ҚАЗАҚСТАНДЫ КОСМОПОЛИТИЗМ ЕЛЕСІ КЕЗІП ЖҮР

  • 29.03.2013
  • 697 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аманхан ӘлімұлыАманхан Әлімұлы

Бұл мақаланың негізі бір кезде жасалынып, кейбір ой-тұжырымдарымыз мерзімді басылымдарда үзік-үзік жарияланып жүрді. Соған қарамай, үнемі ізденіс үстінде жүретін әдетпен көкейде көптен жүрген жайларды алдарыңызға толық әрі жан-жақты тартсақ деген ой көптен көкейімізде болатын. Оны асықтырған жақындағы Парламент депутаттары О.Әбдікәрімов, Ж.Тұяқбай, Ғ.Байназаров, Х.Ережепов, Ғ.Қалиев, Қ.Тұрысов, М.Сағдиевтің өз әріптестері Айталының тіл туралы көтерген мәселесіне өре түрегеле қарсы болуы мен күні кеше ғана «литературная газета» 23 наурыз күнгі №10 санында жарияланған александр Дугиннің православияға негізделіп, орыс шовинизмі құлық-ниетіндегі Еуразия идеясына байланысты «Евразийство наследует дух и стиль Московской Руси. Это продолжение той Руси, того русского государства, где элита и массы говорят на одном языке и где этот язык национальный» дей келіп, «сейчас наблюдается бум евразийсива в двух странах – в казахстане и Турции» деген ойды қозғай «… в казахстане это означает ускоренную реализацию Евразийского союза – проекта назарбаева» деп айтқан пікір-тұжырымы болды. Бұлардың екеуінен де аңғарғаным, Қазақстанды көптен бері космополитизм елесінің кезіп жүргендігі. Сондықтан…

Бүгінде тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізгенімізге он үшінші жылға аяқ басты. Егер, бұған өткен кеңестік кезеңдегі бесжылдықтар белесімен қарасақ едәуір уақыт. Ал, оған тарихи тұрғыдан келсек, онда бұл жас баланың қаз тұрып, мектеп табалдырығын аттағанынан кейінгі, әлі де болса жақсы мен жаманды толық айырып болмаған кезі. Ендеше, біз мәселеге соңғы пікір-тұжырым тұрғысынан келгеніміз жөн. Құдайға шүкір, Қазақстан қазір өзінің экономикалық-әлеуметтік, саяси-қоғамдық жағдайымен ТМД, яғни, «Үшінші әлем» (тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген мемлекеттерді батыс солай атайды. А.Ә.) елдері арасында ең алдыңғы саптағы мемлекет қатарында болмаса да, көштен қалып жатқан жоқ. Бірақ, қазақтың қазіргі қасіреті тәуелсіздіктің қадір-қасиетін толық түсінбей, әлі де болса әлдебір, әлдеқайдағы Батысқа не Америкаға, тіпті болмаған жағдайда іргеміздегі «сендерді жарылқап тастаймыз» дегендерге алаңдап отыратындығы. Мұндай синдромнан арылмай болмайды.

Біздіңше, бүгінгі Қазақстан жағдайында біз тұтастыққа негізделген ең мықты ұлт болуға тиіспіз. Сонда ғана халқымыз алдыңғы қатарлы әлемдегі мемлекеттер сапына қосылып, әлем-мәдениеті мен өркениетіне үлесін өзінің дәстүрлі негізінде қоса алады. Оған баратын екі жол бар, біріншісі – іргеміздегі ірі көршілерімізді мойындату. Әрине, ол қыр көрсетіп, тоңмойындық танытумен іске аспайды. Екіншісі – өзіміз күшті мемлекет болуымыз керек. Мұндайда басы ашық жай, аталған ой-пікіріміздің алдыңғысы орындалмайды. Өйткені, біз Ресей мен алып Қытайды әлсірете алмаймыз және олармен ара-жігімізді ажыратып, ат құйрығын кесісуге тағы болмайды. Оған қоса іргелес жатқан осынау үш мемлекеттің аңысын аңдып, Еуропа мен америка тұр. Ендеше, бізге бір-ақ жол бар, ол мықты мемлекетке ие тұтас ұлт болып қалыптасу. Ал, мемлекет болса өзі атын алған ұлттың қай салада болмасын мүмкіндігін ашып, оны қолдап-қорғап, желеп-жебеп отыруы тиіс. Бұл туралы орыс ойшылы Н.Бердяев: «Через государство раскрывает нация все свои потенции. С другой стороны, государство должно иметь национальную основу, национальное ядро, хотя племенной состав государства может быть очень сложным и многообразным» дейді де ойын: «Государство, не имеющие национального ядро и национальной идеи, не может иметь творческой жизни» деп түйеді. Сосын, кейбір «білгіштер» секілді батыс пен Шығыстың айырмасын, сондай-ақ, олардың басы еш уақытта қосылмайтынын жақсы білмесек, онда біз кім көрінген аяғын сүртіп кете беретін ел боламыз. Ондай болмау үшін алдымен адам тәрбиелеуіміз керек. Жалпы адам емес, өз ұлты мен жерін сүйетін, сосын жергілікті мекен-жайын құлай ұнататын азамат тәрбиелеуге тиіспіз. Ал, бір-бірімізді сыйлау – сол адамды құрметтеп, оның есімін жоғары қоюдан басталады.

Қазақстанның басты ресурсы – адам. Біз әлі өзіміздің рухани, өнер, иманға негізделген адами максимализміміз арқылы әлемді жаңа құндылықтармен байыта аламыз. Сондықтан, сырттан телініп өз талап-тілегі, мақсат-мүддесін көздеген сөз бостандығы мен ой еркіндігіне, жалпы демократияға қазақтың өзінің ұлтына тән (басқа Қазақстанды жайлаған ұлттар өздерінің салт-дәстүрлерін сақтау арқылы жергілікті халықтың тұрмыс-салты, қарым-қатынасымен суарылған – А.Ә.) дәстүрлі сөз бостандығы, ой еркіндігі, тұтастай дала демократиясын дамытып, жаңартып-жақсарту арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Біз Батыстың да, Шығыстың да имандылыққа негізделген қасиеттерін сараптап, електен өткізіп алу арқылы ғана ең мықты ұлт бола аламыз. Бұл өзгені жоққа шығарып, мансұқтау емес, қайта соларды білу арқылы өзіңді асқақтату. Егер, әлдебір көзсіз, сана сарабына салмай батысшылықтың балалық ауруымен ауырғандардың сөзіне сеніп, олардың айтқанын істесек, біз еш уақытта өзіндік бет-пердесі бар, өзіндік экономикалық-әлеуметтік тұрмысы қалыптасқан ел бола алмаймыз. Қазіргі қазақ еркіндігінің (қай саладағы болмасын дәстүрлі еркіндігініңА.Ә.) өзінше өсіп-өркендеуіне кедергі келтіріп жүргендер де солар.

Осыдан біраз уақыт бұрын Александр Казинцев деген орыс ойшылының: «В XX столетии только русская и американская культура универсальны. Американская потому, что не уходит корнями в национальную почву (лучшие американские писатели, такие как Фолкнер или Фрост, не в счет, не они, а именно «дядюшка Скрудж» и подобная мелюзга являются символом – и оружием! – американизма). напротив, русская культура – культура Толстого, достоевского, шолохова – черпает свой универсализм в национальной почве» деген ой-пікірін оқыдым. Бұл не деген сенімділік. Қандай асқақтық. Біз осылай айта аламыз ба?! Әй, қайдам. Ал, сол ресей мен америкадан біздің рухани құндылығымыз кем бе? Жоқ, әрине, оларды ұқсата алмай жүрген өздеріміз. Сонда, қазақтар, өзіміздің бай фольклорымызды былай қойғанда, жыршы-жырауларымыз, рухқа толы сан алуан ұлттық құндылықтарымызды негізге алып, оны сәтті жалғастырған мәдени өміріміздегі алыптарымызды неге үлгі етпейміз. Сондықтан, кез келген адам, мемлекет, қоғам, жүйе өзінің қорытынды, қол жеткізген жетістіктерімен бағаланады. Олар ұлтқа қалдырған ұлт пайдаланып жүрген, ұлт жалғастыратын мұра-мирасқа байланысты. Оның ең бастылары материалдық және рухани-дәстүрлі құндылықтар.

Жақында бір журналистің Қазақстанда Батыс пен Шығыс өркениетін бір-біріне қарама-қайшы қою тенденциясы барлығын айта келіп, Дидар Амантайға соған қалай қарайсыз дегенге саятын сұрақ қойса, ол: «Теріс қараймын. Жалпы, «агрессивность», жау-дұшпан іздеу, бір нәрсені бір нәрсеге қарсы қою – қараңғылық пен советизмнің қалдығы. Батыста әңгіме арасында өз ұлтыңды айтып мақтану әбестікке (дурной тон) жатады. Бірақ, батыста да өз ұлтшылдары, расистері жеткілікті. интеллигенция, интеллектуалдар және демократия мен либерализмді жақтаған халық оларға қарсы күреседі» деп жауап беріпті. Егер, о «білгіш» түсінсе, ешкім ешкімді ешкімге қарсы қоймайды, бірақ, Батыс пен Шығыстың бір-бірімен күннің шығып батқанындай қосылмайтынын айтып, олардың мәдениеті мен өркениетінің әртүрлі деңгейде дамып, әрқайсысының өзінің дәстүрлі қарым-қатынасының болатынын салыстырып жазу арқылы ақиқатка көз жеткізгісі келеді. Ақын Р.Киплингтің: «О, запад есть Запад, Восток есть восток, и с мест они не сойдут» деуінің де сыры сонда. Оларды ешкім зорлап қоса алмайды. Қазіргі әлемдегі қоғамдық-саяси ахуалдың шым-шытырық қайшылыққа толылығы соны көрсетеді. Оны көріп-біліп отырып Батыс пен Шығыс мәселесінің мәңгілігін түсінбейтіндерге еріксіз таңғаласың. Ғаламдастыру идеясының пайда болуы сол Батыс пен Шығысты жасанды тұтастыру ниетінен туып отырған жағдай емес пе? Ал, оның қарсыластарының қаншалықты екендіктері баршаға белгілі. Сондай-ақ, дидар мырза айтып жүргендей ұлтшылдармен (расизмді қоспағанда, өйткені ұлтшылдар еш уақытта расист болған емес, болмайды даА.Ә.) күресетін «интеллигенция, интеллектуалдар және демократия мен либерализмді жақтаған халықтардың» ұлты жоқ па, бар. Әйтпесе, елдің бәрі өзінің ұлтын жасыратын не айтуға намыстанатын «Азия дауысы» фестивалінің бас директоры Мұрат Ирғалиев мырза секілді болып кетті дейсіздер ме? жалпы, тегі мен ұлтын құл немесе қу ғана жасырады. Сондықтан, бұл мәселеге келгенде біз кейбір өзін «көпшіл» санайтын коммунизм елесін қуғандармен еш қосылып, келісе алмаймыз. Сосын, расизм мен ұлтшылдықты жаңылыстыратын адамдарды кім, не деп түсінуге болады. Мұрат Ирғалиев демекші, ол белгілі бір газет журналисінің «Ұлтыңыздың кім екенін айтпайсыз ба?» деген сауалына «Бұл сіз үшін өте маңызды ма?», «Мен орысша ойлаймын, демек, орыспын ба?..», «Әлде паспортымда не жазылса соны көрсетуім керек пе?», «…Менің кім екенім жұмбақ күйінде қала берсін, мүмкін мен еврей шығармын…» деп сұрақты сиырқұйымшақтандыра келіп, «қаша» жауап береді. Қайталап айтамыз, тегі мен ұлтын құл немесе қу ғана жасырады.

Анау бір кезде өткен «Орталық Азия және Еуропа елдері мәдениет қайраткерлерінің Ыстықкөл кездесуі» атты басқосуында қазақ театр режиссері Болат Атабаев мырза ғаламдастырудан қашып құтыла алмайтынымызды (оған сол керек болуы керек А.Ә.) тілге тиек ете келе «Мен қазақ болып туғаныма мақтанамын» дейтін ақындарды түсінбеймін. Ол неге дүйсенбі күні сағат таңғы 10-да туғанына мақтанбайды» депті. осыдан біраз уақыт бұрын ресейлік режиссер Эльдар рязанов мырзаның «…для меня национальность не имеет никакого значения. Есть замечательное выражение по этому поводу: это все равно что гордиться тем, что ты родился во вторник или в четверг. национальность – это не беда и не заслуга» деген пікірін мысалға келтіріп, бұл ұлтты тексіздікке шақырып, өзінің қайдан шығып, қайда баратынын білмейтін мәңгүртке ғана тән қасиетке ие жандардың аузынан шығатын сөз деп сынаған едік. Ал, жоғарыдағы Атабаев мырзаның айтып отырғаны әлгі Рязановтікінен қай жері артық-кем. Ол мырза шығармаларын қазақ тілінде жазып жүріп, өз тілін мақтан ете алмаса, онда өзге тілде жазсын. Бір кезде Чаадаев Пушкинге жазған хатында «Сіз тек қана орыс тілінде жазыңыз, ол сіздің миссияңыз» деген сөзді айтқан болатын. Ал, Тургенов болса өзінің орыс тілінде жазатынын айтып, оны мақтаныш еткен. Қазақ ақыны өзінің ана тілінде жазатынын айтып мақтанса, өзінің қазақ болып туғанына масаттанса қылмыс па?

Жоғарыдағы Атабаев мырзаның сөзіне қайтып оралатын болғандықтан, оны дәп сол жерден тоқтатайық та, енді Олжас Сүлейменовтің: «Халықтың өзіндік ерекшелігін, ашық-жарқындығын қазіргі заман этносының толыққанды өмір сүруінің бірден-бір шарты деп есептемеймін» деуінен бастап, ғаламдастыруға әлем болып қарсы тұрып, олардың саны күннен-күнге артып жатқанда «Антиглобализмнің ақиқат кейпі – ыдырау» дегенге дейінгі ұшқары пікірді айта келе, Ислам дініне байланысты, оның әмбебаптығына күдік келтіріп «…ол дәл сондай дін бола алмады, өйткені өз саясатында баяғы «не біз – не олар» принципін уағыздады» десе, іле «Барлық мемлекеттер шын мәнінде де федералды (одақтасу, бірлесу), үстіміздегі жүзжылдықтың орта кезінде тек ақындар ғана емес, ғалымдар да: «Күллі әлем – бір ел», бірыңғай конституциясы, жалпыға ортақ заңдар жинағы және алуан түрлі бірегей мәдениеті бар, бір федеральды мемлекет» – деп атайтын болады. Және сол мемлекет алдияр патшасыз, нәсілшілдікті, ұлтшылдықты, рушылдықты және әлеуметтік күйзелісті жеңуге қабілетті ұжымдық ақыл-оймен басқарылатын болады. Бұл қиял емес. Осындай кәміл жетілген әлемді жасауға біздің күш-жігеріміз жетеді. Егер қолдан құрылған тәуелсіздікке сандалып кетіп қалып жүрмесек (не деген жауапкершіліксіз айтылған сөзА.Ә.)» дейді. Осынау Болат атабаев пен олжас Сүлейменовтің сөздерінің арасында көзге көрінбейтін, су асты ағыстары секілді байланыстар барлығын көп адам аңғара бермеуі де мүмкін. Өйткені, мұндай мақсат-мүдде мен көзқарастағы ой-пікірлер әр уақыттарда өзара айтпай-ақ түсінісіп, жең асты қол (пікір дегеніміз ғойА.Ә.) жалғасып жатады. Бұл кітаби, фарисейлік негізде дамыған интеллигенттік-утопиялық сана-сезім мен атеизм мектебінен өткендердің ой-тұжырымдары, пікір-түйіндері. Енді, бұлар бұдан кейінгі шығармашылығында да, өмірлік бағыт-бағдарында да, ұстанған принциптерінде де жоғарыдағы келтірілген сөздерден артық ештеңе айтып, жаза алмайды. Өйткені, ғұмырлық жиып-терген рухани азықтары сол дәрежеде ғана. Ал, уақытқа бейімделіп (адаптация) сан құбылып жатса, оған мен таңғалмаймын. Яғни, бұлар топырақтан қол үзіп, өздерінің қайдан шыққанын, әм қайда баратынын білмейтіндердің тобына жататын интеллигенция өкілдері.

Міне, біздің қазақ интеллигенциясының өмірі қалай дамып, нендей бағыт-бағдардағы идея мен идеологияға қызмет етуде деген сұрақты қайта-қайта алға тарта беруіміздің сыры сонда. Жоғарыдағыдай ой-пікір мен тұжырымдардағы адамдар барда «Қазақстан болашаққа кіммен, қалай баруы керек?» деген сұрақ күн тәртібінен бірде түспейді. Түсірмеу керекпіз. Аталған адамдар екі алаңда ойнап, екі жаққа сүйкімді болғысы келеді. Мұндай ұпай жинау әдісі ешкімді, еш уақытта ұшпаққа шығармаған. Адамда принцип болуы керек, әсіресе, ол творчество адамында нақты әрі жақсы жолға қойылмаса, тіпті болмайды. болмаса, Олжекеңнің ғаламдастыруға қарсылықты ыдырау дей отырып; «Мен өзімді ғаламдастыруды қорғаушыларға да, оның жауларына да қоса алмаймын» деуіне не жорық. сосын, оның Ежелгі Рим әлемді жаулап алып, үстемдік ету мақсатында өздеріне бейімдеп алған, отарлау саясатынан туған сөзді «итальяндарда Ежелгі Римнен мирас болып қалған: «Бүкіл әлем – бір ел!» – «Tutto il mondo t paesa!» деген мәтел бар (мен оны қайталағанды ұнатам)» деп алға тартуының өзі кітаби, интеллигенттік-утопиялық сана-сезімнің көрінісі емес пе? Болмаса, ол кезде бұл мәтел қазіргі ғаламдастыру ұғымының жабайы, отарлау саясатындағы жаугершілікке тән түсінік болатын. Әйтпесе, онда ешқандай ізгілік жоқ. Болмас еді де. жалпы, олжас Сүлейменов: «Бүкіл әлем – бір ел!» болуы керек түсінігінде әлемде социализм мен коммунизмді орнаттырмақ болған КСРО-ның салқыны барын біле ме екен және ол еш уақытта да бұрынғы КСРО-ны көксейтінін ешкімнен жасырып, не бүккен емес. Ұлт табиғи процесте дамуы тиіс. Әрине, оған уақыт, заман, қоғам лебі әсер етпей қоймайды. Яғни, біз Қазақстанның даму процесінде мұны да ескеруіміз керек. Тек сол уақыт, заман, қоғам тудырған құбылыстардың ең жақсыларын бойымызға ұлттық дәстүрмен сіңістіріп жалғай білуге тиіспіз. Оның ұлы үлгісі тәңірліктен қалған дәстүр мен исламның сіңісіп, бір-бірімен үндестік тауып ұлт ұйытқысы болуы. Осы жерде тағы да бір данышпан адамның сөзі еріксіз жадыңа оралады. Мұндайда, әсіресе ұлттың табиғи дамуына кедергі келтіретіндерге қарап айтылған Достоевскийдің: «неужели и тут не дадут и не позволят русскому организму развиться национально, своей органической силой, а непременно безлично, лакейски подражая Европе? Да куда же девать тогда русский-то организм? Понимают ли эти господа, что такое организм?» деген пікірі сөз-ақ. Ал, мұны Олжас Сүлейменов білмейді дегенге сенбеймін. Біледі. Біле тұра ол «қолдан құрылған тәуелсіздіктің» соңында сандалып кетіп қалмайық дейді. Ол мырза білсе, тәуелсіздік пен ұлттық рух нәзік, шікәмшіл, кірпияз құбылыс. Яғни, тәуелсіздік пен ұлттық рухқа оппозиция болу ешбір интеллигентке жараспайтын іс-әрекет пен сөз. Сондықтан, бізді түптің-түбінде орға жығатындар өздерінің қайдан шығып, қайда баратынын білмейтіндер. Яғни, бұлар «Бүкіл әлемдік – қалыпты модельді» қалыптастырып, абстрактылы «абсолюттік ақиқатты» іздеймін деп қазіргі сөз бостандығы мен ой-еркіндігін ұлтжандыларға қарағанда асыра пайдаланып жүргендер. Олардың арасында «Біздің сала қызметкерлерінің (дипломатия қызметі туралы айтып отыр А.Ә.) қазақ тілін білуі міндетті емес» – деген экс-министр ерлан Ыдырысов та бар.

Қазір біз қайда беттеп барамыз, бізге уақыт – заман талабы қай бағыт-бағдарда дамып, болмаса қалайша жасарып-жаңаруды ұсынады. Осынау ұлы көштегі қазақтың, жалпы Қазақстанның ұстанған жолы қандай болуға тиіс. Әлде қоғам, мемлекет, ұлт ретінде кейбір Батыс елдерімен бірге Америка ұстанған, ұстандыруға ұсынып, тіпті, итермелеп отырған «Бүкіләлемдік-қалыпты (дұрысы қалыпқа түскен, стандарт не нормальныйА.Ә.) модельде» күн кешуіміз керек пе?

Бізге салса әрі біздің біліп-сезінуімізше әрине, ешқандай «Бүкіләлемдік-қалыпты модель» жоқ. Сонымен бірге, әлемдегі қай ел-жұрттың болмасын даму процесі де табиғи жүріп жатқан құбылыс. Сол Батысың мен Америкаң да өзінің кезең-кезеңімен дамып, табиғи өсу процесімен дүниені «Бүкіләлемдік-қалыпты модельде» дамыту керек деген дәрежеге жетті. Өйткені, оларда ұлттық мүддеге қарағанда «жалпыадамзаттық» мақсат-мұрат кеңінен етек алған. Оның себебі, сол америкада негізгі кіндік ұлт жоқтығынан. Ол үндістердің қаны мен сүйегі үстінде құрылып, «Алтын арбауына» түскендерден жиналып, еңсе көтерген мемлекет. Онда кіндік ұлттың болмайтындығы да сондықтан. Ал, ондай мемлекеттің мақсаты қашанда да «Бүкіләлемдік-қалыпты модель». Ендеше, олар көксеген мақсат-мұратты аз уақытта күштеп, революция не асығыс реформамен өзгертіп-түрлендіремін деу табиғи процеске қарсылық. Ал, табиғи процесс ондай қиянаттыққа еш көнбейді. Яғни, физика тіліндегі «бір күшке қанша күшпен әсер етсең, ол сонша күшпен қарсы әсер етедіге» саятын қағида дұрыс. Әйтпесе, кейбіреулер әр жерден шала-шарпы оқып, не естіп алғанын нақты, жергілікті жердегі өмірден қол үзген, табанының бүрі, тұяқ тірері жоқ реформаны сырттан әкеліп, сол ел-жұрт, жерге тели салғысы келеді. Және оны асығыс, тез арада атқарғысы келетіндігін қайтерсің. Бұ да еш жемісін бермейтін қанға, жоқшылыққа, бейадами моральдық қарым-қатынасқа негізделген іс-әрекет. Ондай интеллигенттік-утопиялық сана-сезімнің жемісін біз ең соңғы «социализм», «коммунизм» қоғамынан жегенбіз. Қияли, кітаптан өріп, өмірден қол үзген «измдер» ұлттық мақсат-мүддеден бірте-бірте алыстаттырып, «жалпыхалықтық» жұмақ орнатпақ болған. Оның елес екендігіне өмірдің өзі, қоғамдық-тарихи қозғалыстың табиғи процесі көз жеткізді. Ендеше, ешбір кітаби, фарисейлік негізде дамыған интеллигенттік-утопиялық сана-сезім ұшпаққа шығармайды екен. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда мұндай интеллигенттік-утопиялық сана-сезім жетегінде жүріп, солардың көрсетуімен жасалынған төңкерістердің санына куә болдық емес пе? Сонау ағылшын, француз, берісі, өзіміз бастан өткізген орыс революциясы сол сана-сезімнің ықпалынан болған жайлар. Жалпы, абстрактылы «абсолюттік ақиқатты» іздеймін деп, қазіргі сөз бостандығы мен ой еркіндігін мейлінше пайдаланып, Бүкілұлттық идеяларға негізделген құндылықтарды жоққа шығаруға еш болмайды.

«Бүкіләлемдік-қалыпты модель» қаншалықты болмаса «Бүкіләлемдік-қалыпқа түскен» өнер түгілі өмір де, сонымен бірге құқықтық-заңдық жүйелер де, сондай-ақ, адам типі де

(жиынтығы даА.Ә.)

болмайды.

Егер, қазір топырақтан қол үзген интеллигенттік-утопиялық сана-сезімнің балалық аурумен ауырған аз ғана, бірақ күннен-күнге сан арттырып бара жатқан соқыр сезім жетегіндегі нақтылы жағдайды елеп-ескермейтін, абстрактілі қоғамдық пікірді қалыптастырғысы келетін топтың ұғымындағы «Бүкіләлемдік қалыпқа түскен» ғұмырды кешсек, онда қалыпқа түскен не түсетін рухани және сана-сезімге негізделген талғам-таразының да барлығын мойындауға тиіспіз. Ол қазақтар үшін еш мойындамайтын, мойындауға келмейтін жағдайлар. Қазақ болса ежелден тәңірлік наным-сенімнен қол үзіп, мұсылмандыққа ден қоя Иман түзеген, табиғилықты бұзатын қалыпқа түсуді мойындамай (жетпіс жыл бойы қалыпты, қалыпқа барынша түсіргісі келген «социализм», «коммунизмді» сіңіре алмай келген А.Ә.) өзінің даму процесінде бірыңғайлыққа ұрынбай келе жатқан ел-жұрт. Бірыңғайлылыққа ұрынбай келе жаткан деуіміздің сыры, біздің мемлекетіміздің кіндік ұлты бар. Ол – қазақ. ендеше, дәстүрге топыраққа негізделген ұлт ешқандай да «Бүкіләлемдік-қалыпты модельді» қабылдамайды. Сондай-ақ, біздің мәдениетіміз бен өркениетіміздің даму процесі табиғи. Біз кейбір батыс, сонан соң Америка сияқты өмір сүру қорын тауысуға айналып, көзін енді айналасына сала бастаған ел емеспіз. Ал, біз, ұлт, мемлекет ретінде әлі жаспыз. Олар болса қартамыс (не кәртеміш дейдіА.Ә.) тартқан мемлекеттер.

Біздіңше, қазір Қазақстанда екі жол бар. Онын біріншісі, мемлекет ретінде бірте-бірте «Бүкіләлемдік-қалыпты модельге» түсу арқылы дамып, өзінің ұлт, мемлекет ретіндегі тарихи-қоғамдық миссиясын өшіріп-өлтіру. Оған бастайтын жол жаңа уақыттың жалған және өлі, жансыз құндылықтарын игеріп, сосын интеллигенттік-утопиялық сана-сезім жетегіндегілердің сөзімен кету. Яғни, дәстүрлі топырақта өнген құндылықтардан бас тарту (Ол өнерде де, экономикада да, саясатта да болсынА.Ә.). Екіншісі, табиғи даму процесі арқылы, табиғи өзіндік болмыс бітімі бар әлемге түзелу (Мысалы, Шығыс елдеріА.Ә.). Бұл ең қиын жол. Қазіргі Бүкіләлемді жайлап, кең етек алып бара жатқан ғаламдастыру – «Бүкіләлемдік-қалыпты модельге» апаратын бірден-бір құбылыс. Біздің Президентіміздің ғаламдастыру туралы өзінің нақты ой-пікірін білдіруі, оның әлемдік даму процесінің қайда бағыт-бағдар алғанынан хабардар болып отыратындығын байқатады. Ал, теңсіздікті насихаттап ішкі-сыртымыздан атқарылып жатқан теріс ықпалдарда шек жоқ. Оларға қарсы тұру бір президенттің қолынан келмейді. Оны ел-жұрт болып қолға алуға тиіспіз.

Бізге өзінше шешім қабылдап, өзінше ойланып-толғана алатын, өткен-кеткеннен, қазіргі айналамыздағы қандай да болмасын белең алған құбылыстардан қорытынды шығарып, қазақтың тарихи міндеттері мен мақсат-мүдделерін жақсы түсінетін адамдарды БИЛІКТЕ көбейтпей болмайды. Қазақстан – қазағы басым мемлекет. Және мемлекет со халықтың атында. ендеше, біз ешқандай «Бүкіләлемдік-қалыпты модельді» мойындамай, әлемдік қауымдастыққа өз болмыс-бітімімізбен кіріп, өзіміздің ҚАЗАҚ екендігімізді дәлелдеуге тиіспіз. Бізді де әлемнің толыққанды бір пұшпағы ретінде со әлем мойындамаса, онда біздің құнымыз көк тиын. Бір кезде «совет» халқы ұғымындағы «изм» мұрындығында жүргеніміз жетеді. Интеллигенттік-утопиялық сана-сезім жетегінде жүргендерді БИЛІККЕ үйір етіп, олардың ниет-құлықтарына еш жол бермеуіміз керек.

Тарихтан белгілі, қазақ тұтастығы сан бұзылған ел. Оған әр түрлі тарихи-қоғамдық жағдайлар себеп болды. Енді, мына берілген мүмкіндік бізге еш қайталанбайды. Иә, қазір экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық негізді құрайтын материалдық жағдайымыз әлі тік тұрып кете қойған жоқ. Ал, оны жақсарту үшін бізге РУ емес, РУХ тұтастығы қажет. Рим империясы, ең соңғы орыс иелігі – империялық этнос ретінде іріп-шіріп, сыртқы және ішкі кері ықпалдардың әсерінен ғасырлап жинаған бедері мен беделін жоғалтты.

Тағы бір мысал, түсіріліп жатқан «Көшпенділер» фильмінің сценарийін жазған әзірбайжан драматургі Рустам ибрагимбеков қазақ ұлты үшін ең жауапты, ең құнды, сосын оның бүкіл салт-дәстүр, қадір-қасиет, өмірлік-қоғамдық әрі саяси принциптерін көрсететін кинофильмді жасағалы жатып, газет тілшісінің «Сіз қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктерін қаншалықты білесіз?» деген сұрағына «Оны мен білуге тиіс емеспін… Кім соны жақсы білсе, шектеулі шеңбердің ішінде қалып қояды» деп жауап береді. Сонда, біз қазақ киносының тағдырын кімге тапсырып отырмыз? Ол кино сөзсіз американдық, не батыстық үлгіде болмаса, болмай ма екен? Өнердің мақсаты өз ерекшелігімен оқшауланып тұру емес пе? Ұлт та солай, оның өзге ұлттарға қарағанда, ерекшеліктері болуы керек. Тіпті оны айтасыз, Рустам мырза «Қазаққа ұнау үшін оны қазақтың ең мықты актері ойнауы керек, ал Бүкіл әлемге ұнауы үшін оны Гир (американдық актер Ричард Гирді айтып отыр А.Ә.) ойнауы тиіс» дейді. Бұл не деген ұшқары пікір тиянақсыз тұжырым. О кісіге сонда қазақтың мықты актері өзге ұлтқа ұнамайды деп кім айтты. Талант қайда да талант. Онда шек, шекара жоқ. Тек ол топыраққа негізделген, өз ұлтының ерекшелігін көрсете білетін тұлға болсын деңіз. Мен де, мысалы, пенде ретінде мүмкін, қатып қалған стандарт киноны, оның қатып қалған бір мойын мінезді стандарт кейіпкерін, сондай-ақ соның рөлінде ойнаған қатып қалған бір мойын стандарт актерді ұнатпайтын шығармын. Қайта дәстүрге бай, адамның ішкі иірімін жанды да сезімтал жеткізетін Жантурин мен Әшімовті, Шәріпова мен Өмірзақова секілді өзге ұлттардың қалпына түспей, өзінің ұлттық өнер-өрнегін көрсететіндерді ұнатармын. сосын Сергей Азимовше бізді, «Бұл фильмнің негізгі мақсаты («Көшенділерді» айтып отыр А.Ә.) біздің кім екенімізді бүкіл әлемге таныту. Неге Американың киносын әлем жапырыла көреді. Әрине, бұның да өз құпиялары бар. Ең бастысы, стандарт бойынша жасау керек» деген принциппен қазақты өзгеге таныстырғым келмейтін шығар. Өйткені, қалыпқа (азимовше айтқанда стандартқа түскен А.Ә.) түскен өмірдің де, өнердің де, тіпті қарапайым адамның да, одан да әрі кеткенде мемлекет пен қоғамның да қандай құны бар? Алланың өзі не нәрсені болмасын өзінше ерекшелігі бар етіп жаратты емес пе? Міне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде, біз пендеңіз жоғарыдағы, яғни, дидар Амантайдың тілімен айтқанда, бүкіл әлемдік коммунизмді аңсаған советизм (Аталмыш мырза тағы бір топырақсыз, текке негізделмеген «измді» ойлап тауып отыр-ау, сірәА.Ә.) принципіне қарсымыз. Біреуге «қараңғылық пен советизм» кінәсін тағу үшін алдымен аталған автор өзінің «жалпыхалықтық» үлгі принципінен арылып, «Ұлттық философия болмайды» деген тұжырым-пікірді қарапайым халықтың сана-сезіміне құймасын. Сонда, біз «Шығыс даналығы» деп бүкіл әлем мойындаған қағидалар мен топырақтан өсіп-өне келе, әлемді мойындатқан Конфуций, өзіміздің Абай секілді философтарды қайда қоямыз. Ал, олар топырақ – ұлттан өсіп-өнбей, таз-тақырда пайда болды ма? Түсінгенге ненің, қандай нәрсенің болса да негізі болады. Философия алдымен адам, содан кейін барып со адамның өзі өмір сүрген қоғам, ұлт, мемлекеттік қарым-қатынастан түйген тұжырымы. Дәп сондай ойды индира Ганди: «Мен бәрінен бұрын үндістандық философия аталатын өмірмен мақтанамын» деп жалғастырады. ендеше, ұлттық философия болмайды деген ұғым санаға сыйып, көңілге қонбайтын пікір екен. Енді бір жас жазушы Мәдина омарова болса, «Әдебиеттен – ұлттық белгілерді іздеу қажеттілігін қажетсінбейтін кезең туды» деп атүсті ой түйетінін қайтерсің. Егер, Мәдина қарындасым білсе, әлемдік әдебиет, алдымен, ұлттық топырақта өніп-өсіп, өзіндік салт-дәстүр, әдет-ғұрып арқылы қалыптасады да, сол әлемді таңғалдырады. Оның озық үлгісі қазақ үшін «Абай жолы».

Біз сөз басында, алдымен, ең мықты ұлт болуымыз керек дедік, ал, ондай ұлт болу үшін, біз өз жері мен өз елін сүйетін арлы азамат болуға тиіспіз. Ал, азамат адамнан тәрбиеленеді. ендеше, ұлт болып болашақ ұрпағымызды тәрбиелегіміз келсе, алдымен өзіндік кескін-келбеті бар, өзіндік принцип ұстанған, өзінің топырағын өзгеге алмастырмайтын жылқы мінезді қазақ тәрбиелеуге тиіспіз. Оған баратын жол – ұлттық идея мен идеологиямызды түзету.

Бұл табиғи процесс. Оның түбі бүгін, не ертең солай болатынын тарихты оқыған кез келгеніміздің көңіл-көзіміз, түйсік-сезіміміз білетін. Ол туралы астыртын басылымдарда, сонау, Кеңес кезінің өзінде жазылып жүрді. Бірақ, оны аз ғана топ оқитын. Олар интеллигенттік-утопиялық сана-сезім жетегінде жүргендердің халықты қияли, өмірден қол үзген, нақты тыныс-тіршіліктен ада идеялармен суарып, ең бастысы түптің түбінде ұлттық болмысқа негізделген дәстүрді жойып тынбай тоқтамайтындығын жақсы білетұғын.

Этнос – тарихи категория. Біз өз мемлекетіміздің иесі болуға тиіспіз, оған толық Халықаралық дәрежедегі құқымыз бар. Оны қорғасындай ерітіп, қайта балқытып, басқа «Бүкіләлемдік-қалыпты модельге» түсірем деушілер қатты қателеседі. Ол ұлт барда еш мүмкін емес жағдай. Болмаса неге «француздарды» «республикалық халық», «ағылшындардың» орнына «корольдік халық» болмаса «парламенттік халық» демейді. Сондықтан, мәселеге осы тұрғыдан келгенде біз бір кездегі «совет халқы» деген ұғымнан арылғандай «евразиялық ұлт» дегенді де сана-сезімімізге сіңіргісі келгендерден бойымызды аулақ ұстап, сонау патшалық Ресей кезінен бастау алып, 1920 жылдары князь трубецкий, Савицкий жалғастырған, бүгінгі күні орыс ойшылы А.Дугин жалғастырып отырған «Евразия идеясына» да сақтықпен қарауымыз керек. Бұл бір кездегі еуроцентризмге қарсы бағытталған идея да, бірақ, ол болашақта «Орыстық-қалыпты модельде» дамуға бастайтын идеяның негізі болатын. Оның ішіне Орта Азиядағы Ресей отарында болған бұратана ұлттардың барлығын орыстандыру саясатымен бірге, түптің-түбінде провославия дініне кіргізу жоспары да болған. Жалпы, өзін «Үшінші әлем», яғни біз Еуропа да, Азия да емеспіз дейтін ресей философтары мен саясаткерлерінің осынау «еуразиялық идеясынан» әлі де тәуелсіз мемлекет бола тура арыла алмай келеміз. Тіпті, кейбіреулер со «Еуразия идеясын» қазіргі уақыт тудырып, мәселе болып көтеріліп отырған Еуразия Одағымен жаңылыстырады. Бұл екеуінің алға қойған мақсат-мүдделері, айта берді көтерген мәселелері, сосын, пайда болған мезгілдері де мүлдем басқа екенін елеп-екшемейді. Бір кезде Лев Гумилев: «россия – это хрящ (не ет, не сүйек емес, шеміршек деуге келерлік мүше бөлшегін солай дейдіА.Ә.), наросший от трение европы об Азию, Запад об Восток» деген. Ендеше, біз де сол ет те, сүйек те емес, шеміршек сияқты мемлекет деңгейінде қалып қоймауға тиіспіз. Сосын, өз бағыт-бағдарымызды қалыптастырып, кез келген мемлекетпен иық тиістіре алатын, түйістіре білетін ел-жұрт дәрежесіне көтерілмесек, өзіміздің тарихи миссиямызды орындамағанымыз. Өйткені, біз өзіндік кескін-келбеті бар елміз. Тарих солай қалыптастырып, Алла сол үшін жаратқан.

Осыдан біраз уақыт бұрын қолыма «Известия» газеті тиді. Онда Евгения Доцуктің қазақстандық режиссер кинодокументалист Эльза Ділмұхамедовамен жүргізген «Лев Гумилев: «Я молюсь на восточные зори, а западных только скорблю…» деген сұхбаты жарияланған. Бір қарағанда ол өте қызық, көп мәселелердің басын қамтыған. Сөз жоқ, Лев Гумилев үлкен тұлға, әрі өзіне дейінгі П.Савицкийдің орыс геосаясаты, сосын өзінің орыс этнологиясы, орыс лингвистикасының структурасы (структурализм), орыс социологиясы (әсіресе, элита теориясы) және Ресей мемлекеттілігін нығайтатын еуроазиялық идеяны дамытушылардың алдыңғы қатарындағы ғалым. Бірақ, ол біздің қазақ ұлты, қазақ мемлекеті үшін не берді? Және ол идея мен идеологиялар бізге, біздің менталитетімізге қаншалықты пайдасы бар. Міне, мәселе қайда? Осыған көз жүгіртіп көрдік пе? Мұны айтып отырғаным әлгі, жоғарыдағы келтіріп отырған сұхбаттың «двойной стандартқа» саятын астары барлығында. Эльза ханым мен Лев Гумилевтің «На континенте евроазия мы все евразийцы – с общей ментальностью, с общим мироощущением» дегенін малданып, өзі «однако этот «дуализм», по Гумилеву, будет временным, потому что будущем, когда население Евразии оформится в единый народ, появится и единая вера. При этом сам Лев николаевич был глубоко верующим православным человеком» дейді. Мәселеге, гумилев тұрғысынан келсек, ол өте дұрыс, ал, енді дәп сол мәселеге ұлттық-қазақ тұрғысынан келсек ше? Әрине, дұрыс емес. Сонда, біздің мемлекеттілігіміз бен ұлтшылдығымыз, тәуелсіздігіміз бен ұлттық болмыс-бітіміміз қайда қалады? Міне, бұл миссионерлік мақсат-мүдде, яғни, Лев николаевич қалаған жол. Мұндай жолда мен өз басым Эльза ханым Ділмұхамедовамен бірге сапарлас бола алмаймын. Менің идеям мен мақсат-мүддем еуразиялық емес – қазақтық. Жалпы, еуразия мен бір кездегі КСРО расында ешқандай да айырмашылық жоқ. еуразия православияға негізделген орыс отаршылдығының ең әдемі қитұрқы түрі. Біздің кез келген ғылыми-әдеби процестегі еңбектерде «двойной стандарт» болады дейтініміздің сыры да сонда.

Лев Гумилев демекші, ол өзінің бір сөзінде: «…негативная идеология, (Ерекше назар аударыңыздар А.Ә.) съедает этнос, в котором она нашла приют, так же как бледная спирохета съедает организм человека и гибнет вместе с ним. торжество негативной идеологии означает провал в бездну» дейді. Шындығы да сондай. Қазіргі сөз бостандығы мен ой еркіндігін мейлінше пайдаланып жүрген кейбір ұшқары пікірлі мәдениеттанушы, киногер, тарихшы не аудармашы, ақын атанған дилетанттар мен графомандар мерзімді баспасөздерде алдыңды орап, жаңағы Гумилев айтқандай жалған идея мен идеологиялар қалыптастырып, ел-жұртты топырақтан қол үзуге «атсалысып» келеді. Оның нақты мысалы, ұлттағы барды жоққа шығаратын, өзгеге еліктеп-солықтаушылар. Мысалы, қазақ киносыншысы Гүлнар Әбікееваның Қырғызстанда өткен «Сорос» гуманитарлық қоры бөлімшелерінің ұйымдастыруымен «Орталық Азия және Еуропа елдері мәдениет қайраткерлерінің Ыстықкөл кездесуі» атты басқосуда айтқан «қазақ киносының жаңа толқыны «Біз енді кеңестік кино емеспіз, сонда біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздеп, «Біз еуропалықпыз» деген жауапты тапты» деуінің өзі жоғарыдағы біздің пікіріміздің куәсі болса керек. Көзсіз әлдекімдерге еліктеп-солықтаушылардың мақсаты әйтеуір қазақ болмау. Олардың бір қасиеті – бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай. Біз режиссер болат Атабаевтың ұшқары, атүсті, ешқандай топырақ-негізге сүйенбей айтқан пікірін қаншалықты жоққа шығарсақ, мына Гүлнар ханымның да пікірін өзін-өзі танып біліп алмай, өзінің түп-төркінінен бас тартып, өзгеге құлдық психологиямен табынып, бас июшілік танытушыларды да соншалықты сынға аламыз. Қазақ киносының өзіндік кескін келбетін көрсете алмай, бір кезде Шәкен Айманов қалаған дәстүрлі ұлттық киношығармашылықтың бүгіндегі дағдарысына со атабаев, Әбікеева, азимов, Қарпықов секілді өз топырағын жатсынып, бағыт-бағдарын Батыстан не Америкадан іздегендерден көруіміз керек. Өйткені, жоғарыдағыдай құлдық психологиядан арылмағандар мемлекетті де, қоғамды да, ұлтты да өзгенің алдында жығып береді. Мұндай қасиет құлда не қуда ғана болады. ендеше, біздің сана сарабына салмай батысшылдықтың балалық ауруымен ауырғандармен пікір қайшылығымыз жақын арада біте қоймайтын шығар, сірә. Себебі, олардың өздерін көктен түскендей сезініп, өз ел-жеріндегі мәселелерді шешіп тастап, енді бүкіл әлем мәселесі соларға қарап қалғандай күй кешетінін қайтесің. Және ол туралы ойларын еш уақытта жасырған емес. Жақында, сондай пікірдің бірін «Известия» газетінің қосымшасында Әуезхан Кодар мырза айтты. Ол: «Ведь, но существу, мы жили в консервной банке, где кильки считали себя сомами. Другую же половину объявили «манкуртами», или беспамятными. Как будто кильки могли позволить себе память» дей келіп, барлық мәдениет пен өркениеттің негізін әлгі «мәңгүрттерден» іздейді де, дәстүршілдерді өзінше «кильки» деп («Біз» деуіне қарағанда, оның ішінде өзі болса дұрыс А.Ә.) кекетіп, мұқатқан болады да «Трагедия было в том, что именно эти «вторые» были небезнадежны. В них было меньше забитости и темноты, меньше стадности и тупого упования на «аксакалов» дейді. О мырза біле білсе, мәдениет (культура) – ұлттық та, ал, өркениет – (цивилизация) жалпыадамзаттық. Өйткені, мәдениеттің түбірі киелі ұғым, діни қадыр-қасиеттен бастау алады да, табиғатпен үндесіп, топыраққа негізделеді де, ал, өркениет ақыл-ой жемісінің көрінісін паш етеді. Қазіргі урбанизация мен ақпараттық тасқын соны білдірмей ме? Мұны біліп, түсінгісі келмейтін Әуезхан мырза мәдениет туралы: «настоящая культура – без берегов и без национальной принадлежности. Настоящая культура – только та, которую называют мировой.

– Или – западной?..

Нет, мировой» дейді. Одан сұхбат алған журналист тимур Егізовтің де мәдениет туралы ұғымы со Әуезхан мырзадан «асып» түспесе, кем түсіп жатқан жоқ. Апама-жездем сай екені осынау диалогтан-ақ байқалып тұрған жоқ па. Мәдениет пен өркениеттің айырмашылығын білмейтін адамдардың қалай мәдениеттанушы болып жүргеніне адам таңғалады. Ал, «СОРОС» қорының өзін топырақ-негізден қол үзгендерді ғана таңдап алып, бүкіл ұлт атынан сөйлеттіретініне таңғаласың.

Енді, сол жоғарыдағы аталған сұхбатқа келсек, онда Эльза Ділмұхамедова өзінің Лев Николаевичтің ықпалымен православияны қабылдағанын айтады. Және атақты ғалым оны соған шоқындырып, осынау ерекше күн есте қалу үшін өзінің «география поведения» деген тақырыпта оқыған лекциялары жазылған аудиокассетасын сыйлапты. Міне, көрдіңіздер мен, сана сарабына салмай, көзсіз елітіп-еліккен батысшылдарға бұ да мәртебе, мақтаныш. Сонда, біз сол бір іс-әрекет, әркімнің өзіне қатысты жағдайдан сабақ, үлгі алуымыз керек пе? режиссер-кинодокументалист оны бізге неге айтып отыр. Содан соң, Эльза ханым «Он (Гумилевті айтып отыр.А.Ә.) был уверен, что евразия вот-вот даст некий новый тип людей, она уже готова этот тип произвести» дейді. Осы бір сөздер менің есіме Тургеневтің «Отцы и дети» шығармасындағы нигилист Базаровтың бір кездері Бүкіл адам баласы бақтағы-ақ қайыңдардай бірдей болады деген пікірге саятын ойын есіме түсірді. Міне, осыны қалай қабылдап, қалай бойға сіңіруге болады. жалпы, еуразия идеясы абстракциялы ойда тұрып, санаға сіңбейтін ұғым. Ол егер экономикалық жағынан болса, онда оны қабылдауға болады. Ал, Эльза ханым трактовкасында ол абстракция ғана.

Қазақтың өзіндік кескін келбеті бар дедік. Ол қандай? Оның негізі алдымен мұсылмандықта. Ал, Ислам, әмбебап дін. ешкімді жатсынбайды. Онда алдымен Алла, сосын Адам жоғарғы идеал. Сондықтан, қазақ мінезін мұсылмандықтан өрілген Имандылықтан іздеген жөн. Американың ұлттан бас тартып «Бүкіләлемдік қалыпка түсіру», яғни, ғаламдастыру идеясы біз үшін жат. Кейбір бейқазақ бағыт-бағдардағы ниет-құлық қайдан шығады. Оның тамыры – интеллигенттік-утопиялық сана-сезімде. Яғни, тарих ғылымының докторы Ж.Әбілғожин: «Мы не ушли из сельской субкультуры» дей келіп, «отношения строятся по принципу «я – тебе, ты – мне» деуі мен «стереотипы поведения и общения на селе, перенесенные массово в город, могут стать тормозом в развитии» деген қоғамдық, философиялық, саяси, діни, қазақ, ауыл туралы ой-пікірлерін елеп-екшесек қазақтың болашағы жайында үлкен ой кешуге тура келеді. Әйтпесе біз, жоғарыдағы адамдардың күйретушілік күшке ие көзқарастары туралы сан рет айтып, әлденеше рет жазғанбыз да. Мұндай көзқарастағы қазақтардан соң «Қазақстан болашаққа кіммен, қалай баруы керек?» деген сауал өзінен-өзі қойылады. Бұл тырнақ астынан кір іздеу емес, батысшылдықтың балалық ауруымен ауырған, интеллигенттік-утопиялық сана-сезімнің жетегіндегі, бар дәстүрді жоққа шығаратын нигилизмнің жолына түскендердің көпке тартып жүрген ой-пікірлерін келтіру арқылы ақиқатқа көз жеткізу. Сөйтіп, қазақтың, жалпы Қазақстанның әлемдегі алатын орны мен оған баратын жолындағы кездесетін кедергілерді кімдер жасап жүргенін айқындау.

Біз Қазақстанда алдымен қазақ ұлты, сосын, барып өзге ұлттар мен ұлыстар тұрады деп есептеуіміз керек. Және олардың арасын тұтастырып, біріктіріп тұратын бір-ақ түсінік болуға тиіс. Ол – қазақ жері, қазақ ұлты. Сондықтан, табиғаты, болмыс бітімі, ішкі әлемі бірдей екі адам болмайтыны секілді, бір-бірінен аумайтын ұлт та, қоғам да, мемлекет те болмайды. Олардың арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастыру болса, ол өзінше үлкен бір әңгіме. Ендеше, тепе-теңдік, тең құқықтылықты қалыпқа түсіру арқылы қазақтың елдік-жерлік несібесін біреуге бөліп беру қиянат. Сондықтан да, «Бүкіләлемдік-қалыпты модель» бізге жүрмейді.

Қазақстанға сырттан келген және ішіміздегі «Бүкіләлемдік қалыпты модельді» насихаттаушылар кешегі коммунистік тәрбиені қаншалықты пайдаланса, бүгінгі демократиялық қарым-қатынасты да соншалықты пайдалануда. Олар кез келген өздеріне жасалынған ескертулер мен құлаққағыстарды, тіпті, өздерінен талап етілген заңдық-құқықтық мақсат-мүдделердің өзін демократияға жасалынған қиянаттық, қастандық деп есептейді. сонда, өздері тарапынан ұлтқа, қоғамға, мемлекетке, олардың ұстанған дәстүрлі, салт-тұрмысқа негізделген идеялары мен идеологияларына жасап жатқан қиянаттары мен заңсыздықтары ескерілмеу керек пе?

БИЛІК пен МЕМЛЕКЕТ өзі өмір сүріп, өзі тірек етіп отырған ұлт пен жерді алдымен көгертіп, сонан соң өзгелерді қарық ете алмаса, онда олардың бір-бірімен тұтастық таба алмағаны. Оған негізгі дін Исламды қосыңыз. Міне, осы Үштік одақ нық болмай біз өзге діндер мен ұлттардың басын біріктіріп, тұтастықта

ұстай алмаймыз. Түптің түбінде «нарықтық (базарлық десе де боладыА.Ә.) демократияның» ғұмыры ұзақ болмайды. Оны біз өзін «демократиялық мемлекет» санайтын елдердің кейбірінің қазіргі жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясатынан толық көріп отырмыз. Әлемдегі тыныштықтың «қыл» үстінде тұруының өзі соны аңғартады. Ақшалы «аристократия» немесе қазірше айтқанда «олигархия» қоғамды, мемлекетті, ұлтты іштен жеп бітіріп, оларды сыртқы қарсыластарымызға жығып береді. сонда, негізгі салмақ ұлттың өзі мен оның мүддесін ойлайтын интеллектуал-интеллигенттерге түседі. Олардың жасы, мамандығы, интеллектуалдық және психологиялық көңіл-күйі әр түрлі болуы мүмкін. Бірақ, оларды тұтастыратын Қазақстан әрі қазақ тағдырына деген жауапкершілік. Солар ғана МЕМЛЕКЕТ және БИЛІКТІ бір қалыпты, өзіндік бағыт-бағдардағы «температурада» ұстай алады. Бізге әзірге жетпейтіні – ҰЛТТЫҚ БИЛІК. Ал, мемлекетте жақсылы-жаманды, жетістікті-кемшілікті, жоғары-төменді олқы да толық жағдайлар бола береді. Оларды түзеу уақыт еншісінде. Тек, табиғи даму процесімізден қол үзбеуіміз керек. Асығыстық орға жығады. Ал, «Бүкіләлемдік-қалыпты модельге» түсу біз үшін ең қатерлі бағыт-бағдар. Оның арғы жағында ұлттық болмысымызды жоғалтып, «жалпыхалықтық» – америкалық ғұмыр кешетін, текке негізделмеген қайғы-қасірет тұр.

Бүгінде ғаламдастыру (глобализация) туралы әркім әртүрлі әңгіме айтып, өздерінше тұжырымға келетін ой-пікір түйеді. Оны біреулер экономикалық жағынан қараса, екінші біреулер саяси-мәдени қарым-қатынас тұрғысынан талдап, талқылайды. Қалай болғанда да, қандай жағдайда да әлемді ғаламдастыру үрейі билеген, әйтпесе, дүниежүзінің түкпір-түкпірінде ғаламдастыруға қарсы қозғалыстар пайда болып, адамдар топ-тобымен әртүрлі іс-әрекетте алаңға шықпас еді ғой. Жалпы, ғаламдастыру – жаңа компьютерлік технологияның жан-жақты жетілген қуаты арқылы жедел түрде жалпы-әлемдік тұтас бір бағыт-бағдарда шоғырланған қаржы-ақпараттық кеңістікті қалыптастыру болып саналады. Ол қазір барынша кең қанат жайып келеді. Бұл – «сана-сезімді шаю» процесі арқылы адамның еңбек құралын жаңартып, жетілдіру деген сөз. Оның бүгінгі күндегі қадір-қасиетті артып тұрған бизнес көзі болатыны да сондықтан. Өйткені, сана-сезімі «шайылған» адам – маргиналь. Ал, Қазақстанға ондай қазақ-маргиналь керек пе? Егер, оны біз қазақтың санын арттыру үшін қажет десек, онда оған ұлттық тұрғыдағы талап-тілектер қоя білуіміз керек. Болмаған жағдайда олар ұлтқа қатерлі құбылыс жемісі болып табылады. Қазіргі белгілі бір «ақпараттық элита» солай қалыптасып келеді.

Жалпы, жоғарыда келтірілген тексіздікке шақыратын ой-пікірлер мен тұжырым-түйіндер қазақ БАҚ-тары беттерінде жа-рияланбауы тиіс. Оларды жариялайтын және насихаттайтын БАҚ түрлері мен салалары Қазақстанда жеткілікті. Солар-ақ олардың мейманасын арттырып, насихатын жеткізіп жатқан жоқ па? Мұның бәрінен аңғарғаным бүгінде Қазақстанды космополитизм елесі армансыз-ақ кезіп жүргендігі. Оны насихаттаушылар қазақстандықтар мен қазақ ұлты жастарының санасын армансыз шайып, оларды туған топырақ деген ұғымдардан алыстатуды көздегендеріне бір жыл не бір кезең емес нешеме ғасыр болды десек, еш қателеспейтініміз тағы анық. Ендеше, ел боламыз десек алдымен ұлы Әуезов айтқандай «Бесігімізді ғана түзеп қоймай» сырттан келетін космополитизмді насихаттайтын кез келген ағым, баспасөз құралдарына есігімізді жабуға тиіспіз де, әлемдік озық өркениет пен мәдениеттің ұлтымызға керек деген ең қажеттілерін ғана алуға тиіспіз. Сөйтіп, уақыт және заман талабымен аяғымызды тең баспасақ, іргелі ел болмайтынымыз тағы анық.

Сондықтан, әлгі біздің депутаттардың өздерінің туған тілін жатсынып, оған оғаш мінез-қылық көрсетуі өзінің ел-жерін жоққа шығаруымен бірдей қасиет болса, ал, Дугин мырзаның әлімсақтан жалаулатып жүргені Азия мен Еуропа кеңістігін жайлаған аз ұлттарды жұтып қоятын идея. О мырза қайда жүріп, қай жерде сөйлемесін кілең Президент Назарбаев ұсынған Еуразия одағын алға тарта береді. Және соны «көзір» етеді. Еуразия идеясы идеологының осы тұстағы білмейтін, не білсе де білмегендей кейіп көрсететін жағдайы, Еуразия идеясы патшалық, ресей кезінен бастау алатын империялық пиғылдан өрген еуроцентризмге қарсы орыс шовинизмі бағыт-бағдарындағы ағым да, ал біздің Елбасымыз ұсынып отырған Еуразия одағы болса таза тәуелсіз мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстан туған оң идея. Сондықтан да, бізге Еуразия идеясы мен еуразия одағын еш жаңылыстыруға болмайды. Ал, біздің тарихшы, философ, сонымен бірге академик атанып жүрген енді бір қандастарымыз, білім саласын басқарып жүрген ана бір азаматымыз еуразия идеясы мен Еуразия одағының ара-жігін ашып берудің орнына, оларды бірін-бірімен жаңылыстырып, қойыртпақ ете келе, қалың қазақты әрі-сәрі ететін мақалалар жазып, ойлар айтып жүргеніне таңғаласың. Академик Ә.Нысанбаев болса, Еуразиялық одақты «…славяндар мен тұрандықтардың іс жүзіндегі ішкі менталдық бірлігіне негізделген идея» деп ой түйетінін қайтерсіз. Біздің қайта-қайта Еуразия идеясы мен еуразия одағын жаңылыстырмай, олардың аражігін қара ормандай қазаққа түсіндіре ажыратып беруіміз керек деп қан қақсайтынымыз да сондықтан. Қайта, Елбасымыз ана бір жылы Мәскеуде өткен Еуразия одағына байланысты дөңгелек үстелде мәскеулік Еуразия идеясын насихаттаушы философтар мен саясаткерлерге оның бағыт-бағдарын барынша түсіндіріп, Одақтың экономикалық жағына баса назар аударған болатын.

Біздің жарғақ құлағымыз жастыққа тимей қашаннан бері жазып та, айтып та келе жатқанымыз, «Мәскеуді үшінші Рим» санайтын дугиншілдердің насихаттап жүргені Еуразиядағы аз ұлттарды түптің-түбінде жұтып қоятын жайын құлықты еуразия идеясының басымызды зорға арашалап алған КСРО-дан бірде айырмашылығы жоқтығы мен оның православияға негізделгендігі. Сонымен айтарымыз, шынымен Қазақстанда еуразияшылдар «огромное количество» болып, ол идея республикамызда «государственный курс» болса, онда бізді шын мағынасында Құдайдың ұрғаны. Ондай бағыт-бағдарды шынымен темірқазық етсек, онда қазіргі бар тәуелсіздігімізден қол үзетіндігімізге сенім білдіре аламыз.

Ақжол, республикалық қоғамдық-саяси апталық

 

«Ақжол Қазақстан» газеті

№13 (86) 2 сәуір 2004 жыл,

№14 (87) 9 сәуір 2004 жыл

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат