Қасиетті Құран Кәрімнің түркі тіліндегі алғашқы аудармалары

  • 03.06.2013
  • 1250 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Құран Кәрім бүгінге дейін әлемнің көптеген тілдеріне «аударылған». Алғашқы аударма жұмыстары Х ғасырдың екінші жартысында қолға алынғаны мәлім. Жоғарыда айтылған кезең – саманилердің заманына пара-пар келеді. Бұл уақытта Құран парсы тіліне аударылды. Самани князьдарының бірі – Әмір Мансұр бин Нұх (961-976) кезеңінде мәуереннахрлық ғалымдардан құралған комиссия алғашқы Құран Кәрімнің аудармасын әзірлеген. Бұл аударма Табаридің Құран Кәрім тәпсірі негізінде алынып, қазіргі Өзбекстанның Бұхара қаласында жасалды. Аталмыш аударма жұмысы сөзбе-сөз аудару тәсіліне негізделіп жасалған. Аудармада парсы тіліндегі сөздерге мән берілмей, парсы сөйлемінің құрылымы негізге алынбай, арабша сөздердің астына жазылды[1].


Түркілер Ислам дінін қабылдағаннан кейін аударма жұмыстарын қолға алулары әбден ықтимал, алайда бұл жұмыстар бірігіп жасалмаған болуы керек. Бұл аудармалар кей сүрелердің ауызша аудармасынан тұрады. Түркілер арасында бірігіп жасалған аударманың алғашқы рет кімнің тарапынан және қашан жасалғаны жайлы дерек қалмаған.
Түркі тіліндегі Құран Кәрім парсы аудар­маларының негізінде жасалған болатын. Ахмет Зәки Уәлиди Тоған 1914 жылы Бұхара хандығына жасаған экспедициясында Құран Кәрімнің түркіше аударылған қолжазбасын табады. Бұл алғашқы түркіше аударманы, ол парсы тіліндегі аудармамен бір кезеңде жасалғаны жайлы тұжырым айтады. Оның ойынша, бұл қолжазбаны тәржімалаған кісі алғашқы парсы тілінде аударма жасаған комиссияда болған исфиджабтық Аргу Түркі болуы әбден ықтимал. Бұл тұжырыммен келіспеушілік білдірген Фуат Көпрүлү алғашқы түркі тіліндегі аударма ХІ ғасырдың бірінші жартысында жасалғанын айтқан. Абдүлқадір Инан да Көпрүлү айтқан тұжырымды ма­құлдады.
Түркі тіліне аударылған алғашқы Құран Кәрім қараханид тілінде қолға алынған болатын. Кейін Х-ХҮІ ғасырлар арасында хорезм және шағатай тілдеріне аударылған Құран Кәрім қолжазбалары табылды. Шығыс түркі тілінде жазылған аталмыш шығармалардан басқа батыс түркі тілінде де жазылған аудармалар баршылық. Айсу Ата бұл аудармалардың жалпы саны сексен үшке жететінін айтады [2].
Ердоған «Құран Кәрім аудармаларының тілдік жағынан маңызы» атты мақаласында 1333-1334 жж. шираздық Мұхаммет бин Хажы Девлетшахтың қаламынан шыққан Құран Кәрім аудармаларының нұсқасын ең көне қолжазба ретінде көрсетеді. Бұл нұсқа Ширазда жазылған болуы тиіс. Түркіше аудармалар араб сөздерінің ас­тына жазылып отырған. Янос Экманн Құран Кәрімнің шығыс түркі тіліне аударылған шығар­маларға қатысты жазған мақаласында бұл туын­дының шығыс түркі тілінде жазылған ең көне аудармасы болуы мүмкін екендігін айтады. Сонымен қатар, тілдік жағынан ХІІ-ХIII ғғ. қа­ра­ханид дәуіріндегі Орта Азия исламдық түркі тілінің ерекшеліктерінің бар екендігін жаз­ған [3]. Абдүлқадір Инан бұл нұсқаның ХІV ғасырда жазылғанын тұжырымдайды [4]. Ал, Гүлден Саол болса, «Хорезм тілінде жазылған Құ­ран аудармасы» атты мақаласында араб және пар­сы сөздері аз кездесетін аты аталған аудар­маның жазылу уақытын ХІІ-ХIII ғасырларға жатқызады және негізгі тілінің қараханид тілі бол­ғанына қарамастан, бұл еңбекте оғыз-қыпшақ эле­менттерінің кездескенін баяндаған болатын [5].
Жоғарыда аты аталған Құран Кәрім ау­дар­масынан кейін жасалған тағы бір тәр­жіма, қазір Ташкентте Өзбек Ғылым Ака­демиясында 2854 нөмірімен сақтаулы. А.А.Семенов бұл шығарманың ХIII ғасырға қатысты екендігін және ондағы араб тіліндегі мәтіннің сөзбе-сөз аударылғанын айтады. Тілі – қараханид дәуірінің Орта Азия ислам­дық түркі жазба тіліне жатады. Шығыс түр­кі тілінде жазылған бір аударма жұмысы Ан­глия­ның Манчестер қаласындағы Дж. Риландс кітапханасының араб тіліндегі жазбалар бөлімінде сақталған Құран кітабының аудармасы болып табылады. Бұл аударманың толық нұсқасы 30 томнан тұрады, дегенменен, қолда бары – 14 қана. Айсу Ата бұл аударманы Түрік тілі Қоғамының баспасында 2004 жылы жариялаған болатын. Атаның айтуына қарағанда, 1145 беттен құралған Риландс нұсқасында бірнеше ерекшеліктер бар. Қолжазба әр бетінде үш қатардан тұратын арабша, парсыша және түркіше мәтіннен құралғандықтан ауқымды нұсқа болып табылады. Бұл кітаптың қай жерде, қашан жазылғаны және оның аудармашысы кім екені жайлы мәлімет жоқ. Мәтіннің сөздігін құраған ғалым Экманның ойынша, бұл туынды қараханид тілінің соңғы, хорезм тілінің алғашқы дәуірінде жарыққа шыққан болуы тиіс. Тағы да Экманның сөзіне сүйенер болсақ, тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, оның ХIII ғасырдың екінші жартысы-ХІV ғасырдың алғашқы жартысында жазылған деген тұжырымға келеміз. Басқа бір нұсқасы Хәкімұлы Али Паша Мешітінің Сүлеймание Кітапханасында 2-нөмірмен тіркелген. Осы нұсқаны Гүлден Саол Гарвард Университетінің Таяу Шығыс тілдері мен мәдениеті бөлімінің баспасында 1993 жылы жариялаған болатын. Саолдың айтуы бойынша, аталмыш нұсқа толығымен дерлік толықтырулардан құралған. Рейхани Несих жазған бұл шығарма: арабша тоғыз қатар, түркіше тоғыз қатар, жалпы он сегіз қатардан тұрады. Осы туынды хорезм тілінде қолға алынған.
Бұлар шығыс түркішесіне жасалған сөзбе-сөз аудармалар. Оған қоса, тәпсірлер де бар. Солардың алғашқысы, Санкт-Петербург қаласының мұражайында сақтаулы тұр. Осы нұсқаны 1914 жылы Ахмет Зәки Уәлиди Тоған Түркістан аймағынан тапқан еді. Бұл шығарманы кім және қашан жазғаны белгісіз. Фуат Көпрүлүнің еңбектерінде осы тәпсір Әмір Темір кезеңінде жазылған деп көрсетіледі [6]. Осы аударманың өзіне тән ерекшелігі – мағынасының сөзбе-сөз жеткізілуімен қоса, сүрелерге қатысты тәпсір мен хикаялардың да болуы. Тәржіманың жазба тілінде де ерекшелік бар. Экманн тәпсірлі аударманың жазба тілі қараханид тілі екендігін, дегенменен тәпсір мен хикаялар үшін қыпшақ, оғыз және де шағатай тілдері элементтерінің қолданылғандығын айтады. Сондықтан, аталмыш тәржіманың ХV ғасырдан бұрын жазылуының мүмкін емес екенін алға тартады. Бартольд осы тәпсірлі тәржіманың Мәуереннахрда жазылғандығын айтып өткен. Абдүлқадір Инан аты аталған шығармадағы тәпсір мен хикаялар тілінің хорезм тіліндегі «Нахжу-л-фарадистен» еш айырмашылығы жоқ екенін, ең аяғында оғыз тілі элементтерінің көбірек қолданылғандығын көрсетеді. Aл шығарма сөздігін дайындаған Боровков ондағы тілдің «Муқаддимату-л-әдәб» еңбегіне жақын екендігін айтады. Зейнеп Қорқмаз «Марзубаннаме аудармасы» атты еңбегінде тәпсірдің қараханид тілінен хорезм тіліне өткен кезеңінде жазылған шығарма екендігін жазған [7]. Ал, екінші тәпсірлі тәржіма ХVІ ғасырда Шайбани Хандығы кезеңінде жазылған. Бұл шығарманың екі нұсқасы бар. Оның алғашқысы – Топкапы Сарайы кітапханасының ІІІ Ахмет бөлімінде 16-нөмірмен сақтаулы тұр. Осы нұсқаның жазылған уақыты 1543-1544 ж.ж. арасы, ал, екінші нұсқасы Кония қаласындағы Мәулана мұражайының кітапханасында сақтаулы. Оның жазылу уақыты – 1544 жыл.
Абдүлқадір Инан Кония нұсқасын зерт­тей отырып, оның өзбек хандарының бірі – Ұбайдолла кезеңінде жазылуы мүмкін екендігін тұжырымдайды. Топқапы нұсқасы бойынша докторлық диссертация дайындаған Хамза Зүлфикар аталмыш еңбектегі дәйектерге сүйе­не отырып, оның Ұбайдолла хан кезеңінде, бәлкім оның бұйрығымен түпнұсқаға негізделе отырып жазылуы мүмкін екендігін алға тартады. Қасиетті Құран Кәрім Шығыс мәдениетінің да­муына зор ықпал еткен болатын. Бұл қасиетті кітапты аудару Ислам дінінің көптеген халықтар арасына таралуын қамтамасыз еткен. Ислам ғалымдары Құран кітабының аудармасына үлкен мән бергендіктен, бұл кейінгі заманда Құран тәпсірінің жеке Ислам ғылымы болып бөлініп шығуына себепші болды [8]. Тамыры тереңге жайылған тілге ие түркі халқы – қараханидтер заманында Сатұқ Бұғыра хан кезеңінде Ислам дінін қабылдай бастайды. Бұл жағдай түркі тілі әдебиетінің өтпелі кезеңіне айналды. Ұйғырлардың дінін өзгертуі тіл мен әдебиетіне қандай әсер еткен болса, дәл сол сияқты Ислам діні де қараханидтердің тілі мен әдебиетіне де ықпалын тигізбей қоймады. Өз діндеріне құрмет көрсеткен түркі халқы қасиетті Құран Кәрімді түсіну үшін араб тілін білуге тиіс еді. Алайда, бұл тілді әр адамның үйренуі мүмкін болмағандықтан, Құран Кәрімді аудару қолға алынған болатын.
Алғашқы Құран Кәрім аудармаларының түркі тілі тарихы үшін маңызы өте зор. Өйткені, бұл аудармаларда сол кезеңде қолданылған тілдік құрылым сақталған. Алғашқы аудармаларда араб және парсы тілінен енген сөздердің саны айтарлықтай көп емес. Бұл зерттеліп отырған кезеңде түркі тілінің маңызды болғанын көрсетеді. Аудармалардағы жаңадан пайда болған сөздер мен сөз жасау тәсілдерін көре аламыз және сол кезеңдегі сөз байлығын да байқаймыз. Құ­ран­ды аудару кезінде арабша терминдер қараханид тіліне аударылып, ал, баламасы та­былмаған болса, жаңа сөздер жасалып отырған. Құран Кәрім Алланың сөзі болғандықтан, бұл аударма ісін қолға алғандардың күнә жасаудан қорыққандықтан аудармаларына өте тиянақты қараған болатын. Осының арқасында аударма мәтіндерінің жоғары сапада жасалғандығына күмән болмауы керек. Араб және парсы тілін­дегі сөздердің түркіше дұрыс мағыналары берілгендіктен, бұл зерттеушінің жұмысын біршама жеңілдеткен болатын. Мұнымен қоса, бұл аудармалар арқылы адамдардың Алла сөзін жақсырақ түсінулеріне жол ашылып, түркілердің мұсылман болуының бір себебі болды. Аты аталған аудармаларда діни терминдерді түсіндіру арқылы қоғамға ғибадат етудің принциптерін үйрену жеңіл­деген еді. Құран Кәрімнің сөздік қоры басқа тілдерден алынған сөздерге тікелей балама берілгендіктен тілдік тұрғыдан өте маңызды жұмыс болып табылады. Бұл аудармалар түркілер Ислам дінін қабылдағаннан кейін Ислам дінімен келген жаңа түсініктердің халыққа қалай жеткізілгендігін көрсетуі мен көне зерттеулер және сөздік тұрғысынан қолда бар деректердің ішінде ең сенімді құжат ретінде қарастырылады. Құран сынды аударылуы қиын мәтіндерді түркі тілінде жеткізе алғандығын айқын көрсететін аталмыш еңбектер арабша сөздерге балама табылуы, сол уақыттағы түркі тілінің өте бай болғандығын көрсетіп отыр.
Құран тәржімасы арқылы түркі тілінде жаңа исламдық сөз тіркестері мен түсініктер пайда болады. Риландс нұсқасында жаннат, тозақ, пайғамбар, Алла сияқты түсініктердің баламасы ретінде Тәңіршілдік кезеңінен қалған uçmağ, tamug, yalavaç, Tengri сынды түркі тіліндегі сөздер қолданылған. Абдүлқадір Инан өзінің «Makâleler ve İncelemeler» атты кітабының ІІ томында түркі аудармаларының маңызы жайында былай дейді: «осы Құран тәржімалары Исламнан кейінгі түркі тілінің дамуында көрініс тапқан жаңа бағытты, Ислам діні арқылы келген жаңа түсініктерді жеткізу үшін Исламнан бұрынғы түркі мәдениеті кезеңінің тіл қорынан (Буддизм, Манихеизм, Шаманизм) терминдерін қалай пайдаланғандығын көру тұрғысынан маңызды дәйектер бере алады».
«Kur’an’ın Türkçe Tercüme ve Tefsirleri Üzerinde Yapılan Çalışmalar» атты жұмысында Гүлден Саол аталмыш Құран Кәрім аудармалары жайлы жазылған 107 еңбекті жеке-жеке атап көрсетеді. Суат Үнлү Құранда кездесетін о дүниеге қатысты жер-су атауларының алғашқы аудармаларда қалай аударылғанын салыстырмалы түрде көрсетеді[9]. Осы еңбекке қарап отырып, діни араб терминдері қандай аудармада, қалай аударылғанын немесе қай арабша нұсқасы қабылданғанын көре аламыз. Ахмет Акчаташ болса, Ата зерттеген Риландс нұсқасы бойынша араб тіліндегі терминдердің қараханид тіліндегі баламасын көрсеткен. Сол кезеңде түркі тілінде жоқ ислами терминдердің пайда болу жолдарын, осы жұмыс арқылы көре аламыз. Акчаташтың мақаласы өз алдына Суаттың мақаласына толықтыру болады.
Ахмет Бижан Ержиласун қарахан тілінде жазылған еңбектердегі сөздерді жинап, ортақ сөздерді бөліп, хақания (қарахан) тілінің сөздік қоры шамамен он мыңнан асқандығы туралы болжам жасаған. Ахмет Бижан Ержиласунның болжамын ғалым Емек Үшенмез қайта санап, қарахан тіліндегі сөздік қордың 11519 сөзден тұратынын дәлелдеген. Соның ішінде қараханидтер дәуірінде жасалған Құран Кәрім аудармасындағы кірме сөздердің саны 534-ке жеткен: 357 сөз – араб тілінен, 177 сөз – парсы тілінен еніп, жалпы алғанда 27 пайызды құраған[10]. Сөзбе-сөз аударылған, осы шығармаларда Ислам дініндегі бірқатар түсініктердің түркіше баламасы болмаған жағдайда жаңа сөз жасау жолы арқылы түркі тіл қоры байып отырған. Түркі тілінде діни терминдерді жасау үрдісі өте сәтті болғанымен қатар, жаңадан пайда болған сөздер көбінесе -мақ /-мек жұрнақтары назарымызды аударуда[11]. Алла Тағаланың 99 атының түркі тіліндегі баламалары да алғашқы рет осы аудармаларда қолданылуы бұл жұмыстың маңызын арттырады.
Achgan=Фәттах, Arig=Қуддус, Bil­gen=Хабир, Bir Ök=Уәхит, Eşitgen=Сәмиъ, Bagı­rsak=Рауф, Bütün İşlig=Хәким, Ken İşlig=Уәсиъ, Köndürgen=Һәди, Küdezgen=Хафиз, Ked Rahim=Рахим, Köni İşlig=Хәким, Könül Urgan=Мутәуәккил, Küçlüg Ugan=Қадир, Munsuz=Ғаний, Rûzî Bergen=Рахман, Üküş Bergen=Уәһһаб, Arıg Tanrı=Субхан, Sakış Kılguçı=Хәсиб, Tüzün=Хәлим, Ukgan=Хабир, Üküş Örtgen=Ғаффар, Yarlıkaglı=Рахим, Yinçke Körügli=Латиф, Yüksek=Әлий, Ugan=Қадир, Ulug=Кәбир, Yaralgan=Бәрий.
Осындай сөз тудыру әдістері және ескі кезеңге жататын діни терминдердің қолданысы түркі тілінің баю тұрғысынан өте маңызды, бірақ араб тілінің сөйлем құрылымы түркішенің сөйлем құрылымынан өзгеше болғандықтан сөзбе-сөз аударма әдісі түркі тілінің тілдік құрылымына зиян келтірген. Бұл парсы тілінен жасалған аудармаларда да көрініс тапқан[12].
Түркі тілінде жазылған алғашқы Құран аудармалары туралы қазақ тілінде жазылған дерек мүлдем жоқ деуге болады. Түрік және ағылшын тілінде біршама зерттелген аталмыш мәселе Қазақстан үшін тың шығармалардың бірі болып отыр. Бұл аудармалардан көптеген тарихи шындықтар табылады. Осы тұрғыдан бұл шығармаларды зерттеудің маңызы зор.
Шыңғыс Бегімтаев,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУтүркология кафедрасының
магистранты.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!