Түркияда «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған журнал нөмірі жарыққа шықты

  • 18.05.2014
  • 482 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Түркияда Қазақстанның осы елдегі Елшілігінің қолдауымен «EkoAvrasya» («ЭкоЕвразия») әлеуметтік-экономикалық журналының Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған арнайы нөмірі жарық көрді. Бұл туралы  Түркиядағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып ҚазАқпарат агенттігі хабарлайды.

Аталмыш басылымда Қазақстанның жетістіктері туралы, елдің «ЭКСПО-2017»-ге әзірлігі, Астана қаласының ерекшеліктері мақалалар мен ақпараттық-анықтамалық материалдар қамтылған. Олардың басты тақырыбы «ЭКСПО-2017: болашақтың энергиясы» болды.

Журналдың бастапқы бетіне ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының елшілік түрік тіліне аударған негізгі қағидалары көрініс тапқан. Ал келесі айдарларында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаевтың, журнал редакторы Йешим Өзжанның және Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстары мен «Экспо» шарасын өткізу мүмкіндіктерін жоғары бағалаған басқа да тұлғалардың мақалалары жарық көрген.

Түркияда «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған журнал нөмірі жарыққа шықты«Жас Астананың әлемнің ең жақсы 30 қаласының қатарынан көрінуіне толық негіз бар. Қазақстанның қазіргі астанасы ел тұрғындары мен шетелдіктер үшін жылдан-жылға тартымдылығының арта түсумен дамып келеді. Мені елордадағы еуропалық және шығыс мәдениетінің ең үздік дәстүрлері көрініс тапқан замануи сәулет стильдері тамсандырды. Олар қаланың экономика, саясат пен мәдениет орталығы ретіндегі бейнесін толыққанды ашып көрсетеді», — дейді журнал басшысы Й.Өзжан.

Айта кетейік, «EkoAvrasya» («Экоевразия») журналы Түркиядағы  мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге, сондай-ақ Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық Азия елдеріндегі дипломатиялық және басқа да өкілдіктерге көп данамен таралатын беделді басылым болып табылады.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!