Сплин (құса, мұң, сарыуайым). «Ішінде кеткен құсасы…» Микеланджело Антониониден Нұрлан Мәукенұлына дейін

  • 16.09.2013
  • 1763 рет оқылды
  • Пікір жоқ

aigulАйгүл Кемелбаева,
жазушы

Эссе
1. Микеланджело Антониони
2 тамыз 2008 жылы күн тұтылды.
Шілденің соңы мен тамыздың бас шенінде Мәскеудің «Культура» арнасы атақты итальяндық кинорежиссер Микеланджело Антонионидің көркем фильмдерінің ретроспективасын көрсетті. Оған әлемдік даңқ әкелген тетрологиясынан – үш фильмін түн сайын көру кесірлі һәм қараниет күншіл жандардың қиянатынан жаныма ауыр тиген бұзылыңқы күйден енді арыла бастаған көңілімнің тұнығын шайқап, жүрегімді қозғап кетті. Бұл аттай 10 жыл бойына тынымсыз жазудан әбден зорыға шаршап, қалам-қағаз, кітап, өнер бағынан уақытша безіну арқылы миды тынықтырып, жан сақтамаса болмасын анық ұққан, шегіне жете қалжырап біткен өлара сәтім болатын. Ертегідегі алыптың ұйқысындай ұзақ демалуды аса мейірімді бір Алланың рақымымен уақыт ырғағы шын қалаған.
Фильмдердің әсерінен бағзы дертті қайта сезінген дәрменсіз жанымды қоярға жер таппай беймаза күйге тұтылдым. Бұған кінәлі итальяндық киношебер еді. Оның кино кейіпкерлері басқа бір таза өмірді аңсап, шетінен жанын қоярға жер таппай жүреді, сеңдей соғылысады, жаңа ауланған балықтай тыпыршиды һәм тұншығады. Расында, бұл бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің экзистенциалды тынысы һәм айқын символы болатын. Микеланджелоның суреткерлік уақыты – екінші дүниежүзілік қанды соғыстан кейінгі рухани түңілу, тас бауыр қоғамнан безіну, адамның жат бауыр тартуы. Ол 1950 жылдың басында киноға келген. Сюжет табуда кинорежиссер ойланып жатпайды, өзінің айтуынша, басына келгенін жаза береді. Бұл нені білдіреді? Жүрегін батпандай кернеген ат басындай шерді мысқылдап шығарады. «Ер жігіттің ішінде ат басындай шер өсер» – қазақтың «Ер Тарғын» жыры сплин ұғымын эпикалық сипатпен бейнелейтіні ғажап.


Бірінші дүниежүзілік соғыстан тірі қалғандар жоғалған ұрпаққа айналды. Соңғы соғыс ушыққан, асқынған, агрессияға, қоқысқа, уға, сұмдыққа толы арсыз әлемді ашты. Кинорежиссер дерексіз нәрсені – дертті образға салудың қас шебері болғанмен, соны өзінің жаны арқылы сүзгіден өткізетінін көру оңай. Антониони «Қызыл шөл» атты фильмінде өзінің рухани бейнесін анық салған кейіпкері, «үйрек жүнді оттасы, қарға жүнді қаттасы» жас келіншек. Фильм сценарийін ол Тонино Гуэррамен бірге жазған. Кинорежиссер неврастениямен сырқаттанып, жан дүниесінің күйзелісін Моника Виттидің рөлі арқылы дәл берген. Джулиана рөліндегі Моника Виттидің антикалық сұлулығы құсаның кейпіне нұр бітіргендей. Үкімге бұйырылған асқан сұлулық, дертті сипат. Актриса депрессияға ұшыраған адамның байыз таппайтын, жаны шырқыраған образын мүлтіксіз шебер ойнаған. Ол дерт толған айдай жүрегінде сызат қалдырмай, буып тұрғанын нақ береді. Өркениеттің албастыдай басуы, адамдардың рухани жалғыздығы фильмде тұнып тұр. Джулиананың кішкентай ұлы: «Зауыттың түтіні неге сары?» деп сұрағанда, ол «У» деп жауап береді. Оның дерті үнемі қозады да жүреді. Адамзаттың адасқан қоғамын, техника ғасырынан тірі табиғаттың зиян шегуін бейнелейтін тұман, аллегория, тұспалдар көп. Адамдар қол созым жерде жүріп бірін-бірі көрмейді. Ал, сиренаның дауысын режиссер екі түрлі мағынада береді, жартастар ән салады. Жоғалған жұмақты аңсау идеясы айқын: «Бейіш үні зыңылдап құбылады» (Бернияз Күлеев). Фильмнің соңында, Джулиана әлемді торлаған ақиқатқа мойынсұнып, бастапқы дертті күйінде қала береді. Кейіпкер ауру болып көрінсе де, оның кей сөздері анық һәм мағыналы: «Өмірде мен айта алмайтын бір сұмдық нәрсе бар» дейді, ол жүрегі қан жылап. Өмірдің мағынасы махаббат, оның тұнық жаны соны аңсайды.
Жасырынып жегідей жеп көңіл гүлін,
Булығып жан таласып шыққан бұл үн.
Бернияз Күлеевтың (1899-1923) «Жанталас» атты өлеңінде нақ осы күйкі халге тұтылған, өмірден суынған жанның зарығуы дәл бейнеленген. Мағжанмен қатар Бернияз ерен нәзік, жаны сұлу нағыз ақын ғой, зорығып жыр жазбаған, жасандыдан нәр алмаған. Тағдыры солай болды, әлемді торлаған, қазақты торыған зұлымдыққа төзбей екінші мүшелінде морт сынды.
Көкте күн тұтылудың кинорежиссердің үш фильмін көрумен қабат келуі текке кеткен жоқ. Жан сәулем қоса тұтылғандай құлазып, қиналдым. Әйтсе де, мен қапастан жарық күнге дереу шығатыныма шүбәсіз едім. Құдайға құлшылық қылуды өмірдің мұраты деп бұрынырақ түсініп қойғанмын. Фихтихайыр.
М.Антонионидің «Мамандығы: репортер» (1975) атты фильмінде тағы адамның өзінен-өзі қашуы, ақыры құтыла алмай өзін-өзі өлтіргені баяндалған. Батыста «Құдайлардың өлуі», «Еуропаның күні батуы» атты әйгілі кітаптар тегін тумады. Бақтан адамзат тез жерісе, дереу мелдектеп сорға ілігеді. Қатты қайран қалдырғаны: неореализмнің ірі өкілі итальяндық суреткердің фильм мәтінінен қазақ ақыны Нұрлан Мәукенұлының өлеңдерінің таңбасын айнымай көргенде құса-шердің иррацональды кейпін айқын танып қалғанмын. Құса маған жалт етіп, қарасудай тұнжырап бір қарағандай сезілді. Ай мен күн де көз, су да көз. Ежелгі гректерде шердің тұлғалануы бар ма еді, қапелімде ойға келмейді? Еуропада М. Антонионидің «Қызыл шөл» фильмі (1964) түсіріліп болғанда Нұрлан Алтайдағы ауылда жасы төртке енді іліккен сәби болатын. Қос қиырдағы екеуінің шығармашылық өзегін ұқсастырған құдіреттің атауы – сплин (құса, мұң, сарыуайым).
Ұлттық жаратылысы шынайы ақын Нұрлан Мәукенұлының өлеңдерінде ақтық сәтінде депрессия зардабы ушығып кеткенін, өмірден ерте кетуіне сол әсер еткенін мен итальян кинорежиссері Микеланджело Антонионидің әйгілі «Қызыл шөл» атты фильмін қайта көргенде барып ұқтым. 60 жылдардағы неореалистік кино мен 2000 жылдардағы қазақ ақынының өлеңіндегі құса бір текті болып шыққаны жаныма қатты әсер етті.
Жақын ба екен, алыс па екен жалған?
Көкжиектің көкірегі қан-қан.
Ғайып болып кетер ме екен ғұмыр –
Алаңдаумен, армандаумен болған…
Жүрек тұсым мазалайды кілең,
Жазаланып жүргенімді білем.
Кешіремін жасар десем көгім –
Көз қарығар күннің көзі – күрең…
«Жүрегімнен өткіздім бе бәрін… – ».
Нұрлан «Жұмбақ бағым жоғалды, жұмақ бағым жоғалды» деп жырлайды. Мақсат – шығармашылық адамдарына өзіне-өзі тірі күнінде эпитафия жазбаудың қаншалық маңызды екенін айту, райдан қайтару. Ал, Құдаймен алысу, өз-өзіне жоқтау жазғандай күйіну бұл адасу мен күйреудің, күпіршіліктің бастауы. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғады!» Жанақ ақын. Сөз магиясы. Ал, басқа түскен қат-қабат қиыншылық адам жаны рухани өсу, шыңдалу, эволюция үшін қажеттігін француз философы, діни ұстаз Омраам Микаэль Айванхов (1900-1986) уағыздаған.

2. Жабығу – жаманның ісі
А. С. Пушкинде депрессия «Английский сплин, иль русская хандра» деп аталады. Поль Верлен. SPLEEN. Сплин – ағылшын сөзі, орысша хандра. Барса келмес деген осы. Қорқыттың көрі мұның қасында жұмсақ көрінбес, бірақ, соның маңы. Әдебиетте бұл тақырыпты айналып өткен ақын-жазушы әзірге туған жоқ. Мұның сырын Абай «Тіл өнері дертпен тең» – дөп басып, өлеңмен мөр қояды.
Алеют слишком эти розы, / И эти хмели так черны.
О, дорогая, мне угрозы / В твоих движениях видны.
Прозрачность волн, и воздух сладкий, /
И слишком нежная лазурь.
Мне страшно ждать за лаской краткой / Разлуки и жестоких бурь.
(Аударған Федор Соллогуб).
Француз ақыны Поль Верленнің сплин идеясы жойқын, бұл өлеңінен табиғаттың барлық құбылыстарынан құсаға шырмалып, жаны шырқырап тұрғанын тануға болады. Байғұстың күн жаумай су болғаны несі дерсіз. Дерті күйдіріп тұрған соң шыбын жаны дүниедегінің бәрін тегіс ауырсынады. Шық тұнған алқызыл райхан гүлін де, дәлірегі, өз тіршілігінің әрбір тынысын! Тегінде батыс әдебиетінде бұл сарын оппаға түсіп кеткендей, ми батпақтай, обырдың аранындай тартып әкететін түпсіз тақырып. Олардан орыс әдебиеті қалыспайды. Гогольдың жабығуы. Қазақтың құсасы бұлардан бір бөлек. Зарзаман ақындары бұларға ұқсамайды. Елдікке түскен қамыттан, жаңа низамнан жандары түршігіп, зарлайды. Кең жайлап үйренген көшпелі нәсілдің ұрпағына темір ноқтаға, телміруге, рухани құлдыққа көну қиын. Көкбөрі орманына, өткеніне қарап ұлиды. Сплин, ой соққанды атам қазақ мақал-мәтел һәм шешендік сөздерінде айқын түстейді, қой құрттағандай сананы зілден аршиды: Жабығу – жаманның ісі. Өгізді оқалақ аздырар, естіні ой аздырар. Сары уайым – жігітке сор. /Өмір тұрғанда өлімді сөйлегеннен без/, Төріңде отырып – көрге сүйрегеннен без. Сплин, шерден арылу оңай емес. Бірақ, Құдай қаласа құлантаза айығып кетуге әбден болады. Жаратушыға деген пәк сенім арқылы. Өзім бұл өткеліктен екі мәрте аман-есен өткен соң бір Алланың ризашылығы үшін көрген-білгенімді сөзімді ұғатын шығармашылық һәм бұқара жұртқа айту парыз. Оған себеп: «Ішінде кеткен құсасы» – Нұрлан Мәукенұлы мен «Ұйықтап кетсем, бір күні оянбай қалам» дегені 45 жаста айнадай келген бард-ақын Табылды Досымовтың өлеңдегі жазмышы, өзін-өзі құсаға жіпсіз байлаған тұңғиыққа түсіп кеткені. Олардан бұрын қанша өлеңжанды ел тылсым дертке тұтылып, оны бір өлімге бұйырылған үкімдей көріп, мерт болды. Оларға наза-шер де жалған дүниеде ұзақ тұрмайтынын, бәрі де өткінші екенін ешкім терең айтпаған тәрізді.

3. Шайтанның шерінен сақта
Ескі батада: Шайтанның шерінен сақта. / Патшаның қаһарынан сақта, /Қайтып келген қыздан сақта. /А жұмла Құдайым, өз қаһарыңнан сақта/. «Тәубә» ұғымын жоғалтқанда азап басталады. Құдайсыз қурай да сынбайды деп сенетін тәубешіл қазақ үшін шығасыға иесі басшы. Жамандық көрсең өзіңнен деп ұғады. Ғақли көзбен қарасаң, /Дүние ғажап сен есім. / Жаһли көзбен қарасаң, / Дүние қоқыс сен – мешін. Әл-Фараби. Ал, орта ғасыр ғұламасы Эразм Роттердамский «Тіпті ең жаман тағдырдың өзінде бақытты өзгерістерге мүмкіндік бар» дейді. Бұдан артық қандай құдайшылдық керек?
Шал Құлекеұлы (1748-1819):
Жарлығы екі болмас хақ құдайым,
Жанында серігі жоқ, дақ құдайым.
Жанымды алсаң, құдая, иманмен ал,
Шайтанның қазасынан, қақ, құдайым!
Осынау ырым, тыйымның зұлымдықтан сақтайтын ұлы қасиетін қазіргі заманғы қазақ ақыны Нұрлан Оразалин айқын таңбалайды:
Сақта, Құдай!
Сақтай ғөр бұзылудан,
Жалығу, тарығудан,
зарығу, қарығудан,
Тарыну, тарылудан,
Сарғаю, сарылудан,
Бүтінім бөлшектеліп,
Сақтай ғөр жарылудан.
Сақта, Құдай!
Ақын терістен, қайғы-зардан, үмітсіздіктен қорғанып, соның үшін құдайдан медет тілеп, шын жалбарынып тұрған жоқ па! Өлең – дұға. «Тастай бір салмақ басымнан неге кетпейсің?», «Жалпының арзан бақытын, / Жазбаған біздің маңдайға» – Есенқұл Жақыпбеков. Қорқыт бабаң үйеңкінің түбінен қобызын үйіріп алып жатқандай қара күзде ақын күңіренеді.
Табыну мен Тағуттың ортасында. Оразбек Сәрсенбай, Рисала. Культ туралы.
Үмітсіз шайтан. Үмітсізді Тәңірі қар­ғайды, ала қайғыдан аман қыл дейді қазақ. Түленекең түртпесе түнде қоян жортар ма. Соның үшін атам қазақ қоянның бойына қарап, қалжасынан да, харамынан да түңілген, етін аузына татып алғысы жоқ. Өйткені сынықтан басқаның бәрі жұғады.
Е.М.Мелетинский редакциясын басқар­ған мифологиялық сөздіктен: Жын-сайтан (бесы). Жын араласып, арандатқан, әзәзілдің азғыруымен болған елестер, көзге қос кө­рі­ну, абыржу мен қамығу, сағыныштың ауыр сезімін тудырады немесе керісінше, оларға жан ұшырған шаттық ілесе жүреді деп саналады (жындардың көзге шалынбайтын жақындығының дағдылы нышаны – жүрек айну, лоблу (тошнота), орыс фольклорында жындардың атауы – «тошная сила», «жиіркендіретін күш». Ал, Жан Поль Сартрдың әйгілі романының атауы – «Тошнота», ( «Құсқысы келу; жүрек айну; лоқсу»), яғни, адам жиіркенсе, артық асты қорытпаудан болатын, жек көрінішті білдіретін хал; міне, гәп қайда жатыр. Тауратта Ібілісті Құдайдың маймылы дейді. Ал, мына, бір сәйкестікке назар аударса болар: 1968 жылы Америкада Ібіліс шіркеуі ашылды. Ал, мүшел бойынша, бұл мешін, яғни, маймыл жылы. Мешінді адамнан азған деген аңыз бар. Джордано Бруно (1548-1600), Римде инквизиция күпір айтты деп өртеп жіберген итальяндық философ, пантеист ақын: «Ғалам ұлы дененің санасы». Француз актері Патрик Девэр («Фанфан-Тюльпань» атты фильмде бас рөлді ойнаған) 37 жасында өз-өзіне қол жұмсаған. Неге? Себебі, анасы ұлы туарда сондай қара ойға тұтқын болған. Эмбрион, шарана күнәлі ақпаратты ана құрсағында жатып, лажсыз қабылдап алған. Сол ақыры оның түбіне жетіп тынды. Не нәрсенің болсын түп сарыны, мотиві болады.
Шерге ең көп тұтылатын шығарма­шылық қауым. Мемлекет қайраткерлерін де албастыдай басқан, бұл дерт. Мықты деген А.Линкольн, У. Черчилль тәрізді адамдар бұған шыдаған. Қарапайым бұқара өзінің депрессияға ұшырағанын сезбей де қалады. Көп жұрт жүрегім, кеудем ауырып тұр деп дәрігерге көрініп жатады, расында ол жүйкедегі дағдарыс, күйзелудің толқындары, жағалауға соғылғандай жайымен тарқап кетіп жатады. Абайдың «Қараңғы саңырау қайғы ойды жеген», «Ауру жүрек ақырын соғады жай» деп Лермонтовтан аударған өлеңінің табиғаты тұтастай осы депрессияны бейнелейді. Түңілу сарын Абайда тұңғиық әрі мол: «Қаны қара бір жанмын, жаны жара». Абай поэзиясында теңдесі жоқ «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деп басталатын, ажал шіркін елес берген соң амалсыз мойынсұнған, артқыға өсиет сөзі. Құса солай көкжиектен асып кете береді. Бір ғана «Жиырмасыншы сөзі»: «Пендеде бір іс бар жалығу деген» – сұрапыл дерттің түпнегізін жойқын қуатпен таңбалап тұр. Ұлы Отан соғысынан соң елге оралу бұйырмаған, Сарыарқаны өлердей сағынғанда алаштың ұлы Мәжит Дара (Аяпбекұлы): «Менде өмірге қарсы бір апат бар» десе, бұл атамекенге қайта оралудан күдер үзген ақынның өксігі.
25 ақпан 2011 жылы РенТВ-дан бір хабар көрсетті: Ослода мемлекеттік өнер мұражайында ілулі тұрған бір картинаның уыты күштілігі сонша, білетін жұрт жақындауға, қызметкерлері қол тигізуге қорқатын болған. Сөйтсе де, көрген жұрт жыланға арбалған торғайдай байланып қалады екен. Артынша, кейбіреуі өзіне-өзі қол жұмсайтын тылсым кепке ұшыраған. Атауы – «Айқай». Авторы – норвег суретшісі Эдуард Мунк. Мамандар картинаның энергетикасы күшті екенін анықтаған. Көрген жұртқа теріс әсер етеді. Суретші картинасын өзі автопортрет деп атаған. Жан дауысы. Ослоның ең бір ауыр ауданы, айқайлап тұрған жан көпірде тұр. Арт жағында жүйке дертіне шалдыққандарды емдейтін емхана. Мунк жанартау атқылағаннан соңғы қызыл бұлтты суреттеген. Бірі Еуропаның оңтүстігі, бірі теріскейі, Антониониде «Қызыл шөл», Мункте қан жауардай қызыл бұлт. «Жаны кейіген тәңірін қарғайды». Философ Юнг: «Европа – матерь всех демонов». Еуропа әбден түңілген, сор қамап, рухы қашқан. Өйткені материяның тұңғиығына батып кетті. Шыңғырмағанда қайтпек. Адам тек тәннен тұрмайды ғой. Осы ретте ислам дінінде неліктен адамды кейіптеуге болмайтыны шығады. Ибн Масуд риуаят етті, Алланың елшісі айтқан: «Қиямет қайым күні құдайдың ең ауыр жазасына суретшілер ұшырайды».

4. Ақындық шабыт
Абай аудармасында айқын бедерлейді: «Тіл өнері дертпен тең». Ал, енді, тек орыс поэзиясын алып қарасақ, поэтикалық шабыт, шығармашылық хал туралы, мына, тектес анықтамалар берген: «Беснование поэта» (А.А.Шишков), «Болезнь небесная», «Недуг вдохновенья», «Недуг глубокий, прекрасный, священный», «Недуг желанный», «Припадок вдохновенья» (В.Г.Бенедиктов), «Горячка восторженная» (П.А. Вяземский), «Горячка рифм», «Недуг тяжкий, пламенный» (А.С. Пушкин), «Недуг творчества сокровенный» (К. Романов), «Рифмобесье» (Н.А.Некрасов). Сергей Есенинде: «Вот она, невеселая рябь/ С журавлиной тоской сентября!»/ Құс қанатымен адамның көкірегіне толатын сағыныш, мұң шыдатпайды. Өйткені, жарық дүние – өмір мен өлімнің арасы, екі орта. Жын, жындылық, есі ауу сияқты екіұшты хал бұл жолдарда анық.
Мен 16 жастан әлемге аты зор киноре­жиссерлердің ең таңдаулы фильмдерін таңдап, екшеуді үйрендім. Көрермен ретінде өзімнен нақ байқаған құбылыс: шығармашылық адамы, суреткер атаулы: актер, биші, кино әртісі, ақын, жазушы, суретші, зергер, шебер, т.б. туралы көркем фильмдердің бәрін тегіс өксіп, булыға жылағандай, жаным сүйіп әрі күйіп көретінмін. Басқа фильмдер дәл солай әсер етпейді. Балықшы балықшыны алыстан таниды. Кімнің рухы өзіне жақын, адамға сол қымбат. Олардың бәрінде бір таңба… Бәрі де ақындық, жазушылық, қылқалам ұшындағы дарынның шалығын суреттейді. «Гениальность – это страшная болезнь», бұл Бальзактың құрметіне айтылған сөз. «Ойлы адамға бақыт жоқ бұл жалғанда». Шалық, сөз өнері мен жүйке дертінің арасындағы жұмбақ пропорция туралы қазақ сөз өнерінде Қадыр Мырза Әлиден асырып ешкім жазған жоқ. Оның «Жазмыш» атты шығармашылық болмыс туралы таңғажайып зерттеу энциклопедиясында керемет тереңінен сүзген: «Михаил Зощенконы діңкелеткен неврастения дейді. Бұл да жүйе ауруы. Аталмыш дерт әдетте ақыл мен сезімге түскен шамадан тыс салмақтың нәтежесі…Ол енді ақын-жазушыларға тән құбылыс», (61 бет), «Федор Михайлович Достоевскийдің, қазақша айтқанда, қояншық ауруы болған» (64 бет), «Мұны қазақтар қарапайым тілде жындылық дейді» (67 бет), «Тәні сау болғанмен, жаны ауырмаған адамнан, дертсіз ақыннан классика тумайтын болуы керек. Ақын – өзінің ішкі дертін, жан ауруын інжуге айналдыратын жұмбақ жан» (70 бет). Қадыр ағамыз өмірінің көбісін жындыханада өткізген таланттардың құсалы жазмышына өзі жаны шырқырап, оларды қорғаушы періштедей, қанатымен су сепкен қарлығаштай ара түсіп отырып, нақ осы тарауында мынадай күпір сөздерді қалай жазып тастағанын өзі де байқамай қалса керек: «Жоқ, меніңше, өлім – өмірдің өзі! Өлімнен қорқатын ештеңесі жоқ. Өмірден қорық!» (65 бет). Мынау нағыз жан айқайы, орта ғасырларда инквизиция өртеп жіберетін ғұламалардың ақтық сөзіндей жарық дүниемен қоштасу сөзі! Мұндай кітап қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған, ақылдың азабы ғой.
Он не замедлил бы стать самоубийцей,
Но это потеря неспасающий шаг, – деп армян ақыны Нарекаци өзі туралы айтқан (951-1003).
«Құдіретті комедия», Дантенің тамұғында Флегетон өзені өзін-өзі өлтірушілердің орманы арқылы ағады, мұнда олардың жанын от жаңбыр азаптайды. Сарқырамаға айналып, жер кіндігіне құйылып, тасқын мұз көлі Коцитке айналады. Жадтан өшу, ұмыту өзені Лета Дантеде жұмақта, өйткені, ол күнәлар туралы естеліктерді жояды. Мәңгілік өмір идеясын ұлы жазушы Франсуа Рабле мазақтады. Оның артынша, Монтень өлімді мадақтап, зұлымдық атаулыдан құтқаратын дәрі деп мәлімдеді. Шекспирде, Гамлет: «Болу не болмау» – өмір сүру болмаса өмір сүрмеумен тең. Өмірден жеріну. Түркінің Қорқыты өлімнен қашып, өнерден араша тапты. Шығыс пен Батыс, күннің шығуы мен батуы. Бірақ күн сәулесі адамзатқа алаламай бірдей түспей ме?!
Михаил Зощенконың «Голубая книга» атты кітабында бұл құбылыстың сыры мәлім болады: миды дұрыс тынықтырмаудың салдарынан адам жүйкесі қатты күйзеліске ұшырайды. Ұйқы – расында құдайдың ұлы сыйы. Ал, оңынан демала білу одан да артық даналық. Дарындылар миына шектен тыс салмақ түсіргендіктен, осы өліара кепке жиі әрі тегіс тұтылады. Құдайға құлшылық, сәждеге бас қою, ора­за, қанағат, дұға, ризашылық – міне, бұл дертті болдырмайтын алтын тамыр. Есіме Қадыр Мырза Әли ағаның шерменде күйге күрт құлап, оқыс қинала өксіген бір сәті оралды. Әншейінде, көзінен жылы күлкісі ұшқындай саулап, әзіл-қалжыңы үлкен-кішімен бірдей жарасып, алмас пышақтай кесіп айтатын, кез келген заттың құбылыс, тегін тауып, тақпақтай, шебер сөйлейтін (Семейдегі Абай музейіндегі экспонат шиді көргенде: «Ши – азған қамыс» дегені жадымда қалды) тілге ерекше ұста кісі ғой. 2005 жылдың ұмытпасам, 22 сәуірінде Семей жұртшылығы, Абай мен Мұхтар елі 70 жасқа толған даңқты ақынды ардақтап, елге шақырды, сый-сияпат көрсетті. Семей облыстық драма театры Қадыр ағаның «Ұлбике» атты пьесасын сахналады, әйгілі Ұлбике ақынның өнер адамдарының жазмышы туралы айтатын тұсында, ол ащы өксік буып, шегін тартып, ышқынып, япырмай, жетім балаша қыстыға жылап жіберуге шақ қалғанын қасында отырып көрдім. Жүрегім қозғалып кетті. Жүрегі қысылған ақынды «Жедел жәрдем» алып кетті. Сол мезетте қайран Қадыр ағамыз өз болмысы ғана емес, «Жазмыш», «Иірім» атты кітаптарындағы суреттеген салтанатынан соры қалың қаламгер нәсілі үшін жаны оттай күйіп, бір солықтап басылғанын шын ұқтым. Ол шердің тылсым жаратылысын да…
Уыз жас күнінде есіл-дерті неде болса, пенденің өмірі сонымен кетеді. Мәшһүр-Жүсіп. Бұл тілек туралы. Ақын-жазушылар, суретшілер Құдайдан даралықты, дарындылықты сұрағанда күнәһарлықтан да тартынбай, жазып қалады, расында. Астамшылық пен тәкаппарлыққа олар бара қоймас, жүректері ізгілікке, мәртебеге ғашық жандар ғой, бірақ, шынымен керемет үйлесімді іздеймін деп адасып, бір маңызды тетікті оңбай бүлдіріп алады. Соның кесірі түбіне жетіп тынады. Поэзияда ажал культі нақ бар. Көп ақындар өзін мысық, ажал шіркінді тышқан санап ойнауға шебер. Расында керісінше ғой, адам ғапіл. Ал, мұның түбі жұт: адамды өлімнен жорта қорықпау, оны басыну меңдеп алса, бұл енді, орысша айтсақ, «кошмар безбожия». Тілеп алған аурудың еш емі жоқ.
Даниил Андреевтың «Роза мира» атты культтік кітабы еске түседі. Ол менмен, тәкәппар, атағын шығару үшін өз-өзін асыра дәріптеген жазушыларды жалған есімді иеленушілер деп атайды. Бірақ, олардың кейбірі әдеби тақты біраз мерзім иеленгенмен уақыт соты оларды ымырасыз әшкерелейді, орнына қояды. Ал, ерекше дарынын, зерттеу еңбегін, айқын аудармасын, мықты, мәртебеге әбден лайық төл өнерін түк бағаламаған соң күйіп кететін қалам иелері бар. Көзі тірісінде нағыз таланттарды шибөрі тектес халтурщиктер жабыла аямай талайды. Олар іштен тынады. Эмоция сыртқа шықпаса, жүректі сұр жыландай теспей соратын қатерлі у деседі. Бұл расында өз алдына тұңғиық тақырып. Шет жағасын, тек үшеуін айтсам: Ғалымжан Мұқанов, Асқар Егеубаев, Табылды Досымов. Үшеуі де қазақ әдебиеті мен өнеріне үлкен олжа салды, мәдени құнарын байытты. Көздері кеткен соң «Өлген соң өтірік жылама» дегеннің кері шығады.

5. Психотерапевт
Қазір дамыған Батыс пен Ресейде психотерапевтке баратын ел қарасы күн өткен сайын молая түсуде. Психиатр дәрігермен оны шатастырмау керек. Ең мықты психотерапевт қатты күйзеліске ұшыраған науқасты құлантаза жазып жібереді. Дәрігердің айтуынша, ауытқулар болады, адам депрессиядан тез жазылмайды. Миға қатерлі сигналды ДНК апарады. Дерттің ең ауыр мезеті адам өзін ешкімге керексіз санайды. Сұлулық пен сұрықсыздық туралы ұғым адыра қалады. Дүниедегі ең көрікті адамдар өлердей күйзелуі мүмкін. Бәрі мидың дұрыс қорек алмай діңкелеуінен болады. Ал, мидың қорегі – дұға. Бір Аллаға жалбарыну. Мұны дер кезінде ұқпағандар рухы сынып кетіп, беймезгіл өлімге ұшырауы мүмкін. Ой оңашада ториды, аш бөрідей алқымдайды. Ой қаупі зорайып өсіп алады. Ол тіршілік әкелетін тірі ой емес, қысқы ұйқыдағы ордалы жыландай өлі ойдың ұйысуы, шоғыр тартуы. Депрессиядағы РЭП – эмоциональды потенциалдың регрессиясы. Кері кету, құлдилау. Жанып тұрған шырақ таусылған тәрізді. Физикалық, интеллектуалдық, сезімдік сөну. Қазіргі нәрестелер бесікке бөленбейді, ана әлдиін тыңдамай өседі. Бөпені әлдилеудің табиғи тылсым күші ғажап. Депрессивтік симптомдарды қазіргі медицинада ән, әуен арқылы емдейді. Жүрек – ғарышпен байланысқан дейді, Жаратушы Аллатағала жеті қат көкте. Жүрекпен сүю арқылы, ол Аллатағала адам баласына күретамырынан да жақын екенінен киелі кітап сыр шертеді. Алланы сүю арқылы біздің жанымыз тазарады, рақымға бөленеміз. Шынында адамның Аллатағаладан артық досы жоқ.
Гиацинт – депрессия кезіндегі сағыныш, мұңды алады. Магиялық қасиеті күшті, әртістер мен көпестер тағатын тас. Сондай-ақ, әзіл-қалжың, күлкінің емдік қасиеті ежелден белгілі. Күлкі мидың сол жақ жартысының жұмысын жақсартады. Осы мезетте пайда болған биохимиялық процестер адамды күйзеліске түсіретін гормондардың пайда болуына жол бермейді екен.
Серотин – биологиялық активті зат адамның көңіл-күйіне әсер етеді, ол «бақыт гормоны» деген атаумен белгілі. Кейбір бактериялардың адам ағзасында жетіспеуінен сератин бөлінбей қалады. Ал, адам – микрокосм, жер шары – макрокосм. Жердегі топырақтың құрамындағы элементтер адам денесінде тегіс бар. Соның біреуі, магний, калий, кальций, темір, мырыш, мыс, т.б. жетпей қалса да депрессия асқынады. Қазір адамдар бос әуре, басы артық бықсық, қоқыс, арзан жасандылықтан әбден шаршайды. Мысалы, қазір ғаламтор не бір сандырақты, бос мылжыңды, өсек-аяңды өкірте жазады. Әлдебір тележүргізуші, немесе актриса, әнші келіншектің екіқабат екенін әңгіме қылысады. Сондайда, бір ақылды ер адам жазыпты: «Сонда, осы жаңалық талқылауға лайық ба? Адамдар, естеріңді жи, сендерге не болған?». Бұдан асырып не деуге болар.
Бізден кейінгі ұрпақ,
Өзіңе-өзің жүр сақ.
Сенің заманыңа салауат айттым,
Менің заманым сырқат…
Бұл Нұрлан Мәукенұлының әлеуметтік өмірдің күйініштілігін өлең арқылы бергені.
Психикалық бұзылулардың, стресс, жүйке дертіне шалдыққандардың, өз-өзін өлтіру – суицидтің өршіп кеткенін мамандар әлемдік қаржы дағдарысымен байланыстырады. «Мен өмірімді жек көремін!» деп аттан салады, олар. Қазір осындай жан күйзелісіне шалдығу әлем халықтарының 10 процентін құрайды. Мәлімет берушілер он жылдан соң бұл көрсеткіштің 15 процентке өсетінін айтып дабыл қағуда. Қазақстанда санақта психикалық аурудың ауыр түрімен ауыратындар ғана тұрады екен. Ал, жеңіл депрессияның өзін көтере алмай осалдық танытатындар тағы көп.

6. Тіл мен сұқ. Дуа
Емші: «Жауырыныңнан қара тіл жа­бысқан» деді. Жұрт көзіне түспек, ел аузына ілінбек өзі – бір зор апат. Мәшһүр-Жүсіп. Бұл сұқ туралы. Ежелгі замандардан адамдар «сұқ көз, көз тиюден» сақтанған, өзін, жақындарын соның әсерінен қорғаштауды білген. Қазір адам баласының қорғаныш энергетикалық өрісі бар екені құпия болмай қалды, оны биополе дейді, оны бөтен ой мен мысық тілеулер тесіп өтсе, адам ауырады, қырсық шалып, жеке басының өміріне бүлдіргі енеді. Соның үшін бойтұмар тағады. Нұрлан Мәукенұлы көз тигенді жанама айтып өтеді, бірақ, соған аса мән бере қоймайтын тәрізді:
Жарқын күліп жүруші едім –
Жамандардың көзі өтті ғой…
«Жалықтырдың, жылауық күз».
Осы ұғымды орыстар «порча» деп анық таңбалайды. Порча, 1. Портить, портиться; бүлдіру; 2. Дуадан болған сырқат, сиқырлы ауру ( ескілікті наным бойынша). Сөздіктен. Тап қазіргі заманда бұл сұмдық үдеп кеткен. Соңғы мәлімет бойынша, тек бір Ресейдің өзінде 20 000-нан астам адам экстрасенс, балгерлікпен айналысады екен. Құдайдан қорықпағаннан қорық. Демек, сап-сау адамды қара энергия арқылы жан тыныштығын бүлдіру, құрту оңай деген сөз. Қазақы ұғымда, бұны тіл мен көз, сұқ, қарғыс десе керек. Бірақ, жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады. Кірсіз ай, мінсіз бір құдай. Өмірімде нақ осы дуадан болған сырқаттан екі мәрте өлімші халден өттім, Құдай деп аман қалдым. Сенім ақтайды. Ең қызығы, екі дерттің арасы 20 жыл, және өзіме Құдай берген дарынымды көре алмастықтан ғана әсіре қастық қылғандарды білдім. Мен оларды түсімде жиі көретінмін. Олар мені көрге тыққысы келгенін түйсік арқылы ақыры ұқтырды. Көктен, жанашыр Сақтаушы бір Иеден пендесіне белгі берілмей және қалмайды, өйткені, «Аққа құдай жақ», жаһандағы жалғыз қорғаушы Асылпана Аллатағала өзінен жалбарына сұраған мүсәпір жанға әманда жар болады. Ол сұрқия сұмдар түбі жазасыз кетпейді. Бумеранг заңы. Өз қарғысы иесін табады, ұрпағына тиеді. Күншілдіктен өзгеге өлім тілемеу керек. Құдай сол жанын сайтан иектеген пиғылы жаманды араға ұзақ жылдар салса да, кім екендерін әлгі адамға сездірмей қоймайды.
Алғашқы бастан кешкен азабымды М.Горький атындағы Әдебиет институты проза бөлімін бітіргендегі «Майя» атты дипломдық повесімде (1994) суреттеп жаздым: «Шура әжей емін жасады. Күбірлеп, қолына бөтелке ұстап, мұның басына таяды. Айналып жүр. …Су бетінде балық көзіндей ұсақ балауыз түйіршіктері қалқып жүр, адам бейнесіне ұқсайтыны рас. – Өз еліңде бір кәртең әйел өшіккен саған. Кетеріңде жолыңа жамандық тілеп, сағыныштан сарғайып өлсін деп ырым жасаған, – деп дертінің сырын түсіндірді емші. – Тегінде қалай ұзақ шыдағансың, дуа жасалғалы екі жылға жуық уақыт өткен. Әбден сіңген бойыңа, енді біраз кешіксең халің екіталай екен. Сары уайым ендірген. Жауыздық аз ба, жер бетінде. Енді қорықпа. Қызуын алдым, ұзамай әбден айығасың. Құдай қолдаса бәрі жақсы болады. Науқас өзінің әлдебір қамыттан босап кеткенін сезіп отыр. Темір құрсау сынып кеткен тәрізденді. «Ол қандай дұшпан? Жауықса себебі неде? Менің өлгенім кімге керек? Кімнен күдіктенуім керек? Қызық екен». Шура әжей тасқа таңба басқандай анық айтты: «Тоску навели». Яғни, дуа жасау арқылы зарықтыру, сағындыру, қамықтыру. Ол емші апаға келерінде, түнде аян түс көрген еді. Соны өзін ертіп барған жерлесіне автобуста айтып берді. «Айтуды неғып ұмытқам, – деді, – түсімде ауылдағы әжемнің үйіне барыппын. Әжем марқұмның тірі күні екен. Өзі қабағын түйіп, онша тіл қатпайды. Неден жаздым, маған неге ренжіді деп алаңмын. Әжем жарықтық мені қарсы алдына тұрғызып қойып, әлденеге назаланып ұрсып жатыр. Даусы тіпті ызғарлы, қатты. Со замат, о тоба, мен көрсоқырланып байқамаппын. Мойнымнан көрінбейтін қолдарымен қысып тұншықтыра, иығыма мініп арқамда Біреу отырған екен. Әжем марқұм ақырып қалғанда әлгі еденге секіріп түсіп, жалт беріп қашты. Қарауытқан сұлбасын шалып қалдым. Басқа біреу айтса сенбес едім, осындайда түс болады деп. Со кезде зердеме жетті. Бағанадан қайран әжем маған емес, әлгі қара пәлеге ұрсып, ығырыпты. Ақыры қуып тынды. Мені тас­тап қашып құтылды». Дені сау адамның өзін дуа арқылы есеңгіретіп жіберетін өмір танытты. Ол кейде безгек буғандай аяқ астынан, кейде білінбей басталады. Мысалы, 2009 жылдың 4 сәуірі күні таңертеңгілік шай үстінде мен екінші мәрте тұтылдым. Кенеттен ас батпай қалды, көңілім құлазып, өзімді сұмдық жаман сезінгенім сонша, жаным солған шар тәрізді…көзіме жас толып, өлімші, меңіреу күй жүрегімді езіп-жаншып жіберді. Өмір сүруге құқығыңды кенет біреу жол полициясы сияқты тартып алғандай болады. Егер қарғадай екі балам жетім қалмасын деп жаным шырқырамаса, тек өлім қасіреттен құтқаратындай сезініп, халім тым мүшкіл болып кетті. 7 сәуірде сұрапыл хал ұлғайып кеткені сонша, әділ жаннан түңіліп, еш жерге сыймай кеттім. Тамызда бұл кенет құбылыстың шын мәнісін ұқтым; ал, сол 2 сәуірде таныс әйелдің 14 жасар қызы үйіме қонуға келіп, шешесінің айтуымен бүлдіргісін жасап кеткенін жарты жыл өткенде бірақ білдім. Әлгі ұятсыз әйел мұны 8-9-10 тамызда өзі келіп үйіме үш күн қонғанда аңдаусыз, өзімнен суыртпақтап сыр тартқанда, сездіріп алды. «Сен менің қызымнан көрген жоқсың ба?» дегенде, «Ол жас бала ғой, неге күдіктенем?» дедім. Ұзамай, нақ содан келген пәле екенін, анасының айтуымен жасап кеткенін ұқпасыма амал қалмады.
Әйел өзі қонақ болып кеп, адам сенбейтін бір жат қылық істеді, менің үйіме 10 тамызда бір туысын арнайы шақырып алып, сонымен жанжалдасып, айқайлап ұрысты. Басқа жер құрығандай. Үйіңе күле кіріп, күңірене шығу деген қазақта жай әншейін қызыл тілді безеу үшін айтылмайтынына көзім жетті. Сол күн нақ жадымда қалғаны, бұл Абай атамның туған күні. Мен ол әйелді екі баланың анасы болғаны үшін, бір құдайға сыйынып, кешірдім, күншілдікпен істеген қиянатына бола қарғамадым. Сен менен аулақ жүр, ендігәрі жолаушы болма деп тік айттым. Көктемнен күзге шейін өте қиналдым, өлеусіреп, балаларымды ойлап, әрең шыдап жүрдім, әрине, ем қабылдадым. Дәрігер әйел, Құдайдан қайтсын, антидепрессиант таблеткалары мен жылы сөзімен емдеп, жанашырлықпен шын көмектесті. Сондағы сырқат меңдеген өңімді көрген бір танысым: «Көзің өлген қойдың көзі құсап кетіпті» дегені ойымда өшпей қалды. Айнаға қарасам, өз көзімнен өзім қорқамын. Көзім жат біреудікі сияқты, жаралы аңның ышқынысындай көз өксіп тұрғанын көру өте ауыр. Неге бұлай болады? Өйткені, адамның өмірлік күш-қуатын дуа арқылы қайтарып тастайды, дуа меңдесе қуат көзі сарқылып қалады. Бұлақ көзіне қоқыс төгіп тастағандай су тартылады. Дуадан қорғанудың ең ұлы дауасы – дұға. Дуаны дұға жеңеді, ақ пен қара өлердей шабысып, жекпе-жек шайқасады. Әрине, жауыз шайтанның қитұрқысын құдайдың рақымы жеңеді. Дұға арқылы дуаланған адам жанын жаншыған сұмдық қапастан босап шығып, бітелген бұлақ көзін аршиды. Адам баласы өлара халге тұтылады, өмірлік қуаты сөнердей әлсірейді.
2001 жылы басыма киген жаңа бас киімімді әлгі келіншек сатшы дегені, қыстық бас киім базарда толып тұрған жоқ па деп таңданғаным ойыма енді түсіп отыр. Ол ырымдап, басымдағы бағыма, ол әдебиеттегі жазу-несібем ғой, соған қара қызғанышпен қызыққан екен-ау. Көктем мен күзде әлгі телефон соғады, тілдеспей құтыламын. Шынтуайтында осы тектес, мүләйімсіп қыр соңымнан қалмайтын біреулер бар. Олар андыздап шыға бергіш. Әйел затын зымиян, мыстан дей салу оңай, ал ер ныспылы, бірақ сұмдық монтаны, іші тар, өз деңгейіне қарамай бақталас, менмен, ұсақ адамдарды кім дейміз? Оларға бірнеше мәрте риясыз жақсылық қылсаң да жақпайсың, қасаң жандары әсте риза болмайды. Бірақ, жынша иектеп, жұғыса беруден тайынбайды. Өйткені, мықтымен бәсекелесем деп-ақ біраз жетістікке жетеді. Ең дұрысы, көре алмайтын жандардың дұшпандық пиғылын айқын тани сала араласудан бас тартып, аулақтап, елемей қоя салу керек. Олардың заты, аты шықпаса жер өртеуге дайын геростраттық бітімі қандай боларын – «Ақын ем сәуле шашқан төңірекке» – Қасым Аманжолов, әлгілердің меңіреу күйігі өз ішіне түсіп, өкпесі қара қазандай болған сәтте; жан баласына жамандық ойламайтын бейқам һәм дегдар ақын жаны өзіне ажал тілеген көпе-көрнеу әділетсіздіктен ашынып, қорғаныс үшін жазған, тепкіні лашындай асқақ жырында тасқа басқан таңбадай қадай айтып кеткен:
Кей пасық күрек ұстап асыққанмен,
Қабірім өлмей жатып қазылар ма?!
…Ол сорлы түк шықпаған тақырына,
Сұқтанар менің бітік егініме.
Ал, әсіре күншілдер «Біреуге көр қазба, өзің түсерсің» деген халық даналығын қызыл көз қызғаныш, адам айтқысыз жойқын өшпенділіктің кесірінен ойлай бермесі анық. Қас дарынның жер басып ел қатарында жүргенін, шығармашылық табыстарын ауырсынып, газеттен тезірек некролог, қазанама көруді аңсап, құдай алдында үлкен күнәға батады.
2009 жылдың тамыз аяғында халықаралық сертификаты бар халық емшісіне бардым, намаз оқитын діндар жас әйел тамырымды ұстап отырып: «Түк те ауруың жоқ!» деп кесіп айтқанда ерен қайран қалдым. Бірақ, ол мені 7 күн ұшықтады. Сол көз бен сұқ, дуаны қайтарды. Мен сол көктемде өлімші халде, құр сүлдерім жүрді. Қазір ғой, өткенді талдап, психологиялық иірімдерін, жағдайдың шығу тегін, ушығуын танып отырмын. Өмір сүруге тынысың тарылып, қайраңдағы балықтай тұншығып, михнатқа көмілгенде, әуелі Алла дейсің. Соның құтқарылудың басы. Мұндай өткеліктен өту пайдалы, тәубеңе түсесің, азға қанағат қыласың. «Қорғасын тимей сөз тиді» деп нала қинаған Нұрлан Мәукенұлы «Ит жылы» атты өлеңінде Қасым ағасының кебін құшқан соң жазған:
Қазақтың бір баласы мен едім –
Тірідей өлдім талай.
Депрессия – ұдайы қайғы, бұл өкпені зақымдайды. «Сары уайым құсаны молайтады», көнеде айтқан. Омар Хайям: «Рухы жасыған жан ажалынан бұрын өледі». «Дана тағдырмен алысады, жетесіз жабырқайды», – дейді Шота Рус­тавели. Франсуа Ларошфуко: «Жан тыныштығын өз бойында таппаған адам оны ешқайдан таппайды». Стресс ми клеткаларын өлтіреді. Оның гормонының атауы – кортизола.
Оккульттік шу қазір әлемде ең өтімді тауарға айналды. Магия, сиқыр, жадылау қара албастыдай адамзаттың санасын қайта басты. Ол жалған ілім, бірақ, жұрттың ырқын сүліктей сорып, тықсырып барады. Шынайы рухани мәдениет пен нақты білімнің жоқтығы осыған әкелді. Вампирлік, рухани қан сорғыштық алып көлемде зорая өсіп барады. Ол сайтани құбылыс адамның өмірлік күшін ұрлайды. Кинематография көрбақ вампирліктің ең мықты құралына айналды. Авторына миллиондаған доллар әкелген кейіпкер кімдер? Гарри Поттер мен «Ымырт» атты кассалық фильмдегі сұлу өңді, уыздай жас қансорғыштар, Джоанна Роулинг пен Стефания Майер, әйел жазушылар. Орта ғасырда инквизиция отқа өртеген мыстандардың нәсілінен емес пе олар?! Жауыздықты неге асқан сұлу, жастық кейіпте қылып гүл жайнатып бейнелейді? Алдап соғу үшін. Ақымақ, надан адамдар соған сеніп қалады. Сөйтіп, құрбан болуға дайын тұрады.
Депрессия кезінде, сөне бастаған шырақтың тұқылындағы жылтылдаған әлсіз шоқ тәрізді жан қуаты мүлде қалт-құлт етіп қалады. Адам жарық дүниедегі ең күйкі, елдің қорындай жұпыны сезімге душар болады. Мұндай күйге кенет ұшырасаңыз, қаскөй арамза арнайы жасаған дуа деп ұғыңыз. Дер кезінде үшкіртіп, дұғамен дуадан арылмасаңыз депрессия қара албастыдай басады. Ал, намаз оқитын адам депрессияға мүлдем тұтылмайды. Бес уақ намаз депрессияның тұрып қалған, сасып кеткен шірік нәрседей сананы қапқан ащы, улы запыранын зиянды бактериялар сияқты түп-тамырымен жойып жібереді. Депрессияның қас дұшпаны – қасиеті мен шипасы мол намаз. Намазың нағыз қорғаның. Бір емес, бірнеше күншіл қаскөй күні-түні қарғыс жаудырып, жолыңа жамандық тілесін мейлі, намаз соның бәрін оларға еш кінәсі жоқ, артық болғаны үшін ғана жазған адамның бойына дарытпайды. Күншілдік бір кеселді дерт. Сырқаты депрессия екенін дәл ұқпаған адам өзінің ақыл-есі сау екеніне күмән келтіре бастайды. Депрессиядан мүлдем айыққан соң да ұзақ уақыт бойы сол бір бастан кешкен сұмдық күйді құдай енді басыма салмаса екен деп қатты шошынып жүреді. Өйткені, ол күй жағаға ұрған теңіз толқындары тәрізді сақиналанып, біртіндеп тарайды.

7. Нұрлан Мәукенұлы
Ақынның «Жоғалды жыл. Жоғалды ай. Жоғалды күн» атты жыр жинағы қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы қолдауымен 2004 жылы жарыққа шыққан. «Ішінде кеткен құсасы, / Құлаумен болған қорғаны…/ Қайран ата-бабам-ай!». Бұл Нұрланның есейгендегі наласы. Нұрлан уызынан жарып өскен ауыл баласы болған соң елдік санасы кіршіксіз, тұнығы шайқалмаған ақын:
Жау жебесі қадалып кете берген таңында,
Қасиет бар киіктің дірдектеген қанында.
Жұққан жерге жыпырлап өсті дейді киік от,
Көктеменің жаңбыры сол жерлерге құйып өт!
Құйғытты да жоқ болды сағым аққан сияқты,
Иә-иә, сағым-сыр бұл далада жиі ақты.
Ойнақ салып ішінде алтын киік бара ма,
Ертегіде дос болған мен сияқты балаға.. «Киіктер»
Ол кейіннен мылқау, жемқор қоғамның ішмерез жыртқыштығынан көңілі іріп, өзіне-өзі болжау жыр жаза бастады: «Қорқам кейде: мен осы көпке барман, / Алып жейді-ау кеудемде кеткен арман…», «Тәніме түсті бір жарқаш», «Ішімде толған удан ірідім бе? – /Түңілсем де түйілмен тірі күнге. / Кеудемдегі көмбемді алам дейтін / Айтпай келер ажалым, құры мүлде!» – бәсе, жастығы мен есіл өмірін қайдан қисын. Ақындық қанында бар эпикалық өрісі, айқара кеңістікті аңсап тұрады, ал тар һәм тас қалада Сұңқарбұлақтың жағасында еркін өскен қыр баласының қанатынан қайрылуы басталған: «Бұлттар-ау, бұлттар , қона кет! / Қамығып жүрмін қала кеп».
Саңғырығы қыранның
Айғыздаған ай бетін.
Жүрген ізі жыланның
Күлдіреткен күн бетін.
«Қыран ұшқан қыр жартас».
Қазақтық ділі неткен күшті. Мына өмір құз-қиялы биік шың десек, сол шыңға жорғалап жылан да, қалықтап қыран да шықпай ма?! Нұрланнан бұрын бабасы Дулат жырау былайша азуын айға білеп, жер мен көктің асқақ үйлесімін керемет толғамап па еді: «Мекен ғып құздың қиясын, / Бұлтқа салған ұясын, / Айнадай көрген аймағын, / Түйінін шешкен айланың, / Жерге қонбай ұша алмас / Көк еркесі қыран да».
Кітаптың екінші бөлімі – «Құснихат», ол тегіс құса. Бірінші бөлімі – «Бойтұмар», ақын бейне бір бойтұмарынан айрылған баладай аңырайды. Нұрлан жырларында Кемпірбай ақыннан қазақ өлеңіне мирас көгала үйрек көп. Жан мен өлең. «Бұл үйректей бұлқынады жүрегім», «Көлінен қашқан көк үйрек». Құстың харам, имек тұмсық жыртқышын емес, момын, адалын таңдауы тегін нышан емес. Ол үнемі өзіне дейінгі ақындарды жадынан шығармайды: Қотан жырау, Шортанбай мен Дулат, Сұлтанмахмұт, «Махамбет ерге жақынмын», Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Кеңшілік, Жұматай. «Жылап тудым, жылап өлем. / Жылауың бер, жырау әлем».
Нұрлан «Көк тәңірге сиынатын бабалар» – ата-бабасынан ауған ертегідей көркем дүниетанымды шырғасын бұзбай қабылдаған ақын: «Құс қанатты өмір-ай…/ Күле ме өзі, қайтеді / Күнді жеген жемір Ай…». Қазақтың дәстүрлі өмірді тануы осы. Кеудесі эпосты аңсап өткен қазаққа тән мінез: «Тарғыл-тарғыл таулардан / Мен де асайын деп едім». Нұрланның өз бейнесі: «Арманы – көп, алғаны жоқ бұ бала»:
Көнтері боп алған еді,
Қулығы жоқ қу жүрек.
«Қу қиялым, қума мені».
Өзім де өнер қуған өндір едім.
Жалғанға жаным жайып желбіредім,
Арманға қолым жайып мөлдіредім.
«Пай-пай, шіркін, пай-пай-ай, пайғамбар-ай!».
Ақын 40 жасқа аяқ басқанда торығудың торына мықтап ілігіп, ақыры шықпай қалады. Мұны өлеңдері әйгілейді:
Бір бейнеттен бір бейнетім боп қалың,
Ажалымның алдына кеп тоқтадым.
Аттанар шақ, қалай ғана тез келдің? –
Депрессия – «Жанымды жеп жегі», «Жан есінен танып тұр», «Шерімді отқа қарсадым», «Осы да ғұмыр ма екен…/ Уайым уы көз жасына жіби ме екен…», «Қара жерде қаңбағым қашуда әлі/ Қаймығып қарашаның күш-кәрінен…», «Жан дүнием жалғызсырап ұлығасын…» – жан дүниені теспей соратын қара жыланға тұтылуды Нұрлан біресе «Елегізу» деп атап, оған тек жапон поэзиясында ғана кездесетін үштаған жанр – хокку тәріздендіріп, жыр арнайды:
Көкте күн жоқ.
Жерде үн жоқ.
Арамызда кім жоқ?…
«Қайда барсаң айнымай алдан шығар…/ Қазаққа өкпең қазандай болған шығар…» деп ол Абай рухына арызданады. Енді бір сәтте, өзінен құмдай сусып бара жатқан сәулелі өмірді сен сақта, аяла деп Ұлықбек Есдәулет ағасына амандық тілейді.
Жарым түнде жалқы айым,
Қобызшы боп келмегей.
Кеудемдегі айғайым,
Үнсіз қалып өлмегей.
Қобызшысы – Қорқыт баба, үн шықпай тұншыққаны Қорқыттың көрі, таусыншақ күн. Жалғыздықтың поэтикалық мылқау образы, ауыр дағдарыс.
Жазмыштың жазғанынан озамын деп,
Өзіңді өзің өлердей тақымдама.
Жүйріктер жетпей құлар мәресіне,
Тап болып пәни жалған пәлесіне.
«Көңілім жүйрік».
Бұл не ақталу емес, не сақтану емес, расы Құлагер-тағдыр үшін бір кеселдің барын ұғып мойынсұну, тірісінде құлпытасқа қашап жазған эпитафиямен тең.
Өлара түссе мұң туар,
Өліп те қалар күн туар.
Өзегімді алған өртімді
Өзімнен басқа кім қуар.
«Сүмбіле туа су суыр».
Өлімді жиі айта берсе себеп анық. Жаңа қоғаммен басталған әлеуметтік теңсіздік оның жүрегін кеміріп жіберді:
… Аспандағы айға бата жасай бер,
Алпауыттың есігінен сығала…
«Адамы – көп, наданы жоқ бұ қала».
Нұрлан Мәукенұлының әзиз жанын жайлап алған депрессия жеке бастың қамы емес, өлара, өтпелі кездегі ел мұңынан қоса туған қоғамдық дерт.
Көгіме қарап кеңейемін,
Жеріме қашан өгей едім?…
«Қатырма менің басымды».
Жан ауырса нәзік жүрек қайдан тыншысын. Сүреңсіздіктен ол әбден мезі болады:
Тексіздің бойын бумайды намыс –
Бойкүйез жатты бордақы…
«Ши басы сыңсып шулайды қамыс».
Ақын біресе пәлсапа бағып, өзін жұбатады:
Бұ дүние қазекең «жалған» деген,
Топырағымен табысып қалған денең.
«Бұл дүние оңай емес, оңай емес».
Елжіреп жүрген ет жүрек,
Айнала бере қан-қансың…
«Ұйқым да менің бұзылды».
Нұрлан жыраулардан үзілмеген Дешті қыпшақ даласына тән толғауға бейім ақын:
Тірінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін бірі жер.
Тірлікте қашқан қадірің
Өлгенде ғана білінер.
Өлінің қамын тірі жер,
Жоқтауын салып жүгінер.
Жоғалтып алған асылы
Айрылғанда білінер.
Нұрлан өзін-өзі жоқтап отыр. Абайды пір тұтып, көп үндесетін ақын болған соң Абайдың зары еске түсер:
Қан жүректі қайғылы-ау,
Қайырыла кет сен маған!
Сөйте тұра жастығы арылмаған Нұрлан өмірді әсте қимайды:
Менің өлгім келмейді,
Өмір сүріп болғам жоқ.
«Менің өлгім келмейді».
Егер, ол сол бір жан дүниесі абсурд тоқырауға ұшыраған екіталай мезетте Алматыны тастап, ауылға тартып кеткенде, бір жыл қой бағып жүрсе де басқа тіршілікке бой ұсынса, ақын түңіліс сарыннан шығар ма еді? Маңдайына жазылған жасы бар болып тұр ғой. Граф Лев Толстой құса буғанда қағаз-қаламнан безіп, жалаңаяқ соқамен жер жыртып кетіп, жан сақтаған екен. Торығудан жаны арылған соң әулие суреткер санасы жаңғырып, қайта жазған. Бірақ, ақындар жазмышын өлгенше сүйетін тәрізді. Пенде атаулы бір Құдайдың бұйрығына бағынуы тиіс. Сондықтан, әлдебір азалы шекараға кеп үлгерген ақын жаны тірі мен өліні қаз-қатар параллель қарайды, фәниге бері қарап тұрып, ары бақиға үңіледі:
Мұнда тұрады тірілер,
Асырап, сақтап ұлы Жер.
Анда жатады өлілер,
Тербетіп, құндақтап ұлы Жер.
Өлілер зират боп көрінер –
«Екі ауыл».
Ақын дел-сал, «Найзағайдың кәрі неден / Өлең болып естілді?» деп жарық дүниеге таңданып жүріп-ақ, ол бейбіт күнде сұлу жұмағын жоғалтқандай ішқұсалықтан шыға алмай, көзіне беймезгіл кебін елестей береді:
Сенен де кетем бір күні
Жеңсізден көйлек киініп.
«Темір теректі теріскей».
43 жасында бақиға озған қайран ақынның соңында жыр мұрасы қалды.
Рухани өсиеті, жан сыры, өлең кейіпті өз бейнесі. Қалың елі қазағы барда Нұрлан Мәукенұлының өлең патшалығы әсте жоғалмайды. Ғаламдық мәңгілік ырғақ жаңа жыл, жаңа ай, жаңа күнді тудыра бермек. Құдай жаратқан тіршілік заңына бағынатын өлмейтін сөз киелі. Сол сөз киесі қонған ақындар да бағы зор. Мұның жөнін Нұрлан Мәукенұлы өзі білген:
Қайран өлең,
Сен тұрғанда мен осы қайдан өлем?
Өлеңім-ай,
Өлмейтін өлеңім-ай,
Ермей қалған Абайдай еменім-ай!

Алдыңғы «
Келесі »