Тектілік феномені (тарихи-этнографиялық пайым)

  • 09.04.2014
  • 3574 рет оқылды
  • 2

Жаңабек Жақсығалиев, 
М.Өтемісов атындағы Батыс 
Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, 
тарих ғылымдарының кандидаты

Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды…

Бекасыл əулие (1822-1915)

Қай заманда да, қай қоғамда да ұлы­дан ұрпақ, тектіден тұяқ қалудың оңай­лықпен бола салмайтынын соңғы зерттеулер дәлелдеуде. Олай дейтініміз әлемде  текті асылдандыру тәжірибелері әлі толастаған жоқ, ізденістер жалғасуда. Бұл ретте,  өткен ғасырда Сингапур «кереметінің сәулетшісі» Ли  Куан  Ю елдегі әр сала бойынша  ең дарынды  деген  жоғарғы сыныптың ұл-қыздарын  лагерьлерге жинап, басты мақсат – жас зияткерлердің болашақта  жұп  құрауына «жол ашып»,  кейін  екі таланттан өретін дарынды  ұрпақ арқылы  ұлт генофондын күшейтпек болып, халықаралық қауымдастықтың тарапынан қарсылыққа кез болғанын еске түсіргеніміз жөн. Халқының 80 пайызға жуығы жедел қытайланған елдегі жағдай    кейін  «Сингапур феномені»  деген атауға ие болып, аталған жоба  орта  жолға  жетпей  қаңтарылған еді.

Осы орайда, еліміздегі Назарбаев  Университетінде  тәлім алып жатқан,  «сүт бетіндегі қаймақ» саналатын өрімдей ұл-қыздарымыздың келешегі кемел деп білемін. Мерзімдік баспасөздегі мәліметтерге жүгінсек, американдық генетик ғалым Роберт Грекхемнің жетекшілігімен  жүргізілген  тәжірибе назар аударарлық. Оның зертханасына жиналған донорлардың дені  дүниежүзіне әйгілі «Нобелъ» сыйлығының  иегерлері болған. Ғалым жүргізген эксперимент бойынша жер бетіндегі ең кемеңгер деген ұлы адамдардың шәуе­тімен данышпан ұрпақ сүйгісі келетін әйелдер ұрықтандырылған екен. Тәжірибе он тоғыз жыл бойы жүргізіліп, осы уақыт аралығында дүниеге келген 200 нәрестенің ешқайсысының бойынан өсе келе ешқандай данышпандықтың белгісі байқалмаған. Өкініштісі, бірнеше жылға созылған жұмыс еш нәтижесін бермей, ғалымдардың үміті үзілген. Сөйтіп, данышпандықтың құпиясы ашылмай қалған. Данышпандық тектіліктің толық мәнін аша ала ма? Қайсыбір ғалымдардың пікі­рі бойынша данышпандық еш тұқым қуа­ламайды, ол бар болғаны сананың ауытқуы, яғни, шизофрения дегенге саяды. Біздіңше, бұл жерде мәселенің екінші жағына да назар аударылмаған сияқты. Жасалған тәжірибеден суррогат құрсақта өсетін ұрпақтың мықты болуы тек еркектің асылына байланысты емес екені анықталып, бұдан алтын құрсақ келінді қазақтың  босқа іздемегендігі айқындала түседі. Медицина бойынша нәрестеге  23 хромосоманы әкесі, 23 хромосоманы шешесі береді. Сол себептен де, әрбір адамның бойында өзімен бірге атасының да, анасының да ерекшеліктері, қаны болады. Демек, әке-шешенің екеуінің де үлесі бар.Қазіргі генетик ғалымдар қол жеткізе алмай жатқан нәтижеге өзгеден бұрын  жетіп, сыры  жұмбақ  жаратылыс құпиясын ашу – халқымыздың ғасырларға созылған селекциялық  ізденісінің  жемісі.

Қысқасы, келін таңдаудағы қазақтың қырағылығына таңданбасқа болмайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында әрбір  ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ертерек  ойластырып, өзінің теңін іздеген. Келешек құдасын орынды, құрметті  жерден,  аталы, іргелі ауылдан қараған. Құдандалық дәстүр қазақ қоғамының отбасылық-тәрбиелік салтының тиянақты жүйесі болды. Кезінде қазақ еріккеннен құда түспеген. Тіпті, балалар дүниеге келмей жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Тектілік феноменін терең түсіну үшін құдалық институтының әлеуметтік мәніне зор көңіл бөлу керек. Қазақ  қалыңдық таңдағанда бойжеткеннің ажары мен шырайына қарап шешім қабылдамаған, ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі  болуын қалаған.

Тарихи айғақ-деректерге ден қойғанда, тегі асылдың тұқымына таласатын жағдайлардың  болғаны байқалады. Бұдан, дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан  қалың  мал  институтының сыры ашыла түседі. Ғаламтордағы уикипедия  ашық  энциклопедиясының   мәліметінде: «Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал, шындығында  қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты. Әрине, «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істі әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда, Байсақалдың қызының  «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы,  жүз жылқы үйге кіргізер,  жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев)» (kk.wikipedia.org/wiki/Қалың_Мал) делінген. ХVІІ ғасырдағы деректерге қарағанда қалыңдықтың той үстінде басына киетін алтындап, қымбат тастармен әшекейлеп жасаған сәукелесінің өзі  бір үйір жылқымен бағаланса, қалың малының  мөлшері 5 жылқыдан 1000 жылқыға дейін   жеткен. Қисапсыз қараны беріп алған  келіннің бабы да келісті болары сөзсіз. Өйткені, қай  кезде де  қандай күштінің  шашылып жатқан артық малы жоқ. «Судың да сұрауы бар» немесе «тең-теңімен, тезек қабымен» деген ұстанымға баса мән берген  халқымыз «бай мен бай құда болса, арасында жорға жүрер, кедей мен кедей құда болса, арасында дорба жүрер, бай мен кедей құда болса әупірімдеп зорға жүрер» деген сөзді жайдан-жай айта салмаған. Нарықтық экономикалық қатынастар берік орныққан қазіргі қоғамда қалың мал институтының мәнін теріс түсіндіру артық және  өркениетті дәстүрді, ұлттық мүддені асығыс, ұшқалақ пікірге жеңдіруге болмас. Егер, жігіт текті тұқымның тұяғы болып, оның болашақ жары да аталы жерден болса, онда мұны «інжуге орнатылған лағыл» деп бағамдаған. Ал, ат байлайтын жері көңілдегідей болмаса, келіннің құрсағында өсетін ұрпақты «құмға сіңген су», «сорға сепкен дән» деп түсіну тек  қазаққа ғана тән түсінік. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі  «көріп алған көріктіден,  көрмей алған текті артық», «қатын алма қайын ал», «алып анадан туады», «нағашысы жаманның жиені оңбас», «анасын көріп, қызын ал», «анасын сүйгеннің баласын сүй», «шешеге қарап қыз өсер», «ана көр­ген тон пішер», т.б. деп келетін тұрақты тір­кестерде   терең мағына жатыр.

Фольклорлық-этнографиялық 
деректер не дейді?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадис­терінде: «Үйленетін болсаң­дар, қыздың тектілігіне, байлығына, сұлулығына, діндарлығына қараңдар»деген.Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, ең алдымен лиро-эпостық жырлардағы  аруларымыз  ойға оралады. Құртқа мен Жібек, Айман мен Шолпан, Ақжүніс пен Назым, Баршын мен Баян образдары –  қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көргенділіктің, сұлулық пен нәзіктіктің, тапқырлық пен айлакерліктің, адалдық пен тұрақтылықтың символы. Қазақ аруларының галереясы мұнымен шектелмейді. Сақ көсемдері Тұмар мен Зарина ханшалар, Домалақ ана, Айша-бибі, Әбілқайырдың бәйбішесі Бопай ханша мен Кенесарының қарындасы Бопай ханша, Нұралы ханның қызы Тойғара  сұлу,  Кенесарының бәйбішесі Күнімжан ханша, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, Шоқанның әжесі Айғаным, Арынғазы ханның жары Жақсы ханым, т.б. жалғаса береді.  Зерттеуші  Р.Әлмұханова былай дейді: «Ел қорғайтын үлкен мақсаттың адамы қатардағы жай қызды алмайды, оған о баста текті қыз бұйырылған.Шындығында, фольклорлық шығармаларда бас кейіпкерлердің жары не ханның қызы, не байдың қызы болуы ойландыруы керек. Таптық сананың өзіндік ықпалы болғанымен, мұндай сарынның сақталуы текті жерден қыз алуды білдіреді. Жырлардағы: «Қаныкейдей көріктіні, Тінікейдей тектіні ал» деген фольклорлық қаңқаның тым терең тарих қойнауынан тамыр тартатыны осылайша белгілі болады» (Әлмұханова Р. «Алпамыс батыр» жырындағы тектілік мәселесі //Ана тілі.2010,21-тамыз). Осы ретте, режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильміндегі бас кейіпкер Сартай батырдың адал жары, еліне тұтқа болған асыл азамат  Рақымжан  байдың  көрікті  әрі  ақылды   қызы Зере  аталған мәселеге жаңаша көзқарас қалыптастыруда сәтті сомдалған бейне. Сүйінбай Аронұлының «Алшын ата баласы, Сұлтансиық, Бақсиық. Хан қызы екен анасы» деп келетін жыр жолдары да осы ойды тиянақтай түседі.
Фольклорлық-этнографиялық деректерге  жүгінсек, қазақ жырауларының  ел билеушілеріне артатын басты кінәсі – ханның қарадан әйел алуы. Хан мен қараның қаны араласпай, бірінен-бірін алшақ ұстайтын ескі дәстүрлерді  бұзғысы келмеген  олар, мұндай  жөнсіз  істің  салдары  елді болашақта  тұйыққа апарып тіреуі мүмкін  екенін қатерде ұстаған. Мұны дәлелдейтін мысалдар жеткілікті.
•Ай, хан, мен айтпасам білмейсің…
Қатын алдың қарадан, 
Айырылдың хандық жорадан, 
Ел ұстайтын ұл таппас, 
Айрылар ата мұрадан! 
Мұны неге білмейсің?! (Асанқайғы).

•Елден елді аралап,
Тектіден текті саралап,
Беглердің қызын айттырсам,
Нұсқасын байқап шамалап.
Сынға толса сияғы,
Әлбеті шамның шырағы,
Мұхиттан сүзіп шығарған
Қымбатты гауһар бағасы.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сәнін арттырып,
Ұзатып алсам сәнменен 
Көңілімді хош таптырып.
Бала берсе тезінен,
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы 
Артылып туса өзімнен! (Ақтамберді).

•Жал, құйрығы қаба деп, 
Жабыдан айғыр салмаңыз! 
Қалың малы арзан деп, 
Жаман қатын алмаңыз! 
Жабыдан айғыр салсаңыз, 
Жауға мінер ат тумас. 
Жаман қатын алсаңыз, 
Топқа кірер ұл тумас…немесе
Ай, Абылай, Абылай,
Қатын алма қарадан, 
Қара тумас сарадан.  
Қатын алсаң қарадан, 
Алды кетпес баладан, 
Арты кетпес жаладан (Бұқар жырау). 

•Атайы жұртқа қол артып,
Асылдан ару таңдап алмаған.
Атасы мұның малды деп,
Қызының беті қанды деп,
Қарадан сұлу таңдаған.
Күндердің күні болғанда,
Олардан асыл болмаған (Байтоқ жырау).(Ай, заман-ай, заман-ай… (Бес ғасыр жырлайды). 2 томдық(Құрастырушы М.Мағауин, М.Байділдаев). – Алматы, 1991. – Т. 1.44,91,24,63-64,90, 100-б.,Тәжімұратов М. Шәңгерей. А., 1998.83-б.).
Хан тұқымын қастерлегенде,  қазақ жырауларының ойынша, ел бірлігін сақтар, халқына қалтқысыз қызмет етер  ел ұстарлары тек солардан шығады. Сондықтан, олар тұқымы жағынан да таза болуға тиіс.  Болашақта  ел билейтін текті тұқым жойылса, оның соңы – жат­жұрттың жетегінде кетіп, илеуіне көнумен аяқталады.  Билеушісі  тексіз елде бірлік, берекет жоқ әрі оның келешегі күмәнді. Ал,  асыл текті ақсүйек әулеттің «тексізденуі» – қарамен ілік-шатыстыққа байланысты. Елдің  іштен іруі  тексіз  жандардың ел билігін қолына ұстауы  деп түсінеді халық. Ата-бабасынан асылдық үзілмеген текті тұқым ел басқарғанда ғана  қараша халықтың түтіні түзу болмақ. Осындайда ел аузындағы бір аңыз еске түседі: «Баяғыда бір кедейдің қызы ақсүйек әулетке тұрмысқа шығыпты. Өзінің тегін жасырған қыз кедейшілікте өскенімен ешқандай сыр бермеген екен. Күндестері қанша аңдыса да қылығынан қателік кетпепті. Сөйтсе, бір күні әлгі келіншек аспазшы әйелге «бақайшақты тастама, бас бармақтай майы бар» деп қалыпты. Осы сөзінен  барып жұрт оның кедей әулеттен шыққанын біліп қалыпты» дейді. Әйтпесе, байдың қызы бақайшақ түгілі, жіліктің де ішкі майына үңіле қоймас. Аңыздың астары қандай сәтте де қанмен берілетін асыл қасиет пен ол өскен әлеуметтік орта,  әу-бастан текті жаралған жанды  ұсақ-түйек, майда-шүйдеге  мойын бұрғызбай асқақ та абыройлы һәм ірі  істерге бастайтынын айшықтайды.

«Күң өз қожайынын туады, бұл қияметтің белгісі»
Қазақстанның Ресей империясының құрамына енуіне байланысты  шаруашылық қатынастардың өзгеруі қазақтар арасында ірі саудалық және өсімқорлық істермен айналысқан бірсыпыра бай-феодалдардың пайда болуына әкелді. Сөйтіп, қарастырылып отырған кезеңде «бай» деген ұғымның сипаты өзгере бастады. ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақтардың әлеуметтік қатынастарын жан-жақты саралаған талантты тарихшы Е.Бекмаханов  қазақ қоғамында жеті атасынан бақ-дәулет  үзілмеген  текті шонжарлардың рөлі,  кейін қоң жинаған  байлардан жоғары тұрғанын «Қалыңдықтың әкесі бай болса да, тексіздің қызын алма» деген мақалмен дәйектесе (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы, «Санат», 1994.108-б.), бодау заманда  бұрынғы беделінен айрыла бастаған  қазақ байының болмысын  Хакім Абай: «Жасаулы деп, малды деп байдан алма,  Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар // Ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деген жолдармен  тиянақтайды.  Демек, байдың да байы бар, барлық мәселе сонда.
Сайып келгенде, тектінің қарамен неке­лесуінен сақтанған қазақ мырзаның күңіне абайсызда аяқ салуынан өсетін ұрпақтың қасиетті болатынына күмәнмен қарап, тұқым тексізденеді деп санаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жебірейілден (ғ.с.) қиямет сағаты жөнінде сұрағанында ол: «Күң өз қожайынын туады, бұл қияметтің белгісі» деген.  Бұл хадисті тәпсірлеушілер, «қияметке жақындағанда ертеде күңнен туғандардың ұрпағы ел басқарар патша  дәрежесіне  дейін көтеріледі, ал, аналары сол патшалардың қол астында болады», – дейді. Қазақ эпостарында  күңнен  туған баланың сұрқия, залым, зұлым болатыны баса көрсетіліп, нәтижесінде  тексіз ұрпақтың  қоғамға қаншалықты қауіпті екендігі анықтала түседі. Тарихи деректерге иек артсақ, мемлекеттік деңгейдегі дипломатиялық қатынастарда да  еуропалық  хаттама бойынша мұндай мәселеге аса сақтықпен қараған. Осы орайда, Кіші жүз ханы  Әбілқайырдың қалмақ күңінен туған баласы Шыңғысты Орынбор генерал-губернаторы  И.Неплюевтің заңсыз деп аманатқа алмағандығын еске түсірген жөн. 
Қалай болғанда да халқымыз «тегі таза», «жатыны асыл», «тұнығы лайланбаған» қос бұрымды хас сұлуларымызды  пәк сақтауды мұрат тұтқан. Қазақта «Қызды ауыл – көңілді; Өсектен сау сонау қыз, шайқалмаған сары уыз; Сыпайы қыз сұлу көрінер, Қызға қырық үйден тиым,  қырық үйден қарауыл»  дейтін ұлағатты ұстаным бар.Қыз баланың абыройын теңдесі жоқ бағалы дүниеге балаған қазақ халқы оны көздің қарашығындай қорғаған. Баға жетпес асыл қазынасын сұқ көзден сақтаған.Бұдан ұғатынымыз, таза жатырда ғана таза ұрпақ өсіп жетілетіні ұлтымыздың сүйегіне терең сіңген-ді. Мұны қазақтың қара өлеңіндегі:
Өр қазақтың тұяғы, 
Күлдір күлдір күлдір де, 
Күлкіні басқа ілдір ме, 
Алланың нұрын аңсасаң, 
Кірпиязыңды кірлетіп, 
Көрпеңе күнә сіңдірме. 
Хауа Ананың жалғасы, 
Болмысыңнан бүтін ең, 
Бес күндікке түтілмен, 
Абыройыңды үркітсең, 
Шошынбай ма ұрпағың, 
Омырауыңның сүтінен, – деген   жолдармен негіздеуге болады.
Ғылымда асыл тұқымды қаншық көшедегі бұралқы итпен шағылысып қойса болғаны, ешқашан да текті төбет күшіктей алмайтындығы, сол секілді тексіз құс асыл текті аналық кептерге жақындасып, кейін аналық кептерді хас тектінің өзімен шағылыстырса да, қанаты әлсіз, түсі бөлек әлжуаз балапан басып шығаратыны дәлелденген (Дүйсен Қ. Елін ойлар текті ұл тусын десек…// Дарабоз,2009.№10. 69-71-б.). Демек, бұлақ басынан тұнық ақпаса, одан тазалықты талап етудің қажеті жоқ.Адалдық пен тазалыққа қылау түсірмеген саф алтындай мөлдірліктің астарында  тектілік жатыр.Ит тиген арам аста еш қадір болмайтындығын саралаған  қазақ халқы «ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген сөзді бекер айтпаған. Мұның бәрі  жарық дүниеге жақұт қасиетті жоғалтпаған  асылдың сынығындай текті ұрпақ әкелу  мақсатымен байланысып жатыр.
        
4.«Мал-бәйбішенікі, 
бай-тоқалдыкі»
«Қырықта қылыш (тағы бір әйел алу)»
Халық даналығы
Оқырман байқап отырған шығар, мақала ішіндегі бөліктерге берілген атаулар, көне­ден қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан даналық сөздер. Мақаланың осы бөлігіне қойылған айдар да құлаққа ерсілеу естілгенімен  бұрынғы  бабалардан  бүгінге жеткен тәмсіл. Демек, бұл жолғы әңгіме   ға­сырлар бойы тектік қорымыздың  ке­мел­денуіне оң ықпал етіп, ұлттық  эли­таның дәуірлеуіне теңдессіз үлес қосқан һәм өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін өмір сүрген полигамиялық (көп әйел алушылық)  неке хақында. Бұл – біздің  бабалар жүріп өткен тарихи жол. Тектілік тақырыбы сөз болған жерде  мұны айналып өту – мүмкін емес. Бүгінгі заман биігінен көпәйелалушылықты тек ескінің сарқыншағы деп ұғыну сы­ңар­жақ көзқарас болар еді және оны  қа­зіргі таным тұрғысынан зерделеу, көтерілген мәселенің барлық қырын ашуға мүмкіндік бермесі анық. 
Ислам үйленетін әйелдер санын төртеу­мен шектеген және олардың бәріне бірдей адал болу шарты қойылған. Көп әйелге үйлену мәселесін ислам тек орынды себептерге байланысты, белгілі бір жағ­дайларды түзеу мақсатында ғана жол берген. Ол соғыс кезінде ер адамдар май­данда опат болған жағдайда, яғни, әйелдердің көбі қамқоршысыз қалғанда, кей­де әйелдің денсаулығына байланысты (созылмалы ауру, бедеулік) кедергілерде жеңіл жүріске тосқауыл қою мақсатында  ер адамға тоқал алуға рұқсат етіледі, әрі тоқалы бәйбішесімен тең құқылы бо­лып табылады (Махмуд Хамди Зақзұқ. Исламды қаралауға қарсы жауап // Ақиқат, 2005. -№4.-35-36-б., Шоқым Г.Т. Қазақ тіл білімінің гендерлік тұғыры. А., 2007.-62-б.). Десе де, дәстүрлі қазақ қоғамында бәй­бішенің өзге әйелдерден шоқтығы биік болғанын атап өткеніміз жөн және шариғат рұқсат еткен полигамиялық некенің белгіленген өзіндік қатаң тәртібі болған. Ешбір себепсіз бірнеше әйел алу   қатардағы жай еркектер үшін оңайға тимеген. Бұл туралы Колгейт университетінің профессоры (АҚШ)М.Б.Олкотт  қазақтардың көбі жалғыз әйел алды, екі және одан көп әйел алғандар сирек кездеседі, өйткені, қазақ дәстүріне сәйкес әр әйелдің өз отауы болуға тиіс, сондықтан, көп әйел алу бай адамдардың ғана үлесіне тиді деп жазады (Марта Олкотт. Қазақтар. Стэнфорд, 1987. 3-27б. // Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1994.69-б.). Батыс Сібірге саяхат жасаған неміс саяхатшысы А.Брем мен О.Финиш «Ислам дінін ұстанатын мұсылмандар болғасын, қырғыздардың  бірнеше әйел алуларына жол беріледі. Бірақ, түріктер мен мормондардың тәжірибесінен көріп жүргеніміздей, тек бай адамдар ғана мұндайға бара алады, себебі қалыңдық үшін берілетін қалыңмалдың құны өте үлкен. Қырғыздардың (қазақтардың) көпшілігінің бір-бір әйелі бар, ауқаттыларының өздері екі-ақ әйел алғанмен қанағаттанады» деген түсінік береді (Путешествие в Западную Сибирь доктора О. Финиша и Брэма. М., 1882.). 

Көп әйел алушылықтың негізгі 
сыры неде?
Сонымен, көшпелі қазақ қоғамында  полигамиялық некеге негіз болған басты  се­бептердің бірі, бәйбіше мүлдем бала кө­тер­месе не ұл тумаса, не аурушаң болса, не күйеуі өліп жесір қалса, т.б.еркек сондай қадамға барған.Мысалы,қазақтың бір­туар перзенті Мұстафаның әкесі Шоқай (Шоқмұхаммед) екі әйел алған жан. Алғашқы әйелінен бала болмаған. Кейін­гісінен бес бала – екі қыз, үш ұл көрінген. Шоқмұхаммед ортаншы ұлы Мұстафаны елу бес жас шамасында  сүйген. Мұстафа ағасы Сыздықтан он бес жас кіші. Әлем таныған текті тұлғаның атасы Торғай Сыр өңірінде өте беделді адам болған. Бұл өңірді Қоқан хандығы билеген кезде Торғай датқа дәрежесіне көтерілген. Мұндай мысалдар Қазақ тарихында  жеткілікті. Демек, қазақ үшін көп әйел алудың  негізгі сыры тектің тамырын үзіп алмай кейінге жалғау аңсарымен тікелей байланысты болса, екіншіден, қазақ жесірін қаңғытпаған ел. Әмеңгерлік салтымен ұрпақ  жалғастығын сақтап отырған.Осыған дейін әмеңгерлік ғұрпының сәулелі жақтары да бар екеніне  мүлде мән берілген жоқ. Күйеуі өліп, жесір қалған жас әйелге марқұмның жақын туыстарының біреуі әмеңгерлік жолымен үйленуге құқылы саналатын. «Келін ерден кетсе де, елден кетпейді» деген сөз – осы әмеңгерліктің куәлігі. Дұ­рыстап тереңнен үңілген адамға әмең­герлік ғұрпының ең бірінші көздейтіні ұрпақ қамы, жетімді жат босағаға телміртпеу. Қазақтың әмеңгерлік салты қара жамылған шаңырақтың өмір талқысының құрбаны болып кетпеуін көздеуден туындағанын дәлелдейді. Әмеңгерлік салты жасы келген, үйлі-баранды, балалы-шағалы әйел жесір қалғанда қолданылмайды, тек жас, әлі де бала туа алатын әйелдерге жүреді (Қалиев С.,Оразаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. А., 1994. 131-б.). 
Осы тұста  ерекше назар аударарлық нәрсе әмеңгерлік (левират) ғұрпы  ұлты­мыздың қаймақтары саналатын талай тарланбоздардың тағдырына да  тікелей қатысты. Деректерге жүгінсек, Құнанбай өзінен кейінгі  інісі Құтпамбет (Құлмұханбет) қаза болған соң, оның атастырған қалыңдығы Ұлжанмен отасқан. Тарқатып айтсақ, інісі жастай бақилық болып,Ұлжан «қыздай жесір» қалыпты. Құнанбай Күңкеден кейінгі екінші әйелі қылып, текті жердің қызы Ұлжанды тоқалдыққа келіндей алған. Осы некеден Абай дүниеге келген. Кейін Абайдың өзі де  інісі Оспанның әйеліне әмеңгерлікпен үйленген.  
Көтеріліп отырған мәселені  аша түсетін, бұрын көп  назар аударылмаған тағы бір тарихи дерек. Қазақтың маңдайына біткен марқасқа  ұлдарының бірі Қаныш  Сәтбаев –  Имантайдың екінші әйелінен туған. Имантай  қырық жеті жасқа келгенде екінші рет үйленіп, қазақ тарихындағы текті әулеттердің қатарынан орын алатын атақты Шорман ауылында жесір отырған жас әйел Әлиманы алыпты. Дүниеге Қаныш  келгенде Имантай өз болысының биі болған екен. Ол сөзге шешен, қазақтың мақал-мәтелдеріне жетік, ән салып, домбыра тартатын жан  болыпты. Академик Ә.Х.Марғұлан  Е.А.Бөкетовке жазған хатында: «Қаныштың сыпайылығы, көп білуі әкесінен ауысқан қасиет. Оның әкесі Имантай осы күнгі университетте оқытып жүрген профессорлардың көбін үйрете алар еді. Ол кісі өзінің байтақ білімімен Г.Н.Потанинге де көп көмек көрсеткен» деп айтқан екен. Қаныштанушы Медеу Сәрсекенің деректеріне  жүгінсек, Қанекеңнің де екі әйелі болған.
Демек, бірнеше әйел алу салты сол кездегі қыз-келіншектердің мүддесін қорғаудан туындаған. Ұлттық мүдде әйел адамдар бойындағы қызғаныш сезімінен жоғары тұрған. Тоқал алу құбылысын тек нәпсіқұмарлықпен байланыстыру сияқты сыңаржақ көзқарас, мәселенің ішкі мәнін терең түсінуге мүмкіндік бермесі хақ. Мұның астарында құлаққа әбден сіңген  «қазақ  байыса қатын алады»  деген түсініктен шығатын мал-дәулетті шашу емес, көшпелі  өмір қажеттілігінен туындаған  текті сақтау, ұрпақ қамы, ұлт мүддесі, ел болашағы сияқты ұлы мұраттар жатқаны аңғарылады.  Түсінген жанға ұлт ұтылмаған жердегі нәрсенің бәрі ұлықтауға лайық.

«Қарт бойында қалаш бар»
Ой орамында мына нәрсе де ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Ғалымдардың пайымдауынша, тұқымның асыл болуының көзге көп байқала бермейтін тағы бір қыры ері мен әйелінің жас алшақтығы. Тектілік феноменінің тағы бір құпиясы: сақарып, егде жасқа жетіп, ақыл-парасаты толысқан, бойынан күш-қайраты қайтпаған бабындағы  еркек пен толықсыған жас  тоқалдан  көп жағдайда  кемеңгер ұрпақ туатыны дәлелденген. Мұны дәйектейтін деректер аз емес. Бұған басқа халықтардың тарихында да мысалдар жеткілікті. Қытай халқының ұлы ойшылы Конфуций дүниеге келгенде әкесі 70-тің үстінде, шешесі 17 жаста болған көрінеді. Ата қазақта «қарт бойында қалаш бар» деген мәні терең сөз бар. Мамандардың пікірінше, өзінен гөрі жасырақ әйелмен төсек жаңғырту егде тартқан еркек бойына күш-қуат беріп, оны жасартады екен. Жаһанға танымал жарқын тұлғалардың ата-аналарының ара­сындағы жас айырмашылығына кезінде кеңес ғалымдарының өзі ерекше назар аударған болатын. Мәселен, Гендель (әкесі 63, шешесі 34), Бородин (59,24), Гончаров И.А. (58,27), Бальзак (53,21), Лондон (53,29), Франклин (51,39), Салтыков-Щедрин (50,25), Софья Ковалевская (49,29), Герцен А.И. (45,17), Чайковский П.И. (45,27), Шоу (45,28), І Петр (43, 19), Короленко (43,20), Шо­пенгауэр (39,19), Гете (39,17), Эйнштейн (32,21), Гоголь (32, 18), Лобачевский (31,19), Лермонтов (27,17) т.б. (Алексахин И., Ткаченко А. «Индекс отца» // Литературная газета. 29 ноября 1972г.) болып жалғаса береді. Өкінішке орай, қазақтан шыққан  белгілі тұлғалардың әке-шешесінің жас айырмасына байланысты нақ  осындай  мәліметтер Отандық тарих ғылымында сирек кездеседі. Қазақтың және бір жазылмаған заңы – әйел күйеуден сегіз жас, еркек әйелден жиырма бес жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмеген.Әрине, әмеңгерлік жолда мұндай некелік ережелер мен шектеулерге қарамайтын жайлар да болған. 
Сонымен, соңғы жылдары зерттеушілер көшпелі қазақ өмірінің қажеттілігінен  туындаған полигамиялық отбасылық – некелік қатынастың   қоғамға әкелген  пайдалы, тиімді жақтарын саралауда. Публицист Т. Әсемқұлов: «Соғыс негізінен еркектерді жояды, яғни халықтың жыныстық құрамы өзгереді. Көшпенді қоғамда  бұл  ауытқу полигамия,  яғни көп некелік заңы арқылы қалпына келеді. Ұлы әмеңгерлік заңының арқасында қазақ халқы жойылмай аман қалды десек, артық айтқандық болмас» (Әсемқұлов  Т. Аштық және соғыс. Қазақ алъманағы.  №2 (06), 2010. 227-б.), – деп жазды. Тек  көпәйелалушылықтың негізінде ғана қазақ халқы сандық мөлшерін өсіріп жаугершілік, жұт, оба, шешек, мерез, құрт, т.б. жұқпалы кеселдер мен  әртүрлі індеттер арқылы ойсырайтын демографиялық шығындардың орнын жауып отырды.Кеңес өкіметі орнағанға дейін негізінен ұлт өсімі «балағынан бала саулатқан»  тоқалдар есебінен жүзеге асты. Өйткені, ұшы-қиырына жету үшін құстың қанаты талатын даласы бар Қазақ үшін ұлт өсімі қай кезде де өзекті. Сөзімізге тұздық ретінде  тағы бір мысал. Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен байбақты Сырымның атасы Шолан батырдан Есенбай, Түркеш, Байторы, Дат есімді төрт бала туған. Ел ішінде осы төртеуінің өсіп-өнген әулетін жинақтап «Төрт Шолан» деп те атайды. Осы төрт шоланның Есенбайының Зеріп деген тоқалынан 9 ұл,  Даттың  Дүрдана  деген тоқалынан 9 ұл, Түркештің Кенжеқыз деген тоқалынан 8 ұл туған. «Төрт Шоланды байытқан үш тоқал» деген сөз осыған орай айтылған.Дерек ретінде Даттың балаларын атай кетуге болады. Даттың бәйбішесінен – Адамбай, Атанай, Жомарт туған. Ал, тоқалы Дүрданадан – Сырым (Сырлыбай), Дүйімбай, Жандыбай, Қал­дыбай, Базарбай, Қорлыбай, Шегебай, Нұрлыбай, Барлыбай туған (Сейдімбек А. Көрсетілген еңбек. 633-б.). Қысқасы, көшпелі қазақ қоғамында ұлтымыздың  демографиялық ахуалын  бірнеше  әйел алуға мүмкіндігі бар  осындай текті тұқымдар шешті. Зерттеушілердің пікірінше  қай заманда да  демографиялық жағдайды дімкәс ұрпақ пен кедей халықтың үлесінен көтеру, соған сәйкес ұлттың сапасыз ұрпақпен толығуы елді тұйыққа  апарып тіреуі мүмкін. Мәселен, Мұхаммед пайғамбар өзінің даналыққа толы бір хадисінде «Өзің аштан өлейін деп отырып, көп балалы болу – күнә» деп қатаң ескерткен. Қалай десек те, дәстүрлі қазақ қоғамындағы текті тұқымдардың  тамыр жаюында көп әйел алушылықтың (полигамия) рөлі өте зор және бұл құбылыс   жеті атасынан құт үзілмеген бай, қуатты, дүмді  әулеттердің тарихымен тікелей байланысты.
Қазақтың ұлы хандарының көбі тоқалдан туғандығын кезінде  классик жазушы М.Мағауин жеріне жеткере жазған еді. Полигамиялық некеден ұлттың ұтпаса, ұтылмағандығын саралаған жазушының пайымын теріс түсінгендер оны сын садағына ілді. Ғалым  Ш.Ш.Уәлихановтың жазуы бойынша ұлы  бабасы Абылай ханның 12 әйелі болған. Осы  арулардан  әйгілі хан «сабы бір, қабы бөлек»  30 ұл, 40 қыз көрген. Бұл мәліметті 1781 жылы Уәли сұлтанның ІІ Екатерина патшайымға жазған хатындағы «Абылай ханның артында 30 ұл қалдық» деген сөзі бекіте түседі. А.И.Левшиннің  деректері  бойынша  «Кіші жүз ханы Нұралының 16-17 әйелі, оның сыртында 15 көңілдесі (кәнизагы) болған. Некелі, некесіз әйелдері оған  32 ұл, 33 әлде 34 қыз туып берген» екен (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – Алматы, «Санат», 1996. 334-б.). 
Ақын Абайдың ата-бабалары да жеті атасынан бақ-дәулет үзілмей ел билеген әділетті, бақуатты болған жандар. Рухани тұрғыдан мықты, ата-тегі жағынан текті бесіктен Абай шыққан. Абайдың  атасы  Тобықты руының атақты биі Өскенбай Ырғызбайұлының бес әйелі болған екен. «Абай» энциклопедиясында: «Зереден кейінгі төрт тоқалынан Өскенбай тоғыз ұл көрген» деп жазылған. Ал, өз әкесі аға сұлтан  Құнанбайдың Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным атты төрт әйелі болған. Ақын Абайдың өзінің де бірнеше әйелі болғаны белгілі. Бай, саудагер Қорамса ұлдарының ішіндегі Арқа ән өнерінің арғымағы, алаш баласы ардақ тұтқан Ақан серінің бірінші әйелі Бәтима, аз ғана уақыт отасқан жарыҰрқия сұлу, ғашық болған арулары Ақтоты мен Жамал есімдері исі қазаққа белгілі. Деректерге жүгінсек, Біржан Қожағұлұлы, т.б. сал-серілер ха­қында да осылай айтуға болады. Мысалдарды тәспідей тізе бергеннен мәселенің мәні өзгермейді және келтірілген тарихи деректерге қарсы шығу – тарихи шындыққа қанжар сұғумен бірдей. Полигамиялық некеде болғаны үшін жоғарыда есімдері аталған майталман ұлдарын қазақтың сөккен кезі бар ма?! Демек, ұлт ұтылмаған жердегі нәрсенің бәрі одан төмен тұрады.

Полигамия һәм моногамия: 
тәжірибе мен тағлым
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы көп әйел алу­шылықтың тағы бір сырын, нақ осы мәселені арнайы зерттеген Т.Қ.Бесбаев былай деп түсіндірсе: «…Әйел баласының, еркек кіндікті азаматқа қарағанда, биологиялық заң­дылыққа сай өзінің жұбайлық міндетіне ерте салқындап, шау тартатындығын жа­сырмаған жөн. Сондықтан да, ер азамат төсек жаңғыртуға мәжбүр болады. Таңдай қағып, тамсанатындай жаңалық емес, егде тартса да қауқарлы, жыныс жүйесі тегеурінді ер азаматтың кіндігінен «Алпысбай», «Жетпісбай», «Сексенбай» есімді нәрестелер дүниеге келген», орыстың атақты ақыны Николай Гумилев: «Мен біле­тін бір ғана шындық, ол: нағыз еркек – полигамды (көп әйелді), ал, нағыз әйел –  моногамды болуға тиіс» – деп жазған.  Ал, батыстық ғалым  Густав Ли Вонның: «Мұсылмандардың көп әйелмен некелесуі – заңды түрде бір әйелмен некелесіп, жасырын түрде көп әйелмен көңілдес болып жүре беретін еуропалықтардан әлдеқайда артық» (Жолдыбайұлы Қ. Ислам діні көп әйел алуға неліктен рұқсат еткен? 11 қараша, 2011 ж. http://www.muftiyat.kz) деу себебіне де көз жіберген дұрыс.
 Алайда, ХХ ғасыр қазақ қоғамындағы отбасылық-некелік қатынастарға түбегейлі өзгерістер әкелді. Патша тақтан құлағаннан кейінгі кезеңде билікке ұмтылған саяси күштер аталған  мәселеде әрқайсысы  өзінше таңдау  жасады. 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезде алаш арыстары әйелдерге қатысты «екі әйел алуға бірінші әйелдің келісімімен рұқсат етіледі» деген қаулы қабылдаса, 20-жж. Кеңес Үкіметінің қалыңмал алуды жою, көпәйелалушылыққа, әмеңгерлікке тыйым салу туралы Декреті шықты. Сөйтіп, дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық институттың негізгі тетіктерін жоюды «біртіндеп және абайлап» жүргізген кеңестік билік – отар­лаудың ең төте жолын  болашақ некелік қатынастарды  бұзудан  бастады. Бұл ретте  кеңестік моногамиялық некенің шеңберіне сыймай бұлқынған «асау» таланттардың (М.Әуезов, Т.Рысқұлов, М.Тынышбаев,  Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы) отбасылық тағдырын еске түсірген жөн. 
Жинақтап  айтсақ, ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап өмірімізге енген моногамиялық неке уақыт өте көп әйел алушылық туралы түсініктерді кө­мес­кілендірумен шектелмей, осы жылдар ішінде  еркек-әйелдің ешкіммен бөлісе алмайтын «жеке меншігіне» айналып шыға келді. Сайып келгенде, шаңырақтағы басты тұлға  ер-азаматтың  беделі бірте-бірте  шайқала бастады.Француз ағартушысы Жан-Жак Руссо бұл жайтты былайша қорытқан: «Билікке ұмтылған әйел күйеуінің әміршісіне айналады, ал құлға айналған отағасынан асқан күлкілі де мүсәпір ешкім жоқ». Отбасы билігінен айрылып қалған отағасының мүшкіл халін  бірнеше әйелі мен солардан тараған ұрпағының тағдырын құдіретті уысынан шығармаған ата-бабалармен  әсте салыстыруға келмейді және аталған моногамиялық неке екі-үш нәрестемен шектелетін қалалық отбасылық өмірде талай нарқасқа еркектің бағын байла­ғаны ешкімге жасырын емес. Кейбір сарапшылардың пікірінше, шариғатқа қайшы қағидалардың қоғамға енуі аса зор құрбандықтарға әкелуде. Бұған табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы нәтижесінде кәрі қыздар санының артып, қазақ қыздарының өмірлік серіктерін таба алмай қалып жатқандығы,  жезөкшеліктің қалыпты жағдайға айналуы, тастанды балалар санының толассыз өсуіне байланысты  жетімдер үйінің көбеюі, қаракөздердің басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып, аралас некенің қоғамға сыналай енуі, ұлт өсімінің тежелуі, т.б. сияқты қазіргі қоғамда өткір тұрған мәселелерді жатқызуға болады.
Оқырман мына нәрсені дұрыс түсінгені жөн. Автор қазіргі заманда  да дәл осылай болуы тиіс деген ойдан аулақ.Ұлы сөзіміздің негізгі өзегі ол емес.Біздің басты мақсат – дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан полигамиялық некелік қатынастардың  көмескі жатқан тұстарына сәуле жүгіртіп, ата дәстүріне ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, бабалар тарихын асқақтату. Тарихшы К.Нұрпейісовше айтсақ, кез-келген құбылысты бірыңғай мақтау не даттау ғылыми еңбекке жатпайды, нақтыласақ, қай нәрседе де медальдың күнгейі мен көлеңкесі болады. Кеңес дәуірінде қалың мал, көпәйелалушылық, әмеңгерлік институты біржақты түсіндіріліп, отарлаушылар ұлттық құндылықтардың жағымсыз жағын баса насихаттауға ерекше мән берген еді. Біздіңше, көтеретін жүгі өте ауыр әрі айқыш-ұйқыш пікір-таласын туғызатын, күн өткен сайын шендестіре саралауды қажетсініп  келе жатқан күрделі мәселенің  екі жағын  таразыға тең тартқанда басып тұратын жағы салмақтырақ. Бірақ, қашып құтылуы қиын  тарихи шындық сол –  қазақ  тарихына  есімдері  алтын әріптермен қашалған алаштың небір айбоз  ұлдары мен текті оғландары  полигамиялық некенің жемісі. Бұл тұжырым әлдеқашан тарихи деректермен дәлелденген шындық. Бір ғажабы, әуелден қазақтың қанында, ділінде бар ескі салт қазіргі қоғамда оқтын-оқтын көтеріліп, су асты ағыстарындай  білінбей, ақырын жылжуда. Олай дейтініміз, бүгінгі таңда саяси, бизнес, шығармашылық элитаның халыққа белгілі һәм  беделді  өкілдерінің  арасында қанда бар көне дәстүр қайта жаңғыруда және қазірде  күйеуге екінші не үшінші әйел боп тигендерді өз  еркінен  тыс барды дегенге сену қиын. 

5.Ұлттың тектік қоры 
қалай әлсіреді?
Қазақ хандығын басқарудың ғасырлар бойы қалыптасқан  дәстүрлі жүйесінде бұрыннан келе жатқан ру-тайпалық тәртіп берік сақталынды.  Бүгінгі күн биігінен қарасақ, жеті сатыдан қаланған Қазақ хандығы құрылымының әр буынының тізгінін ұстаған билікшілердің тектілігі мен  мемлекетшілдігі таңқаларлық құбылыс және ел билігін тектілеріне сеніп тапсырған бабалардың даналығы тәнті боларлық. Тектілері мен асылдарын тез және әділ анықтайтын, соған сәйкес лайықты тұлғалар  билік баспалдақтарына тез көтерілетін хандық билік құрылымының шын мәнінде көшпенділер өркениетінің құдіреті екеніне шек келтіру қиын. 
Оның бер жағындағы бодау заманның өзінде патшаға қасқайып қарсы шыққан  Қазақ даласындағы ұлт-азаттық  көтері­ліс­тердің көсемдеріСырым, Кенесары, Қаратай, Арынғазы, Исатай, Махамбет, Есет, Қайыпхан, Жанқожа, т.б. елді соңы­нан ерткен дарабоздардың шыққан тегі жеті атасынан құт үзілмеген  хан-сұлтан, би, батырлар әулетінен болып келуі ойланарлық нәрсе. Басқаша айтқанда, мемлекетшіл тұлғалардың қай кезде де текті әулеттен шығатынын және тектіліктің елдік, мемлекеттік, ұлттық мүдделермен ұштасып, қабысып  жататынын байқамау мүмкін емес. Олар тек қарақан басының қамын күйттесе қорасындағы малы да, қолындағы билігі де  бір өздеріне жетіп артыла-тұғын. Демек, қай кезде де тектілік пен билік бірін-бірі толықтырып тұратын ерекше мәнге ие.
Күні бүгін жатжұртқа  «қашып»  жатқан  ел ұстарларының қылығын көргенде кісілікті, ірілікті, елдікті бәрінен биік қойған кешегі игі-жақсылардың ұрпақтары неге ұсақталып кетті? Қазіргі ел тізгінін ұстаған ірілі-ұсақты шенеуніктер осы биіктен неге көрінбейді, биліктегі ақжағалы ұлықтарымыздың бойындағы  тектілік қасиеттер қаншалықты? Нелік­тен бұрынғы текті билердің орнын қазір жемқор, есер шенеуніктер басты? Бел­гілі журналист-публицист Н.Жүсіпше айтсақ, оның сырын мынадан іздеген жөн: «Құлдан құл туады. Тектілер кетіп, кектілер қалған заман. Кім көрінгеннің әкім бола беретіні содан» (Жүсіп Н. Біз кімнен кембіз? (публицистикалық пайым). Алматы: Шартарап, 2001. 135-б.). 
Ақиқатын айтсақ, отаршылдық дәуір қазақ халқының генетикалық қорына орасан зор нұқсан келтірген еді. Бұл ойды белгілі тарихшы, академик М.Қозыбаевтың пікірі орнықтыра түседі: «Қазақ қауымы ғасырлар бойы езілген-жаншылған халық. Оның ең асылдары үзбей қырылып келді. Халықтың тұқымдық  қоры әлсіреді. Асылдары кетіп, жасылдары (жасықтары – Ж.Ж.) қалып келді» (Қозыбаев М. Көрсетілген еңбек. 190-б.). Сөйтіп, текті болмысты терең тарихы бар халқымыздың ұлттық иммунитеті қатты әлсіреді. Соған қарамастан, қанда бар ұлы қасиет түбегейлі жойылып кетпей, қазақ халқының тағдыры сынға түскен сәтте  Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан, т.б. тегі асыл тектілерді  фәни дүниеге әкелді. ХХ ғасырдың табалдырығын  қазақ – аталған алыптар шоғырын  алға салып аттаған еді.
Өкініштісі, патша тақтан құлағаннан кейін, отаршылдықтың тізгінін алмастырған Қазақ жеріндегі Кеңес өкіметінің  алғашқы қимылдары – ғасырлар сынынан сүрінбей өткен  киелі салт-дәстүрімізді одан әрі құртуға бағытталып, текті сақтаудағы тегеурінді тетіктердің тас-талқанын шығарды. Тектіліктің діңгегі рулық тәртіпте жатқанын түсінген отаршыл империя алдымен осы құрылымға соққы беруге асықты. Коммунистік биліктің тектілікті  тұқыртып, жермен-жексен еткені сондай,  бүр жарған бозбала өзінің туған әкесі мен атасынан сырт айналып, ру сұрау мен тектінің тұяғы екенін айтуды ұятқа  санады. Отаршыл жүйе өзінің ұлттық құндылықтарын жатсынатын, тіпті, оған жиіркене қарайтын тексіз ұрпақ тәрбиелеп шығарды. Пролетариат диктатурасын ту еткен, «бай  менен молданы, қойдай қу қамшымен» деп ұрандап, жарлы-жақыбайды дәріптеген міскін қоғамда  тектілік хақында қандай әңгіме болуы мүмкін?!
Азаттықты аңсаған алаштың талай  айқасқа  ұлдары    тәуелсіздік  үшін күресте оққа байланып,  қылышқа туралса, нәубет  жылдары  талай  әулеттер түп-тұяғымен жоғалып кетті. Ашаршылық  жылдары  туған топырақтан үдере көтеріліп, бейтаныс, бөтен елге босқан қалың қазақтың көшін  негізінен текті атаның үмбеттері бастаған-тұғын. «37-нің зұлматы» қазақ оқығандарының ішіндегі ең жүйріктерінің жұлынын үзді. Сөйтіп санмен бірге сапа да кетті. «Бір қолына нан, бір қолына қан» ұстаған Кремль текті ұлттың тамырын түбірімен құрту саясатын жымын білдірмей жүргізіп, қазақ баласының қанын бұзу мен ұрпағын аздыруды алдына мақсат етіп, оны кезең-кезеңімен жалғастыра берді. Мәселен, орыстан әйел алған қазақ жігіттеріне жылы шырай көрсету арқылы аралас некеге саяси мән беріп, оларды нағыз интернационалистер деп дәріптеу үйреншікті дағдыға  айналды. А.Сейдімбековтің дерегінше, КСРО кеңістігіндегі ең үлкен алапат һәм ХХ ғасырдың ең үлкен қылмысы –  тоталитарлық өктемдікпен екі жүзден астам ұлттың мидай араластырылып жіберілуі еді (Тарақты А. Ауызша тарихнама. // Қазақ. А., 1994. 36-б.). Қарастырылып отырған кезеңде ата-дәстүр әдірәм қалып, тектілік жайына қалып, арақпен уланған ұрпақ  өсім берді және бұған Қазақ жерінің  атом полигондарының  қоқысына айналғанын, тың және тыңайған жерлерді игеру деген сылтаумен жерімізге келімсектердің қаптағанын, т.б.  қосыңыз. 

Тобықтай түйін
Біздің бұл шағын мақаламыз дәстүрлі  қазақ қоғамындағы тамырын тереңнен алатын тектілік феноменін тәптіштеп һәм тарқатып жазуды көтермейді. Жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектерден ата-бабаларымыздың  өз ұрпағының текті де мықты болуын аңсағандығын ұға түскендейміз. Шынында да, ұлан-ғайыр даланы ұстап қалатын  кейінгі толқын осал болмауға тиісті.
Қай кезде де тектілік қазақ үшін аяулы, қастерлі ұғым және осы бір ұлы  қасиет­тің табиғатын терең танып-білу тынымсыз, ұзақ ізденістерді қажет етеді. Дәстүрлі ұлттық мәдениетті және оның дүниетанымдық әмбебаптығын зерттеуде, қазақ халқының дүниеге көзқарасын айшықтауда – тектілік феноменіне терең зерттеу жүргізу үлкен маңызға ие.Тектілік туралы толғаныс терең парасатпен, кемел байыптылықпен ортаға салатын мәселе.Тектілік  тағылымын терең зерттеп, терең меңгеруіміз қажет. Түйіп айтсақ, жеті ата, құда түсу, қалың мал, әмеңгерлік, полигамия институтының  астарында тектілік феномені жатыр. Тектілік  ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәжірибенің сұрыпталған тұжырымы мен  негізгі нәрі. 
Қорыта айтқанда, тектілік феномені – қазақтың теңдесі жоқ даналық мектебі. Тектілік қасиет – қазақтың қасиеті. Тектінің тұяғы – қазақтың тұяғы. Тектілік тарихы – қазақтың тарихы.
(Соңы. Басы өткен санда)

 

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Өте тамаша жазылған мақала . Жаке Сізге мақалаңыз үшін көп рахмет .

  2. Маған осы мәліметтер көп көмегін тигізді,ҮЛКЕЕЕН РАХМЕТ!!!!!!!

Пікірлерге тыйым салынады.

Мұрағат

error: Content is protected !!