Қазаққа капитализм қалай келді?

  • 03.06.2013
  • 2450 рет оқылды
  • Пікір жоқ
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

«Азаматтарымыздың бір бөлігі байы­ғасын, олар ел экономикасын алға сүйрейтін, халықтың жағдайын түзейтін басты күшке айналады».
Н.Назарбаев

«Бұдан былай қаржыларыңды офшорға тығуды доғарыңдар. Ол қаражат Қазақстанның экономикасын көтеруге қызмет етуі тиіс».
Н.Назарбаев

«Бешбармақ» капитализмі
Кез келген қоғамның дамуы тарихпен ұштасады. Тарих тек зерттеу үшін емес, саясаткерлер сабақ алып, қоғамын алға жетелеуі үшін де қажет. Мысалы, «тарихтан сабақ алмау» қаншалықты кірбіңді болса, «тарих дұрыс жол көрсете ме?» деген сұрақ та соншалықты салмақты. Сондықтан, әрбір ұрпақ тарихты саралай отырып, оған сыни көзбен қарауға, кей тұстарын жаңғыртып, зиянды жағын қайталамауға тырысады. Әр заманның көрегендігі мен ойшылдығы осында! Тарих өзін құрметтегенді көкке көтереді, ескермегенді − аяқ астына тастайды, бәрі оны қалай ұғуға байланысты.


Біз 21 жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткізген елміз. Содан бері болаша­ғымызды айқындауда тарихқа жүгіндік пе, одан сабақ алдық па? Бүгінгі мақа­лада, осы сұраққа жауап іздеу − біздің мақсатымыз. Бұл жерде мына мәселені алдын ала ескертіп қоюға тиіспіз: біз көтергелі отырған «тарих» қазақ тарихы емес, «капитализм тарихын» қамтиды. Себебі, тәуелсіздіктен кейін еліміз социализм утопиясынан арылып, әлемдік даму сүрлеуіне түсті. Ол – капитализм. Ендеше, бұл Қазақстанның «әлемдік тарих» көшіне ілескенін білдіреді. Сондықтан, бізге де өз тарихымызбен қатар, «капитализм тарихын» білу, сараптау ешқашан артық болмайды. Қазір ұлттық санада «Біз капитализм орнаттық, нарықтық экономика қалыптастырдық» деген пікір берік орнықты. Осы дұрыс па, әлде бұрыс па? Егер, шынайы нарықтық экономика орнатсақ, онда кезінде К.Маркс айтып кеткен «Нарықтық капитал заңдылықтары» неге қоғам үшін жұмыс істемей жатыр? Не себептен осынша қазба-байлыққа ие елдің хал­қы кедейшілікке ұрына бастады?.. Әрине, бұл сұраққа бір ғана жауаппен: «Халықтың байлығын кездейсоқ біреулер малданып кетті» − деп, қайыра салуға болар еді… Бірақ, «Неге, қалайша оған жол бердік?» деген сұрақ бәрібір кес-кестеп алдан шықпай ма?..
Иә, тәуелсіздіктен бізге кеңестік дәуір­ден мұра болып қалған экономи­калық құрылымдар – кен орындары, мұнай көздері, зауыт-фабрикалар, дүкендер, ғимараттар және т.б. нарықтық негіздер қаланбай жатып, дерективалық тәсілдермен жеке меншікке көшірілді. Соның арқасында, сыртқы сипаты жағынан «капитализмге» сай келетін жаңа жүйе пайда болды. Себебі, жедел түрде жүргізілген «жекешелендіру» мемлекеттегі «өндіріс тәсілін» осылай атауға теориялық тұрғыдан мүмкіндік берді. Ал, іс жүзінде біз қандай капитализмге қол жеткіздік? Шынында да капитализм орната алдық па? Олай деуге негіз аз. Өйткені, біздегі жаңадан пайда болған жүйеде, бұрынғы мол экономикалық қуат пен оның барлық әлеуеті енді «меншік иелері» атанған жаңа қожайындарына қызмет ете бастады. Ал, бұл байлық, шын мәнісінде, социализм кезінде «барлығы халық үшін» деген принципке негізделіп жасалған еді, мейлі жақсы, мейлі жаман болсын, әйтеуір халыққа қызмет көрсетіп еді. Енді, шұғыл жекешелендіруден кейін − мақсат та, мағына да өзгерді… Сөйтіп, елімізде капиталистер тобының алғашқы қарлығаштары пайда болды: олар кеңестік заманда шаруашылық тізгінін ұстаған, оның көлеңкелі тұстарын жетік меңгерген, пайда мен табысты жасыруда тәжірибесі мол, сыбайласқан жемқорлыққа біршама даяр топ болатын. Міне, осы топқа тәуелсіздік мемлекет пен халық есебінен баюға жаңа мүмкіндіктер әкелді. Осы «мүмкіндіктерді» іске асырушы бірден-бір тетік − коррупция мен қылмыс та онымен қатар өрбіді!
Қазір, осы «келеңсіз тарихты» көп адамның ұмытқысы келетіні рас: «Болар іс болды, бояуы сіңді, қазбалап қайтеміз, одан гөрі байығандар қоғамға бет бұрсын, пайдасын тигізсін» − деп тілейік дегенді алға тартады… Иә, бұл шындық, бірақ – жүзеге аспайтын шындық! Себебі, егер, біздің қоғам осы – «байлардың баюымен» қатар дамып, жоғары тұрмыс деңгейіне жетіп отырғанда − бұл сөзге құлақ салуға болар еді. Бірақ, өкінішке орай, олай болған жоқ. Есесіне, елімізде байлар мен кедейлердің арасы бұрынғыдан бетер алшақтап бара жатыр. «Жаңа капиталистер» бұл жағдайды өзгертуге құлықсыздық танытуда. Сонда, олардың елге-жерге тигізген пайдасы қайда? Ол жоқ… Себебі, бұл байлық интеллектуалды еңбектің жемісі емес еді. Сонымен бірге, ол байлық, бұрынғы экономикалық қуатты меншіктеуден, қазба байлықты сатудан өрбіп, одан ары қарай базарлар мен ресторан-кафелер ашумен және сауда-саттықпен айналысумен жалғасты, дәлірек айт­сақ – сонымен ғана шектелді! Яғни, Елбасының тәуелсіздік таңында айт­қан «Азаматтарымыздың бір бөлігі байығасын, олар ел экономикасын алға сүйрейтін, халықтың жағдайын түзейтін басты күшке айналады» деген үміт ақталмады. Енді, осыған ұқсас өзге бір «тарихты» алып қарайықшы: мәселен, 2003 жылғы қыркүйек айында АҚШ-тың ең бай адамы Билл Гейтстің байлығы 35,9 млрд. АҚШ долларына бағаланды. Гейтс сол уақыттан бері компьютер жүйесіне жаңа математикалық тәсілді енгізіп, жаңа ақпараттық қоғамның өмірге келуіне жол ашты, бұл салада техникалық революция жасады. Ал, сол уақыт шамасында бізде де алғашқы миллиардер пайда болды. Әрине, біздің байдың қаржысы Гейтстікінен 20-30 есе төмен, тәжірибе де аз болған болар. Әйтсе де, біздің капиталист «технологиялық революцияны» түсінде көрмегені былай тұрсын, ол осы уақыт аралығында бір де бір жөні түзу зауыт салып, не жаңа тауар маркасын жасамапты. Ол аз десеңіз − өзін байытып жатқан еңбек адамына қарапайым әлеуметтік жағдай жасаудан да қашып отыр емес пе?! Ол ортада тек бір нәрсе – «байыған үстіне байи беру» принципі қалыптасты. Сондықтан, болар меншік иелері өздеріне басқаруға алған ірі зауыт-фабрикалардың барлық іске жарамды құрал-жабдықтарын кескілеп, жарамсыз темір етіп Қытайға өткізді, ал, бірақ, шойынын балқытып қазан жасау ойларына кірмеді… Одан басқа, күні бүгінге дейін басқа табыс көздерінен түскен қаржыларын офшорлық аймақтарға тығумен әуреленуде! Сол себепті де, өкіметті соңғы отырыстарының бірінде Елбасы қалталы азаматтарға: «Бұдан былай қаржыларыңды офшорға тығуды доғарыңдар. Ол қаражат Қазақстанның экономикасын көтеруге қызмет етуі тиіс» − деп, қатаң ескерту айтты. Шынында да, біздің «капиталистердің» бар жетістігі, жоғарыда айтқандай, бұрынғы өндірістік алып ғимараттарды көтерме базарларға айналдыру, казинолар және басқа ойын-сауық отауларын салу, ресторандар мен кафелер ашу ғана болды. Ал, тек қана сауда-саттық ел экономикасының үдемелі дамуын ешқашан қамтамасыз етпейтіні классикалық капитализм теориясында анық көрсетілген: − егер, мемлекетте өндіріс дамымаса, онда халықтың тұрмыс жағдайы көтерілмейді, елдің экономикалық қуаты артпайды. Басқаша айтқанда, бұл – «бір қап ақшаны бір қалтадан екінші қалтаға ауыстырып салғаннан ауызға нәр құятын қалайы қасық ғайыптан пайда бола қалмайтыны» секілді нәрсе ғой… Ендеше, өкінішке орай, осы айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады: біздегі үркердей топтың «капиталис­терге айналуы» жалпы экономиканың өсуінің және техникалық прогрестің нәтижесі емес. Бұл көпшілікке тиесілі байлықты тікелей тонау жолымен келген зат. Сондықтан, бұл жол экономиканың құлдырап кетуіне және аз ғана топтың мемлекет пен халық байлығы несібінен күн көруіне әкелді. Сөйтіп, бұл өз елінің қадірі мен қасиетін, қасіретін ұға алмайтын, жеңіл өмірге дағдыланған ерекше паразиттік топтың пайда болуына алып келді. Әрі, паразит болғанда да қандай «паразит» десеңші: олар өндіріс ашып, дүниені тірнектеп жиғанды місе тұтпайды, олар бірден миллиардтарды жұтқысы келеді! Мінеки, бүкіл мемлекет экономикасын монополиялап алған «олигархиялық-кландық» капитализмнің шын бет пердесі осындай!
Капитализм
тарихшылардың көзімен
Ол үшін капитализм теориясына шолу жасап шығу қажет. Мысалы, тарих­шы Фридрих Хайек өзінің «Капитализм және тарихшылар» кітабында («Социум» баспасы, 2012 ж.) капитал заңдылықтарына тоқталады: «Капитал өзінің дамуының басты шарты ретінде айналымға қатысушы жақтардың (субъектілердің) заңға қатаң бағынуын, алынған міндеттемелерін тиянақты орындауын, орындамаған жағдайда – заң жүзінде жауап беруін талап етеді». Яғни, онда біздегідей «әке-көке» жоқ. Нарыққа негізделген қоғамда капитал айналымы жеке бір адамдардың қалауымен емес, қоғамның сұранысынан туындайтын объективті жағдайда жүзеге асады. Мәселен, капитал қатынасына түскен жақтар айналымға түскен капиталдан пайда тауып қалуы үшін мың ойланады. Себебі, шынайы нарықтық экономикада мемлекеттен не басқа да тапсырыс берушіден алған ақшаны қымқыру немесе сапасыз құрылыс жүргізу және т.т. әрекеттер өте тиімсіз, пайдасынан зияны көп. Себебі, ол бүгін бір миллион доллар қымқырса, болашақта миллиард долларлардан айырыларын, онымен қоса өзін осы «айналымға» енгізген беделден (имидж) жұрдай боларын жақсы біледі. Өйткені, капитал өз айналымында ондай алаяқтықты тез-ақ анықтап алады да, шұғыл дабыл көтереді. Әйтпесе, осы айналымға қатысушы су­бъектілердің бәріне ортақ үлкен шығынға, тіптен, банкротқа отыру қаупі төнеді. Сондықтан, капитал айналымы өз арасынан ондай «сенімсіздерді» тез-ақ ығыстырып тастайды. Ал, капиталды, жеке меншік құқы мен қоғам мүддесінің бір арнада тоғысуын қорғау үшін құрылған жүйелер – Соттар, Прокуратура, Полиция ондай алаяқтарға ешбір аяушылық көрсетпейді: мейлі жүз миллиардтаған байлығы бар банкир бол, басқа бол – лайықты жазасын алады! Олай болатыны, құқық қорғаушылар да өздерінің тұрақты биік жағдайы капитал айналымы аясында тұрғанын жақсы біледі. Яғни, бұл айналым мемлекеттің «экономикалық тынысын» айқындап тұрғандықтан, мұнда мемлекет құрған құқық қорғау жүйесі «мемлекетшіл болуға» мәжбүр! Басқадай құқы жоқ. Сол себепті, шын нарықтық қоғамда біздегідей «құрылысқа бөлінген ақшаны қымқыру», «жолға, суға, үйлер мен әлеуметтік нысандарды салуға бөлінген ақшаны тендерден (қазан басынан) бөліп алу («откаттар»), ұрлық ашылып қалса − «сотты сатып алу» не «дөкей танысты («крыша») пайдаланып құтылып кету», не жұмысшылардың әділетті талабын аяқасты ету – «әділетті белден басу» және т.т. құбылыстар болуы екіталай! Себебі, капитал нарығында субъектілер «бір күнмен» емес, «болашақпен» өмір сүреді. Ол қоғамда байлық аяқ астынан әрі соншалықты мол көлемде пайда бола салмайды, там-тұммен, тірнектеліп үздіксіз еңбекпен келеді. Ең бастысы, «байлықты тудыру» процесіне бәрі де – олигарх, қызметкерлер, жұмысшылар біркелкі атсалысады. Басқаша болуы мүмкін емес! Сондықтан, ондай қоғамда «капиталды ұлғайту» үлкен өнер түрі деп мойындалады. Тек осындай жағдайда ғана шынайы нарықтық экономика не «капитал билеген қоғам» туралы сөз қозғауға болар еді… Ал, бізде ше?..
Тарихтан белгілі, К.Маркс өзінің социалистік теориясын мынадай негіздерге сүйеніп жасады: капитализм жағдайында жұмысшылардың жағдайы нашарлай түседі. Халық жаппай кедейленіп, мұқтаждығы артады. Соңында, қоғамның бар байлығы азғана топтың немесе бір ғана адамның қолына шоғырланады. Сөйтіп, одан әрі төзуге болмайтын жағдайға жеткен жұмысшылар тобыры ашық күреске шығып, байлардың мүлкін тәркілейді (Маркс теориясы бойынша – «жұмысшылардың жағдайын көтеруге капитализмнің еш мүмкіндігі жоқ»). К.Маркс 1864 жылы Англияда Еңбекшілердің Халықаралық ассоциациясында сөйлеген сөзінде: «Кәсіподақтардың еңбекшілердің жағдайын жақсартуға көмегі тиеді деу − абсолютті адасу» деді. Ол жұмысшылардың кәсіподақтарға бірігу арқылы күресін «консервативті» деп сынады. Себебі, ол тек қана жұмысшыларға ғана революциялық міндеттер жүктеді. Яғни, оның ойынша − кәсіподақтарды жалақыны көтеруге емес, байлықты мемлекетке қайтару (байлықты тәркілеу) үшін күреске жұмылдыру қажет еді… Шындығында, бұл теория мынадай қарабайыр дәйекке сүйенді: − «Егер, жұмысшылардың жалақысы көтерілсе, онда жұмысшылар күнкөріспен шектелмей, отбасында бала санын көбейтеді. Бала саны өскен соң, олар келешекте жұмысшы санын бұрынғыдан бетер көбейтеді. Енді оларды да жұмыспен қамту керек. Бірақ, жалақыны үнемі көтере беру мүмкін емес. Нәтижесінде жалақы мөлшері қайтадан өлер-өлмес күнкөріс жағдайына түсіп, наразылық қайта өршиді». Байқасақ, бұл «теория» Африка саваннасында бір-бірін жою арқылы реттеліп отыратын жануарлар әлемін айнытпай бейнелейді екен. Сондықтан, көптеген ғалымдар мұндай көзқарасқа ашықтан-ашық қарсы шықты. Олар өз ойларын «адамдар жануар емес − олар бала туу мен тұрмыс жағдайын саналы түрде реттеп отыруға қабілетті» деп түйіндеді. Ендеше, шын мәнісінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайының түзелуі адам санының кө­беюі­не ғана әкелмейді, ол – елдегі өмір сүру деңгейінің артуына әкеледі. Ал, «өмір сүру деңгейі» көп мағыналы құбылыс: бұл − өндірістің дамуы және жұмыс күшіне сұраныстың артуы, адам капиталының дамуы, әлеуметтік жәрдемақының өсуі, заңдардың орындалуы, жауапкершіліктің болуы және т.с.с. ішкі нарық сұранысы жоғары жағдайда ел экономикасын үдемелі дамытуға қол жеткізу мүмкіншіліктері. Мысалы, Елбасы Қазақстанның ішкі нарығы тым шағын болып отырғанын, оның өзіндік дамуға жеткіліксіз екені туралы үнемі айтып жүр (Бұл жағынан Қытайдан озар ешкім жоқ). Бұл мәселелердің шешімі, шынында да, капитал айналымына тікелей тәуелді. Мұны мойындау қажет. Оны бейнелі түрде былай айтуға болады: мысалы, инфекциялық ауру жойылса – халық саны көбейеді. Алайда, сол демографиялық дүмпуге сай ел экономикасына инвестиция құйылмаса, онда мемлекет кедейшілікке қайта оралады. Ал, ол, өз кезегінде, инфекциялық ауруды қайта қоздырып, демографияны кері кетіреді. Сөйтіп, тұйыққа тірелеміз. Бұл тұйықтан шығу үшін не істеу керек? Одан шығар бір ғана жол бар: ол − мемлекеттің экономикалық өрлеуі үшін әрбір адамға шаққанда құйылатын инвестиция көлемін демографиялық өсіммен және қоғамдағы адам капиталының өсуімен бір деңгейде болуын үнемі қамтамасыз етіп отыру. Егер, осы қағиданы бұлжытпай орындап отырғанда, онда біз қазірге дейін-ақ шағын-орта бизнесті дамытуға қол жеткізер едік. Бүгінде айқай-шуға айналған «әйелдердің зейнеткерлік жасын 63-ке дейін көтеру», «бала туғанда берілетін жәрдемақыны орта деңгейге шамалап қысқарту» секілді қадамдарды «жұмсақ» түрде іске асыра алған болар едік. Тіптен, халықтың өзі бұл шараларды қос қолдап қолдар ма еді, кім білсін?..
Тарихта соғыстан кейінгі Герман, Жапон экономикаларының тез қалпына келуін «ғажайып» дегенмен, бұл ешқандай «ға­жайып» емес. Бұл – еркін нарықтық экономика принциптерін енгізу еді. Мұндай экономикалық «ғажайыпқа» салиқалы экономикалық саясат жүргізген кез келген ел қол жеткізе алады. Қазіргі кезде бұған, әсіресе, Қазақстанның мүмкіншілігі өте зор. Біздің «капиталистерге» осыны ескеру керек, сөйтіп, шетке қашырып жатқан капиталды өз елі мен Отанын көркейтуге жұмсаулары тиіс. Қазақстан осы мақсатта бұған дейін «капиталды заңдастырудың» («легализация») екі қадамына барды. Алайда ол қадамдар айтарлықтай нәтиже бере қоймады. Себебі, бірінші, бір-бірін аңдыған кландық капитализм жағдайында «заңдастырудың» соңы немен аяқталарына еш кепілдік болмады, екінші, шет елдерде оларға деген (ақшасына деп ұғыңыз) «құрмет» жоғары болды, үшінші, ең бастысы − біздегі нарық заңмен қорғалмағанын, кім-күшті болса жем соныкі екенін, «капитализмнің» қорқау, жабайы екенін сол − «капитализмді орнатушылардың» өздері біліп отырғандығы. Мінеки, нағыз парадокс деп осыны айтсақ болады!
Парадокс демеске ләж жоқ. Себебі, коррупция мен сыбайластыққа негіз­делген экономика – баю көзі. Оны өз­ге­ртуге құлық жоқтығы содан. Ал, өзгертпейін десе – байлыққа төнер қауіп одан да көп! Сондықтан көпшілік «капиталистер» тығырықтан шығар жалғыз соқпаққа түсуге мәжбүр, ол – Қазақстанда жұмыс істеп, шетелдердің курорттарында өмір сүру немесе шет елдерден құнын жоғалпайтын қымбат мүліктер, тіптен, футбол командаларын сатып алу… Айналып келгенде, Қазақстан байлығынан туындаған мол қаражат қазақстандықтардың емес, өзге елдердің азаматтарының өмірін жақсартуға қызмет етіп жатыр десе болады! Енді, осыған тоқтау салатын кез келгенін жо­ғарғы биліктің өзі де түсіне бастаған сыңайлы. Бірақ, қазіргі коррупцияланған жағдайда бұндай жағдайды түзеу оңай емес. Мәселен, Ресей капитализмі туралы айта келе МГУ-дың саяси экономика профессоры А.Бузгалин былай дейді: «Если обратиться к главным причинам, почему мы получили столь специфическую, я бы даже сказал, уникальную экономическую систему, для объяснения я воспользуюсь всего тремя главными, основными причинами:
Первая причина – наследие советского прошлого. До сих пор чувствуется влияние многих негативных элементов бюрократической авторитарной системы и диспропорциональности нашей экономики. В нашей экономике всё это сохраняется и играет важную роль.
Затем, в девяностые, у нас была так называемая «шоковая терапия». В России мы называем её и иначе – «шок без терапии»: шок мы испытали и до сих пор ждём, когда же будет терапия, когда же мы выздоровеем. Но, увы, со здоровьем у нас до сих пор неважно. «Шоковая терапия» была попыткой всего за несколько лет – по факту, за полтора года – провести полную приватизацию и за один день отпустить цены. Так и сделали, за один день. И потом решили, что для свободной рыночной экономики и частной собственности этого достаточно. Но это не так». Одан әрі академик кеңестік жоспарлы экономиканы − метромен, нарықтық экономиканы – жеке көлікпен салыстырады. Ол «Өз көлігіңмен жүру үшін метроны жарып тастаудың қанша қажеті бар еді?» деген сұрақ қойып:
− «Алдымен жол сал, жүргізуші куәлігіне оқы, автокөлік сатып ал. Жұртқа көлік сатып ала алатындай жағдай тусын… Біз олай жасамадық. Нәтижесінде Ресей капитализмнің үшінші белгісіне − «жабайы капитализмге» қол жеткізді. Ол – тек қана қазба байлықты сатып күн көруші капитализм» − дейді… Міне, оқырман қауым, ұмытпасақ осыған ұқсас жолмен біз де жүріп өткен жоқпыз ба?! Мүмкін, әлі де жүріп келерміз… Енді, мақаланы түйіндей келе, мен өз атымнан «жабайы капитализм» деген атауды «бешбармақ капитализмі» деп өзгерткенді қалар едім. Соңғы атау, біздің қазіргі күйімізден біршама толығырақ хабар беретін сыңайлы…

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!