейін келе этикалық қызмет атқарып, көркемдікке қарай ойыса түскені байқалады. Әйткенмен, «жақсы сөз-жарым ырыс», «алтын алма, алғыс ал» деп иланған халық арнайы айтылған ақ тілектердің орындалатынына әзір де нанады. Батадан гөрі тілекті кез келген адам айтуға тиіс болғандықтан, ол көпшіліктің көңіл-күйін білдіретін шұғыл қолданыстық сипатқа ие. Осы шағын жанрдың өміршең болуының да бір сыры, міне, осы. Әрине, кейбір тілектер ақ батаның да құрамында да айтыла береді. Өйткені, ежелгі қарапайым ақ тілектер күрделі де көлемді, көркем де орамды бата жанрының қалыптасуына негіз болған баспалдақтардың бірі екендігі анық.

 

 

2. Жалбарыну

Қазақ фольклорында арғы тегі сөз қуатына сенуден туындағанымен, мақсат-міндеті арбаудан (заговор) алшақ жатқан бір топ сөз үлгілері бар. Мысал келтірсек:

Қазақ әйелі іс тігерде:

Бисмилла,

Істің басы ілгері,

Шайтанның басы кейін!

Қолыма жел байла,

Артыма тас байла!

Аңшы аң атарда:

Бисмилла рахман рахим,

Ғайыперен, қырық шілтен қайырып бер,

Қайырып берсең, үйірінен айырып бер!

Жаңа ай туғанда:

Туған айдай қылып жарылқа,

Шыққан күндей қылып жарылқа.

Басты аман, бауырды бүтін қыл,

Отыңа оралтпа, суыңа сүрінтпе.

Бұл сөздер қандай бір әдет-рәсімге, еңбек-кәсіпке, табиғат құбылысына, кейде емдеу-домдауға қатысты айтылатыны анық болып отыр. Ғалымдар арбауды маманданған адамдар арнайы шартпен айтатындығын мақұлдайды. Ал, біз келтірген сөздерді кез келген қарапайым шаруа қажетіне қарай айта береді. Демек бұл арбаудан көне, себебі ол фольклордың бүкіл қауымға ортақ мезгілінде туған болу керек. «Қазақ халқы ерте заманда ескі дін бойынша әрбір жан-жануардың, әр түрлі жақсылық-жамандықтың «иесі» бар деп қандай сенген болса, ол «иелерді» қызыл тілмен алуан-алуан әсерлі, сырлы сөзбен көндіруге, зиянсыз етуге, тек зиянсыз етіп қоймай, мейірімді, пайдалы етуге болады деп те сенген. Бұлардың кейбіреуін ойын-күлкімен, әзіл, тәлкек сөзбен, кейбіреуін зеку, күш айту жөнімен, енді біреулерін жалыну, тілену жөнімен, көндіруге болады деп сенген», – деп жазады ғалым Б.Кенжебаев. Әлбетте, біз келтірген үлгілердің айтылу табиғатында тылсым күштерге жалыну, тілену, сұрану, өтіну, мінәжат ету, жалбарыну сарыны анағұрлым басым. Сол себептен, біз бұндай фольклорлық мәтіндерді жалбарыну деген жеке жанрға топтағанды жөн санаймыз. Сонымен, қарапайым шаруа қандай бір әдет-рәсім, еңбек-кәсіп, табиғат құбылысы кезінде соның адамға деген тиімділігін, шарапатын молайтып, кесапатты аластату мақсатында айтатын магиялық сенімге негізделген ғұрыптық сөз үлгілерін жалбарыну деп атаймыз. Жалбарыну ырымға негізделіп, ғұрыптық іс-әрекет, арнайы әуен-ырғақ, символикалық киелі затпен сүйемелденіп орындалады.

Қазақ магиялық фольклорын зерттеуші ғалым Б.Абылқасымов қазақтағы арбау жанрына сырқат пен сиқырлы күштерді аластау, күн жайлату, бұлт шақыру, жаңбыр шақыру, жел шақыру рәсімінде айтылатын сөздерді топтаған. Бажайлап қарасақ, жалбарыну арбау жанрынан мүлде алшақ тұрғаны көрініп тұр. Енді, ол екеуінің айырмасына тоқталайық:

Ең алдымен айтатын нәрсе: арбау басқа бір объектіге (адам, мал, жәндік, т.б.) жұмсала айтылады, ал, жалбарынуда адам өзіне мейірім тілеп, өтініш жасайды. Осы ерекшелігі жалбарынуды батадан да бөлектеп тұрады. Сондай-ақ, арбауды бақсы, арбаушы, дарымшы, яғни, кәсіби мамандар айтады. Ал, жалбарынуды аңшы, малшы, диқан, шебер, яғни, кез келген қарапайым еңбек адамдары айта береді. Ғалымдардың пікірінше, арбауды айтудың арнайы шарты бар. Оны белгілі бір мекенде (мысалы, төрт жолдың торабында), белгілі мезгілде, белгілі бір себепке байланысты ғана айтады. Ал, жалбарынуда мұндай арнайы шарт жоқ, оны кез келген қарапайым адам тек өзі атқарғалы жатқан әдет-рәсімді, іс-әрекетті нәтижелі ету немесе адам өз басына жақсылық жасау үшін айтады. Арбаудың діни нанымдық негізі күшті, оны арбаушы арғы әлеммен тілдесу құралы ретінде айтатындықтан қарапайым адам түсінбейтін құпия сөздері мол, ал, керісінше, жалбарынудың барлық сөздері көпшілікке түсінікті болып келеді. Сонымен бірге, арбау мен жалбарынудың ұқсас жері екі жанр да магияға сенуден пайда болған, екеуінің де мақсаты игілікке – табысқа жету, яғни, құтты молайту, бұл жолдан кесапатты аластау.

Жалбарынуды айтушы атқарылғалы жатқан істі ұдайы жаратушының құдіретімен, яки, табиғаттың тылсым күшімен байланыстыратыны байқалады. Сондықтан да, оның сөзі сырлы, сиқырлы. Жүзеге асқан немесе атқарылғалы жатқан шаруаны тіл-көзден жасырып, басқа рәміздермен алмастырып, далдалау, тасалау, сол арқылы кесірлі рух-иелерді адастыру, алдарқату сарыны бар. Мысал келтірсек, қазақ «мал соймаймыз ба?» дегенді «тышқан мұрнын қанатпаймыз ба?» деген эвфемизммен айтады. Қойды сойғалы жыққанда:

Бисмилла,

Ай мүйізді,

Аша тұяқтым-ай,

Жұпар иісті,

Бауырсақ құлақтым-ай!

Сенде жазық жоқ,

Менде азық жоқ,

Аллаһу акбар

! – дейді. Себебі, шаруа тылсым рух-иелерден қорқатындықтан, қойдың атын да атамай, «ай мүйізді, аша тұяқты, жұпар иісті, бауырсақ құлақты» деген әдемі мадақ сөздермен алмастырып, алдарқатады. «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп, Шопан атадан кешірім сұрап, емеурінмен тілдесіп, мәмілеге келу, өз әрекетінің әділ екендігін, ақ екендігін түсіндіру, ұқтыруға ниет етеді.

Жалбарыну көбінде тақпақ түрінде болғанымен, кейде драмалық пішіндегі диалог түрінде де кездеседі. Мәселен, баланың тіліне теріскен шыққанда екі бала алма-кезек жауаптасып, бірін-бірі емдейді.

Тіліне теріскен шыққан бала алдымен «Тіліме теріскен шықты» деп жеті рет айтып, қандай ем керек екендігін сау баладан сұраған сыңай танытады. Ал, сау бала жеті рет жиіркенішті жаман заттардың атын зырылдатып айтып, соны жалап емделу керектігін сөз етеді. Мысалы:

Сырқат бала: – Тіліме теріскен шықты.

Емші бала: – Иттің боғын жала!

Сырқат бала: – Тіліме теріскен шықты.

Емші бала: – Сиырдың несебін жала! – деп диалог жалғаса береді де, лас заттардың саны жетіге толғанда, өзі де жиіркеніп, лоқсыған бала «Бұл тілім қайтсем жазылады?» дегенде келесі бала «Жан-жағыңа қарағанша, қарғаның боғын жалағанша» дейді. Сонда, сырқат бала «Түй, түй, қайран тілім боқ болды, ұшы қиыры жоқ болды!» деп түкіріп тастайды. Расында, осы ем-домды жасаған соң балалар жазылып кететін-ді.

Қолдағы бар материалдарды саралағанда, жалбарыну (заклинание) қарапайым тілек (приговорки) пен күрделі арбаудың (заговор) ортасында тұрған жанр екендігі аңғарылады. Онда сөз іс-әрекетпен, магиялық затпен, драмалық талас-тартыспен ұштасып орындалады екен. Тілек-батаны немесе арбауды орындаушы өз сөздерін басқа жандарға қарата бағыштап, арнап-сарнап айтатын болса, жалбарынуды қандай бір еңбек-кәсіп, әдет-рәсім, емдеу-домдау кезінде орындаушы адам өз ісінің нәтижелі болуын тілеп, өз әрекетіне бағыштап, өзі айтады екен. Жалбарынудың ең қысқа үлгілері төлдегелі жатқан қозы-лақты суырғанда айтатын «шым-шым» деген сөзбен қырсық шалған бүркітті домдағанда айтатын «сырық-сырық» деген магиялық сөз деген түйін жасаймыз.

Жалбарынудың көбінің көлемі өте қысқа, ол бір-екі жол өлең немесе ырғақты қара сөзден құралады. Бұнда айтылатын аз сөздің өзі тұрақты, ешқандай өзгеріске ұшырамайды.

Тіпті, қазақ пен моңғол халқының кейбір жалбарынуларын өзара салыстырғанда олардың бір-бірінен айырмасы мүлде аз екендігі байқалады. Мысалы, бүркіт аң алмай, «қырсық шалса», оттың үстіне тұз шашып, пытырлаған дауыс ырғағымен оңнан солға қарай айналдырып, «сырық-сырық, сырық-сырық!» деп жалбарыну айтып, домдайтын салт бар. Кейде бұл сөз «шырық-шырық» деп те айтылады. Ал, моңғол емшісі ауырған баланы домдағанда осыған ұқсас «ширэг-ширэг» дейтін магиялық сөзді айтады. Әлбетте, мұндай бір қалыпқа соғылғандай ұқсастық, үндестік, бірсыдырғы, қасаң сипатта болу жалбарыну жанрының көшпелі халықтар арасында ежелгі дәуірде қалыптасқандығынан хабар береді.

Қазақ фольклорында жалбарыну жанрының мөлшері де көп емес екендігін айтқымыз келеді. Әйткенмен, бұл мәтіндер халық шығармашылығының ұлы денесіндегі шағын болса да, жанды, нәрлі, сөлді бөлшегі болуымен құнды.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!