НАУРЫЗДАҒЫ ЫРЫМДАР немесе 3000 жыл бұрын тойланған мерекенің тәрбиелік сырлары хақында

  • 06.03.2014
  • 7109 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Куандык Оразбекулы Куандык ОразбекулыҚуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
педагогика ғылымдарының 
кандидаты, доцент

Былтырғы Наурыз мерекесіне 1-2 күн қалған. Шымкенттегі «Айқап» деп аталатын мөлтек ауданында Нәзір Төреқұлов атындағы № 62 жалпы білім беретін орта мектеп бар. Сол білім ордасының  оқушыларын мұғалімдері бастап көшеге алып шығыпты. Қолдарында сыпырғы, күрек. «Айқаптағы» орталық көшелердің бірін тазалап келе жатыр. Біз сүйсіне қарап тұрғанбыз. Осы кезде жанымызға жақындаған жігіт ағаларының бірі сөз бастады.
– Мұғалімдер де қызық халық. Көрдіңіз бе, ертең Наурыз мерекесі. Ал, бұлар оқушыларға көше тазалатып жүр. Осы да тірлік па?! Көшені тазалайтын коммуналдық қызметтің өз адамдары бар емес пе? – деді қасқайып қарап тұрып. 
–Ағасы, – дейміз біз, – Наурыз қарсаңында біздің бәріміз жүретін, тұратын жерлерімізді осы оқушылармен бірге тазалағанымыз дұрыс. Бұл ежелен келе жатқан салтымыз. Сонда наурызға тазарып барамыз…


Айтып көрдік. Бірақ әлгі жігіт ағасына түсіндіре алмадық. Қазақтың ырымдарын ұқпады. Бізге «әркім өз міндетін орындауы керек» деген мәселенің төңірегінде таусылмайтын «лекциясын» оқып кетті. 
Мәселенің мәнісі басқа жақта болатын.     
Қазақ ерекше халық. Табиғат тағы­лымдарын кие тұтады. Талай ғасырлардан бері халықтың арасында сақталып келе жатқан ырымдары бар. Мысалы, жыл сайын күн мен түн теңесетін күн – Наурызды атап өтеміз.  Ырымдарды еске аламыз. Соларға сенеміз. Әлігіндей тоңмойын жігіт ағалары болмаса бәріміз ырымдарымыз бен тыйымдарымызды аттап кете қоймаймыз. Әрине, оларды білсек…
Біз  көпшілікке пайдасы тиер деген оймен, қазақ этнопедагогикасының қайнар көздерінің бірі болып саналатын Наурызға қатысты ырымдар мен тыйымдарды ой елегінен өткіздік. Бірден айта кетейік,  Наурыз мейрамына қатысты ырымдар мен тыйымдардың терең тәрбиелік сырлары бар. Мұны аңғару қиын емес. 
Наурызға қарсы ауыл-аймақ тазартылады. Жыл ішінде мал-жан ауру-сырқаудан аман болады деп ырымдайды. Шын ғой. Тазалық ең басты қазыналардың бірі емес пе?! Бұлақ көзін аршиды. Су таза, мол болса елдің ризығы емес пе?!  Адамдар жаңа, таза киініп, шашын алып, бойын тазар­тып Наурыз мерекесін тойлауға шы­ғады. Мұнан асқан көрегендік бола ма?! Наурыз қарсаңында қазақ мой­нындағы қарызынан құтылады. Мұ­ның адамдардың арасындағы тату­лықты арттыруға қосатын өзіндік үлесі айтпасақ та түсінікті. Қазақ кү­нә­сінен  барынша арылуға тырысады, тәубесіне келеді. Ал, күнәден арылу мен тәубесіне келу адамгершіліктің  алғы шарттарының бірі деп ұғуымыз керек. Адамдар арасындағы татулық, бірлік, имандылық осыдан бастау алса керек. Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, күн шыққанда, күннің «құты» дарыған кісі мол ырысты болады деп ырымдайды, «Қызыр түнін» күзетіп шығады. Таң бозарып ата бастаған кезде, ауыл-аймақта үлкен-кіші демей биіктеу жерге жиналып, күнге қарап:
–Армысың, Қайырлы Күн – Ана!
Армысың, кеудесі түкті Жер – Ана!
Жаңа жыл, жарылқа, жарылқа!» – деп, күнге тәу етіп, бата жасайды. Бата, тілек қазақ халқының асыл қазыналары. Алдағы күнге үміт артып, бата жасап жатсақ мұның несі артық?! Наурызнамада сойылған Көк өгіздің бауыздау қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін салып, «Құты дарысын, сіңсін» – деп ырым етеді. «Көк қаулап өссін, ақ мол болсын» – деп ырымдайды. «Құтаю» рәсімі бойынша жаңа бүр жара бастаған шыбыққа ақ бүркеді. Пәле-жала, ауру-сырқау, реніш-қайғы өткен жылда қалсын, отпен жанып кетсін деп «Алас­тау» рәсімін жасайды. Ұлыс күні жауған қар «Ақшақар», «Нұржауды» деп аталады. Ол басталатын жылдың ырысты болатындығының нышаны. Наурыз күні қарға түскен құмалық батып кетсе, көктем ерте шығады, ал батпай қар бетінде қалса, көктем 40 күн кеш шығады, деп болжам жасайды. Ауыл ақсақаладары, көрші-қолаң «Ақ мол болып, көпшілікке бұйырсын» деген оймен бірін-бір «қымыз мұрындыққа» шақырады. «Саумалық» ырымы бойынша, әрбір отбасы Наурыз тойында:
Саумалық, саумалық,    
Жаңа келген жақсылық.      
Жаңа келген мереке,      
Жаңа келген береке.        
 Көрмедік пе, көрдік пе?
Саумалық, саумалық,                                                                                      
Сүт көп, көмір аз.     
«Өмір көп, өлім жоқ! – деп, үйдегі ескі ыдысты сындырып, «қабақ сынды, қайғы кетті» деп ырым жасайды.    
Егер, Наурыз атап өтілген түні қой малы қораға алшаңдай басып еркін кірсе, көктем ерте туады, деседі. Күн шыққанда түсі күңгірт тартып, солғын шықса, ол жылы жауын-шашын көп болады, оның сәулесі шапағын төгіп, рауандап шықса, ол жылы молшылық болады, деп ырымдайды. Ұлыс күні күн оттай қызарып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады, деп болжайды. Күннің түсі сарғыш қызғылт тартып, ыстық лебі бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық, далалы жерлерде өрт болуы ықтимал, дейді. Шолпан жарқырап шыққан жылдары көк бітік шығады. Көмескіленіп туған жылы шөп те мардымсыз өседі.
 Жоғарыда айтылған ырымдар мен тыйымдар көбінесе дәл келіп жатады. Себебі, олар ғасырлар бойы табиғаттың тылсым сырларын байқап, бақылаудан кейін халқымыздың этнопедагогикасына мықтап еніп қалған. Ал, кейбіреулері біздің сал-дәстүрлеріміздің дәрежесіне көтерілген. Рас, Наурыз мерекесіне қа­тысты ырымдар мен тыйымдардың арасында Ислам дініне дейінгі Заратуштра дінінен бері келе жатқан жоралғылар да кездеседі. Бұл Наурыз меркесінің ең көне мейрам екенін  дәлелдейді. Наурызды негізінен қай заманнан бастап тойлаған? Мұны болжауға болады. Ол үшін біз әңгімені бір ауық Заратуштраға қарай бұруымыз керек. 
Заратуштра адамзат тарихындағы тұң­­ғыш пайғамбарлардың бірі. Ол адамзаттың алғашқы діни және фило­софиялық танымының негізін қалаушы ғұлама, ақын. Платон оны бақсылардың ұстазы деп санаған. Заратуштраны зерт­теуші орыс ғалымы Л. Лелеков: «Гректер өз жүйелерінің Заратуштра­дан бастау алатынын мақтан еткен. Заратуштраның туған жері, өс­кен елі, ілімінің мән-мазмұны мен таралған аймақтары, кіші «Авес­та» кітабындағы жыр үлгілерінен шама­лауға болады. Заратуштраның төл туындысы – гат қағидалары туралы мәселелер ғалымдар арасында қызу пікірталастар туғызды.  
Заратуштра тарихта шын мәнінде болған тұлға деген тұжырым жасалады. Тарихи деректердегі Заратуштра Виштаспа сарайына солтүстіктен келді деген мәліметтер Бойстың «Заратуштра Еділдің шығыс беткейлеріндегі азиялық далада өмір сүрді» деген тұжырымдарына сәйкес келеді. Соңғы ғы­лыми пікірлер бойынша, Заратуштра осыдан 3000 жылдай бұрын, Еділ өзе­нінің шығыс жағалауындағы Ұлы Тұран жазығында, яғни, қазіргі Батыс Қазақстан аумағында өмір сүрген болуы мүмкін. Ол киіз туырлықты сипаттама ұлысында, Поурушаспа деген малшының отбасында дүниеге келген. Кез келген көшпелі жұрттың өкілі тәрізді Заратуштра да табиғат құбылыстарына табынып, бала күнінен адам мен ғаламның, болмыстың сырын ұғуға, абсолюттік ақиқатқа (Жаратушы иеге) жетуге талпынады. 30 жасқа толған шағында, көктемгі теңесу сәті – Наурызды қарсы алған күннің ертесіне Заратуштра әлемді жаратушы құдірет иесі – Ахура Мазда құдайға жолығады, деген әңгіме айтылады. Содан кейін Заратуштра ақыл-білімге кенеліп, жаратушы Жалғыз Иенің ақиқат сөздерін жұртқа тарата бастайды. Бұл Будданың жер бетіне келуінен – 1000 жыл, Иса пайғамбардың келуінен – 1500 жыл, ал, Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) Жаратушыдан Құран Кәрім аяттарын қабылдауынан 2000 жыл бұрын болған оқиға еді, деседі ғалымдар. Заратуштра пәниден өкінішсіз өтіп, бақидың рахатына кенелу үшін адамзат баласына «ізгілікті ойға беріл», «ізгілікті сөз айт» және «ізгілікті іс тындыр» деп үш шарт қояды. Кесапаты көп, қиянаты мол пенделер болашақта дозақтың отына шарпылып, қиямет-қайым күй кешетінін ескертті, тайпаластарын әділеттілік пен қанағатшылдық жолына үндеді. 
Заратуштраның уағыздарын ен даланы еркін жайлаған көшпелі жұрт қабылдай алмады. Оның өзін қуғындап, өміріне қауіп төндірді. Еділ бойын тастап қашқан дала пайғамбары Бактрия елінің (қазіргі Түрікменстан, Ауғанстан аумағы) билеушісі Виштаспа патшаны барып паналайды. Патша оның уағыздарына ұйып, ақыл-парасатына тәнті болады. Осылайша Заратуштра ілімі Бактрия арқылы ежелгі Иранға тарайды. Арада бірнеше ғасыр өткен соң Заратуштраның діни-мистикалық уағыздары мен дұға-өлеңдері жинақталып, жүйеленеді де, «Авеста» деген атпен көне парсы тілінде кітап болып шығады. Адамзаттың алғашқы ұстаздарының бірі жөнінде неміс философы Ф.Ницше, «Заратуштра осылай деген» атты философиялық толғау жазған. 
Міне, Наурыз мейрамы қай кезден бастап тойлана бастаған!  Осыдан шамамен 3000 жылдай бұрын!  Бәлкім, Наурыздың негізін салған сол  Заратуштра пайғамбар шығар? Ол қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүргендіктен бе, қайдам, әйтеуір, Наурыз мерекесін тойлауды халқымыз арада қаншама мыңдаған жылдар өтсе де ұмыта қойған жоқ. Оны Заратуштра дінінен кейін келген шаман діні де, ең соңғы Ислам діні де халықтың жадынан шығарғысы, мүлдем ұмыттырғысы келді. Бірақ, халықтың сал-дәстүрімен сіңісіп кеткен мереке ұмытылмады. Наурызда жасалатын жоралғылардың бәрі бол­мағанымен, негізгілері сақталып қалды. Ал, ырымдары мен тыйымдары өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Сондықтан, біз қазір Наурыз діни сипатынан айрылған жалпыхалықтық мереке, табиғаттың өзі сыйлаған Жаңа жыл деп жүрміз.   
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Оразаев М., Смайлова М. Қазақ хал­қының салт-дәстүрлері (8-9 класс оқу­шыларына арналған факультативтік бағ­дар­лама) «Қазақстан мұғалімі», 26.10.90.
2. Оразбекова К., Нарбаев В. Ата дәстүр – әдеп, болашақ игілігі. – Алматы, 1991. – 236 б.
3. Табылдиев Ә. Т. Халық тағлымы. – Алматы: Қазақ университеті. 1992. – 197 б.
4. Балтабаев М. Х. Народно-музы­кальное творчество казахов как средство этнического воспитания студенческой моло­дежи (На материале музыкальных отделений ФОПа ВУЗов Казахстана). Автореф. дисс. … канд. пед. наук. – Алматы: 1986.-с. 26.
5. Бөлеев Қ., Бөлеева Л. , Құсайнова С. Қазақ мектептеріндегі ұлттық тәрбиесінің жайы. // Этнопсихология және этнопедагогика. (Ұлттық тәлім-тәрбие.). 5 жинақ, -АЛМАТЫ.: Дарын, 1998.  Б.31-33. 
6. Ұзақбаева С. Қазақтың халық­тық педа­гогикасындағы эстетика­лық тәр­бие. Пед. ғыл. Док. Дис. Алматы, 1994, 420 б.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!