Қ. Жұмаділов әңгімелеріндегі кейіпкерлер жүйесі

  • 15.07.2014
  • 2988 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі қазақ әдебиетінде өнімді еңбек етіп жүрген қаламгер – Қабдеш Жұмаділовтің шығар­малары оқырман назарынан тыс қалған емес. Мәселен «Жемдеген қырғауылдар», «Құдайдың үйі», «Бір ғана ғұмыр», «Дөңгеленген дүние-ай», «Тіленші», «Бұқарбайдың бұқасы» секілді әңгімелерінің негізгі өзегі де бүгінгі күннің оқиғалары, кейіпкерлері де жаңа заманның адамдары. «Бір ғана ғұмыр» әңгімесіндегі жазушы Әділ Тазабеков, «Жемдеген қырғауылдар» әңгімесіндегі аудан әкімі Нұрсаған Бектұрғановтың, «Құдайдың үйі» әңгімесіндегі молданың, «Бұқарбайдың бұқасындағы» кәсіпкер Бұқарбайдың іс-әрекетін суреттеу арқылы жаңарған қоғамның сипатын, тыныс-тіршілігін, кескін-келбетін ашып көрсетеді. Қоғамды жаңартып қоймай, сол қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың мінез-құлқын, тірлігін, жан дүниелеріндегі өзгерістерді де дәл, шынайылықпен суреттей білген. Қаламгер шығармаларындағы жаңалықтарды осы қырынан кездестіреміз. Жұмаділовтің «Бір ғана ғұмыр» әңгімесінің сюжеті былай беріледі: бас кейіпкер жазушы Әділ Тазабеков қала өмірінің тіршілігінен шаршап, бір жағынан денсаулығының сыр беруіне байланысты, Алматы маңындағы бір санаторийге келіп жайғасады. Ол санаторийге  жайғасып алғаннан кейін, осы жердің тыныс-тіршілігімен танысады. Осылайша бірнеше күндік демалыс­та кейіпкер біраз оқиғаларды бастан кешіреді. Әңгімеде санаторий өмірімен, ондағы алуан қырлы, мың сырлы оқиғалармен байланыстыра айтылады. Әңгіменің ең басты  кейіпкері Әділ Тазабеков бейнесімен сомдаған. Әңгімені оқи отырып, Әділдің ақ көңіл жан, ашық мінезді жан екенін көруімізге болады. «Бір ғана ғұмыр» әңгімесінде оқиғалардың бірінен-бірі өрбіп-өніп, белгілі бір шегіне жеткен соң шешімін тауып, заңды аяқталып отыратыны ерекше көңіл аудартады.


Бірде ол таңғы ас ішкелі отырғанда, жетпіс бестегі қарт, отыз бестегі келіншек, он жасар ұл келіп үстелдес болады. – Ас дәмді болсын! – деді мұнтаздай қырынып, біршама таза киінген,         тарамыс қара шал бас орынға жайғасып жатып. Сыпайылық салтымен түсін жылытуға тырысқанымен, ызғар шашқан суық жанары сол күйі қалып қойды [2, 242 б].
Жазушы өз кейіпкерінің қимылын жеке-дара алмай, оның сөйлеген сөзі мен ұштастыра суреттеп, оған өзінің авторлық көзқарасын білдіріп тұр. Бұл кейіпкердің кім екенін қандай мінез-құлықтың адамы екенін тайға таңба басқандай көз алдымызға әкеледі. Қысқасы, әдебиеттегі адам образдарын жасаудың жолдары мен әдіс-тәсілдері сан алуан. Сондықтан бұған шеберлік, ізденімпаздық, суреткерлік керек. Әдебиетте портрет деген ұғым бар. Қаламгердің портрет жасаудағы шеберлігін әдебиеттанушы әрі ғалым Н. Жұмаділова: «Портрет жасауда адамның сырт пішінінің статикалық көрінісін суреттеп қана қоймай, ол арқылы кейіпкердің ішкі жан сарайына барлау жасайды» [1, 182 б] – дейді. Жазушының  портрет сомдауда да ұтымды тұстарын көреміз. Мәселен қасындағы келіншектің портретін сомдау­да былай деп ашып көрсетеді: «Екі көзі боталаған, қараторының әдемісі. Қос жанарының мойылдай қаралығы сонша, көз шарасына көлеңке түсіп, көгілдір сағым ойнап тұр [2, 242 б]». Осындағы әйел портретін сомдауда қып-қысқа айтылған бірнеше сөз, ал оқи қалсақ суреттеліп отырған адамның ең айрықша белгісі көзге елестейді және жай елестемейді, көз алдымыз манағы айтылып отырған әйелдің қимылына толып кетеді. Портреттің  әрлі де, әсерлі үлгісін Жұмаділов шығармаларынан табуға болады.
«Бұқарбайдың бұқасы» әңгімесінің бас кейіпкері еңбекқор Бұқарбай еді. Жазушы Бұқар­байдың еңбекқорлығын былай деп көркем сөз өрнектерімен әдемілеп жеткізген: «Көкөзекке» келісімен машина, тракторлар тұратын «гараждың» кілтін ұстады. Осында кіші-гірім шеберхана, токарь станогы бар. Қашан көрсең де көрікті қыздырып қойып, көк темірді кәуаптай қақтап жатады. Бұқарбай келгелі әлдебір бөлшегі кем болып, кеңкейіп босқа тұрған совхоздың талай тракторы «дүрілдеп» жүріп кетті. Бұл жігіт бос жүру дегенді білмейді екен [2 ]. Бұл жерде жазушы  кейіпкердің еңбекқорлығын іс-әрекеті арқылы көрсетіп отырған. Портрет сомдауда Бұқарбайдың портретін былай дәл суреттеген: Ал, жасы қырықтың ішін енді аралаған Бұқарбай еңсегелі ірі денелі, жауырыны қақпақтай, қайратты, сом жігіт – тұғын [2, 277б]. Міне осылайша Бұқарбайдың сырт кескіні оқырманның көз алдына тұра қалады. Ендігі кезекте қаламгер Кеңес өкіметінің құлап, совхозда қалған мал-мүліктерді бөліске түсіріп жатқан кезі еді. Ол ауыл басшысына жолығып, атасы Сүйіндіктің малын кеңес өкіметі кезінде бөліп алынғандығы туралы былай дейді: «Баяғыда атам Сүлейменнің бес мың қойын, бес жүз жылқысын, үйір-үйір түйе мен сиырын Кеңес өкіметі тартып алып, осы елге пышақ үстінен бөліп берген екен. Сол малдың сілекейі ретінде маған тым құрыса бір бұзау бұйырмағаны ма? – деген түсін суыққа салып [2]. Осылайша ауыл басшысы Кәкімбек Бұқарбайға совхоздағы жалғыз бұқаны береді. Бұқарбай бұл бұқаны бекерге жібермей бұдан пұл жасайды. Бұқарбайдың бұл қылығына ауылдастары қарсы болады. Солардың бірі жасы сексеннен асқан Сәбден шал былай дейді:
– Бұқарбай шырағым, мен сенің әкең Сүйіндікті, атаң Сүлейменді көрген кісімін. Екеуі де бастарына бақ қонған, осы елдің ырысы болған адамдар еді. Сол жақсылардың ұрпағы – мына сен елде жоқ ырымды бастап, бұқаның сыбығын сатқаның қалай? Оның өзі де бәрімізге ортақ кешегі колхоздың бұқасы емес пе еді?! – деген күңірене тіл қатып [2, ].
Бұл сөзге иіле қоятын Бұқарбай ма? Бұрынғы әдетіне басып ақыры бұқаны саудалауды қой­майды. Ақыры жұрт Бұқарбайдың дегеніне көнеді. Бұл шығармада жазушы қазіргі ауылдың тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін көз алдыңа алып келеді. Шығармада кейіпкердің іс-әрекеті арқылы оның психологиялық қырлары ашыла түседі. Ауыл тағдыры мен шебер өрілген әңгіменің сюжеті мен композициясы тұтас тұлғасымен, қоғамдық зор маңынан аша түскен ерекшелігімен толымды. Жазушы құдіреті – сол өмірдің бедерлі де бейнелі типтік көрінісін сан құбылған бояу нақышымен қайта тірілтіп, алдымызға жайып салады. Көз тұндырар тірі көріністер, қазақ ауылының тіршілігі ғана емес, ең алдымен адам мінезін, адамның жан дүниесін айқара ашады. 
«Құдайдың үйі» әңгімесі кеңес өкіметінің құлап, егемендік алған қазақ ауылының тіршілігін бейнелейді. Тасбұлақ деген жерде Әкпар есімді мұғалім жұмыс істейді. Кейіннен күтпеген жерден Түркияға жол түседі. Түркиядағы бір­не­ше мешіттерді көріп, қайран қалады. «Әлеуметтік шындықты көркем шындыққа айналдыруда жазушыға ең қажетті фактордың бірі – суреткерлік» – дейді  [3,14 б]. Ол кең мағынада айтатын болса,  күрделі болмыстағы, адам бойындағы көзге көрінетін, көрінбейтін  құбылыстарды көркем тілмен  қозғалыс, даму үстінде жанды суреттер арқылы көрсету, көркем бейнені  суреттермен елестету. Түркияда алғаш азанды естігендегі сезімін  ақын жанды суретпен былай бейнелейді: Антанна демекші, сол мешіттерден намаз ал азанды шырқалатын айтсаңшы! Әсіресе, Ыстамбұлдағы азандар… Мыңдаған мешіттен бір мезгілде шарықтай көтерілген азан үні біразға дейін үзілмей, көкте қалықтап тұрып қалады. Дауыстары әр қилы: бірі  – баритон, бірі – тенор. Жарыса көтерілген сол азан арқылы жеті қақ көктегі Жаратушының өзіне тіке тіл қатып тұрғандай әсерге бөленесің. Мерейің тасиды. Өзіңнің дін мұсылман әулеті, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті болғаныңды мақтаныш етесің [2, 231 б].
Түркияның министрлігімен жолығып, ауылға мешіт тұрғызу керектігін айтып, көмек сұрайды. Министр бірден келісіп, мешіт тұрғызуды алға қояды. Осылайша мешіт салынады, Әкпар мектептен шығып, біржола мешітке жұмысқа орналасады.
Халықтың жетпіс жылдан астам уақыт бойы тыйым салынған, енді көреміз бе, көрмейміз бе деген күдік аралас көңілге  мешіттерін ауылының ортасынан көрген кездегі көңіл тасуын жазушы әсерлі етіп суреттейді: Тасбұлақ тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Мешіттің тұсаукесер рәсімі үлкен той болып өтті. Сол күні  жұма намазынан кейін аруақтарға құран оқылып, ас берілді. Мерейі тасыған жұрт садақа-сыйлықтарын да ала келіпті. Көп түкірсе – көл. Мешіттің іші-сырты қызыл-жасыл кілемге оранып қалды. Малымның зекеті деп тай, тайынша, қой жетектеп келгендер де бар. Ақсақалдар әкелген заттарды қаттап-шоттап, қабылдап жатыр. Мына жиналған көпшіліктің әлі калимаға тілі де келмейді. Бірақ ниеттері хақ. Көңілдері кірден тазарғандай, Жаратушы жаппар иеге бір табан болса да жақындағандай сезінеді өздерін. Құдай үйі Қағба –  сонау Меккеде. Бірақ Аллаға  ететін үлкенді-кішілі мешіт атаулы құдай үйі саналады. Халық сол құдай үйінің көп жылдардан кейін өз орталарына оралғанына бек риза еді [2, 233 б ]. Осы тұста айта кететін жайт «Қазір таң атар-атпастан костюмін киіп, галстугін қылғындыра байлап, ақ плаштың етегінен ұзын тізесі көстеңдеп, мектепке қарай жүгіретін баяғы Әкпар жоқ. Бұл күнде сопыларға тән тік жағалы көйлек, кең бешпет, қазақы шапан киіп жүретін болған. Бұйраланып тұратын жалбыр шашты сыпыртып, сырмалы тақия киді. Дөңгелекте тұжырып қойған, сақал-мұрты да аққұба, ашаң жүзіне иман ұялатып, жарасып тұрады [2, 233б]. Осы үзіндіден мектептегі костюм киген, галстук байлаған, ақ плащ киген мұғалімді елестетсек, ал мешіттегі Әкпарды шашы сыпырылған, сырмалы тақия киген имам Әкпарды көз алдымызға алып келеді. Әкпардың кескін-келбетін құбылтып, қиюластырып өзінше бір көркемдік суретке көз  жеткіземіз. Әкпар баяғы мұғалім емес, дін адамы ретінде бейнеленеді. Бұны қиыстыру үшін де  жазушылық ұшқыр ой, қиял, шеберлікті қажет етеді. Жұмаділовтің жасаған Әкпар образы эстетикалық мәні бар, әрі нақты, жинақы жасалған адам өмірінің әсем суреті.
Ал Әкпардың шүкіршілігінде шек жоқ. Ол өз еңбегінің зая кетпегеніне, кеш те болса, Алланың ақ жолымен қайта қауышқанына бақытты еді. Бүкіл өмірінің мазмұны да, көңіліне тоқ  санайтын қазынасы да осы – мешіт. Кейбір жұлдызды, жарық түндерде далаға шығып, құдайдың үйін бір айналып өтетіні бар. Сол сәт көкке бой созған мешіт мұнарасы алыс аспаннан нұр сеуіп тұрғандай әсер қалдырады. Ол – сөз жоқ, күн мен айға шағылған Алланың нұры. Адам пендесінің жүрегіне жарық түсіріп, тура жолға бастайтын сол ғана [2, 239 б]. Осы жерден шешімнің күштілігін біз дәлелдемесек те, оқып, әсеріне бөленген адамның өзі-ақ аңғара алады.Ал жазушылық шеберлік тұрғысынан келсек, «Құдайдың үйі» – суреткер қаламын мықтап ұштанған, тілін айта қалғандай ұстартқан шығарма. Әңгіменің  сюжет желісі, композициялық құрылымы, образ жүйесі өте шебер өріліп, еркін дамыған. 
Эпитет, теңеу, метафора Жұмаділов шығарма­ларын тек көркемдік жағынан байыптап қана қоймай, сонымен бірге олар шығарманың идеялық мазмұнын барлық жағынан айқын көрсетуге көмектеседі.Терең ой мен биік көркемдік жымдаса біткен осынау ғажайып туындылардың бітім-болмысы көз тартады. 
Қ. Жұмаділов әңгімелері сюжеттік сонылы­ғымен, композиция жасау, көркемдік сапа, тіл шеберлігімен ерекшеленеді. Ол кеңес өкіметінің құлап, тәуелсіздік алып, енді ғана бостандыққа қолы жеткен қазақ ауылының оқиғаларын, тұрмыс-тіршілігін, адам образын шеберлікпен суреттей отырып, көркемдік дәстүрлерді қазақ прозасына жаңашылдықпен алып келді.

Құралай Жанұзақова,
филология ғылымдарының 
докторы, доцент.
 Гүлназ Өмірбекова,  
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің
 2-курс  магистранты.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Жұмаділова Н.Қ. Жұмаділов шығар­маларының поэтикасы. Оқулық. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2008. – 202б.
Жұмаділов Қ. Бір ғана ғұмыр. Әңгімелер жинағы. Алматы: 2004 ж. 
Балтабаева Г.С. Қазіргі қазақ әңгімесі (1980-1990-ыншы жылдар) фил.ғыл.канд.дисс. – Алматы, 1999. – 113 б. 3,14 б.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!