«Мысль» – дәуір айнасы

  • 07.11.2011
  • 572 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейдахмет Құттықадам, «Мысль» журналының

Бас редакторы

Қиын да тағдырлы жолдардан өткен, былтыр ғана өзінің алғаш­қы саны жарық көргендігіне 90 жыл толғандығын лайықты атап өткен «Мысль» журналы – республикамыздағы байырғы беделді қоғамдық-саяси басылымдардың бірі. Еліміздегі ақпарат құралдарының арасында бұндай ғұмырбаяны бай, үлкен тарихи жолдардан өткен басылымдар неке-саяқ.

Журналымыз уақыт-заман үрдісіндегі барлық ауыртпалықты өз мойнымен тайсалмай көтеріп, ел-жұртымен бірге ғасырға жуық ұзақ жолдан еш бөгелмей өтті. Жалпы алғанда, бұл басылым елдегі іргелі оқиғалар мен күрделі тарихи кезеңдердің үлкен деректі жылнамасын да жасаған басылым деуге толық негіз бар. Журналымыздың алғашқы саны 1920 жылдың мамырында сол кездегі Қазақстанның астанасы – Орынбор қаласында жарық көрген. Өзінің 90 жылдық тарихында журнал «Известия бюро Киркрая», «Красный Казахстан», «Большевик Казахстана», «Коммунист Казахстана», «Партийная жизнь Казахстана» болып, бірнеше рет өзінің атын өзгертті. Басылымның сарғайған беттерін парақтай отырып, өткен өміріміздің сәулелі шақтарын көріп, жылдар рухына да тереңдеп бойлағандай боласың…

Осы жылдар ішінде өз заманының нағыз патриот, әйгілі тұлғалары Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай, Қаныш Сәтпаев және басқа да белгілі мемлекет, қоғам және саяси қайраткерлердің басылым беттерінде жарық көрген материалдарының батылдығы және қара қылды қақ жарғандай әділдігімен ерекшеленгендігін да атап айтуымыз қажет. Олардың бірқатары бертінде сталиндік қатал репрессияның жазықсыз құрбандығына да айналды.

Қазақстан тәуелсіздігінің жаңа дәуірінде журнал өзінің «бет-бейнесін» түбегейлі түрде өзгертті. Бұрынғы ескі сүрлеудің «көлең­кесін» бірден кейін қарай серпіп тастап, тәуелсіздік идеалының мүддесін қорғайтын басылымға, «Мысль» деп аталатын мүлдем жаңа тұрпаттағы журналға айналды. Соған орай, оның мазмұны мен жария­ланатын материалдарды іріктеуінде де айта қаларлықтай үлкен өзгешеліктер болды. Қазіргі кездегі редакцияның басты назары тәуелсіздігіміздің іргесін мықтап, қоғамдағы рухани келісім мен тұрақтылықты нығайтып, демократиялық үрдістерді дамыту мен адам құқын сақтауға аударылып келе жатыр. Ұжымның шығармашылықтағы өз жұмыстарын жаңаша құрып, үнемі уақыттан қалыспай, бұқаралық ақпарат құралдары үрдісіндегі теориялық жүктің ауыр салмағын бірге көтерісіп келе жатқандығын да айта кеткім келеді. Бұл тұрғыдағы мәселелер оңтайлы түрде өз шешімін де тапты: журналымыз жаңа оқырмандар аудиториясын қалыптастырып үлгерді, басылым материалдары қоғамдағы өткір де, күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер жөніндегі ашық сырласу мен пікір таластыруларға негіз қалап келеді. Зерттеулер нәтижесі көрсеткеніндей, біздің журналымыздың материалдарын экономист, саясаттанушы, заңгер ғалымдар, шығармашылық ортаның, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіндегі өкілдері де мұқият қадағалап оқиды.

Қазіргі кездегі басты бір қолға алған шаруамыз, тұрақты авторларымызбен және барлық оқырмандар аудиториясымен арадағы байланыстарымызды қайта жаңғыртып, одан әрі нығайтуда болып отыр. Редакция алқасының мүшелері жоғары оқу орындарында, мекемелер мен кәсіпорындарда да жиі болып тұрады. Тұрақты түрде іссапарларға шығып, ғылыми конференцияларға белсене қатысады. Авторларымыз бен оқырмандарымыз біздің жаңаша бағытымызды қолдап, редакциялық қоржынымызды үнемі мазмұнды да мәнді, әрі өзекті материалдармен байыта түсуде. Оқырмандар өз тарапынан редакциямыздың жұмысына оң баға беріп, біздің жауапкершілігімізді бұрынғыдан да арттыра түсті. Біз олардың өзімізге айтылған қандайма бір жылы сөздерін болашаққа деген аманаты деп те қабылдаймыз. Осы тұста редакциямыз оқырмандардың ұсыныс-пікір, тілектеріне әрдайым ерекше көңіл қойып отыратындығын да баса айтар едім.

Біздің шығармашылық ұжым өзінің күнделікті жұмыстарында мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, жазушы және аудармашы Герольд Бельгер, ақын және дипломат Олжас Сүлейменов, академиктер Салық Зиманов пен Эрвин Госсен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов, сенатор Қуаныш Сұлтанов және басқа да еліміздің белгілі тұлғалары мен беделді адамдарынан құрал­ған редакциялық кеңес мүшелерінің көмегі мен қолдауын да ұдайы сезініп отырады.

 Осы тұрғыда басылымда жарияланған мақалалары қоғамда үлкен қызығушылық туғызып, мыңдаған адамарды ел дамуының үрдістері хақында ойланып, толғануға жетелеп жүрген тұрақты авторларымыздың атына өзіміздің алғыс сезі­мі­мізді де білдіргім келер еді. Бұл біздің жұмысымыздағы айта қаларлықтай заңдылық та, өйткені, олардың әрбір материалы қашан да қызықты, әрі мазмұнды болып келумен бірге, ел экономикасының нығайып, әлеуметтік салалар мен мәдениетінің дамуына дұрыс бағыт сілтеп, дағдарыстан қалай шығып, қандайма бір қиындықтарға да төтеп беруге үйретеді. Атап айтқанда, академиктер, экономика ғылымдарының докторлары Аманжол Қошанов, Ораз Баймұратов, Оразалы Сәбден, академик, философия ғылымдарының докторы Досмұхамед Кішібеков, тарих ғылымдарының докторы Бейімбет Ирмұханов, профессор, тарихшы Несіпбек Жағыпаров, саясаттанушы Темір Қозырев, өнертанушы, кино тарихшысы Гүлнәр Әбікеева, философия ғылым­дарының кандидаты, философия және құқық институтының ғалым хатшысы Әсел Мансұрова, экономика ғалымдарының кандидаты Василий Слащев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, Қостанай педагогикалық колледжінің директоры, педагогика ғалымдарының докторы Римма Бектұрғанова, кинодраматург Маргарита Соловьева және басқа да бірқатар ел зиялылары басылымның нағыз жанашыр достарына айналды.

Журналымыздың авторлары оқырмандар тарапынан үнемі жаңа авторлармен толығып келе жатқандығы да қуантады. Олардың бәрі дерлік белсені азаматтық позициядағы адамдар, елдің нағыз патриоттары болғандықтан, олар үшін біздің есігіміз қашан да ашық.

Өмір мұхиты ұдайы аумалы-төкпелі болып келе­тіндігі белгілі, бірақ біздің редакциямыздың кемесі өз бағытынан ешқашан адаспақ емес. Бұның бәрі біздің шағын да болса, ұйымшыл, білікті, әрі өз са­ласының асқан білікті кадрларынан тұратын командамыздың арқасы дер едім. Біздің әрқайсысымыз үшін де бұл журнал – ұдайы қамқорлықты тілеп, аялап, бар күш-жігерімізді сарп етуді қажет ететін өз перзентіміз десек те, еш артық айтқандығымыз болмас.

Бүгінде ақсақал жасына келіп отырғандығына қарамастан, біздің журналымыз өзінің мойнындағы ондаған жылдардың ауыр жүгін кейін қарай серпіп тастап, алдағы жаңа кезеңдер мен жаңа белестерге қарай құлаш сермейді. «Мысль» жиырма бірінші ғасырдың жылнамасын ел шежіресіне де айналдыра береді.

Оқырман жұртшылықты келер жылдың журналына жазылуға шақырамыз. Жазылу индексі: жеке адамдарға – 75795; мекемелерге – 25795. 2012 жылға жазылудың бағасы: «Қазпошта» ар­қылы, жеке жазылушыларға: Алматы  – 2009-16, қала – 2101-80, аудан – 2139-60; кәсіпорындар мен мекемелерге: Алматы – 4404-24, қала – 4496-88, аудан – 4534-68.

«Мысльға» жазылуға асығыңыздар.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!