Кеңес кезінен не із қалды?

  • 08.08.2013
  • 670 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жуматов ГҒалымбек Жұматов,
жазушы

Мыңдаған жылдар бойы зейінін зерттеп, ақпа құлағына тым болмағанда «көке» деген жалғыз сөзді сіңіре алмай жүрген жалаңбұт маймылдарды «атамыз», «тегіміздің басы» деп қауға сақал Дарвин нұсқап берген қағиданы қайталаудан ғалымдарымыздың да көңілі суи бастаған қазіргі заманда тарихтың қайтпас қойнауына кетіп бара жатқан кейбір дәуірлерді елемеуге айналдық. Ғаламға танымал американдық қаламгер Джон Рид «Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген он күн» деп жазған 1917 жылғы Ұлы Октябрь рево­люциясы болмағандай, әлемге жаңа саяси-экономикалық формация әкелген Кеңес елі орнамағандай. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары бесіктен белі шықпай жатып жауларымен жағаласа келген «қызыл батыр» – Кеңес өкіметі ға­сырдың соңына жетпей күл болып ұшып, алақұйындай тіршілік кешті де кетті. Әрине, дүниені дүр сілкіндіріп келген социалистік қоғам із-түзсіз кетті деп ешкім де ауызын қу шөппен сүрте алмас. Ә дегенде В.И.Ленин кеңестердің алғашқы Бүкілресейлік құрылтайында «Жер туралы декрет» жариялап, жерді шаруаларға тегін беретіндігін атады. Бұл мамонтқа тас лақтырып, кесірткенің құйрығынан ұстап жүрген алғашқы қауымдық құрылыстан кейінгі дүниеге келген жерді тегін пайдалану еркіндігі.

Одан кейін, кеңестік жаңа үкі­мет білім беру жүйесі, медициналық қызмет барша халыққа тегін, қол жетімді екен­дігін жариялады. Осындай халық мүддесінен шыққан уәделер бос сөз болып қал­май бірден жүзеге асырыла бастады. К. Маркс пен Ф.Энгельстің санасында ұзақ уа­қыт шайқалып, бабына келген шақта Ле­ниннің қолына өткен социалистік құрылыс, коммунистік қоғам ілімінің түбегейлі мақсаты еңбектің ақшаға тәуелді болып қалмай, бірден халықтың игілігіне айналуына жол ашу болатын. «Еңбек ет те, міндет ет, сен ал деген осы Заң…» – деп Жамбыл ақын жырлаған еркін елдің, еркін еңбегіне халық шын мәнінде де құлшына кіріскенін қанша заман, қанша дәуір өтсе де тарихтан сызып тастай алмаспыз. «Сол социализмнің, ком­мунизмнің алға қойған мақсаты неге түпкілікті орындалмады?» деген сауалдың жөні бір басқа. Жалпы, коммунистік қоғам туралы ілім К.Маркстың ұйықтай алмай, таң асырып отырғанда еріккеннен туған дүние емес. Әлемде зауыт, фабрикалар өркендеп, ірі кәсіпорындар иелерінің қалтасына ірі қаржылар бұлақтай құйыла бастағанда, олардың қаржы жүйесін реттейтін банктер өмірге келді. Бұл капитал тірлігіне соқыр тиын да пайда түсірмей, саусақ қозғамай-ақ қыруар қаржыны игеріп, сол қаржыны еркін пайдалана алатын, дүниені теспей соратын құрылым еді. Ол тез өркендеп, өндіріспен айналысатындарды да, айналыс­пайтындарды да өз кіріптарлығына тартып, суша тасыған ақшамен әбжыланша арбап, капиталдың қабырғасын күтірлете қыса бастаған. Осы шақта Владимир Ильич Лениннің социалистік қоғам орнатамын дегені өте дұрыс еді Бұл ақша әлеміне материалдық кіріптарлық ғана емес, жалпы ақшаға бой алдырып бара жатқан сананы, сыйластық, қайырымдылық, мейрімділік, бауырластық секілді адами қасиеттерді құтқарып қалу үшін ұм­тылыс еді. Бүкіл саланы ақша арқылы билей бастаған капитал, жеке адамдардың қолына шектен тыс жиналған байлық түп-тамырында адамға тән қасиеттердің бәрін жұтып қоятынын түсіне бастаған ойшылдар әлемнің әр түпкірінде бой көтере бастады. Олар монополистердің шағын кәсіпорындарды байлығымен басып, жұтып қоятынын, шағын кәсіпкерлердің қарыз тұңғиығына батып кетпесі үшін айналасындағылармен жауша жағаласып бағатынын, еңбеккерлерді қасық қаны қалғанша сорып, байлық жинауды ғана ойлайтын буржуазиялық қоғам болмысына бей-жай қарауға болмайтынын ұқты. Жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ американдық банктер, Еуробанк өндірістің қаржы жүйесін реттеумен ғана айналыспай, өз қорларына еңбексіз-ақ келіп құйылған ақшаны пайдалана отырып, қаржылық үстемдікке қол жет­кізді. Осы үстемдікке Ленин ойлаған «ақшасыз коммунизм», « әркімге – еңбегіне қарай, әркімнен қабілетіне қарай» деген тең­гермешіл қоғам қарсы тұруға тиіс еді. Ле­нин осы идеяны төңірегіндегі РСДРП(б) мү­ше­леріне, жалпы күресшіл тапқа түсіндіре білді.
Тек Лениннің төңірегіндегілер ғана емес,жалпы, буржуазиялық қоғамда ақшаның үстемдігі қай саланы болсын темірдей шеңгеліне ала бастағанын сезініп, еңбек еркіндігін аңсаған социализм секілді модульдарды ойлап шығарушы ойшылдар ойын ашық айта бастады. Сондықтан да, коммунизмнің негізін қалаушылардың «Еуропаны елес кезіп жүр, ол – коммунизм елесі» дегендері тегін емес. Бір қайнауы ішінде шведтік социализм модулі деген ертегіге жақын әңгімелер де айтыла бастаған. Осындай еңбек үстемдік құрған ұлтшыл социализмді орнатуға таяу қалғандардың бірі 1933 жылы Үшінші Рейх басына келген Адольф Гитлер еді. Ол билікке келгенде неміс халқы бір бөлке нан үшін бір қап ақша жұмсайтын қайыршы халде болатын. Жаңа басшы бірден банктер қысымынан, ақша айналымынан бас тартып, еңбек-тауар-айырбас арқылы өндірісті қайта көтерді. Тұралап қалған елді екі жылда аяғынан тік тұрғызды. Әрине, ол ұлт­шыл-социализмнің, фашизмнің мил­лиондардың өмірін әкеткен соғыс әрекеті жайлы әңгіме басқа.
– Ал, Кеңес елінің социализмі капиталға қарсы маңдайы тасқа тигенше қарсы күресіп, жаңа қоғамды тырнағының көбесі сөгілгенше жармасып, сақтап қалуға ұмтылды. Жаңа социализм еліне барлық капитал әлемі саяси-экономикалық, сауда блокадасын қойғанда Кеңестер Одағы 1928-1941 жылдарда алғашқы бесжылдықтар жоспарын жариялап, ел қуатын өз күшімен көтеріп алуға ұмтылды. 6000-нан астам ірілі-уақты өндіріс орындарының құрылысы басталды. «Бесжылдықты-төрт жылда» деген ұран тастай отырып кеңестіктер алғашқы 1928-1932 жылғы бесжылдықты төрт жыл үш айда орындап шықты. Беломор-Балтық каналы, Днепрогрес секілді алып құрылыстардың қатарында Қазақстан даласында Түркістан-Сібір теміржол магистралы қарқын алды. Мәселен, 1920-30 жылдар аралығында Павлодар облысы ау­мағында жұмысын бастап, тоқтап қалған өнеркәсіп орындары қалпына келтіріле бастады, 1931 жылы Тобылжаннан Маралды станциясына дейін темір жол салынып, «Павлодартұз» трестінің өнімдері сыртқа эшелон-эшелонымен шығарыла бастады. 1931 жылы Павлодарда паровоз депосы, 1932 жылы Майқайың жерінде «Майкайыңалтын» комбинаты ашылды.  «Сельхозмука», «Главмука», «Маслопром» трестері пайда болды. Осылай Кеңестер Одағын қайтсе де белінен көтеріп аламыз деп « бес жылдықтың балғасын солқылдата соғып жатқан..» қарқынды еңбектің дүмпуі қазақ даласында да естіліп жатты. Дегенмен, бұл социализм бірден қазақ даласын да кең қанатының астына алып, өндірісі енді-енді көтеріле бастаған елді арналы жолмен бастап кетті десек кеңестің лепірме қызыл сөздерін қайталағандай болармыз. Бар тіршілігі негізінен мал шаруашылығымен байланысты болып, өңдеуші кәсіпорындарының өзі осы бағытта дамыған қазақ еліне социализм көптен күткен көкесіндей бірден жақын сезілген жоқ. Ұлттық мүддені, өз халқының еркіндігін көбірек ойлаған қазақ зиялылары социализмді ұғынуға асыға қойған жоқ. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі ғасырларда да халықтың еңсесін көтеріп, жан-жағы­нан тіктей қараған кезі сирек болған елдің мүддесі өзгелермен орайлас келмесі түсінікті де еді. XVІІІ ғасырдың аяғына дейін созылған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқы үштен екісінен айрылған екен. Байтақ даланы аңызақ жел улеп бос қалғандай болды. Осы кезеңде патшалық Ресейдің қазақ жерін түбегейлі отарлау саясаты мықтап қолға алынды. Қазақ елін билеп-төстеу үшін Жетісу, Орал бойына әскери жасақтар аттандырылып, форпост, станица, бекіністер сала бастады. Осындай жасақты Ертіс өзенінің бойына 1715 жылдың басында И.Д. Бухгольц бастап келген еді. Құрамында драгун, солдат, офицерлер, шеберлер, әртүрлі калибрлі 70 зеңбірегі бар 2797 адамнан тұратын И.Д.Бухгольц отряды көзделген жерге жетісімен Ямышев форпостының қазығы қағылып, әскери құрылыс шұғыл басталып кетті Одан кейін өзге бекіністердің құрылысы жалғасты.1867 жылы 11 шілдеде ІІ Александр Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы, 1868 жылы 21 қазанда Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы реформалардың жобасына қол қойды. Бұл бекіністер салынып, елдің өзгелермен байланысы үзіліп, қол-аяғы тұсалғанда жер­гілікті ұлтты басқару жүйесінен мүлде ажыратып, басшысыз-баусыз бұратанаға айналдырудың жобасы еді. Жаңадан құ­рылған Кеңестер Одағының да қазақ даласы жөнінде патшалық Ресей ұстанған саясаттан тым әрі кете қоймағанын көз­қарақты азаматтарымыз ұмыта қой­мас.
Революцияның көсемі Лениннің өзі Оралдың шығыс бөлігінен әрі қоныстанған ел туралы саяси көзқарас қалыптастыруға, санасуға талпынбаған. 1920 жылы қаңтарда Ембі бағытында 500 шақырым теміржол, сол жол бойында мұнай құбырын салуға тапсырма береді.Бұл жұмысқа жергілікті халық өкілдері тартылып, тұрғындарды құрылысты азық-түлікпен, тасымалдаушы жүк малымен қамтамасыздандыру жөнінен нұсқау жазады. Жел гулеген сусыз құм далада жұмыс жүрмейді. Құбырды ағаштан қиып жасау деген де орманы жоқ жерде болмайтын іс еді. Сол іске аспас қиын да азапты тірлікте 35 мың адам өледі. Бірақ, «күн көсем» халықтың ауыр жағдайына қарамастан жұмысты тоқтатпай қояды. Ембі құрылысы бәрібір іске аспай қалады. Халықтың қолындағы малды үлкен құрылыстарға алып, мініске, жүк тасымалына пайдалану қазақ даласындағы мал өсімін күрт тежейді. Сол 1920 жылдары қазақ ауылдарында аштықтың алғашқы белгілері таныла бастайды. 1921 жылы Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезі, атап айтсақ, Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырады. 2 653 300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губернияларының ашаршылыққа душар болуының объек­тивті және субъективті себептері бар еді. Олардың әрқайсының ара жігін таратпай жалпы айтсақ, 1921 жылғы аштықтың негізі әріде, тереңде жатты. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығының өр­шіп, Торғай төңірегін қамтыған ұлт-азаттық күресі, ақ пен қызыл кезекпе кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер азаматтың ат үстінде болуы қалыптасқан шаруашылық жүйе­сін тоқырауға ұшыратты. Оның үстіне 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халықты күйзеліске душар етті. Одан кейінгі жылдарда келген үлкен нәубет – 1932 аштық жылы қазақ халқы жаппай аштан қырылып жатқан кезде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Молотов пен БКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы И. Сталин Қазақстан басшылары Голощекин мен Исаевқа мынандай мазмұнда жеделхат жолдайды: « КСРО ХКК мен ОК ескертуіне қарамастан егіннің шықпауын сылтау етіп республикада астық тапсыру көлемі төмендеп келеді. Белгіленген жоспар орындалмағандықтан ХКК мен ОК өзге дәлелдемелерді қабылдамайды… Алдағы уақытта астық тапсыру жоспары орындалмайтын болса репрессиялық шара қолдануға тура келеді…» 1932 жылдың 8 қарашасы, № 114621. (Құжат Мәскеу мұрағатында 9/XІ7 9.50.№ 9) Нан жоқ, тамақ жоқ аштықтан қырылып жатқан халыққа көсемдердің қамқорлығы осындай.
Бүгінде «Кеңес елінің жақсылығын да ұмытпауымыз керек. Елімізде қанша қала­ларды тұрғызды. Ірі-ірі өндіріс орындарын салды. Жоғары оқу орындарын ашты» – деп жатады ғой. Қазір кеңес кезінде бой көтерген Арқалық, Теміртау, Курчатов, Қалқаман секілді көптеген қалаларымыз бірте-бірте құрдымға кетіп барады. Неге? Себебі, бұл қалалар мер­зімдік қажеттілік үшін салынған болатын. Елдің болашағы, перспектива дегеннің мүлде ойға алынбағаны бүгінде байқалып отыр. Сол секілді, Тың игеру жылдарында жеріміз тозаңға айналып, азықсыз, сусыз сайын далаға совхоздар құрылды. Қазір сол совхоздардың орнында бір төбешік те қалмай, жермен жексен болғандары жетерлік. Өзен-көлі бар, қазақы елі бар үлкен-үлкен елді мекендерді жойып, қыр басына қоқайтып шаруашылық орталықтарын салып, талай қазақ мектептерін жауып, ауылдарды үдіре көшірді. КСРО кезінде салынған қалалардың, өндіріс орындарының пайдасын да, қызығын да кімдер көргені белгілі. Мәселен, кеңес кезінде Павлодар қаласы тұрғындарының ішінде жергілікті халықтың саны бес пайызға да жетпейтін. Қалаға жақын ауылдардың жастары өндіріс орындарының босағасын аттай алмай армандап жүргенде жұмысшылар Алтай, Новосибирь секілді өлкелерден шақырылып, бір-бір жарым ай ішінде сыңғырлаған жаңа пәтерлердің кілтін алып жатты. Павлодарда жергілікті ұлт өкілінен алғашқы кәсіпорын директоры болған Сапарбек Беркетов деген ағамыз. Оны химия зауытының директорлығына бекіту үшін Мәскеуге барып, КПСС Орталық Комитетінің хатшысы М. Горбачевке кіргізгенде, «Одақтық маңызы бар ірі өндіріс орнына басқа басшы таппадыңдар ма? Неге жергілікті ұлт өкілі болуға тиіс» деп қарсылық білдірген екен. С. Беркетов КСРО-дағы даңқты металлургтардың бірі, өндіріс саласындағы көрнекті ғалым, шебер ұйымдастырушы ретінде танылып қалғандықтан да зауыт директорлығына зорға өткен. Міне, осылай қазақ болғаның үшін қысым көрген оқиғаларды термелеп отырсақ мың сан оқиғалар алдан шығары анық.
Кеңес елінің өзге халықтары сапында коммунистер ұсынған социалистік қоғамды игердік. Ғарыш кемесінің Қазақстаннан ұшқанына мақтандық. Өзге халықтарды бауыр тартатын ағайыншылық әдетімен көпұлтты елімізде өз хал-қадірімізше тұрып жаттық. Шетел түгілі өз елімізде не болып жатқанын естіп-біле бермейтін халқымыз «хрущевка» үйлерде тұрып, жалпыға бірдей «Восток» тіккен костюм кигеніне риза еді. Дегенмен кеңес кезеңін мадақтаушылар егеменді Қазақстанға қала салып қалдырды деп мадақтамаса да болады. Сол «хрущевка» жартылай қолайлы үйлердің өзін біздің елден көшкендер жергілікті халыққа ойындағы бағамен сатып кетті. Сондықтан, халқымыз біреулердің еңбегін пайдаланған жоқ. Әр пәтерді өз маңдай терімен жиған ақшасына сатып алды немесе банктерден несие алды. Осылай ауылдың қазағы еліміз егемендік алған жылдардан бастап қаланың тас көшелерінде алшаң баса бастады. Десек те қарапайым халық АҚШ-пен иық тіресіп тұрған, Ұлыбританияның премьер-министрі У. Черчилль: «Сталин Ресейді соқамен қабылдап, өзінен кейін атом бомбасымен қаруланған ел қалдырды» – деп мадақтаған алпауыт елдің оп-оңай тарих көшінен сыпырылып түсіп қалғанын түптеп түсіне де алмады. Кеңес елінің құлдырауы кейін ғана етек алған жоқ. Кеңес Одағының дамуы мен күйреуі тура бір кезеңде, Кеңес өкіметі орнаған шақтан басталды. Жаңа мемлекет экономикалық бағытта өрлей алмайтынын біліп, бүкіл халқын арзан жұмыс күшіне айналдырды. Ол тегін еңбек күшін пайдалану жүйесі лагерьлерге айналып, бейкүнә жұртшылықты аяусыз қырғынға ұшыратты. Басқару жүйесі қалыптасып болмаған елде халықты қорқытумен, үреймен бағындыру етек алды. Осы жүйені қалыптастыру үшін миллиондарды қуғын-сүргінге ұшыратып, жазықсыз атты. Шет елдермен қатынасты қарудың күшімен, соғыспен орнатамыз деген саясаты да жүзеге аспай қалды. Екінші дүниежүзілік соғыста Германияны жеңгенімен, үлкен елдің экономикасы қатты құлдырап, бауырын көтере алмас халге жетті. Антифашистік коалиция елдері алдында қарызға белшесінен батты. Кеңес өкіме­тінің алғашқы күні­нен ішкі өмірде де, сыртқы саясатта да өтірік, жалған ақпарат етек алды. Ақты қара деп, қараны ақ деп күштеп түсіндіру халықтың санасын сеңдей соқты. Тіпті, Кеңес Одағы кемелді социализмге аяқ басқан жылдарда «ғарышқа топтасып ұшып жатырмыз» – деп бір ғарышкер ғана сиятын кабинаға үш адамды тоғытып жібергені секілді боямалы өтіріктер кеңес елінде ауыз қисаймай үздіксіз айтылып жатты. Өндірісте жалған ақпарат, астық жинауда жалған ақпарат жоспарлы жүйе ретінде қабылданды. Экономиканың уақыт алға озған сайын құлдырап бара жатқаны жайлы әңгімеге қатаң тыйым салынды. Сталиннің өзі «біздің экономикамыз үстеме баға, пайдаға негізделмеу керек» деп өндірістің ұдайы дамуына кедергі жасаса, кейінгілер тегін оқу, тегін медицинаны, 1930-шы жылдардан өзгермеген нанның бағасын тұрақты ұстап тұруға қабылеті жетпеген экономиканы сауықтыруға ұмтыла қойған жоқ. КСРО-ның кейінгі басшылары бұл мәселені жылы жауып қойып, бастарын көп қатырған жоқ. Осындай бей­қамдықты ғылыми тұрғыдан бақылап отырған американдық Даллес, Киссенджер, Бзежинскийлер кеңестер сенген мұнайдың бағасын күрт төмендетіп, толық құлдырауға әкеліп тіреді. «Беловежская пучадағы» Ельцин, Кравчук, Шушкевичтердің саяси шешімдері тұмсығымен топырақ күреп жалпасынан түскен КСРО-ның келмеске кетерін «мойындау» ғана еді. Егемендік алған еліміздің біраз жылдар бойында қиындық кешіп, экономиканың тұтқасын нық ұстай алмай жүргендігі де сол кеңестің құрдымға кеткен тіршілігінің кесірі. «Сонда кеңестік кезеңде ризашылықпен еске алар тұс мүлде болмады ма?» – дегенде тек социализмді құруға талпыныс­ты еске алуға болады. Сол социализм Ле­нин ойлаған алғашқы бағыттарда дамыса, әр­бір еңбеккер өзінің еңбегінің жемісін көңі­лі қалаған деңгейде пайдаланса, еңбек сапасы үшін жұмыс өрістер еді, сапалы өнім, тұрмысты бір деңгейге көтерер еді. Ақшасыз коммунизм орнамаса да, саналы ел бүгінгідей миллиард доллар тұратын яхта сатып алып, есіруге жол бермес пе еді. Мұндай социализм орнамады. Оның ерте ме, кеш пе құлайтыны анық еді. Иә, Кеңестер Одағы жайлы көп тарихи оқиғалар әлі талай айтылар. Ал, енді, адамзат өркенінде өзіндік ізін қалдыра алмады десе болады.

Алдыңғы «
Келесі »