«Саңырау» деген лақап атты емші

  • 15.07.2014
  • 1197 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қарашаш  Есенбай,
журналист

Жол түскенде

Қазіргі таңда  көшедегі  жарнамаларда «жол  ашамын», «дем  саламын», «жын  шығарамын»  сынды  хабарландыруларды  жиі  көріп  жүрміз. Осындай  жарнаманың  біріне  көзіміз  түсіп, құрбым  екеуміз қағазда көрсетілген мекен- жайға  бардық. Алматының  сыртқы  көшелерінің  бірінде  орналасқан  үйді  табу өте қиын болды. Сонымен қағаздағы  байланыс нөміріне  хабарласып  өзінен  сұрауымызға тура келді. Ол бірден айта  қоймады, «кім екенімізді», «қайдан екенімізді», «не мәселе екенін» телефонмен сұрап алды да, артынан  үйге  қалай бару керек екенін  көрсетті. Бізді аула маңынан өзі  күтіп алды. Жүзі  сұсты, көк көзді, денелі әйел  үндемей  ғана, алдымызға түсіп алға қарай беттеді. Біз артынан келеміз. Үй ішіне кіргенде студент екенімізді  анықтап алды. Сонымен, бірінші  қайсың кіресің  дегенде, құрбым екеуміз  бірге кірейік  дедік. Не  дегенмен  де  қобалжып  тұрмыз.


– Туыссыңдар  ма?
– Жоқ.
– Ендеше, біреуің  кіріндер!
Құрбым «маған  бара бер» дегендей  болды. Мені ерткен ол өз  «шеберханасына»  алып  кіріп, білте тұтатты. Атымды, әкемнің  атын сұрады. Жан-жағыма көз тастасам  түрлі кітаптар  тұр. «Құран-Кәрім»  кітабы  көзіме бірден түсті, кейіннен  «Магия 1», «Магия 2»  осылай  сандармен  белгіленген  бес-алты  кітап  тұр. Емші апамыздың  «Саңырау» деген лақап аты да бар екен. Ол  Құран  кітапты қолына  алып, бір  сөздерді  қайталап, бата  қайырды да, ақ сұрыптың үстіне құмалақтарын шашып бірлестіре бастады. Сонымен, көзіме  қарап «сенің өміріңде қызық жоқ, саған  емделу  керек, мен  9 күн дем саламын» – деді. Ойланып, көрейін  деп тайқи  бергенімде, «Күніне 2000 теңге аламын, бірақ, сен  студентсің  ғой 1000  теңге  берсең  болады» – деді .
Осымен  біз  емшінің  үйінен  асығыс  шығып  кеттік. Күңгірт  тартқан  бөлме,  түсініксіз дыбыстар мұның  бәрі үрей­лендіреді. Бірақ, осы  бір үрейді сезбей, ол  жерден «қанаттанып» шығатындар да  бар екен. Оған да, көзіміз жетті. Әсіресе, күйеуге шыға  алмай  жүрген  кәрі  қыздар, баласы  болмаған  әйелдер, жұмыс таба  алмай жүргендер, түрлі  аурумен  ауыратын  науқастар  жиі  бас  сұғады. 

Тәуіптер  мен  емшілердің  арасы…
Қазақ  халқында  мұндай  ем-дом  жасау  сонау XV ғасырдан  бері  қолданылып  келеді  екен. Оған  дәлелде  жоқ  емес, аса  ойшыл  Герадот  өз  еңбегінде  «Сақтар – ежелде бақсы-балгерлерге кәміл сенген» деп  жазған. 
Одан беріректегі ғалым Шоқанның: «Қазақтар болжаушы сәуегейді бақсы дейді. Бақсылар алдын ала болжамын өздерінің рухы атынан айтады. Бақсылар аурудың иесі  «зұлым рухтар» деп, олардың қатарына албасты, көнаяқ,  жез-тырнақ, сөрел, орман перісі, жын және шайтандарды жатқызған», – деп жазуы да осының дәлелі. Зұлмат  кезеңдерде  хандар  өз  сарайларында  бақсы  емшілерді  ұстағанына  да  анық  делелдер бар. Мысалы, Жәнібек ханның  заманында өмір сүрген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын  айтуымызға болады. Ол  «емші» сөзін «шипагер»  деп  қолдану  керек  екенін  айтады, оған  себеп  шипагер сөзі  кең  ауқымда  олар  адам жанын  жақсылыққа сендіреді, үміт отын  жағады деп  түсіндіреді. Осыдан  3 ғасыр бұрын  қалдырған «Шипагерлік  баян»  еңбегі  бұл  күнде  бар  әлемді  таң  қалдырды десек  қателеспейміз. Тарихи  мұра  өткен  ғасырда  Қытай  жерінен  табылған  болатын. Оның  мән-мағынасына  жеткен  қытайлықтар  1997 жылдың маусымында  «Жуңго» мемлекеттік сыйлығын  берді.  Мұның  астарында  қазақ   халқында  мұндай  бақсылық-балгерлік  жайын  жақсы  меңгергендігі  жатқан  секілді. 
Бұл кітап бақсылықты екіге бөліп  қарас­тырады. Дарымдылық және болжамшы, ал, бұлардың өзін жиырма төрттей түрге  бөліп олар емдік дәріні (шөпті) қолдануды, сақтауды, пайдалануды  жақсы  білетіндер  деп   суреттейді. Ал, қазіргі  кезде  суға, шай  немесе  қантқа дем  салу  жиілеп  барады. Бұл  түрлі  мақсатта  қолданылып  жүр. Бірі  емге, бірі  жол  ашады, ал  бірі  адамға  жамандық  жасауға да болады деп сендеріп жүр. 
«Әттең, қолжазба  1050 түрлі  дәрі, 4577  рецебімен  қоса толық табылар  болса, жалғыз  қазақ даласы ғана емес, дүние  бір сілкініп, медицина ғылымы жайраң  қағар  еді. Қолжазбаның толық жинағы 7- 8 кітаптан  болар  еді» [1] – дейді «Шипегерлік  баян»  кітабының  жауапты  редакторы Қаби  Ыбырайұлы.
Кітаптың тарауларының бірінде: «Пә­руар­дігар Алла, өзіңіз жаратқан  құлыңыз – мен өз құдіретіңізді көрсету үшін, күнәһар пенделеріңізге жіберген  су  апаты, от апаты, қуаңшылық  апаты, боран апаты мен сырқаттық апатқа қарсы, әуелі пенделеріңіздің мұң-зары мен аяныш хәлі, онан соң өзімнің  және өзіңіз берген бала-шағамның  күн  көріс игілігі  үшін, жаратушы өзіңіздің «Сақтансаң сақтаймын» деп «Құран Кәрімде» айтқандығыңыз үшін, ата-бабамнан  келе  жатқан шипагерлікті  кәсіп  еттім. Бұ да мен жаралғанда, өзіңіз маған  берген (жазған) несібеңіз  болар. Әгер  күнә  десеңіз, кұдауаңда кешіргейсіз.Тозаққа  бұйырсаңыз  да  өз  қолыңыздан  келеді»  – дейді .
Иә, дінге  сүйенсек  исламда  мұндай  істер харам саналады. Осы орайда Нұр-мубарак мешітінің найб-имам көмекшісі  Есенгелдиев Ералының  пікірін  сұраған  едік. Ол  «Бірінші  халық  тәуіп  пен  емшінің айырмасын білуі  керек. Қазіргі «мен  ауруды  жазамын» деп жүргендердің  басым көпшілігі қаражат табудың көзіне айналдырып, «емші» деген  атауды жамылып  алды. Емшілік  «Алла тағаланың қалауымен дауа іздеген адамға шипа берушілер. Негізінен, шөппен  немесе тамыр  ұстап адамның  денсаулығын түзету  біздің  салтымызда да  бар. Ал, болашақты  болжаушылардан Пайғамбарымыз  сақтандырады. Оларға қатты  лағнет  дейді. Бір сөзбен  айтқанда, оларға сенгендер діннен кеткендер. Халық  тәуіп  пенен емшіні  ажырата  білу  керек. «Сенің  мына  жерің  ауырады, сен  бір  айдан  кейін  жазыласың, мына  мезгілде  сенде мынадай  өзгеріс  болады» – деп  айту  Құдайдан  қорықпайтындардың  сөзі. Кез-келген  қиындық  көріп  жүрген адам жылы  сөзге  мұқтаж  болады. Жындармен  қызмет ететіндіктен  оларға  өткеніңізді  айтып  беру  қиын  емес. Ал, болашақты  тек Алланың  өзі  біледі. Алладан  басқа ешкім  білмейтін  бес  нәрсе бар. Ол бесеудің бірі – ертең  не  боларын алдын-ала білу. Ал, дем  салуға  келер  болсақ  бұл  салт-дәстүрімізде  бар,  олар діннен  бастау  алғаны  да  ақиқат. Ауырып жатқан адамға суға  құран  оқып  ішкізуге  болады. Тікелей  Алладан  медет  сұрау  жолымен жасалатын  істі  харамға  жатқыза  алмаймыз. Түйіндей  келгенде емшілік пен болашақты болжаушылардың  арасы жер мен көктей. Сондай-ақ, жын мәселесіне тоқтала кететін болсақ. Жын­ның кіруіне бірнеше себеп  бар, қатты қорыққанда,шошығанда, шақуат­танғанда кіруі мүмкін. Тәуіп, көріпкелдер  жынды  шығара  алмайды. Тек, құранның көмегімен дін өкілдері  ашуы  мүмкін» дегенді  айтады. 
Алла тағала Нәміл сүресінің 65 аятында «Аспан мен жердегі барлық ғайып істерді Алладан басқа ешкім білмейді» – десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) және де бір хадисінде: «Кім де кім бақсының алдына барып, оның айтқандарын рас деп қуаттаса, ондай адам Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) түсірілген нәрсеге (уахиға) кәпір болған болады» деген  екен. 
Қалай  болғанда  да, ауру  меңдеген  адам  жанның  қамы  үшін  әр  есікті   бір  қағары  анық. Олардың  қатарында емшілердің де  есігі бар. Кейде, медицина дәрменсіздік  танытып, шипагерлердің  күшіне  өздері де  жүгініп  жатады  екен. Табиғаттың  тылсым  күшімен  ауруды  емдеп  жазатындар да  кездесіп жатады. Ал, осы  бір  күшті  басқа  мақсатта  кездестіретіндер де  жоқ  емес  екеніне  көзіміз  жетті. Арнайы  психологиялық  кітаптарға немесе магиялық  еңбектерге  жүгіне  отырып  ақшаның  көзіне  айналдырғандар  да  жоқ  емес. Бастысы  барлай  білу  керек  шығар. Абайдың  сөзімен  айтқанда, «Жаратушың  тұрғанда, жаратылушыңнан  не  сұрайсың?».

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!